Міржақып Дулатұлы шығармалары және қазіргі қазақ
қоғамы
Аймағамбетұлы Роман
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық
мемлекеттік педагогикалық
институтының аға оқытушысы
Қоғам адамдардың жиынтығынан тұрады десек, сол қоғамды алға
жетелейтін ұлы тұлғалардың ролі туралы айтылып та, жазылып та жүр.
Бірақ сол ұлы тұлғалардың қоғамдағы орны, маңызды істері, болашақ
ұрпаққа әсері туралы пікірлердің әр алуан болатыны заңды құбылыс. Әр
қоғам ӛз адамын туғызады, себебі адам ӛзі ӛмір сүріп отырған ортаның
перзенті. «Барлық қоғамдық орта секілді қазақ даласы да ғасырлар
беделінде ӛзінің ұлы ұландарын туғызып отырды, бірақ олар ӛзінше ерек,
далалық табиғатқа тартатын.»-деп, кезінде атап ӛткен қазақтың біртуар
ұлы Міржақып Дулатұлы жазғандай жеке тұлғалардың арасында ұлы тұлға
дәрежесіне жеткендердің барлығында ӛзін қоршаған әлеуметтік ортаның
әсер ететіндігін дәлелдейтін факторларды тарихтан кӛптеп келтіруге
болады. [1,296]
Қазақ халқының зиялы қауымының екінші бір толқыны шыққан кез
ол-ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы болатын. Ал ол
кез қазақ халқы үшін әлеуметтік-экономикалық және саяси жағынан ауыр,
қоғамның түсініксіз жақтары кӛбейген, соған жауап іздеген сындарлы да
қиын кезең болды. Оның негізгі ауыртпалығы сол кездегі санаулы ғана
ұлттық зиялы қауымның мойына түсті. Ұлттың ұлт болып қалуы таразыға
түскен тұста олардың ғылымның барлық салаларымен шұғылдануына тура
келді. Олай болмасқа уақыт та болмады. Себебі заман лебіне икемделу
үшін, ӛркениетті қоғам құру үшін ұлтты тығырықтан алып шығу керек
болды.
Солардың бірі, әрі бірегейі, Торғай жерінің тумасы, Ыбырай
мектебінің түлегі Міржақып Дулатұлы болатын. ХХ ғасырдың 20-30-шы
жылдарын сӛз еткенде, біз алдымен, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған
ағартушылық, демократиялық бағытты ілгері жалғастырушы әрі ақын, әрі
дарынды журналист, саяси қайраткер, шебер аудармашы Міржақып
Дулатұлы туралы айтуымыз керек.
Міржақып Дулатұлының ӛмірбаяны, заманы, шыққан тегі, қоршаған
әлеуметтік ортасы, халқына сіңірген қызметі оқырман қауымға етене таныс
деп айтқанымызбен, шығармаларының маңыздылығын, қазіргі заман
ағымында болып жатқан құбылыстармен етене жанасып жатқандығын
оның еңбектерін оқу арқылы кӛз жеткізе аламыз. Оның «Оян, қазақ!»,
«Азамат», «Терме» ӛлеңдер жинағы немесе жазба шығармалары болсын-
барлығында қазіргі уақыттағы қазақ қоғамының ең кӛкейтесті: тіл, дін,
жер, ұлттың қадір-қасиеті, сӛз мәнері, сыйластық, мораль, әйел мәселесі,
қазақ халқының тарихы сияқты үлкен-үлкен тақырыптар қозғалған. Қазақ
қоғамының қазіргі экономикалық жағдайын ХІХ немесе ХХ ғасырмен
салыстыруға болмайтын шығар, ол жағынан біздің қоғамымыз бірталай
жоғары тұр деп айтуымызға болады. Бірақ та адамгершілік, тәрбие,
ұлтжандылық, ар-ождан, намыс дегендерге келетін болсақ, менімше, біз
кӛптеген құнды ерекшеліктерімізден айырылып қалған сияқтымыз. ХХ
ғасырдың басында қазақ зиялылары қозғаған мәселелердің әлі күнге дейін
шешімін таппай отыруы осының айғағы болса керек. Мысалы, ақынның
«Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі» деген ӛлеңінде мынандай
жолдар бар:
Қызығып қызарғанға кеткендер кӛп,
Шен алып, дәрежеге жеткендей боп.
