4
Ел ішіне сайлау келді деген хабар шығып еді. Жидебайда жатқан Абайға
Құнанбайдан шақырту келді.
Абай күз бойы өзінше бір оқшау, жалғыз болған. Көбінше, домбыра тартып,
күй күңіренте береді. Шешен қоңыр домбыра биыл тіпті ділмәр болып алғандай.
Көп-көп сырлар айтады. «Саймақтың сары өзенін» тартса да, «Қос қыздың
жылағанын», «Боз торғайдың шырлағанын» тыңдаса да баяғы сарын көп жайды
баян ететін болды. Нелер айтады? Желді аяқ желмаясын жосытқан Асанкайғы
да, ашты күйін бе-беулеткен Алшағыр да - барлығы да тыным таппай безек
қағады. Ылғи бір көргеніне көне алмай, ансағанын ала алмай, зар-зар шеккен
күйінділер. Бәрінің де қасиеті - іздене талпынады, толғана ширығады.
Енді Абай ойының көбі, осы жазда Қадырбайдан естіген, соған өзі айтқан
үлкен толғауларының жайы. Қадырбай сонда: «Өткен заман талай шерін тастап
кеткен» дейтін. «Акынның аңсауынан, әншінің ырғағынан, күйшінің кер
толғауынан соны көр» дегендей болатып. Абай өз ойына, сол өткен күндер
тілшісі болған кәрі домбыраның сырын жалғайды.
Бұрынғы қызык, сауық дегеннің, жастық жүріс дегеннің бәрін де әзірше
ұмыткан тәрізді.
Осы жақын шақта Ербол келіп, Абайды ертіп әкетпек болған. Еліктіріп,
қызыққа салмақ болатын. Кейбір жүрістерді еске салып, сұлу қыздардың
аттарын атап еді.
Абай бұған да салқын қарады. Сол Ербол қонып жатқан күндерде, «Сап-
сап, көңілім, сап, көңілім» деген ұзак бір жыр жазды. Мұнысы Ербол ұсынған
желіктерге өзінше жатырақ қарай бастаған бет сияқты. Ерболға айтқан жауап та
осы. Домбыраға қосылып, ұзак әнмен айтып бергенде, Ербол дауласа жөнелді.
- Тәңір, өзің жас дәуренге қош айтайын дегеннен аманбысың? Жиырма
беске жасың келмей жатып, бұ неменең? Ондайыңа көнетін кісі жоқ!.. - деген.
258
Абай Ерболдың наразылығын түсінді де, күліп қойды. Оңаша кездерінде
бұрынғыша домбыраға қосылып, көп ойларын термелеп айта беретін. Енді
бірнеше күн бойынша, жалғыз күйі осы «Сап-сап, көңілім» ғана болды.
Ербол бұл өлеңнің түбін жақтырмаса да сөзін ұнатты. Сондықтан кейде
Абай әніне қосылып та кетеді. Осымен, дәл бір он күн бойына екі жас жігіт
өздері кешіп өткен ең алғашқы албырт жастыққа ұзақ-ұзақ «қош-қошын»
айтқандай болды.
Сүйтіп жүріп, бір күні Ербол қайтатын мезгілге жеткенде, Абай тағы да
сырласқандай боп:
- Кәрілікті шақырып жүргенім жок, Ербол. Жастығымды неге қияйын?
Дүниенің оны айырбас етерлік қай тәттісі бар. Мәлім ғой. Тек енді бала жастық
пен албырт жастық орнына нәрлі жастық іздеймін. Бұл жолда да құштарым көп.
Ендігі көксегендерімді айтсам да, көкірегім қарс айрылады. Бір білерсін...
айтармын! - деген. Мұнысы анық сыры.
Құнанбайдың шақыртуы осы әңгімелер үстіне келген. Сол күні Ербол
қайтып кетті де, Абай Қарашоқыға тартты.
Ел орынға отырар кезде Абай Қарашоқыдағы қыстауға тақап еді. Тоғайлы
өзекте, қарсы алдынан келе жатқан жалғыз салт аттыны көрді. Бойы ұзын, екі
иіні есіктей біреу екен. Жақындап келгенде, өз інісі Оспан боп шықты. Қараңғы
кеште енді ғана аңғарып, Абай таңданып қалды. Әншейінде күнде көріп жүрген
інісін дәл мұндай үлкен денелі деп білмейтін. Қазірде он сегіз, он тоғызға кеп
қалған Оспан тіпті алпамсадай боп кетіпті. Абайдан әрі биік, әрі сүйекті, ірі.
Оспан қатты жүріп кеп, Абайды таныды да, шұғыл тоқтады. Тоқтай сала,
күле сөйлеп:
- Бүгін әкемнің алдына бара қап ем. «Аузың ораза ма? Бес уақыт намаз
оқимысың? Мұсылмандық парызын атқарамысың?» деп, дәл бір Мүңкір-
Нәңкірдей тергеуге алғаны. Шынымды айтып: сол атағаныңыздың бәрінен осы
жайын құлан қандай таза болса, мен де сондай тазамын дегелі бір тұрдым да,
бата алмадым. Шатақ шығатын. Сонан соң қайтейін? Е, бәрі де солай дегенім.
Осыған ырза болып, өзімді мақтап, күні бойы қасында сарғайтпасын ба кеп?!
Амал жоқ, дәретсіз намаз да оқыдым. Өтірік ораза да болдым. Бүйте берсе,
шындығына біржолата көзін жеткізейін деп, өзімен бірге ауыз да аштым. Жаңа
ауыз ашарға істеген барлық ыстық тамағын сыпырып-сиырып жеп, үйге қайтып
келемін. Міне сүйтіп, әкеңізді алдап соғып келе жатқан Оспан біз боламыз, -
деп қарқылдап, ұзақ күлді.
Інісінің рахат күлкісіне еріксіз елігіп, Абай да күлді.
Бірақ ойында мысқыл да бар еді.
- Өй, өзің әкеңе шыныңды айтсаң, мұндай қуанбас ең. Өтірік деген рахат
екен-ау өзі, ә!.. Мәзсің ғой! - деп Абай күлген бойында тебініп жүре берді.
Оспан оның мысқылына жауап таба алмай аңырып қап, күрең атты бір
тартты да, жорта жөнелді.
Қарашоқыдағы қыстауға келген соң, Абай ең әуелі әкесіне бармай,
Күнкенің үйіне кірді. Мұнда Абайдың ең жақсы көретін туысқаны Құдайберді
көптен бері науқас болатын. Алдымен соған амандасып, жайын білмек.
Кұдайберді биік төсек үстінде жөтеліп жатыр екен. Абайдың келгеніне
сүйсініп қалған сияқты. Аппақ шөлмектей боп жүдеген жүзіне жұқалаң
259
қызғылт шықты. Кап-қара сақалы қазірде біртүрлі ұзарып, өсіп кеткен екен.
Сүйек-сүйегі адырайып, көк тамырлары көрініп, салдырап қапты.
Ағасының пақыр болған түріне Абайдың жаны қатты ашыды. Алыста
тұрып, тез шешінді де қасына кеп, төсекке отырды.
Жеңіп алған науқас еңсеріп әкетіп барады. Он бес күн бұрын бір келіп
кетіп еді. Қазір көп төмендеп қапты. Құдайберді Абайдың қолын ұстап, қысып,
сипап жатып:
- Жақсы келдің ғой! - деді.
Аурудың жүдеу қолын інісі қос қолымен ұстап, өзіне таман тартып кеп,
жүрегіне басты. Екеуінде де үн жоқ. Бірақ адал туысқандардың арманды
мұңдарын жүректері айтысты. Бірталайдан соң Құдайберді әлсіз ғана үн қатты:
- Әкеңе кірдің бе? - деп еді.
- Әлі барғам жоқ. Әуелі сізге келдім!
Осы уақытта Абай келді дегенді есітіп, қарсы үйден үш бала келіп, сәлем
берді. Үшеуі де Құдайбердінің балалары. Үлкені он бір-он екідегі - Шәке,
екіншісі сегіз жасар - Шұбар, үшінші бұл екеуінен де кішірек, тоқалдың баласы
- Нұртаза.
Балалардың бәрін де Абай қасына шақырып алып, беттерінен сүйді. Шәке
мен Шұбар оқу оқи бастаған. Абай келген сайын олардың сабақтарын
сұрастырып жүретін. Балалар бұған қатты үйір еді. Қазір де баурына кіріп кетті.
Құдайберді Абайға үйрілген өз балаларын көріп, қобалжып кетіп, бетін
ірге жаққа бұрды.
Абай осы қозғалысты байқап балаларды аз алдандырды да, үйден қайта
ұзатып салды. Науқастың қасына тағы кеп отырды.
Құдайберді есікке көзімен нұсқап:
- Адам бола ма?.. Болар ма? Інілерің міне. Кім боларын... не көрерін
қайдан... білейін? - деді. Қоштасып жатқан сияқты.
Інісінің көзінен екі-үш тамшы жас ақты. Даусы да дірілдеп, жылағандай
шықты.
- Қарыздары мен болармын, Бәке! Әл-шамамның жеткенінше қойным
менен мойнымда, өсірермін!
Құдайберді бұған өзі тоқтау айтты:
- Жылама... Жыламашы!..
Екеуі тағы да үнсіз ғана бір-біріне қадалып, қарасып қалды. Аздан соң
Құдайберді бойын жиып, оңалды да Абайға бетін беріп, қырынан жатты. Бірақ
қозғала бергенде тағы жөтелген. Абай оның көрпесін иығына көтеріп қымтап
қойды.
Құдайберді енді басқа сөзге ауысты да, екеуі жай ғана әңгімелесіп кетті.
- Әкеңнің сені неге шақырғанын білемісің, Абай?
- Жоқ, Бәке, әзір білгем жоқ.
- Ендеше, бүгін сайлаушы төре кепті. Әкем Жақып аулына түсіріпті. Мына
жаңа орын - «болыс» деген бар дейді. Соған сені сайламақ. Ұқтың ба? Не
дейсің бұған?
- Өзіңіз не дейсіз? Маған не ақыл айтар едіңіз?
260
- Менің тілімді алсаң, - деп Құдайберді біраз ойлады да, - болма! Ұлықтық
қасиет емес екен. Көзіміз жетті ғой. Бектік бұзады екен және түбінен қайыр
шықпайды, қарғыс шығады екен. Жас өміріңді зая қылма!
Абай өз жауабын ойлаған да жоқ.
- Айтқаныңыздың бәрі шын, Бәке!
- Тіленіп жүрген көрінеді ғой әкесінен. Анау Тәкежан-ақ боп, қарқ босын! -
деп, Құдайберді тоқтап қалды.
Бұл кеште, ел жатқанша, Абай ағасының қасынан кеткен жоқ. Науқастың
тілегі бойынша домбыра алғызып, көп-көп күйлер тартып отырды. Енді
бағанағы балалар да келген. Абай ауруды ұйқтату үшін сол балаларға айтқан
боп, «Мың бір түн хикаясының» бір тарауын да айтып берді. Балалар бұның
қасынан шықпай, ертегісін телміре тыңдасты. Әрі домбырашы, әрі әңгімеші
ағаны үшеуі бірдей жақсы көріп, төсекке де бірге жатты. Нұртаза мен Шұбар:
- Абай ағам қасына мен жатам!
- Жоқ, өзім жатам! - десіп, таласып кеп, екі жағынан қойнына кірді. Көздері
ұйқыға барғанша, Абайды кезек тартып құшақтап жатысты.
Сайлаушы төре келіп, кешелер Құнанбаймен көп сөйлескен болатын. Жаңа
болыс туралы мұның айтқанынан шығатын емес. «Жаңа закон, жаңа сайлау
болады» дегеннен бері, Құнанбай өзі енді ұлық болудан тоқталмақ.
Бір кезде Арғынның бір дуан елін басқаратын аға сұлтандық бар-ды. Оған
Құнанбай қызығып барып, бастық болған. Содан келе, кішірейе түсіп,
Тобықтының старшыны болды. Бірақ, не десе де, түгел Тобықты «ашса
алақанында, жұмса жұмырығында» болған.
Енді міне, ұлық қолы ұзарып келеді. Тұтас Тобықты да жоқ. Үш бөлінетін
бопты. Мұның бір бөлігіне ұлық болу оншалық мұрат емес.
Қайта, болыс болмай сыртырақ отырса, бар Тобықтыға өз әмірі молырақ
жүрмек. Ол бір.
Екіншіден, ел арасы бүгін қиындап барады. Мынау Балағаздар сияқты
тынышсыздық шықты. Онымен алысу керек. Бірақ алыс пен тартыстың басы
тағы өзі болса, баяғы араздық қайтадан қозданады. Өзінің тұс-тасы
Бөжейлермен алысқаны бір сәрі. Енді болыс болдым деп Жігітектің жас-
желеңімен, бала-шағасымен алысатын болса, ол бойға лайық емес.
Қайта оларға қолы батыл тиетін жасты салу керек. Өз тұстасымен өздері
алыссын. Балалар болса ержетті. Билікті соларға артып, ақылы мен әмірін өзі
тыныш отырып жүргізеді.
Үшінші, Құнанбайдың жасы болса да жетпіске тақап қалды. Енді ержеткен
баланың ішінен өз орнына кісі қамдайтын мезгіл жетті.
Осының бәрін іштей ойлап, таразыға салып келіп, жаңа болыстыққа
Абайды лайықтаған. Оның да бір есебі бар.
Абай әке тәрбиесінен сыртқары кетті. Қайта бар мінез, бар жүрісі оны
Құнанбайдың қасында отырған қатал сыншысы етіп барады. Соңғы жылдар,
әсіресе, солай боп келеді. Әкесі Нұрғанымды тоқалдыққа алғалы, Абай тіпті
қашықтап жүр. Ол жөнде Құнанбай ішінен Ұлжанды айыптайтын. «Балаңды
суық өсірдің» деп, биылғы жазда Ұлжанға кеп кінә таққан.
Бірақ алыс жүрсе де, сол Абайда ақыл мен қайрат, тіл мен тәлімнің мол
екенін әкесі танитын. Ендеше, мына тұста осындай шалғай кетіп бара жатқан
261
баланы ұлықтықпен қайта тарту керек. Ел билеудің салмағы жас басына түссе,
Абай әкенің шырғасына еріксіз келеді. Егер әкенің ойындай боп, беті түзелсе,
өзге жастың қолынан шала келетін жұмыс, Абайдың қолынан молынан келеді.
Ол қайратына да Құнанбай сенетін. Ендігі байлаудың бәрі қат-қабат ойлардан
туған.
Әкесі тұрып, шай ішіп болған кезде Абай келді. Дастарқан жиылған, үй іші
жаңа сыпырылған, таза екен. Тәкежан Абайдан бұрын келіпті. Ұқыпты
шәкірттей боп анадай жерде жүгініп отыр. Құнанбай екі баласынан басқа кісіні
үйден шығарды да, сөзге кірісті...
Айткан сөзінің бәрі де Абайға арналған сияқты. Өзінің қартайғанын айтты.
Жақсы-жаман өмірді алыс-жұлыспен өткізгенін ескертті. Кім үшін алысқан?
Осы нәсіл, осы балалардың алдыңғы тілеуі үшін алысқан. Енді міне бұлар
ержетті. Өз істерін өз қолына алатын мезгіл жетті. Дос тапса да, жау тапса да,
бұлар енді өздерінің тұстасынан табады. Өз заманының тілін де бұлар сырт
буын кәріден оңай ұғынады. Алыстың тәсілін де тез табады. Сондайға кезектеп
кірісетін осы екеуі. Бірак, бүгін бірі болса, ертең екіншісі болар. Жол жүлдіге
таласпасын. Әкенің ұйғарғаны Абай. Соның болуын мақұл көреді.
Құнанбайдың көптен бері Абайға ұзақ сөз қатқаны осы.
Абай ойланған кісі сияқтанып, аз үндемей отырып барып, ақырында
тамағын қырынып алды да:
- Әке, сенгеніңізғе рақмет! Ендігі міндетті бізге артқаныңыз орынды. Арқа-
басыңызды бұдан былайғы ауыртпалықтан босату керек. Тыныштық өмір
тілейтін кезіңіз болды. Жалғыз-ақ жаңағы сөзіңіз маған айтылса, мен өзім
болыстық, ұлықтықтан бас тартам. Мезіретім емес. Әрі ағалық жолы бар, ебі де
бар, ұсынған орныңызға мына Тәкежан лайық. Осы болсын! - деді.
Абай осы соңғы сөздерін айта беріп, Тәкежанға көз тастады. Молда пішін,
мүләйім боп отырса да, Тәкежан қып-қызыл боп қуанып кетті. Жаназада,
підияны мол атаған жерде жымыңдап кетіп, қыбылжып қалатын, мысық сопы
хазіреттей көрінді.
Құнанбай Абайға қайта-қайта қадалды. Болмайтын себебін екі қайтара
сұрады.
Абай бір рет қысқа қайырып: «бола алмаймын» деген еді. Бірақ әкесі
екінші рет салмақ салғанда, молырак дәлел айтты. Халықты билеу үшін адам
өзі камелетке жету керек. Оған Абай өзін әзірмін дей алмайды. Піспеген
адамның қолындағы билік, жас баланын қолындағы ұстара пышақ есепті. Не өзі
арандайды. Не өзгені арандатады. Абай өзін аямаса да, бұған еріксіз күні
түсетін халықты аяйды. Болмағанда, сондықтан болмайды. Халық керегіне
жарайтын боп жете қалса және елге пайдасы тиеріне көзі жетсе, ол күнде әкесі
ұйғармай-ақ өзі сұрануға уағда береді. Әзірше әке зорламасын... деген сөздер.
Құнанбай бұл тұсқа келгенде шұғыл өзгеріп, тез тайқып шықты. Сол арада
Тәкежанға бұйрық етті. Ол баласы оп-оңай «құп»деді.
Осыдан кейін он бес күндей уақыт өткенде, Тәкежан болыстыққа нық бекіп,
бетін түзеп алды. Ақылшысы аз емес. Бір жағынан Құнанбай болса, екінші
жақтан Майбасар, Жақыптар да өз сабақтарын Тәкежанның құлағына құйып
жүрді.
262
Жаңа болыс қалаға да барып қайтқан. Ол жерде Құнанбай сәлемі бойынша
Тінібек бай жетекшісі болды. Семей уезінің ұлығы Тінібекпен ашына сыйлас
екен.
Сондай іліктер арқылы, Тәкежан алғаш барған жолының өзінде де бірталай
істің басын қайырып келді. Сайлаушы төреге Құнанбай ұғындырып жіберген
жайлар бар-ды. Соның үлкені Балағаз, Абылғазылар ісі болатын.
Ұлық болысымен, ең алдымен әмірін елге танытпақ болған Тәкежан, бар
күшін Балағаздарға салыпты. Қаладан Тәкежан қайтқан орайда, Семей уезінің
жаңа пайда болған оязы, Шынғыс ішіне бес кісілік қарулы топ шығарыпты.
Тәкежан өзі болыс болысымен бір атшабарға Жұмағұлды алған. Екіншісі жас
жігіт - Қарпық.
Солдаттарды бастап келген Жұмағұл ел құлақтанбасын деп, болыс
кеңсесіне түн ішінде әкеліпті. Тәкежан мен Майбасар осы түнде он шақты
жігітті отрядқа қосып, Жігітек ішіне аттандырды.
Бұрын оқта-текте болмаса, Тобықты іші қарулы жасауылды көп көрген
жоқ-ты. Ауылдардың үстінен көк темірлі, көп аттылар өткенде, бала-шаға, кәрі-
жас қатты түршікті.
Қуғыншы отряд Балағаз бен Абылғазының тобына Шыңғыс тауының
ішінде оңай кездесті. Оқыс айқасып қалған. Ұзақ қуғын болды. Бірақ қаладан
көп шықпаған, ел жайын, жер жайын жақсы білмейтін солдаттар бұл куғында
шорқақтық істеді. Тау ішінде шаба алмай, ерлерінің касынан ұстап, бос өбектеп,
кейіндей берген. Өздері және оба атаулыныц барлығын құбыжық санайды.
Ұзын дүрбілерін қайта-қайта суырып ап, тесіле қарап, күнұзын тұрып алады.
Қашқандардың қарасын таныған Төлепберді, мына бөгелістерге жаман күйетін.
«Осының, дәл осы бір кеңірдектей немесін құртар ма еді? Сойылмен перейін бе
осы кеп!» деп, тісін қайрайды. Бірақ амалы жоқ. Сүйтіп, отряд шабан болды.
Соны байқаған Балағаз, біраздан соң атын тежеп, артын болжаған.
Қуғынның алдында өктеп жүрген Ырғызбай жігіттері екен. Төлепберді мен
соның інісі Елеусіз және Жұмағұл көрінді. Қашқын жігіттер қолға
түспейтіндерін ұққан болатын.
Абылғазы мен Балағаз екеуі өз жолдастарын Шыңғыстың бір тарлау
өзегіне салып, жөнелтіп жіберіп, қастарына жалғыз Әділханды алып, бір
тұмсықтан тосып қалды.
Жау алыста деп еркін шауып келе жатқан Төлепберділер үздік-создық келе
жатқан. Балағаз қуғыншының алдындағы Жұмағұл мен Елеусізді ілгері өткізе
беріп, тиіп кеп кетті. Екі жігітке қарсы бұлар үшеу боп араласқан. Қайың сойыл,
қара шоқпарлар екі-үш рет айқұш-ұйқыш тиісті. Әрі мықты, әрі айлакер
Балағаздар Жұмағұл мен Елеусізді мегдетіп кетті. Ес жиып, айғай салуға да
мұрша бермеді. Балағаздың өзі мен Абылғазы ана екеуінің сойылдарын
ұшырып-ұшырып жіберіп, бір-бір-ақ салып ұрып жықты.
Екеуінің астындағы аттарын да іліп алып, тартып кетті.
Қуғыншының алдын оп-оңай ұйпап алып кеткен жауларға отряд енді
беттей алмай қалды. Барлық топ ұйлығып тұрып-тұрып, сол арадан кейін
қайтты.
Бірақ тек қайтпады. Қашқындар атшабардың басын жарып, атын алып
кеткендіктен, қайта жүрген сапарда бұл отряд момын елді шапты.
263
Жігітек ішіне келіп бейбіт отырған Қараша, Қаумен ауылдарының ірі
қараларын қуып кетті. Жалғыз бұл ауылдар емес, көршілес Үркімбай,
Қарақандардан да мал алды. Әр үйдің бір-бір бұтартарын, жапа-жалғыз
сауындарын қуып кетті. Бұндай істер де бұл күнге шейін болып көрген еместі.
Не көрсе, айыпкердің өзі көрегін. «Қолы еткеннің мойны көтереді» десетін.
Тәкежан жаңа сұмдық бастап, кемпір-шал мен қызыл қарын жас баланың
талшығына да шеңгел салды.
Кешке шейін осы хабарды тегіс естіген Жігітек ауылдары үрпиісіп қалды.
«Заман не боп барады? Күн райы қалай бұзылды? Ит ашуын тырнадан алғаны
ма» деп тіксінді. Сыбайлас Көтібақ, Бөкенші де мынау қимылдарды ұнатпады.
Әсіресе, батқаны - жазықсыз Қауменнің жаза шеккені. Бұның Балағаздан безіп
шыққанын жұрттың бәрі есіткен. Ал Үркімбай, Қарақандар болса, тіпті
жазықсыз.
Кімнен көрерін, не деп көрерін білмесе де, қалың ел: «Тағы бір бәле
түйілді» деп, күңкілдеп қалысты.
Болыстың кеңсесін Тәкежан Мұсақұлға әкеп, өз қыстауына құрған-ды.
Айналасында тілмаш, старшын, атшабарлармен бірге, Майбасар, Жақып сияқты
ақылшылары көп. Топыры мол. Бұл жиын Балағаздың қылығына кіжіне түсіп,
Жігітек ішіне істеп отырғандарын орынды сыбаға деп білді.
Осыдан үш күн өткен соң отряд қайтып кетті. Бұлар кешелер тағы шығып,
іздеп көрсе де Балағаздарды кездестіре алмаған.
Тегінде жұртты сескендіріп, қашқындардың жүрегін шайлықтыру үшін
шығарылған отряд еді.
Жаңа ұлықтың қоқан-лоқысы істелді. Енді қайтқанына болыс та қарсы
болмаған. Оларды жөнелтіп жіберіп, қазірде «піргауар» жиып, қағаздарын
мығымдап қалаға шағым жолдағалы жатыр.
Тәкежанның әскер әкелгенінен Абай жиренген болатын. Қалың елді
өрекпіткен сотқар қылықтарын Жидебайға келуші жұрттан есітіп, Абай атқа
мінген-ді.
Масақұлға келсе, Базаралы да сонда екен. Ол Абай көзінше Тәкежанға
салмақ салды.
- Алыссаң, тентек деп бізбен алыс. Онсыз да титығына жетіп отырған
момында нең бар? Қатын-баламызды аштан қырам демесең, алғаныңды қайтар!
Жалғыз-жарым сауын мен тірлігі осы сен әкеткен азғана қарада тұр.
Жайымызды ұқ, ағайын... - деп еді. Тәкежан оң сөйлеспей ашуға басты: «Әлі
түк көрген жоқсың. Балағаз, Абылғазыны ұстамай басылмаймын. Елге әрекет
салып отырған мен емес. Солар!» - деген.
Базаралы ыза болды.
- Ендеше, Балағаз ұсталғанша тамам елді көгендеп, тізем десеңші.
Тәкежан бұған қарсы дүрсе қоя берді.
- Әлі сен қайдан ара ағайын боп шықтың? Өзіңді би ететін кім осы? Балағаз
үшін айыпкер етпей, кепіл етпей отырғанымды неге ағайындық деп білмейсің?
Шынға келсең, мен айтайын, Балағаз тыйылмайтын болса, ендігі отқа сен
күйесің. Құтылмайсың!
Бұл зілінен Базаралы қорыққан жоқ.
264
-Ой, жаратқан тәңір, ақыл иесі болған естиярмен сөйлесіп отыр екем десем,
жаңылыппын ғой. Сен де бір атарман екесің ғой. Бүйткенше, атшабарың
Жұмағұлдан жауап алып, қайта беруім екен ғой! - деді де, тұрып кетті.
Абай Тәкежанның терістігін айтып, сөйлесіп көрмек еді. Ағасы: «Араласпа,
килікпе» деп қатты серіпті. Осы кеңседе отырып, Абай бүгін әзірленіп жатқан
қағаздарды байқады. Барлық мөр, піргауар, қол мен таңбалар Жігітек
жігіттерінің сорына әзірленіп жатыр екен. Сол кеште Семей қаласына үкілі
почта жөнелді. Оны да білді.
Осы білгенін Базаралыға айтып кеп:
- Бүл дүлейлер тағы бір мол бәлені шақырып отыр ғой. Тағы да бір
Тоқпамбет, Мұсакұл шатағын көрмей тынбас! Тек ел жасымасын да,
қорықпасын, Базеке! Ұшық-ұшық, әлі дауыл емес!.. - деді.
Базаралы өзінің амалсыз келгенін айтты. Малынан айрылған аш-арық
осыған кеп салмақ салып, ең болмаса, барып арылып кел деген екен.
Абай Базаралыны тоқтатып қойып, Майбасар, Жақып, Тәкежан үшеуін
оңаша шығарып алды да, қатты ашу айтты:
- Еркекпен еркекше алысудан жеңілесің де, қатын-балаға батырсисың.
Кеше өзі жұтап қап, өзі аштыққа ұшырағалы отырған елдің аузындағы сусынын
алып, не беттеріңмен отырсың?! Осымен ең әуелі сот алдында басың кетпей ме?
Тамам елді дүр сілкінтіп отырсың. Осыныңнан қайтпай, аман отырып көрші,
кәне? - деп, Тәкежанды қорқытып сөйледі. - Сендердің берген ақылың осы ма?
Тым құрса, сендер ұялсаң нетті! Қайтартыңдар қазір елдің малын! - деп,
Майбасарға бұйыра сөйледі.
Тәкежан Абайдың бұл бұйрығына ішінен ыза болды. Бірақ қарсыласуға
бата алмады. Әкесінің әнеугүні Абайға болыс бол деп, көп жабысқаны есіне
түсті. Егер мына жолда Тәкежан теріс боп, Абайдікі оң боп шықса - қатер көп.
Құнанбай ұлықтықты бұдан алып Абайға беріп қоя ма, қайтеді? Тым кұрса,
әкенің беті анық болса екен. Ал әзірше, ол жақтан хабар жоқ. Жігітекке
істегенді мақұлдай ма, жоқ па, мәлім емес. Сол себепті Абайға жауап қатпады.
Ойланған кісі болды.
Қалайда Абай салмағы осал тиген жоқ. Майбасар мен Тәкежан болмаса да,
Жақып ойға түсті. Бұл өзгелерге оңаша ақыл салғанда:
- Балағаз, Абылғазыны ұлыққа қуғызғалы отырмыз. Солардың қағазын
мықтап бол да, Семейге тез жөнелт! Тентек деген азды қуайық! Шығара қуайық!
Мына малды қайтарайық! - деген. Осымен Базаралы бұл жолға келген
жұмысын тындырып, жазықсыз елдің малдарын алып қайтты. Бірақ Жігітек
ішіне Тәкежаннан естіген қорлық сөздерін айта келді.
Балағаздардың үстінен қатты қағаз кеткенін де айтқан.
Базаралының өзімен тілдеспейтін. Балағаздар осы күндерде Қарашаның
аулына күндіз-түн кісі жіберіп, хабар-ошар алып тұратын.
Арада үш күн өткенде, Шыңғыс ішіне бір тосын хабар тарады. «Семейге
Тәкежан болыс жөнелткен үкілі почта таланыпты. Тобықты жерінде емес. Уақ
жерінде, Мұқыр деген жардың тұсында ұшырапты. Енді бәле молайды» деген
лақаптар дүңк-дүңк шығады.
Тәкежанның Балағаздарды көрсеткен қалың қағаздары анық үкілі почтамен
жөнелтілген. Ол почтасы үш салт атты. Екі қоржындары мен мойындағы
265
былғары сөмкелері қағазға толы. Тымақтарының маңдайларына үкінің бір тал
қанатын жапсырған Жұмағұл, Қарпық және бір атшы жігіт Мұсақұлдан шыға
сала, шапқылай жөнелген. Жол бойынан лау мінгенде, декбірсізденіп: «Үкілі»,
«үкілі почта» деп қолды-аяққа тұрмай, дігір салып мінетін!
Дәл осы шапқыншы бір күн, бір түн жүріп, енді соңғы түн ішінде Семей
түсеміз деп келе жатқанда, Мұқыр жырасына жеткен.
Сол уақытта қарсы алдарынан қара жолмен келе жатқан үш салт атты
көрінеді. Шауып келе жатқан атшабарларға аналар тұпа-тура келді де, бір-
бірден араларына сұғылды. Сүйтті де бір сәтте Жұмағұлдарды жағадан сарт-
сұрт ұстай алып, аттан жұлып-жұлып түсірді. Алысады деген ойда жоқ.
Шапқыншылар бөгде жолаушы деп селқос келе жатқан. Және қатты талып
шаршағандықтары да бар-ды. Енді аттарынан қалай ұшып түскендерін
байқамай да қалған.
Үш жігітті үш-ақ жігіт алды. Беттерін қара шүберекпен таңып алған
жаулар бір ауыз үн қатқан жоқ. Почтаның бар қоржынын, бар сөмкесін тартып
алды да, жөнеп берді.
Бұл қимылды істеген Әділхан болатын. Өзі төртбақ келген айлакер, мықты
Әділхан осы почтаны әдейі аңдығанды. Жұмағұлдардың арттарынан қуып
отырып, жаңа кешке, аналар Күшікбайға түсіп, шайға аялдағанда, ілгері етіп
кеткен. Қасындағы жолдастары Найманнан келген екі ер жігіт. Үшеуі өз
жұмыстарын оп-оңай жайлады да, Шыңғысқа қарай қайта тартты.
Закон жағынан қарағанда бұл істің арты жаман болатынын және
қашқындар халіне пайдасы аз іс болатынын Әділхандар есептемеген.
Тәкежан шағым айдапты, почтасы бүгін кеткелі жатыр дегенді өз аулына
кеп ести сала, Әділхан ызаменен қайнап кетіп, қуа жөнелген. Тіпті арттағы
Балағаз, Абылғазыға да ақыл салмаған.
Бірақ, істелер іс істеліп қалды.
Шыңғыс сыртында Сыбан мен Тобықты жайлауының жапсарында жататын
үш кедей аулы бар-ды. Балағаз бен Найман жігіттерінің бір мекені сол. Бұл
ауылдар осы күзде тегіс ашаршылыққа ұшырап, қақпан құрып, тышқан аулап,
сорлап тұрған кезінде Балағаздар айқасты.
Келді де тоқтық әкелді. Сауын сиырлар мен мінер аттар да берген.
Осы ауылдың шеткі бір үйінде Балағаз, Абылғазылар жатқанда Әділхан
жетті.
Жігіттер Әділханға мақтау айтып, өкінбеске бекінді. «Енді болыс қалаға
тағы шабады. Малтығып жүріп, әнеугідей отряд шығарады. Оған шейін итім
жатсын ба? Үш-төрт күн ат тынықтырып, азық қамдап сайланып алайық та,
Найманға тартайық. Аз күнде қар да бекиді. Жаз шыққанша Найман ішінен
қайтпаймыз. Оған шекті жұмыс та ескіреді» десіп, байлау жасасты.
Бірақ Кұнанбай есебі бұлардан тақысырақ екен. Ол Тәкежанмен қоса
Ырғызбайдың үлкендерін жиған. Бұлар ғана емес, Байсал, Сүйіндіктерді де
шақыртып алды.
- Асқан екен Балағаз! Жерге қақпай, тынбаспын! Енді ара түсер кім бар
екен? Қолымнан алып көрсінші! Сол қашқынның бәрін де айдауда шірітем!
Осыны істемесем, Құнанбай болмай кетейін! - деп, жаман қалшылдады.
266
Жиған жұртқа ақыл салған жоқ. Байлауын айтуға, баталасуға шақырыпты.
Осы күні, дәл сол жиынға көз қылып, Тәкежанға «қалаға шап деді. Отряд әкел,
қырғын көрсін бұл тентек ел» деп бұйырған-ды.
Жұрт тарап кетті. Барлық үлкендер Балағаз ойлағанды ойлап, қаладан ұлық
пен отряд келетінін күтті. Бірақ сыртқа осындай лақап шашып жіберіп,
Құнанбай дәл осы түнде отыз кісілік қол қамдады. Бұл түн Әділханның
Балағаздарға жаңа жеткен түні.
Отыз жігіттің қастарына бес-алты тазы қосып беріп, қаруларын іштеріне
тыққызып, Құнанбай бір-ақ сағат ішінде Шыңғыстың сыртына қарай суыт
жүргізіп жіберді. Балағаздың жатағын Тәкежандар білмесе де, Құнанбай үйде
жатып біліп алған-ды.
Тек бұл уақытқа шейін түк сезбеген кісі боп жата беретін.
Құнанбайдың сол жөнелткен жігіттері таң аппақ боп атып келе жатқанда,
жан-жақтан саулап барып, үш қыстауды қоршап алды.
Балағаздың күзетке қойған жігіті иек артпадан тазы ертіп шығып жатқан
аттылардың барлығын аңшылар екен деп ойлаған. Шыңғыс сыртында қар
бекігенше түлкі қуып жүретін аңшылар бола беруші еді. Солар деп, селқос
қалды.
Сүйтіп бұл күнге шейін ерлік пен жырындылыққа ешкімнен осал
соқпайтын Балағаз, қапыда оп-оңайдан тұзаққа ілінді.
Қуғыншы қолдың басы Ызғұтты. Үлкен өткір сапыны жалаңаштап ап,
Балағаздар жатқан үйге бар жігітімен бір-ақ қаптады. Келсе, Балағаздың көзі
ұйқыда жатыр екен. Бар жігіті тегіс бейқам. Жиыны он адам.
Ызғұтты сапының сыртымең бөксеге ұрып оятқанда, Балағаз басын
төсектен жұлып алып:
- Қап, сорлы қылған тәңір-ай, не қара басып еді?! - деді.
Барлық сөзі осымен бітті. Тегіс тұтқын болды. Тысқа шығарып, он жігітті
екі-екіден мінгестіріп жатты. Әр тұтқынға үш-төрт жігіттен кепті.
Балағыздың желкесіне Ызғұттының өз сапысы үнемі төнумен болды.
Құнанбай қолы үрдіс жүріп Шыңғысқа тартты. Он жігіттің ішінен осы күн
кешке жол бойында жалғыз Абылғазы ғана қашып құтылды.
Ол өзінің артындағы жігітпен күбірлесіп, ақылдасып ап, кейіндей берген.
Қасында қатарда келе жатқан Құнанбай жігіт кешеден бері жүрістен талып,
қалғып келеді екен. Шоқпарын да қолына ұстамай, тақымына қыстырып
қойыпты.
Жол бір бұраң сайға, тастақ жерге жеткенде, Абылғазы жаңағы жігіттің
шоқпарын бірақ тартып алып, атынан жұлқып жіберіп, төңкере тастап, өз
атының үстінен анау босаған атқа жалғыз-ақ қарғыған.
Құлап түскен жігіт, енді есін жиып, екінші тұтқынның астындағы жаман
шабдардың тізгінінен ұстай алды да, айғай салды.
Бұл кезде Абылғазы аттың басын кейін бұрып ап, ағыза жөнелген.
Алдыңғылар хабарланып, шуласып жүріп, ақыл тапқанша, Абылғазы ұзап
кетті. Кеш қараңғылығы да қоюлап келе жатқан. Ызғұтты: біреуін қуамыз деп
көбінен айрылармыз деп, ілгері тарта берді... Жалғыз-ақ, енді қолдың артына
өзі түсті.
267
Барлық топты шоқтай қып иіріп айдап отырып, Бөкенші асуынан асырды.
Қарашоқыдағы Құнанбай қыстауының тұсымен өтпекші. Сол маңға жақындап
келгенде, Төлепбердіні Құнанбайға жөнелтті. Ұстап әкеле жатқан хабарды
айтумен бірге, Құнанбай қашқындарды көрем дей ме екен? Алатын жауабы бар
ма екен? Соны сұратқан.
Құнанбай Төлепберді хабарын есітті де, қысқа ғана бұйрық берді.
- Мұсақұлға апартыңдар. Тәкежан мен тілмашқа айт, дәл осы бүгінгі
түннен қалдырмай, Семейге жөнелтсін. Тегіс арбаға мінгізіп, күзетін мықтап
отырып, абақтыға апарып, бір-ақ табыс етсін. Айналсоқтап, жалтақтамасын!
Сыбаға сол! - деді.
Тәкежан Семейге кетпеген-ді. Кешегі жиында Құнанбай жұрт көзінше оған
бұйрық бергенмен, артынан: «Өзің барма, кісі шаптыр» деген.
Кеңсесіне қашқындар келісімен Тәкежан асығыс қимылдады. Құнанбайдың
айтқанын дәл орындап, осы түн ішінде, барлық жігіттерді Семейдің абақтысына
жөнелтті.
Сөйтіп, ел-жұрт Балағаздардың ұсталғаны туралы анық, толық хабар алып
болғанша, тұтқындар ұзап кетті.
Бұл күндерде Құнанбай мен жаңа болыстың мінезі, - тырнағына тышқан
ілінген мысықтай. Гүрілдеп, айбар шегіп, жота жүні үрпиіп, түстерінен от
шашып тұрған. Сөйлесе, шеттерінен қалшылдап сөйлейді. Жазықсыз тепкі
көрген, ыза шеккен кісі болады. Екі-үш күннен бері айналаның барлығына:
- Почта талапты Әділхан!
- Не деген сұмдық! Неткен қастық!
- Аяспайтын жаулық қой! Қазынаның қағазын жойып, Тәкежан басы бәлеге
ілінсін дегені ғой!
- Шатаққа ұшырап, жоқ болсын дегені! Мұндай сұмдықты көрген бар ма? -
десіп, дабыл қағып жатты.
Бірақ ішкі сырға, шынға келгенде, сол өрекпулер қаншалык бақырауық
даңғаза болса, солғұрлым жалған болатын. Құйындатып, қара борандатып
келгендегі, анық мақсат басқада жатыр. Бұл күнге шейін қаншалық дауласып
жүргенмен, бұл елдің ортасында біреуге біреу абақтыға салғызу, жер аударту,
каторгіге айдату сияқты істерді істеп көрмеген.
Ертең ес жиғанда, барлық ағайынға сұмдық боп көрінетін іс осы екенін
Құнанбайлар таниды. Сол жат қылықтың бетін бүркеу үшін жаңағы жалған
шуды басымдатып отыр.
Бұрын өз тұсында мұндайлық істі істемеген Құнанбай, Балағаздар
қарсысына келгенде, басқа қырға мінді. Өйткен себебі, Жігітектің мына
жастары бастаған істің түбінен ол аса қатты сескенген.
Балағаздар ісін Құнанбай өз ішінде ұрлық деп бағалаған жоқ, тамырлы,
түбірлі наразылық, қарсылық деп білді. Анада Базаралы айтып кеткен сөз бен
Балағаздардың қылықтары астыртын астасып жатыр. Көпке тимей жеке
жерлерге тиетіні және, әсіресе, Ырғызбайдай оқшау топтарға соқтығатыны
соны көрсетті. Әлсіз бен көпке тимегендіктен, қалың ел арасында сүйсінушілер
көбейіп барады.
Ашаршылық, жоқшылық қамауында отырған жұрт енді осыған ден қойып
кетсе, не болмақ? Мұндай ойларға байланған сайын, Құнанбай үрке беретін.
268
Балағаздарға барды салып, кәр төккен себептері сондайдан туған. Ел жүрегін
шайлықтырам, түңілтем дейді.
Бір жағын жаза, бір жағын кінәға сүйеп отырып, үркітіп тыям дейді.
Бірақ осы сырды Құнанбай өз ойында құпия сақтағанмен, ел ішінде
сезгендер де болды.
Көпшілік Балағаздарға істелген қаттылықты қостаған да, ақтаған да жоқ.
Айдатып, байлату сұмдық деп білген. Арада дел-салда қалған Байсал, Сүйіндік
сияқтылар бар. Бұлар өз малдары алынып, қаза көргендер. Сондықтан
Балағаздардың тентектігін сол өз нысанасынан бағалады. Көпке де бой ұрмады.
Болыстар ісін іштерінен ақтауға да бата алмады. Белге соққандай болатын.
Құнанбайдың бұл күндерде астыртын құлақ салып қатты баққаны Жігітек
іші, әсіресе Байдалы.
Қалың Жігітек айқын наразылыққа беттеді. Болыс тұтқындарды қалаға
жөнелтті деген соң. Байдалы да бетін ашты. Өкініп, қатты қиналып отырып,
ашу айтты:
- Ұялар, ойланар шағы жоқ екен ғой Құнанбайдың! Өз қолымен, ағайын
ауқымымен жазаласа, ара түсер кісі бар ма еді. Елге, жұртқа не дейді?
Қасқырша өз күшігін өзі жегені ғой. Жігітектің ендігі жасына да жендет боп
шықты ғой тағы! - деген.
Есітсе есітсін деп айтты. Бір емес, бірнеше рет айтқан. Құнанбай осы күйді
біле сала, баспақ болды. Енді алдыңғыдан да үлкен зәр жұмсап, сонымен баспақ.
- Жігітек ұрлыққа жерік боп, ұрыға серік болайын деген екен. Ендеше
қашқындарға мүйізі сырқырайтынның бәрі жаза шексін! - деп, Тәкежанға жорға
Жұмабайдан сәлем айтып жіберді.
Тәкежан, Майбасарлар сол сәлемнен соң Жігітек ішінен он жігіт емес, отыз
кісі тізді. Қараша, Қаумен, Үркімбай, Қарақан бар. Анау жолда малдарын айдап
қайтқанның бәрін тіркепті.
Ол ғана емес. Бұл екеуі Базаралыны да көзеп берді. Өзара ақылдасқанда
Майбасар:
- Поштаның таланғанын ойлаймысың? Есіңе алшы! Пошта жүргізілетін
күні Базаралы келіп, барды біліп кеткені кәне! Сол жолы өз еліне бара сала,
Әділханды аттандырған да сол. Көзбе-көз айтып кеткен қияс сөзі әлі есімнен
кеткен жоқ! Осы бәленің тап ортасында жүрген Базаралының дәл өзі. Оның
сырты момын, іші қу! - деген.
Тәкежан өзінің де Базаралыдан әлденеше рет көрген тізесін еске алды.
Сөйлетпей, тапап кеткендей боп жүретін омырауы бар. Балағаз айдалып
кетсе, ертең артынан жоқшы боп шығып, бүлік шығаратын да сол. Сондықтан
Майбасарды құптап:
- Ақылыңыз көкейіме әбден қонады. Қадағанда нағыз қатты қадайтын сол!
- деп, Базаралыны бірге көрсетті.
«Жігітектен отыз кісі хатқа тізіліпті!» деген хабарды есіткенде, Байдалы өз
аулына Базаралыны шақыртып алды. Екеуі оңаша отырып, көп сөйлесті.
Байдалы көптен бері ішке жиып жүрген бір ойын ашты.
- Бала күнімнен бері қарай, ылғи ғана қапылықтан шеккен өкінішті білем.
Құнанбайдың өртіне түскенде, ұдайы опық жеумен түспедім бе? Бүгін міне
тағы сол баяғы сорым ғой. Жаз бойы Құнанбай ұры атандырды деп, өзіміз де
269
Балағаздарды ұры, қары санап, қоса қуып келмедік пе? Бүгін ойлап, болжасам,
сорлылар ұрлық емес, өжеттік бастап жүр екен ғой. Ежелгі бір кеселге кекесін
көрсеткен екен. Аш-арықтың ішінең бұларды қарғаған бір жан көрдің бе? Ұры
демеймін! Өктеп шыққан өз тәнім, өз баурым деймін! Бүгін соны Құнанбайдың
мынау ісі біржолата танытып отыр. Қаумен, Үркімбайға шейін көрсетіпті. Тағы
кім бар? Кімді аман қойды дейсің? Елдіктен кеттік пе? Тағы да кетіскеніміз бе?
Жоқ, жарым жолдан қайтара ма? Тәкежан, Майбасардың шалалығын өзі де
қостай ма? Не дейді? Жігітек сәлемі осы! Сен қазір атқа мін де, Құнанбайға
барып кел. Тілің жетеді. Кеудеңдегі отың да жетеді. Істегенім істеген дейтін
болса, аянба! Барды айтып кел! - деді.
Байдалының бар мінез, бар сөзін мақұл көріп, Базаралы атқа мінді. Бірақ
әуелі Қарашоқыға бармай, Мұсақұлға қарай тартты. Өйткені Жігітектен
көрсетілген отыз кісінің кім-кім екенін бұл жақ әлі білмейтін. Жалғыз ғана
Қаумен, Үркімбайлар барын еміс естіген.
Жолшыбай Базаралы болыс кеңсесіне барам деген ниетін өзгертіп,
Жидебайға соқты.
Абай үйде екен. Кешелер, Тәкежан мен Майбасардың жаңа желіктерін
есітіп:
- Жаман бақсының жын шақырғанындай тантырап, жұрт берекесін кетірді-
ау мыналар! - деп, кеп қынжылған-ды.
Бүгін Ерболды Мұсақұлға жіберген. Тізімде кімдер барын білмек.
Базаралы жаңа келіп, өзі жүрген жайларын айтып отырғанда, Ербол қайтып
келді. Қап-қара боп түтігіп, ренішпен келді. Бірақ Абай жөн сұрағанда іркіліп,
бөгеліп қалды. Базаралыдан қымсынады, көрініп тұр. Абай салмақ салып:
- Есіткен-білгеніңнің бәрін айт, несін іркесің? - деген. Содан соң ғана
шешіліп:
- Мына Тәкежан, Майбасар ма!.. Құртар бұл елді, өртемей тынбас, - деп
алып, тізімде бар кісілерді санай бастады. Ұрлыққа, ұрыға өмірбойы шиыры
қосылып көрмеген талай кәрілер мен жастар бар екен.
Абайға бәрінен сұмдық көрінгені Базаралы жайы.
- Не дейді?! Не көкиді мынау әңгі соқырлар?.. - деп, қатты ашуланды.
Базаралының өз жайын есітіп отырғаны осы болатын. Кейіс, реніштен түк
белгі берген жоқ. Қайта сақ-сақ күлді. Абай мен Ербол таңқалып, мұның түсіне
қарасқанда, көкшіл тартып сұрланған ыза көрді.
- Бір өкінішті Байдалыдан есітіп ем бүгін. Ендігі өкініш өзіме кепті.
Тобынан жырылып жалғыз жорытқан кек қасқырдай менікі не әуре десеңші?
Тәкежандар ұры атандырмасын деп, бұққан боппын. Балағаздар ұры емес...
бұзық емес еді, Абай. Бар қылықтарын есітіп біліп жүрсіңдер. Жұртқа мәлім
сүмелек ұры ма еді солар? Айтыңдаршы... - деп, Абайға қарады.
- Ұры емес. - Бұзық емес. Айтқаның рас! - деп, Абай мен Ербол қатар
қостады.
- Ендеше солардың тобында болмай, кеткенде бірге кетпей, мен не
сандалып жүрдім... - деп, Базаралы тоқырап қалды.
Ерболдың да өз өкініші бар. Бүгін Тәкежандардың түрін көріп, жол бойы
осыны ойлап келген.
270
- Әттең, Абай-ай, кеше әкең болыс бол дегенде болмаймын деп, бас
тартқаныңды қайтейін?! Тым құрыса, елге жаның ашыр еді. Мынандай сұмдық
істетпес едің ғой. Не көріп, не болып отырмыз енді, міне? Үйде отырып,
ұялғаннан жерге кіресің. Қолдан келген жақсылығың со ма? Айтпай қайтіп
шыдайсың? - деді. Базаралы Ербол сөзін дұрыс көрген.
- Онысы рас. Тым құрыса, адалыма ара түсер едің ғой! - деді.
Абай үндеген жоқ. Болыс болмағанына өкінейін деген жоқ-ты. Бірақ өз
басын әке салмағынан құтқарам деп, Тәкежанға қарсы болмағанына өкінді.
Бір шешеден туған бауыр деп аталса да, қазірде Тәкежан соншалық суық,
жаттай көрінеді. Бұдан бұрын да талай кездесті. Басқан сайын ұғысу емес,
аралары алыстап барады. Әлі де алдағы күнде көп шайқасатын қас-қайрат сол
сияқты сезілді. Соның басы осы болар ма? Бұдан былай бұйығып отыра
алмайды. Базаралыны аяйды. Оның айналасындағы жазықсыздарды аяйды. Сол
аяғаны шын болса, бел шешіп араласып, тартысып көреді. Қазір де іштей
байлаған байлауы осы. Базаралының сөзінен соң аз үндемей отырды да:
- Базеке, адалыңа ара түспесем, азамат болам ба? Тәкежанның күші елде
емес, қалада екен ғой. Ендеше алдағы күнді сол қалада сынайық. Мен ертең
Семейге жүрем! Осы істерін аяқтағанша жоқшының бірі мен боламын! - деді.
Базаралы Абайға ырза боп, шын сүйсіне қарады. Бұл ауылдан іздегенін
алған сияқты боп, көңілденіп кетті. Қолма-қол жүрмек болды. Асқа қара
дегенге қарамады. Тез аттанды да Қарашоқыға тартты.
Ел орынға отыра Құнанбай аулына келген-ді. Нұрғаным үйлері қонақсыз
оңаша екен. Бірақ Құнанбай Базаралы келді деген хабарды естігенде, өз үстіне
кіргізген жоқ.
- Анау қарсы үйде болсын, ас-суын сонда беріңдер! - деген.
Қонақ үйде жалғыз отырып, қызметші қатынның қолынан шай ішті де,
Базаралы Құнанбайдың өз үйіне кіріп келді. Сыртқы киімі жоқ. Бешпентшең,
жалаңбас келген. Нұрғаным ертекші еді. Құнанбай жас тоқалына ертек
айтқызып, аяғын сипатып отыр екен. Жігіт сәлемін салқын алды.
Бірақ Базаралы бұл келісінде Құнанбайдың қабағын бағайын деп келген
жоқ. Отыра сала, сөзіне кірісті. Түсінде қымсыну жоқ. Ағы - ақ, қызылы -
қызыл боп, жайнап отыр. Ызасы мен адалдығы бұны жанып салғандай.
Жарқыраған жүзіне жатық шыққан сөзі де сай.
Нұрғаным бұның жүзіне қадала қарап отырып, бір ағарып, бір қызарды.
Базаралының әуелгі айтқаны Тәкежан қылығы туралы. «Елдің жазықсыз кәрісін,
жетпеген жасын қосақтап тізіп, сорлатқалы жатыр. Құнанбайды кәртайды,
естімейді дей ме, болмаса тұғырдан тайды, әмір құдыреті жүрмейді дей ме?
Осындай әкенің көзі тірісінде, сол Тәкежан, Майбасардың соншалық іске
батылы қайтып барады?» деп, сұрау салды.
Құнанбай жауаптасуға сараң. Тек қана «Тәкежанға бардың ба, өзімен
сөйлестің бе?» деген.
Базаралы оған бармағанын, бірақ барлық жайға қанып ап, ең алдымен
осында келгенін айтты. Тізімдегі адамдарды санады. Байдалының айт дегенін
жеткізді. «Тәкежан өз баурын өзі жейтін бөрі» болғалы отыр. Кеткеннің бәрі
өлімге кетеді. Бұл ағайыннан құтылатынына Тәкежанның көңілі сенсін. Тіпті,
жандарына кебіндерін де бөктеріп жіберсін. Мұнда аш-арық боп қалатын
271
панасыз бала-шағаның көрін де қазсын. Бірақ осындай аямастық жаулықтың
орайы болар деп ойлай ма, сірә, жоқ па?» деп, бір тоқтады.
Құнанбай барлық сөз аңғарын ұқты да, жақтырмады. «Күш айтқалы кепсің
ғой! Күш дегенді кісі тілмен танытпайды. Көргенің Тәкежан екен, бар да
сонымен сынас!» деген.
Айтыс қысқарған сияқты. Базаралы ең сонғы түбірлі сөзін айтты да,
жұмысын бітірді. Ол сөзі кесесу болатын. «Тәкежан дегеніне жетсін, аямасын!
Тегінде ниет те бір, істеген іс те бір. Жалғыз-ақ аямас қастыққа орай, айықпас
өштік болады. Болғанда, айыпкер Жігітек болмайды. Атадан нәсілге кетер
жаулық осы арадан басталды». Обал-сауабы кімнің мойнында екені көрінді.
Айтып, арылып шықпағы осы ғана... Өз жанынан айтпайды. Үйелменді ел
Жігітек бар. Сол айтқызып отыр. Осыны Құнанбайға жеткізіп кетуге ғана
келіпті... Білдіргені осы.
Құнанбай тыңдап болды да:
- Жарайды, айтам деп әкелгенің екен. Бірталай жерге жеткізіп айттың. Енді
осымен тоқталайық! - деді.
Базаралы шығып кетті, Құнанбай жалғыз көзін жұмды да, қабағын түйіп,
ойланып қалды. Әйеліне қазіргі түсі қыраулы қыстай, жат сезілді. Барлық
жүзінде жойылмас таңбадай боп, кәрілік табы айқындап тұр.
Нұрғанымның жақсы ертегісін қайталатқан жоқ. Сипатып отырған аяғын
да жиып алды. Өзге Тобықтыға бермеген еркіндік беріп еді Базаралыға. Қазір
содан қатты тізе көріп қалған сияқты. Жас жігіт, адалдық ақтығымен өктеп тұр.
Шындап ойласа, Тәкежандардың шектен асып жатқан істері бар.
- Өзгелер бір төбе, Базаралы бір төбе емес пе еді? Аянышты білсе, нетті
шіркіндер? - деп, күрсініп қалды.
Жігітке арналған ашудың бір ұшығы өзінде жатканы рас. Бірақ Базаралы
сияқты адамдарды атап берген Құнанбай жоқ болатын. Қазір мына жігіттің өз
басын қимағандықтан, бір сәтке қынжылып қалып еді. Артынан қайтадан
қатайып кетті. Жанағы Базаралы Жігітектің тобынан келді. Сол топтың ашуы
мен кегін ұстанып қапты. Ол жер осал емес.
Құнанбай осымен екі ұдай боп отыр. Астан кейін Базаралы қарсы үйге
жалғыз жатты. Екі-үш күннен бергі ашуы Құнанбайға айткан сөздермен біраз
жеңілейген сияқты. Алдынғы күнде ызаға толы, ұйкысыз түндер болатын.
Сонымен, төсекке басы тиісімен ұйықтап кетті.
Қай мезгіл екені белгісіз. Бірақ қап-қараңғы үйдің ішінде бір кезде сескеніп
оянды. Байқаса, дәл қасына біреу кепті.
- Ой, бұ кім? - деп еді.
- Сескенбе, менмін! - деген үн есітті. Нұрғанымның үні екен.
- Бәтір-ау, мынау жынды неғып жүр?! - деп, Базаралы басын көтеріп алды.
Нұрғаным сасқан жоқ. Салмақпен ақырын ғана күліп қойып:
- Тоқта, саған менің көңілім сен жоғыңда қосылған... Мырзаның өз тілі
қосқан! - деді де, Базаралыны қатты құшақтап кеп, сүйіп алды.
Жігіт те бұдан әрі үн қатқан жоқ. Екеуі өзгеше бір ыстық жалынмен үш
қайтара сүйісті. Содан кейін Нұрғаным тез тұрып кетуге айналып еді, Базаралы
қия алмай, бірге түрегеп:
272
- Жаным-ай, жай тұрған жүрегімді астан-кестен еттің ғой. Енді несіне
кетесің? - деп, тағы құшақтады. Бірақ Нұрғаным енді бұдан тартынып,
босаңқырап алып:
- Қайда жүрсең, аман жүр! Жаным да, тілегім де бір сендік, Базекем! -деп,
тағы бір рет асығыс сүйді де, жалт беріп жүріп кетті. Келгені мен кеткенінің
арасы бір ғана сәт. Жалғыз-ақ сол сәттің ішінде Базаралыға бар дүние
төңкеріліп түскендей көрінді. Нұрғаным да кеудесіне сыймастай қуаныш әкетті.
Ол қуанышы - өмірінде ең алғаш татқан әйелдік махабаттың қуанышы болатын.
Құнанбай әнеугүні Базаралының сымбатын мақтап, туысына сүйсінген еді.
Бүгін кешке, дұшпан көзі болса да, бұндайлық азаматқа аяныш керектігін айтты.
Осы екі кездін екеуінде де қырқылжың қарт өз аяғының қаншалық шалыс
басылғанын, қалайша жаңсақ кеткенін сезген жоқ еді.
Достарыңызбен бөлісу: |