Байланысты: МЕДИЦИНАЛЫҚ МИКРОБИОЛОГИЯ Б.А. Рамазанованың және Қ. Құдайбергенұлының (1)
7.4.2. Макроорганизмнің реактивтілігіне биологиялық және қоршаған ортаның әлеуметтік факторларының әсері. Инфекциялық процестің дамуы және аяқталуы көбінесе қоршаған ортаның жағдайымен байланысты, сол ортада қабылдаушы макроорганизм мен микробтың өзара әсерлесуі болады. Инфекциялардың берілу механизмінің күшеюінде және эпидемиялық процестің дамуында қоршаған орта маңызды рөл атқарады.
Әр түрлі физикалық, химиялық және биологиялық факторлар тек микробтарға ғана емес, макроорганизмге де қолайсыз әсер етеді. Л.Пастердің классикалық жұмысы табиғи түрлік туабіткен иммунитеттің өзі де абсолютті емес екенін көрсетті. Табиғи жағдайда күйдіргі ауруына қабылдамаушылығы күшті тауықтардың аяқтарын суық суға салып қойып тәжірибе жасағанда, олардың күйдіргі ауруын қабылдаушылық қасиеті жойылған. Қазіргі кезде осындай құбылысты дене қызуын басатын препараттарды пайдаланып қол жеткізуге болады. Суыққа шалдыққандағы сияқты ыстыққа шалдыққанда да макроорганизмнің биохимиялық процестері бұзылады, ол өз кезегінде микробтарға қарсы төзімділігінің төмендеуіне әсерін тигізеді. Макроорганизмнің қарсы тұру қабылеттілігіне температураның әсері көбінесе фагоцитоздың және де жалпы иммундық жүйе белсенділігінің төмендеуімен байланысты. Қоршаған ортаның температурасы мен ылғалдылығының маңызды рөл атқаратынын, тыныс алу жолдарының әртүрлі инфекциялармен науқастанушылықтың маусымды көтерілуі көрсетеді. Күз-қыс маусымдары кезінде байқалатын төменгі температура мен салыстырмалы жоғарғы ылғалдылық макроорганизмнің реактивтілігіне қолайсыз әсер етеді, себебі мұрын-жұтқыншақ тіндерінің тосқауылдаушы-фиксациялаушы функциясы төмендейді де жоғарғы тыныс жолдарының ауру қоздырғыштарын қабылдаушылығы жоғарылайды.
Температура мен ылғалдылықтан басқа ультракүлгін сәуле, иондағыш радиация т.б. табиғи факторлардың әсер етуі тиісті рөл атқарады. Макроорганизмге күн сәулесінің әсер етуі оның толқын ұзындығымен, интенсивтілігімен және әсерінің ұзақтығымен байланысты. Күн сәулесі макроорганизмге қолайлы әсер етеді және жеткілікті дәрежеде инфекцияларға төзімділігін күшейтеді. Дегенмен де ұзақ уақыт және интенсивті сәулемен әсер ету макроорганизмнің патогенді микробтарға төзімділігінің төмендеуіне әкеледі. Организмнің қарсы тұру қабылеттілігінің бұзылуында иондаушы радиацияның маңызы күшті. Рентген сәуленің азғантай дозасы әр түрлі ауруларға жануарлардың резистенттілігін күшейтеді, ал жоғарғы дозалары қалыпты микрофлораның белсенділігін арттырып, бактеремия мен септицемия дамыта отырып, резистенттілігін төмендетеді. Бұл кезде шырышты қабаттардың өткізгіштігі бұзылады, олардың тосқауылдық-фиксациялаушы қабылеттілігі төмендейді, фагоциттердің функционалдық белсенділігі және қанның қорғаныс қызметі азаяды. Иммундық жүйе жасушаларымен қамтамасыз ететін сүйек кемігінің қан құраушы қызметінде терең өзгерістер туғызатын ионды сәулелердің үдемелі дозалары адамдар үшін аса қауіпті болып табылады.
Күннің от шашуы күшейген кезде кейбір адамдарда жүйке қозуы артады, созылмалы аурулардың ағымы асқынады т.б. Бұндай кезде экологиялық жүйедегі микроб-зардаптанушы өзара қатынасының да интенсивтілігі күшейеді. Эпидемиялық апаттардың биокосмостық табиғаты туралы ілімді жасаған А.Л.Чижевский және С.Т.Вельховер осындай сындарлы кезеңде жұқпалы аурулар қоздырғыштарының патогенділігі, олардың белсенділігінің жоғарылау жағына қарай өзгеретінін тапқан (Чижевский-Вельховер эффектісі). Керісінше, магнитосфераның пертрубациясы және күн сәулесінің интенсивтілігінің күшеюінің әсерінен макроорганизмнің қорғаныс күштері әлсірейді. Магнитті-электрлі күштер тірі организмдердің молекулалық компоненттерінің, соның ішінде микроб-зардаптанушы жүйелердегі өзара әсерлесуді қамтамасыз ететін молекулалардың конформациясына тікелей әсер етеді деп болжауға болады.
Адам организміне сыртқы орта факторларының әсері туралы айтқанда, ең алдымен иммунды-тапшылық даму нәтижесінде макроорганизм реактивтілігінің төмендеуіне себепкер болатын антибиотиктер мен иммундыдепрессанттарды, антиметаболиттер мен цитостатиктерді қабылдау, емдеу мақсатында сәулелерді қолдану, ядролық қаруларды жиі сынақтан өткізу, пестицидтерді қолдану т.б. сияқты әлеуметтік антропогендік факторлардың аса зор әсер ететінін есте сақтаған абзал.Алдын-алу мақсатында егу жүргізу де инфекциялық процестің барысына және дамуына едәуір әсер етеді. Вакцина егу жүре пайда болатын жасанды белсенді иммунитет қалыптастырумен қатар,жоғарғы вирулентті жабайы штамдарды вакциналық вирулентсіз штамдардың ығыстыруынан, вируленттілік вакуумы пайда болуына әкеледі. Микробтар мен макроор-ганизм арасындағы тепе-теңдіктің осындай бұзылуы, бұрын белгісіз патогендердің популяцияға еніп кетуі есебінен бұзылған баланс қалпына келеді.
Антропогендік факторлардың әсерін тексеру үшін А.А.Воробьев жетекшілігімен жүргізілген зерттеулер, химиялық мекемелер жұмыскерлерінде және соған жақын жердегі тұрғындардың арасында негізгі иммунитет көрсеткіштерінің жаппай төмендегенін көрсетті. Адам организміне сыртқы ортаның антропогендік әсер етуінің тағы бір мысалы ретінде Арал аймағының экологиялық зардапқа шалдығуын алуға болады, ол жердің тұрғындарының 80%-да иммундық жүйесінің әр түрлі күрделі бұзылыстары бар екені анықталған.
Әдетте экологиялық факторлар адамдардың табиғи резервуармен немесе инфекция иесімен жанасуды күшейту арқылы жұқпалы аурулардың пайда болуын жылдамдатады. Белгілі аумақта тұратын және өндірістің белгілі бір түрімен шұғылданатын адамдардың арасында жұқпалы аурулар таралуында әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың маңызы бар. Мысалы,кәсіби ерекшеліктеріне байланысты, жұмысы малмен байланысты ауылдық жердің тұрғындары зоонозды инфекциялармен (сауыншылар, ветеринарлар, аңшылар, ет комбинатының жұмыскерлері т.б.) жиірек ауырады. Өндірістік факторлардың рөлін бірқатар жұқпалы аурулардың бейнелеу аттарынан көруге болады:күйдіргі – «қоқыс жинаушылар ауруы», туберкулез – «пролетариат ауруы» немесе «ішке ағылған кедейшілік көз жасы», іш сүзегі – «коммуналшылар ауруы» ж.т.б.
Жұқпалы аурулардың таралуында өмірдің тұрмыстық-материалдық жағдайы, қоғамның даму деңгейі, оның санитариялық мәдениеті, діни және ұлттық дәстүрлер, қоғамдағы саяси және экономикалық жағдайлар т.б. маңызды рөл атқарады. Мысалы, дамып келе жатқан тропикалық елдердің бірқатарында жаңа туылған нәрестенің кіндігін кескенде оны өңдеу үшін қи, топырақ, батпақ, құстың нәжісін, әр түрлі субстраттардан және өнімдерден, азық-түліктерден дайындалған ұнтақтарды жағу дәстүрі бар. Аталғандардың құрамында көбінесе C.tetani-дің споралары болатындықтан нәрестелерде сіреспе ауруының дамуына жағдай жасалады. Въетнамда оба ауруының фарингеальді түрі кездеседі, ол бойы аласа въетнамдықтардың арасында бір-бірінің шашындағы, оба қоздырғышын тасымалдаушы болып табылатын бүргелерді тісімен жинап, жаншып тастайтын дәстүрге байланысты. Бірқатар елдерде ұлттық және діни дәстүрлерге байланысты кейбір тағамдық өнімдерді пайдалануға шектеу қойылған, ол онсыз да құнсыз тағамдық рационның нашарлануына әкеліп, макроорганизмнің жағдайына қолайсыз әсер етеді. Ұлттық ерекшеліктері мен дәстүрлеріне байланысты ботулизм ауруының жұғу көздері әр жерде әр түрлі: АҚШ-та - өсімдіктерден дайындалған консервілер, Еуропа елдерінде – ет консервілері, Ресейде – балық және балықтан дайындалған консервілер.
Әлеуметтік жағдайлар арқылы табиғи факторлардың жұқпалы аурулардың таралуына әсер ете алатыны туралы мысал ретінде кенелі-энцефалитпен нау-қастанушылықтың көктем-жаз кезіндегі маусымдық көтерілуін келтіруге болады. Бұл кездегі қоршаған ортаның қолайлы температурасы кенелі энцефалит вирусының резервуары әрі жұқтырушысы болып табылатын кенелердің белсенділігін арттырады. Климат жағдайы өзгергенде адамдар маусымдық жұмыспен айналысады, яғни олар саңырауқұлақтар, жеміс-жидектер, шөп т.б. жинайды, аңшылық және балық аулаумен шұғылданады, ол өз кезегінде кенелермен жанасу мүмкіндігін арттырады да вирустың трансмиссивті механизммен берілуін күшейтіп, кенелі энцефалитпен науқастанушылықты көбейтеді. Жаңа оқу жылы басталғаннан кейін оқушылар арасында ауалы-тамшылы инфекциялармен науқастанушылықтың өсуі, әлеуметтік факторлардың әсер етуінің басқа мысалы ретінде келтіруге болады. Мектептердегі сабақ басталу балалар ұжымының жаңаруына және араласуына, иммунсыз балалардың көбеюіне, жабық ғимараттарда көптеген адамдардың шоғырлануына әкеледі және микробтар сырттан енгенде инфекцияның ауалы-тамшылы механизммен берілуін күшейтеді.
Жұқпалы аурулардың жаңадан пайда болуына және бұрынғылардың күшеюіне өндіріс технологиялысының өзгеруі (әсіресе тағамдық өнімдердің); ауылшаруашылық және үй жануарларын өсіру технологиясы; халықаралық туризмнің және сауда-саттықтың дамуы; адамдардың мінез-құлқының өзгеруі т.б. сияқты әлеуметтік факторлар әсер етеді.
Индустриальды дамыған елдерде ересек тұрғындардың шамамен 50%-ы Эпштейн-Барр вирусымен алғашқы рет балалық немесе жасөспірімдік шағында инфицирленеді. Бұл вирусқа қарсы антиденелердің көтерілу шыңы – балаларда , екінші шыңы – жасөспірімдерде байқалады, ол олардың әлеуметтік және жыныстық белсенділігінің артуымен байланысты. Жұқпалы мононуклеоздың максимальды жиілігі қыздарда 14-16 жаста, ал ер балаларда 16-18 жаста тіркеледі, жасөспірімдік жас кезеңінің соңында көпшілігі серо-оң нәтижелі болады.
Жұқпалы аурулардың бірінші кезекте әлеуметтік аурулар (қоғамның әлеуметтік мәселесі) екенін есте сақтау керек. Мұндай аурулардың көбеюі қоғамдағы экономикалық қолайсыздықты, оның экономикасының дамуы әлсіз екенін көрсетеді. Туберкулез және алапес, трахома және мерез, протозойлық инвазиялар және ішек инфекциялары классикалық әлеуметтік аурулар болып табылады. Саяси және экономикалық тұрақсыздық кезінде, оған табиғи катаклизм қосылғанда әлеуметтік факторлардың әсері өте ерекше бйқалады. Ұлттық зардап шегу, соғыс қимылдары адамдарды едәуір өлімге әкеледі, табиғи және экономикалық ресурстары жойылады, өмірлеріне қауіп төнуіне байланысты тұрғындардың бақылаусыз миграциясы басталады, материалдық және санитариялық-тұрмыстық жағдайлары нашарлайды. Осының барлығы тиімді емдеу-профилактикалық шараларды уақтылы жүргізуге кедергі жасайды, өйткені медициналық міндеттермен қатар көптеген басқа маңызды экономикалық мәселелерді шешуге тура келеді. Егер де қоғам үшін әрбір адамның өмірі ең басты рухани және материалдық құндылық болып табылғанда ғана жағдай түпкілікті өзгере алады.