«Педагогикалық практика-мамандыққа баулу сатысы» (2000, 2012 ж.)атты әдістемелік көмекші құралы жоғары оқу орындарының студенттерін педагогикалық сараман кезеңінде кәсіби мамандыққа даярлау мәселесі хақында, педагогикалық практиканың орны мен рөлі, ондағы оқу-тәрбие жұмыстарының жүргізілуі, ұйымдастырылуы турасында таптырмас аса қажетті құралға айналды.
А.С.Қыдыршаевтың «Шешен-лектор профессиограммасы» (2004 ж.) атты зерттеуі жоғары оқу орнының жас лектор мамандарына арналған. Әдістемелік оқу құралында жоғары оқу орны мамандарының педагогикалық іс-әрекет барысында шешендік өнер элементтерін практикалық тұрғыда қолдануы мәселесінің кейбір басты аспектілері қарастырылады. Еңбекте жас маманның кәсіби қалпы, шешен сөйлеуге қатысты тірек сауалдар мен алғы мақсатты жүйелеу, шешен-лектор сөзіндегі негізгі тезистің екшелуі және сөйленер сөз нысанының шектелуі таратылады.
Профессор А.С.Қыдыршаевтың «Іскерлік шешендіктану қағидалары» (2007 ж.) атты оқу құралы бар. Көп жылғы зерттеулердің нәтижесінде ғалым: «Кез келген істің нәтижелі болуы іскер маманның ақылға қонымды аргументтердің баршасын да, әсіресе, өзіндік дауыс сазы секілді ерекше мәнді құралды құбылта қолдана білуіне бірден-бір байланысты», - деген иланымды тұжырымға келеді. Бұл еңбек тиімді қарым-қатынас жасау, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынасты дұрыс құра білу іспеттес іскери шешендіктану қағидаларының сан алуанымен таныстырумен құнды.
Сондай-ақ, ғалымның «Кестелі шешендіктану» (2008 ж.) атты әдістемелік құралы шешендіктану ілімін, тілдік қатынас техникасын меңгеруге ұмтылыс танытушы БҚО педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының тыңдаушыларына, жоғары оқу орнының жас лектор мамандарына, барлық деңгейдегі басшыларға, кәсіпкер бизнесмендерге, студенттерге, шешендік өнерді жаңадан бастап игеруші мамандарға, колледж, гимназия, лицей және орта мектеп оқушыларына арналған. Оқу құралының мақсаты – сөйлеу өнерін жете игеруге талаптанушыларға қазіргі қазақ әдеби тілінің нормаларын меңгеруге, шаршы топ алды ауызша сөйлеу мәдениетін арттыруға, сөз сөйлеудің ресми-іскерлік стиліндегі мейлінше күрделі жағдайларынан құлағдар етуге, қысқасы, қазақ мектептерінде шешендік өнер сабақтарын жүргізе білуге, шешендік өнер қағидаларын меңгеруге көмектесу.
Қазіргі кезеңде Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде ұлттық сипат қалыптасуда. Жоғары білім беру жүйесінде жүргізіліп отырған реформа жоғары білім беруді үздіксіз білім берудің негізгі құрам бөлігі ретінде жоғары деңгейге көтеруге негізделген. Білім берудің мазмұндық және процесуальдық аспектілерінің саралануы, оқу процесінің технологиялануы өтуде. Жоғары білім берудің жаңа сапасы оқу нәтижесіне көп көңіл аударылатын тың әдістемелік тәсілдің негізінде іске асуы мүмкін. Өркениетті елдер қатарына еніп келе жатқан, егеменді Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының әрекетін жетілдіру міндеті оқу процесін құрудың дәстүрлі әдістерін қайта қарауды қажет етеді. Еліміздің Білім беру және Ғылым Министрлігі соңғы кезде жаңа оқыту технологиясын енгізу мен білімді бақылау мәселесіне көп көңіл аударуда. Қоғам мен жеке тұлғалардың талабына сай дәстүрлі жоғары оқу орындарымен бірге жаңа нұсқалы оқу орындары пайда болуда. Мемлекеттік және мемлекеттік емес оқу орындары кәсіби маман әзірлеуде мемлекеттік деңгейде бекітілген типтік және нормативтік құжаттарға сүйенеді. Оның қойып отырған талаптарын іске асыруда жоғарғы оқу орындары магистранттардың білімін тексеріп, бақылау ғылыми негізделген, әрі іс жүзінде мақсатқа сай оқыту процесінің бір құрам бөлігі болып отыр. Әрбір жоғары оқу орны өз ішінде оқылатын курстар мен бағдарламаларды және өзінің бақылау жүйесін таңдауға құқылы. Сондықтан да мамандардың дайындық деңгейін көтеру үшін білімді бақылаудың жаңа әдістемелері мен тәсілдерін іздестіру үзбей жүргізілуде. Ол жүйелі бақылауды ұйымдастырып, магистранттар мен оқытушылардың іс - әрекеттерінің тиімділігі мен сенімділігін, үйлесімділігін тексеруге мүмкіндік береді.
Жоғары білім беру стандарты магистранттардың барлығы қол жеткізетін және білім туралы құжатты алуға жеткілікті болатын міндетті минимумды қамтиды. Осыған орай, дайындық сапасына қойылатын бақылау жүйесі міндетті дайындық деңгейіне қол жеткізуді арнайы тексеруді қамтуға тиісті.
Білім адамның таным әрекетінің нәтижесі ретінде, қарастырылып отырған нысанның мәнділігінің, заңдылықтары мен қасиеттерінің мәліметтер жиынын қарастырады. Білім білімсіздіктен адам бойындағы сапалы жаңа функциональды сипаттарымен ерекшеленеді. Білімнің қарапайым деңгейіне жету ақпараттың ең төменгі, аз мөлшерін қабылдау арқылы іске асады. Ақпаратты қабылдап, сақтап өңдеудің өзіне тән процестері адам білімінің әр түрлі деңгейін қалыптастырады. Ақпараттың қалыптасып, толығуы әртүрлі тәсілмен жүзеге асады. Бұл процесс сапалық өзгерістермен қатар өтетіндіктен, оны қандай да бір үздіксіз шкаламен өлшеу мүмкін емес. Білімді бақылап, бағалау үшін оның деңгейлерінің нақты өрбуін білу керек .
Соңғы кезге дейін Қазақстанның оқу орындарында қолданылған, білім сапасын бағалайтын жүйе - бес балдық баға шкаласы болды. Мектептерде осы шкала әлі сақталған. Мұндай баға шкаласы тек сессия уақытында ғана емес, ағымдағы білім деңгейін бақылауда да қолданылды.
Шет елдерде білімді бағалаудың әр түрлі жүйесі қолданылады: бес балдық (Чехияда, Венгрияда, Польша мен Германияда), он балдық (Голландияда), он бір балдық (Италияда). Бірдей балдар әр елде әр түрлі мәнді көрсетеді. Мысалы Германияда 1 мен 2- ең жақсы бағалар, ал бізде олар ең нашар баға деп есептеледі. Көпшілік шет елдерде қолданылатын көп балды жүйе күрделі есептеумен байланысты болғанымен, шартты сипатты болып келеді. Дегенмен тапсырманың уақытында орындалуы, адалдылық, орындалу сапасы сияқты көрсеткіштерді ескеруге мүмкіндік береді.
Педагогикалық өлшемдерде мүмкін болатын қателіктерді болдырмау үшін біздің елдің кейбір жоғары оқу орындарында мгистрант білімін бағалау мен бақылаудың әр түрлі жүйелері жасалып оқу процесіне енгізілді. В.П.Беспалько білімді бағалауда жоғары деңгейге жетуге байланысты 12 балдық шкаланы қолдануды ұсынады. Гореславский 8-10 балдық бағалау жүйесін енгізу керектігін көрсетеді. Онда әрбір бағалау деңгейіне сай нақты бағалау өлшемі құрылуы тиіс. Сонымен бірге жаңа жүйемен жұмыс істеу әдістемесі берілген. Оның пікірінше осындай иілмелі, сезімтал жүйе сандық және сапалық айырмашылықты дәл анықтап, оқушы жетістігі динамикасы мен қабілеті жайлы дұрыс ақпарат беруі керек. Дәстүрлі бес балдық жүйеде негізгі рөл семестр соңында өтетін қорытынды аттестация емтиханға берілген.
Аталған білімді бақылау жүйесіне тән кемшіліктер: салыстыру эталоны болмағандықтан бағалау өлшемінің көмескілігі, қойылған бағаның субъектілігі, емтихан билетеріндегі сұрақтардың мазмұнына байланысты бағаның кездейсоқтығы. Емтихан билеттеріндегі әр түрлі сұрақтар магистранттың де әр түрлі ойлау деңгейін талап етеді: бір сұрақтар білімді қажет етсе, енді біреулері оқу курсының барлық таруларынан білімнің толық болуын қажет етеді, ал келесілері тек негізгі түсініктердің мәнін ашуды ғана керек қылады және т. б. Бағаның шынайылылығына және нәтижесіне магистрант пен оқытушының қарым - қатынасы, магистранттың мінез- құлқы, оқытушы мен магистрантың көңіл-күйі және тағы да басқа жайлар әсер етеді. Мысалы магистрантың орташа жауабы алдындағы өте жақсы жауаппен салыстырғанда нашар көрінуі немесе алдындағы жауап қанағаттанарлықсыз болса, керісінше көрінуі ғажап емес. Бағаның объективті болуына магистранттың психологиялық ерекшелігі де әсер етеді: кейбір магистрантқа жауап беру үшін белгілі бір уақыт қажет, ал оны емтихан алушы үнемі бере бермеуі мүмкін. Білімді бақылау магистранттардың қай курста, қандай мектепті бітіріп келгеніне, магистранттардың психологиялық даму ерекшеліктеріне, пәндердің өзіндік ерекшелігіне, мамандық әзірлеу ерекшелігіне және т.б. көптеген факторларға байланысты болады. Соның ішінде мамандыққа ұлттық тілде дайындалатын топтардағы бірінші курс магистранттарының өзіндік ерекшеліктері бар.
Магистранттың саналы түрде білім алуын қамтамасыз ететін және білім деңгейін дәл анықтап бақылайтын жүйе қажет.
Осы айтылғанның бәрі білімді бағалаудың дәстүрлі формасының заман талабына сай емес, ескіргенін көрсетеді. Оның ең басты кемшілігі магистранттың белсенді, шабытты жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар емтихан алдында үш - төрт күннің ішінде меңгеруді қажет ететін теориялар мен заңдардың, формулалардың, реакция теңдеулерінің ағыны магистрантты басып қалады деуге болады. Ал емтихан магистрант үшін үлкен қорқыныш туғызады. Осы айтылған кемшіліктер мен қателерді жойып, магистрант білімін нақты, дәл бағалау үшін педагогикалық өлшемдердің жаңа мүмкіндіктерін іздестіруіміз керек. Өлшем жүйесі қарапайым, тиімді, әрі бір мәнді болуы қажет.
Магистранттың білім, білік, дағдысын бақылау оқу – тәрбие процесінің негізгі құрам бөлігі болып есептеледі. Бақылау түрлері үнемі жетілдіріп отырады. Осындай қажеттілік, әсіресе қоғамның нарықтық сипаттағы жағдайында мамандар арасындағы бәсекелестіктің міндетті талаптарына сай аса өткір болып отыр. Білім, білік, дағдыны бақылаудың көбірек мәнді статистикалық әдістерін құру өзекті мәселеге айналды. Жоғары білімді маманды сапалы деңгейде әзірлеу рөлінің артып отырған кезінде магистранттар әрекетінің бақылау жүйесіне өзгеріс енгізу өзектілігі артып отыр. Білім беру жүйесінің үздіксіз дамуы жағдайында, жоғары оқу орындарында көп деңгейлі білім беру процесінің қалыптасуы кезеңінде білім беру мазмұны үнемі жетілдіріліп отырады. Оқытудың жаңа технологиялары ендіріліп, магистранттар білімін кешенді бақылауды талап ететін интегративті сипатты оқыту түрі кең дамуда. Сонымен қатар оқу орындарында әлі де болса дәстүрлі білімді бағалау формалары мен әдістері, аз дифференцияланған бес ұпайлық жүйені қолдану етек алып отыр.
Білімді бағалаудың бес балдық жүйесін бұдан әрі қарай қолдану тиімсіз және мұндай жүйенің шешімділік қабілеті өте төмен.
Жоғары кәсіби білім беру жүйесінің негізгі мақсаты мен міндеті арасындағы сәйкес келмеушілік пен іс-жүзінде қолданылатын магистрант білімін бақылау формасы мен әдістерінің сәйкессіздігі, оқу-тәрбие процесінде дара -әрекеттік тәсіл міндетіне сай келетін білімді бағалаудың жаңа жүйесін құру қажеттігі осы жұмыс тақырыбына арқау болды.
Білім сапасын бағалау жүйесінің объективтілігі мәселесі бірнеше маңыздылық деңгейінен тұрады. Білім сапасын бағалау объективтілігі келесідей:
Магистранттың психологиялық ерекшелігін ескере отырып оқу шаралары жиынтығын ойластыруға, оған оқу жоспарының тиімді жоспарын таңдауға мүмкіндік береді.
Алға қойған мақсатты іске асыруға қажетті оқытудың әдіс –тәсілдері жиынтығы ретіндегі оқу процесін құрудың іргетасын қалайды.
Білім беру стандартын білімділік-біліктілік талаптары тұрғысынан іске асыруға мүмкіндік береді.
Бірақ көп сатылы жүйеге көшу оңай емес екені көп ұзамай белгілі болды. Оқу процесінің ескі формаларын сақтай отырып көп сатылы жүйеге көшу мүмкін болмады. Яғни реформа кешенді болып, оқу процесін де жаңарту керек болды.
Оқу процесін ұйымдастырудың ескі, дәстүрлі жүйесінде магистрант бір мезетте 10 –15 пәнді бірден оқыды. Тұтасымен алғанда мұндай жүйе тиімсіз болды, себебі пәнді оқу уақыты созылып, ал магистранттардың білімін бақылау тек бір рет емтиханда ғана іске асырылды. Осының барлығы магистранттың оқу материалын берік қабылдануына бөгет жасап, оқу процесін жаңаша ұйымдастыруды керек етті.
Мамандарды көп сатылы дайындау кезінде дәстүрлі оқыту жүйесі қолдануға келмейді.
Сондықтан бағалау объективтілігін жүзеге асыру үшін магистрант білімін модульді рейтингті жүйе негізінде бақылауды оқыту процесіне ендіру қажеттігі айдан анық болды. Оны мұқият, түбегейлі зерттеп, қолдану әдістемесін құру- бүгінгі күн талабынан туындаған мәселе.
Білімді бағалаудың жаңа жүйесін, рейтингті жүйені енгізу қажеттігін келесідей авторлар атап көрсеткен: Т. .И. Шамова, Л. .М. Перминова, М. М. Жанпеисова, К. Вазина, И. Прокопенко, В. И. Огорелков, К. Жақсылықова, Р. Касимов, З. Жанабаев, С. Абдыманапов, У.Байзақов және т. б. Қазақстанда модуль арқылы оқыту мәселесін ғалымдар Г. Нұрғалиева, Г. Күдебаева – дидактикалық тұрғыдан, М. Мусин салыстырмалы педагогика мәселесі қырынан, Қ. Сариева, З. Бейсенбаева, Р. Жанпеисова практикалық тұрғыдан өз тәжрибелерінде қолданды. Магистрант білімін бағалаудың рейтингті жүйесін, оның тиімділігін ескере отырып, соңғы нәтижеге жетудегі стимул беруші сипатын анықтап, оқыту процесіне ендірген келесідей педагогтарды атап өтуімізге болады: В. Н. Беседина, Е. А. Григорьева, Ю. М. Корнеев, П. А. Юциявичене және т. б.
Осы жерде: "Магистранттармен білім беру мен тәрбиелеудің нәтижесін тексеру жүйесі деп саналатын педагогикалық бақылаудың үлкен мәні бар. Бақылау дегеніміз - оқыту нәтижесінің сапалық және сандық сипатын анықтауға, магистранттың оқу бағдарламасын қалай меңгергенін бағалауға арналған әрекет жиынтығы. Ал жоғары оқу орнындағы педагогикалық бақылау деп, оқытушы мен магистрант арасындағы тура және кері байланысты орнататын оқу процесінің құрам бөлігін айтамыз".
Білім беру жүйесінде білімді бақылау проблемасы педагогика мамандарының көзқарасынан тыс қалған емес. Психолого - педагогикалық әдебиеттерді талдау кезінде оқу әрекетін бағалау мәселесінің дидактиклық ерекшеліктерін келесідей зерттеушілер қарастырғанын көреміз: Б.Г.Ананьев, Ш.А.Амонашвили, И.С. Якиманская, В.С. Аванесов және т.б. Алынған нәтижелерді талдау мен оқыту сапасын бағалауды зерттеумен айналысқандар: И.Я.Лернер, Ю.Т. Татур, В.П. Беспалько, Н.Ф. Талызина және т. б. Ал П..И. Пидкасистий, В.Л. Рысс, Л.М. Фридман сияқты зерттеушілер еңбектерінде бағалау әдіс, тәсілдері, құралдары және бақылау тапсырмаларының жіктелуі қарастырылады.
Білімді бақылау проблемасы А. Е. Абылкасымова, Г. М. Мутанов, З. Ж. Жанабаев, Ж. М. Абдильдин, Т.С. Садыкова сынды зерттеушілер еңбектерінде кездеседі.
Білім, білік, дағды және іскерліктің қалыптасуын бақылау қажеттігі көптеген педагогтар мен психологтардың қолдауын тауып отыр. Білімді бақылаудың мәні мен мағанасын ашу үшін білім, білік, іскерлік және дағдының қалыптасуын бақылауды дидактикалық жүйе ретінде қарастыру қажет.