4. Ақпараттық құзыреттер ақпараттық технологиялар (аудио-видеожазба, электронды пошта, БАҚ, Интернет) арқылы қалыптастырылатын қажетті ақпаратты өздігінен іздеу, талдау және іріктей білу, оны ұйымдастыру, түрлендіру, сақтау және жіберу.
5. Коммуникативті құзыреттерге қажетті тілдерді, айналадағы және қашықтағы адамдармен өзара әрекеттесу әдістерін білу, топта жұмыс істеу дағдылары, ұжымда әртүрлі әлеуметтік рөлдерді игеру жатады.
6. Әлеуметтік-еңбек құзыреттер азаматтық-қоғамдық әрекет саласында (азамат, бақылаушы, сайлаушы, өкіл рөлін орындау), әлеуметтік-еңбек саласында (тұтынушы, сатып алушы, өндірушінің құқықтары), отбасылық қарым-қатынас пен міндеттер саласында, экономика мен құқық мәселелері бойынша, өзін өзі кәсіби анықтау саласында білім мен тәжірибені меңгеруді білдіреді.
7. Тұлғалық өзін өзі жетілдіру құзыреттері дене бітімін, рухани және зияткерлік өзін өзі дамыту, өзін өзі эмоционалды реттеу және қолдау әдістерін меңгеруге бағытталған. Берілген құзыреттерге жеке тазалық ережелері, өз денсаулығына қарау, жыныстық сауаттылық, ішкі экологиялық мәдениет жатады. Сондай-ақ, тұлғаның қауіпсіз өмір сүру негіздерімен байланысты қасиеттер кешені де жатады [6].
Басты құзыреттердің жіктелуі мен тұрпаттамасының еуропалық жүйелерін білім берудегі инклюзивті тәсіл және ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушыларды жалпы білім беру процесіне енгізу тұрғысынан қарастыру қажет.
Оксфорд және Кембридж университеттері «Басты құзыреттер 2000» бағдарламасы үшін әзірлеген басты құзыреттердің тұрпаттамасы (keyskills) , британдық мектептер, колледждер, барлық түрдегі білім орталықтарының (оның ішінде инклюзивті оқу орындары да бар) түлектері білім алу процесін бітірген соң келесі біліктер тобын меңгереді деп күтіледі:
Коммуникация – бұл пікірталас жүргізу, материал оқу және жобаға қажетті ақпаратты іріктеу, эссе жазу, әртүрлі өтініштерді толтыру және т.с.с. кезінде қолданыла алатын біліктер.
Сандармен орындалатын амалдар – сандық ақпаратты өңдеуге, есептеу және шешім мен қорытындыларды көрсетуге қатысты дағдылар.
Ақпараттық технологиялар – қажетті ақпаратты іздеу, кестелер, сызбалар құру, хаттар немесе есеп жазу, т.б. үшін компьютер қолдануда талап етілетін құзыреттер.
Адамдармен жұмыс– ортақ мақсатқа жетуге бағытталған әрекеттерді жоспарлау мен жүзеге асыруда адамдармен бірге жұмыс жасау дағдылары
Оқуға қабілетін жетілдіру және нәтижелілікті арттыру – жұмыс тапсырмаларын тиімдірек орындау, жеке өмірін ұйымдастыру, тәжірибелік тапсырмаларды орындау және өзін өзі оқыту дағдыларын қалыптастыру үшін мақсаттарды қою дағдыларына қатысты құзыреттер.
Проблемаларды шешу – жұмысқа байланысты, оқуда немесе жеке өмірдегі проблемаларды шешуде, шешім іздеуде әртүрлі әдістер қолданылғанда және сол әдістердің нәтижелілігін тексерген кезде қажетті құзыреттер.
Осылайша, білім беру процесін ұйымдастыруда инклюзивті тәсілді қолдану тек ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларда ғана емес, барлық білім алушыларда «құзыреттілік» аумағының кеңеюіне ықпал етеді. құзыреттілік тәсіл білім беруде нәтижеге жетудің жалғыз әдісі бола алмайды, бірақ оның қажеттілігі сөзсіз белгілі.
Ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушыларды оқыту үшін жағдай жасауда оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау маңызды рөл ойнайды. Психологиялық-педагогикалық қолдау оқушыға әрбір баланың мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сәйкес нәтижелі оқу мен дамыту үшін әлеуметтік психологиялық және педагогикалық жасалатын мамандардың тұтас, ұйымдасқан әрекеттер жүйесін білдіретін білім беру процесінде көмектің (немесе қолдаудың) ерекше түрі ретінде қарастырылады [7].
Бағалау әрекеті барысында ескерілетін психологиялық-педагогикалық қолдаудың екі бағытын бөледі: балада пайда болған қиындықтарды шешуге бағытталған - өзекті және оқудағы болуы мүмкін ауытқушылықтардың алдын алуға, есепке алуға бағытталған перспективті. Екі бағыт та педагогикалық процесті қолдау қызметінің барлық мамандарының біріккен әрекетімен іске асырыла алады. Олардың әрекетінде бір бірімен байланысты және ескеру қажет үш міндетті компонент бар:
− бала дамуын диагностикалау (психикалық, тұлғалық, әлеуметтік);
− түзете-дамыту бағытындағы жеке және топтық сабақтар бағдарламасын іске асыру;
− бағалау жүйесі арқылы баланың даму деңгейіне қойылатын талаптар және оны оқыту мен тәрбиелеу үшін жасалған мүмкіндіктер тұрғысынан білім беру ортасын талдау [8].
Бұл санаттағы білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау объектісі оқу жетістіктерін критериалды бағалау процесі болып табылады. Берілген жағдайда психологиялық-педагогикалық қолдаудың пәні әртүрлі мамандардың (пән мұғалімдері, психолог, логопед, әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі, мектеп дәрігері, басқа мұғалімдер) және ата-ананың тығыз ынтымақтастығын қарастыратын оқушыларды қолдау болып табылады. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалауды психологиялық-педагогикалық қолдау келесіге бағытталады:
- оқушының денсаулығы мен күш-қуатын сақтау: балалар өмірінің денсаулық сақтау тәртібін ұйымдастыру, қозғалыстық белсенділіктің жеке таңдалған формасына, денсаулықты нығайтатын сабақтарға араластыру;
- оқушылардың зияткерлік дамуын қолдау: әрбір оқушының танымдық ерекшеліктерін анықтау және дамыту, табысты оқу әрекеті үшін жағдай жасау;
- қарым-қатынас саласында баланы қолдау: балалардың бір бірімен ізгілікпен әрекеттесу үшін жағдайлар жасау, іс-қимылды саналы түрде таңдауда көмек, балалардың тынығу әрекетінде жеке қабілеттердің ашылуын қолдау;
- баланың отбасын қолдау: отбасылық қарым-қатынасын зерттеу, оны үйлестіруде көмек беру.
Психологиялық-педагогикалық қолдау ерекше шығармашылық ортаны құруды және балаларға таңдау жағдайын беруді қарастырады. Бұндай жағдайлар баладан тек білім, білікті қолдануды ғана емес, сондай-ақ рефлексиялау тәжірибесін, өздігінен шешім қабылдау, ерік пен мінездің көрінісін талап етеді. Даму мүмкіндігі шектеулі оқушыны психологиялық-педагогикалық қолдау психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысы мен ұсыныстарының негізінде ұйымдастырылады және білім беру ұйымындағы штаттық мамандармен (арнайы педагог, психолог, мұғалім-логопед, әлеуметтік педагог, ЕДШ маманы және басқа) немесе білім беру ұйымынан тыс келісім-шарт негізінде оңалту орталығы, түзеу кабинеті мамандарымен, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарының педагогтарымен жүзеге асырылуы мүмкін [9].
Қолдаудың тігінен сабақтасуын құру барынша иілгіштік пен түрлілікті, бағалау әрекетінде баланың әрбір даму кезеңінде жасына байланысты психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеруді қарастырады. Жалпы білім беретін мектеп білім алушыға оның қажеттіліктеріне сәйкес қолдау түрін ұсынуы қажет. Ол қысқа мерзімді, орташа мерзімді немесе ұзақ мерзімді қолдау болуы мүмкін.
Қысқа мерзімді қолдау оқуда шамалы және уақытша қиындықтары бар, логопедпен, психологпен түзету сабақтарының қысқа мерзімді кезеңін қажет ететін оқушыларға көрсетіледі (жарты жылға дейін).
Орташа мерзімді қолдау арнайы дайындалған педагогтар мен мамандардың қарқынды қолдауын қажет ететін және дамуындағы ерекшеліктерге байланысты оқуда тұрақты қиындықтарға кездесетін оқушылар үшін ұйымдастырылады.
Оқушылардың даму мәселелерін бастапқы сатыда жеңу мүмкін болса, онда олардың оқуын оқытудың келесі сатыларында да арнайы сынып жағдайында жалғастыруға болады. Бұл жағдайда оқушыларды ұзақ мерзімді қолдау жүзеге асырылады.
Инклюзивті білім беруді арнайы қажеттіліктері бар балаларды оқыту нысаны ретінде түсіну оқытуды ұйымдастыру мен жалпы білім беру бағдарламаларының ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың барлық санатына қолжетімділігін қамтамасыз етудегі мүмкіндіктерді шектейді. Бұл, әсіресе, инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың оқу жетістіктерін бағалауға қатысты болады.
Қазақстандық білім беру жүйесіндегі қиындықтар келесіге байланысты үдей түсуде:
− оқыту сапасын бағалау және зерделеу жүзеге асырылмайды, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың оқу жетістіктерін критериалды бағалаудың нақты индикаторлары жоқ;
− ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардағы туындап жатқан оқу қиындықтарының алдын алу бойынша шаралардың жеткіліксіздігі. Олар білім алушылардың денсаулық жағдайына, моралды-психологиялық және әлеуметтік жағдайына байланысты болуы мүмкін.
− инклюзивті білім беруді ақпараттық-консультативті қолдау нашар ұйымдастырылған [9].
Бұл келесі проблемаларға алып келеді:
− ерекше білім беруге қажеттілігі бар көптеген балалардың әлеуетті мүмкіндіктері жеткіліксіз қамтамасыз етіледі және соның салдарына жеткіліксіз іске асырылады;
− әлеуметтік бейімделу механизмдері нашар іске асырылады, соның салдарынан девиантты мінез-құлықты балалар саны артуда;
− бұндай балаларда функционалды сауаттылық төмен деңгейде қалыптасады, олар жұмысқа орналаса алмайды.
Оқу жетістіктерін критериалды бағалаудың психологиялық-педагогикалық жүйесі проблеманы шешудің келесі маңызды тәсілдерінен тұрады:
− тұлғалық-бағдарлы тәсіл, оның құрамына түрлі типологиялық топтардағы оқушылардың оқу материалын оқу жетістіктерін бағалаудың деңгейлік критерилерін қолдану мен меңгеру мүмкіндіктерінің біртексіздігін ескеру кіреді;
− әрекетті тәсіл балаларға түрлі қолжетімді өнімді қызмет түрлеріндегі мүмкіндіктері мен қабілеттерін анықтауды көздейді;
− денсаулық сақтау тәсілі, ол бағалау жағдайында қолайлы психологиялық ахуалды қалыптастыру арқылы оқушылардың психологиялық-соматикалық денсаулығын сақтау және нығайту міндеттерін шешуді қамтамасыз етеді [9].
Аталған тәсілдерді іске асыратын педагогикалық шарттар келесі аспектілерден тұрады:
− оқу жетістіктерін бағалауда қызметтік формада сипатталған, оқушыларға қолжетімді әрі түсінікті көрсеткіштер бойынша анықталған, оқушы үшін шынайы және тұлғалық маңызды критерилерді қолдану;
− бағалау процесінде көрсетілген көрсеткіштерге сәйкес келетін түрлі деңгейдегі және үлгідегі тапсырмаларды қолдану;
− оқушылардың өзі жеке оқу жетістіктерін шынайы таңдауын қамтамасыз ету және осы таңдауына қолдау көрсету.
Бағалау кезінде аталған шарттарды іске асыру білім алушының өзін еркін сезінуіне, танымдық белсенділігі, оқу мотивациясы деңгейінің артуына, эмоционалдық біркелкілігіне ықпал етеді және өз мүмкіндіктеріне сенімі артады. Міндетті түрде критериалдық бағалау жүйесі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың мүмкіндіктеріне бейімделуі тиіс, олардың ерекшеліктері мен білім беру қажеттіліктерін ескере отыра дайындалуы қажет.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жасауда нақты көмек көрсететін психологиялық-педагогикалық қызмет болуы тиіс. Оның міндетіне балалармен қарым-қатынас орнатуда дамытушы немесе түзету жұмысы ғана емес, сонымен қатар, бағалау қызметін сүйемелдейтін ортақ тәсілдер, оқушылармен жұмыстың бірыңғай стратегиясын дайындау бойынша педагогтармен және ата-аналармен тұрақты ынтымақтастық орнату кіреді. Психологиялық-педагогикалық қызметтің әрбір мүшесі кәсіби этиканы сақтауы, психологиялық-педагогикалық тексеру, консультативтік қызмет немесе басқа да қызмет түрінің барысында алған мәліметтер оқушыға немесе оның отбасына зиян тигізетін болса, таратпауы қажет.
Білім алушылардың ерекше білім алу қажеттіліктерін іске асыру үшін білім беру жағдайларын жасау міндетімен қатар білім беру ұйымының алдына түзету жұмысының мазмұны мен әдістерін анықтау міндеті қойылады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру процесіне нәтижелі қосу мәселесінің шешімі ұйымның жүйелі түрдегі психологиялық-педагогикалық консилиумы (ППК) болып табылады. Дұрыс ұйымдастырылған психологиялық-педагогикалық консилиум, тек оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау жүйесінде ғана емес, мектептегі білім беру процесінің сапасын арттыру мәселелерін шешуде де маңызды рөл атқарары сөзсіз. ППК негізгі міндеті білім алушының қажеттіліктері мен мүмкіндіктер деңгейін анықтау және жеке білім беру бағдарламасын әзірлеу болады. Нормативтік құқықтық құжаттарда жеке білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар жоқ екендігін атап өткен жөн. Аталған талаптарды анықтау білім беру ұйымының құзыретіне енеді. Әрине, қазіргі кезде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жеке білім беру бағдарламасының мазмұны мен құрылымына қойылатын талаптардың болмауы білім беру процесіндегі жеке тәсіл үшін жағдай жасауды біршама қиындататыны белгілі. Дегенмен, басқа жағынан білім алушылар арасындағы психофизикалық бұзылыстардың әр түрлілігіне және күрделі ауытқулары бар балалар санының артуына байланысты жеке білім беру бағдарламасының бірыңғай құрылымдық-мазмұндық үлгісін әзірлеу өте қиын.
Жеке бағдарламаларды әзірлеу, бекіту және өзгерістер енгізу тәртібі білім беру ұйымы әзірлеп бекітетін локалды нормативті акт - Жеке бағдарлама туралы ережемен анықталуы мүмкін. Бұл құжат жеке бағдарламаның мазмұнында оның құрылымын, әзірлеу тәртібін, іске асыру мерзімі мен түзетулер енгізу және басқаны нақты түсіндіру арқылы педагогтердің жұмысын тиімді етуге мүмкіндік береді. Жеке бағдарламаның құрылымы мен мазмұны ең алдымен, баланың ерекшеліктеріне және онымен жұмыс жүргізуде мамандар мен педагогтер шешетін педагогикалық міндеттерге байланысты.
Инклюзивті білім беру ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды сыныптағы басқа кез келген оқушылар сияқты қабылдауды, оларды бірдей әрекет түрлеріне қосуды, оқытудың ұжымдық түрлеріне және топтық шешім қабылдауға араластыруды, ұжымдық ойын стратегияларын, ортақ жобаларды, зертханалық зерттеулерді және т.б. қолдануды білдіреді.
Инклюзивті білім беру барлық балалардың тұлғалық мүмкіндіктерін кеңейтеді және ізгілік, төзімділік, құрдастарына көмектесу сияқты қасиеттерді дамытуға ықпал етеді.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуындағы әртүрлілік аумағы өте кең: уақытша және оңай түзетілетін қиындықтары бар қалыпты дамуға жақын баладан орталық жүйке жүйесінің ауыр қайтымсыз бұзылысы бар балаға дейін. Арнайы қолдау жағдайында қалыпты дамыған құрдастармен бірге тең деңгейде оқи алатыннан бейімделген жеке білім беру бағдарламасын қажет ететін балаға дейін болады. Бұл балалармен жұмыс жүргізуде ең басты бағыт әр баланың психикасы мен денсаулығы дамуының ерекшеліктерін ескере отырып жеке тәсіл жасау болып табылады.
Кезінде Л. С. Выготский арнайы оқыту мен қалыпты дамыған балаларды оқытуды үйлесімді етіп біріктіретін оқу жүйесін жасау қажеттілігін айтқан болатын. Ол дамуында бұзылысы бар балаға тәрбие берудің міндеті оны өмірге араластыру және тек биологиялық қана емес, әлеуметтік факторларды ескере отырып кемістігінің орнын толтыруға жағдай жасау деп есептеген [10].
ҚР «Білім туралы» Заңында «білім алу үшін арнайы жағдайлар» түсінігі ерекше білім беруге қажеттілігі бар адамдардың (балалардың) оларсыз жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламаларын меңгеруі мүмкін болмайтын, арнайы оқу бағдарламаларын және оқыту әдістерін, техникалық және өзге де құралдарды, тыныс-тіршілігін, сондай-ақ медициналық, әлеуметтік және өзге де көрсетілетін қызметтерді қамтитын жағдайлар ретінде анықталады 2. Арнайы жағдайлар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациямен ұсынылады және әр түрлі санаттағы балалардың психофизикалық даму ерекшеліктері мен білім беру қажеттіліктеріне байланысты болады. Жалпы білім беретін мектепте инклюзивті ортаны жасау жағдайында мұғалімге әдістемелік көмек ретінде дамуында әр түрлі бұзылыстары бар балаларға арналған білім беру ортасын ұйымдастыру үшін арнайы жағдайлардың сипаттамасы берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |