12.6. Таңбаланған антидене мен антигендердің қатынасымен жүретін реакциялар 12.6.1. Иммундыфлюоресценция реакциясы - ИФР (Кунс тәсілі) ИФР-ды қолданудың үш тәсілі бар: төте, жанама және комплементтің қатынасуымен. Кунс реакциясы микробтардың антигенін, немесе антиденелерді анықтау үшін колданылатын шұғыл-диагностикалық тәсіл түріТөте тәсілдің принципі: тіннің, немесе микробтардың антигенін флюорохромдармен белгіленген антиденелері бар иммунды сарысумен өңдейді. Антиденелерді ультракүлгін сәуле беретін люминисценттік микроскоппен қарағанда олар сәулеленеді. Егерде антигендер аталған антиденелерге сәйкес келсе олар қосылғанда микроскоппен қарағанда бактерияларың айнала шеттері жасыл түсті сәуле шығарады.
Жанама ИФР. Антиген-антидене комплексін флюорохроммен белгіленген антиглобулиндік сарысумен (антиденелерге қарсы антиденелер) анықтауға негізделген.
Ол үшін микробтардан жасалған жағындыны солардың антигендеріне қарсы иммундық сарысумен өңдейді. Антигендермен байланыспаған антиденелерді шайып тастап, антигенмен байланысып қалған антиденелерге флюорохроммен өңделген антиглобулиндік сарысуды қосады. Соның нәтижесінде микроб+антимикробтық сарсу+ флюорохромммен өңделген антиглобулин комплексі құрылады. Комплекстің бар-жоғын люминесценттік микроскоппен анықтайды (29-сызбанұсқа).
12.6.2. Иммундыферменттік тәсіл немесе талдау ИФТ. ИФТ дегеніміз антигендерді соларға сәйкес ферментпен ( пероксидазасы, бета-галактозидаза, сілтілік фосфотаза) белгіленген антиденелермен анықтау. Антиген ферментпен таңбаланған иммунды сарысумен қосылғаннан кейін, сол қосындыға ферментпен ыдыратылатын зат (хромоген) құйылады. Зат ферментпен ыдыратылып реакциядағы сұйықтың түсін өзгертеді. Байланысқан антигенмен антиденелердің саны неғұрлым көп болса соғұрлым сұйықтың түсі күреңдеу болады.
Қатаңфазалық ИФТ – реакцияның кең қолданылатын тәсілі. Принципі-антигенді, немесе антиденені қатаң тасымаладаушының үстіне, мысалы, полистрол планшетасының шұңқүрларының бетіне қондыруға негізделген.
Антиденелерді анықтағанда планшетаның шұңқұрына ретімен аурудың қан сарысуы, ферментпен өңделген антиглобулиндік сарысу, фермент ыдырататын хромоген құйылады. Әрбір компонент қосылғаннан кейін шұңқұрдан байланбаған заттарды мұқият жуып-шайып отырады. Реакцияның оң нәтижесінде шұңқырдағы сұйықтың түсі өзгереді. Катаңфазалық тасымалдаушыға антиденлерді қондырып антигендерді анықтауға болады, ол үшін тек қана антиглобулиндік сарысудың орнына, ферментпен өңделген антигенге қарсы иммундық сарысу қосылады.
ИФТ-ның басқа да түрлері бар, мысалы, бәсекелік ИФТ. ИФТ вирустық , бактериялық, паразитарлық ауруларға диагноз қою үшін, сонымен қатар гормондардың, дәрі-дәрмектің, биологиялық белсенді препараттардың зерттеліп отырған заттаардағы ең төменгі өлшемін анықтау үшін колданады.