Байланысты: Модуль 1 М дениет теориясы м дениет типологиясы, м дени процест
3. Оқу мәдениеті. Мәдениет және білім. Оқу – мәдениеттің төресі. Осы уақытта оқығанның беті жарық, оқымағанның беті көн шарық. Оқысаңыз білгір боласыз, оқымасаңыз ділгір боласыз. Бүгінде оқу мәдениетінен айырылып қалдық. Қоғамда қарапайым сауаттылықтың қарабайыр мәселеге айналуы осы ойға қазық байлауымызға мәжбүр қылып, беймаза күйде жүретінбіз. Ойдан ой боталайтын осы бір келеңсіз ахуалдан жол табудың нәзира үлгісін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрсетіп отыр.
Мемлекет басшысының жұмыс үстелінде танымал саясаткер Алек Росстың «Болашақтың индустриясы», израилдік тарихшы Юваль Хараридің «ХХІ ғасырға 21 сабақ», америкалық саясаткер Параг Ханнаның «Келешектегі азиялықтар», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» сияқты кітаптары тұр. Еліміздегі ең жоғары лауазымға сайланғанына 100 күн толған Президенттің оқу қағидасы туралы әңгімелеген Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Мемлекет басшысы жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан саяси әдебиет, көркем шығармалар мен жаңа ғылыми басылымдармен танысуға уақыт табады. Оны оқырмандардың көбінің тісі бата бермейтін жоғарыдағы кесек туындылардан да аңғаруға болады. «Қайталау – оқу анасы» дегендей, Президент келер жылы өтетін ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы алдында ұйымдастырылған ақын шығармаларының челенджіне қатыспас бұрын хәкімнің қара сөздерін тағы бір мұқият оқып шыққан көрінеді. Бұл да тамырыңа, тегіңе үңіліп отырудың үздік үлгісі болса керек.
Ол әлемдік классиканы, әсіресе, бұл санатта кездейсоқ айтылмайтын орыс әдебиетін бүге-шігесіне дейін біледі деуге болады. Сондай-ақ күнделікті мерзімді басылымдарды да қалт жібермейтін Президент Time, Economist, Le Monde және Жэньминь жибао журналдарын да үзбей оқып тұрады. Және әр кітап, газет немесе журналдағы мақаланы оқығаннан кейін тиісті тапсырмалар береді. Яғни, Президентке ақпаратты алғашқы көзден алу, көп оқу тән. Бұл ретте танымал сайттар, азаматтардың жеке хаттары да назардан тыс қалмайды. Қысқасы, елдегі жағдайдан, халықтың әр тобындағы азаматтардың көңіл күйінен жақсы хабардар.
Жалпы, бұл – Президентке де, қалың бұқараға да пайдалы қасиет. Айталық, Азияның көптеген елдеріне тән болмыс деуге бола ма, ойлы оқырман өзі шешер, басшыға қарап бой түзейтін үрдіс бар. Яғни, басшысына қарап халқын тануға болады. Бұл жазылмаған постулатты өмірдің өзімен дәйектейтін мысал жетерлік. Сондықтан «ханда қырық кісінің ақылы бар» дейтін халықтық тәмсілді тәпсірлей түссек, полиглот Президенттің ел басқару ісінде парасатты пайым түзуіне толық негіз бар. Бұл электораттың сенімін бекіте түседі әрі жалпы жұртқа жақсы жол нұсқайды.
«Оқы да біл, ойна да күл» дейді халқымыз. Ойнап, күлу – яғни уайымсыз, қайғысыз өмір сүру үшін де көп оқу, көп дүниені тоқу керек. Оқыған, оны тоқыған жан бар істе суда жүзген балықтай, бауырын жаза шапқан бәйгедей болмақ. Бұл – ғажап еркіндік. Өйткені тұмылдырықтың да, жүген мен ноқтаның да, тұсаудың да, кісеннің де шектей алмайтын еркіндігі болса, ол – ой. Ойды оқу қалыптастырады. «Ой ойласаң тең ойла, тең ойласаң кең ойла» дегендей, қазіргі sapiens қанаты – қиял. Адам қиялдың арқасында ұшқыш кілемді ұшақ қылды, самұрық құсты ерттеп мініп еркін самғады. Өнеркәсіп төңкерісшілерінің өз идеяларын іске асыруына қанат бітірген қиял – оқу мен тоқу арқылы келді. Сондықтан қазіргі қазақ баласына оқу керек.
Кеңес кезеңінде қазақ халқы оқырман ұлтқа айналды. Тіпті жайлауда жүрген малшының саптама етігінің қонышында әлдебір газет-журнал қыстырулы тұратын. Қалалы жерлерде кітапханалардың оқырман залдары лық толы, романтикалық мүйістердің бірі еді. Нарықпен ілесе келген жанбағыс қиындығы оның бәрін өткен күннің еншісінде қалдырды. Кезінде миллиондаған данамен, әлденеше тілде жарық көріп жататын қазақ әдебиетінің бүгінгі жас өкілдеріне шығарма жазу арқылы күн көру мүмкін емес. Тіпті оқу мәдениетінің кемшіндігі әдебиеттің өз өкілдерінен де сезіліп қалады. Содан да жадағай жазбалар оқырманын таппайды, тапқаны оқырманының көңілін қалдырады. Сонымен бірге кітап оқу қолына қалам ұстаған қауымның ғана ғадеті болмауы тиіс. Қазір қарым-қатынастың, коммуникацияның заманы. Мемлекет басқару ісінде, бизнесте, өнерде болсын, аудитория алдындағы беделді биіктетуге бірден-бір ықпал ететін ең бірінші дүние – тренингтер де, семинарлар да емес, оқу, оқу арқылы тоқу. Әйтпесе ойы шолақтың сөзі де, ісі де олақ болып қала бермек.