Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық өнері, қазақ әдебиетіндегі ұлы Абай дәстүрін дамытудағы еңбегі.
Абайдың қазақ әдебиетін түр жағынан байтып, бірнеше өлең ұйқасын жаңадан енгізгені мәлім. Абай жасаған ұлы бастаманы әдебиетімізге тұрақтандыра түсушілердің бірі - Ш.Құдайбердиев. Абайдың "Сегіз аяқ", "Бойы бұлғаң", "Білімдіден шыққан сөз" т.б. өлеңдерінің түр үлгілері негізінде Шәкәрім көптеген өлеңдер жазды. ("Абай марқұм өткен соң", "Ашу мен ынсап", "Кәрілік туралы", "Жастық туралы" т.б.) Бұл өлеңдер оны Абай дәстүрін сақтап, жанашыр ақын болғанын танытады.
Оның ақындық стилінде Абайдан үйренгендік, Абай ақындығының ықпалы әрдайым байқалып отырады. Мысалы, Абай би-болыстарды олардың өз атынан ("Болыс болдым мінекей") сөйлеп, мысқылдайтыны сияқты Шәкәрімде де осы әдіс, тәсіл орын алады.
Ұлы Абай "Жасымда ғылым бар деп ескермедім" десе, Шәкәрім адам өмірін үш кезеңге бөліп, оның сол Абай меңзеген ең қуаттысын, жастық шағын ғылымға арнауды насихаттайды. Өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ қоғамының мәдени-экономикалық жағдайын ескерсек, ақынның сондай мешеу ортада отырып, жас адамға бірден-бір қажет өнер ретінде ғылымды ұсынуы - көрегендік.
Абайдың «Қарасөздері» - қазақ философиясының негізгі ой түрткісі болса, Шәкәрімнің «Үш анығы» - қазақ философиясының шыңы. Форма жағынан Абай туындысы әдеби эссе болса, «Үш анық» - трактат.
Оқырмандар жақсы түсініп, берік меңгеріп, есте сақтауына ыңғайлы болуы үшін трактат стилі қолайлы, өз ойларын автор бірнеше рет қайталап жазады, негізгі дәлелдерін келтіреді, қорытындысын анықтайды. Араб, орыс терминдерін міндетті түрде қазақ тіліне аударады, дербес терминдер ұсынып, қазақ тіліндегі философиялық категориялар, атаулар негізін қалайды.
Қазақ поэзиясының биік белеске көтерілуіне, әдеби тілдің ауқымының кеңеюіне Абай шығармашылығығының үлкен үлес қосқаны анық. Шәкәрім де Абайдан соңғы қазақтың ең көрнекті тұлғаларының бірі. Абай мен Шәкәрімнің мол әдеби мұрасынан өзгеше мәдениет, кең өріс, бедерлі өрнек танимыз. Қос ақынның өлеңдерінде, поэмаларында, философиялық ой-толғауларында бір пендеге ғана емес, бүкіл адамзатқа тән сырлы мұң жатыр. Бұл өлең өрісін, өнер көкжиегін айқындайтын биік меже. Біздің туған тілімізде, ұлттық әдебиетімізде Абайдан соң ғана мүмкін болған биік жетістік. Шәкәрім Абайдан соңғы ең танымал есім, ең көрнекті тұлға. Сондықтан да қос алыптың шалқар дүниетанымы, нұрлы жаны, талантты тебіренісі, өзгеше бітімі, биік мақсұты, ақыл-ой тереңдігі қазақ халқының арымайтын рухани биігі болып қала бермек.
Достарыңызбен бөлісу: |