МҰхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет17/21
Дата07.02.2017
өлшемі2,25 Mb.
#3576
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21

ҚИЯДА 
 

 
Абай  үйленгелі  бірнеше  жыл  болды.  Ділдә  түскен  жылдың  келесі 
көктемінде бұл, ардың үлкен баласы Ақылбай туды. Екі жыл өткенде Күлбадан 
деген  қыз  туды.  Ол  бүгінде  бірден  асты.  Қазір  Абай  үшінші  баланың  әкесі 
болғалы жүр. 
Ділдә  екіқабат  уақытында  бірнеше  айдай  ауру  адам  сияқты  болатын.  Ас 
батырмау, басы айнала беру, ағарып, жүдеп, төсекке жантая беру мұның салты 
боп алған. 
Аз  жылдың  ішінде  бірнеше  баланың  әкесі  болса  да,  Абай  әлі  өзінің  осы 
халіне  үйреніп  болған  жоқ.  Оған  үйлеріндегі  үлкен  шешелер  де  себеп  болды. 
Ақылбайды Ұлжан өзі баурына салып, өз баласы қып алды. Тілі шығып қалған 
Ақылбай  бұл  күнде  Абайды  әкем  екен  деп  білмейді.  Жай,  анда-санда  ас 
басында көрініп кететін көп үлкеннің бірі, бөгде таныстай көреді. Абай да оны 
ыстық  көріп  бой  тартқан  емес.  Үйткені,  ол  бала  мұның  жастығына  зорлық 
еткендей боп, тіпті ерте туды. 
Ең  алғаш,  17  жаста  Абай  әке  болды.  Үйленудің  өзі  бір  тәңір  құдіретіндей 
амалсыздық күні еді. Соның артынан ес жиғызбай, ілесе келген әкелік, тіпті бір 
мазақтай, қатал зорлықтай көрінген. 
Алғаш Ақылбай туған күні Қалиқадай жеңгелер; 
- Балалы болдың! 
- Енді, міне, сен әкесің! 
- Қайырлы  болсын!  -  десіп,  күліп  қамалаған  болатын.  Сонда  Абай  бір 
ұялып, бір қиналып, не қыларын білмей, атына мініп, кетіп қалған. Аулына үш-
төрт күн өткенде бір-ақ оралып еді... 
Кішкене  Күлбаданды  да  Абай  әлі  танып  болған  жоқ.  Ол  да  күні  бойы 
шешелер үйінде, солардың баурында болады. 
Ділдә  бейнелес,  ақсары,  мазасыз  қыз  кеш  болғанда  ғана  отауға  келеді. 
Абайды  әкелікке  еріксіз  көндірем  дегендей  боп,  Күлбадан  түні  бойы  ұйқы 
бермей жылайды. Сонысының өзімен де ол жас әкемен екі арасын бітімсіз қып 
қойды. 
«Тыныш  ұйқыдан  кісіні  шаяндай  шағып  оятады»  деп,  Абай  оны 
«Саршаян» дейтін. 
Қазір сол Саршаян тағы да жылап отыр. Кеш батып,  үй іші қараңғы болса 
да,  Ділдә  от  жақпапты.  Өзі  шымылдықты  түсіріп,  биік  төсектің  алдына  көрпе-
жастық салып, жантайып жатыр. Күлбадан шешелер үйінен жаңа келіп, төсекке 
жатпай, қиғылық салып отыр екен. 

 
215 
Абай бір топ кісімен үйге кірді. Тыста боран. Бұлардын үстері тегіс қалың 
қар, қырау... Үйге шұбатыла кіріп, мол аяз алып келді. 
Тыстан  кірген  суық  пен  көп  кісінің  дабырынан  тынышы  кеткен  Ділдә 
басын көтерді... 
Абай тымағы мен ішігінің қарын қағып жатып: 
- Ділдә, жарық жақсаңшы! Тыйсаңшы мынау мазасызды!.. Болмаса апарып 
тасташы анау үйге! - деді. 
Ділдә жарық жағып, шымылдықты түріп қойып, қонақтарға көрпе салды да, 
Күлбаданды қолына алды. 
Күтуші  қызыл  келіншек  отауға  кіріп,  Ділдәмен  сыбырласып  алып, 
қонақтардың қамына кірісті. 
Бұл қонақтар Абайдың қазіргі уақыттағы жолдастары, жас жігіттер: Ербол, 
Жиренше, Асылбек және Базаралы болатын. 
Орталарындағы үлкені Базаралы. Сол төрге шығып, шешініп отыра беріп: 
- Жаным-ау,  мына  кұдайдың  күні  қайтеді?  Тағы  боран!  Әлі  боран! 
Жұтатты-ау!  Ақсүйек  қып  жұтатты-ау  ел  сорлыны!  -  деп,  уайым  айтып,  ұзын 
қара сақалын ұстап, ойланып қалды. 
Еңгезердей  мол  денелі  болса  да,  аса  сымбатты,  нұр  жүзді  Базаралы  қазір 
отызға  жаңа  ілінген.  Ақ  елтірі  ішігін  желбегей  жамылып  отырып,  таңдайын 
қақты. 
Ділдә дөңгелек үстелдің үстіне шам әкеп қойғанда, жігіттер айнала отырды. 
Бұл кезде Абайдың да денесі ірілеген. Жаурынды, сүйекті боп қалған екен. 
Бойы  ортадан  биіктеу.  Сүйегі  ірілеумен  қабат,  бұлшық  еттері  де  толып,  бар 
мүсіні балғын, кесек тартыпты. Бет пішіні де денесіне лайық дөңгеленіп, ірілеп 
қалған. 
Ұзынша  қырлы  мұрны  көтеріңкі,  үлкен.  Жазық  биік  маңдайы  шекесіне 
таман  келгенде  дөңкілдене  түсіп,  кең  кесілгендей.  Қыс  суығынан  бет,  мұрны 
тотықса  да,  келбетті  маңдайы  ақшылданып,  айқындап  тұр.  Отты  сұлу 
көздерінің  ақ,  қарасы  әлі  де  тап-таза.  Көзінің  сыртқы  шарасы  томпақтау  және 
ұзынша  біткен.  Жіп-жіңішке  боп  кең  созылған  ұзын  қастары  мен  ойшыл  отты 
көздері  Абайды  өзге  жұрттың  ішінен  оқшауырақ  етіп  тұрады.  Жақсы  туыс 
белгісі сияқты. 
Әлі  ұзармаса  да,  теп-тегіс  боп,  тебіндеп  шығып  келе  жатқан  қоңырқай 
мұрты  бар.  Барлық  тұлғасы  сай  келген  қарасұр  жігіт,  сонау  сұлу  болмаса  да, 
ұнамды, сүйкімді. 
Оңаша  отауға  іріктелген  жас  жігіттер  бұл  кешті  көңілді  өткізсе  керек  еді. 
Бірақ жаңа орнықпай жатып Базаралы айтқан уайым сөз бәрін де ойға салды. 
Бұл жиынның Базаралыдан басқасы үш күннен бері бірге жүрген. Базаралы 
осы кешке ғана тау жақтан келгенді. Қалың ел, көп қыстаулар сонда. Абай сол 
жұрттың жайын білмек боп: 
- Немене, жұт өзі қауырт па? Жоқ, ойдым-ойдым ба? Көлемі қандай? - деп 
сұрады. 
Асылбек, Жиренше, Ерболдар да Базаралыға қадала қарап, хабар күтті. 
 
 
-  Анық  жұт  жаппай  келмей  ме?  Бұл  соның  өзі  ғой!  Ел  дегенде  көпті 
айтамыз  да...  көп  қысылды  ғой!..  Мына боран  айықпағалы  міне  үш  күн болды. 

 
216 
«Жыл  мойыны  жақын  ба»  деп  дәме  қылысып  еді...  Көкек  аяқтап,  мамырға  да 
тақадық.  Бірақ  ақпан-қаңтардай  боп  әлі  қақап  тұр.  Енді  не  қалды?  -  деп, 
Базаралы түңіліп отыр. 
- Қырылып жатқан қой ғой. Ал, мына ірі қара жағы қалай? Шыңғыста одан 
үміт бар ма екен? - деп Жиренше тым құрса, өзге малдың аман қалары болар ма 
екен деп еді. 
Тобықтының  малы  жылқы  мен  қой  емес  пе?  Ірі  қара  дегенде  сиыр  болса, 
ол кесел қойдан да жаман екен... Түйе де жұтқа осал неме ғой... әйтеуір қолдағы 
малдың аманы болмас!.. - деді Базаралы. 
Шай үсті мен барлық осы іңірде жігіттердің әңгімесі елдің бүгінгі қысталаң 
халы  туралы  болды.  Мал  жұты  ғана  емес.  Көпшілік,  кедей  көпшіліктің 
ашаршылыққа ұшырай бастағаны да білініпті. Соғымы тәуір ауқатты ауылдарға 
Шыңғыс ішінде ас-су іздеп шұбыра бастаған нашарларды да Базаралы көріпті. 
Мұндайлардың алды осы Жидебайға, Абайдың шешелерінің үйіне де келіп 
жатқан.  Бірер  асым  ет,  бидай,  тары  болса  сұрастырып,  көмек  әкетіп  жатқан 
кемпір-шалдар бар-ды. 
«Жұттан  аман  қалар  ел  бар  ма?  Қазірде  тың  тұяқ  тұрған  кімдер?»  дескен 
уақытта, Базаралы: 
- Ат  төбеліндей  аз  ауылдар  аман  болар.  Ырғызбай,  Көтібақ,  Жігітек, 
Бөкенші  ішінде  жақсы  қыстау  алып,  жерді  мол  басқан  ауылдар  әзір  қысылған 
жоқ, - деді. 
- Әсіресе Ырғызбай іші аман. Қыстаулық жері сайлы. Күзден алған пішені 
де бар, - деп, Ербол жаңадан өзі көрген жайларын айта бастады. 
Бағанадан бері үнсіз ойланып отырған Абай: 
- Жалғыз Ырғызбайдың амандығы кімге медеу, кімге дәрі? - деді. 
Базаралы Абайдың бұл сөзін ұнатып қалды. 
- Әйтеуір  күші  бардық  күйі  бар  болады  екен.  Күнекең  әперген  жер 
Ырғызбайды сақтайтын көрінеді ғой! 
Абай қабағын түйіп, жалт етіп Базаралыға қарап: 
- Тәңір-ай,  тартып  алып  жетіскеннің  несі  сөз?  Ырғызбайдың  иемденіп 
отырғаны жер ме? Көрінеу көздін жасы емес пе? 
Асылбек  пен  Жиренше  Абайдың  мынау  ашық  сынына  қатты  сүйсініп, 
күліп жіберді. 
- Япырай,  Абайжан-ай,  көптің  көңілінде  жүрсе  де,  аузы  бармайтын  сөзін 
өзің  айттың-ау!  -  деп,  бағанадан бері  уайыммен  отырған  Базаралы  да  жадырап 
қалды. 
Бұл  жігіттер  Абайдың  әр  жайдан  шындасып  сырласатын  досы  есепті. 
Әсіресе,  Ербол  бес-алты  жылдан  бері  Абайдан  айырылмайтын  үзеңгі  жолдасы 
боп  алған.  Сол  арқылы  Жиренше,  Асылбек  те  Абаймен  әбден  жақындасып, 
қысы-жазы көп араласа беретін. Құнанбай болса, Абайдың дәл осы жігіттермен 
достығын сүймейтін. Сырттан бірнеше рет қатты сөйлеп: 
- Ылғи кешегі жау ауылдардың бөлтіріктерін жиып апты. Дос тапқан екен! 
- деп тыжыртып, жақтырмай жүретін. 
Бірақ Абай өзі әке мінездерін сынағыш болғаннан бері, сол әкеден қорлық 
көрген  елдің  қай-қайсысының  болса  да,  сөз  ұғар  деген  адамдарымен  сырласа 

 
217 
сөйлесе,  әке  мінездері,  ел  күйі,  көптің  мұңы  сияқтыны  толық  ұғынып,  кең 
түсіне бастаған. 
Абайдан  екі-үш  жастай  үлкен  болса  да,  Жиренше,  Ербол,  Асылбектер  бұл 
кезде  әбден  жақын  құрбы-құрдастай  боп  ап,  өз  маңдарындағы  үлкеннен,  кәрі-
құртаңнан есіткен шер уайымды да ірікпей айтып келе беретін. 
Жалғыз-ақ  мұндай  бел  шешісіп  кеңескен  сөздеріне  Базаралы  бұрын  көп 
араласқан  жоқ-ты.  Ол  өзі  осы  жұттың  бұл  өңірдің  еліне  аса  қатты  тиетін  бір 
себебі  Кұнанбайдан  деп  білетін.  Жол  бойы  көріп  келді.  Кұнанбай  оң  қараған 
жуан  ауылдар  Ырғызбай  ішіне  малдарын  айдап  апарып,  сонда  жан  сақтап 
жатыр. Ал, Кұнанбай адам деп санамайтын аз ата, сансыз атсыз көпшілік болса, 
малы қайда барарын, басы қайда қаларын білмей сеңдей соғылып жүр. 
Өз  ішіне  талай  түрлі  ызалы,  наразы  ойлар  жиса  да,  Базаралы  әлі  ешкімге 
тіс жарып айтқан жоқ-ты. 
Енді  Абайдан жаңағы сөзді есіткен соң  шешіле түсті. Көп ауыртпалықтың 
түп тамырларын қазбалап кеп: 
- Көпшілік сорлы ғой. Санда бар да санатта жоқ. Егесте сойыл соғар, еседе 
құм  қабар.  Атаусыз,  жоқтаусыз  кеткені  ғой.  Бүгін  міне,  аппақ  сүйек  боп 
қырылғалы  отыр.  Кешегі  «жақсы»,  «басшы»  дегендерің  қайсысының 
қабырғасы  қайысар  екен?..  Көрерсіңдер  ертең!  Кім  қынжылар,  кім  болысар 
екен! - деді. 
Абай  Базаралының  өзгеден  бөлек  мынандай  қамқор  ойларына  ішінен  таң 
қалды.  Жалғыз  жүрсе  де,  Базаралы  ел  дауын  шешен  қып  айтып,  түкпірлеп 
ойлап  жүрген  сияқты.  Өзі  батыр  бейнелі,  өзі  әнші,  шешен  Базаралы  үлкендер 
сынынша  бір  тентек,  сотқар  көрінуші  еді.  Жалғыз  жайылған  сыйымсыз. 
Аузының  дуасы  жоқ.  Ащы  тілдің  тыйымсызы  боп  аталатын.  Қазірде  Абай 
байқаса, мына Базаралы ол емес. 
Жұрт жайын ойлап жабырқау тартқан жастарға Базаралы: 
- Жігіт болсаң, жігерің болса, мынау шұбырған елге пана болыңдар. Малың 
аманда,  жаның  сақта...  Әншейін-де  есе  бермесе  ең  болмаса  осындай  қысылған 
күнде  артығынан  үлессін...  Жерінен  жайылыс  берсін.  Қыстау  қорығынан  пана 
берсін  көпке!  Үлеске  салсын  жиған  қорын.  Елден  ерек  аман  қалған  Күнекең, 
Байсал,  Байдалы,  Сүйіндіктер  мен  тұтас  Ырғызбай  кімге  тұлға  болады?  Бар  ел 
жүген  ұстап  қалып,  аштан  шұбыратын  күн  болса  тіпті  оларды  аман  да 
отырғызбайды. Жер мекеніне босып кетуден бұрын, ең әуелі осылардың өзінде 
барды  ұйпап  кетпей  тұра  ма?  Мұны  ап-аман  қойып,  өздері  ауған  қояндай  құр 
жосып  кетсе,  оның  тіпті  елдігі  қайсы?  Қысқасы,  ел  кетпейді!  Кетсе,  тек 
кетпейді! - деді. 
Бұл  сөздері  барлық  жиынды  қатты  ойландырды.  Асылбек,  Базаралы 
дауының кейбір жерін теріс деп білген. 
Жұт  деген  киіз  туырлықты  қазақтың  атам  заманнан  бергі  зәулісі  емес  пе? 
Жалғыз  бүгінгі  күннің  адамынан  боп  отыр  ма?  Сыңар  езу  кетіп,  бір-ақ  жаққа 
салмақ сап отырсың... Осының оғат! - деді. 
Базаралы  дауласайын  деген  ойда  емес. Көңіліндегі  өзі  ұғынған  наразылық 
бетінен  қайтқан  жоқ.  Асылбектің  сөздерін:  «Әкең  Сүйіндіктен  келе  жатқан 
жалтақтық  кой!»  деп,  жақтырмай  тыңдады.  Асылбекке  ажырая  қарап,  басын 
изеп қоя салды. 

 
218 
Жігіттердің  осы  әңгімесі  аяқтай  бергенде,  аязды  тыстан  үш  кісі  кеп  кірді. 
Үстері  қар,  сақал-мұрттары  сіреу  болған.  Алдыңғы  келген  сеңсең  тымақ,  көне 
тонды, ұзын бойлы жолаушының кірпігіне шейін қырау тұрып қапты: 
Бұл  келген  Бөкенші  Дәркембай  мен  соның  екі  кедей  көршісі  екен.  Абай 
Дәркембайды танып: - Шешініңдер, - деп еді. Дәркембайдың жүрісі тығыз екен, 
шешінбеді. 
Бұл  Дәркембай  анау  жылы  Тоқпамбетте  Бөжей  сабалатында  Құнанбайды 
атам  деп  мылтық  оқтаған  кісі  болатын.  Сол  төбелестен  бері  Тобықты  іші 
болсын, әсіресе, Құнанбай айналасы болсын оның сондағы ісін есіткен. 
Барлық Ырғызбай Дәркембайды содан бері көзге түрткі ғып, шетке қағып, 
қырына ала беретін. Абай шаруасын сұраған соң, Дәркембай іркілген жоқ. 
-  Шырағым  Абай,  қарындасқа  қайырымы  бар  бала  деп  естушем. 
Сондықтан кеп отырмын. Болмаса, ана Тәкежандай десем, келмес ем... Басыма 
күн  туып  кеп  тұрмын.  Мынау  екі  көршіммен  үшеуіміздін  үйлерімізде  жиыны 
20-30-дан  тұяқ  бар  еді.  Сол  азынаулағымызбен  бірге  пана  таба  алмай  ығып, 
бүрісіп  кеп  отырмыз...  Жерімізде  қылтанақ  жок.  Қойларымыз  бұралып  бітті. 
Қазір осы Мұсақұлға жеткенше, бес кой үсіп өлді! - деді. 
- Өй, Шыңғысқа неге тартпадың?.. Тым құрыса, тау панасы бар ғой! - деп, 
Асылбек сұрай бастап еді. 
- Ойбай-ау,  боран  Шыңғыстан  соғып  тұр.  Өзі  титықтап  тұрған  мал  қарсы 
баса  ала ма?  Және  Шыңғыс  қайда,  біреу  қайда?  Мынау  Мұсақұл,  Жидебай  әрі 
ыққа  қарай,  әрі  жақын  және  иелері  бейіл  берсе,  бұл  Мұсақұл,  Жидебай,  Барақ 
сияқты үш қорық - талай қора қойға пана емес пе? Қарын аршысам да, өлтірем 
бе! Шидің іші қойға пана ғой! - деп бар үміт қып келгенім осы еді! - деді. 
Абай Дәркембайдың жайын танып отыр. 
- Дұрыс кепсін! Ал, жая бер!.. Енді несін сөз қып кеп тұрсың? 
- Оның  рас-ау,  қарағым!  Бірақ  жаңа  кеш  бата,  сол  Мұсақұлға  зорға  кеп 
жетіп  ек.  Алдымыздан  Тәкежан  шығып,  қайта  қуды.  Қасында  әлгі  Жұмағұл 
дейтін  қаныпезер  бар  екен.  Басымызға  қамшы  иіреді.  Кет  деп  жатыр.  Бар 
талшығымды қырам ба осы мен? Қырар болсам, тым құрса, сен білсін, аш-арық 
ағайынның опқа түсіп жатқанын сол көрсін деп келдім. 
Абай  Дәркембайдың  осыдан  арғы  сөздерін  тоқтатып,  тез  байлау  жасап, 
Ерболға қарап: 
- Ербол, жылы киін де, атқа мін! Дәркембай, еріңдер мынаның қасына! Осы 
арадан  азық  алып  кетіңдер!  Ділдә,  тұр!  -  деп,  Абай  келіншегіне  бұйрық  етіп:  - 
Мына кісілер ашықпастай қып, ет, азық әзірлете бер! - деді. Ділдә лезде тұрып, 
шығып кетті. 
Абай  Ерболдан  Тәкежанға  сәлем  айтты.  «Қумасын!..  Қазынасын  жемейді! 
Мынаның  азғана  малына  жайылыс  берсін  және  Жұмағұлды  тыйсын!»  деді. 
Ербол тез киініп алып, Дәркембайларды ертіп жүріп кетті. 
Тәкежан бұл күнде Мұсақұлды қыстайтын. Ол Абайдан бұрын үйленіп, сол 
жылы  енші  алып,  бөлініп  шыққан.  Қазір  өзі  аса  малқор  да  және  әсіресе  жер 
қорығыш,  қызғаншақ  болатын.  «Жұрт  көзіне  түспейтін  жер  болса,  тіпті  осы 
мына үлкен шешелерінің өз аулынан жайылған малды да қуып тастап отырады» 
деп, барлық көрші малшылар қайран болушы еді. 
Абай Тәкежанның сол мінезін биыл естіп, қатты наразы боп жүретін. 

 
219 
Көріссе, суық амандасатын. 
Түнделетіп, борандатып кеткен Ербол аз уақытта қырауланып, ызаға толып, 
қайтып  келді.  Қысқалау  тығыз  қара  сақалына  қар  тығылып,  шал  беттендіріп 
апты. Үлкен, жуан тұмсығы қызарған.  Қоңырқай өткір көздері жиреніш, реніш 
сызын жасырмай білдіріп тұр. 
Тымағының бауын шешпей бір тізерлеп отырып, сақалының қарын аршып 
жатып: 
- Тәкежаннан  күткенше  тәңірден  күткен  жақсы  ғой!  Мұсақұл,  Жидебай, 
Бараққа  мен  мал  түсіртпеймін  деп,  Жұмағұлды  қайта  жұмсады.  «Сабап-сабап 
айдап  таста  Дәркембайды»  деп,  көзімше  бұйрық  берді.  Жұмағұл  құдай  ұрған, 
сол  сөзді  арқаланып,  жаңа  менімен  ілесе  шауып  келіп,  әлгі  Дәркембайдың 
қойын сойылдап қуып жүр! - деді. 
- Дәркембай ше? Ол енді қайтеді? 
- Түн ішінде мына боранда қайда барады? 
-  Қуғында  өлгенше,  Жұмағұлдың  қолында  өлсеші!..  -  деп,  үйдегі  жігіттер 
жаман ширықты. Ербол тағы бір көргенін жеткізіп: 
- Жұмағұлдай  ит  болмас,  қаныпезер!  Елді  қан  қақсатып  жүретін 
атшабарлыққа жаратқан ғой өзін кәпірдің. «Тым құрса, сен аял берсеңші, таңға 
шейін  тоқтасаңшы!»  деп  ем,  өзіммен  ерегесіп,  аузына  келгенін  айтты!  -  деп, 
тоқырап қалды. 
Ербол  бар  есітіп,  бар  көргенін  айтқан  жоқ.  Тәкежан  Абай  туралы  қатты 
сөйлеген. Жұмағұл Ерболдың өзін де сабамақ боп ұмтылған. 
Бірақ сол кезде Дәркембай қаны қайнап, қатты ашуланып: «Енді тек қолың 
тарт!  Болмаса,  екеуміздің  біріміз  қан-жоса  боламыз!»  деп,  араға  түсіп  барып, 
Ерболдан бетін қайтарған. 
Бұл  жайларды  Абайға  айтса:  «Екі  туысқан  арасына  от  тастаған»  боп 
саналатыны  бар.  Өз  басы  ондай  жан-жалды  сүймейтін  Ербол  мұндайда 
тартыншақ  болушы  еді.  Абайды  ұшқары  істерге  арандатпаймын  дейтін. 
Ондайын  артынан  біліп,  неге  айтпадың?  деп,  күйіп  сөйлеген  Абайға,  бұл  сыр 
ашпайтын.  Өзінше,  Абайдың  жақсы  досын,  тату  жолдасын  «сақтағаным»  деп 
білетін. 
Бірақ қазір оның ішіне іріккен үлкен ашуы Абайға ап-айқын боп білініп тұр. 
Жолдасына  сырмінез  болғандықтан  Абай  қазір  айт  деп  қысқан  жоқ.  Тек 
жаңағының  ар  жағында  жатқан  басқа  зіл  бар  екенін  таныды  да,  аса  қатты 
долданып  кетті.  Екі  беті  бір  сұрланып,  бір  қарауытып,  түнеріп  алды.  Азғантай 
уақыт шұғыл ойланып, Ерболға оқтай қадалып, кірпік қақпай түйіліп отырды да, 
бір сәтте атып тұрды. 
Базаралы,  Асылбектер  Абайдың  байлауын  ұқпай  аңтарыла  қалды.  Абай 
демі дірілдеп, тістене сөйлеп: 
- Тұр,  Ербол!  Менімен  бірге  жүр!  -  деді  де,  өзі  шапшаң  киіне  бастады. 
Жеңіл  күпі  кие  сап,  шарт  буынып,  қолына  қамшы  алды  да,  есікті  қатты  ашып, 
атқып жөнелді. Ербол артынан кетті. 
Қамшы алғаны үйдегілерге Абайдың атқа мінбек болғанын білдірді. 
Тыста  екі  көк  ат  ерттеулі  күйде  бораннан  ықтап,  қораны  жанасалап  тұр 
екен. Абай ең жақын тұрған біреуін шешіп жатып жолдасына: 

 
220 
- Сен де мін! - дей салып, өзі лезде қарғып мінді. Көк атқа қамшы басып, ақ 
боранның ішіне құйықтыра шауып, кіріп кетті. 
Бұл  кезде  Жұмағұл  Дәркембайлардың  елу-алпыстай  азғана  қойын  шоқтай 
иіріп,  тірсекке  сабап  қуып  жүр.  Іштеріне  талай  күннен  нәр  түспеген.  Бүрсең 
қойлар  қашайын  десе  де  жүгіре  алмай,  ұйлығып,  сығылыса  береді.  Қойдың 
жылдам баспағанына зығыры қайнаған Жұмағұл иесінен бастап боқтық астына 
алады.  Артынан  еріп  келе  жатқан  жаяу  шұбырған  Дәркембайларды  бірде-бір 
құлаққа ілмейді. 
Қуғыннан, бораннан және бүгін кешкі аш жүрістен әбден титықтаған төрт-
бес  тоқты  омақата  жығылып,  тұра  алмай  да  қалды.  Дәркембай  қаны  қайнап, 
Жұмағұлды  ұстайын  деп  ұмтылып  еді.  Аты  жарау,  өзі  сырқынды  Жұмағұл 
манайлатпай  жосып  жүр.  Қойдың  бір  шетінен  екінші  шетіне  қарай  омыраулап 
кеп  тиіскенде,  атының  тізесімен  буаз  саулықтарды  домалатып  та  кетеді. 
Жазыксыз  жаулық  көрген  сорлы  мал  тілек  тілей  білсе,  бұл  түнде  мынандай 
қамалып тұрған қастық ортасында елімнен басқаны тілеместей. 
Жұмағүл  бағана  келгеннен  бері  боқтықтан  тыйылған  жок.  Майбасар 
старшындықтан  түскен  соң,  Жұмағұл  атшабарлықтан  да  қалған  болатын. 
Піштірілген сәуріктей боп, діңкесі кұрып жүріп еді. 
- Жанжал  мен  төбелес  құдайдан  ақсарбас  айтып  тілесе  де  қолына  түспей, 
Жұмағұлдың мысы құрып жүр! - деп, жорға Жұмабай мысқыл ететін. 
Бірақ  осы  соңғы  екі  жылда  Жұмағұл  орнын  тапты.  Оны  Тәкежан  жолдас 
қып  алды.  Рас,  Тәкежан  қолында  әмір,  құдірет  жоқ.  Бірақ  қыс  пен  күзде  жер 
қоритын  әдеттері  бар.  Сонда  маңайдағы  малы  азғана,  күші  кем,  адамы  момын 
ауылдарға  Жұмағұл  мен  Тәкежан  атшабар  мен  старшыннан  кем  тимейді. 
Малшыларды сабайды, мал қуады, ат ұстап алады. Ағайынды көп жалындырып, 
жалпетек ететін талай істері бар-ды. 
Өздері  онсыз  да  бәле  тілеп  жүрген  Жұмағұлдарға  Дәркембайларды  қатал 
құдайы  өздігінен  айдап  кеп  бергендей  болды.  Бұларға  күні  түсіп  отырған  кім 
десеңші!  Ол  -  әншейінде  Тәкежан,  Жұмағұлдың  тістерін  басып  жүретін 
Дәркембайы... 
Жұмағұлды аттандырар жерде, Тәкежан дауыстап тұрып: 
- Дәркембайды  қолыма  береді  екен!  Ата  дұшпаным  Дәркембайды!  -  деп, 
кіжініп қалған. 
Соны  есіне  түсірген  сайын  Жұмағұл  арық  қойларды  бастырмалатып, 
домалатып кетеді. 
Осындай боп, айықпас бораннан да бетер қатты кәрғып жүрген кезінде, ақ 
боранның  ішінен  шапқылап  кеп  шыққан  екі  көк  атты  көрінді.  Қылаң  аттар 
боран  ішінде  дәл  жасырынып  келгендей  бопты.  Жұмағұл  бұл  уақытта  аш 
қойлар  мен  Дәркембайды  боқтағанын  місе  қылмай,  тіпті  Дәркембайдың  арғы 
атасы  сонау  Бөкеншіден  түсіп,  соның  атын  атап  құлдилатып  жүрген.  Боз 
аттылар келе бергенде, зілін қатайтып, тағы бір қатқан қойды қағып түсірді. 
Асығыс  жүрген  аттылар,  үн  шығармай,  дыбыс  бермей  тұп-тура  қоян-
қолтық  келді.  Не  жөн  сұрап  немесе  ашу  айтып  ұрысқан  да  жоқ.  Тек  қана 
алдыңғы  атты  екпіндеп  кеп,  қой  мен  Жұмағұлдың  атының  екі  арасынан  кие 
берді  де,  шылбырдан  алды.  Жұмағұл  ашу  шақырып,  тебіне  түсіп,  қамшысын 
оңтайлай беріп еді. 

 
221 
Осы кезде Абай ақырып жіберіп: 
- Аш көзіңді, жауыз! - деді. 
Жұмағұл  Абайды  тани  берді.  Бірақ  танысы  жаудан  бетер  боп  шықты.  Үн 
қатқанша  аял  болған  жоқ.  Абай  оң  қолындағы  қамшысын  құлаштап  қайрып 
алып,  Жұмағұлды  қақбастан  тартып-тартып  жіберді.  Жұмағұл  тебініп 
құтылайын  деп  еді.  Шылбырын  Абай  сол  қолына  орап  апты,  тапжылтпады. 
Екеуінде  де  үн  жоқ.  Абай  аямастан  тағы  да  батырлатып  жөнелді.  Қолы  қатты. 
Қамшысы  сойылдай  тиіп  барады.  Бұл  қорлықты  көргенше,  өліп  бағайын 
дегендей боп, Жұмағұл Абайдың өзіне ұмтыла берді. Бірақ дәл осы кезін баққан 
Ербол  әзір  тұр  екен.  Атын  қатты  тебініп  жіберіп,  қимелеп  кеп,  Жұмағұлды 
жауырыннан ала түсті. Бұл уақытта: 
- Уа, құдай тілеуің берсін! Бәсе, бір адам баласы да бар шығар-ау! Жанның 
бәрі  қасқыр  емес  шығар-ау!  А,  құдай-ай,  бері  әкпеші!  -  деп,  зар  қағып  жүгіріп 
кеп,  Дәркембай  да  жетті.  Жұмағұлды  жағадан  алып,  бір-ақ  жұлқып,  күпсек 
қардың үстіне доптай түсірді. Абай сол арада: «Қойды кейін қайыр!» деп, қатты 
әмір берді. Иелеріне айдатып отырып, қорыққа қайта кіргізді. 
Жақын  жерде  тұрған  үлкен  мая  бар  екен.  Соған  қарай  айда  деп  бұйырды. 
Қой  маяға  жақындай  бере,  шұбай  жүгірді.  Дәркембай  Құнанбайдың  қорығына 
түсумен қоймай, пішеніне тағы ауыз салғаннан қорқып: 
- Қайыр! Қайтар! Пішенін жегізбе! - деп, өз кісілеріне айғайлай бастады. 
Абай оған да зекіп: 
- Тоқта  былай!  Барсын!..  Жесін!  Маяға  жабыңдар,  жарамсақсымай!  -  деп 
ақырды. Қойлар тегіс маяға жетті де, мол пішенге бас қойды. Жағалай жабысып, 
қатып тұрып қалды. 
- Таң  атқанша  осы  маядан  тапжылтпа!  Боран  аныққанша  тыпыр  еткізбе! 
Бұл  жер,  бұл  шөптің  Тәкежан  иесі  болса,  мен  де  иесімін!  -  деп,  Абай  бір 
жұмысты жайғады да, енді Дәркембайды қасына шақырды. 
- Дәркембай,  сенің  екі  жолдасың  осы  қойдың  қасында  болсын. 
Айрылмайды.  Ал  өзің  дереу  мынау  атқа,  мына  жер  қорығыш  Тәкежанның 
атына  мін  де,  қазір  шапқылап  отырып,  осы  маңдағы  өзіңдей  ауылдарға  хабар 
айт.  Мен  жіберді  де!  Шыңғысқа  жете  алмай,  осы  жақын  маңда  қойлары  аштан 
бұралып,  қырылып  жатқан  ауылдар  тегіс  жүруге  жарайтын  қойларын  алып, 
азаматтарын  сайлап,  дәл  осы  үш  қорыққа,  Құнанбай  қорығына  айдап  келсін. 
Күрек-шоттарын  ала  келсін!  Қойларын  қорыққа  салып,  қар  аршып,  жан 
сауғаласын!  Осы  хабарды  мына  жақын  жердегі  -  Торғай,  Жігітек,  Қарабатыр, 
Бөкенші  барлығына  айт!  Ендігі  жұтты  көрсек,  бірге  көреміз!  Бар!  Шап!  Жиып 
кел тегіс, - деді. 
Дәркембай  сол  бұйрықпеп  атқа  мінгенде,  Абай  Жұмағұлдың  кеудесіне  өз 
атының тұмсығын тіреп тұрып: 
-  Сен  антұрғанның  бұдан  былай  итаршы  болғаныңның  алды-арты  осы 
болсын! Білдің бе? Ал, Тәкежанға айт, шыдамаса - өле қалсын! Жуандығы мен 
кәрі болса, жұтап жатқан қойға, аш-арық елге көрсетпесін, дәл маған көрсетсін! 
Жөнел!.. Жаяу бар!.. - деп, бұйрық етті. 
Бағанадан  бір  ауыз  үн  қатпаған  Жұмағұл  Тәкежан  аулын  жаяу  іздеп 
кеткенде,  Абайлар  Дәркембайды  өз  қолдарынан  жөнелтіп  жіберіп,  ауылға 
қайтты.  Боран  әлі  бәсеңдемепті.  Енді,  тіпті,  ышқына  соғып,  қарсы  алдарынан 

 
222 
қатты  ысқырып,  зәр  төгіп  тұр  екен.  Майда  қар  ұйтқып,  жабысып,  көз 
аштырмайды. Желдің соғуына қарап, Жидебайға беттерін  түзеп алып, екі жігіт 
жарысып кетті. 
Таң  атқанда  жел  басылып,  жауа  бораған  боран  айығыпты.  Алыстағы  ақ 
белден жаңа көрінген күн қып-қызыл екен. Қысылып, қиналып шыққандай. Екі 
жақтағы  сұрғылт  бұлттарға  қызғылт-сары  рең  беріп,  құлақтанып  тұр.  Маңайда 
шаңыт  бар.  Бірнеше  күн  ұдайы  соққан  қатты  жел  енді  бәсеңдеп,  аяқтап 
келгенде, жаяу борасындап қояды. Шытырлаған аяз білінеді. 
Дәркембай Абай тапсырғап жұмысты дұрыс түсінген. Түннен бері, дәл таң 
атып,  ел  тұрғанша  тыным  таппаған.  «Өзіңдейлерге  айт!»  деген  сөзді  ол  анық 
ұнатқан.  «Малы  бардың  несі  құриды.  Қолы  ұзынның  өрісі  де  кең. 
Сыйластықпен,  жегжаттықпен,  немесе,  тіпті,  азнаулақ  ақы  берумен  де 
Ыргызбайға  Құнанбай,  Байсалдарға  сыйысып  кетеді.  Бөксе  бастыны  көргенде, 
көп  көреді  ғой.  Азнаулақ  талшығынан  айрылса,  шұбырып,  қор  боп  кететін  де 
сол  ғой!»  деп,  Дәркембай  өзі  көптен  айтып  келе  жатқан  осы  сөздерін 
Базаралыға да айтқаны бар. 
Көптің  күйін  зілді  қып  айтқан  Базаралы  да  осындай  кісілердің  аузынан 
анық  жайларға  мейлінше  қанған  болатын.  Сол  Дәркембай  Абайдың  сәлемін 
ылғи ғана Қарабатыр, Торғай, Борсақ, Жуантаяқ сияқты осы маңайдағы жерсіз, 
малсыз  елдерге  таратты.  Солардың  ішінде  де  15-20  қойлы,  30-40  қойлы 
әлсіздерге барды. 
Мұсақұл, Жидебай, Барақ сияқты үш үлкен қорықты жағалай отырған саны 
көп,  дәрмені  азған  ауылдарды  күншығыс  жақтан  бастап,  күнбатыска  шейін 
шарлап шыққан. 
Аязды,  боранды  түнде  асығып  кеп,  терезе  қаққан  жүргінші  әдеттегідей 
суық хабар әкелген жоқ. Үміт хабарын жеткізген. Жұрт үш күннен бергі боран 
туралы:  «Қолда  барды  әпкетті»  деп  қойған.  Ышқынып  кеп  шуылдай  түсіп, 
терезені  дүбірлетіп,  үскіріп  соққан  жел  ұйқыны  қуған.  Кәрі-құртаң 
жалбарынуда.  Шаруа  иелері  күрсінуде.  Ер-азамат,  қатын-қалаш  бел  шешуден 
қалған. Күндіз-түні дамыл алмай, мал қораның ішін шарлайтын. 
Маңындағы  төбешіктердің  боз  қарағаны  болса,  шауып  әкеледі.  Жақын 
жердегі  ши  атаулының  басын  күзеп,  қолтықтап  келген  болады.  Тіпті  болмай 
бара жатқанда, онсыз да жаман жыртық қораның төбесіндегі қамысын суырып 
берген болады. Бірақ, ол талшықтары қарлығаштың қанаты әкелетін тамшыдан 
да әлсіз еді. Арамза туған қойына бере ме? Сүтін күткен бірлі-жарым сиырына 
бере  ме?  Болмаса,  жапа-жалғыз  түйесіне  асата  ма?  Қайсысына  берсе  де  қарқ 
қылмайды.  Тек,  әйтеуір  соңғы  еңбегін,  «өзге  өлсе  де,  осы  қалса  екен»  деген 
шаруа сүйенішіне ұсынған болады. 
Ауқатты көрші мен жері жақсы сыбайластан үміт ету бұл елдерде жоқ. 
Дәркембай мына түнде сол сөнген үмітті сергіте келді. 
Сонымен дәл күн шыға бере, Құнанбайдың үш қорығына қарай жан-жақтан 
мал  шұбырды.  Бұл  кезде  Абай  мен  Ербол  ат  үстінде  болатын.  Ұзын  қорықты 
жағалап,  желе  шауып  отырып,  әр  ауылдың  шоғырларын  қарсы  алып  жүр. 
Азнаулақ  қойлар  мен  төртті-бесті  ірі  қараның  айналасында  қатын-қалаш,  кәрі-
құртаң, ер-азамат көп-көптен келеді. 

 
223 
Жарап,  қатқан  қойлардан  ажар  кеткен.  Жүндері  үрпиіп,  ұйысып  қалған. 
Жамбастары  сарала  боп  баттасып  қалғандары  бар.  Анда-санда  шыдамсыз 
ешкілер  бақырып-бақырып  тұрып,  омақасып  жығылып  та  жатыр.  Бірнеше 
ауылдың өз қыстауларынан осы қорыққа қарай жүрген жолы қадау-қадау белгі 
қалдырыпты.  Ол  белгілер:  ұшып  өлген  ешкі,  лақ,  арық  тоқтының  өлімтігі.  Ақ 
қардың үстінде, кең жазықта қарауытып қалып жатыр. 
Қой  алты  күн  аштыққа  шыдайды  десуші  еді.  Мынау  түрлеріне  қарағанда 
бұл  малдардың  аштығы  әбден  шыңына  жеткен  көрінеді.  Енді  екі-үш  күн  өтсе, 
тегіс жусайтын халде екен. 
Қарды бұзып жүретін мұршалары да жоқ. Сондықтан, бірен-саран көтерем 
жылқы мен арық түйені, немесе жалғыз-жарым сиырды қойдын алдына салып, 
соған қар бұзғызып келеді. 
Ашыққан  қойлар,  алдарында  әрең  ілбіп  келе  жатқан  ат  пен  сиырдың 
құйрығын жалмап қояды. 
Осындай  тегіс  кем-кетік,  дімқас  болып,  ілбіген,  сорлы  малдың 
айналасындағы  адамдар  да  жүдеп,  салдырап  біткен  екен.  Қартаң  жандардың 
беттерінде ажым қалыңдапты. Барлык жүздер қуаң тартқан. Белдері жіңішкеріп 
бүгілген. 
Киімдері  жыртык,  жүдең.  Бастарына  ескі-құскы  ораған  әйелдер  ғана  емес, 
сақалды ерлер де бар. Аяқтарында, көбінесе, сырған киіз... 
Қорықтың  шетіне  ілінер-ілінбесте,  барлық  жұрт  күрек,  шоттарын  омбы 
қарға  салып,  шидің  түбін,  қорық  үстін  аршуға  кіріседі.  Абайлар  әр  топты  бір-
бірінен  алысырақ  түсіріп,  жер  көлемін  кеңірек  беріп  жүр.  Үш  қорықтың  бір 
қасиеті  қалың  шилі  болушы  еді.  Шеңгел  итмұрын  сияқты  бұталары  да  көп. 
Омбы  қар  қорықтың  шет-шетінде  қалың  болғанмен,  дәл  шилердің  ішіне 
кіргенде оншалық қатты емес, күпсек екен. Және аршыған жердің қай тұсынан 
болса да, қалың шөп шығып жатыр. 
Осындай  жерлерге  жетуге  жараған  мал  тегіс  талшық  ала  бастады.  Абай 
мен  Ербол  жұрттың  көбін  орналастырып  болған  кезде  түс  болды.  Қорыққа 
келген ауылдардың жиын саны елуден асты. Тәкежан жалғыз сиырдан қоритын 
қорыққа,  бүгін  түскен  қой  саны  мыңнан  асып  тұр.  Ірі  қара  көп  емес.  Неше 
күннен  бері  қарды  қанша  тепсе  де,  астынан  құр  тақыр  көріп  келген  азынаулақ 
аттар енді соңғы күштерін өлмес қамына салып жатыр. 
Бүріскен  мал  мен  жүдеген  жандар  бағанадан  бері  Абайға  үлкен  ауыр  ой 
салды.  Жаз  жайлауда,  арқа-бас  кең  шақта  ғана  елдің  іргесі  бүтін,  белі  бекем 
сияқты көрінеді. Мынау жұттың күндері қалың көптін соншалық панасыздығын, 
корғансыздығын көрсетті. 
Жиырма-отыз  қойы  бар,  үш-төрт  қорасы  бар  үй  -  қалың  елдің  көпшілігі. 
Жыл он екі айда ішері, мінері сол. Сояры, сатары да сол. Киер киімі, бас панасы 
да сол айналдырған аз тұяқ. Аман тұрған күннің өзінде бұл қандай тапшылық. 
Ал,  бүгінгідей  қысылған  шағында,  мынандай  апат,  ауыртпалық  көрген 
шағында, қаншалық әлсіз, осал. Осы азынаулағынан айрылса, тірлік не болмақ? 
Кешегі «іргелі ел» деген, «жұрағат, жұрт» деген осы-ақ болғаны ма? 
Жұт  деген  жоқшылық,  қысталаң,  апат  деген  осындай  боп  қақ  қасына 
келгенде, Абай ел тірлігінің барлық қайғылы сорын көрді. 

 
224 
Өз  ойының  ауыртпалығы  Абайға  барлық  тірлікті  соншалық  татымсыз, 
жалған етіп көрсетті... 
Малдарын күресін қардың арасына тығып, қоянның кеуегіндей оптың ішін 
паналаған жандарға жаны ашыды. 
Әрбір ауылдың үлкендеріне соңғы рет қайтадан соғып: 
-  Тоңғандарың  мына  тұс-тұсыңдағы  ауылдарға  барып,  жылынып 
қайтыңдар. Бір-бір мезгіл ыстық ішіңдер. Осы қорықтарда отырған ауылдардың 
бәрі де ағайын ғой. Қумайды. Жасқанбаңдар!.. - деді. 
Онсыз да малдары үшін Абайға алғыс айтып жатқан кәрілер енді біржолата 
жұттан құтылғандай көтеріліп калды. 
Абай  осы  бетінен  аттан  түспей  жортып  отырып,  үш  қорыктағы  бар 
қыстауды аралап шықты. Әр ауылдың Ызғұтты сияқты үлкендерін және әсіресе, 
ас иесі кексе қатындарын тысқа шақыртып алып: 
- Мынау апатпен алысып жатқан ағайынға қайырым етіңдер! Ауылда неше 
қазан болса, соның бәріне ыстық істеп, күніне бір-бір рет қорек беріңдер! - деп, 
қадағалап, тапсырып шықты. 
Осымен  әр  ауылдың  күтетін  аш-арығы  белгіленіп,  тұс-тұсындағы 
түтіндерді меншіктеп алды. 
Абай  мен  Ерболдың  ең  соңғы  келгені  Мұсақұлдағы  Тәкежан  аулы. 
Тәкежан өзі жоқ екен. Ол түнде Жұмағұлдың хабарын естісімен Абайға бармай, 
тура  Қарашоқыға  тартыпты:  «Содыр,  сотқар»  Абайдың  үстінен  Құнанбайға 
арыз, шағым әкеткен. 
Енді  Тәкежан  қорасының  алдына  келіп,  өзі  аттан  түспей  тұрып,  Ерболды 
үйге жіберді. Қайнысының шақыруымен тысқа шыққан  Тәкежанның келіншегі 
Қаражан  тістеніп,  сұрланып  келеді.  Ұзын  бойлы,  кесек  мұрынды  қарасұр 
келіншек  тегінде  зілді,  зәрлі  болатын.  Өз  күйеуіне  қыжал  мінез  көрсетіп, 
қысып-қымтап  ұстаушы  еді.  Жас  та  болса,  қытымырлығы  айқындап,  ас  пен 
дүниеге сараң бола бастаған. Ол мінезі күйеуіне сай келіп, осы кезде бұл үй тез 
байып келе жатыр. Ұлжан үйінің молқолдығын ұнатпай, ертерек сөз шығарып, 
елшіні тез алғызған да осы Қаражан. 
Ол  Абайдың  Тәкежаннан  кіші  бола  тұра,  жақсы  атты  жігіт  боп  бара 
жатқанын  жақтырмайды.  Қызғанып  жақтырмайтын.  Абай  да  жеңгесінің  сол 
ішін біледі. Қаражан тақап келсе де, Абай амандасқан жоқ. 
Азғана  тебіне  түсіп,  көк  аттың  тұмсығын  түндегі  Жұмағұлдың  кеудесіне 
тірегендей, бұған да тақап қойды. Келген жұмысына тура кірісті. 
- Күйеуің менің үстімнен шағым әкетіпті ғой. Мен өз жазамды өзім тартып 
жатармын.  Ал,  қазір  саған  міндет  тапсырма  әкелдім,  соны  бұлжытпай 
орындайсың, білдің бе? 
- Не міндет? 
- Мынау  маңайдағы  ел  жұтап,  қырылып  жатыр.  Бас  аманда  пішеніңді 
шабатын,  құдығыңды  қазатын,  малыңды  суаратын,  барып-келіңе  жүретін  сол 
ағайын  болатып.  Қазір  қысылып,  басына  күн  туып  кеп  тұр.  Малдарына 
жайылыс бердік. Өз қыстаулары алыста. Күн болса суық. Осы маңдағы барлық 
ауылға  кісі  үлестіріп  беріп  келеміз.  Біздің  ауылда  40-50  жан  болады!  Орын 
жетпей  жатыр.  Жаңа  өздеріне  атап  тапсырдым.  Сенің  аулыңның  тұсында 

 
225 
жиырма  кісі  бар.  Төрт  ауылдың  адамы.  Соларға  күніне  бір  мезгіл  ыстық  істеп 
беріп отыр... 
- Өй,  шырақ-ау,  о  не  дегенің?..  Біздің  үйімізде  өзіміз  ішерлік  азықтың  өзі 
жоқ? 
- Өтірік айтпа! Әнеу күні ақ шомшыдан алғызған үш қап ұның бар. Тіреліп 
тұрған  бес  қап  бидайың  бар.  Соғым  етің  бітпек  түгіл,  орталаған  да  жоқ. 
Барынды  түгел  санап  кеп  тұрмын...  Бұл  жолы  қалжыңым  жок,  бар  шыным. 
Үлесесің мынау аш-арық жұртпен! Қарсылассаң, жақсы болмаймыз. 
- Е,  өзіміз  аш  қалсын  дейсін  бе?  -  деп,  Қаражан  қырыстана  берді.  Абай 
қатты долданып, ақырып жіберді: 
- Аш  қалмақ  түгіл,  қырылып  қал!..  Бересін!..  Бермей  қырыстанып  көр 
осыдан!  Күнде  кешке  кеп  тексеріп  тұрамын.  Орындамасаң,  өзіңнен  көр!  Мені 
тап  осы  өңірден  айдатып  жібермесе,  сендік  әлім  бар.  Масқара  қып  тұрып 
көндіремін!  Білдің  бе!..  Қолымнан  алатын  Тәкежан  жоқ.  Көзіңді  ашып  қара! 
Орындайсың, сол! - деп қадалып қарап, үндемей тұрып қалды. 
Оң  қолы  ұзын  қамшысын  қымтып  ұстай  бастаған  еқен...  Қаражан  соны 
байқады  да,  жауап  айтқан  жоқ.  Түнде  Тәкежан  аулының  үстіне  кеп  орнаған 
Дәркембайлар. Абай жаңа Дәркембайдың өзін ере жүр деп шақырған-ды. Қазір 
сол  да  кеп  жеткен  екен.  Анадайдан  құлақ  салып,  Абайдың  ашулы  үнін  естіп 
келе жатыр. 
Қасына Дәркембай келгенде, Абай Қаражанға тағы түйіле қарап тұрып: 
- Міне,  сенің  аулыңнан  ас  ішетін  кісілерді  мына  Дәркембай  бастап  кеп 
тұрады.  Жалғыз  өз  үйің  емес,  осы  ауылда  неше  түтін,  неше  қазан  бар,  соның 
бәрін асқызып отыр. Бар аулың қызмет етсін! - деді. Қаражанда әлі де үн жоқ. 
Абай атының басын бұра беріп, Дәркембайға: 
- Сен  бұл  ауылдың  күйеуі  емессің!  Күмілжіме,  білдің  бе?  Жұмысыңнан 
келгенде,  тура:  «Ас  бер!»  де...  Бермесе,  бөгесе  менің  тап  өзіме  қолма-қол  кеп 
айтып тұр. Осыдан айтпай, жасырып қалсаң, Дәркембай болмай, қатын боп қал! 
Ұқтың ба? - деді де, Абай жүріп кетті. 
Таңертеңнен  тыным  алмаған  Абайлар  Жидебайға  екіндіде  жетті.  Келсе, 
шешелердің  үйінде  Тәкежан  мен  жорға  Жұмабай  тосып  отыр  екен.  Тәкежан 
түнделетіп  шауып  отырып  Құнанбайға жетіп,  енді  Қарашоқыдан  Абайға  арнап 
бұйрық әкелген. 
Абай  Ұлжанның  шақыртуымен  үйге  келді.  Жолшыбай  даланнан, 
шошаладан,  ауыз  үйден  етіп  келе  жатып,  Абай  бұл  ауылдың  неше  алуан 
қамдарын  көрді.  Бар  жерге  қазан  асылып,  ыстық  істеліпті.  Үш  жерге  үлкен 
ағаш келіні орнатып алып, жұмысшы қатындар келі соғып, бидай түйіп жатыр. 
Піскен  қазандардан  астау-астау  көже  мен  азнаулық  ет  түсіріп,  үй-үйлерге 
әкетісіп  барады.  Аш-арықты  күтуге  Абайдың  шешесі  кіріскен  көрінеді. 
Көктемде азық азайған кезде, бір үйден мол тамақ табу оңай емес. Күту де бір 
күн  емес,  бірталайға  баруға  мүмкін.  Сондықтан,  бидай  түйгізіп,  көже  істеуді 
өнімдірек көрген тәрізді. 
Қарсы  үйде  бір  кезек  боп  келген  он  бес-жиырмадай  еркек-ұрғашы,  сол 
ыстық  асты  ішіп  жатыр  екен.  Абай,  астарын  қымсынбай  ішсін  деп,  ол  үйге 
бармады. Үлкен тамға кірді. 

 
226 
Келген  жерде  сәлем  беріп,  жорға  Жұмабаймен  амандасса  да  Тәкежанға 
қараған  жоқ.  Екі  туыскан  суық  кездесті.  Аз  отырған  соң,  Жұмабай  Абайға 
әкесінің  сәлемін  айтты.  Бірақ  Тәкежан  түндегі  булықтырған  ашу  үстінде  көп 
жайды аңғармапты. Шағымын аз ғана қып апарыпты. Ол Дәркембайды ғана сөз 
қылған екен. Мына бүгін таңнан бері маңайдағы тамам елдің келіп, ошарылып 
жатқанын жеткізбепті. Дәркембайдың өзін келтіргенді сұмдық көрген Тәкежан, 
мынандай бәле болар деп, тіпті ұйғармаған-ды. Қазірде осы ауылға кеп білгелі, 
біржолата жарыла жаздап отырған. 
Жұмабайдың айтуынша, Дәркембайды паналатқанды Құнанбай теріс депті. 
«Татымсызға  еткен  жақсылықтың  қайрымы  жоқ.  Дәркембай  менің  басыма  бір 
кезде  қас  ойлаған  адам  болатын.  Оның  амандығы  да  өзіне  олжа.  Абай 
жақсылық  істейім  десе,  досқа  істесін.  Мынаған  ара  түспесін!  Қайтарсын!»  - 
депті. Абай бұған көнген жоқ. Және ұзақ жауап та айтқан жоқ... 
- Әкем  елге  өнеге  айтар  мұсылманмын  дейтін.  Мұсылманшылық  қаза 
көрген  халыққа  рақымшылық  етуді  фарыз  етеді.  Тәкежанның  дегеніне 
иланбасын.  Мен  мұндағы  халыққа  уағда  беріп  қойдым...  Асырап  жатырмын. 
Ренжімей рұксат етсін! - деп бір қойды. 
Тәкежан тырсиып, күйіп отыр еді. Ұрса жөнелді: 
- Ондай  сопы  болсаң,  басыңа  сәлде  киіп,  Дәркембайға  арнап  құшыр 
жисаңшы! 
- Қажет болса, құшыр да жиям. Халық қырылар болса, амандығым садаға!.. 
- Ендеше бар әне, ел ақтап кет!.. 
-  Оған  кетуден  бұрын,  әуелі  өзімде  бар  мен  сенде  барды  ортаға  шығарып, 
үлеске салып кетемін. 
- Онсыз да салыпсың ғой!.. Бір Дәркембай емес, қыруар елді қаптатыпсың! 
Сен бір өзің емес, бәрімізді қара жерге отыртайын депсің!.. Ол, ол ма? Ен әуелі 
мына шешелеріңді де аштан өлтірерсің, бүйте берсен! 
- Шешелерімнің  қамын сен жемей-ақ қой, білдің бе? Менің аналарым  інде 
жатқан  суыр  емес,  анау  сенің  Қаражан  деген  сараң  қатының  сияқты.  Барын 
ортаға  сала  біледі.  Халық  көргенді  бірге  көрсе  де,  қабақ  шытпайды.  Мен  осы 
кісілердің  өздері  тапсырған  соң  істеп  отырмын.  Өзінің  қарынбайлығын  әкеп 
мұндағыларға  пана  қылмақ  кой...  Үйдегенше,  осы  аналардың  тәрбиесінен 
садаға  кетсеңші  Қаражан  екеуің!  -  деп,  Абай  Тәкежанға  қатты  қадала  қарады. 
Соңғы сөздері әкенің балаға ұрысқанындай біртүрлі ірі, салмақты. 
Тәкежанның бұдан арғы айтайын деген жауабын Ұлжан айтқызған жоқ. 
- Жә,  жетті!  Болды  енді  екеуіңнің  салысуың!  -  деп,  тоқтатып  қойып,  өзі 
Жұмабайға бұрылды да: 
- Сен енді қайта бер! Абай бұндағы аш-арық ағайынды шақырып қойыпты. 
Біз  болсақ,  барымызды  бөле  жерміз.  Әзір  қысталаң  жоқ.  Біз  үшін  қиналмасын 
ондағылар.  Беріп  жатқанымыз  өз  сыбағамыз.  Баласының  абыройын  төкпесін, 
екі айтқызбасын елге! - деді. 
Тәкежан  ұрыстан  тоқтаса  да,  шеше  сөзіне  көнген  жоқ.  Мойнын  сырт 
қайырып, тымағын киді де, шығуға айналды. Мұның осы ажарына қарап қойып, 
Ұлжан қатты сөйледі. 

 
227 
- Әй,  сен  ана  Қаражанға  сәлем  айт!  Аулына  барған  аш-арықты 
қыңратқымай  оң  шыраймен  күтсін,  кұтырмасын!..  Ол  әкелген  мал  жоқ!  Көзін 
ашып қарасын! - деді. 
Тәкежан мен жорға Жұмабай кетіп қалды. 
Бұлар  үш  қорықты  түгел  аралап  шықты.  Келген  ауылдар  мен  барлық  мал 
санын көріп, санап алды да, Қарашоқыға қайта тартты. Ендігі шағымдары тіпті 
үлкен болатын. 
Қыруар  мал  мен  дүйім  елді  бұлай  жосылтып  келтіру  Абай  мен 
шешелерінің ісі емес. Ондайды істесе, жер-дүниенің иесі Құнанбай ғана істеуге 
болар еді. 
Абайдың  бұған  жеткені,  әкені  елемегені.  «Жер  мүліктің  иесі  өзім»  дегені. 
Құнанбай  Жидебайдағы  істер  туралы  Жұмабай  мен  Тәкежан  сөздерін  түгел 
тыңдап  алды  да,  Абайларға  енді  ыза  болды.  Шынында,  бұл  мінез  ырықтан 
шығып, құрық әкету. 
Әкесінің  ашуланған  пішінін  байқап,  Тәкежан  ырза  бола  бастады. 
Томырылған ашумен қатты бұйрық айтар деп дәмеленіп еді. 
Бірақ Құнанбай мұның көзінше шешілген жоқ. Тек қана: «Тыю салу керек» 
деді. 
Сүйітті де бұл екеуін қойып, Жақыпты шақыртты. Тәкежанға: «Қайта бер» 
деп, бұйрық етті. Келесі күн таңертең Жақып Жидебайға келіп, тағы да Зеренің 
үйінде отырып, Абайға әке сәлемін айтты. 
Әке  жағынан  екінші  рет  кісі  келіпті  және  үлкен  жұмыстар  тұсында  ауыр 
бұйрықпен  жүретін  Жақып  келіпті.  Осал  белгі  емес.  Тегінде,  ауыл-аймақ 
болсын,  ағайын  ортасы  болсын,  Құнанбайдың  сәлемдерін  әрқашан  жіберген 
кісілеріне қарай, салмақтап танитын. Мысалы: «Алып кел, айдап кел!» дегендей 
бұйрық  болса,  ол  Қарабас,  Қамысбай  сияқты  атшабарлар  түрінде  келеді. 
«Айтып,  білдіріп  кел!»  десе,  жорға  Жұмабай  пішіндес  болады.  Кейде,  ондай 
сәлеммен Құдайберді, Абай да жүріп  қоятын. «Қорқытып, ызғар тастап, үйіріп 
кел!»  десе  Ызғұтты,  Майбасар  боп  келеді.  «Ұғындыр  да  бағындар!»  десе,  осы 
Жақып  шығады.  Ол,  бірақ,  рулар  арасындағы  келелі  сөзге,  іргелі  кеңеске 
жүретін.  Ал,  іс  тіпті  үлкен  боп,  көп  елмен  қаржасатын  кез  болса,  ондайда 
Қаратай шығады. 
Мына  жолы  Жақып  кепті.  Абай  жаңағыдай  сәлемшінің  ауысуына  қарап, 
Қарашоқыдан  шығатын  бұйрықтың  саты-саты  салмақтана  бастағанын  еске 
алды. Іштей әзірленіп отыр. 
Түс  салқын  томсарған,  ашулы  сияқты.  Жақыптың  жүзіне  қарамай, 
қырындау отырып, барлық сөзді қиястана тыңдап отыр. 
Құнанбайдың  бұйрығын  айтудан  бұрын,  Жакып  бірнеше  дәлел  айтты.  Өз 
сөзі  қып  айтса  да,  Абай  төркінін  танып  отыр.  Әкесінің  ойымен  сөз  тәрізін  бұл 
күнде Абай оңай танитын болған. Жақыптың айтуынша, әке бастайтын іс бар да, 
бала  кірісетін  іс  бар.  Екі  арасын  айыру  керек.  Балаға  әкенің  ісі  де  абырой 
әпереді.  Әкеден  қиғаш  кетіп,  өздігімен  кісілік  іздеу  балаға  бедел  бітірмейді 
екен. 
Абай мұны місе қылған жоқ. Баласының кісілігін ойлап, абыройлы болуын 
тілейтін  әке  мінезі  де  болады.  «Өз  ықтиярын,  өз  әмірін  баласының  мойнына, 
үнемі кескек қып тағып отырмайтыны да болады» деді. 

 
228 
Жақыптың  екінші  сөзі:  жер  беріп  паналық  етсе,  қысылып  отырған  малды-
басты ауылдар бар, соған ету керек. Күндердің күні керекке жарайды. Мыналар 
кім?  Бұлардың  бәрін  жисаң,  тым  құрса,  бір  аттың  сауырын,  бір  түйенін  қомын 
да бере алмайды деген еді. Бұл сөздің шетін Жұмабай да айтқан. 
Оған  Абай  тағы  да  көнген  жоқ.  Жақыптың  айтқанын  «Құда  тамырмен 
істейтін  алық-берік»  деп  бағалады.  Оның  аты  қайрым  емес,  жақсылық  емес. 
Көпке мәлім сауда деп таныды. 
Абай дау айтып болмады. Сөнан соң, Жақып қатайып алып, салмақ салды. 
- Сен  өзің  мал  иесі,  жер  иесі  ме  едің  осы?  Сен  тапқан  не  бар  еді?  Мынау 
ісіңмен  әкеңнің  жиған-тергенін  шашқалы  отырған  жоқпысың?  Осы  ауылдағы 
мал  мен  Тәкежан  қолындағы  мал  ертең  қоса  жұтайды.  Тым  құрса,  мына 
шешелеріңнің талшығын аясаңшы! - деді. 
Бұл  да  жаңа  сөз емес.  Бірақ  кеше  Тәкежанға  айтқан  сөзді  Жақыпқа  айтуға 
болмайды. 
- Сөзіңіз  дұрыс.  Мен  тегі  шешелердің  ырзығын  шашып,  қиянат  етіп 
отырмын  ғой!  -  деп,  кекетіп  койды.  Зереге  қарап,  -  ал,  мына  отырған  жалғыз 
менің  шешем  емес.  Әкемнің  де  шешесі.  Мал-дүниенің  шын  иесі  осы  кісі. 
Ендеше  бәріміз  де  әжемнің  төрелігіне  тоқтайық.  Не  дейді  екен?  Қазір  өз 
аузынан естіңіз! - деді де, Абай әжесінің қасына таман сырғып келді. 
Әжесінің  бұл  күнде  өңі  қуарып,  қатты  жүдеген.  Ажым  атаулысы  біртүрлі 
молайып  кеткен.  Абай  жақындағанда,  ол  құлағын  түрді.  Немересі  айғайлап 
сөйлеп, барлық жайды айтып берді. Қысқа айтса да, ұғымды айтты. Бұйрық пен 
байлауды бір өзінен күтетінін білдірді. 
Зере күрсініп отырып, қабағын түйді де, Жақыпқа қарап: 
- Балама  сәлем  айт!  Көп  өмірім  қалған  жоқ!  Зарлаған  аш-арықтың 
қырғынын көрерім қалды ма? Жегім-жесір, кәріп-кәсердің телегей теңіз жасын 
көрерім  қалды  ма?  «Мені  енді  ал»  деп  тілеп  отырмын  жаратқаннан.  Жаназаға 
жиылған жұртты да ас беріп асырайды ғой. Тимесін, қумасын! - деді. 
Жақып бұны естігенде іркіліп, үндей алмай қалды. Кәрі әжесін осындай зар 
тілекке жеткізген мінездерге Абай күйіп кетіп: 
- Әнеки,  шешенің  қамын  жегендерің  шын  болса,  жылатпасаңдаршы! 
Қуғызбаймын! - деп, бір-ақ байлады. 
Жақып Зере сөзінен соң қайтыңқырап қалса да, Абайға ызғар тастап кетпек. 
- Не  деп  отырсың  өзің?  Біреудің  бетінен  алайын  дегенбісің?  Сөзіңнің 
аңғарын мен ұнатқам жок. Тіліңе уақып бол! - деді. 
Абай бұл тұста да ашуынан қайтқан жоқ. 
- Не  деп  отырғанымды  түсініп  отырсыз.  Мұндағы  жұрт  қызыл  қарын  жас 
бала  емес.  Өлмесін  білетін  болған.  Өз  қамын  өздеріне  ойлатсын  да,  тыныш 
жатып анау қызығын көрсін! - деп салды. 
Бұл  күнге  шейін  Құнанбайға  қарсы  мұндайлық  сөз  қатқан  ЬІрғызбайды 
Жақып  көрген  жоқ-ты.  Абайдың  тұспалын  ұқса  да,  қазір  ол  жас  жігітті  аса 
тентек санады. 
- Доғар!  Доғар,  шырағым  ендігіні!  Мына  сөзіңді  мен  айтып  бармаспын! 
Бірақ,  исі  Ырғызбайдың  жүрегін  шайлықтыратын  суық  сөзді  сенен  есіттім  деп 
кетермін!.. Сол да жетер болды! - деп, атқып тұрып кетті. 

 
229 
Абайдың  жаңа  кейіндеп  кеп  айтқан  тұспал  сөзінде  көп  мән  болатын.  Ол 
Құнанбайдың осы қыс ішінде істеген бір ерекше мінезін ауызға алған-ды. 
Жақып  кеткеннен  кейін  Жидебайға  қайта  оралған  кісі  болған  жок.  Басқа 
уақыт  болса,  сөз  аяғы  бұлай  аяқталмас  еді.  Үнсіз,  жым-жырт  қалуына  да  сол 
Құнанбайдың жаңағы оқшау ісінің өзі себеп болды. 
Тегі,  соңғы  екі  айдан  бері  Абай  менен  Ұлжандар  Құнанбайға  өкпелі, 
салқын болатын. Үйткені, Құнанбай осы қыста жасы алпыстың ішіне кіргеніне 
қарамай,  жас  тоқал  алған.  Жидебайдағы  екі  әйелі  Ұлжан  мен  Айғыз  болса, 
Қарашоқыдағы  бәйбішесі  Күнке  болса,  солардың  үстіне  төртінші  қатын  етіп 
Нұрғаным деген қызды алды.  
Нұрғанымның  жасы  Құнанбай  түгіл,  Абайдан  да  кіші.  Сондайлық 
баласынан кіші қызды аларын Құнанбай үй ішінің ешқайсысына білдірген жоқ. 
Бұл  жөндегі  әңгіме,  байлау  Қаратаймен  екі  арасында  ғана  болған.  Жұмыс 
басталғанда да оқыс басталды. Бас себебі Қаратай болатын. 
Өткен  жазда  Қаратайдың  қатыны  өлді  де,  кәрі  ақылшы  қатынсыз  жүрді. 
Соған Құнанбай бір күн кездескенде: 
- Қатын алуды ойлаймысың? Неге алмай жүрсің? - деген. 
Қаратай бұл жайды өз ішінен ойлап, шешіп қойған екен. 
- Құнанжан-ау,  өзім  қатынмын,  мен  қатынды  қайтемін?!  -  деп  еді. 
Құнанбай ол байлауын мақұл көрмеген. 
- Олай  емес  кой,  Қаратай.  Жас  күніңде  жолыңдағының  бәрі  саған  қатын. 
Күтім керек, көрік болатын шақ дәл осы кәрілік қой. Қатынның шын керегі осы 
шағың, - деген. 
Сүйтіп, Қаратайға қатын алғызды. 
Сол  Қаратай  өзі  алған  күні  Құнанбайға  да  қозғау  салып,  «енді  айтқаның 
шын болса, өзің де ал! Саған да сол айтқаның енді керек. Бардың бәрі баламен, 
өз  қақымен  кетті.  Саған  енді  «өзің»  деп  отыратын  оңаша  бір  жас  иіс  керек» 
деген. 
Осының  артынан  екеуі  ақылдасты  да,  Құнанбай  алатын  қызды  тапты. 
Онысы Нұрғаным болған. 
Нұрғаным  Бердіқожа  дейтін  қожаның  қызы.  Бердіқожа  Тобықты  іші  емес, 
Сыбан арасында, Арқат деген тауды мекен ететін. Ол бұл Арқаға беріде келген. 
Әуелде  Қаратауға  Түркістаннан  шығып,  көп  туысқан  шоғырмен  келіп  еді. 
Қаратаудан  Арқаға  көшкен  ұзақ  жолында  осы  Нұрғаным  бес-алты  жасар, 
кебежеге мінген бала болатын. 
Бері  келе  Бердіқожаның  бірталай  туыскандары  Түркістанға  қарай  қайта 
тартып  кетті.  Арқаны  жерсінбей  және  «ақ  патшаға  бодан  болған  елде 
тұрмаймыз»  деп  кетіп  еді.  Өзі  қартайып,  балалары  жас  болған  Бердіқожа, 
азынаулақ  үйлермен  қозғалмай  қалды.  Сыбан  мен  Тобықты  ішіне  беделі  бар 
қожа болды. 
Құнанбай,  Қаратайлармен  әсіресе  сыйлас  еді.  Өзі  бірбеткей  қыңыр  және 
ойдағысын ірікпей сөйлейтін қатқыл мінезді адам. Көргені мен түйгені көп. Дін 
жайына  жетік,  молда  кісі.  Құнанбай  сонысын  ұнатып,  әрдайым  әңгімелес, 
мәжілістес  бола  беретін.  Сол  Бердіқожаның  Бурахан  деген  баласын  өз  аулына 
шақырып,  бірталай  уақыт  қонақ  етіп  те  жіберетін.  Қарқаралыға  барған  бір 
сапарында,  қасындағы  нөкерлерінің  ішіне  қосып,  ертіп  те  жүрген.  Құнанбай 

 
230 
тегінде  жігіттің  денелі,  бітімділігін  ұнататын.  Бурахан  аса  сұлу  және  денелі 
жігіт еді. Соның тұлғасын тамаша етіп, бір күні:  «Бір үйдің ішіне жүз кісі кем-
кетікті жиып, соның ортасына Бураханды кіргізіп отырғызып қойса, аналардың 
кемдігі  көзге  көріне  ме?»  -  деген.  Осындайлық  бітім-тұлғасын  ұнататын 
жігітінің  бірі  Базаралы.  Жігітекпен  азғантай  татулық  шағы  болса,  Базаралыны 
да мақтай беретін. 
Сол  Бураханның  кіші  қарындасы  Нұрғанымның  басы  бос  екен.  Өзі  жас  та 
болса,  кесек,  ірі  денелі,  нұр  жүзді  болатын.  Әсіресе  толқынды  қою  қара  шашы 
мен  бет  бітімі  бөлек.  Жүзіндегі  әдемі  қызылымен  қатар,  бет  тұлғасы  да  сұлу. 
Шошақтау  біткен,  үлкен  қара  көздерінде  аса  бір  қайратты  ашудың  және 
естіліктің оты болатын. 
Осы Нұрғанымды Қаратайдың ақылымен Құнаңбай тоқалдыққа ұйғарды да, 
Бердіқожаға кісі салды. 
Көп қатын алу әзірше өз тұқымына салт болмаған қожа әуелде үркіп кетті. 
Және Нұрғаным мұның жақсы көретін баласы еді. Өзі ерке, тентек қыз болса да 
қөп қақпайтын. Құнанбай сәлемін есіткен жерде, Бердіқожа томырылып қалып: 
-  Е,  мен  баламды  кәрі  Құнанбайға  кішілікке  беруші  ме  ем?!  -  деді.  Бірақ, 
әкенің  бұл  арынына  Қожаның  өзге  балалары  жібермеді.  Бастығы  Бурахан  боп 
салмақ салып, екі-үш күнде көндіріп берді. 
Құнанбай  аулына  жиі  барып,  ат  мініп,  ойын-сауық  салып  қайтып  жүретін 
Бурахан, қарындасын беріп, туысқан болуды қатты ұнатқан-ды. 
Бердіқожаның  көнген  хабарын  алысымен,  Құнанбай  қалың  малды, 
жыртысты бір-ақ жібертті. Сүйтіп, осы бір қыстың ішінде Нұрғанымды алып та 
қойды.  Ұлжан  мен  Айғыз  жаңа  тоқал  хабарын  Күнке  жіберген  сәлемшіден 
естіген.  Ұлжанның  өз  басы  бай  қызғанайын  деген  ойда  болмайтын.  Ержеткен 
төрт ұлы бар. Және немере сүйе бастаған тоқтамды ана. Құнанбайды бұл күнде 
бай  деп  те  санамайтын.  Ол  балаларының  әкесі.  Көп  өмірі,  көп  азабы,  көп 
машық  мұңы  табыстырған  жай  ғана  туысы  сияқты.  Содан  басқа  сезімдер 
суалғандай еді. 
Бірақ  сонда  да  ол  Құнанбайдың  қатын  алғанына  қарсы  болды.  Жорға 
Жұмабайды  шақыртып  ап:  «Біздің  тілді  өмірде  бір  ескеретін  болса  -  алмасын, 
реніш туады. Балаларынан ұялсын, олар ренжиді» деген. 
Ұлжан  өзі  естіген  хабарды  Абайға  айтқан  еді.  Сонда  Абай  біртүрлі  қатты 
түршігіп, жиреніп кеткен. Әкесі туралы аса қатал сөйлеп, сынап кеп:  «Әке деп 
сый  көруден  қалсын.  Біржолата  жат  болсын  деген  мінез  ғой.  Осыншалық 
қыруар жанды адам құрым, санамаған ғой. Шешемен неге ақылдаспайды? Өмір 
бойғы  жолдасы  сендермен  неге  санаспайды?  Бізден  кіші  қыз  алып  отырып, 
солар  ұялар-ау  деп,  бізді  неге  ойламайды?  Құптамаймын!  Қайта  кінәлаймын! 
Сен  де  мақұлдама!..  Әйтеуір,  бізді  адам  санамаған  жан  ғой.  Отқа  түссе  де, 
жалғыз  өзі  барып  түссін.  Ренжітіп  кеткенін  біліп  кетсін!  Айтып  жібер!»  деп, 
шешесіне Жұмабайды өзі жеткізіп берген. 
Құнанбай Ұлжан сөздерін естіген соң, Күнкемен сөйлесті. Оған біраз жылы 
ұшырап:  «Өзгелер  ақылсыз  болды  деп,  сен  желікпе!  Сен  ақыл  тап  та,  мендік 
бол!» деген. 
Күнке  әрқашан  бұқпа  есепке  бейім  тұратын:  Ұлжанның  балалары  көп. 
Оларға  болысып  отыратын.  Зере  де  бар.  Сол  себепті  Жидебайдағы  ауылға 

 
231 
Құнанбайдың  қырын  қарап  жүргенін  әрдайым  өзіне  пайдалы  көретін.  Әсіресе, 
Ұлжанның  айналасындағы  үбірлі-шүбірлі  молдықты,  кеңдікті  сүймейтін. 
«Түбінде солар көктейді-ау!.. Артық үлес, үлкен сыбаға әкетеді-ау!» деп, үнемі 
қызғанумен болатын. 
Мынау  үлкен  іс  байының  өмірі  үшін,  тіпті  өзі  үшін  де  өзгеше  болатынын 
Күнке біледі. Басында көнбейтін боп, наразылыққа беттеген. 
Бірақ  сол  наразылығының  үстінде  де  Ұлжанды  бақты.  Егер  бұл  тулап, 
байды  үркітіп  жүргенде,  Ұлжан  көніп  қойса,  жаман  болады.  Байдың 
сүненішінен  біржолата  айрылып  қалады.  Сол  себепті,  өзінше  қулық  ойлап, 
Ұлжан  жағына  түрткі  салған.  Ол  жақтан  ойдағыдай  қарсылық  келді. 
Құнанбайды  күйдіргендей  наразылық  айтыпты.  Енді  бұл  тұста  Ұлжан  арқылы 
келетін  Күнкеге  деген  қауып  жоқ.  Соны  ойлады  да,  Құнанбаймен  шындасып 
келгенде, Ұлжанды жамандап шыға берді. Өзі кең ақыл болған боп рұқсат етті. 
Және  «Нұрғанымды  өз  қолыма  әкеп  түсір!  Менімен  бір  болсын!  Ұлжан  күн 
көрсетпес»  деп,  тіпті  қамқор  боп  та  шықты.  Сол  Күнкенің  дегені  болды  да, 
Құнанбай  Нұрғанымды  Қарашоқыға  келтірді.  Бірақ  осының  орайына  екі  айдан 
бері Жидебайға қатынасқан жоқ. 
Сүйтіп,  Жидебайға  Жақып  пен  Жұмабайларды  келтіріп  жатқан  істің 
кезінде, Құнанбаймен үлкен аулы араздық халінде еді. 
Жақыппен  сөйлескен  сөздің  аяғында  Абайдың  тұспалдап,  түйреп  өткені 
осындай  ескі  жара  болатын.  Күйзеліп  жатқан  көрші  елдің  ауыр  күйі  соған  кеп 
қосылған. Ішті-тысты екі жараның уыты бірігіп кеп, Абайды осылай еткен. 
Әлденеше  айға  бергісіз  боп  созылған  он  бес  күн  өтті.  Шаруаларды 
күйзелте  бүрістірген  ауыр  қыстың  аяғы  осы  болатын.  Биылғы  жұтты  халық 
соңғы  қардан,  ұзақ  бораннан  көрді.  Әсіресе,  осы  көкек  пен  мамыр  арасында 
көрді.  Көктем  айы  деп  санайтын  мамыр  соншалық  сұрапылдай  тигендіктен, 
жұттың атын «мамырдың жұты» деп, бұрынғы жұттардан бөлек санады. Кейде 
«ақ  қардың»  жұты  дейтін.  Онысы  да  мамыр  ішінде  жауған  соңғы  қарларды 
атағаны. 
Кедей  көршілер  Жидебайға  кеп  тығылғанға  он  бес  күн  өткен  соң,  күн 
жылынды.  Оңтүстіктің  жылы  желі,  ескегі  соқты.  Осыдан  бір  ай  бұрын  соқса, 
жұрт  оны  «жыл  әкелді»,  «игілік  әкелді»  деп,  қуанышпен  қарсы  алар  еді.  Биыл 
қуанта алған жоқ. Бірақ, сонда да қалғанды құткара келді. 
Абай  мен  Ұлжан  Құнанбай  бұйрығынан  құтылған  соң,  бар  ынтасын  көпті 
күтуге  жұмсаған.  Солардың  малы  мен  өз  бастары  бұл  екеуінің  ерте-кеште 
дамыл  алмай  ойлайтын  міндеті  боп  алған.  Абай  күнұзын  ат  үстінде  жүріп, 
қатты жүдеді. Қап-қара боп, тотығып та кетті. 
Бірақ  Дәркембайларға  арналған  еңбегі  мен  бейілі  текке  кеткен  жоқ.  Елу 
ауылдың мың жарымдай қойы мен барлық ірі қарасы шетінен жан сақтап, аман 
қалды. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет