МҰхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет19/21
Дата07.02.2017
өлшемі2,25 Mb.
#3576
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21


 
Биылғы  жайлау  жылдағы  жайлау  емес.  Жаздын  өзі  күздей  жабырқау, 
жүдеу  болды.  Күн  райынан  емес,  халықтың  көңіл  шырайынан  солай  болған. 
Құнанбай  сияқты  атқамінерлер  өз  ауылдарына  жылдағыдай  топ  жия  бермейді. 
Бұрын  Ырғызбай  ішін  кернеп  жүретін  қау-көрік  сөздер,  ұр-көппе  желіктер  де 
саябыр.  Қоныс,  өріс  ретінен  таласатын  жен  жоқ.  Ырғызбай  ортасы  сияқты, 
Байдалы,  Байсал,  Сүйіндік,  Қаратай  сияқты  азғана  жұрт  болмаса,  көпшілікте 
мал аз. Сырттың қалың көгін аясын ба! Тұтып тұрған ақтығын аясын ба? 
Соқтыққыш  жуандар,  содырлы  сайқалдар  кімге  көкірек  керсін?  Қайта 
көптің  бәрі  аш-арық  боп  мойып  қалғандықтан,  жаңағы  аман  қалғанның 
барлығы биыл тыныш, жым-жырт жүргенді тәсіл етіпті. 
Көп  үшін  қынжылған  кісі  бол.  Көп  алдында  күрсіне  түсіп,  халықтың  аман 
күнін  айтқыш  бол.  Сорпа-суың  мен  быршыған  іркітіңнеи,  саумал-шалабыңнан 
да  қарайласқан  боп  жүр.  Аш-арығымды  асырап  жүрмін»  дей  бер...  Биылғыдай 

 
247 
көпті  күйзелтіп,  топты  томсартқан  жылдарда  сондайлық  майысқақ,  маймақ 
келсе  жарайды.  Кедейі  мен  момынын  аман  күнде  аунатып  жеп,  ауыр  күнде 
осылайша алдаусырату керек. 
Міне,  көп  үстінен  жеген  көбегендердің,  «сүт  үстінде  қаймақ» 
атанғандардың  ендігі  ебі  сол.  Айланың  киіз  кітабынан  алған  сабақтары  осы 
болатын. 
Онысына  орай,  осы  жыл  көп  те  бөлек.  Қалың  ел  аса  суық  түсте.  Сөз  аз. 
Бірақ қабақтан кейіс, қияс айықпайды. 
Сондықтан  Тобықты  жайлауларында  бұл  жазда  бір  де  бір  топ  болмады. 
Әдетте,  бұл  кезде  талай  рет  атшабыс  болушы  еді.  Биыл  тіпті  құнан  да 
жарыспады.  Келін  түссе,  қыз  ұзатылса,  бала  сүндеттелсе  -  бәрі  де  болымсыз 
ғана жаяу желікпен, бірер табақ етпен тарқайды. 
Дәл осындай ерекше сарылған тыныштық ортасында, соңғы уақыттарда бір 
үлкен дақпырт шықты. Ол жау білінуі, жылкы ұрлануы. 
Жайлау күндері аяқтап, жұрт күзекке қарай бет ала бастаған болатын. Бірер 
қоныс  кейіндеп  те  көшкен.  Сол  уақытта  айналасы  бес  күн  ішінде  Майбасар 
жылқысынан,  Жақып  пен  Ырсай  жылқысынан  және  Құнанбайдың  өзі  отырған 
аулынан  жиырма  шақты  семіз  ат  жоқ  боп  шықты.  Бір  ауылдан  бір  ауыл 
хабарланып,  осы  жоғалған  мал  жайы  ен  жайлауға  тез  тарап  жатты.  Азнаулақ 
талшығы бар ауылдың бәрі де күзетін сақайтты. 
Бірақ  ұрылардан  із-тоз  жоқ.  Бұл  сияқты  көп  ел  құлақтанған  қауырт  ұрлық 
ұзақ  жатпаушы  еді.  Біреудің  үйінде  жас  тері  көрініпті.  Біреуден  мезгілсіз 
сойылған  ірі  қараның  қан  соқтасы  көрініпті,  боршасы  байқалыпты  десетін 
сыбыстар  оп-оңай  шыға  қалушы  еді.  Қазір  олай  емес.  Суға  батқандай  жым-
жылас. 
Әуелде  Құнанбай  мен  Жақыптар  өзара  ойласқанда:  «Бұл  жау  көршілес 
Керейден  шықты,  немесе  Найман,  Сыбаннан  келді»,  деп  топшылаған.  Әсіресе, 
қоныс  аралары  ұзарып,  жайлау-жайлаудан  қайтысатын  кез  келген  соң:  «Әдейі 
осы  уақытта  істеп  отыр.  Мойынды  қашыққа  салып  кетеміз  деп  осылай  етті»,  - 
дескен. 
Құнанбай көші-қонды бөгеп отырып жаңағы үш-төрт рудың баршасына да 
жоқшылар жөнелтті. Ызғұтты, Майбасар, Ырсай бастаған топ-топ кісілер үрдіс 
жүріп, ат сабылтып, талай жерлерді аралады. 
Бірақ көрші елдің ешқайсысынан дерек білінбеді. Елсіз жерлердегі қарауыл 
биіктерге,  қиын-қиын  шатқалдарға  барып  жер  шалған  Төлепберді,  Бурахан, 
Қамысбай, Жұмағұл сияқты пысық, сергек жігіттер де із-тоз білген жоқ. 
Құнанбайдың  көп  ауыл,  көп  жігіттері  осылайша  өре  түрегелген  кездердің 
өзінде,  дәл  сол  Ырғызбай  ішінен  тағы  да  бес  жылқы  жоқ  болды.  Тіпті  жалғыз 
Ырғызбай  емес,  енді  Байсал,  Сүйіндіктен  де  төрт  бие  алынды.  Аздан  сон 
Көтібақ, Бөкенші де жоқ қарауға кірісті. 
Шебер  ұрлық  сонда  да  білінген  жок.  Тек  қана,  түн  асса:  «Алып  кетті», 
«тағы әкетті» десед те, қала береді. 
Құнанбай  ыза  болып,  өзі  атқа  мінсе  де,  жауы  кім  екенін  біле  алған  жоқ. 
Жоқшының бәрі қайтып келді. Қарауыл биіктердің басында күн сайын сарылып 
қадалған  шолғыншылар  да  қайтты.  Бос  қайтты.  Тек  қана  ендігі  шара:  түн 

 
248 
күзетіне  сақ  болу  еді.  Құнанбай  барлық  ауылдарын  қатар  қондырып,  бірге 
көшіріп, шоқтай қып, жиын ұстады. Сүйітті де үдере көшіп тарта берді. 
Өрттен қашқандай боп асығып жөнелді. «Тым кұрыса, жаудың беті басқаға 
бұрылар, бізді қуа бермес. Сонымен толас көрерміз!» - деп ойлаған. 
Қаша  көшу  азнаулақ  ем  болғаны  рас.  Соңғы  күндер  Жігітек,  Көтібақ 
ішінен  ұрланған  малдардың  хабарын  көбірек  жеткізеді.  Бірақ  сонда  да 
Ырғызбай  түгел  аман  қалған  жоқ.  Екі  тай  мен  бір  семіз  байтал  тағы  жоқ  боп 
шықты. Осы кезге жеткенде Құнанбай: «Енді білдім, таныдым» деді. 
Бірақ  «білдім»  дегенімен,  айыпкердің  атын  атаған  жоқ.  Тек  қана,  жауды: 
«Алыстың жауы емес, іштің жауы» деп байлаған. 
Байсал,  Сүйіндіктерге  мұндай  ой  келген  жоқ.  Екеуі  де  әлі  күнге  құр 
дағдарып,  құр  санын  соғып  жүр.  Құнанбай  оларға:  «Іздесін,  іздей  берсін»  деп 
сәлем  айтты.  Бірақ  өз  топшылауын  білдірмеді.  Осы  кезде  көрші  руларға 
бірнеше кісіні жай ғана жансыз етіп аттандырған. 
Ол  кісілерге  тапсыратын  сөздерін  де  бір  өзі  ғана  білді.  Осындай 
бұйрықтармен жіберген адамдары да оқшау кісілер. Ойда жоқ жандар. 
Мысалы,  Жігітек  ішіне,  Қарашаның  аулына  жібергені  кәрі  кемпір.  Сол 
ауылдағы бір жалғыз үй кірмемен сүйек шатысы бар кемпір екен. Көтібақ ішіне 
де  сондайлық  елеусіз  кедей  шалды  жіберді.  Торғайға  жібергені  де  бір  шал 
түйеші  болатын.  Бұл  кәрілер  әсте  сұрау  салмайды.  Тіпті  мал  жоғалғанын  да 
білмейді. Жай әшейін құдай деген жандар ғана болады. 
Жалғыз-ақ  барған  ауылдарының  үйді-үйлеріне  ертеңді-кеш  кіріп,  ішкен-
жегендерін байқайды. Барлық тапсырылған міндет осы ғана. 
Сол  шебер  айланың  арқасында,  аз  уақыт  ішінде  Құнанбай  жауын  тапты. 
Көп жылқыны алатын алғыштардың ұясын білді. 
Сүйтіп  ендігі  зіл  салмағы  түсетін  жер  тағы  Жігітек.  Оның  ішінде  Қараша, 
Қаумен айналасы болды. 
Құнанбай  бұл  жолы  тұспалмен,  ой  жотамен  соқтыққан  жоқ.  Бұрынғыдай 
емес,  дәл  мынау  тұста  кінәсі  орынды  болатын.  Жігітектің  бірнеше  жігіттері 
шын айыпкер еді. 
Әңгіме  Балағаз  бен  Абылғазыдан  басталған.  Балағаз  Базаралының  ағасы. 
Жігітек  ішіндегі  намыскер,  отты,  пысық  жігіттің  бірі.  Абылғазы  Қарашаның 
баласы.  Қарашаның  өзі  сияқты,  көп  балалары  да  шеттерінен  сотқар,  қияс 
болатын. Ертерек кезде Құнанбай мен Бөжей арасын ұшқындырып жіберген бір 
уақиға осы Қарашадан басталып еді. Оған Қауменнің де қатнасы болған. Көпке 
мәлім  Тоқпамбет  төбелесі  әуелі  осы  Қараша,  Қаумендердің  екі  атшабарды 
сабауынан  басталған-ды.  Содан  бері  Мұсақұл  төбелесі  сияқты,  Бөжейдін  асы 
сияқты  үлкен  жиындардың  бәрінде  Қараша  мен  Қауменнің  ержеткен  азамат 
балалары  көп  аузына  ілініп,  көзге  түсе  беретін.  Шетінен  намыскер,  өркөкірек 
және мықты, отты. 
Осылар  арасынан  шыққан  Базаралы  болса,  ол  әрі  сымбатты,  сұлу,  әрі 
шешен жүйрік. Жігітек ортасы мақтан еткендей, атпал азамат, атан бітімді жігіт 
еді. Ерлік пен мықтылығы да сай. 
Бірақ  биылғы  Мамырдың  жұтынан  кейін  осы  бір  топ  жігіт  елден  ерекше 
жарым көңіл боп жүрді. 

 
249 
Қалың  елмен  бірге  Жігітек  көпшілігі  де  қатты  жұтаған.  Жер  аз  болған 
тапшылықтан  жұтады.  Сол  көптің  ішінде  «ақ  сирақ»  боп  қалғанның  бірі  -  осы 
Қараша,  Қаумен  ауылдары,  Базаралы,  Балағаз,  Абылғазы,  Әділхан  сияқты 
жігіттерде тек қана бір-бір ат қалды. 
Жаз  бойы  бұлар  үйден  шыққан  жоқ.  Аштықты  да,  кемтарлықты  да  көп 
көрді.  Кісіге  барып,  көз  сүзіп  сауын  сұрауға,  жалпетек  болуға  намыстары 
жібермеді. Керек десе, Байдалыдай туысқанға да барған жоқ. Кәсіп етейін десе, 
мынандай  жұтап  калған  елдің  ішінде  түк  нәрсенің  орайы  жоқ.  Жалғыз  айла  - 
жалға жүру. 
Бірақ  ол  бір  ғана  өз  бастарын  асырау  болмаса,  қатын-балаға  талшық  емес. 
Өмір бойы жалшылықта жүрсе де, көсегесі көгерген қойшы, жылқышы, түйеші 
жоқ.  Алатын  ақысы  құр  ғана  «ішіп-жем»  болғандықтан,  талай  жандар  атадан 
бала, баладан немереге шейін үнемі кісі босағасын тоздырумен өтіп келеді. 
Жігіттер жаз бойы көргенде, не көрді? Ашыққан баланы көрді. Қаншырдай 
қатқан  шеше  мен  жеңгені,  қатын-қалашты  көрді.  Айнала  күрсіну  де  күңірену. 
Осы  жайларға  сол  жігіттер  айла  таппай,  қарғыс  айтатын.  Жалғыз-ақ 
төменшіктеп, жасып айтпайды. Іштегі ызамен, қыжалмен айтатын. Барлығының 
сондай  күйін  Базаралы  жақсы  айтып  беріп  еді.  Бір  күн  кешке  дөң  басында  бір 
топ жігіттің ортасында отырып, ызалы мысқылмем сөйледі. 
- Ел еру болса, шаңырағына жоқшылык кеп шеру тартады. Көші-қон болса, 
әке-шешең,  қатын-балаң  ақтабан  шұбырындыға  ұшырайды.  Жалғыз  сиырға 
артқан ашамайдың үсті де арман бопты. Құдайдың бізден аяған несі қалды?.. - 
деген. 
Осы  жазда,  дәл  осы  жігіттерге  Базаралы  көп-көп  күйік  айтқан.  Аман 
қалғанның  тетігі  неде?  Жұтағанның  жайы  неден?  Әділетсіздік  қайсы?  Ол 
қандай  тон  киіп,  қалайша  тіл  қатып  келеді?  Солар  туралы  түкпірлеп,  ойлаған 
ойларын айтатын. 
Сондай әңгімелер тұсында Балағаз бен Абылғазы тыным таппай әбігер боп 
қалушы  еді.  Базаралыға  қадалып  кеп:  «Ақыл-айла  тапшы,  бет  нұсқап,  жол 
көрсетші!  Істерлік  іс  бар  ма?  Соны  айтшы?»  дей  беретін.  Бірақ  Базаралы  ол 
сұрақтарына жауап айта алмаған. 
Ақыры, ендігі өмір өзгеше боп кетті. 
Балағаз  бен  Абылғазы  екеуінің  түнделетіп  атқа  мінетінін  Базаралы  көпке 
шейін  білген  жоқ.  Ең  алғашқы  кезекте  Майбасар  жылқысы  жоғалды.  Одан 
кейін  Жақыптан  алынды.  Осының  жаманат  сияқты  хабарын  естіп  жатқанмен, 
Базаралы  елең  қылмаған.  Үшінші  кезекте  Ырсай  жылқысы  алынды.  Дәл  осы 
орайда Базаралы бір түнде ұйқтай алмай, аунақшып жатып, таңға жақын тысқа 
шығып кетті. Көпке шейін үйге кірмей, далада болған. 
Үй  сыртындағы  көгалға  барып,  таң  салқынға  төсін  төсеп,  жапа-жалғыз 
ойланып  отырып  қап  еді.  Жап-жақын  жерде  көрші  ауыл  бар-ды.  Қарашаға 
қараған  төрт-бес  үй  болатын.  Сол  ауылдың  Ақтөс  дейтін  бір  сақ  қаншығы 
болушы  еді.  Таң  жаңа  ғана  сызып  атып  келе  жатқанда  Базаралы  Ақтөстің 
үргенін  естіп,  елең  етіп  қалды.  Шабаланып  тұрып,  оқыс  үрді.  Анық  кісі 
көргенде үретін үрісі. 
Бұл  не  қылған  бөгде  кісі  екен?  Білейінші,  -  деп  ойлап,  Базаралы  тосып 
қалған.  Аздан  соң  Қарашаның.  аулындағы  шеткі  үйдің  тұсына  екі  атты  кісі 

 
250 
келді. Ол үй Абылғазының отауы болатын. Аттылардың біреуі сонда қалды да, 
екіншісі бері жүрді. 
Базаралы ең әуелі Аққұйрық атты таныды. Балағаздың жалғыз аты. Белгілі 
жүйрік  Аққұйрық  ат,  бүгін  бір  суыт  жүріс  көрген  сияқты.  Ширыға  тусіп, 
сумаңдап  келеді  екен.  Әуелде  Базаралы:  «Бұлар  бозбалалық  қылып  жүр  екен-
ау» деді. 
Бірақ  өзі  орнынан  қозғалмай,  бой  көрсетпей  отырып,  байқаса  олай  емес. 
Балағаз сойыл сүйретіп келеді. Базаралының жүрегі түршігіп кетті. Өңі сұп-сұр 
боп, қадала қалды. Енді көгалға жантайып жатық, білінбей бақыламақ болды. 
Дәл  ауылға  тақай  бергенде,  Балағаз  Аққұйрықтың  басын  тартып,  ақырын 
ғана  ілбіп  келді,  тіпті  жақындаған  кезде  атынан  түсіп,  жаяу  жетектеп  ап»  ең 
әуелі  қолындағы  сойылын  өз  отауының  белдеуіне  шанышты.  Күндегі  тұратын 
орны сол болатын. 
Осыдан  кейін  Аққұйрықты  жетектеп  алып,  ауыл  қасындағы  бір  жықпыл 
жартастың  арасына  қарай  тартты.  Базаралы  байқап  отыр.  Аққұйрық  қан  сорпа 
боп келген сияқты. Мезгілсіз жүрген жігіт, өз жүрісін өз аулынан да жасырмақ 
көрінеді. 
Аздан соң атын тас арасына бекітіп тастап, жалғыз қайтып кеп, үйіне кірді. 
Базаралы ел тұрғанша ұйқтаған жоқ. 
Қараша  аулының  сыртында  да  қиын  тастар  бар  болатын.  Соған  апарып 
бекіткен  Абылғазының  атын  да  көріп  қайтты.  Енді  Базаралыда  тақат  жоқ.  Іші 
толған  ызалы,  долы  ашу.  Үй  ішіне  үн  қатпай,  сұрлана  береді.  Анда-санда 
дірілдей түсіп, қиналып қалады. 
Түс  ауғанша,  бірдеңені  тосқандай  болатын.  Ойлағандай,  түс  қия  берген 
кезде, көрші ауылдан қайтқан Қаумен тағы бір хабар әкелді. Өткен түнде Ырсай 
жылқысы алыныпты. 
Осы  хабарды  Базаралы  есіткен  кезде,  Балағаз  да  ауыр  ұйқыдан  тұрып, 
тысқа  шығып  жүр  екен.  Базаралы  беліне  белдігін  буынып,  бір  жаққа  баратын 
кісі сияқты әзірленіп алды да, әкесіне келді. 
-  Сөйлесетін  жай  бар  еді.  Тысқа  шығайықшы!  -  деп,  әкесін  ертіп  шығып, 
дөн басына қарай бастады. Жолшыбай өзі дауыстап Балағазды да шақырды. 
Ұзын бойлы, қапсағай денелі, қарасұр жігіт Балағаз да келді. 
Аздан  соң  Базаралы  қабағын  түйіп  ап,  әкесіне  суық  қарады.  Әрқашан 
нұрланып  тұратын  қызғылт  жүзі  ап-пақ  сұр  болып,  қанын  ішіне  тартып  апты. 
Үлкен  өткір  көздері  қанталап,  қызарып  кетіпті.  Демі  дірілдеп,  даусы  қатты 
шықты. 
- Әке,  жыртық  лашықтың  да  шүкірі  бар. Қара-қасқа  кедей  болсам да,  қара 
ниет  болмаспын  деуші  ең.  Жамандық  сенің  жатың.  Қасиетің  сол  еді.  Сен 
қартайған  шағыңда  бізді  қара  басайын  деді  ме?..  -  деп,  үні  бұзылып,  тоқырап 
қалды. 
- Не  дейді?  Мына  шіркін  не  деп  отыр?!  -  деп,  Қаумен  үркіп  қалып, 
Балағазға қарады. Балағазда үн жоқ. Базаралы іле жөнеліп: 
- Оған  қарама,  маған  қара!  Менен  сұра!..  Әнеугүнгі  Майбасар  жылқысы 
мен  өткен  түнде  алынған  Ырсай  жылқысының  ұрысы  табылды.  Ұрысы  -  тап 
мынау отырған сенің ұлың Балағаз, - деді. Қаумен шошып кетті. 
- Не дейді?.. Не дейсің? 

 
251 
- Солай...  сүйдеймін.  Кәне,  танып  көрші!  -  деп,  Базаралы  енді  ағасына 
қадалды.  Балағаз  да  ашулы  еді.  Қорқак  емес-ті.  Мынау  жерде  қысылса  да, 
есінен айырылған жоқ. 
- Айт! Не көрдің, не білдің? Не деп ширығып отырсың? Жөніңді айтшы! 
- Таңертең  Абылғазы  екеуің  ұрланып  келгенде,  мен  тыста  отырғам. 
Аттарың  анау  тастарда  қазір  осы  шаққа  шейін  суып  тұр.  Өлсең  де,  шыныңмен 
өлші,  тым  құрмаса...  Ұрладың  ғой.  Танба!  Еркек  болсаң,  шыныңды  айтшы!  - 
дегенде, Балағаз жалтарған жоқ. 
- Рас... Айтқаның рас! - дей берді. 
Қаумен өмірде естімеген сұмдығын көргендей, сескеніп кетіп: 
-  Балағаз,  құдай  төбеңнен  ұрсын!  Уа,  кұдай  төбеңнен  ұрсын,  Балағаз!..  - 
деп, зарлай берді. 
Қарсысында  отырған  ағасына  Базаралы  қатты  жирене  қарап  қап,  бір  сәт 
қалшылдап  қайнап  кетті  де,  үн  қатпастан  тап  берді.  Қауменнің  екі  ұлы  да 
арыстай  үлкен,  қабыландай  қайратты  болатын.  Екеуінің  қол-аяқтары,  емен 
шоқпарлармен қағысқандай сатыр-сұтыр тиісті. Балағаз асығыста орнынан тұра 
алмай  қалып  еді.  Бірак,  лезде  ашу  шақырып,  айла  тауып,  Базаралыны  аяқтан 
қағып қалды. Інісі сүріне бергенде, сол бейімдеген жағына қарай қойып жіберіп 
құлатардай боп еді. Бірақ бұдан кері айлаға басымырақ келген Базаралы майыса 
беріп,  жалт  бұрылды.  Шапшаңдығы  шалқыған  жалындай  боп,  лап  беріп  кеп, 
Балағазды бас салды. Жыға сала, сол қолымен кеңірдектен буындырып жатып, 
оң  қолын  қынына  сермеп,  өткір  сап  пышақты  жарқ  еткізіп  жұлып  алды... 
Тізерлеп жатып, даусы шықпай, қырылдап тұрып: 
- Бауыздаймын!  Ағам  болмақ  түгіл,  әкем  бол!..  Жоқ  қыламын!  -  деп,  сар 
пышақты  Балағаздың  кеңірдегіне  тақап  қалды.  Жалғыз-ақ  Балағаздың  тыпыры 
мен сермелген қолдары ғана бөгеп жатыр. 
Ағасынан  Базаралының  күші  басымдап  кетті.  Сығымдап  тұрып  жеңіп  ап, 
енді бауыздарманға келіп еді. Сол уакытта мұның оң қолына әкесінің қос қолы 
кеп жабысып қапты. 
- Тоқтат!  Ой,  кет,  ит!  Не  болды,  екі  ит?!  Тұр  былай!  -  деп  кеп,  Қаумен 
Базаралыны сүйреп алды. 
Балағаз інісінің шеңгелінен босап, басын көтере берді. Бірақ енді алысуды 
ойлаған кісі емес. Ес жиып, басқаша күш тапқандай. Базаралыға кінәлай қарады 
да: 
-  Ой  шіркін!  Ит  те  болсаң,  ұяласымсың.  Кіші  басыңмен  кеудеме 
шыққаныңды не дейін! Қиналсам да сол ұяластығыңды қиям ба? Білген ақылың 
со ма? - деп, соңғы сөзін зекіп, ақырып айтты. 
Базаралыда  үн  жоқ.  Түйіліп  отырып  қапты.  Балағаз  енді  түзеліп  ап, 
сатырлатып сөйлеп, сурыла жөнелді. 
- Сен  сұрадың,  іріккенім  жоқ!  Сырымды  аштым!  Тансам,  қайтіп  мойныма 
салар едің? Ұрыға мал аз ба? Мына тұрған Керейді торып келдім десем не дер 
едің.  Құнанбай  түгіл,  кұдай  болсын,  із-тозын  тауып  көрсінші  кәне! 
Танытпайтын,  таптырмайтын  қып  істедім.  Бірақ  осы  істегенім  ұрлық  па? 
Сұрасаңшы,  білсеңші!  Басым  үшін  істеп  отырмын  ба?  Ауқымым  үшін  істеп 
отырмын.  Арамға  жерік  боп  істеп  отырғам  жоқ.  Жиреніп  істейім.  Бірақ 
істегенім  істеген.  Мен  -  жоқпын,  ол  -  бар.  Менің  жоқтығым  оған  барлық  боп 

 
252 
жабысқан.  Жерім  қайда?  Кегім,  есем  қайда?  Оның  несі  құриды?  Асып-төгіліп 
жатқан  артығы  ғана  шашырайды.  Менің  аш-арығым  өлімнен  қалады.  Бойыма 
жимаймын.  Айналамды  ажалдан  алып  қалам...  Басым  кетсін,  маған  десе.  Бұл 
жолымнан  тоқтатпайсың...  Бардан  алам,  жоққа  берем.  Жаман,  сасық  ұрыңды 
тапқан  екенсің?  Мен  ұрысы  емеспін,  өшімін.  Жоқ-жітікке,  әлсізге  тисем, 
айтсаңшы!.. - деді. 
Қаумен Балағазбен салғыласқан жоқ. Айтқан сөзіне бойлаған да жоқ. Оның 
шошығаны  жалғыз-ақ  жай.  Баласы  не  десе  де,  Қаумен  қазанына  кісі  асын 
салмайды.  Сондықтан,  бір-ақ  түйіп  байлағаны  -  Балағазды  өз  қасынан  қуу 
болды. 
- Көш! Көш! Қасымнан кет!.. Көрмеймін! Қазір көш! - деп, бұйрық берді. 
Базаралы  үндеместен  түйілді  де,  қатып  қалды.  Әкелі-балалы  туысқандар 
осы  орнынан  айрылысқан  шағында,  үшеуі  үш  бөлек  ойда.  Бір-бірінен  шалғай 
болатын.  Балағаз  Қауменнің  бұйрығын  орындап,  дәл  осы  күн  көшті  де, 
Қарашаның аулына барып қосылды. 
Сонда барысымен төрт-бес күн өткен соң Құнанбайдың дәл өз аулынан бес 
жылқы  алды.  Балағазға  серік  болған  жігіттер  аз  ғана  болатын.  Әзірше  бұлар 
Абылғазы  мен  Әділхан  ғана.  Осы  үшеуі  өз  жүрістерін  үлкен  есеппен,  еппен 
істеген. 
Бұлар ең әуелі алыстағы Найман ішінен дәл өздеріндей үш-төрт жігіт серік 
тапты. Олар да жұт пен жоқшылық салдарынан атқа мінгендер. Шетінен шешен, 
ер, өжет жігіттер болатын. Жаз ортасында Аягөздің ар жағына жолаушы жүріп 
барып, Абылғазы сол жігіттермен сөз байласып қайтқан. 
Екі  жағының  да  анық  кесескен  байлауы  өзді-өз  ортасының  мықтыларын, 
қалың  шоғырларын  торымақ.  Әлсізге  тимекші  емес.  Сонымен,  Семіз-Найман, 
Садыр,  Матай  ішіндегі  Құдайсүгір,  Қаптағай,  Жұмақан  сияқтылардан  аналар 
алады.  Тобықты  ішінде  Құнанбай,  Ырғызбай,  Қаратай,  Сүйіндік  сияқтылардан 
мыналар  алады.  Бұлар  ешуакытта  қалың  шоғыр  боп  жүрмейді.  Жалғыз  аяқ, 
жүргінші  сияқты  ғана  болады.  Тағы  бір  тәсілдері:  Тобықты  жігіттері  Найман 
ішіне барғанда, өз қолдарымен мал алмайды. Ондағы жолдастары кімнен алуды, 
қанша алуды өздері шешіп, өздері шығарып береді. Тобықты ішінде Балағаздар 
да сүйтеді. 
Екі жағы да жол мен жерге аса жүйрік. Жолшыбай қай сулар елсіз, қандай 
даламен  жүргінші  аз  жүреді?  Қандайлық  елеусіз  адырлар,  сай-салалар  бар, 
баршасын  жаттап  алысқан.  Екі  топтың  да  ең  үлкен  айласы  қуғыншы  мен 
жоқшыны  адастыруға  жұмсалады.  Бұл  орайда  бәрінен  шебер  Балағаз.  Өзі 
тапқан айла-тәсілін бар жолдастарына ол үнемі үйретіп отырады. 
Сүйтіп,  айналдырған  алты-жеті  жігіт,  тура  екі  дуан  елдің  жуан-жуан 
жерлеріне құйындай соқтықты. Өңшең өжет жандар, ұялас бөрідей тиді. 
Құнанбай  мен  Байсалдардың  ақылын  тауысқан  бір  нәрсе:  мал  алушы 
жаулардың бірде-бір уақыт көзге түспейтін тығылғыштығы болатын. 
Әрдайым,  таң  ата,  жылқы  алынғаны  білінісімен,  жоқ  қараушылар  жабыла 
атқа  мінеді.  Екіден-үштен  бөлініп  ап,  шапқылап  отырып,  айналаның  бәрін 
сүзеді.  Керей,  Найман,  Қаракесек  жақтарға  кететін  жау  болса,  соларды  еріксіз 
көрсететін  тұрғы-тұрғының  бәрін  алады.  Күні  бойы  тас-тастан  қарауыл  қарап 
отырады. 

 
253 
Бірак, әрқашан: «Ұшкан шыбын, жорғалаған қоңыз жоқ» деп қайтып келеді. 
«Іште  қалады!  Шыңғыс  ішіне  тартады!»  деп,  ол  жақты  да  арылтады.  Сонда  да 
дерек болмайды. 
Балағаз  болса,  өз  айласын  қатерге  сүйеп,  үлкен  ерлікпен  істейтін.  Ол 
қадалған аулынан қалаған малын алысымен қаша жөнелмейді. Найманға да тез 
жөнелтпейді.  Қайта  бес-алты  күн  өткенше,  жұрт  аяғы  басылғанша, 
Тобықтының  өз  ішінен  тапжылтпайды.  Алысқа  да  әкетпейді.  Тіпті,  сол  мал 
жоғалтқан  ауылдың  дәл  өзінің  қасында,  қой  ерісіндей  ғана  жерде  жүреді. 
Сезікті  болатын  қиындарға,  қарауыл  биіктерге  әсте  жоламайды.  Бұл  жазда  ол 
жерлерді шалғыншылар ғана кезетін. 
Бір  алғанда,  жылқыны  бес-алтыдан  артық  алмайды.  Сол  топты,  жылқы 
ішінен шығарып алысымен, Балағаз өз жігіттеріне тегіс мінгізіп қояды. 
Жылқы  алардың  алдында  бұл  жолдастарын  жаяу  ұстайды.  Оларда  жүген  мен 
ішпектен  басқа  түк  болмайды.  Түн  ішінде  елеусіз  бір  адырларға  соларды  әкеп 
тастайды да, Балағаз, Әділхан, Абылғазылар жылқы әкеледі. 
Алынған  жылқыны  жігіттер  мініп  алған  соң,  Балағаз  өзі  әрқашан 
қарауылда отырады. Аналар ойда жатып, мұның белгісін тосып отырады. Ауыл 
жақтан шыққан қуғыншы мен жай жүргінші көрінсе, Балағаз саспастан отырып, 
бетін  бағады.  Жігіттеріне  бұйрық  етіп  аттарына  мінгізіп  қояды  да,  анау 
кісілердің  бетінен  ғана  тайдырып  отырады.  Олар  әсте  қашпайды,  тек  қана  бір 
бел асып түсіп, бір қолаттан екінші қолатқа ғана ауысады. Сүйтіп, кей уақытта 
жоқшылар  мен  бұл  жігіттердің  арасында  бір-ақ  қана  далда, бір  ғана  бел  қалып 
отырады. Малы алынып, сабылып жүрген ауылдың иегінің астында болады. 
Тынығу  керек  болғанда,  қуғыншылардың  жаңа  ғана  арылтып  келген 
жерлеріне  барып  бекінеді.  Осындаймен  бірнеше  күн  өткізеді  де,  жалғыз-ақ 
түннің ішінде, жолдастарының бетін Найманға қарай бірақ түзейді. 
Қарашаның аулына Құнанбай жіберген кемпір бұл айланың бірін де білген 
жоқ.  Ол  түк  білмей  қайтушы  еді.  Өйткені  Балағаздар  өз  үйлеріне  мал 
соймайтын.  Алған  жылқыларын  әсте  маңайлатпаушы  еді.  Жалғыз-ақ,  бір-ақ 
жол  ғана  Абылғазы  ашқарақтық  істепті.  Найман  жігіттерін  алысқа  ұзатып, 
қуғыннан құткарып болған соң, елсіз судың басында бір семіз тай сойылып еді. 
Соның бір ғана телшесін Абылғазы өз үйіне әкепті. 
Осы  ет  ел  жатар  кезде,  түнде  асылып  еді.  Бірақ  кемпірдің  мұрны  жылқы 
етінің  иісін  біліп  қапты.  Ол  ет  піскенше,  сырттан  аңдып,  дәл  табаққа  салып, 
Абылғазының алдына келген уақытта оқыс кіріп келіп, телшені көрген. Тайдың 
телшесі екенін де танып алған. 
Құнанбай  Байдалыға  кісі  салды.  «Қараша  туысқанын  өзі  қақсын,  сыбысы 
шықты.  Айғағым  бар.  Тек  арылып  берсін.  Егер  Қараша  танатын  болса, 
Кауменді  кепілге  өткізсін.  Қаумен  сезетін  болу  керек.  Жалғанға  жанын 
бермейді. Сенсем, тоқтасам, соның ар-иманына сеніп қана тоқтаймын», депті. 
Байдалы  Қарашаға  салмақ  салған  жок.  Тұп-тура  Қауменге  жабысты. 
Қаумен  өзінің  Қарашадан  да,  тіпті  Балағаздан  да  безгенін  айтты.  Байдалы 
болмады.  «Не  қара  деп  шық!  Немесе  ақтап  кет.  Құнанбай  сенен  жан  алса  ғана 
тоқтайды.  Көзің  жетсе,  адал болса,  жан бергеннің  күнәсі  жоқ.  Қайта  ағайының 
мен туысыңды нақақ жаладан құтқарасың» деген еді. 

 
254 
Осы араға жеткенде Қаумен сыр берді. «Тастай алмай  жүрген жаным жоқ, 
ақ екен деп кепіл болар да жайым жоқ» деді. 
«Қаумен  тайқып  шықты.  Кепіл  болмаймын.  Ақ  деп  ара  түспеймін  деп, 
аяғын  тартыпты.  Қарашаның  аулы  айыпкер  боп  шықты!»  деп,  Ырғызбай  іші 
өрекпи  жөнелді.  «Ағайынмын  деп  отырып,  жаттан  бетер  қастық  етті. 
Жазығымыз  не?  Кешпейміз,  аямаймыз,  шауып  аламыз,  үйелменімен  өртейміз» 
деп, Майбасар, Жақыптар лаулап кетті. 
«Азуыңды бас, аяма!» деп, Құнанбайға да салмақ салды. 
Құнанбай дәл бұлардай емес. Биылғы жылдың ауыртпалығын ойлап, іштей 
сескеніп  қап  еді.  Оның  үстіне  қазір  Байдалымен  шырайы  тәуір  болатын. 
Ұрылар да жалғыз Ырғызбай емес, Көтібақ, Бөкеншіні қоса шығындатып отыр. 
Байдалының өзін де аман қойған жоқ. Олай болса, енді сол Байдалының өзімен 
тізе  қосып,  іс  істеу  керек.  Қолдан  келсе,  соның  өзіне  жаулату  қажет.  Тіпті 
болмаса, Жігітекті кінәға жықпақ. 
Сонымен Майбасарлардың алқынын басып: 
- Өрекпімей  тұра  тұр!  Қараша  қайда  барып  кұтылушы  еді!  Ең  әуелі  сабыр 
тап! - деді де, Жігітек ішіне қайта іске жіберді. Жөнелткені Жұмабай. 
Ол  әуелі  Байдалыға  барды.  Алдыңғы  сәлемді  орындап,  Қауменді  қағып 
бергені  үшін  Құнанбай  Байдалыға  ырзалық  айтыпты.  Соны  жеткізді.  Осыдан 
кейін  Қараша  мен  Абылғазыны  Құнанбай  өз  алдына  шақыртқан  екен,  осыны 
білдірді. Байдалы да Құнанбайдың бұл мінезін кінәлаған жоқ. 
- Ағайынын  өзі  көрсін!  Өз  аузымен  арылсын!  Мұнысы  мақұл.  Қарашаға 
жолдаған хабарын мен жеткізейін, - деді. 
Бірақ шақырту жетсе де, Қараша мен Абылғазы Құнанбай алдына бармады. 
Байдалы  зіл  салып  та  көріп  еді.  Көндіре  алмады.  Сүйтіп,  Қарашалар:  «Әрі  мал 
алады,  әрі  жауап  бермейді»  деген  екінші  түрлі  айыпқа  тағы  кезікті. 
Құнанбайдың ұпайы көбейіп келе жатты. 
Ырғызбай  іші  енді  күндіз-түн  Қарашаның  аулын  баққан.  Абылғазы, 
Әділхан,  Балағаз  бар  -  бәрі  де  ел  ортасында  жоқ.  «Сусып,  тайқып  кетіпті», 
дескен хабар шықты. 
Сезік  пен  жорамалдың  көлемі  ұлғайды.  Қараша,  Қаумен  ауылдарының 
үйде жоқ жігітінің бәрі де ұры атанды. Абылғазы жалғыз емес. Биылғы  қимыл 
аз кісінің де қимылы емес. Бұлар көп. Енді солардың сонына көп ел болып түсу 
керек дескен дақпырт бар. 
Бұл  сөздер,  көбінесе,  Ырғызбай  ішінен  шығып,  көпке  жайылып  жатады. 
Сондай  лақаптар  Абылғазы  қатарына  Балағаз  бен  Әділханды  да  әлдеқашан 
қосқанды.  Алғашқы  шақыртуына  Абылғазы  келмеген  соң,  Құнанбай  тағы  да 
кісі  жіберіп,  Балағаз  бен  Әділханды  шақыртты.  Қараша  мен  Қаумен  Балағазға 
сәлем айтып, барып қайтсын деп еді. 
Балағаз бармаймын депті. Жолдастарына бұл жерде айтқан дәлелі: 
-  Құнанбай  мені  аяйын  деп  отырған  жоқ.  Қандай  айламен  қан  құстырсам 
деп,  соны  ойлап  отыр.  Ендеше,  мен  несіне  момақан  боп, алдына барам?  Неден 
аянам? Одан да әуелі қолына түсіріп көрсін, Құлақтап басып, жығып алсын да, 
құл  ноқтасын  сонан  соң  кигізсін.  Әйтеуір  сұм  атанған  екем.  Оған  жеткен  соң 
«момын  сұм»,  «ақылды  сұм»,  «көнгіш  сұм»  деген  жақсы  атқа  құштар  болар 
жайым жоқ. Өлсем де, ол жағына өктемей өлем! - деген. 

 
255 
Балағаз бен Абылғазының ендігі қияс мінезі Құнанбайды дағдарта бастады. 
Баяғы  дағдыға  салып  шауып  алайын  десе,  мынадай  аш-арық  боп,  суық  тартып 
жүрген елдің ішінен өрт шығарып алам ба деп қорықты. 
Ойға  келген  бір  шара  -  ұлыққа  шағу  еді.  Ең  оңайы  отряд  шығартып, 
урядниктерге ұстатып, кісендеп тыю. 
Бірақ  осы  тұста  заң  өзгеріп  кетті.  Бұрынғы  аға  сұлтандық  қалып,  «болыс» 
деген  жаңалық  кіргелі  жатыр.  Тобықтының  дуаны  да  өзгерді:  жаздан  бері  бұл 
ел Семейге қарайтын бопты. Және түгел Тобықты бұрын бір ғана старшын еді. 
Тобықты  енді  үш  болыс  ел  боп  бөлінетін  көрінеді.  Жаңа  дуан  жана  ұлыктың 
қолында.  Олармен  жүз  көрісіп,  сырмінез  болған  Құнанбай  да  жоқ.  Ертең 
сайлауы  келеді.  Сондай  кездің  қарсаңына  өз  елінің  ішімен  қағаздасып  жату 
лайық емес.  
Ең болмаса сайлау өткенше қоя тұру қажет. 
Бірақ  аял  қылайын  десе,  Балағаздар  асып  барады.  Екі  бұйрығын 
орындамады.  Енді:  «Біржолата  құрық  әкеткен  боп,  тіпті  дандайсып  кете  ме?» 
деп,  тағы  қобалжиды.  Осындай  шарасыздық  үстінде,  Құнанбай  бір  топ  мықты 
жігітті аттандырып: «Тау ішінде жүргенде үстінен түсіп, тегіс ұстап әкеліңдер!» 
- деп бұйырып еді. 
Оған  көнетін  Балағаз  емес  екен.  Мойынды  қашыққа  салып  барды  да, 
бірден-екіден  бытырап  кетті.  Титығы  құрыған  қуғыншылар  ел  ішіне  қайта 
айналып  келгенде,  Балағаздар  да  ілесе  оралды.  Келе  бере  Құнанбай 
жылқысынан  тағы  алды.  Бірақ  қауырт  алмай,  біртіндеп,  тай,  байталдан  алды. 
Бұл  уақыт  ел-елдің  қыстауға  қонып,  ақтан  ажырап,  нағыз  күйзеулікке  түсетін 
шағы  еді.  Ендігі  бірен-саран  ұсақ  қараны  аш-арықтың  сойысына  алып  жатқан 
сияқты. 
Аз  күнде  Тобықты  ішіне  келетін  болыстық  сайлауын  тосып  отырып, 
Құнанбай  енді  Базаралыны  шақыртты.  Жігітектің  өзге  жігіттеріндей  емес, 
Базаралы іркілген жоқ, тез келді. 
Құнанбай  жас  тоқалының  үйінде  екен.  Тамға  жаңа  кіріпті.  Үй  жылы. 
Жасау-жабдық  жас  жігіттің  отауындай.  Толық  денелі,  дөңгелек  жүзді 
Нұрғаным  сұлу  да,  сәнді  екен.  Әсіресе,  қоңырқай  келген,  үлкен  өткір  көздері 
ерекше ажарлы. Жүзінде жастық пен саулық, тоқтық, баршасы да нұрлана түсіп 
шырай  береді.  Ақаусыз  бетінде  мөлдіреген  тұтас  қызылы  бар.  Ерге  біткен 
көрнекті  мұрнының  оң  жағында  кішкене,  томпақша  меңі  бар  екен.  Нұрлы 
қызыл  жүзіне  біткен  қап-қара  мең,  өзінше,  қатты  жарасып  тұр.  Олдағы 
Нұрғанымның ерекшелігі. Өзге әйелге бітпеген нысанасы тәрізді. 
Құнанбайдың  сөз  бастауын  күтіп  отырып,  Базаралы  Нұрғанымды  әбден 
болжады. Ішінен: «Япыр-ай, мына тоқалды қалай таңдап, қайдан тауып алған?» 
деп, тамашалай қызғанды. 
Нұрғаным  біртүрлі  байыпты  және  еркін,  батым  көрінді.  Құнанбай  мен 
Базаралыға  шай  жасатып,  соны  қызметші  қатынға  құйғызып  беріп  отырып, 
күйеуіне  де,  қонаққа  да  қымсынбай  қарайды.  Бірер  ұсақ  шаруаның  жайын  да 
Құнанбайға  еркін  айтты.  Күйеуі  мұны  «қалмақ»  дейді  екен.  Шай  аяқтап 
келгенде: 
- Қалмақ, шайыңды жиғыз! Мына Базаралымен сөзім бар, - деді. 
Нұрғаным асықпай отырып, бұйрығын орындады да, малшы қатынға: 

 
256 
- Сен енді жүре бер! - деді. 
Өзі Құнанбайдан төменірек жерде малдас құрып, отырып калды. 
Құнанбай  әңгіме  бастағанда,  Базаралыға  қатты  сөйлеген  жоқ.  Балағаз  бен 
Абылғазыны мұның өзіне шағып: «Сенің де бетіңе шіркеу ғой. 
Адамшылығың да, арың да бар еді. Сол арыңа салмақ салғаны ғой олардың. 
Ақтамассың, ақтамайсың деп білем, не дейсің?» деп еді. 
Базаралы  бөгелген  жоқ.  Құнанбайдың  жүзіне  тура  қарап  отырып,  қысқа 
жауап айтты. Бұ да баяу бастап, сабырмен, салмақпен айтты. Шешен сөйлейтін 
тәрізі  бар.  Айтқан  жайы:  «Ақтаймын  деп  келгем  жоқ,  кінәлаймын. 
Кінәлағандықтан  аразбын.  Атым  туысқан,  ал,  жайылысымыз  бөлек.  Көріспей 
кетіскенімізге  көп  болды.  Бірақ  қолымда  әмір  құдіретім  жоқ.  Сондықтан  істей 
алар шарам да жоқ...» деген еді. 
Жылы  үйге  келіп,  шай  ішіп  алғаннан  бері  Базаралының  жүзіне  жақсы 
күндегідей нұр кірген. Батыр тұлғалы, ер сұлудың ойшыл сергек көзі де, ақ сұр 
жүзі де еріксіз елеткендей. Бетінің қызылы да балқығандай боп, нұрланып тұр. 
Кең  иық,  зор  кеудесі  төменшіктеп,  иілмейді.  Салалы  келген  аппақ  сұлу 
саусақтарына шейін өзгеше. Бітімді, жақсы туысты білдіреді. 
Құнанбай  бұл  шаққа  шейін  Тобықты  ішінің  жасында  өзімен  бүйтіп  еркін, 
тең  сөйлескен  жанды  көрмеген.  Ішінен  Базаралының  тұлғасына  да,  жауабына 
да шын сүйсінді. 
Бірақ,  сүйте  отырып,  аз  әңгіменің  тұсында  Базаралымен  ырғасып  кетті. 
Қонақ жігітіне Құнанбай салмақ сала бастап: «Айыптайтын болсаң, тыю салуға 
көмек ет!» деп еді. 
Осыған келгенде Базаралы: 
-  Айыптайтыным  шын,  жалған  емес.  Оны  айттым.  Бірақ  соларды  осындай 
қып  жіберген  себеп  не?  Түп  бәле  неден?  Ол  кешегі  жұттан,  бүгінгі 
жоқшылықтан.  Осы  бәлелерге  ілесе  жүретін  ағайынға  әйгілі  әділетсіздік  бар, 
содан.  Біреу  аға  болды.  Барды  алды.  Біреу  болса,  кейін  отырып,  кенде  қалды. 
Кірме  болып,  есесіз  қалған  тағы  көп.  Аяғында  міне  не  болды?  Бұрынғы  аға 
болған  аман  калды.  Бұрын  мүйізделіп  жүрген  көп  көр  бала  күңіренді  де,  ол 
қалды.  Осыны  ойлар  жан  бар  ма?  Жаны  ашитын,  қиналып  ойлайтын  ел  ағасы 
бар ма? Менің сізге келгендегі өз аузымнан сұрамағым, білмегім осы еді? - деді. 
Жаңағы  айтылған  тілекке  жауап  бермей,  сөзді  басқаға  бұрып  кеткен 
Базаралыны  үй  иесі  жақтырмай  қалды.  Қыжырта  қарап,  дау  айтып  кетті. 
Сөзінің  салмағы  -  «құдай  бұйрығы  тағдырдың  жазуы»  дегендер.  «Жұтты  адам 
әкелген  жоқ.  Кімнен  көрмек  керек?  Бардың  бәрі  қарайласпай  отыр  ма?  Бірақ 
қаншаға  жетпек?  Ер  азығы  қанағат.  Тәңір  бұйрығына  көнбек  керек»  деген 
болатын. 
Базаралы  сол  «бұйрықтың»  өзіне  де  тоқтамады.  «Құдай  бұйрығы  қалың 
елді  қан  қақсатып  қойды.  Ел  қамқорымын  дегендер  көмек  ойласа,  нетуші  еді? 
Мынау ақылдары көргеніне көне бер деген ғой. Олай болса, құдай бұйрығы деп 
көрге барып тірідей кіре берсін бе?» - деген. 
Құнанбай  Базаралымен  көп  салғыласуды  енді  өз  бойына  мін  көре  бастап, 
түсін суыкқа салды. Дауды тұжыртып, тоқыратып кеп: 
- Сенен  де  арылғаным  осы.  Енді  аяспайтынға  кеткен  екеміз.  Жалғыз-ақ 
Балағаз, Абылғазы арандайды. Жаман арандайды... Қашан айтты демесін? - деді. 

 
257 
Сөздің  осымен  біткенін  Базаралы  түсініп,  жүруге  қамданып  отырып,  дәл 
кетер жерде: 
- Балағазда  жұмысым  жоқ.  Не  болса,  о  болсын!  Бірақ  көпті  айтсам 
қорқытамын  деп,  сіз  әуре,  ұқтырам  деп,  ел  әуре.  Келісе  алмас  күн  екен.  Кере-
қармен кеткеніміз де баяғы, - деп тымағын киді. 
Соңғы  сөзі  жауапсыз  қалды.  Базаралы  асықпай  түрегеліп,  қош  айтты  да, 
есікке беттеді. Нұрғаным мен Құнанбай бұдан көздерін алмай, қарап қалды. 
Ер  жігіттің  сырт  сымбаты  да  соншалық  өзгеше.  Өр  көңілді  батыр 
бейнесіндей. Әрі байсал, әрі маңғаз. Тіп-тік бойы қымсынбай, қысылмай кетті. 
Құнанбай есіктен көз алмай ойланып қап еді. Аздан соң Нұрғанымға қарап: 
- Шіркін  Базаралы!  Бұл  өңірдің  жігітіне  бітпеген  сыртың  мен  нұрың  бар. 
Ішіңде  жатқан  тұнық  мөлдір  сырың  да  бар.  Тек  сорлы  жазған,  қарымы  шолақ 
Қауменнен несін тудың екен? - деді. Қызығып та, қызғанып та сөйлеген сияқты. 
Нұрғаным Базаралы дауларын үлкен ынтамен тыңдаған. Күйеуінің жаңағы 
сөзі,  мынау  сұлу  жігітке  мұны  әдейі  қызықтырып  сөйлегендей  әсер  етті. 
Қызғанышын  алған  жоқ.  Қызыққанын  алды.  Жас  әйелдің  жүрегі  әлденеден 
өрекпіп, тулап қалды. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет