Фагтардытәжірибеде қолдану.Бактериофагтарды жұқпалы ауруларға зертханалық диагноз қоюда, бактериялардың түрілік идентификациясын, яғни фаговарларын (фаготипін) анықтауда қолданады. Бұл үшін фагтар әсерінің қатаң спецификалылығына негізделген фаготиптеу әдісін қолданады: тығыз ортасы бар табақшаға қоздырғыштың таза дақылдарын сеуіп бетіне әртүрлі типоспецификалық диагностикалық фагтарды тамызады. Бактерия фаговарын оның лизисін туғызған фаг (стерилді таңбаның, «таңдақтың» немесе «негативті колонияның» пайда болуы) типі деп анықталады. Фаготиптеу әдісін инфекция көзі мен таралу жолдарын анықтауда пайдаланады (эпидемиологиялық маркерлеу). Бір фаговарға жататын бактерияларды әртүрлі науқастардан бөліп алу жұғу көзінің бір екендігін көрсетеді.
Қоршаған орта объектілерінде (мысалы, суда) бактериофагтардың болуына қарап соған сәйкес патогенді бактериялардың бар екендігін білуге болады. Бұндай зерттеулерді жұқпалы аурулардың эпидемиологиялық жаппай таралуын талдау кезінде жүргізеді.
Фагтарды сондай-ақ бірқатар ауруларды емдеу және алдын алу үшін пайдаланады. Ішсүзектік, салмонеллалық, дизентериялық, көкіріңдік, стафилококтық, стрептококтық фагтар және аралас препараттар (колипротеиліқ, пиобактериофаг, т.б.) шығарылады. Бактериофагтарды көрсеткіштері бойынша пероралды, парентералды немесе жергілікті тәсілмен сұйық, таблетка күйінде, балауыз немесе аэрозоль түрінде тағайындайды.
Бактериофагтарды гендік инженерияда рекомбинантты ДНҚ алу үшін вектор ретінде кеңінен қолданады.
3 ТАРАУ. Микроорганизмдердің физиологиясы. 3.1. Бактериялар физиологиясы Бактериялар физиологиясы - бактериялардың тіршілігін, зат алмасуын, қоректенуін және қоршаған ортамен қарым қатынасын зерттейді. Бактериялардың зат алмасуын зерттеу, оларды дақылдандыруда, таза дақылдарын бөліп алып идентификациялауда үлкен орын алады. Патогенді және шартты – патогенді бактериялардың физиологиясын зерделеу, олар тудыратын жұқпалы аурулардың патогенезін зерттеу, микробиологиялық диагноз қою, емдеу және олардың алдын алу, адам мен қоршаған орта қарым қатынастарын реттеу, сонымен қатар биотехнологиялық процестерді қолдана отырып, бактериялардан биологиялық белсенді заттарды алу үшін қажет.