Микробиология


Вирустарда патогенділік қалыптасудың ерекшеліктері, вирустардың жасушамен өзара әрекеттесуінің түрлері, вирусты инфекциялардың түрлері



бет117/216
Дата28.01.2023
өлшемі3,75 Mb.
#63400
түріОқулық
1   ...   113   114   115   116   117   118   119   120   ...   216
Байланысты:
МЕДИЦИНАЛЫҚ МИКРОБИОЛОГИЯ Б.А. Рамазанованың және Қ. Құдайбергенұлының (1)

7.7. Вирустарда патогенділік қалыптасудың ерекшеліктері, вирустардың жасушамен өзара әрекеттесуінің түрлері, вирусты инфекциялардың түрлері.

Вирустардың микробтар әлемінің басқа өкілдерінен айырмашылығы-олар генетикалық (молекулалық) деңгейде жасушаішілік облигатті паразиттер болып табылады. Олардың арасында патогенсіздері жоқ, сондықтан, оларға патогенділік термині қолданылмайды. Ал вируленттіліктің орнына инфекциондық немесе инфекциоздық атаулар қолданылады. Осыған байланысты вирусты инфекциялар кезіндегі инфекциялық процесс ең алдымен жасушалардың зақымдануына негізделген. Жасушаларда вирустар өсіп-өніп көбейеді және әрқашан екі геномның (вирустық және жасушалық) өзара әрекеттесуі болып табылады. Вирустың патогенділік қасиеттері келесі компоненттерден тұрады: вирустың организмге еніп, жасушалық мембранаға жабысуы (адсорбциялану); сезімтал жасушаларға ену қабілеттілігі; осы жасушалардың вирустық геномды депротеиндеуі және оны функцияналды- белсенді ету қабілеттілігі; жасушалардың пермиссивтілігі немесе осы жасушалардың генетикалық материалды транскрипциялау мен репликациялануы; вириондардың толыққұнды құрастырылуын қамтамсыз ететін мүмкіндігі; жасушаларда вирустар репродукциясының бірнеше циклінің іске асырылу мүмкіндігі; вирустардың цитопатиялық әсер етуі; вирустармен зақымданған жасушалардың қасында тұрған жасушаларға жұғып таралу қабылеттілігі; вирустардың біріншілік зақымданған ошақ шегінен шығып, барлық организмге таралу қабылеттілігі; олар қоздыратын аурулардың клиникалық көріністерінің негізіне жататын, жергілікті және жалпы патологиялық процестерді қоздыру қабілеттілігі; вирустың жаңа организмге ауысу және оның эстафеталық берілуін қамтамасыз ету қабілеттілігі. Осы қасиеттердің бәрі қажет. Бірақ вирустың патогенділік әсер етуі үшін олардың әрқайсысы өзінше жеткіліксіз болуы мүмкін. Осы қасиеттердің кейбіреулері вирустар өсіп-өніп, көбейетін жасушалармен байланысты, сондықтан бұл иелік немесе жасушаның иелік шектеуі деп аталады. Көптеген вирустар организмге инфекция кіру есігі болып табылатын және резистенттіліктің бірқатар бейспецификалық факторларымен қорғалатын шырышты қабаттар арқылы енеді. Сондықтан вирустар осындай қолайсыз факторлардың әсеріне төзімді болуы керек, ол вирустардың гендерімен детерминделеді. Мысалы; ішек вирустары қышқылды «РН»-қа, өт қышқылының тұздарының детергенттік әсеріне және оларды бұзатын протеолиттік ферменттердің әсеріне, әдетте, төзімді болып келеді. Вирустардың сезімтал жасушалардың мембраналарына адсорбциялану қабілеттілігі вирустар үшін спецификалық процесс болып табылады. Бұл процесс, вирустарда болатын жабысу ақуыздарының (антирецепторлардың) және оларға сезімтал жасушалық рецепторлардың қатысуымен атқарылады. Жабысу ақуыздар қарапайым вирустардың капсидының, ал күрделі вирустарда –суперкапсидының құрамында болады. Шешек вакцинасының және қарапайым ұшық вирустары сияқты күрделі вирустарда жабысу ақуыздарының бірнеше түрі болуы мүмкін. Вирустардың ие шеңберін ауыстыру және жаңа иесіне бейімделу қабілеттілігі, жасушалық рецепторларды танитын жабысу ақуыздарындағы бір учаскенің біріншілік құрылымының өзгеруімен байланысты. Бұл учаскелер өзінің құрылысы бойынша консервативті және ойшық-каньондарда орналасқан, мөлшері өте кішкентай. Осыған орай антиденелердің белсенді орталығы вирустарға толық жете алмайды, тек қана ойшықтарды қоршаған гипервариабельді учаскелермен әсерлеседі. Ол вирустарға иммунологиялық қысым жасаудан құтылуға мүмкіндік береді. Антирецепторларды кодтайтын гендердегі мутациялар кейде вирустардың жасушалық рецепторлармен өзара әрекеттесу қабілеттілігінің толық жоғалуына әкеледі. Вирустардың жасуша беткейіне адсорбциялануы вирустардың жасушаларға өзінен-өзі енуіне әрқашан әкеле бермейді. Сыртқы жағында гемагглютининдері бар көптеген вирустар эритроциттерге, әсіресе сүтқоректілердің ядросыз эритроциттеріне адсорбцияланады, бірақ оларға ене алмайды, өйткені олардың эндоцитоздану қабілеттілігі жоқ. Мұндай жағдайдың ядросы бар құстардың эритроциттеріне де қатысы бар. Егер суперкапсиді бар күрделі вирустар және жасушамен өзара әрекеттесуі оған ұқсас, қарапайым вирус жұққанда эндоцитозбен бір мезетте жасушалық және вирустық мембраналардың бірігіп қосылуы болмаса, тек қана эндоцитоз жеткіліксіз болады; өйткені, эндоцитарлық вакуоль вириондар үшін “бейітке”(кладбище) айналады. Өзара әсерлесудің бұл сатысы әрбір вирус үшін өте маңызды және спецификалы болады. Бұл процеске арнайы бірігіп-қосылу ақуыздары қатысады, олар қабықшасы немесе фунукционалдық учаскесі бар көптеген вирустарда болады. Бірігіп-қосылу ақуыздары вирустардың жабысу ақуыздарына ұқсас емес. Қосылу ақуызы парамиксовирустарда ең жақсы зерттелген, ол F-ақуыз (ағылшынша; fusion- қосылу) деп аталады. Қосылып-бірігуге қатысатын F-ақуыз аймағы өте жоғары тұрақты болып келеді. Бұл жерде болған мутация бірігіп-қосылу процесін тосқауылдайды. Бірігіп-қосылу сыртында да және ішінде де болуы мүмкін; жұғу өте жоғарғы деңгейде болғанда бірігіп-қосылу сырттан болады, ол жұққаннан кейін бірден пайда болады және вирус кодтайтын ақуыздардың синтезделуін қажет етпейді. Жұғу дәрежесі төмен болғанда іштен бірігіп-қосылу байқалады. Ол жаңадан синтезделген қосылу ақуыздарымен байланысты және инфекциялық процестің соңғы сатыларында пайда болады. Вирустардың инфекциялық белсенділігі көрінуі үшін бірігіп-қосылу ақуыздарының посттрансляциялық прессингі қажет. Бұл процесс кезінде нүктелік немесе шектелген протеолиз нәтижесінде бастаушы-ақуыздың протеолиттік кесіліп-бөлінуі болады, бұл оның белсенділігін арттыруға және жасушалық мембранамен өзара әрекеттесетін фрагменттің пайда болуына әкеледі. Осыған орай, бірігіп-қосылу ақуыздары бактериялардың протоксиндері тәріздес екенін еске салады. Вирустық ақуыздардың кесіліп-бөлшектенуі тиісті спецификалығы бар протеазалардың болуын қажет етеді. Бұл протеазалар шығу тегі бойынша жасушалық және вирустық болуы мүмкін. Кесілетін учаскедегі мутация протеолиздің және көпциклді инфекциялық процесс атқара алатын инфекциондық вирустардың өндірілуінің тосқауылдануына әкеледі, сондықтан инфекциялық процесс абортивті сипатта өтеді. Протеолиздену дәрежесінің организмде вирустық инфекцияның генерализациялануы үшін үлкен маңызы бар. Протеолиттік кесіп бөліну нәтижесінде болатын вирустық ақуыздардың посттрансляциялық модификациясы, вирустардың инфекциялық белсенділікке ақырғы рет ие болуындағы ең шешуші сәт және протеолиз ингибиторлары үшін оңай нысана болып табылады. Вирустардың бірігіп қосылу ақуыздары, синцитиялар құрамына кіретін вирустар жұққан жасушалармен бірге жұқпағандарын да қатардан шығарады. Осындай жағдай пайда болған жасушааралық көпіршелер арқылы вирустардың жасушадан жасушаға ауысып отыруына мүмкіндік береді. Осыған орай вирустар жасушааралық кеңістікке түспейді де, вирус-бейтараптаушы антиденелер вирустарға әсер ете алмайды. Парагрипп вирустарына қарағанда грипп вирустарының ерекшелігі сол, олардың гемагглютининдері бірігіп-қосылу ақуызы болып табылады және вирустардың жасушаға адсорбциялануын қамтамасыз етеді. Бірақ, жабысу және қосылу функциялары үлкен (НА1) және кіші (НА2) суббірліктерінің өздерінің арасында ажыратылып, анықталған учаскелер бойынша атқарылады. Грипп вирустарының маңызды патогенділік факторларының бірі-нейраминидаза, ол вирустың гемагглютининінен сиал қышқылының қалдықтарын шығара отырып, оны протеолиттік ыдырауға қолайлы етеді; ол өз кезегінде вирустардың инфекциондығының артуы үшін қажет. Қарапайым вирустардың капсидінің құрамында күрделі вирустардың бірігіп-қосылу ақуыздарына ұқсас ақуыздардың болатыны анық. Капсидтің беткейлік орналасқан ақуыздарының бірі жасушалық мембрананы тұрақсыздандырады. Ол модифицирленген капсидтің эндоцитарлық вакуольден цитоплазмаға енуіне ықпал жасайды. Вирус пен жасушаның өзара әсерлесуі-әрқашанда вирус және жасуша геномдарының өзара әсерлесуі. Вирустың адсорбциялануы, оның жасушаға енуі және шешінуі нәтижесінде вирустың генетикалық материалының босануы болады; ол функционалды белсенді түрге айналады, себебі, оның экспрессиялануына кедергі жасайтын сыртқы қорғаныс қабатынан босанады. Геном белсенділігінің дәрежесі әр түрлі тұқымдас вирустардың әртүрлі деңгейдегі депротеинизациялану дәрежесімен байланысты. Депротеинизациялану жасушаның протеазаларымен немесе жасушаның беткейлік –белсенді құрылымдарымен (жасушалардың иелік шектеуіші) атқарылады. Мұндай заңдылыққа шешек вирусы жатпайды. Күрделі-құрылымды вирустар үшін минимальды инфицирлеуші құрылым вирустық бөлшектің ішкі компоненттері-жүрекшесі (сердцевина) және модифицирленген ақуыздары мен конформациялық өзгерген капсидтері, ал қарапайым вирустар үшін-ішкі немесе геномдық ақуыздармен байланысқан нуклеин қышқылдары болып табылады, олардың функциясы геномның функциясымен және реттелуімен тығыз байланысты. Вирустардың репликациялануында вирустық ақуыздардың синтезделуі үшін ие жасушасының ақуызсинтездеуші құрылымдарын пайдалануы шешуші сәт болып табылады. Эукариоттық жасушалар вирусқа екі шектеу қояды. Біріншіден, жасуша өзінің ДНК-н транскрипциялау жолымен және содан кейінгі транскриптің посттранскрипциялық прессингілеуімен ядрода өзінің меншікті РНК-н синтездейтіндіктен ядрода да, цитоплазмада да вирустық ДНК-н транскрипциялау қабілеттілігі бар ферменттер болмайды. Сондықтан жасушалық транкриптазаны ядроға ену қабілеттілігі бар тек қана ДНК-геномды вирустар пайдалана алады. Басқа вирустардың барлығы РНК-н синтездеу үшін меншікті ферменттерін өндіруі керек. ДНК-геномды вирустардың транскрипциялануы үшін жасуша цитоплазмасында арнайы фермент вирустық-РНК- полимераза болуы керек; ол құрылымдылық вирустық ақуыз болып табылады. РНК-геномды вирустарда транскрипциялану вирусспецификалық транскриптазалармен атқарылады, олар әрі құрылымдық (эндогендік