Молдағали ғани қайратұЛЫ



бет1/2
Дата03.05.2023
өлшемі29,91 Kb.
#89499
  1   2
Байланысты:
тасаттық 2


МОЛДАҒАЛИ ҒАНИ ҚАЙРАТҰЛЫ
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
Тарих факультетінің 2 курс студенті
Астана қ., Қазақстан;
ganimoldagali004@gmail.com
Қазақ қоғамындағы тасаттық
Аннотация: Бұл мақалада тасаттықтың шығу тегі, орындалуы, исламмен байланысы жан-жақты қарастырылған. Еліміздің әр аймағында тасаттықтың қалай өтетіні жайлы жазылып, басқа елдердегі жаңбыр шақыру рәсімімен ұқсастығы сипатталады. Мақаланың мақсаты: тасаттықтың қазақ қоғамындағы өткеннен қазірге дейінгі жолын саралау. Талқыланған мәселе негізі тасаттықтың тәңіршілдіктен ислам дініне сіңісіп кетуі. Зерттеу нәтижесінде: сонау тәңіршілдік кезеңінде пайда болған ежелгі ғұрыптың қазіргі қазақ қоғамында да маңызын жолғалтпай келе жатқанына көз жеткіздім.
Кілт сөздер: Қазақ қоғамы, түркі халықтары, тасаттық, салт-дәстүр, тәңіршілдік, діни түсініктер
Тасаттык в казахском обществе
Аннотация: В этой статье подробно рассматривается происхождение тасаттык, ее исполнение, связь с исламом. В каждом регионе страны написано о том, как проходит тасаттык, и описывается сходство с церемонией вызова дождя в других странах. Цель статьи: дифференциация пути тасаттыка от прошлого к настоящему в казахском обществе. В основе обсуждаемого вопроса лежит ассимиляция тасаттыка из тенгризма в ислам. В результате исследования я убедился, что древний обряд, возникший еще в те времена тенгрианства, не имеет значения и в современном казахском обществе.
Ключевые слова: Казахское общество, тюркские народы,тасаттык, традиции, тенгрианство, религиозные представления
Тарихтан белгілі әлі күнге дейін адамзат қоршаған ортамен тығыз байланыста және оның ажырамас бөлігі екенін көрсетіп келеді. Мысалы суды айтатын болсақ, ол жүздеген және мыңдаған жылдар бойы осы байланыстың элементтерінің бірі болды. Осы тұста Қазақстанның құрғақ климаты халықтың суға деген тәуелділігін арттырды. Сондықтан қазақ қоғамында, көшпенді тұрмыс-тіршілігінде құрғақшылыққа байланысты, құрбандық шалатын «тасаттық» дәстүрі маңызды орын алды. Дәстүрлі қазақ қоғамында халық үнемі тығырықтан шығатын жолды іздеген. Құдаймен арадағы байланыстың күштілігі сонша, кез-келген тығырықтан шығу үшін құрбан шалу дәстүрін кеңінен қолданды.
Тасаттық сөзінің этимологиясына тоқталайық. «Тасаттық» сөзі араб тілінен аударғанда «тассадук» – «құрбандық» , «құрбан шалу» деген мағынаны білдіреді. Жаңбыр шақыру дәстүрі түркі халықтарының жаңбырлы тас туралы көне дәуірдегі джеде, таш, яда, еде, суу-таш, жай тас аталып, орта ғасырдан XIX ғасырдың аяғына дейін кеңінен тараған ұғымдардан бастау алып отыр. Міне осының негізінде тасаттық шалу пайда болды. «Яда» сөзі Авесталық «jatu» («сиқырлық»), және парсылардың «yadu» (ворожей, «жадашы») түсініктерінен шықты делінеді. Бұл дегеніміз ерте кезеңнен бастап Иран ықпалы ежелгі түріктерге әсер еткенін дәлелдейді. [Малов, 1947: 153-154]. Кейбір дереккөздерде, джада минералдың түрі, яғни нефритті білдірсе керек. [Акишев, 1980: 205-208]. Бұл жаңбырдың жаууына себепші болады деп есептеді және оған иелік ету күш-қуатты білдіреді деп түсінді. Ежелгі бір аңызда осы тасты түрік тілді тайпалардың қаһарман бабасы саналған Оғыз-ханының иеленгені айтылады. Сиқырлы тастың ежелгі түрік атауы Эрзурум (Шығыс Анадолы) жерінде тараған яд бонджугу («жад моншақ») деген мағынаны білдіреді [Ажигали, 2001: 163].
