МҰхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет18/21
Дата07.02.2017
өлшемі2,25 Mb.
#3576
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21


 
Көктемнің ескегі соға бастасымен, маңайдың қары ағыл-тегіл тез кетті. Бір 
ғана  қорық  емес,  адырлар,  далалар  да  әр  жерінен  ойылып,  қарауыта  бастады. 

 
232 
Мезгілінен  асып,  ұзақ  жатып  қалған  қар  енді  тіпті  асыға  жөнелгендей  болды. 
«Жер аяғы кеңіген» дегендей уақыт келді. 
Күн  көзі  де  әбден  жылынып,  аспанда  жазғытұрдың  ақ  мамық  бұлттары 
жөңкіліп  көшті.  Жидебайға  жиылған  ел  осы  уақытта  өз  кыстауларына  жетуге 
асықты. Іші аман қалған саулықтардың алды қоздай бастаған. Өзгеге пана тапса 
да,  өз  төлдері  бар  мынау  ауылдар  жас  қозыларға  пана  таба  алмас  еді.  Қауырт 
шұбап  келген  ағайын,  енді  бір-ақ  күн  ішінде  сөз  байласты  да,  тезінен  кайта 
серпілді. 
Кетер  кезде  барлық  кәрі-жастың  Зере  мен  Ұлжанға  айтқан  алғысы  ұшан-
теңіз болды. 
Қонақтар сейіліп болған күні, Ұлжан қысқы соғым мен сүрдің тақа біткенін 
айтты. Кәрі қойшы Сатай да осы күні бұл ауылдың өз шығынын есептеп кепті. 
Көп қойдың күрек аршуы ойдағыдай болмаған. Сондықтан, дәл осы он бес 
күн  екі  жүз  қойды  әкетіпті.  Абай  атқа  мінген  сайын,  қыстау  маңында  өлген 
қойлардың саны молайып келе жақанын байқаса да, ауылға айтып келмеуші еді. 
Үш  қорықтың  иелері  боп  отырған  бес-алты  ауылдың  ішінде  мұндай 
шығынды  көрген  жалғыз  осы  Жидебайдағы  ауыл.  Тәкежан  болса,  қолдағы 
малынан жалғыз тоқты бермей, аман шықты. 
Жұт  көлемін  халық  атаулы  тек  қыстаудағы  малдан  айырмайды.  Қар  әбден 
кетіп,  жер  дегдіген  кезде  отардағы  жылқы  қайтты.  Анық  сор  көрген 
жануарлардың  ажары  осы  жылқыда  болатын.  Талай  күн  бойында  ілбумен  ғана 
жүріп,  Жидебай  тұсына  жеткен  Құнанбай  қосы  сан  жағынан  бірталай  кеміп 
қапты.  Әсіресе  шошытатын  жылқының  түсі.  Нелер  аппал  айғырлар  мен  сақа 
биелердің өзі де алты айлық аурудан тұрғандай көлеңкесі ғана қалған. Жүндері 
ұзарып,  үрпиген.  Аяқтары  жуандап,  сүйек-сүйегі  адырайып  кетіпті.  Тарамыс, 
шандыр атаулысының бәрі білініп тұр. 
Жылқы  ішінің  тағы  бір  жат  көрінісі  -  арасында  құлын  жоқ.  Аман  қалды 
деген  Құнанбай  жылқысы  мен  барлық  Ырғызбай  қостары  және  бірен-саран 
Сүйіндік,  Байсал,  Байдалы  ауылдарынын  қостары.  Бірі  артынан  бірі  ілесіп, 
жылжып, сырғып келіп жатыр. Бәрінің халі де мұсылман кітаптары суреттейтін 
мақшар күиіндей. Адамзат өлшеусіз ұзақ заман көр азабын шегіп жатып, ахірет 
күні  кебіндерін  жамылып,  көлеңкедей  қалт-құлт  етіп  бой  көрсетеді  деуші  еді 
ғой. Мына жылқы тегіс сондай екен. 
Құнанбай мен Байсалдар осы қостардың аман қалуына бар күштерін салған. 
Атраптағы  жері  тәуір,  азғана  руларға  қыс  бойы  шапқыншы  айдап  шыққан. 
Қостарын  қалын  қардан  қашырып,  бір  күзектен  екінші  күзекке  салып  отырып, 
әйтеуір ірі жағын аман сақтап қалыпты. Артық та болса, қолға жетті. Қыс кетті. 
Енді қайтадан қатарға кірді. Мұның аты «амандық». Өйткені, өзгеге қарау керек. 
Баска  рулардың  қостары  өз  халдерін  осылай  деуге  жараса,  тіпті  жұт 
көргеміз жоқ дер еді. Шынында, көп-көп қостар көз ұялтарлық боп, жұрдай боп 
келді.  Қос  деген,  Тобықты  ішінде  мың  жылқыдай  мөлшерді  білдіретін  болса, 
Торғай,  Жуантаяқ,  Топай,  Жігітек,  Бөкенші  сияқты  елдердің  бір  қосынан 
қырық-елу, жетпіс-сексен ғана мінгіш қалғаны бар... 
Көп  елді  шошытып,  жағасын  ұстатқан,  таңдайын  қақтырған  сұмдық  апат 
содан білінетін. 

 
233 
Әркім өз аулы, өз жайының күйігіне кетті. Біреуге біреудің қатынас хабары 
да  азайды.  Көп  ауылды  жайратып,  үй  жығып  кеткен  дауылдың  артындағы  хал 
сияқты. Арық-тұрағын күтіп, көктемнің қара суығынан аман алып қалу шарасы 
жалпақ  елді  жаппай  басты.  Жылқы  қамынан  аман  болған  Жидебейдағы  ауыл 
ғана.  Қостар  келісімен  Құнанбай  Шыңғысқа  айдатып  алып,  барлық  ендігі 
күтімдерін өзі басқарған. 
Күн әбден жылынды. Көк те шыға бастады. Енді Жидебайдағы қыстаудың 
айналасындағы  жемтік  иістеніп  барады.  Күн  асқан  сайын  соның  өзі  бір  дерт 
әкелетін  сияқты.  Ұлжан  осыны  ойлап,  киіз  үйге  шығып,  қыстау  басынан 
жылжып қонайық деген. 
Ертең таң атысымен жүк шығартуға бұйырып еді. Бірақ дәл осы күні кешке 
Зере сырқаттанды. 
Кәрі  әженің  сырқаты  біліне  салысымен  қысып  кетті.  Басында  ыңқылы 
күшті  боп,  тынысы  ауырлап  келіп  еді.  Келесі  күні  дәрмен  азайып,  өздігімен 
қозғала  алмайтын  болды.  Абай  мен  Ұлжан  қатты  сескенді  де,  Зеренің  қасын 
күзетті.  Сусыны,  төсегі,  бар  күтімі  екеуінің  ғана  мойнында.  Өзге  жанды  көп 
кіргізген де жоқ. Жұрт аяғын ауырлайды деп, үй ішін  оңаша ұстауға тырысты. 
Зере  наукасының  келесі  күні  түнінде  Ұлжан  енесінен  күдер  үзе  бастаған 
болатын.  Абайға  айтпастан  Қарашоқыға  кісі  жүргізді.  Сүйтіп,  түн  бойы 
ұйықтамай  күзетіп  отырған  келіні  мен  немересіне  Зере  таң  алдында  ең  соңғы 
рет көз салды. Әжесі көзін ашқанда Абай үміттеніп қалып, қадалыңқырай түсті. 
Науқас  ана  бірдеме  айтайын  деген  тәрізді.  Ол  ажарын  Абай  өзі  таныған  жоқ. 
Ұлжан  байкады.  Екеуі  де  қатар  сырғып,  жақындай  түсіп  төніп  келгенде,  Зере 
бір нәрсені сыбырлай бастады. 
Дене күші бітсе де, ойы сап-сау. Тек үні әлсіз. 
-  Өнегем...  болса...  тірлігімде  көрсете  алдым  ба,  жоқ  па?  Өсиетім  болса... 
кұлағым,  тілім  барында  айтып  болдым  ба,  жоқ  па?  Қайтейін!..  Енді  қайтейін!.. 
Бүгін  мынау  әлім  біткен  шағымда,  не  дәме  етесің  екеуің!..  Не  күтіп  маған 
телміресің?.. - деді. Осы сөздерін көп қиналып, ұзақ айтып еді. 
Сөйлету зорлық сияқты. Бірдемені айту да орынсыз. 
Абай  екі  қолын  төсіне  қойып,  әжесіне  тағзым  етті  де,  басын  иді.  Өзінше: 
«Бар  жүрегімнің  құрметі,  әулиедей  ана,  саған  арналған»  дегені.  Сүйтіп  аз 
отырды  да,  әжесінің  екі  қолын  ұстап,  кішкентай  алақандарына  бетін  басты. 
Иіскеп  сүйіп  отырғанда  бірнеше  ыстық  тамшылар  да  сол  әлсіз  жүдеу 
алақандарға тамып еді. Әжесі тағы да сыбырлап: 
- Қарағым...  жалғыз  қарашығым!  -  деп,  Ұлжан  жаққа  қарады  да,  -  анаңды 
күт! - деді. 
Осыдан кейін тағы бір толастан соң: 
- Ішімнен шыққан жалғыз еді ғой... Жалғызға топырағым бұйырсын! - деді. 
Бұл  сөзді  тіпті  ап-анық  айтты  да,  қайтып  үндеген  жоқ.  Көзі  тағы  да  жұмылып 
кетті.  Жаңағы  айтқаны  Құнанбай  екенін  Абай  да  ілезде  түсінді.  Сол  сөзді 
бастай бергенде, Ұлжан басын изеп:  «тыныш болыңыз, орындаймыз» дегендей 
белгі еткен. 
Қадірлі ана осы таңға жетпей қайтыс болды. 