транскриптаза), әрі құрылымсыз ақуыздар болуы мүмкін. Күрделі құрылған РНК-геномды вирустың транскрипциялануы РНК-ң жалаңаш матрицасында жүрмейді, тек қана вирустық нуклеокапсидтің немесе жүрекшесінің (транскривтивтік кешендер) құрамында атқарылады. Транскрипция үшін геноммен байланысқан капсидті ақуыздар қажет. Себебі, олар РНК жіпшесінің дұрыс конформациясын, оны жасушалық протеазадан қорғауды, геномдық жекеленген фрагменттерінің бір-бірімен байланысын және транскрипцияланудың реттелуін қамтамасыз етеді. Екіншіден, эукариоттық жасушаның синтездеуші аппараты тек қана моноцистронды РНК-н трансляциялау үшін бейімделген, өйткені, ол РНК-дағы инициациялаушы ішкі учаскелерді тани алмайды. Соның нәтижесінде вирустар әрбір ген үшін жеке РНК-н, немесе көп полипротеин кодтайтын және бірнеше гендерді біріктіретін РНК синтездеуге мәжбүр болады. Ол кейіннен жекеленген ақуыздарға кесіліп бөлінеді. Вирустық геномның транскрипциялануы инфекциялық процестің ұзына бойында көптеген вирусспецификалық және жасушалық факторлармен қатал реттеледі. Транскрипциялану дәрежесімен инфекция сипаты және оның типі (өнімдіден абортивті инфекцияға дейін) байланысты болады. Транскрипциялық процестерді реттеуде күшейткіш гендер және трансактиваторлар маңызды рөл атқарады. Олар вирустардың геномының арнайы аумағында орналасқан және белсендіретін гендері болады. Күшейткіштер бұл транскрипцияны күшейтетін генетикалық элементтер. Вирустық күшейткіштердің құрылымының жасушалық құрылымнан айырмашылығы жоқ. Промотормен және күшейткішпен байланысатын транскрипциялық факторлар бір функция орындайды және олар әрі жасушалық, әрі вирустық ақуыздар болуы мүмкін. Гендердің экспрессиялық деңгейін бақылайтын күшейткіштер паповавирустарда, гепадновирустарда, герпесовирустарда, ретровирустарда және бірқатар басқа вирустарда да табылған. Трансактиватор-ақуыздардың спецификалық әсер ету қабілеттілігі жоқ. Олар гендердің реттеуші аумағымен байланысады және бір мезгілде барлық гендердің (соның ішінде басқа да вирустардың) күшейтілген транскрипциясын белсендіреді, ол вирустық бөлшектердің бірден бұрқ етіп өндірілуіне әкеледі және жасушалық онкогендердің экспрессиясын қосады. Олар транскрипциялық сатыда да , посттранскрипциялық деңгейде де әсер етеді. Вирустық және жасушалық трансактиваторлардың өзара әсерлесуі латенттік инфекцияның литилік түріне ауысуына және вирус жұққан жасушалардың онкогендік трансформациялануына әкелуі мүмкін. Күшейткіштердің де, трансактиваторлврдың да қызметі үшін екі маңызды аумағы болады. Оның біреуі тасымалдау-ақуыздың нысанамен байланысуын анықтайды, ал басқасы белсенді орталық болып табылады-ақуыздың негізгі белсендіруші қызметін атқарады. Трансактиваторлардың функциялық аумағына сай келетін мутант-ақуыздардың немесе пептидтердің бәсекелестігі негізінде трансактиваторлардың функциясын тосқауылдау, вирустарға қарсы емдеу тәсілдерінің перспективті бағыты болып табылады. Трансактиваторлар АИВ (ВИЧ), гепатит ”В”, адено-, папова-, және ұшық вирустарында табылған. Күшейткіштер мен трансактиваторлар генетикалық паразит ретінде жасушалық геноммен бәсекелесетін вирустарға қажетті атрибут болып табылады. Кейбір вирустар мөлшерінің өте ұсақтығына қарамастан, олар эволюция барысында вирус геномынан мөлшері кіші молекула бөліп, өз геномдарының экспрессиялануын және вирус ұрпақтарының көбеюін табысты аяқтай алады.

Күрделі вирустардың патогенділігінің қалыптасуында вирустық ақуыздардың посттрансляциялық модификациялануымен қатар, вирус бөлшектеріне құрастыруға қатысатын “М”ақуыздың (матрикстік белок) синтезделуі маңызды рөл атқарады. “М”ақуыздың плазматикалық мембранаға қосылуы вирустық бөлшектердің бүршіктену мүмкіндігін анықтайтын лимиттеуші жағдай болып табылады. “М”ақуыздың синтезделуі әрі вирусспецификалық және жасушалық механизмдермен қатал реттеледі. Вирус жұққан жасушалардағы “М”ақуыз саны көп жағдайда осы жасушалық жүйедегі вирустың репродукциялану ерекшелігін анықтайды. “М”ақуыздың аберантты синтезделуі, оның жасушааралық тасымалдауының бұзылуы абортивті және персистентті вирусты инфекциялар пайда болуына бірден-бір себепкер болады.


Вирустардың патогенділігі жасуша апоптозын тосқауылдайтын және цитокиндердің өндірілуін басып тастап, макроорганизмнің қорғаныс реакцияларын өзгертетін, олардың ақуыздық өнімдерімен де байланысты болып, вирустардың репродукциялануына және макроорганизмде таралуына әсер етеді. Мысалы нағыз шешек вирустары МНС-ң 1-класы антигендерінің және Y-интерферон рецепторлары аналогының жетілуін тоқтататын TNF-байланыстырушы ақуыздарын түзеді. Иммунды-тапшылық вирусы, керісінше олармен зақымданған жасушалардың цитокиндер өндіруін күшейтеді, ол қабыну реакцияларының және нейротоксикалық әсер етуінің дамуын арттырады. Басқа микробтар сияқты, вирустар, ие жасушасының мембранасынан пайда болған липидқұрамды сыртқы қабығының болуына , оның беткейлік антигендері құрылымының өзгергіштігіне, жасуша геномына интеграциялануына, Т-лимфоциттердің өлуіне т.б. байланысты, макроорганизмнің имундық жүйесінің әсер етуінен құтыла алатын қабілеттілігі болады.
Вирус қабылдаушы жасушаға енгеннен кейін сөзсіз түрде вирустың өсіп - өнуі шарт емес, өйткені қабылдаушылық, жасушалық жүйенің қызмет атқарушылық (пермиссивтілік) әрекетімен бірдей емес. Бұл вирусологияның ең басты концепсиясының бірі.Вирус пен жасушаның өзара әсер ету сатылары вирустың спецификалық әсерімен қатар , олар енген жасуша табиғатымен де (эндоцитоз, депротейнделу, вирустық спецификалық ақуыздардың синтезделуі және т.б.) байланысты. Құрамында инфекциялық процестің әртүрлі сатысында пайдаланылатын қажетті факторлардың барлық жиынтығы бар пермиссивтік жасуша жүйесінде ғана патогенді вирустарды қалыптастыруға жасуша белсенді қатысады, нәтижесінде репликативті айналым (цикл) аяқталады да, жұқпалы ұрпақ пайда болуына әкеледі. Мұндай процесс жартылай пермиссивті және пермиссивті емес жасушалар жүйесінде жүрмейді (иелі немесе иелік рестрикция).
Вирустардың патогенділігінің мекенжайлық сипаты болады. Әрбір вирус өзінің экологиялық қуысынан орын алады. Олардың кейбіреуі иелердің кең шеңберін,басқалары – шамалы өзара жақындау түрлерді, ал үшіншілері – тек қана бір түрді зақымдайды. Әйтсе де тәжірибелік үлгі (модель) ретінде әртүрлі жануарларды пайдалануға болады. Ие түрінің шегінде осы вирустарға рецепторлары бар тиісті жасушаларды ғана вирус зақымдайды, ол өз кезегінде вирустардың тіндік тропизмін анықтайды. Сонымен қатар әр түрлі жасушаның әртүрлі рецепторларымен өзара әсерлесе алады, өйткені жасушалардың біреуінде әр түрлі вирустар үшін рецепторлары болуы мүмкін. Және де вирустың бір түріне рецепторлар әр түрлі жасушаларда болуы ықтимал. Жасушаларда вирустар үшін рецепторлардың болуы көбінесе оларда вирустардың репродукциялану мүмкіндігінің көрсеткіші болып табылады.
Тіндік тропизм жасушаларда рецепторлардың болуымен ғана емес, жасушаларда вирусқа тәндік синтезделудің атқарылу мүмкіндігімен де анықталады. Жасушалық жүйенің пермиссивтілігіне байланысты қабылдаушы жасушалардағы инфекция өнімді, шектелген және түсікті (абортивті) болуы мүмкін.
Өнімді инфекция пермиссивті жксушада атқарылады және репродукцияланудың толық циклімен сипатталады, ол жұқпалы ұрпақтың қалыптасуымен аяқталады. Жасушалық жүйенің пермиссивтілігі сол жерде вирустардың бірнеше рет қайталанатын көбею циклін де қамтамасыз етеді.
Вирустық жұқпалы бөлшектердің пайда болуы аяқталмаған немесе өнімді инфекцияға қарағанда әлдеқайда аз мөлшерде түзілетін жағдайды абортивті (түсікті) инфекция деп атайды. Абортивті инфекция екі жағдайда болуы мүмкін. Біріншіден, жұқтыру қабылдаушылығы бар болғанымен жасушалар пермиссивті болмауы ьықтимал, өйткені оларда вирус гендерінің бәрі емес, кейбіреулері ғана экспрессиялануы мүмкін. Жасушалардың генетикалық пермиссивсіздігінің механизмдері негізінде репродукциялану үшін жасушалық факторлардың болмауы немесе вирустардың репродукциялану процесін бұзатын факторлардың болуы жатыр. Екіншіден, абортивті инфекция пермиссивті және де пермиссивті емес жасушаларға репродукциялану үшін қажетті вирус гендерінің толық жиынтығы жоқ кеміс (дефекті) вирустардың жұғуы нәтижесінде болуы мүмкін . Дефекті вирустар паразитизмнің ең шектен шыққан түрі, өйткені олар басқалар, көбінесе туыстас емес, гомологиялық емес вирустар түзген гендік өнімдерді пайдаланады. Мысал ретінде аденоассоцияланған вирустарды және Д гепатит вирусын келтіруге болады, оларға көмекші ретінде В гепатит вирусы қызмет етеді. Абортивті инфекцияны дефекті интерференциялаушы вирустық бөлшектер де қоздырады, олар да генетикалық материалдарының бөлшегінен айрылған. Дефекті вирустардан ерекшелігі сол, олар репликациялану барысында гомологиялық жұқпалы вирустармен интерференцияланады, осыған байланысты оларды дефекті интерференцияланушы вирустық бөлшектер деп атайды (Ди – бөлшектер) . Ди – бөлшектердің пайда болуы интерференциялану үрдісіне орай толық құнды вирустардың өлім туғызушылығын әлсіретуде маңызды рөл атқарады және кейбір жасушаларда ұзаққа созылатын персиситенциялық инфекция қалыптасуына әсер етеді.
Және де, жасушалар тек қана уақытша пермиссивті болуы мүмкін. Себебі, вирус жасуша пермиссивтік түрге айналғанға дейін сақталады, немесе кез келген сәтте шамалы ғана жасушалар популяциясында вирустық ұрпақтар пайда болады. Инфекцияның бұндай түрін кейбір зерттеушілер рестриктивті (restrictive) , басқалары шектелген (restrigent) деп атайды . Бірқатар жағдайларда цитолитикалық вирустар морфологиялық зақымдану (гормондар, холестерин синтездеуін өзгертпей т.б.) туғызбай, немесе жасушаларда қатерлі ісіктік трансформациялануын қоздырып, жасушаның функциялық белсенділігін ғана өзгертуі мүмкін. Вирустық геномның жасушада сақталуы шектелген, әрі абортивті инфекцияның қосымша салдары болып табылады.
Егер де вирус жасушалық геномнан тәуелсіз түрде репликацияланса, ондай инфекция автономды деп аталады. Егер вирустық геном жасуша геномының құрамына интеграцияланса және онымен бірге репликацияланса, мұндай инфекция интегративті (вирогения) деп аталады.Геном толық күйінде де және оның бөлшегі ретінде де интеграциялана алады. Мысалы, В гепатит кезінде геномның толық интеграциялануы мүмкін, аденовирустық немесе ұшық инфекцияларында әдетте геномның бөлшегі ғана интеграцияланады , ал онковирустар жұққанда геном толық күйінде де және оның бөлшегі түрінде де интеграциялануы ықтимал. Жасуша геномының құрамына кіретін вирустық тізбекщелер провирус немесе провирустық ДНК деп аталады. Инфекциялық процестің интеграциялық типі адено-, папилома-, ұшық-, В гепатит вирустары жұққанда болуы мүмкін, ал кері транскриптаза ферменті бар ретровирустар үшін ол міндетті түрде болады.
Жасушамен өзара әсерлесуі нәтижесі бойынша инфекция цитолитикалық және цитолитикалық емес болуы мүмкін. Жасушалардың өлімімен аяқталатын инфекция цитолитикалық деп аталады. Жасушаларды тікелей бірден лизистемейтін, соның нәтижесінде жасуша біраз уақыт бойы вирустық бөлшектерді өндіре отырып, функциясын сақтай алатын инфекция - цитолитикалық емес деп аталады. Жасушаның инфицирленуі оның бағдарламаланған өлу механизміне жол ашады, ол вирустардың репродукциялануына кедергі жасайды. Сондықтан бірқатар вирустардың, мысалы, поксвирустардың құрамында гендері бар, олардың ақуыздық өнімдері апоптозды тежейді. Вирустар жасушаның морфологиясын өзгертпей немесе ісіктік трансформация қоздырмай, тек қана жасушалардың функциялық белсенділігін өзгерте алады.
Вирус пен жасуша арасындағы өзара әсерлесу әрі жедел, әрі созылмалы түрде болуы мүмкін. Вирус ұрпақтары түзілгеннен кейін жасуша не өледі, немесе вирустық компоненттерден арылып сауығатын жағдайды жедел(жіті) инфекция дейді . Жасуша ұзақ уақыт вирустық бөлшектерді немесе олардың компоненттерін өндіруді жалғастыратын осындай қабілеттілігін ұрпақтық жасушаларға беретін инфекция түрін созылмалы деп атайды. Айта кету керек, вирусты инфекциялар вирус популяциясының гетерогенділігімен және оның инфекциялық процесс барысында өзгеруімен, жекеленген, соның ішінде агрессивті, клондардың қалыптасуымен, антигендік спецификалығының ауысуымен сипатталады.
Жасушалардың бұзылуы нәтижесінде вириондар мен вирустық компоненттер, және де жасушалардың ыдырауы нәтижесінде пайда болған өнімдер қан айналымына түседі де организмді жалпы уландырып дене қызбасын дамытады және қабыну процестерін қоздырады. Сонымен қатар гуморальдық әрі жасушалық иммундық реакциялар дамиды.
Вирустармен жасушаның зақымдануы, олардың бұзылуы және ыдырауы вирустық инфекцияның жасушалық деңгейден ағзалық және организмдік деңгейге дейін жайылуына әсер етеді. Инфекция организмде таралуы мүмкін : жасушамен жанасу арқылы, соның ішінде ішкі мембраналардың бірігуі нәтижесінде пайда болған жасуша-аралық , көпіршелермен; жақын және шеткері жатқан тіндер мен ағзаларға шырышты қабық сілекейлерімен; жүйке тарамдарының бойымен. Дегенмен вирустар көбінесе қан арқылы – гематогенді жолмен тарайды. Осы жолмен тарала отырып, вирустар организмде екіншілік шоғырлану ошағын туғызады. Классикалық мысал ретінде сал (полиомиелит) ауруын келтіруге болады. Алғашқы кезде вирус ащы ішек эпителиясында шоғырланып мекендейді. Көпшілік жағдайда инфекциялық процесс осы жерде аяқталады, бірақ кейбір кезде вирусемия дамып, вирус ОЖЖ (ЦНС) –де, дәлірек айтсақ жұлынның сұр затының алдыңғы мүйіздерінде және де сопақша ми жасушаларында өсіп-өніп, сал болу қоздырады және өлімге әкеледі. Макроорганизмде вирустардың таралуында организмнің резистенттілігі негізгі рөл атқарады.
Организмдік деңгейде вирустық инфекцияларды екі топқа бөлуге болады: ошақты және генерализацияланған инфекция. Ошақты инфекция кезінде вирустардың әсер етуі кіру есігінің аумағында ғана байқалады. Генерализацияланған инфекция кезінде біріншілік ошақта вирустардың репродукциялануы басталғаннан шамалы уақыттан кейін инфекциялық процестің генерализациялануы басталады, вирус сезімтал тіндерге жетіп екіншілік ошақтар қалыптастырады. Макроорганизммен өзара әсерлесу мерзімінің ұзақтығына қарай инфекция жедел және персистентті түрде болуы мүмкін. Жедел инфекция жасуша деңгейіндегі өнімді инфекцияға сәйкес келеді. Ол клиникалық айқын , немесе инапарантты түрде де жүруі мүмкін , толық сауығумен мнемесе өліммен аяқталады. Персистенциялық инфекцияны вирустың сыртқы ортаға шығуына және ауру симптомдарының көрінісіне байланысты вирустасымалдаушылық, латентті, созылмалы немесе баяу вирусты инфекциялар деп ажыратады.
Бірнеше айлар мен жылдарға созылатын ұзақ мерзімді жасырын кезеңімен сипатталатын , соңынан індет баяу және үдемелі түрде дамып , өліммен аяқталатын , макроорганизмнің қандайда болмасын бір жүйесін (әдетте ОЖЖ) зақымдайтын түрін баяу вирустық инфекция деп атайды.
Адамдар мен жануарлар вирустарының көпшілігінің макроорганизмде персиситенциялану қабілеттігі болады, ол тұрғындардың проэпидемиялануына және вирустардың биологиялық түр ретінде сақталуына әкеледі. Персиситенциялану қабілеттілігі көптеген вирустарда жылы қанды иесінің организмінде немесе тасымалдаушы – буынаяқтыларда ұзақ уақыт сақталу механизмі ретінде қалыптасқан. Вирустардың персистенциялануы олардың өзімен, немесе жасушасымен де байланысты көптеген себептердің нәтижесінде болуы мүмкін.Мысалы: толық емес немесе дефекті вирус жұққан кезде вирустың репликациялануы мен транскрипциясының өзгеруі; мутанттардың пайда болуы ;вирустық гендер экспрессиясының өзгеруі; иммундық жауапты супрессияға әкелетін иммуноциттер қызметінің бұзылуы .Персистенциялық қабілеттік көбінесе жасушалық жүйенің пермиссивтіліггімен анықталады. Мысалы, эпителиялық және басқа үдемелі түрде бөлінетін жасушаларда ұшық вирустарының бірнеше рет қайталанатын толық репродукциялық циклі жүреді. Бөліну қабілеттігі жоқ жүйке жасушаларында ұшық вирусы көбеймейді, плазмидалар түрінде ғана сақталады, өйткені мұндай жасушаларда вирустық ДНҚ синтездеуге қажетті жасуша –тәуелді ферменттер жоқ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   113   114   115   116   117   118   119   120   ...   216




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет