2
Күзеуден жеті көшіп отырып Қызылшоқы, Қыдырға, Көлқайнарға жеткен
Құнанбай ауылдары енді осы аралардағы қыстау-қыстауына тарамақ болатын.
Бірақ, кеше танертең Құнанбай бұйрық етіп:
«Хабар алмай көшпесін, тарамасын!» депті. Өзі қасына Майбасарды ертіп
Шыңғысқа кетіпті. Жер алыс болмаса да, Құнанбай күнұзын ат үстінде жүріп,
кешке ғана қайтты.
Келіп тускені, үлкен бәйбішесі Күнкенің ауылы еді. Мұнда бүгін сыбаға
әкелген әйел қонақтар көп екен. Ішінде Құнанбайдың тоқал шешелері
Таңшолпан бар. Ақбердінің шешесі бар. Және кәрі жеңгесі Бопай да келіпті.
Күнкеге бірі келін, бірі абысын есепті Ырсайдың шешесі, Жұманның шешесі,
Жортардың шешесі сияқтылар да бар екен.
Өзге жұрттан бөлініп көшкен бұл бір топ ауылдар - шетінен Ырғызбай руы.
Ұзын саны жиырма шақты ауыл. Көпшілігі Ырғызбайдың тоқалдары мен
Өскенбайдың тоқалдарынан тараған туысқандар болатын.
45
Осы абысын, жеңге, келін атаулының бір машығы - жылына екі мезгіл
Құнанбай үйлеріне сыбаға әкелуші еді. Бір сыбаға көктемде. Қыстай қыдырып
араласа алмай жүрсе, жазғытұры ең алғаш сыбайлас қонғанда, Зере отырған
үлкен үйден бастап осы Күнкенің үйінее де бір-бір келеді. Қыстан сақтап
шыққан сүрілерін әкеледі. Екінші рет, қазіргідей қыстау-қыстауға айырыла
көшерде әкелетін.
Кұнанбай кеп түскенше, жапырлап сөйлеп, күлісіп, әзілдесіп жатқан
әйелдер, Құнанбайға Майбасар кеп есік ашқанда, жым-жырт бола қалды.
Еркекетер төрге кеп отырған соң, тек Таңшолпан ғана:
- Мына шешелерің, жеңгелерің сыбаға әкеп, енді тарағалы отыр, қарағым.
Кәрі әжеңнің орны бір басқа. Оныкі өз бетімен барып жатыр! - деп, Зерені де
есіне алды. Барлық үлкен-кіші Зерені «кәрі әжең» дегендіктен Таңшолпан да
соңғы жылдар өз күндесін осылайша атайтын боп еді.
Құнанбай үндеген жоқ. Таңшолпан өр шешенің бірі еді. Келіншек кезінде,
жылқыға жау тигенде, жайдақ атқа мініп, қолына найза ала шапқан ерлігін
жұрттың бәрі білетін. Өзінде үйелмен-сүйелмен төрт ұл бар. Ондай көп ұлы бар
тоқал, өзінен-өзі өр боп кететін әдеті, Таңшолпан Құнанбайдың үнсіз
отырғанын жақтырмай, бір ырғалып қойды да:
- Сыбағаны Күнкеге әкеп отырғанымыз жоқ. Балам да болсаң бас болдың,
саған әкелгізіп отырмын. Ертең қыстау-қыстауға кетеміз де, қыс бойы інге
кіргендей жатып қаламыз. Қатынның күні со да. Жыл айналғанша амандық
тілеуім, балама берген батам. Содан басқа бізде не болушы еді! - деді.
Құнанбай шешесіне қарап, үндемей бас изеді. Тағы біраз тұрып:
- Айрыла көшем деймісің? Ал, тегі айрыла көшпесек, қайтесің? Тағы бір
сыбаға жеп жүрмелік! - деп күліп қойды.
Құнанбай күлгенге үй ішіндегі қонақ әйелдердің бәрі күлді. Ұзын бойлы,
қара сұр, ашаң жүзді Күнке, ерінің жылы шырайын пайдаланып:
- Мен бүгін теңдерді шешкізіп, ертең үйлерді тіккізбек едім. Осы тағы бір
көші-қон бар ма? Мынау елді де, өзімізді де екі ұдай еттіңіздер ғой! - деп
Майбасарға қарады.
- Екі сыбаға жейді екесін, «екі ұдай» деген сол бола ма екен! - деп,
Майбасар қайнысы күліп қойды. Жөн айтпады.
- Теңді шештірме, үйге де әбігер болма! Ертең тағы көшесін! - деді
Құнанбай.
- Е, қарағым, ол қай көш? - деп, Таңшолпан таңданып, үңіле карап еді.
- Бәрің де бірге көшесің. Ертең ерте Шыңғысқа көшеміз. Қоныс қарап
келдік. Ауылдарыңа соны айта барыңдар! Буынып-түйіне беріңдер, - деді.
- Айтқандай, ертеңіне Күнкенің үйі алдымен түндігін сыпырды.
Ырғызбайдың жиырма ауылы тағы да дүрк көшті. Беттегені Шыңғыстың жуан
ортасы.
Көштер, үздік-создық болмай топтанып иіріліп алып, қалың нөпір боп
қозғалды. Әншейінде, көш деген қаз, тырнадай тізбек-тізбек болушы еді. Қазір
де алғаш жөнелгенде, мынау ел тобына лашын түйілген шүрегей үйректей,
ұйлығып, қарбаласып, ұйқы-тұйқы боп кетті. Кұнанбай таң атар-атпастан
асығыс бұйрық беріп:
46
- Малтықпай тез көшсін! Шұбалмасын! Қатар қозғалсын! Қауырт жөнелсін!
- деп, қысқа-кысқа әмірді ауыл басы сайын кісі шаптырып айтқызып жатқан.
Дағдыдан тыс көштің, дағдыдан тыс көрінісі де осыдан еді.
Қызылшоқыдан Шыңғысқа қарай тартатын көш соқпақтың сол жағында,
жағада бір жалғыз төбе бар еді. Құнанбай өз қасына Майбасар, Қамысбайды
ертіп және өзінің Күнкеден туған үлкен баласы Құдайбердіні алып осы төбенің
басына барлық көштен, барлық аттылардан бұрын кеп шықты. Астында
шұбалаң құйрық торы аты бар. Дом боп жарап алған есік пен төрдей ұзын торы
ат көлденең тұр. Қос кұлағын қамыстай шаншылтып, арттағы нөпірге
«бассандаршы!» дегендей қарайды. Құнанбай да көш-көштің алдынан кес-
кестеп, бірдеме айтатындай боп тұр.
Әлі күн шыққан жоқ, елең-алаң еді. Жиырма ауыл жүктерін артып
жатқанда жым-жырт, үнсіз қимылдаса, енді түйелерін тұрғызып, жөнеліп
бергенде жамыраған қозыдай неше алуан үнге басты. Біресе, жүк батқан түйе
бақырады. Енесінен адасқан бота боздайды. Әр ауылдың өш иттері бір-біріне
арсылдасады. Айғай салып шапқылаған аттылар, жүшкі жігіттер көрінеді. Бала
жылайды, шешелер ұрысады. Қиқулап айғай салып, мал қайырған малшылар,
жас-кәрілер үндері әлсін-әлі келеді.
Көштер қауырт қозғалған уақытта Құнанбай Қамысбай мен Құдайбердіге:
- Бар, екеуің тез барып осы барлық көштердің басты-басты кісілерін -
үлкендерін, осында жиып келіңдер! - деді.
Құдайберді мен Қамысбай бұл бұйрықты ести сала тебіне жөнелісті. Ұзын
бойлы, қыпша бел жас жігіт Құдайберді мен кең жауырын Қамысбай ойға түсе
бере, көштің алдын көлденеңдеп, жарысып барады. Екеуі лезде барып, көш-
көштің алдындағы еркектер тобына бір сәт бөгелді де, әрі қарай жосыта берді.
Бұлар араласқан топтан бір-екі кісі дереу сытылып шығып жалғыз төбеге қарай
желе текіректейді. Құнанбайдың күтіп тұрғанын көріп, өбектеп қамшыланып,
асыға жүріседі.
Құдайберді арғы шеткі көшке жеткенше, Құнанбай қасына жиырма-отыз
аттылар жиылып қалды. Қоңыр күздің бүгінгі күні желсіз, тынық. Аспан да
ашық. Соңғы аттылар Құнанбай қасына жеткенде, балқыған темірдей боп
ұшқын атып жарқыраған үлкен күн, алыстағы Арқат тауының ирек-ирек
жотасына міне бастады.
Көштің алдына көлденең түсіп, қатпар-қатпар болып Шыңғыс жатыр.
Ұзаққа, ұшан теңізге созылып жатқан қалың таудың биік жоталарын күн
сәулесі бір сәтте алтынға малғандай қып рең берді. Таулар түндіктерін жаңа
сыпырды. Аспанда бозторғай, қараторғайлар самғап шырылдайды. Көш
жолынан қашып ұшқан болу керек, қаулап кетті. Көш үстіндегі аспанды мың
бұралған үнмен кернеді.
Биікте, көз ұшында, шалқар көш боп қиқулап, «қош, қош» айтқандай боп
қалықтап, бір топ тырна кетті.
Құдайберді мен Қамысбай астарындағы екі бозды танауратып терлетіп, ең
соңғы үш үлкен кісіні ертіп келгенде, жаңғыз төбеде, Құнанбай қасында елу
шамалы аттылар бар еді. Соңғы келген үшеудің ортадағысы Құнанбайдың тағы
бір тоқал шешесінен туған Жақып. Құнанбай мұның сәлемін алды да, тебініп
қап, «жүр!» деді.
47
Барлық жиын жаңғыз төбені дүрс-дүрс басып, Шыңғысқа қарай тартты.
Көштер киыс етіп кетіп еді. Бірақ, бұл топ әлі асыққан жоқ. Аттылардың қалың
ортасында Құнанбай келеді.
Екі жағында он шамалы үлкен туысқандар. Әкесімен туысқан Үркер,
Мырзатай, Жортар сияқты ағалары. Тоқал шешелерінен туған Жақып,
Майбасар сияқты тұрғыластары және әлденеше інілер, немерелес туысқандар
бар.
Құнанбай өз басы бір шешеден жалғыз, бәйбішенің жалғызы. Қара
шаңырақ иесі. Қалың дәулет пен әмір, билік иесі. Жасқа да көп туысынан өзі
үлкен. Сол себепті, үлкен әкесі Ырғызбайдан тараған осы мына жиырма
ауылдың мынандай топтарының ішінен бірде-бір жан әлі күнге Құнанбайдың
алдынан көлденең шығып көрген емес. Тіпті, өкпеназы болса да, ашып-жарып
айта алмайтын. Ал, бірақ Құнанбай сойыл соғарды, қол қимылды, тізе мен
ызғарды керек қылған жер болса, бұл қауымның іркілетін бірі жоқ. Шоқтай
жиын - мықты топ. Жер алуда, ел алуда, оңайдан мал табуда бұлар
Құнанбайдың қабағын қалт еткізбей түсінеді. Неше қабат, бәйбіше-тоқал боп
жатқанмен, Кұнанбай бұлардың араларындағы араздық болса, лезде жойып
отырады. Араздық ұстағанын әлденеше рет пайдадан, олжадан қалдырып,
жазалап отырып, өз ырқына көндіреді.
Өзара бірлігі - үнемі табыс екенін жете танытқан. Соны ұққалы осы
Ырғызбай шетінен бай боп алды.
Соңғы уақытта, тіпті, ішінен атысып жүретін күндес қатындар да
араздығын сыртқа шығара алмайтын боп алған. Олардың кәрісін де, жасын да,
қайнысы не байы, не баласы от басынан әрі шығармай тұншықтырып, басып
отырады. Болмағанын, не байына, не бір тентек қайнысына сабатып алып,
өзгелері «шоқ-шоқ» деп те тұрысады.
Осымен бар ынтымағын Құнанбайға бағындырған жиырма ауыл дәл бір
ұялас бөрідей еді. Қалың Тобықты ішінде ең қолшыл, ең мықты болатын
себептері де осы. Кішкене шеңбері берік болған соң, содан арғы маңайдағы
аталастан - Топай, Торғай, Көтібақты да бұлар өз ынтымағымен тартып, басып
алып жүреді. Әнет, Жуантаяқ, Сақ-Тоғалақ, Көкше сияқты саны көп, сыбағасы
жоқ руларды да өздерінің айналасына қоршау қып, шырғалап, шырмап ұстайды.
Ондайлармен Ырғызбай іші бірен-сарандап құда, жекжат боп алып та, «ұзын
арқау, кең тұсау» жасайды. Кейде әдейі өздері түртіп, бір бәлеге ұрындырып,
одан тағы өздері құтқарып алған боп та баурына тартады.
Аз ауыл Ырғызбайды, кем қойса, басқа жиырма атаның ішінде, айқыш-
ұйқыш, ілік-шатыс, қарға тамырлы тұзақ шырмауығы жатады. Осындай
шытырманның ішінен жапа-жалғыз Құнанбайды Құнанбай ететін күй туган.
Ырғызбайдың мына тобы Құнанбайды қоршап келе жатқанымен:
«Қайда көшіп барамыз? Неге көштік?» деген сөзді сұраған емес-ті. Дағды
бойынша, «жаманға, залалға бастап бара жатқан жоқ! Күн ілгері көреміз
»дескен.
Алды аяңдап, арты желіп отыратын ұзын торы ат, өзге жиынның барлығын
еріксіз бүлкектетіп, желдіріп келеді. Сонда да, тап ортадағы торы аттың бас
мойыны өзге қатардан үздік шығып отырады. Жүріп келе жатқан топ намаздағы
имамдай қып, аяңшыл торыны, зор денелі Құнанбайды алға салып келеді.
48
Бірен-саран жастардың аттарының басы оқыс ілгерілеп кетсе, қасындағы
үлкендері зекіп, күбір етіп: «тарт, шегін!» деп, тойтарып тастайды. Құнанбай
жалғыз көзімен оңды-солын шолып алған. Жиында Ырғызбайдан өзге жан жоқ
екен. Әрқайсысының аулында көрші-қолаң, жалшы-жақпай «бұратана - кірме»
деген көп болса да, бұл араға келтірмепті. Олар сойыл соғар. Бірақ келеге әсте
кірген емес. Құнанбай жіті жүріп отырып, тобын бастап, көштің алдына түсті.
Содан жиырма ауылдың жиырма басты адамына қазір Шыңғыс ішіндегі
қай сай, қай қыстауға барып жетіп, шаңырақ көтеретінін айтып келе жатты.
Сөзі ақылдасу емес - байлау. Атағаны - кесіп, пішіп қойған әмір менен бұйрық.
Алты күннен соң осы Құнанбай ауылдары көшкен жолмен тағы бір мол
көштер келе жатты. Бұл Бөкенші мен Борсақтың көші. Бұлар да Қызылшоқыдан
өтіп Шыңғысқа кіргелі келеді. Малды көштер емес. Бірақ көшкен елінің саны
көп. Жинақы боп, топтальгп көшпей, бытырып, ен жайылып, бет-бетімен келеді.
Көш бойында ат мінген кісі аз. Әр көште бірен-саран еркектер мен көш
бастаған қартаң әйелдер ғана ат үстінде. Олардан басқа бала-шаға, кемпір-шал
және жас қатынның көбі жүк артқан түйелерге мініпті. Жылқысын отарға
жіберіп, қысқа арналған мінгішті шақтап алған елдерге ұқсайды.
Бірен-саран тайлаққа мінген, өгіз мінген еркектер де бар. Барлық қалың
елдің ішінде екі-үш ауылдың көші ала бөтендеу. Ол Бөкенші руынан Сүйіндік,
Сүгірдің көштері. Борсақ руынан Жексен көші.
Осы көштердің алдына Сүйіндік, Сүгір, Жексен және басқа да кәрі, жастан
жиырма шақты кісі оқшауырақ келеді. Бұл жиында әзіл-күлкі де, әңгіме де жоқ.
Өңшең тон, шекпен киген сұрғылт топтың пішіні де, қазіргі күздің сұрғылт,
жабырқау аспаны сияқты күңгірт, салбыраңқы. Әсіресе, Сүйіндік пен Сүгір,
Жексен күпті сияқты. Көп жұрт соның аузына қарағанмен, Сүйіндік ақырын
ғана:
- Бара көрейік. Жүзбе-жүз көрісейік. Жауабын өз аузынан естейік! - деді.
- Не де болса, бара көрейік те!
- Не жөн, не жолға сыйғызады екен?.. Өзінен естиік! - деп Сүгір мен
Жексен де соны кұптады. Бұл жиындағы жастар мен қартаң шаруалар түйіліп
алған, қатты ашулы еді.
Кұнанбай күзеуден ерте қайтып кеткен соң, өзге елдің бәрі де дағдыдан
тыс, күземді ерте алып көшіп еді. Жаз бойы Бөкенші мен Борсаққа
Құнанбайдың қабағы келіспеген. Қырына ала берген болатын.
Сүйіндік осыдан секем алып, әнеу күні Бөжеймен ақылдаса барса да,
жауапқа жари алмай қайтты.
Содан, күзеуде кейіндеп қалса да, ерте кеткен Ырғызбай жайын
сұрастырып отырып еді.
Қазірде Ырғызбайдың аталастары Топай, Торғай, Көтібақ та осы
Бөкеншінің артынан ілесе көшіп келеді.
Көштер Шыңғысқа кіре бере, сайды өрлеп, өзді-өзінің жылдағы қыстау-
қыстауына қарай тартты. Бөкенші, Борсақтың Шынғыс ішінде қыстау еткен
жерлерінін ені оншалық мол болмайтын. Сол жердін орта тұсы Жексен
қыстауы - Қарашоқы. Көктемде Қодарды асып өлтірген жер осы.
Бірнеше көштерді сай-саймен өз жолдарымен жіберсе де, Сүйіндік,
Жексендер бастаған еркектер тобы жұбын жазған жоқ. Бірталай қалың
49
көштерді арттарына салып ап, тура Қарашоқының тоғайлы өзеніне кіріп, соны
өрлеп келеді. Қодар құлаған құз жартас та көрінді. Соның етегіндегі кең
шалғын тегіс орылып, мая-мая боп үйіліп қапты. Жексен қорасының үстіне
қаптаған сиыр, түйе, жартастан жоғарылай қонған көп үйлі ақ ауыл. Түтіні
будақтап, қой-қозысы шұбартып, бықып жатыр. Бұл ара енді Жексен қыстауы
емес. Осы мына отырған ауылдың мекені болғанға ұқсайды.
Жартастан бері, Сүйіндіктердің қарсы алдында, қалың жылқы ендеп,
жайылып келеді. Екі шеті сайдың екі жақ иығындағы сар тұмсықтарға
шашырай шығыпты. Ішінде шұбары мен құласы көп, Құнанбай жылқысы.
- Құдай ұрды десеңші! Қарағым Сүйіндік-ай, енді қайттім? - деп, Жексен
көзіне жас алды.
- Жайлуыңды жау алды, қыстауыңды өрт алды, - деген сұмдық осы да - деп,
құр күрсінгеннен басқа Сүйіндік түк айта алмады. Жат сыбысты естігенмен, дәл
мұндай болар деген ой бұл топтағы кәрі-жастың ешқайсысында да жоқ еді.
Бұлардың ішінде, әсіресе, күйгені Жетпіс болатын.
- Бір Жексен емес, бар Бөкенші, бар Борсақтың жерін бір-ақ басып алған
ғой. Бұл қорлыққа шыдағанша өлген артық! - дегенде, Бөкенші, Борсақтын тағы
бірнеше жас жігіттері аттарын тебініп, ілгері шыға берісті.
- Жер ашуы - жан ашуы!..
- Бұдан арғы амандық садағам!
- Бөкенші, Борсақ құмадан туып па?!
- Қашанғы шыдаймыз?
- Корқа, қорқа тапқаның осы ғой!
- Бұға, бұға болдындар ғой осы!..
- Етекбасты қып өлтірдіңдер ғой осы, сендер-ақ!.. - деп бәрі де Сүйіндік,
Сүгірге қадалды.
Сүйіндік бұл сөздерді өз басына тиген қамшыдай сезіп, қатты ширықты.
Ерік берсе осы топ мына бейбіт жылқыға тиіп кетуден де тайынатын емес.
Бірақ жаңағы сөйлегеннің бәрін байқап қараса, шетінен аталы ауылдың
адамдары емес. Бұлар жоқ-жітік шаруа көрінеді. Атақсыз көпшілік. Бұлар бір
қимылды істеуін істеп тастайды. Бірақ салмағы кімге түспек?
Бәрін бастап кеп, жылқыға тиген, ауылға шапқан Сүйіндік болады ертең...
Осыны ойлағанда Сүйіндік сескеніп, шошып кетті. Малмен де, баспен де жауап
беретін осы Сүгір, Жексен үшеуі болмақ. Ол атының басын іркіп тұра қап,
қатты зіл тастап:
- Әй, жігіттер, тоқта былай! - деді. Жұрттың бәрі іркіліп, соның аузына
қарады.
- Сөздеріңнің түрі мынау болса, бәлеңді аулақ тарт! Мен бұл тобында
жоқпын! Бар әне, бара бер! Құнанбай сенің шошайған жиырма сойылыңнан
қорқар деп пе ең? Қорықса бүйтер ме еді? Сен жиырма болсаң, ол жүз, сен жүз
болсаң, ол мың болады, әне! - деп, ауылға қарай иек қақты. Жұрт жаңа байқады.
Ауыл мен жартас жақтан және екі жағадағы жота-жотадан мына қалын
жылқыға қарай жай бастырып келе жатқан көп аттылар бар екен. Бәрінің де
сойылы бар. Біреулері көлденең ұстап, кейбіреулері тақымына қыстырып,
немесе білектеріне іліп, сүйретіп алыпты. Кем қойса, жүз каралы сойылсоғар.
50
Бәрі де аз уақытта жылқының ішіне кіріп, енді бастары қосылып, Сүйіндіктерге
таман жылжып келеді.
Сүйіндік сөзінен сон ұйлығып қалған Бөкенші, Борсақтар үндемеді. Бәрі де
аттарын баяу бастырып, ана жиынға қарсы жүрді.
Ендігі басу айтқан Сүгір еді. Бөкенші ішінде, көп көкала жылқысы бар, ең
үлкен бай осы болатын. Сөзін ақырын бастап:
- Ағайын бар, ел бар. Бізге де есе тиер! Айтармыз, жұрт келесіне салармыз.
Тек қызу үстінде бәле бастай көрмеңдер! - деп, жалына сөйледі.
- Осыдан бәле басы болғаның, сол бәленің тауқыметін тура өз мойныңмен
көтересің! Қашан айтып ең деме! - деп, Сүйіндік бар сөзді бір-ақ тұжырды.
Жылқы ішінен бұларға қарсы қозғалған қалың топтың тап ортасында
Құнанбай бар екен. Ұзын торы ат басын шұлғи тастап, кекілін желпіп сермеп,
жай басып келеді. Сүйіндіктерге қарсы Құнанбай бар тобымен келген жоқ.
Жылқыдан бері қарай біраз шыққан соң өз қасындағы көп аттыны кейін
қайтарып жіберді.
Қасында он шақты ғана үлкен кісілер қалған еді. Сүйіндіктерге осы
тобымен кеп кездесті. Пішіні суық, ызғарлы екен. Жуандық ызғары «қайте
қоясынның» ажары. Жота жүнін үрпитіп, үдірейіп тұр. Ірге бермек емес. Атқа
мінер атаулының, әсіресе, Құнанбайдың сырт айдыны осылай келетін. Соныің
домбытпа екенін білсе де, Сүйіндіктер әрқашан мұндай түстен ығыса жүретін.
Бөкенші тобы бұрын сәлем берді.
Құнанбай ернін қыбыр еткізіп қана, үнсіз сәлем алды. Біраз үпдеспей
тұрып барып Сүйіндік:
- Мырза, мына аттылар не? - деді. Құнанбайды бар Тобықтының атқа
мінері «мырза» деп атайды.
- Жай, мына жылқыға, отарға шығар алдында, таңба бастырайын деп ем.
Соған жиылған ел, - деді Құнанбай.
Бұл сөз одан әрі өрбіген жоқ. Жексен бұрылып артына қарап еді. Көштің
алды бөктер адырдан бері шығып қалған екен.
- Жә, мырза, мынау келе жатқан біздің көшіміз еді Қыстауымызға келе
жатыр ек. Мұнда болса, бүйтіп қапты. Бұл қалай болды?- деді.
- Е, саған көшіп кел деген кім бар? Омыраулап, баса-көктеп көшпей-ақ,
хабарласып, тілдесіп алсаң нетуші еді? Көшің кейін қайтады!
- Әкім елге ие, ел жерге ие емес пе еді?
- Әкім аспанда тұрмақ па екен? Иісі Шыңғыстан Ырғызбайға қыстау
тимесін деген кімнің бұйрығы.
- Бір Шыңғыс демесең, осы өңірде қыстаулық жерің аз да емес, олқы да
емес еді ғой, мырза! - деп, Сүйіндік енді араласып еді. Құнанбай іле сөйледі.
- Ей, Кішекең, Бөбең, - деп бастады. Жігітек пен Бөкеншіні сыпайы
айтқанда осылайша: «Кішекең, Бөбең» десетін. Құнанбай қазір солардың бар
руын бір араға жиып ап, соның бар қауымымен бетпе-бет кінәласып, жүгінісіп
тұрған кісі тәрізді.
- Аға болдың, бұрын жеттің. Көлденең созылған Шыңғысқа көлбей
орнадың. Ырғызбай аз еді. Сенен кіші еді. Ен Шыңғыстан бірде-бір құйқалы
қыстау бермепсің. «Өзге қыстау» дейсің... Шыңғыс тұрғанда өзге жер қыстау
ма? Мен болсам, енді қашанғы көне берейін. Қашанғы құр қалайын.
51
Ырғызбайға да Шыңғыстай арқа тірек пана керек... Ырғызбай да етек алған ел
болды. Жатың емес, туысқаның. Есе бермей, қумадан туып па? - деді. Дауын да,
байлауын да өзі айтты.
- Сонда Бөкеншіден қанша қыстау алмаққа ұйғардың, мырза? - деп,
Сүйіндік енді бұл салықтың көлемін байқайын деді.
- Бөкенші Шыңғыстың бұл тұсындағы бар қыстауды береді.
- Е, біз қайда кетеміз, - деп, Жетпіс күйіп кетті.
- Шығара қуылған Бөкенші болғаны ма?
- Ауып кетсін деген сөз ғой бұл?!
- Жан ашырдың жоқ болғаны ғой! - деп, бағанағы көпшілік тағы
қозданайын деп еді, Құнанбай Сүйіндікке қадалып тұрып, қамшысын жаңағы
сөйлегендер жаққа нұсқап:
- Тоқтат, аналарыңды! - деп, ақырып қалды. Сүйіндік өз басын аршып,
Құнанбай жағына тайсалақтап, жігіттеріне:
- Әй, өрекпіме демеп пе ем, көп шуылдақ?! Қысқарт енді! - деді. Жұрт
еріксіз басылып қалды.
- Бөкенші, Борсақ! Қыстауыңды алғанмен далаға қаңғытады деп пе ең?
Алсам, текке алмаймын, беріп алам. Осы Шыңғыстың өз бойынан қыстау беріп
алам. Ана Жігітек пен Көкшенің арасынан барып орнайсын. Төрі - Талшоқы,
ылдиы - Қарауыл, Балпаң. Бар да сонда орнай бер. Мына көштеріңді қайырып,
солай беттеңдер, байлауым сол! - деді.
Осы кезде күнбатыс жақтан және күншығыс жақтан да бірнеше аттылар
кеп, Сүйіндік тобына қосылып еді. Батыс жақтан келген екі аттының біреуі
Сүйіндіктің үлкен баласы Асылбек болатын.
- Біздің кыстауға Жақып, Жортар қоныпты... Енді қайттік?! - деді.
Шығыс жақтан келген Сүгірдің көршісі Қабас еді.
- Біздін қыстауларға ЬІрсай, Мырзатай, Үркер орнапты... Көшті қайттім?
Жүк түсіре алмай дағдарып тұрмыз, - деді. Осындай қыстаудан, ата қоныстан
айрылған ауылдардың жас, кәрі азаматы енді жан-жақтан, төрттен-бестен келіп
жатыр. Бәрінің түстері сұрланған. Түтігіп, ыза кернеп, булығып келген кісілер.
Арттағы көштегі еркек-әйелдердің - бәрінің де наразылығын, қарғысын,
ашу-намысын ала келген сияқты.
Бөкенші, Борсақ тобы көбейе берді. Бірақ Құнанбай қайысар емес.
Сүйіндік өз елінің күйзелгенін танып тұр. Өзінің де қор болып, аяқасты
болғанын әбден түсінді.
- Қайтейім, мен қайтейін?.. Жаттан көрсек бір сәрі еді, - дегенде, Жетпіс:
- Әділет деген құрығаны ғой! - деп қалды.
- Жан ашырдың біткені ғой!..
- Бүйткенше, қаңғытып қусашы, бұл қор болған Бөкенші, Борсақты! - деп,
көпшілік тағы ашу жия бастап еді. Дәл осы уақытта Құнанбай қасына екі топ
аттылар келді. Алдыңғы тобы он шақты кісі. Мұны бастаған Байсал екен.
Қасында Көтібақ ішіндегі ең ірікті атқамінерлер. Бұлар бастығы Байсал боп кеп
Құнанбаймен ашық, жарқын сәлемдесіп:
- Қоныс қайырлы болсын, мырза!
- Қайыры ұзақ болсын!..
52
- Мекенің қайырлы болсын!.. - десіп, жабырлап құттықтап жатыр. Осы
топтың артынан іле, тағы бір топ келді. Бес-алты кісі еді. Мұны бастаған шал -
Құлыншақ. Торғай руының ең жуаны. Құлыншақтың қасында бес азамат
баласы бар екен. Белгілі «бесқасқа» деп атанған өңшең жауынгер, найзагер,
батыр ұлдары.
Құлыншақ та Құнанбайға тақап кеп:
- Қарағым Кұнанжан, амансың ба? Қонысың қайырлы болсын!.. - деді.
Бөкенші, Борсақ енді таныды. Ырғызбай жалғыз Ырғызбай боп, мына
зорлықты істеп отырған жоқ. Көтібақ, Торғай, Топай руларының да бар жуан,
содырлары Құнанбай ісін құптаған тәрізді.
Сүйіндіктің дәме қылары Көтібақ еді. Тым құрмаса, «бір тоға, берік Байсал
Құнанбай ісінен сыртқары болар» деп ойлаушы еді.
Астыртын не сөз болған? Не сыр бар?.. Мәлім емес. Қалай да мына
ажарына қарағанда, Құнанбай иісі Олжайдың бар жуандарын түгел соңынан
ертіп алған көрінеді.
Амандаса келген, қайырлы босын айта келген Байсал, Құлыншақ дәл
бүгінгі күн, құр амандасу емес, Бөкенші, Борсаққа қыр көрсете келіп тұр.
Құнанбай соны әдейі істетіп отыр.
Мұны жалғыз Сүйіндік емес, Жексен де сезді.
- Апыр-ай, ата қонысым еді. Одан қала берсе, осы жиын, осы бәріңнің көз
алдыңда, кешегі көктемде ғана, осы мынау тастың бауырында Борсақтың бір
баласының қаны тамып еді ғой. Ер азаматымның қаны тамған жер еді ғой! -
деді. Бұл сөз - дәл бұл жиынның күтпеген сөзі. Сүйіндік өз ішінен:
«Алдырған албырт деп оның несін айтты екен?» - деп, жақтырмады.
Құнанбайға бұл сөз тіпті тосын болатын. Оны дау үстінде дәлел, далбай
қылатын кісі болар демеген. Сондықтан жауабын ойламай айтты. Жексен
айтқан сөзді, Бөкенші, Борсаққа тағы осы жерді алуына бір ұпай қып
пайдаланбақ болды:
- Не деп тұрсын? Алжығанбысың? «Ерім» дейсің! Ерің сол болса, сенің
елдігіңде не қасиет қалды? Ол ер емес, Борсақ әруағынан садаға... тіпті
Тобықты әруағынан садаға!.. Ол - сұмырай еді. Мен сол сұмырайды құртып,
сонын із-тозы бітсін деп, бұл жерді, бұл өңірді әдейі басқаның мекені етіп
тұрмын. Сандалған несі? – деді.
Бөкенші, Борсақтың қалың жиынына мына сөз таспен ұрғандай тиді.
Бәріне де бір сәтте Қодар өлімінің сыры, Бөкенші жерінің алыну сылтауы бір-ақ
шешілгендей болды.
Бұған келгенде Сүйіндіктің де шыдамы таусылып еді.
- Ойпыр-ай, не дейсің? Әттен, аузыңнан айналайын Бөжей-ай, Қодар
өлгенде: «Бұл шылбыр Қодардың мойнына ғана түскен жоқ. Бұйырса, Бөкенші,
Борсақ, сенің мойныңа да түскен шылбыр болар» деп едің... Арманда кетіпсіп
ғой, есіл ерім, Қодар-ай, - деп үні өшіп, атының жалын құшып, бүгіліп тұрып
қалды.
- Уа, қара бет басым! Қара басқан қу басым! Мен қуарған не еткен ит едім?
Ойбай бауырым!.. Бауырым, Қодар - деп Жексен өкіріп жылап, атын борбайлап,
Қодар қыстауына қарай шаба жөнелді. Сол-ақ екен, бар Бөкенші, Борсақ тегіс:
«Ойбай бауырымдап» Жексеннің артынан шаба-шаба жөнелісті. Сүйіндік те
53
солармен кетті. Байсал мен Құнанбай бұл арада енді тұра алмай, үндемей
томсарған күйлерінде сырт айналып кетіп еді. Құнанбай өз ішінен: «жаңағы
сөзді оғат айттым-ау, қап! - деді. Бірақ, Байсалға да сыр бсрген жоқ. Қайта,
Бөкеншінің мына мінезіне сылтау іздеп, өзінше соны таптым деді.
- Құтыртқанның кім екенін көрдің ғой! Шымбайына батқан соң,
шыңырауда жатқан сырын айтқанын көрмеймісің? Қолтығына дым бүріккен
Бөжей. Анық Бөжей. Тобықты ішінде мені тосқан қанды қақпан сол болмақ қой.
«Береке-береке» дейсін. Кінә кімде? Көрдің бе! - деп, Байсалға қадала қарап
алды да:
- Бірак, кұдай ақта, көріп-ақ алармын! - деді. Аздан соң Байсалға құпиялау
қып:
- Сен Сүйіндік пен Сүгір, Жексен үшеуіне айт, көп-ті қоздырмасын!
Бассын! Шыңғыстың қай тұсына орнықтырсам да, ол үшеуінің сыбағасы олқы
емес. Өкінбесін! Өкіндірмеймін! Осы сертіме сенсін! - деді.
Олжайдың алғашқы орнында қалған жиынының ортасында тұрған
Майбасар болатын. Ол тұмсық асып шапқылап жылап бара жатқан
Бөкеншілерге карап:
- Уай, жарандар! Бұл түстен кейін маңырайтын ақсақ қой дейсіңдер. Тіпті
ол емес... Мына Бөкенші екен ғой түстен кейін маңырайтын. Көктемде өлген
Кодарға күземде кеп сүйекші болған кімді көрдің? Мұны көрген кім бар
десеңші, - деп, қарқ-карқ күлді.
Көктемде Қодардың сүйегіне жан жоламай кеткенде, Жәмпейіс пен
Әйтімбет қойшы ғана кеп жоқшы боп еді. Жексен ол күні өз аулының қатын-
баласын: «неге жылайсың, көзің ақсын!» деп шетінен бықпырт тигендей сабап,
Қодар өлігіне жолатпай қойған. Жәмпейіс пен Әйтімбетке, солардың өзіндей
қойшылар, жаны ашыған кедейлер ғана болысқан. Соның барлығы екі өлікті
Құтжан бейітінін басына апарып, зар қағып жылап, жоқтап жүріп, таза арулап
қойып еді.
Қазірде Құтжан бейітінің екі жағындағы жаңа қабырлар Қодар мен
Қамқанікі болатын.
Бөкеншінің барлық азаматы шапқылап ат қойып кеп, осы бейіттің үстіне
шұрқырап, жылап түсіп жатты. Сүйіндіктер тобы келместен бұрын бейіттердің
басында 3-4 қана адам отыр еді. Ол - Жәмпейіс, Әйтімбет және бір-екі басқа
қойшы болатын.
Жаз бойы келе алмай, бүгін көшпен жетіп, ең алғаш еске алып, құран оқып
отырған солар еді.
Кейін осылардың үстіне шулап келген нөпірді көргенде, мына кәрілер таң
болды. Жылағанның ішінде Сүйіндік бар. Ол бір жұмбақ.
Әсіресе, бұларды қайран еткен Жексен мен Жетпіс... Екеуі де үш қабырды
кезек-кезек құшақтап:
- Кеше гөр, арысым, кеше гөр!
- Ағакем, кеше гөр! - десіп кеп зар-зар етеді. Көздерінен шын өкініш
жастары ағыл-тегіл шығады.
Бірақ Жәмпейістің жүрегі жылыған жоқ. Ол Қодар мен Қамқаның
қайғысынан осы жазда біржолата белі бүгіліп, қатты солып кетіп еді.
54
Қамқаның бейітін құшақтағалы еңіреп келе жатқан Жексенді кеудедеп
қойып қап:
- Өй, қөзің ақсын, көзің аққыр өңшең!.. - деді.
Аз уақытта үш қабырдың басына еркектер ғана емес, барлық көштердің
әйелдері де, жас-кәрісі де үйілген еді. Қалың ел болып, зар еңіреп, улап-шулады.
Достарыңызбен бөлісу: |