Ойлады ӛз файдасын халықты сатып,
Қазақты ең керексіз еткендей боп.[2,23]
Қазақ қоғамын жегідей жеп, қазіргі таңда бойымызға сіңіп бара
жатқан, кӛзіміз үйреніп, таң қалмайтын құбылыстың сонау ХХ ғасыр
басынан бері келе жатқандығы қынжылтады. Қазақ халқының есебінен
жер, тіл, дін, саясат сияқты мәселелер шешімін тауып жатқаны қаншама.
Міржақып Дулатұлы осыны кӛріп жаны күйзеліп, амалы жоқтан ӛлең
жолдары арқылы қалың қазағына жеткізуге тырысады.
Халық қамқоршысы бола білген Міржақып бабамыз енді бір сӛзінде
былай дейді: «Заман талас-тартысқа айналды. Қара күнін қайғырмай
қамсыз жатқан қазақ болмаса, ұшқан құс, жүгірген аңның бәрі де тіршілік
жабдығында. Жағаласпай, жармаспай ешкім қатардан орын бермейді.
Басқалармен тізелесуге, тартысуға, жарысуға оқу-білім керек.» Бұл
ағартушының қазақтың сауатын ашу, ӛркениетті қоғам құру мақсатында
алдыңғы қатарлы елді қуып жетуде оқудың, білімнің, ғылымның қандай
орын алатындығын айқындап берген бағдарламасы деуге болады.
Білімнің керек екендігін айта келіп Міржақып Дулатұлы «Тіл
мәселесі» деген мақаласында: «...Сӛйтіп, жұрттың кӛбі орыс тілін, орыс
оқуын білімді, ӛнерлі болу мақсатымен үйренбей, дәреже алу, тӛре болу
үшін оқитын болды.» «...Кӛрген ӛнегесі, алған тәрбиесі осылай болған соң,
орысша оқығандар халықтан алыстап, ӛз елін ӛздері менсінбейтін кеселге
ұшырай бастады.»-деп, оның екінші бір келеңсіз жақтарын атап
ӛтеді.[3,279] Әрине, біздің заманымызда қазақ жастарының ӛнер-білімге,
ғылымға деген құштарлығы, соны игерсем деген ниеті құптарлық іс.
Алайда сол алған білімін шынымен де халық игілігіне жұмсау жағы
кӛңілден шықпай жатқандығын мойындауымыз керек.
Егеменді еліміздің болашағы жастардың қолында екендігін Елбасы
әрдайым айтып жүр. Бірақ бізге оқығаны кӛп, ӛзінің пікірін ашық айта
алатын, кӛзқарасы қалыптасқан, саяси сауатты, жан-жақты, қазақи
болмысты жастар керек. Ал ол мектеп қабырғасынан басталатындығын
бәріміз білеміз. Бірақ біле тұра мектеп табалдырығын кеше ғана аттаған
баланың тағдырын кез-келген адамның қолына бере салатынымыз бар.
Мұның ӛзі қоғамның дамуына кері әсер ететіндігі белгілі. Міржақып
Дулатұлы осыған байланысты былай дейді: «Бала оқытатын мұғалім,
учитель бұқараның кӛзінде қандай қадірлі екені бұқараға да, оқығандарға
да мәлім. Оларды сыйласа, сыйлайтын тек оқып жүрген балалардың әке-
шешелері ғана; былайғы жұрт оларды кӛзбе-кӛз құрметтегенде де
немқұрайды қылып құрметтейді, ішінен «қолынан дәнеме келмейтін
болған соң, бала оқытып жүргені ғой.»[4,308] Автордың бұл сӛзі қазіргі
біздің қоғамымыздағы «мұғалім» мамандығына деген пікірдің дұрыс
қалыптаспай келе жатқандығын кӛрсетсе керек. Шынымен де оқытушылық
немесе мұғалімдік жұмыс мамандық арасындағы ең қиыны, кез-келген
адам бара алмайтын ӛзіндік ерекшелігі бар мамандық деп айтқанымызбен,
керісінше, ең «оңайы» болып тұрғаны жасырын емес.
Міржақып Дулатұлы нағыз гуманистік кӛзқарастағы тұлғалардың
бірі болды. Оған автордың «Адамға тіршілік не үшін керек?» деген
мақаласын оқу арқылы кӛз жеткізуге болады: «Қазақтың қарияларының
айтып кеткен сӛзіне қарағанда тіршіліктің қызығы адамзатқа жақсылық
қылуменен болып кӛрінеді.»[5,216] Парасатты, бір ұлтты ғана емес,
адамзатты жақсы кӛру, оған қолыңнан келгенше жақсылық жасау ойында
бар тұлғаның сӛзі деп айтуымыз керек.
Міржақып Дулатұлының ӛмір сүрген тұсында қазақ қоғамында
зиялы қауымның алатын орны ерекше болды. Бірақ олардың арасында
шын жүректен халқына берілген, сол үшін қандай қиыншылықтарға болса
да тӛзетіндерінің саны санаулы болғандығы рас. Кезінде сұрқия саясаттың
құрбаны болып, соның айтқанына кӛніп, айдауына жүрген, сӛйтіп үкімет
«адамына» айналғандар қаншама. Осыған байланысты жалынды
публицист былай дейді: «Ақ жүрек таза болса. Жұртты иә сатып, иә алдап
кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екі талай жерде
жанын қиярлық ер жүректі болса. Ӛз пайдасынан жұрт пайдасын артық
кӛретін болса. Саясат ісіне жетік болса. Білімді, шешен, кӛсем, оқыған
болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса. Міне,
депутат болуға осындай адамдар лайық.»[6,258] Ел басқарып, үкімет
билігін қолына ұстап отырғандар осы мағыналы да маңызды сӛйлемдерге
назар аударып, қызмет бабындағы күнделікті жұмыстарының негізгі
принциптеріне айналдырса құба-құп болар еді. Халқын сүйетін, соның
жолында жанын беретін нағыз отаншыл, ұлтына берілген азамат қана
осылай айтса керек.
ХҮІІІ ғасырда басталған отарлық жүйе арқылы бойымызға да,
санамызға да, күнделікті ӛмірімізге де сіңісті болған, әлі күнге дейін
шешімін таба алмай келе жатқан мәселелердің бірі-ата-бабамыздың
есімінің дұрыс жазылмай немесе кімнің «қызы», «ұлы» екендігімізді
білмей жүргендігіміз. Ақын осы тұрғыдан ӛзінің пікірін былай білдіреді:
«...Сӛйтіп, біздің айтайық дегеніміз, «ов»-ты орысқа қайырып,
қазақтың таза тілінің салтын қолдану керек дейміз. Бұдан былай қол
қойғанда, не сӛз арасында біреуді атағанда «Байтұрсынұлы Ахмет»,
«Ходжанұлы Сұлтанбек» деп жазу дұрыс дейміз. Мақалаға қол қойғанда,
хат жазғанда...Ахмет, Міржақып, Қойшыбай, Жаманбай деп қана жазса да
болады.»[7,250] Шынымен де басқа халықтың ата-бабасының соңына
жармасқан «құйрығын» қайтып беретін уақыт жеткен сияқты. Әйтпесе,
олардан ұят болып жүрер.
Біз Міржақып Дулатұлын үлкен саяси қайраткер ретінде білеміз.
Оның
білімінің
ұшталуына,
әлеуметтік-саяси
қазқарастарының
қалыптасуына белгілі бір объективтік және субъективтік жағдайлардың
әсер еткендігі түсінікті. Солардың біріншісі-оның Ыбырай ашқан
мектептен тәлім-тәрбие алуы болса, екінші бір жағдай оның Омбы
қаласында сол кезде қазақ даласында атақтары кең тарай бастаған Әлихан
Бӛкейхан мен Ахмет Байтұрсынмен қездесуі болды. Аға буын ӛкілдерінің
кеңесіне құлақ қойған Міржақып Дулатұлы осы кезден бастап кең қазақ
даласын шарлап бала оқытып, қазақ қоғамының ауыр да күрделі
мәселелерімен шұғылдана бастайды. 1905 жылдың жазындағы
Қарқаралыдағы саяси жиын әжептәуір оқығаны бар, зерделі де зейінді жас
Міржақыптың саяси ұстанымының қалыптасуына әсер еткен елеулі
оқиғалардың алғашқысы болды.
Міне, осылардың барлығын ой елегінен ӛткізген, шынайы азаматтық
тұрғыдан бой кӛрсетіп, қазақ халқының ұлттық мүддесі үшін күрескер
екендігін айқындаған шығармасы «Оян,қазақ» баспадан шықты.
Кӛзіңді аш, оян қазақ, кӛтер басты!
Ӛткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал қараң боп,
Қазағым, енді жату жарамасты.[8,19]
Бұл ӛлең сол кездегі болсын, қазіргі уақыттағы болсын қазақ
халқының алға сүйрер ұранына айналды және айналса екен деген ой
келеді. Халықты нәтижелі іс-әрекетке, қызу қимылға, саналы тірлікке,
елдікке, бірлікке шақыруы—заман талабынан туған ақынның ішкі толғауы
болатын.
Міржақып Дулатұлының саяси белсенділігінің шырқау шыңы
«Алаш» партиясының құрылуымен тығыз байланысты. Оған дейін де
ӛзінің саяси мақалаларының бірінде Мемлекеттік Думаға қазақ ӛкілдерін
сайлауға рұқсат беру туралы ашық пікірін білдірумен кӛзге түскен ол
ұлттық партияның белсенді мүшесіне айналды. Оның шынайы ұлтжанды
қайраткерлік үні «Қайтсек жұрт боламыз?» деген мақаласында айқын
кӛрінеді. Ол сол кездегі қазақ қоғамының саяси хал-ахуалын былай
сипаттайды: «Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз. Қайсысына түсетін
болсақ та ерік ӛзімізде.
Бір жол—құлдық жолы...Осындайда жігімізді ашып, жер-суымызды
қорғап, билігімізді ӛзіміз алып қалмасақ, күні ертең бізді алдына салып
айдап кетуге ие болады...Құлдық жолы дегеніміз осы.
Екінші жол—жұрттық жолы. Осы бастан автономия алу жолына
кіріссек, Алаш үкіметіміз деп тырысып тұрсақ, бізді ешкім басынбайды,
үкіметі бар, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі.» [9, 268] Қоғам
қайраткерінің бұл ойын еліміздің басынан ӛткерген 1990-шы жылдардың
басындағы ауыр да қиын кезеңдермен салыстыруға болады.
Міржақып Дулатұлы кеңестік саясаттың құрбаны болғанымен, оның
осыдан бір ғасыр бұрын қазақты «ояту» жолындағы айтып кеткен ойлары
әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ деп айтуға болады. «...Ғұмыр
болса, дәм жазса-ұлтымның келешегі үшін күш-жігерімді аямай еңбектене
беруге борыштымын. Адассам-халқыммен бірге адастым, сәулесі жарық
жолға ұмтылсам-ұлтыммен қосыла ұмтылып бағамын.»-деген ақын ӛмірі
патшалық Ресейдің қатыгез қуғынын кӛрген, кейіннен сталиндік
репрессияның құрбаны болған ХХ ғасыр басындағы зерделі зиялылардың
трагедиялы тағдыры Міржақып Дулатұлына да тән еді. Әйтсе де, іргелі
ұлттың ірі мінезін танытқан озық ойшылдар қатарынан оның алар орны
айрықша екендігі даусыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. М.Дулатов. Шығармалары. Алматы. «Ана тілі». 2010
2. М.Дулатов. Шығармалары. Алматы. «Жазушы». 2001
3. М.Дулатов. Шығармалары. Алматы. «Ана тілі». 2010
4. Бұл да сонда
5. Бұл да сонда
6. Бұл да сонда
7. Бұл да сонда
8. М.Дулатов. Шығармалары. Алматы. «Жазушы». 2001
9. М.Дулатов. Шығармалары. Алматы. «Ана тілі». 2010
Достарыңызбен бөлісу: |