Екеу[і]міз жүргенде (1989)//
Екеуміз жүргенде (1939). Айтылу заңдылығына (орфоэпия) да, жазылу ережесіне де қайшы болып келген, баспа тарапынан кеткен анық қателіктердің енді бірқатары қайрат, шаруа, лауазым, қабылан сөздеріне қатысты болып келеді:
Қайратқылар ер біз болсақ (1989)/ Қай[ы]рат қылар ер біз болсақ (1925) т.б.
1940 жылы С.Аманжолов «Орыс алфавитіне негізделген қазақтың жаңа алфавиті мен орфографиясы» деген еңбегінде Жаңа әліпби комитетінің барлық ұлттарға өзіндегі q, g ә, у, ь, ө әріптерін алып тастауды ұсынғанын, комитеттің әр ұлттың ерекшелігімен санаспай отырғанын айта келіп, қазақ тіліндегі q, g дыбыстарының әрпін жоюға мүмкін еместігін: «Бірақ q, g дыбысы, әрпі туралы бізде де пікір бар. Ол не? - g әрпінің жазуға қолайсыздығы. g –ны өзгерту керек (өзгерту алып тастаумен тең емес). g-ны тез жазсаң, «оj» деген сөзбен бірдей болып көрінеді. Міне шатақтан құтылу үшін g-ның орнына латынның «х» дыбысын алсақ, өте қолайлы болар еді. Өйткені, «х» әрпі g-ға дыбыстық жағынан тіпті жақын, екінші «х» жазуға, баспаға қолайлы, үшінші «х» жер жүзінің бәрінде бір таңба»- дейді. [16, 173-175 бб.]. Сөйтіп ғалым қазіргі кездегі «қ» жазылатын орындарда сол бір уақыт аралығында «х»-ны жазуды тілде қалыптастырып, нормаға айналдырды. Махамбет мәтіндері бұл пікірдің қалыптасып, практикада жүзеге асқанын көрсетеді және бірқатар мәтіндік ерекшеліктерді тудырғаны осы жылдарда жарыққа шыққан Махамбет өлеңдерінде нақты байқалады.
Х дыбысының орнына қ жазылуына байланысты пайда болған ерекшеліктер. Хан емессің, қасқырсың, Хас албасты басқырсың (1989)//
Қан емессін, қасқырсын Қас албасты басқырсын (1939) т.б.
-Мен, -менен жалғаулықтарының жазылуындағы айырмашылықтар. Көне мұралар тілін жүйелі зерттеген Р.Сыздық ХVІІІ ғ. әдеби тілдің грамматикалық сипаты жайында былай дейді: “Форманттардың грамматикалана түсіп, фонетикалық трансформацияға ұшырауына келгенде, алдыңғы дәуірлердегідей -тұғын/-тын, -дағы/да, -менен/-мен, -дүр/-ды параллельдері бар” [17, 162 б.]. Сондықтан да Махамбет текстерінде -менен, -мен форманттарының кездесуін ақын өмір сүрген дәуір ерекшелігіне бағалай отыра, әр жылдардағы басылымдарда түрліше жазылып келуін осы “көнеліктердің” жаңа (жетілген) тұлғада да таңбалануы деуге болады: Ақыл[менен] ой табар (1989)//Ақыл менен ой табар (1925, 1939, 1948).
Сондай-ақ, -дағы көмекші сөзінің түбірден бірде бөлек, бірде бірге, ал кейінгі жылдары дефиспен (-) жазылатындығы байқалады. Мысалы:Ол дағы біздей болған сорлы екен! (1989),о дағы (1925), ал 1939 жылы одағы болып бірге әрі л түсіріліп жазылған. Жіктеу, сілтеу есімдіктерінің құрамындағы л дыбысы элизияға тез ұшырайтын, түсіп қалып отыратын дыбыстардың қатарына жатады. Бұл сөйлеу тілінің тікелей әсері болса керек. Бұл тұста жалпы жыраулар поэзиясына тән сілтеу есімдіктерінің о, бұ, со сықылды ықшам варианттары жазылуын мәтінді көнертіп тұрған бір элемент ретінде қабылдаған орынды секілді. Мәселен, Жақсы да келер бұ көпке, Жаман да келер бұ көпке (Шәлгез). Махамбет өлеңдері нұсқаларында кездесетін мақсатты ауытқулар. Мақсатты ауытқулар негізінен мәтін ішіндегі сөздердің ұйқас үшін қажет деп тапқан синонимдерімен, мағынасы көмескі тартқан сөздерді түсінікті болып табылатын атауларға ауыстыруымен және ең бастысы, саясат (цензура) араласқан тұста белгілі бір сөздерді әдейі өзге бір сөзбен ауыстыруға байланысты болып келеді. Оған жоғарыда біз лексикалық ауытқулар деп таныған сөздер тобы мысал бола алады.
Тізімдердегі тыныс белгілеріне қатысты пайда болған айырымдар. Араб әліпбиін пайдаланған тілдердің қай-қайсысында да көпке дейін тыныс белгілері бір ізге түсіп, жалпылық сипат ала қоймаған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында араб графикасымен жарық көрген аздаған қазақ кітаптары тыныс белгілерін жүйелі пайдалана қоймаған еді. 1896 жылғы 4 августағы 31-номерінен бастап “Дала уәләятінің газетінде” тыныс белгілерінің қазіргі жаңа жүйесі туралы хабарлама жарияланады. Онда нүкте (.) – тыныс, нүктелі үтір (;) – жарты тыныс, ал үтір (,) – тыныстың төрттен бірі деп аталғанымен, қолданылатын орындары көрсетілмеген. Кейіннен 1898 жылдан бастап, сызықша, оның қолданылатын орны жөнінде хабарлама берілген. Мұндай ала-құлалық қазақтың тұңғыш ұлттық басылымы саналатын “Қазақ” газетінде (1913-1917) ғана айқындалып, жоғарыда аталғандарынан өзге сұрау (?), леп (!), сұраулы леп (?!), жақша ( ), қос нүкте (:) белгілері еркін қолданылатын дәрежеге жеткен. Әрине, бұл тыныс белгілік ауытқулар арасында мәтіндегі тыныс жолдарын, интонацияны жүйелеумен қатар сөздің (тіркестің) мағынасын да өзгертіп тұратын тұстары жоқ емес. Мысалы: Кімдерге қоныс болмаған[.] (1925)//Кімдерге қоныс болмаған[?] (1948, 1974) // Кімдерге қоныс болмаған[?!] (1989).
Тізімдерде көп нүктенің (...) қойыла бастауы 1939 жылдан бастап кездеседі. Нұсқаларда сөз мағынасының өзгеруіне әсер ететін -ды, -ді, -дағы, -дайын, -дейін көмекші элементтердің бірге я сызықша арқылы жазылуына байланысты туындаған орфографиялық ауытқулар орын алған: Түлкі дейін түн қатып (1925)//Түлкідейін түн қатып (1989).
Сол себепті лингвомәтінтанушы сыни (немесе канондық) мәтін түзер тұста ең алдымен тыныс белгіге, сөздердің дұрыс жазылуына баса назар аударуы шарт. Бұл тіл тазалығына, әдеби тіл мәдениетін көтеруге ықпал етері сөзсіз.