Интербелсенді оқу/оқыту бiлiм игеру процесiне қатысушылардың (үйренуші мен үйренушілердің) тиiмдi қарым-қатынасына негiзделедi. Ағылшын тiлiнен келген «interactiv» сөзі де осы ұғымды бiлдiредi: «inter» дегенiмiз «өзара» мағынасында, ал «act» - «әрекет жасау» дегендi бiлдiредi, яғни интербелсенді әдістер - үйренуші мен үйренушілердің өзара әрекеттесуін оқу/оқытудың негізі деп танитын және сондай қатынасқа жағдай жасайтын әдістер. Интербелсенді оқу дегеніміз - өзара қарым-қатынасқа (коммуникацияға) негізделген оқу/оқыту, диалог арқылы үйрену/үйрету, яғни үйретуші-үйренуші, үйренуші- үйренуші, үйренуші-өзімен-өзі форматтарында жасаған қарымқатынас (әңгіме, сұхбат, пікірлесу, бірлескен әрекеттері).
Интербелсенді оқу/оқыту білім игеру процесін келесідей ұйымдастыруға ынталы:
Барлық үйренушілерге бірлескен таным процесіне белсенді араласуға мүмкіндік жасау.
Әрбір үйренушінің өзінің үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы ой толғауына мүмкіндік жасау.
Үйренушілер білімді өздігімен құрастыратын орта құру.