 
234 
Абай  мен  Ұлжан  таң  аппақ  атқанша  үн  қатқан  жоқ.  Зеренің  дана  жүзіне 
мүлгіп,  жүдеп,  қадалып  отырды.  Екеуі  де  жаңа  ғана  қастарынан  ғайып  болған 
ана туралы өз шерімен, өз ойларымен болып, бар дүниені ұмытқан сияқты. 
Абайдың  өзі  ес  білгелі  шын  жақын  жанның  өлімін  көргені  осы.  Кәрі 
анасының  қазіргі  жүзі  көкшіл  сұрғылт  тартса  да,  біртүрлі  бір  зор  тыныштыққа 
жеткен  тәрізді.  Өлім  емес,  қиналу  емес.  Қайта  көптен  кексеген  арманына 
жеткендей. Соншалық ырза және мейір шафқат нұрын тапқандай. 
Күн  шыға  бергенде,  барлық  ауыл  хабарланып,  бала  атаулыға  шейін  тегіс 
жиналып келген еді. Немерелері мен келін-кепшік үнсіз жыласты. Көрші-қолаң, 
малшы атаулы да шын күйініп, ауыр-ауыр күрсінді. 
Осы  таңертеңде  Қарашоқыдағы,  Шыңғыстағы  көп  туысқан  да  көп  жетті. 
Алдымен  келген  Құнанбай,  Күнкелер  болатын.  Қалған  Ырғызбай  да  осы  күні 
Түске шейін түгел келді. 
Бұл өлімді барлық жұрт тегіс ауыр алғанмен, жыласқан жоқ. Үндемей күтті. 
Келесі  күн  жаназасы  болғанда  әнеугі  елу  кедей  көршілер  де  тегіс  келген  екен. 
Көп қауым боп, түгел ардақтап қойды. 
Құнанбай мен Күнкелер Зеренің жетісіне шейін Жидебайда қалды. 
Әжесінің артын күткен кезде мұншалық көп қара құрықтың болғанын Абай 
өзі  ұнатпаған.  Бұ  күнде  ешкіммен  сөйлескісі  де  келген  жоқ.  Зерені  қойып 
қайтқан  күні  кешке,  әжесінің  төсегіне  отырып  алып,  кұран  аударуға  кірісті. 
Анасының әруағына арнайтын дағдылы «Құран хатымды» молдаға оқытпай, өзі 
оқитын болды. 
Бір жұма бойы сол құранды екі аударып шықты. Осы күндерде ас үстіндегі 
бір әредікте Құнанбай Абайға: 
-  Жай  аударады  екенсің!  -  деп  еді.  Абай  жауап  айтқан  жоқ.  Құнанбай 
мұндайда  үш-төрт  аударып  тастайтын,  сыдыртқыш  молдаларды  есіне  алып 
айтқан. Абай болса, ішкі себебін айтқан жоқ. Ол да жылдам оқи білуші еді. 
Абай  анасына  сауап  болсын  деп,  құранды  өзгеше  ықласпен,  асықпай, 
соншалық  мүлгіп,  мінажат  қып  оқиды.  Құранның  кейбір  парасының  үстінде 
ұзақ отырып қап, жалғыз, жасырын ойлар да ойлайды. 
Онысы - әжесінің адамшылық, аналық қасиеттерін жоқтау еді. Өз ішіндегі 
адал алғысын бағыштау да дұғалық, тілек есепті көрінетін. 
Осы жеті күн ішінде, үй оңаша қалған бір шақта Абай Ұлжанның бір сөзін 
үлкен ықласпен тыңдады: 
Шешесі көзіне жас алып отырып, өз-өзінен: 
-  Анаң,  ана-ақ  еді-ау  жарықтық!  Осы  кісінің  өсиеті,  тәрбиесі  болмаса,  мен 
де  бір  түйіліп  қалған  қу  түйіндей  үндемес  қатыбас  болар  ем.  Сен  екеумізде 
қарызы бар еді. Тым құрса аруағы ырза болсын. Артын жақсы күтейік! – деді. 
Абай  өз  шешесінің  де  қартайып  қалғанын  байқады.  Мұның  да  мейірімді 
жүзінде ой ауырлап, уайым қалыңдапты. Айтқан сөзін құп алды да, үндеместен 
бас иді. 
Зеренің жетісі толып, құран хатым болған соң, Құнанбайлар қайтып кетті. 
Аз уақытта, жылдағы дағды бойынша, жұрт жайлауға көшті. Абай әжесінің 
кырқына  шейін,  тысқа  шықса,  ертелі-кеш  анасын  жоқтап,  зар  өлеңдер  айтады. 
Тау  басына  шығып,  даланы  кезіп  жүрсе  де,  анасына  бағышталған  мұңды 
ойлардың қасірет жырлары орала береді. 

 
235 
Әсіресе  Шыңғыс  асып,  көп  елдің  күйін  көргенде,  біртүрлі  жат,  жаңа  дерт 
тапты.  Байқаса,  бұрынғы  қыруар  елдер  кішірейіп,  бір-ақ  уыс  болып  қалған. 
Өлкеге  сыймайтын  малдың  орнына  оқта-текте  көрінетін,  шашылып  жатқан 
бесті-онды  ғана  қара  бар.  Малы  аз  болған  соң,  талай  ауылдар  бірігіп  кетіпті. 
Шыңғыс  сыртының  ен  қоныстары,  мол  адырлары,  иен  жайлаулары  кебінше 
қаңырап  тұр.  Сонымен  қатар  ел  ішінде  күңірену  кеп.  Жоқ-жітік,  қайыршы 
көбейіпті.  Абайдың  өз  анасы  өлгенде,  ел  ана  да  төсек  тартып,  дертке 
шалдыққан сияқты. 
Осыны  көріп,  ойланған  сайын  Абай  өзгеше  бір  айықпас  зарға  батты. 
Қаралы  көңіл  ашылмастай  боп  екі  иығынан  басып  алды.  Үстіне  киген  киімге, 
мінер атқа, ішетін асқа да бейілі жоқ. 
Көп  адаммен  тіл  де  қатпай,  үнсіз  боп  барады.  Бірақ,  енді  өз  анасы  Зерені 
ойлаумен  бірге,  халық  деген  ананы  қатар  ойлап  кетеді.  Әрберден  соң  екі  шер 
бір қосылып, бір жырға, бір зарға айналды. 
Абай  әжесінің  қырқына  жетті.  Жайлаудағы  көп  ел  жиылып,  Зерені  соңғы 
рет естеріне алды. 
Ұлжан Абайдың осы уақытқа шейін аса бір қатты ойға түсіп, азып кеткенін 
байқап  жүрген.  Әженің  қырқын  беріп,  жұртты  таратқан  соң,  баласын  оңаша 
алып отырды да: 
-  Сен  осы  бір  қалың  шыңға  батып  кеттің-ау!  Жүдеп  кеткеніңді 
байқаймысың?  Жас  адам  уайым  соңына  өйтіп  сарылса,  пайда  таппайды.  Енді 
тоқтал.  Бойыңды  жи.  Ерболды  шақыртып  ал  да,  атқа  мін,  ел  қыдыр.  Сергіп 
қайтшы! - деді. 
Ербол Абайға келгенде Асылбектің бір сәлемін ала келді. Бірталайдан бергі 
сыйластық бойынша, Сүйіндіктің Асылбегі Абайды қонаққа шақырыпты. 
-  Шешесі  қайтыс  болғалы  үйден  шықпады  ғой.  Біздің  ауылға  келіп,  қонақ 
болып  қайтсын!  -  депті.  Сонымен  екі  жігіт  Сүйіндік  ауылына  сый  қонақ  боп 
келді. 
Баяғы  Жәнібекте,  сол  белгілі  әдемі  көк  өзекте  отырған  ауылға  Абайлар 
жақындап келгенде, үй сыртына бұларды қарсы алып Асылбек, Әділбек шықты. 
Қастарында  Дәркембай  бар  екен. Қонақ  жігіттер  әуелі  Сүйіндіктің  үлкен  үйіне 
кіріп, сондағы кәрілерге сәлем берді. 
Бәйбішесі  мен  Сүйіндік  осыдан  он  шақты  күн  бұрын,  Зереге  бата  оқып 
қайтқан.  Қазірде  Ұлжанның  денсаулығын  сұрастырып,  аз  сөйлесіп,  амандық 
білісті. Содан кейім: «Жастар кең отырсын, еркін сауық етсін» деп, Асылбектің 
отауын әзірлетуге бұйрық берісті. 
Отау  онсыз  да  әзір  еді.  Абайлар  сонда  келді.  Тыста  да,  отауда  да  Абайды 
көрген  үлкен-кіші  жылы  сөйлейді.  Сыйлағысы  келгендей.  Соның  бірі 
Асылбектің  келіншегі  Қарашаш.  Үлкен  жағынан,  әсіресе,  сондай  жарқын 
жүзбен қарайтын Дәркембай. Ол Зеренің аруағынан айналып, Ұлжанды мақтап, 
Абайдың  кішкене  балаларының  аттарын  атап,  амандықтарын  сұрап,  оралып 
жүр.  Жазғытурғы  жұттан  бері  Абайды  аса  жақсы  білген  Борсақ,  Бөкенші  бұл 
ауылда бірталай адам екен. Бәрі де Жидебай, Мұсақұлдың қонағы боп өткендер. 
Бәрінін  де  қазіргі  ажарында  ырзалық  пен  алғыс,  құрмет  бар.  Борсақтын  бір 
шалы: 

 
236 
- Шырағым, жұрт көрген жұттан аманмын деп отырмын. Қарыздарым - бір 
құдай, содан соңғы - өзіңсің! - деді. 
- Құдайға шүкір! Сауын мен аққа ешкімнен олқы емеспіз. Тіпті сол он бес 
күн ішінде қорыққа тығылғақ елу ауылдың бәрін байқадым... Өзді-өз ортасында 
анық күйлі дәл солар бопты! - деп, Дәркембай да шаттанып сөйледі. 
Үй  ішінде  Абайға  сыпайы  амандасқан  Қарашаш  аса  бір  жақын  жанның 
ілтипатын сездіреді. 
Бұрынырақ  бір  кезде  Абайға  сырттан  томырылып,  ызалы  боп  жүрген 
Әділбек  те  қазір  ол  мінезін  ұмытқан  сияқты.  Өзі  жүріп,  есік  ашып,  Абайдың 
қамшысы мен тымағын кереге басына өз қолынан ілді. 
Бұл ауылдағы осындай барлық бейіл, бар ажар Абайға дәл бір өз туысының, 
жақын  жанының  үйіне  келгендей  жылылық,  достық  белгісін  білдірді.  Тегінде, 
Жігітек,  Көтібақ  сияқты  өзге  жақын  елдермен  салыстырғанда,  Абай  Бөкеншіні 
әрқашан артық көруші еді. Бұл ауылдардың адамына өзгеше бір мінезділік пен 
адал  момындық  бар.  Және  жақсы  көрген  адамынан  қолда  барын  аямайтын 
шыншыл бейілі бар. 
Қонақшыл жастардың жақсы отауында үш күн бойы ән салып, сауық жасап 
жатқан кезінде, Абай жаңағы мінезді, әсіресе Асылбек пен Қарашаштан көрді. 
Асылбекті Абай көптен бері «Асыл аға» дейтін. Сол Асылбек бұл күндерде 
Абайға аса бір сүйікті, жақын аға боп кетті. 
Бірақ  осы  күндер  бойында  Абай  ән  салып,  қалжың  айтып,  келелі  кеңес  те 
сөйлеп жүргенмен, өз ішінде жабырқау. Ол жайын өзге жанға сездірген жоқ. 
Соншалық  қадірлі,  ыстық  көрінген  Сүйіндік  аулы  Жәнібекке  келе  берген 
кештің  өзінде-ақ  Абайға  бір  толқын  салған  «Арман!»  деген  аты  бар,  орны 
толмас бір жара. Кеудеден оқ өтіп кеткен жер сияқты өшпес, бітпес уайым. Бәрі 
де  бір  Тоғжанның  ардақты  атымен,  нұр  жүзімен,  шыншыл  таза  жүрегімен 
байланысқан мұң болатын. 
Абай  ең  алғаш  келген  күні  Сүйіндіктің  үйіне  кірген  жерде  сол  «жарын» 
жоқтады.  Бар  дүние  орнында.  Бар  адам  сол  халінде.  Бұл  жерде,  бұл  маңда 
Тоғжан жоғын білсе де, Абайға мынау ата-ананың үйі қазір әкеп, Тоғжанын да 
көрсететін сияқтанған. Есік ашылса, сол кіріп келетін сияқтанып, үйде отырған 
шағында, кұлағына алыстан шылдырлаған шолпы үні келгендей болатын. 
Асылбек  отауына  қарай  басып,  ең  алғаш  табалдырықтан  аттап  кіріп 
келгенде,  Абайға  осы  отаудың  оң  жағы  тағы  да  бір  бақыт  шымылдығын 
көтерердей көрінген. Сол ақ жібек шымылдық, сол биік сүйек төсек, сол жасау, 
тегіс  орнында.  Сондағы  достар  қолымен,  мынау  Қарашаш,  Ербол  қолдарымен 
тықырсыз ашылған, бөгетсіз достық есігі де мінекей. 
Аса сырлас, нәзік жақын болып, Абайдың көп барлайтын Қарашаш та міне. 
Бірақ  бұл  күнде  достықтың  осындайлық  ыстық  ұясының  бәрі  де  дәрменсіз. 
Абай өзі қандай шарасыз болса, олар да сондай. Тоғжан жоқ. 
Өмірде  әсте  ұмытылмас,  қадірі  кемімес  жақсы  Тоғжан  Абай  жүрегін  осы 
күндерде  тағы  да  бір  өзіне  тартты.  Ендігі  -  сағыныш  пен  өкініш.  Әлдеқайдан 
қабысқаны  белгісіз,  бірақ,  жақында  Абайды  сондайлық  жүдеткен  ана  уайымы 
мынау  жердегі,  мынау  шақтағы  сағыныш  уайымымен  жалғасып,  бірлескендей 
болды. Екеуі де жазықсыз тазалығымен, адал шындығымен табысса керек. 

 
237 
Сыртымен  ән  салып,  қалжың  айтып  қойса  да,  Абай  анық  байқаған  көзге 
жиі-жиі жабырқай береді. Үндемей күрсініп қалады... Бұл үйде жас жігіттің дәл 
осы  күйін  іштей  танып  жүрген  Қарашаш  қана.  Ол  Абайдың  күрсінуінде 
өзгешелеу  терең  күйік  бар  екенін  байқайды.  Жас  жігіт  кәрілерше  «аһ-уһ» 
демейді.  Бірақ  ақырын  күрсінгенмен,  демі  дірілдеп  барып,  кеудесінен  лықсып 
шыққандай  болады.  Өксік  сияқты,  жалынды  леп  бар.  Көп  жылап  қиналғанның 
артынан келетін дәрменсіз күрсін тәрізді. 
Қарашаш кейде Абайға қабақ шытып қарайды да, жаны ашиды. 
Үшінші күні үйдің бір оңаша кезінде Қарашаш өз тесегінің жанында тұрып, 
Абайға: 
- Абай, қалқам! Осы сен менің Еркемді  ұмытпағансың-ау! Жайлауынан ел 
кеткендей, иесі кеткен жұртқа келгендей болдың ба? Байқадым-ау, мен соны! - 
деп, аз ғана қызарды да, сыпайы жүзбен күле қарады.  
- Жеңеше, рас! Таныдың, несін жасырам! Көңілің сол күнде де жүйрік еді. 
Дос жүрегің әлі орнында екен. Сондықтан таныдың ғой. Бір сәтін ұмытсамшы! 
Барлық  көргенім  көз  алдымда.  Көңілімнен  арылмайтын  бір  ой  бар...  Тоғжан 
кіріп келіп маған деген өкпе-назын айта жөнелетін сияқтанады да тұрады! - деді. 
-  Екеуіңнің  жолың  да,  женің  де  бөлек  еді,  қимаймын!  Еркем  сорлы  нені 
айтпап  еді  маған?  Шын  ғашық  еді  ғой  өзіңе!..  Кетерінде  оң  сапар  тілеген  жоқ. 
Өлім  тілеп  кетті.  Өзіме  сонысын  да  ашып  айтты  ғой?  -  деп,  Қарашаш  бір  сыр 
сөйледі. 
Екеуі де шарасыз ауыр мұңға батып, үндемей жүдеп қалды. 
Абайдың көз алдында Тоғжанмен ең соңғы айрылысар шағы соншалық ап-
ашык,  айдай  айқын  боп  келді.  Қақ  қасында  тұрғандай,  жаңа  ғана  болып  өткен 
хал сияқты. 
Тоғжан  сол  бір  желсіз,  тыныш  кеште,  жым-жырт  сайда  ымырт  жабылар 
шақта Абайды өзі іздеп келді. «Жетсін!» деп шақыртқан да өзі болатын. Күйеуі 
соңғы  рет  келіп,  алып  кетерінің  алды.  Бүгін-ертең  құда,  күйеу  жетеді  деп 
отырған кез болатын. 
Бұл  күнге  шейін  соншалық  арлы,  ұялшақ  болған,  нәзік  қорғаншақ  болған 
Тоғжан,  дәл  сол  кеште  біртүрлі  есіп,  бекіп  келді.  Жалынды,  арманды  сөздерін 
шешен  қып  айтты.  Көзінде  жас,  денесі  дірілдей  түсіп  айтқан-ды.  Әр  кездегі 
үйреншікті  ерке  әдеті  бойынша,  Абайдың  төсіне  бетін  басып  тұрған-ды. 
Баурына кіріп, құшақтай тұрып, нелер айтпады?.. 
Екеуінің  сүйіскен  жылдары  ұзақ.  Бірақ  көріскен  қызығы,  кездескен  рақат 
шақтары  тіпті  аз  екен.  Тоғжан  сол  үшін  өкінгенін,  қатты  күйіп  назаланғанын 
айтқан.  Өмірге,  тағдырға,  зорлық  құдіретке  ренішін  айтқан.  Жылап,  өксіп 
назаланып  келген  кезінде,  арман  асқан  шағында,  сол  кеште  лағнат  та  айтқан. 
Абай Тоғжанды жұбата алмай, ет жүрегі елжіреп қайтқан. Көз алдында, жылап 
кетіп  бара  жатқан  Тоғжан  тұр.  Басына  жамылған  қара  жібек  шапаны  мен  ақ 
көйлегінің  етегі  де  есінде.  Шапан  астынан  тұншыға  сылдыраған  шолпысының 
да мөлдір үні құлақта тұр. Әлі өшкен жоқ... 
Абай тағы да бір күрсінді де: 
-  Есіл Тоғжан, ұмытпаспын... ұмытпаспын! - деді.  
Қарашаш  Абайды  осы  ауылдың  досы  ғана  емес,  аса  бір  ыстық  күйеуіндей 
көріп, қимады. Сондықтан Асылбекке өзінше бір оқшау ақыл салды. 

 
238 
Мұның  төркіні  Сыбан  ішінде  Қадырбай  ақынның  аулы  болатын.  Солар 
жақында  Асылбек  пен  Қарашашты  шақыртқан  екен.  Абайларды  аттандырған 
соң, бұл отаудың иелері сонда жүрмек еді. 
Абайдың  басына  Асылбектің  достығы  шын  екенін  таныған  Қарашаш,  сол 
өзінің төркініне Абайды ала барайық деген. 
Асылбек бұл сөзді естісімен мақұл көрді де, ар жағын өзі молайтып, жақсы 
түсініп  кетті.  Абайға:  «Қыдырып  қайтайық.  Онда  да  бірталай  жатамыз. 
Қадырбай қандай кісі екенін өзің де білесің... Осы сапар жаман болмайды. Тура 
бірге барайық!» деген. 
Абай  Сүйіндік  аулын  өзіне  өзгеше  бір  жақын  көріп,  Асылбек, 
Қарашаштардан айрылғысы келмеп еді. Оңай көнді. 
Тек, сол сөздің байлауы болып қалған соң, бір оңашада Ербол Абайға: 
- Осынымыз  лайық  па  екен  өзі?..  Төркіндеп  барған  қатынға  еріп  жүру 
қалай болады? Екеумізді ел күлкі етпес пе екен осы? - деп еді. 
Ербол  мұны  өз  басы  үшін  емес.  Абайдың  абыройы  үшін  айтқан.  Абайдай 
ел  аузына  ілініп,  жақсы  аты  шығып  келе  жатқан  жігітке  «Мұнысы  несі?»  деп, 
біреу-міреу күле ме? Ерсі көре ме? - дегені еді. 
Абай оны елеген жоқ. Ерболдың иығына бір қолын салып күлді де: 
- Өй тәйір, Қадырбайдың мәжілісінде боп ұстаздығын көреді екеміз. Оның 
өзі  қайда  жатыр?  Ал,  қасына  ерді  десе,  еретініміз  кім?  Сондай  жақсы,  сондай 
ұмытылмас  Қарашаш  екен.  Ол  татымайды  деп  кім  айтты?  Кімнің  аузы  барады 
екен? - деді. 
Сүйтіп,  арада  төрт  күн  өткен  соң  бір  топ  ажарлы  жастар  ортасына 
Қарашашты алып, Қадырбай аулына кеп түсті. 
Тобықтыдан  келген  жас  қонақтарды  бұл  ауыл  жақсы  қарсы  алды. 
Қадырбайдың  үйіне  қонақтармен  бірге  ілесе  кірген  үлкендер  де,  бала-шаға  да 
көп.  Бөгде  кісілерді  тамашалап,  елдерінің  жайын  білу,  хабар-ошарын  есіту 
үлкен-кішінің  бәріне  де  қарыз  сияқты.  Қарашашты  қоршаган  жеңгелер  мен 
қыздар да аз емес. 
Қадырбай  өзі  үйде  екен.  Оны  Бөжей  асынан  соң,  Абайдың  екінші  көріп 
отырғаны  осы.  Ақын  қартайып  қапты.  Бұрынғыдай  толық,  көрнекті  емес. 
Сақал-шашының  ағы  көбейген.  Ажымдары  тереңдеп,  барлық  ажары  қуан 
тартқан  жүдеу.  Тек  қана,  үлкен  жазық  маңдайы  мен  келбетті  мұрнында  ғана 
бұрынғы  кесек  бітім  белгісі  бар.  Қадырбай  әуелі  Асылбек,  Қарашашпен 
амандасып алып, соның артынан Абай мен Ербол жайын сұрады. 
Абайды танымай қапты. Оның Құнанбай баласы екенін білген соң ғана, ана 
жылғы көргендерін еске алды. Астағы бірталай жайларды кеше ғана көргендей 
сөз қылып кеп: 
- Бөжей асы бұл өңірдің ұлы дүбір асының бірі боп еді. Қонақ атаулы ырза 
боп алғыс айтып аттанып еді, - деді. 
Қадырбайдың көбінше өзі сейлеп, қонақтардан оқта-текте ғана жұт жайын 
кәрілер  жайын  сұрастырды.  Абай  өздігімен  жазылып  сөйлеген  жоқ. 
Қадырбайдың  сұраған  сөздеріне  орнықты,  қысқа  ғана  жауаптар  беріп, 
сыпайылық  сақтап  отырды.  Бірақ  үй  иесімен  әңгімелесу,  мәжіліс  құрү  міндеті 
қазіргі  халде  Абай  мойнында.  Өйткені,  Асылбек  бұл  ауылдың  күйеуі 

 
239 
болғандықтан  оншалық  шешіліп  кете  алмайды.  Қадырбай  да  өзінің  сөздерін, 
сұрауларын Абайға қарап айтады. 
Көршілес екі елдің адамдары бас қосса, биылғы жыл, ең үлкен әңгімесі жұт 
жайы болатын. 
Бүгінгі кеш бойында Абайдан Қадырбайдың сұрағаны да сол. «Мамырдың 
жұты»  Тобықтыны  қаншалық  күйзелтті?  Қатты  жұтаған  қай  рулар?  Жеңіл 
құтылған  кім?  Ашаршылық  жоқ  па?  Ақ  жағы  қалай?  Сауыны  тәуір  ел  бар  ма? 
Осының  бәрін  қадағалап  сұрайды.  Бар  Тобықтының  ішін  бұрын  жақсы 
білгендіктен, қазір де сол елдің шетте жүрген бір азаматы сияқты, оңай танып, 
тез  болжап  отыр.  Сұраулары:  сүле  науқастың  тамырын  ұстап  отырып,  соның 
ұйқысы,  ішер  асы,  ауырған  жайы  туралы  сұрақ  салып  отырған  емшінің 
сұраулары сияқты. 
Абай  Тобықты  ішіндегі  алыс-жақын  елдің  бәрінің  жайын  толық  айтып 
берді.  Күдіксіз,  бөгетсіз  айтады.  Асылбек  пен  Ербол  да  жаңа  байқады.  Жас 
жолдастары,  қазіргі  күнде,  Тобықты  ішінде  қанша  мал  қалды?  Кімде  қалды? 
Қай  ру  қаншалық  шығын  шығарды,  бұрын  несі  бар  еді?  Баршасын  тура,  хатқа 
түсіріп  алғандай  біледі  екен.  Салыстырып  айтқан  сандары  мен  елдің  күйзеу 
халдері Тобықты жайын Қадырбайға түгел танытты. 
Көршілес, туысқан елдің ауыр жайларын Қадырбай күрсіне түсіп, қиналып 
тыңдады. Жүдеп, мұңайып отыр. Басын шайқап, таңдайын қағады. 
Өз елі де солай. Мамырдың кесек қары Сыбанды да тұралатып кеткен. 
Осы Қадырбайдың өз айналасы да қазір «тақ-тұқтын» үстінде. 
Ақынның  дәл  өз  үйі  бұрын  да  бай  болған  емес-ті.  Бірақ,  биылдан  бұрын, 
қымызы,  сойысы  жеткілікті  болушы  еді.  Қазір,  аман  калған  ағайыннан 
сұрастырып, азғантай ғана бие сауып отыр екен. 
Бұл  жақтың  күйзеулік  халін  Қадырбай  да  толық  айтты.  Өз  күйін  де 
жасырған жоқ. 
Құлақ есіткен жердің аманы жоқ екен. Мал баққан барлық сахара тегіс аш-
арық, көтерем сияқты. Сол көп уайымын кең шолып, шерленіп кеп, Қадырбай: 
-  Бұлаң  кердей  бұлықсыған  ел  едің.  Бірақ  боран  бүрістірді  де  кетті.  Енді 
міне, қатты дауыл астында қалт-құлт еткен бұтадай болдық та қалдық қой! -деді. 
Әңгіме жалпақ елдің жайына көшкен кезде, Абай шешіле түсті. 
Бұл  уақыттарда  кешкі  шай  ішіліп  болып,  тыста  мал  сойылып  жатқан. 
Алғашқы кезде қонақтармен бірге кірген көршілер қазір тарап кеткен болатын. 
Қарашаш қасында отырған қыздар да көп еді. Қазір шайдан соң олар да тарады. 
Енді сол кеп қыздардың ішінен бөлініп қалған бір ғана ұзын бойлы, ақсары қыз 
бар.  Сұлу  денелі,  ашық  нұр  жүзді  әсем  бойжеткен.  Жіңішке  қап-қара  қасы 
Абайға  алдымен  байқалды.  Кейбір  кішкентай  қозғалыстарымен  Тоғжанның 
қасын  еске  түсірген.  Ұзынша  боп  біткен,  үлкендеу  келген  қоңырқай  көздері 
саналы  сияқты.  Анда-санда  күле  қарап,  жалт  етіп  қалғанда,  әлдеқандай  көп 
шұғлалы,  мол сәуле  төккендей  болады. Сопақша  біткен  сұлу  жүзінде  жұқалаң, 
әсем қызылы бар. Мұрны мен маңдайы бұл қыздың Қадырбай қызы екенін дәл 
танытады. 
«Қадырбайдың ақын қызы» деп аталатын Қуандық осы екен. 

 
240 
Ауыл үйдің қонағы тарағанша, Қуандық үй ішінің ұзақ шаруасына алданып 
жүрді.  Шай  жасап,  қонақтарды  күткен  де  өзі  болатын.  Шешесіне  болысып, 
тыста сойылып жатқан мал жаққа да барып қайтады. 
Қонақтар  мен  әкесінің  әңгімесі  үзіліңкіреген  кезде,  Қуандық  Қарашашпен 
сөйлеседі. Шай үстінде барлық жұртка ашық үнмен тіл қатып: 
- Ішіңіздер!  Ішіңіздер...  Аз  іштіңіз!  Жеп  ішіңдер!  -  деп,  анық  үй  иесіндей 
бейіл көрсеткен. 
Әке  алдында  именіп,  жасқанып,  ұяң  сөйлейтін  қыз  емес.  Шайдың 
дастарқаны  жиылып  болған  кезде,  мал  да  сойылып  болып,  ет  асылган-ды.  Үй 
ішінің  қарбалас  жүрісі  саябырлады  да,  барлық  үлкен-кіші  қонақтардың 
айналасына жиылды. 
Қазірде  көбірек  сөйлеп  отырған  Абай.  Қуандық  Абайдың  атын  бұрын  да 
естіген  болатын,  өзіне  жақынырақ  отырған  Қарашаштан  енді  анықтап  тағы 
сұрап алды. 
Жігіт қонақ әр сөзін байыпты қып, шешен сөйлейтін сияқты. Абай биылғы 
жұттың ауыртпалығын бұрынғы жұттармен байланыстырып, желілеп сөйлейді. 
Киіз  туырлықты  қазақтың  баяғыдан  бергі  айықпас  қасы,  арылмас  соры  сол. 
Осыны екінің бірі біледі. Бірақ, атадан бала, баладан нәсіл сол көргеннен өнеге 
алары  бар  ма?  Бұл  бәледен  құтыларлық  жол  бар  ма?  Сол  туралы  арғы  бергіде 
«ел  қамқоры»  деп  аталған  жандардың,  елге  жаны  ашып,  жол  айтқаны,  жөн 
сілтегені болды ма? Қадырбай соны біле ме екен? Осыны сұрады. 
Қадырбайға бұл сұрақтар тосын көрінді. Ойланыңкырап отырып, тақпақтап, 
мәтелдеп кетті. «Баянсыз бақ, тұрлаусыз тіршілік... Бар дүниеде тозбақ бар. Исі 
аңқыған  бәйшешегің  де  күзі  жетсе  қуарады...  Әл-қуатың  кеткенде,  алма  бет  те 
суалады», деп дүниенің кезегін, баянсызын айтты. 
Абай бұл сөздердің шешендігін бағаласа да, ішкі нәрін қанағат қылған жоқ. 
Қазақ  деген  қалың  ел,  іргелі  ел,  оның  тірлігінің  де  айнымас  берік  тұрағы  болу 
керек.  Бәйшешектің  тірлігі  адам  тірлігіне  місе,  мысал  болмайды  деп  еді. 
Қадырбай  ел  дегеннің  бәрінің  тірлігінде  де  тұрақсыздық  бар  екенін  айтып, 
қазақ тірлігі өзгеден артық тірлік деп бағалады. 
Абай  бұған  да  тоқтамады.  Өзге  елде  өнер  барын,  енер  деген  таусылмас 
азық, жұтамас байлық екенін айтып кеп: 
- Ойлап,  байқап  қарасаңыз,  осы  дүниедегі  бар,  жұртты  біздің  қазақ  шала 
біледі. Бір елді бір ел жақсы білсе, жақсы өнегесін де алар еді. Сонау адам-ата 
заманынан  бері  қарай  бір  елдің  өнегесіне  бір  ел  ортақ  боп  келген.  Соның 
тапқанын  бойына  жапсырып,  үлгі  етіп,  өрбіп  өсіп  келген.  Біз  болсақ,  сол  көп 
үлгіден  кенде,  көп  өнерден  кенже  қалғамыз.  Баяғы  заманнан  бері  айықпаған 
жұт - сондай артта қалғандық салдарынан, - деді. 
Қадырбай  мен  Қуандық  мына  сөздің  тұсында  бір-біріне  қарасты  да,  іштен 
ұғысқандай  болды.  Қадырбай  өзге  әкелердей  емес.  Баласына  ақыл  сала 
сөйлейтін және қыз бала демей Қуандыққа да сүйенетін тәрізді. 
Бұл  кештегі  ұзақ  әңгіме  мен  кейбір  жарыссөздер  ылғи  ғана  сол  жаңағы 
«ел»,  «елдік»  деген  жайдан  болды.  Сонда,  кәрі  ақын  жас  жігіттен  неше  алуан 
соны сөз есітіп кеп, іштей қатты толғанып қалды. 
Әншейінде қандай үлкендермен кездессе де оңай ұғысатын жайлар бар еді. 
Сол  баяғыда  шешіліп  қойған,  «айдан  айқын»  деген  сөздің  барлығына  мына 

 
241 
жігіт  басқаша  қарайды.  Дау  айтады.  Айтқанда,  тауып  айтып,  тізе  көрсетіп 
тоқыратып кетеді. 
Келесі  күні  қымыз  үстіндегі  мәжілістерінде  осы  әңгімелер  және  де 
сөйленді.  Қуандық  дауға  араласқан  жоқ.  Бірақ  бүгін  ол  Абай  сөздерін  көбірек 
қостайтын болды. Әкесінің кейбір дауларын қабыл алмай күледі де: 
- Әке,  қонақтың  сөзі  ұтымды  ғой,  -  деп  қояды.  Тағы  бір  кезде  «осы  сөзге 
тоқтау керек-ау!» деп те қойды. 
Бұл  тұс  Абайдың  кешеден  бергі  әңгімені  екшеп  кеп  тоқыратқан  жері 
болатын. 
Бүгінгі  елдің  тірлігін,  кәсібін  көп  сынаған  Абайға,  Қадырбай  жаңағы  бір 
кезде: 
- Ендеше өзің не дейсің? Елді бұдан бұлай немен ел бол дейсің? Сынадың, 
мінедің ғой! Ал енді, шығар жолың бар ма? Соныңды атап көрші! - деген. 
Абай осыған орай: 
- Елге өнер, білім керек. Оқу, тәрбие керек. Ендігі заман кең жайылыс, ұзақ 
өріске  сеніп,  қалың  ұйқыны  қуат  біліп  жататын  заман  емес.  Өзге  өнерлі  елден 
оқып, үлгі алудың заманы, - деген. 
Бұл  байлау  Абайдың  осы  дау  үстінде  тапқаны  емес,  көптен  бергі  оңаша 
ойларының  сарқып  келген  жері.  «Ел  үшін  сол  керек  және  әсіресе,  өзі  үшін  де 
жалғыз жол, даңғыл жол - сол!» деп білген болатын.  
Қадырбай  оқу,  тәрбие  ата  мен  бабаның  тәрбиесі.  Балаға  соны  білмек, 
бәрінен де асыл деп, дауласа бастап еді, Қуандық сол тұста жаңағы өз байлауын 
айтқан, 
Осыдан  кейін  Қадырбай  өзі  де  тоқырап  қалып,  қайта  ойланды.  Ойланып 
кеп, үндемей отырып барып, ақырыңда: 
-  Шынға  бақсақ,  сенің  сөзің  әділ  екен,  балам.  Бетің  де,  арманың  да 
көкейіме  қонады.  Ендігі  заман  солай  болса,  болғаны-ақ!  Сенің  айтып 
отырғаның  осы  өз  буының  мен  келер  ұрпақтың  тілі  болар.  Тек,  бірақ  кімге 
барасың?  Үлгі-өнегесін  қайтіп  аласың?  Сол  жолда  заман  адастырмаса  болғаны 
да! - деп, сөзін аяқтады. 
Қарт ойша көп қарсыласты. Бірақ байыптап барып, шын мақұлдады. 
Осыдан  кейінгі  екі  күн,  екі  түн  бойындағы  әңгімеде  Абай  Қадырбаймен 
дауласқан  жоқ.  Бірақ  аса  бір  ықыласты,  ұғымтал  тыңдаушы  боп  отырып,  ылғи 
ғана Қадырбай көрген ақындар жайын сұрастырған. 
Қадырбай  бұл  мәжілістер  тұсында  даңғыл  жолға  түскендей  боп,  жазылып 
кетті.  Кейде  соқтырып,  өлең  айтып  кетеді.  Өзі  жаңылып  ұмытыңқырап  қалған 
жерлер  болса  жалт  етіп  Қуандыққа  қарайды.  Әрі  сұлу,  әрі  майда  мінезді 
Қуандық әкесінің мүдірген жерлерін тез айтып, есіне түсіріп жібереді. 
Бұрын  талай  естіген  сөздерін  әлі  де  құмарланып,  сүйсініп  тыңдаған  ажар 
көрсетеді.  Жалғыз  айтыс-талас  сөздер  емес,  елдің  мұңын-шерін  айтқан  ойшыл 
ақындардың сөздерін де Қуандық жақсы ұққан екен. 
Қарт  ақын  әр  сөзінің  тұсында  әлдебір  ертегіндей  алыс  ақын  Садыққа  соға 
береді.  Бала  кезінде  өзіне  өзге  ақындардан  өзгеше  көрінген  сол  Садекең  екен. 
«Көргені  мен  білгені  ұшан-теңіз.  Ол  кісінің  айтқаны  мен  жеткізгенінің  мың  да 
бірін білмейміз. Тегін емес, кеудесінен нұр саулаған ақын сол еді, жарықтық!» - 
деп сөйлейді. 

 
242 
Садық  Қадырбайдың  айтуында  жай  ақын  емес.  Өзінше  бір  көреген  жан 
сияқты. 
Абай  осы  орайда  Қадырбайдың  сол  Садықпен  айтысқанын  сұрап  еді. 
«Садық  пен  баланың  айтысы»  дейтін  Арқаға  мәлім  айтыс.  Сондағы  бала  осы 
Қадырбай  болатынын  Абай  жақсы  білуші  еді.  Бірақ  Қадырбай  ол  сөзге  көп 
тоқтаған жоқ. 
-  Біздің  Садакеңмен  айтысар  шамамыз  кәне?  Әншейін  бір  жалғыз  ауыз 
сөздің тұсында болымсыз тосқауыл айтқаным ғой. «Айтысты, жеңді» дейтін сөз 
емес. Тек қана Сыбанның Шүмек бастатқан он алты ақынын жеңіп отырған соң, 
мұндағы  елдің  намыс  етіп,  көтеріп  әпкеткені...  -  деді  де,  басқа  әнгімелерге 
көшіп кетті. 
Қадырбайда  үлкен  мінезділік,  кеңдік  бар.  Өзімшіл  емес.  Мақтан  сөйлеген 
«шыға шаппа» емес. Сонысы, және, жалғыз Қадырбайдың өзінде емес. Осы кәрі 
ақын есіне алып отырған Садықта, Шүмекте, Барласта да бар сияқты. Қадырбай 
өсиеттерінің  түбіне  бойласаң  ақындық  -  дарыған  күш,  үлкен  қасиетті  жақсы 
ақыннан қалған айшықты сөз тегінде заманның қасіретін айтады екен. 
Көргені мен естігеніне көз салып, көп ойлап кеп топшылағанда, Қадырбай 
осыны түйіпті. 
- Сол сарынның бәріне кейде ақырын жатып, құлақ салып байыптасам, бір 
шерге  бір  шер  ұласып,  қосылып  жатады  екен  өзі.  Көкейкесті  күйін  тыңда 
күңіренген жырын тыңдашы. Абай, сен кешелер бір орынды сөз айттың, балам. 
Осы  елдің  өткенінің  бәрі  де  тегінде  өзі  кешкен  өміріне  сүйсіне  алмай  кеткен 
екен.  Көп  сарынның  ішінде  басымдап,  өктеп  келіп  жататын  бір  сарын  бар. 
Сонысы  қуаныш  пен  шат-шадыман,  мәре-сәре  емес-ау!  Көптен  көбінше  заман 
уайымы,  заман  дерті-ау.  Арыдағы  арманын  айт,  кешегі  осы  елде  болып  өткен 
мамырдың жұтын айт. Бұл туралы да осы күні кеп ақын зар төгеді... Бәр-бәрі де 
шат  болған  елді  аз  көреді.  Шаңырағы  күйреп  жатқан  күйзеулікті  айтады  ғой. 
Сол текке айтылып жатқан жоқ. Сен айтқандай панасыз, айласыз болғандықтан 
туып  жатыр.  Жалын  атқан  көптің  дерті  айтқызып  жатыр  ғой!  -деп  Қадырбай, 
бір үлкен түйін түйді. 
Содан  кейінгі  әңгімелерде  Абай  мен  екеуі,  жас-кәрі  демей,  аса  жақсы 
ұғысып кетті. 
Арғы-бергіден  тағы  да  көп  сөздерді  сұрастырып  кеп,  Абай  Қадырбайды 
енді анық таныды. Сонау бір жас күндерінде Абайдың аса жақсы көрген ақыны 
Барлас еді. Беріде Шөжені білді. Балтаны көрді. 
Қазір бірнеше күннен бергі әңгімелер тұсында Абай Қадырбайды солармен 
көп  салыстыратын.  Ойы  дана,  мінезі  майда,  жолы  даңғыл  қарт  ақын  Абайдың 
бұрын көрген ақындарына кейде ұқсап, кейде ұқсамай кететін сияқты. Енді кеп 
екшегенде,  солардың  бәрімен  Қадырбайдың  шындап  барып,  тереңдеп  туысып 
жатқанын ұқты. 
Осыны ұққан сайын, барлық осы кәрілерді жанындай жақсы көре бастады. 
Өз халқының ішінде өзгеше бір ғазиз, жақсы жандар осылар сияқты. 
Жаңа Қадырбай айтқандай арғыдан бері қарай терсе, елдің үлкен арқалығы 
осылар  сияқты.  Бір  сәтте  мынау  сұлу  қартты  Абай  өзінің  әкесіндей  түсініп, 
іштей тағзым етіп, шындап тұрып бас иді. 

 
243 
Жай  әке  емес.  «Малыңды  бақ.  Дәулетіңді  асыр.  Ұрпағыңды  өсір.  Өзгеге 
өктем  бол!»  дейтін  әке  емес.  Ой-сананың  әкесі.  Тағлым  мен  таза  жолға 
бастайтын әке сияқты. 
Абай Қадырбайға алғыс айтты. Ұстаз алдында алмаған азық алғанын айтты. 
Бірнеше  күн  осындай  келелі,  кеңеспен  еткен  еді.  Абай  бұл  уақытта 
Қадырбай қасынан екі елі айрылған жоқ. 
Бірақ енді дәл Абайдың өзі болмаса, Асылбек пен Ерболдар және, әсіресе, 
Қуандық,  Қарашаштар  да  басқа  ермек  іздей  бастаған.  Олар  «Отауға  барайық. 
Азырақ сауық құрып, көңіл сергітейік» дескен. 
Қадырбай өзі де жастарды өз мәжілісінен «азат» етуді ойлаған екен. 
Төртінші күн кешке жақын, қолына домбыра алып отырып: 
-  Шырақтарым,  сендермен  сөйлесіп  өзім  де  сергіп  қалдым.  Бірақ  біз  от 
орнына шегіп қалған қарт бауырдай болдық. Қанша айналып қармансақ та, кәрі 
әженің  бала  уатқан  көй-гөйіндей  күй  басады.  Сендер  оған  қашанғы  мүлги 
бересіңдер? Тілегің, талабың алдыңда. Біздің ту болса, жиырылып ойға түскен. 
Енді  дөң  басына  да  шыға  алмайды.  Сендерге  ол  жол  емес.  Өрлейтін  өр, 
қиялайтын қияларың алдыңда. Соған бас, содан қайтпа!.. Үнемі уайым ойлама!.. 
Сауық та құр! Шалқып қал! Көрмегеніңнің бәрін көр!.. Тек беттерің қайтпасын! 
-  деп,  біраз  отырды  да...  -  Енді  сауық  құрыңдар!  Мен  сендерді  аз  сөзбен 
шығарып салайын! - деп, домбырасын кұңренте тартып жөнелді. 
Жастар тегіс телміре қарап, үн тыңдай қап еді. Аздан соң Қадырбай әндетіп 
кетті.  Дауысында  аса  бір  кең  тыныс  бар  екен.  Боздаған  нардай  үлкен  толқын 
шығады.  Жас  шағында  бұл  ақынның  ірі  әнші  болғаны  сезіліп  тұр.  Бүгінгі 
сазында  кешеден  бері  өзі  айтқан  «көкей  кесті»  толғау  бар.  Арман  салқыны 
келеді. 
Жастарға  қазіргі  айтқан  сөздері  «Әз  ағаның»  тілек  батасы  сияқты.  Жақсы 
балам,  асыл  інім  ,адам  бол!  Артыңа  өнеге  қалдыр!  Қысылған  халқың, 
қаумалаған  қарындасың  бауырыңнан  пана  табар  бәйтерек  болыңдар!»  деп 
сөйледі. 
Қоңыр кеште, осындай саналы бір сөз тартқан қарт ақынның әні де өзгеше 
болатын. Әсіресе, қайырмасы басқа. Ол Қадырбайдың көп жылдан бергі тауып 
алған, аумас, айнымас қайырмасы. 
Күңірене  толқып,  нақыстап  кеп,  анда-санда:  «Елім!  Елім!..  Елім-ау-елім!  - 
деп қайырады. 
Абай  осы  қайырмадан  қатты  әсер  алды.  Барлық  үлкен  тұлғалы  Қадырбай 
сол бір қайырмадан танылғандай, өзінің асыл жүрегін анық ашқандай. Қасиетті 
аға,  халық  атасы  боп  биіктеп  шығып,  шарықтай  түсті...  Абайдың  жүрегі 
алғысқа  толы.  Қарт  ағаның  әні  тоқтағанда,  жас  жігіт  сұп-сұр  боп,  қатты 
толқынып  қалды.  Осы  халінен  айыға  алмай,  Қадырбайдың  жүзіне  қадалып 
қапты. Тамағына лықсып кеп тұрған шер толқыны бар. 
Абайдың  қатты  өзгерген  жайын  Қуандық  байқап  отыр  екен.  Әкесінің 
домбырасын ептеп сусытып алды да: 
-  Шығарып  салар  әніңіз  «Сауық  құр!»  деп  тұрған  жоқ.  Тағы  да  «Сарыла 
түс!»  -  деді  ғой,  әке!  Дәл  бұл  жолы  сол  тіліңді  алмаспын.  Біз  енді  ойын 
ойнаймыз. Білдің бе? - деп күліп жіберді. 
Осы мінезі үй ішін тегіс көңілдендіріп, сергітіп әкетті. 

 
244 
Абай  да  Қуандықтың  соншалық  сергек,  ерке  күлкісіне  таңқалды.  Шаттық 
пен сауықтың жаны да, сөнбес шырағы да дәл осы еркін сұлу, жас қыз сияқты. 
Дәл осы сәтте, осы күңгірт кеште Қуандық Абайға үлкен бір қуат, екпін суретін 
көрсеткендей болды. 
Мынандай жанның маңында күңгірт кеш те, жабық көңіл де болмау керек. 
Оның аты үлкен үміт. Әрі сұлу, әрі сенімді, мықты үміт. Оның бас иер күші жоқ. 
Отауға  барған  соң,  қонақтар  қасына  көп  қыз,  келіншек  пен  жас  жігітер 
жиылды.  Ойын-сауық  аса  қызу  боп  басталып,  таң  аппақ  атқанша  солғындаған 
жоқ.  Бұл  түнде  ұзақ  әсем  ән де  шырқалды.  «Орамал  тастау»,  «Хан  жақсы  ма,» 
«Мыршым»,  «Белбеу  соқ»,  «Ләппай  тутәлә»  сияқты  күлдіргі  ойындар  да  тегіс 
ойналды. 
Әр ойынның арасында қыздар мен жігіттердін кезек шырқаған айтыстары, 
ән жарыстары да көп. Сыбан ойыншы, сауықшы ел болатын. Әсіресе, осы ауыл 
Қадырбайдың  әкесі  Ақтайлақ  заманынан  бері  қарай,  айтыс  пен  әннің  қан 
базары.  Кішкентай  күнінен  бері  сол  қалың  думан  ортасында  өскен  Қуандық  - 
мынадай ойын-қызықтың жаны есепті. Өзіне серік, дос қыздары да көп. 
Сыбан  мен  Найманның  ескіден  келе  жатқан  әдеті  қыздарын  жастай 
ұзатпайтын.  Сыбан  қызындай  үйде  қартайтамысың?»  деген  сөз,  өзге  көршілес 
елдерге  мәтел  сияқты  болған.  Қадырбай  аулында,  мынау  отауда  сондай  жетіп 
отырған,  жасы  отызға  тақап  қалған  қыздар  біреу-екеу  емес,  әлденешеу.  Соның 
бәрі  шетінен  қалжынқой,  ашық.  Ойын-сауыққа  жаны  құмар,  шетінен  әнші, 
өлеңші боп шықты. 
Бар  жиынды  бастап  отырған  Қуандықтың  өзі.  Оның  тамаша  күлкісі 
әрдайым  сыңғырлап  шығып,  күйдей  созылып,  жұрттың  бәрін  еліктіріп  отыр. 
Қуандық  ойын  үстінде  жігіттерді  аямайды.  Мәз  болып  күліп  отырып,  қызара 
түсіп, қатты жазалайды. 
Өзіне жаза тартатын жер келсе де саспайды. Күлкісінен жазбай, міз бақпай 
отырып, бар жазаны оп-оңай көтеріп кетеді. 
Осы кеште  Абай мен Қуандық қатар отырып, әзілмен, әнмен, айтыспен де 
көп жарысты. 
Ең алғашқы айтысты Қуандық өзі бастаған. 
Арнап сөйлеген кісісі  Абай. Бұрын айтысқа көп салынбаған Абай әуелі ән 
жағына салмақ салып, сөздерін ойлаңқырап, бөгіліңкіреп айтып отырды. Сыбан 
ішіне Арқаның көп сұлу әндері жайылмаған екен. Абай соларды айтумен және 
ырғақ, нақысын жақсы жеткізумен Қуандық әнін баса берді. 
Алғашқы  бір  қағысулары  осымен  өтіп,  ойын  арасында  айтысқа  тағы 
оралып  келгенде,  Қуандық  ән  айтпай,  термеге  түсті.  Айтыстың  әні  емес,  сөзін 
сарапқа салайық дегені. Абайдың құлақ күйі сияқты бір жеңіл, жорытпа термесі 
болатын.  Ол  да  соған  түсіп,  енді  Куандықтың  өзіндей,  жылдам  шығармаға 
ауысты.  Барған  сайын,  Абай  бойын  кең  салып,  шешен  айтуға,  шапшаң  айтуға 
оңай  төселіп  барады.  Ендігі  айтысты  өзі  де  тілегендей.  Бойына  екпінді  сергек 
бір  жалын  біткендей  болды.  Бірінің  сөзі  бірін  жанып  салып,  екі  жасты  анық 
шабытқа шақырып отырды. 
Қуандықтың екі көзі күлімсіреп, ақша беті балбұл жанады. Жас жігітпен өз 
жарысын  рақат  деп  білген  тәрізді.  Бұл  жастардың  айтыс  сөздері  сыпайы 
қалжыңмен бір-бірін мақтау. Жігіт сол әзіл құрмет арасына «махаббат», «ғашық 

 
245 
от»  деген  сияқты  жайларды  араластырып,  тұспалдай  береді.  Қыз  болса: 
«сыпайы  кұда,  сый  азамат,  келген  сапарыңды  кұрмет  етем.  Затың  жақсы,  өзің 
жақсы.  Әншейін  бір  әлдекім  емессің.  Екеумізге  де  жарастығы  сыпайы 
сыйластық», деп бейнелейді. 
Көп  көзінше  ашық  айтысқан  әзіл  құрметтері  осы.  Бірақ  жай  отырып, 
ақырын сөйлескенде, сұлу қыз бен мәнді жігіт осы кеште көбірек ұғысып еді. 
Оған басшы болған Қуандық. Жұрттың дырду-думаны молайып, бір жерде 
ән  шырқап,  бір  жерде  күлкі-тартыс  басымдап,  керіс  боп  жатқанда  Қуандық 
Абайға  мойын  бұрып:  -  Өлең  байғұс  көп  орамға  келе  бермейді.  Жұрт  көзінше 
не дейін, Абай? Қөңілімнің айтпағын әнім  іркіп қап еді. Шын сөйлессем, саған 
айтар  сырым  көп!  -  деген.  Осы  сөзінің  өзін  де  күліп  отырып,  жұрт  көзінше 
сезікті етпей айтты. Ашық сөйлеп, батым келіп, Абайға өзгеше көңіл бөлетінін 
білдірген. Екеуінің іштей ұғысулары бұл кеш емес, алдыңғы күндерде-ақ мәлім 
сияқты еді. 
Абай  Қуандықтың  ақ  саусақтарын  қатты  қысып  отырып,  екі  бірдей 
жүректің жан тамырлары бір соққанын сезді. 
-  Екеуміздің  жүрегіміз  бір  соғады-ау!  Көремісің?  Айтқаныңа  қуандым. 
Мені де өзіңдей көр! - деп қалды. 
Осыдан  соң  бұлардың  әрбір  күлкісі,  әзіл  сөздері,  қабақ  қимылдары  - 
барлығы да сондайлық бір тәттілік, қуаныш белгісін көрсетіп отырды. Ойынды 
сылтау етіп бір рет сүйіскенде, бұлардың жүздері де шын ләззәттан белгі беріп, 
бір-біріне ып-ыстық боп тиісті. 
Осы  түннің  қылаңдап  атқан  таңында,  қонақтар  тарай  бастаған  шақта, 
Қуандық Абайды шеткі үйге қарай жөнелтті. 
Жұрттың  бәрін  таратып,  жайғастырып  болған  сон,  сол  үйге  өзі  де  келген 
еді.  Шеткі  үй  оңаша  екен.  Ішінде  бір  ғана  төсек  бар.  Иесі  қартаң  әйел  ерте 
тұрып  кеткен  сияқты.  Екі  жас  ыстық  құмарлықпен,  жалындап  табысты.  Тығыз 
жерде,  тар  уақытта  кездескендіктен  екеуі  де  үнсіз  еді.  Қалтқысыз  келіп, 
іркілмей  қосылғам  құшақтары  бұларды  сол  үнсіз,  жым-жырт  толқын  ішіне 
ілезде тартып әкетті. 
Осыдан  соң  тағы  да  бірнеше  күн  ойын-сауық  болды.  Абай  мен  Қуандық 
арасы  тең  жастардың  жақсы  достығына  айналды.  Бірақ  бары  сол  ғана.  Екеуі 
іркілмей  табысқанмен,  жалындаған  махаббат  тумады.  Абайға  Қуандық  оңаша 
кездескеннен  көрі,  жұрт  көзінше  көп  ұнайды.  Оқшау  жерде  Қуандықтың 
ашықтығы әлдеқандай кекселік сияқтанып, жігіт жүрегіне қатан тиеді. 
Қуандықтың  Керей  ішінде  қайын  жұрты  бар.  Күйеуі  бірнеше  рет  келіп 
кеткен екен. Өзінің бұрын алған қатыны бар. Қуандық соған тоқал боп бармақ. 
Қайындап  келген  кездерінде  қалыңдық  оны  сүйе  алмады.  Әрқашан  салқын 
қалатын.  Сол  мұңдарын  Абайға  сөйлеп  кеп,  сұлу  қыз  өзгеше  бір  тілек 
ойлағанын  айтып  еді.  Абай  жауап  айтпай  ойға  түсті.  Бірнеше  баланың  анасы 
болған  Ділдә  бар.  Рас,  Қуандық  Абайдың  теңі.  Тәрбиесімен,  өнерімен,  ақыл 
парасатымен де өзгеше жан. Сөз жоқ. 
Әлі  күнге  өз  өмірінде  кездескен  әйелдердің  ішінде  Абайдың  өнерлі,  сұлу, 
қайратты қыз көргені осы. 
Бірақ Қадырбайдың ренішінен аттап  өту, Ділдәнің балаларын ұмыту, оңай 
істер емес. Осының бәрінің үстіне, Қуандықты ақылы сүйсе де, жүрегі оншалық 

 
246 
бой тартпайды. Осы күндердің өзінде де Абайдың көңілінен Тоғжан ұмытылған 
жоқ.  Қайта,  мынандай  шешен,  ашық,  атақты  Қуандықпен  тайталаскандай  боп, 
көз  алдына  шын  сүйгені  елестей  береді.  Абайға  ол  әкелген  ғашықтық,  ол 
ұсынған  жүрек,  ол  берген  нәзік  ләззәт  бұл  дүниеде  қайта  оралып  келместей. 
Онымен тең жан тумастай, табылмастай еді. 
Тоғжан  есіне  түссе,  Абай  тар  төсекте  де  Қуандықтан  тартынып,  құшағын 
ірке береді. 
Қуандықтың  Абайды  сүюі  де  жігіт  мінезіне  орай  сияқты.  Ыстық  оттан  да 
құрметтеген  сыйластық  көп.  Бірақ  сонда  да  Қуандық  тілегінен  қайтқан  жоқ. 
Абай өз ақылымен дәл байлауын айта алмады да, Қуандықтың өзіне ақылдасты. 
Егер  Қуандық  рұқсат  етсе,  осы  жайды  Қарашаш  пен  Асылбекке  айтып, 
солар нені ұйғарса, соған байласайық деп еді. Қуандық қарсы болған жоқ. 
Қарашаш  пен  Асылбекке  Абай  бөлек-бөлек  сөйлесіп  еді.  Баяғыдан  Абай 
басына тілеулестігі күшті Қарашаш мына сөзді қуанып тыңдады да, тез қостады. 
Бірақ бұл қанша мақұл көрсе, Асылбек соншалық жатырқап, қарсы шықты. 
-  Бұл  іс  болмайды.  Қолдан  келмейді.  Жазығы  жоқ  Алшынбай  қызын 
Күнекең ренжіте алмайды. Алшынбайдан кетісем демесе, саған рұқсат етпейді. 
Куандық  қайын  жұртына  жаман  атты  болады.  Соның  бәрі  жиылып  кеп  кәрі 
Қадекеңе  дерт  болады.  Менен  басқа  кісі  естімесін.  Осы  арада  қалсын!  -  деп, 
Абайға қатты салмақ салды. 
Сондай  сөзді  Қуандыққа  да  өзі  айтты.  Сүйтіп  екі  жас  алғашқы  ойларынан 
басылып  қалды.  Бірақ  айрылысар  күнгі  соңғы  кездескен  сағатында  Абай  мен 
Қуандық  келер  күнге  үміт  артып  қалатындарын,  әлі  де  ойланып  көретіндерін 
айтысты. 
Екеуі  аса  жақсы  сыйластықпен  өзгеше  тату  дос  болысып,  бір-бірін  қимай 
айрылысты. Сертпен кетісті. 
Қадырбай  аулынан  қайтып,  Тобықты  жайлауына  жеткенше  арада  екі  күн 
өтіп еді. Қарт акынның қонақшыл досжар ұясын Абай оңай қия алмады. Жақсы 
мекеннен  ұзаған  сайын  Қуандықтың  да  бар  мінезі  қадірлі  көрініп,  қымбат 
тартты. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет