Құқықтық қатынастар – қатысушылардың субьективтік құқықтары мен заңда көрсетілген міндеттері болатын, құқық нормалары мен заңда көрсетілген айғақтарға сәйкес туындайтын, ерік ықтиярды білдіретін қоғамдық қатынастар.
Құқықтық қатынас құрамы: Құқық субъектісі – жеке тұлға және заңды тұлға;
Субьективтік құқық – тұлғалардың мүдделерін қанағаттандыру үшін,
оларға белгілі шекте әрекет жасауға берілген құқықтық мүмкіндік, заңды міндет азаматтардың белгілі бір құқықтары мен міндеттерін туындататын өзара қатынастар;
Заңды міндет – заң белгілеген әрекетті жүзеге асыру немесе асырмау
шарттары. Заңды міндеті өз еркімен орындамаған тұлғаға мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары қолданылады;
Объектісі (заты) – табиғат құбылыстары, мүліктік, өзіндік мүліктік емес
игіліктер.
Құқық бұзушылық дегеніміз қоғамның, мемлекет пен жеке адамның мүдделеріне зиян келтіретін субъектінің кінәлі, құқыққа қарсы, қоғамға қауіпті әрекеті немесе әрекетсіздігі.
Құқық бұзушылықтың белгілері: - қоғамға қауіптілігі (құқық бұзушылық салдарынан пайда болатын залалды немесе зиянды анықтау);
- заңға қайшылығы (заң міндеттерін орындамау);
- кінәлілігі (құқық бұзушылардың мақсаттары. Кінә абайсызда және қасақана болып жіктеледі);
- жауапкершілігі (әрекеттің залалына қарай құқық бұзушыға заңды негізде тағайындалатын жауапкершілік немесе жаза түрлері).
Кез-келген әрекетті немесе әрекетсіздікті құқық бұзушылық деп тану үшін оның құрамы түгел болуы тиіс. Құқық бұзушылықтың құрамы 4 элементтен тұрады. Оларға тоқтайтын болсақ:
объект - құқықпен реттелінетін және қорғалатын қоғамдық қатынастар;
субъективтік жақ - субьектінің өз әрекетінің зардаптарына ішкі, психикалық көзқарасын сипаттайтын белгілер жиынтығы;
объективтік жақ - әрекеттің сыртқы көрінісінің белгілер жиынтығы.
Құқық бұзушылық түрлері: қылмыс және теріс қылық.
Заңдық жауапкершілік дегеніміз арнаулы органдар немесе лауазымды тұлғалар түріндегі мемлекет пен құқық бұзушының арасындағы құқыққа қарсы әрекеті үшін жағымсыз салдарға төзу міндеті жүктелетін құқық нормасын бұзудан туындайтын құқықтық қатынас.
Заңды жауапкершілік түрлері: - қылмыстық – қылмыс үшін тағайындалатын және қылмыстық іс жүргізу заңдарына сәйкес соттың үкімі бойынша қолданылатын заңды жауапкершіліқтің қатаң түрі;
- азаматтық – шарттық міндеттемелерді бұзудан туындайтын жауапкершілік түрі;
- әкімшілік – әкімшілік теріс қылық жасағаны үшін, қызмет міндеттерін орындаумен байланысы жоқ түрі;
- тәртіптік – лауазымды адамдардың тәртіптік теріс қылық үшін қолданатын жауапкершілік түрі (ішкі еңбек тәртібінің ережелеріне, бағыныштылық тәртібіне сәйкес пайда болатын жауапкершілік).