Банк жүйесі: Орталық банк және коммерциялық банктер.
Ақша-несие саясатының мақсаттары мен құралдары.
Ақша-несие саясатының түрлері мен типтері.
Банк жүйесі – бұл қандай да бір елдің территориясында бір-бірімен өзара байланысқан түрде әрекет жасайтын банктік мекемелердің жиынтығы.
Банктік жүйе әдетте, екі деңгейлі болып табылады, бірінші деңгейде әрқашанда Орталық банк (эмиссиялық) тұрады және екінші деңгейге коммерциялық банктер (депозиттік) мен арнайы мамандандырылған қаржы-несие мекемелері (инвестициялық, жинақтаушы, ипотекалық, сыртқы саудалық және т.б.) жайғасады.
Банк жүйесі мынадай негізгі қызметтерді атқарады:
а) уақытша бос ақша қаражаттарын шоғырландыру;
ә) бос ақша қаражаттарын уақытша пайдалану үшін ұсыну;
б) несиелік ақшаларды жасау;
в) несиелік реттеу;
г) ақша эмисиялау;
д) бағалы қағаздарды шығару.
Банк жүйесінің маңызды буыны болып Орталық банк табылады.
Орталық банк – бұл үкіметтің қарыздық және несиелік операцияларын ұйымдастырудың делдалы, ақша нарығының тепе-теңдігін қамтамасыз ететін банк жүйесінің басты буыны.
Орталық банк ұлттық валютаны айналымға енгізеді, елдің алтын валюталық резервтерін сақтайды, банкаралық есептесу орталығы ретінде жұмыс істейді. Орталық банк Үкіметтің қаржылық агенті рөлін атқарады және коммерциялық банктер үшін кредитор болып табылады. Сонымен қатар, Орталық банк халықаралық ақша нарықтарында сатушы және сатып алушы қызметін атқарады және жеке банктердің шетелдік қызметтерін реттеп отырады.
Әлемнің барлық елдерінде Орталық банктер ақша-несие саясатын қалыптастырады және жүзеге асырады, коммерциялық банктердің қызметтерін бақылайды және реттейді.
Орталық банктің, коммерциялық банктердің операциялары және банктік емес сектордың шешімдері нәтижесінде экономикада ақша ұсынысы өзгеріп отырады. Біз білетініміздей, Орталық банк ақша ұсынысын ақша базасы мен ақша мультипликаторына әсер ету жолымен бақылайды. Ал ақша ұсынысының нақты көлемі коммерциялық банктердің салымдарды қабылдау және несиелерді беру бойынша операцияларының нәтижесінде қалыптасады.
Коммерциялық банктер – әртүрлі операцияларды орындау мен қызметтерді көрсету арқылы заңды және физикалық тұлғаларға келісім-шарттар негізінде несиелік-есеп-айырысушылық және басқа да банктік қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын әмбебап тұрпаттағы несиелік мекемелер.
Коммерциялық банктердің негізгі қызметтері болып салымдарды (депозиттерді) тарту және несиелерді ұсыну саналады. Осы операциялар арқылы коммерциялық банктер ақша ұсынысын кеңейтіп қосымша ақшалар жасай алады және олар басқа қаржылық мекемелерден осындай қызметтерімен ерекшеленеді. Банктер сонымен қатар, бағалы қағаздарды сату және сатып алу-мен де айналысады.
Коммерциялық банктердің пайдасын маржа деп атайды, ол несиелер бойынша тағайындалған пайыздар (бұл пайыздарды қарыз алушылар төлейді) мен депозиттер бойынша тағайындалған пайыздар (бұл пайыздарды банктер өз салымшыларына төлейді) арасындағы айырма болып табылады.
Арнайы мамандандырылған қаржы-несиелік мекемелер – бұл экономиканың нақты салалары мен аяларын несиелеумен айналысатын банктік емес ұйымдар.