Тасаттық ұғымына берген Радловтың анықтамасында: қазақтар күні бүгінге дейін су тасыды, тас бұлақ дейді. Осыған орай: Тас (v) [Кіr] = таш разливаться, выступать изъ береговъ - таудан аkkан тас пулаk, тасса kyjар теңізгä дейді [Тұрышев, 2008б, 209-б.]. Демек, тасаттық пен тас бұлақ тіркестерінің һзара байланысы болуы әбден мүмкін. Тасаттық (тас ату) етістігінен тумаған секілді.Себебі тасаттық шалу процесінде таспен ату секілді іс-әрекеттер мүлдем орын алмайды. Кей жағдайларда молдалардың қолына тас ұстап тұрып, құран оқып, жаңбыр шақыруы орын алып жатты. Бірақ мұның жоғарыда аталған әрекетке қатысы жоқ.
Негізінен тасаттық ислам дінін ұстанушылар арасында, әсіресе Азия аймағында тараған. Зерттеуші М.Т. Рүстемов «дінге сенген, шала сауатты бұқара тасаттық жасамақ» [Тұрышев, 2008а: 129] деп халықтың бұл салтын сынға алған. Яғни, көктегі Құдайға жалбарынған халық құрғақшылық, жұт орын алған уақытта осы ишарат арқылы өз қалауларын білдіріп, көкпен байланыс орнатуға тырысқан. Ал М. Рүстемовтің айтпағы физикалық құбылыстарға байланысты. Жаңбырдың жаууы физикалық үрдіс. Ол атмосферадағы бұлттардың түзілуінен пайда болатын сұйық, ылғалды тамшы. Оны жете түсінбегендіктен бұқара халық осы жолмен жаңбыр шақырған. Бірақ бұл жерде тағы бір ескеретін жайт, әдетте тасаттықтан кейін шынымен жаңбырдың жаууы. Мұны кездейсоқтық деуге де келмейді. Себебі тасаттық шалу процесінен кейін талай мәрте жаңбыр жауғанын көзімізбен көрдік. Демек, оның физикалық астарымен бірге діни астарын да зерттеу маңызды екені айқын.
Тасаттық тәңіршілдік уақытынан бері келе жатқан көне дәстүр. Бірақ, исламның келуімен оның құрылымы сәл өзгеріске ұшырады. Мысалы құрбандық шалу ислам дінінің негізінде пайда болды. Ал оған дейін тасаттық биікке шығып, аспанға қан емес, ақ шашу, төрт-түлік малдың өнімдерін ағынды суға ағызу секілді формада жүзеге асты. Тәңіршілдікте қандай да бір пайда үшін тірі жанды өлтіру немесе қинау деген ой болмаған. Тәңіріне табынып, жалбарынған халықтың үнемі мақсаты жаңбыр шақыру бола бермеген. Кейде бұқара ауыл сыртына жиналып, жақсы тілектерін тілейтін болған (мәселен, батырлар соғысқа аттанғанда).
Қазақтар мен қырғыздар арасында «жадашылар» деп аталатын сиқыршылар – ауа-райын сиқырлаумен айналысты. Жадашы қасиетіне ие болу үшін қолында қасиетті «жай тасы» болу керек болды. Ежелгі сенімдер бойынша: жай тасты кейбір қой мен сиырдың асқазанынан алады, болмаса су құбылыстарын пайдаланып немесе дұға оқу арқылы кәдімгі тасты «жай тасқа» айналдырған деген түсінік бар. «Жай тас» ауа-райына ықпал етуімен қатар, кей кездері кері әсер етеді деген түсініктер де болды. Егер де тас жоғалған жағдайда оны ең бірінші көрген адам ауырып қайтыс болады деген сенім қалыптасқан [Мустафина, 1992: 120-121].
«Тасаттық» немесе «құдайы садақа» деп аталатын салт-дәстүр қазіргі таңда да өзінің маңызын жоғалта қойған жоқ. Олай дейтін себебіміз даланы құрғақшылық басқанда, толасыз жаңбыр жауып су басу қаупі төнгенде, оның алдын алу үшін «тасаттық» рәсімі күні бүгінге дейін орындалып тұрады. Құрбандыққа шалынатын малдың ауру-сырқауы жоқ, әрі күйі жақсы болуы тиіс. Оған жылқы немесе өгізді, кейде қойды да құрбандыққа шалады. Ал керекті тағам ретінде : бауырсақ, тоқаш, қант, шәй сатып алынады. Дәртүрлі ас етіп : қуырдақ, ет асылып немесе палау әзірленеді. «Тасаттық» әдетте бұлақ басында немесе өзен, көлдердің жағасында өткізіледі. Құрбандыққа шалынған малды суға бауыздап қанын ағызу керек деген ақпар таралған. Сонымен қатар кейбір жерлерде сойылған малдың қаны сол жерге көмілуі тиіс деген түсініктер де кезедеседі(Алматы және Жамбыл обылыстарында).Осылайша, зарыға күттірген жаңбырды шақыруға болады деп есептеді. Кей жерлерде «тасаттық» ескі бейіттің қасында өткізіліп, құрбандыққа шалынған малдың қаны жерге көміліп тасталған. Ас ішердің алдында және одан кейін имам және жиылған жамағат міндетті түрде Жаратушымызға арнап Құран сүрелерін оқып, Құдайдан жаңбыр сұрап жиналған қауымның дендерінің амандығы үшін жалбарынып, өмірден өткен аруақтарды еске алады. Алла тағала өзінің қасиетті кітабы Құран Кәрімде «Каһф» сүресінде желді «Рахмат» деп айтады. Сондағы рахмат аспандағы бұлттарды бір біріне қағыстырып, әрі-берлі қозғау арқылы жерге нәр құяды. Жаңбыр жердегі қатқан топырақты жібітіп, қураған даланы суландырып, айналаға серпіліс береді. Бұл ғұрып қазақтың дәстүрлі діні Исламда да бар. Біз білетіндей Шариғат бойынша тасаттық кезінде истисқа намазы оқылады.
Абай облысы Үржар ауданы Қарақол ауылы тұрғынының айтуынша: «тасаттық» рәсімін Қарақол өзенінің бойында өткізіледі. Үйден бауырсақ, шелпек пісіріп және дәнді дақылдарды өздерімен бірге алып барады. Құрбандыққа шалынатын қойды сол жерде дұғасын оқып, бауыздап, қанын суға ағызады. Және құрбандыққа шалынған малдың қанын ғана емес сонымен қатар ішек-қарнын суға ағызып, терісін сол жерге көмеді. Одан кейін ас әзірлеп барлық адам тамақтан ауыз тиеді. Содан ауылдың молдасы дұғасын оқып барлық жиналған адамдар Жаратушыға жалбарынып жаңбыр сұрайды және жиналғандардың саулығын тілейді. Бұл жақта ерекше атап өтетін жайт: ас ішіп біткен соң барлық тамақты қалдырмай суға ағызады. Өйткені судағы тіршілік иелері қоректеніп, жаңбыр шақырады-мыс. Оның айтуынша: өздерімен бірге жас балаларды да ерте жүреді, себебі жас баланың тілеуі қабыл болады деп ырымдайды екен. [I].
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Дияр ауылының тұрғындары тасаттықты бүкіл ауыл болып тойлайды. Алдымен ауыл тұрғындары әр шаңырақтан 2000-3000 тг көлемінде ақша жинап, осы қаржыға құрбандыққа шалынатын мал мен ет асуға қажетті заттарды(күріш, сәбіз, пияз, өсімдік майы) сатып алады. Сойылатын малдың түсіне аса қатты мән беріледі. Яғни малдың түсі қара болмауы тиіс. Тасаттық рәсімін әдетте жұмаға жоспарлайды. Рәсім өтетін жер негізінде су жағасы немесе бейіттің қасы. Арнайы жазылмаған ереже бойынша ауыл әйелдері әрқайсысы жеті шелпек пісіріп баруға міндетті. Жұма күні таң азанымен, көкжиектен күн көтеріле бастағанда мал сойылады. Сол бойда малдың еті қазанға салынып, ет асылады. Ал ауыл тұрғындары түскі уақытқа таман барады. Алдымен астан дәм татады, содан соң ғана молда құран оқып, дұға тілейді [II].
Жаңбыр шақыру дәстүрін қазақтар сирек орындады деп айтуға келмейді. Себебі «Представления, культы, обряды у казахов» атты кітапта Түркістанның 1906 жылы дүниеге келген тұрғынының сөзі мысалға алынады. Онда қуаңшылық болған көктем мен жаз кезінде жергілікті молданың 6-7 жастағы шәкірттерімен (мөлшері 20-30 шәкірт) бірге Қожа Ахмет Ясауидың қызы Гауһар ананың кесенесіне барып, құрбандық шалған. Мұнда балалар Алла Тағалада жаңбыр сұрап, дұға тілеген. Имам бір сөзінде сол уақытта дінге деген сенімсіздік көбейіп, салдарынан жалбарыну нәтижесіз аяқталатынын айтып қалды [Мустафина, 1992: 124-125].
Ноғайлар да жаңбыр жаудыру рәсімін жасайтын болған. Әдетте балалар яғни қыздар ағаш қуыршақтарды үйден үйге тасып, содан кейін оларды суға лақтырған. Ал дала ноғайлары болса бейіттің айналасына жиылып, зираттардың біріне қуыршақпен су шашады [Ярлыкапов, 1998: 172-173]
Армян ұлты жай түсіп өмірден озған марқұмның бас сүйегін зираттан шығарып, жаңбыр шақыру мақсатында суға тастаған [Ярлыкапов, 1998: 177-178]. А.А. Ярлыкаповтың ойынша, «Ноғайлардың жаңбыр шақыру дәстүрі ойда жоқта қайтыс болған, сірә найзағай түсіп өмірден өткен адамның бейітінде болу ғұрпы сақталған» [Ярлыкапов, 1998: 178]. Осы сияқты нанымдардың болуына негіз бар деуге болады. Кейбір дереккөздерге сүйенсек, джада тасы найзағайға синоним ретінде түсіндіріледі. [Ярлыкапов, 1998: 178].
Қазіргі таңда ислам дінінің қазақ қоғамында рөлі барған сайын артып келе жатқанын тасаттық беруден де аңғаруға болады. Бұл дәстүр әдетте мұсылман халқы үшін қасиетті күн саналатын жұма немесе бейсенбі күндеріне арнайлап өткізіліп жүр. Ақмола обылысының Қорғалжын ауданының молдасы бір сөзінде 20 ғасырдың 90 жылдардың орта кезінде «тасаттық ету» рәсімінде малдың басын суға тыстаған. Бертін келе бұл жоралғының сирек кездесетінін айтады. Кейіннен бұл дәстүр кезінде имам Құран аяттарын оқиды , оқылып біткен әр аяттан соң жиналған балалар өзенге бір-бір тастан лақтырып отырған. Осыдан кейін суға түскен тастың саны 70 болуы керек болған. «Бұл жоралғы бұрынғы араб халқының салты болған «шайтанға тас ату» ғұрпы болса керек»,- деді ақпарат берушінің сөзіне сүйеніп С. Әжіғали [Ажигали, 2001: 53]. Ол кісінің айтуынша, «тасаттық беру» түсінігі ежелгі бабаларымыз саналатын түркілердің «тас ату», «жаңбыр тасын тасуынан» арабтардың «тасадук» - «құрбандық шалу» дейінгі күрделі мәдeни-тарихи интерференцияны көрсетеді [Ажигали, 2001: 53].
Қорытындылай келгенде «тасаттық» яғни жаңбыр шақыру дәстүрі сонау түркілердің дәуірінен басталып, күні бүгінге дейін сақталып отыр. Бертін келе қазақтардың дәстүрлі қоғамында тұрмыстық исламның құрамдас бөлшегі ретінде орын алды. Оған дәлел ретінде осы ғұрыпты орындау кезінде имамның құран аяттарын оқып, барлық жиылған адам Жаратушыдан жаңбыр жаудыруын сұрап дұға етеді және жаңбыр жауады деген сеніп қалыптасты. Осылайша бұл дәстүр мұсылмандық ғұрыптармен астасып кетті. Және исламнан аутқу болып саналмайды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет