Кәрілікке
Жетелеп жетпіс алды, алпыс айдап,
Бекітіп қол-аяқты жіпсіз байлап.
Дүниенің бәрі де күңгірт тартты,
Шапшыған тұнық едім тұрған қайнап.
Ұлына бес Сыбанның сәлем дей гөр,
Жібермес жауға түстім көзім жайнап.
Кәрілік жапалаққа айналдырды,
Бұлбұл ем даусы зарлы тұрған сайрап.
Төрт арыс қадіріңді білмеуші едім,
Жат болып, менікі емес, қалдың жайрап.
Өмірдің өтпегінің белгісі жоқ,
Пәлен күн барам демес саған сайлап.
Әріп Тәңірбергенов және ақын Абай мектебінің өзіндік ерекшелігі
Әріптің Семей уездік училишесінде оқып жүрген жылдары (1877-1881) Абайды көріп-біліп ұстаз ретінде таныған уақыты. Әр жыл сайын Семейге ұзақ уақытқа келіп, кітапханада болып, Михаэлис сияқты достарымен, қалада оқып жүрген қазақ шәкірттерімен Абайдың бас қосып мәжіліс құрып тұратан әдеті болғаны мәлім. Ұлы ақынның мұндай мәжілістерінің мән-жайы бізге Көкбай ақынның өлеңдерінен белгілі.
Әріп те Абайдың мәжілістеріне қатысып жүріп, оның тарих, әдебиет, өнер-білім жайында айтқандарын есітіп, біліп, ұққандарын көңіліне түйіп, ұлы ұстаздың тағылымымен өнер жолына мықтап түседі, өлең жазумен қатар оқиғалы шығармалар жаза бастайды. Абайдай өлең сөздің құдіретіне айналған тағылымы мол ұстаздан дер кезінде үлгі-өнеге көрген Әріп осы кезден бастап өмір бойы қолынан қаламын тастамай шығармашылықпен айналысады, артына мол, талантты дүниелер қалдырды.
Әріптің «Еңбек туралы» деген көлемді өлеңі айтар ойы, идеясы жағынан ұстазы Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Сегі аяқ» өлеңдерімен мазмұндас. Абайдың бұл өлеңдеріндегі елге қойған бір кінәсі «жақсы мен жаманды айырмадың» болып келсе, Әріпте:
Адалды – адал, арамды – арам демей,
Қара Жаһил надансың, қасқыр түсті-, деп келеді.
Әріп те ұстазы Абай сияқты еңбек етпей, елді алдап, ұрлық-өтірік, қулық-сұмдықпен күн көрушілерді батыл әшкерелейді. «Еңбек туралы» өлеңінен соң Әріп өз заманындағы әйел халін суреттейтін «Қалың мал туралы» өлеңін жазады. Әйел теңдігі ежелден халықтың көкейкесті арманы еді. Бұл мәселе халық поэзиясында да, XIX ғасырдағы Абай бастаған жазба әдебиетке де көрсетілген әлеуметтік тақырыптардың бірі болатын. Әріптің бұл өлеңі де Абайдың осы тақырыптағы «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңімен сарындас. Абай өз өлеңін жас қызды кәрі шалға беру тәрізді ел ішіндегі сорақылыққа қарсылық ретінде жазғаны белгілі.
Әріп ақынның мұнан да басқа көркемдік, реалистік сипаты жөнінен ұстазы Абаймен үндесетін шығармалары мол. Жоғарыда сөз болған өлеңдер Абай шығармаларымен көбіне мазмұн жағынан ғана үйлесіп келсе, «Нәпсіге», «Дүние туралы», «Албырып өскен жігіттік» деген өлеңдері ұлы ақынның «Әсемпаз болма әрнеге», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Сабырсыз, арсыз, еріншек» және т.б. өлеңдерін көркемдік қадір – қасиеті, сөз қолданысы, сыртқы, ішкі ұйқас, буын, бунақ, тармақ, дыбыс әуезділігі жөнінен де еске түсіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |