қатар, осындай тақырыптарды игеру халық ауыз әдебиетінің асыл
үлгілеріне сүйене отырып жүзеге асатынын атап айтқымыз келеді.
Осы ретте ертегілік, аңыздық сипаттағы Б.Соқпақбаевтың “Тапқыр
қожанасыр”, М.Ақынжановтың “Алтын сақа”, М.Құсайыновтың
“Алдар Көсе”, С.Қасимановтың “Ұзын құлақ”, С.Жүнісовтің “Бәсеке”
Ә.Тәжібаевтің “Жомарттың кілемі”, Қ.Жетпісбаевтың “Бала мерген”,
А.Хангельдиннің “Керемет” және т.б. ақын-жазушылардың
туындыларын атауға болады.
Балаларға арналған, балалар туралы шығармаларға қойылатын
талаптардың бірі – бала мінезін, әрекетін, психологиясын дәл басып,
нақтылы көрсетуде. Балаларға арналған шығарманы тамашалап
отырған жеткіншек сол туындыдан өзін, жанындағы жолдастарын
көретіндей болу керек. Бұл да әдеби туындыларға ортақ типтілік пен
нақтылық сияқты талаптан шығады. Мәселен балалар жазушысы
Е.Елубаевтың “Өжет”, “Бір уыс бидай”, “Саған күшік керек пе?”
деген сияқты шығармалардағы Батыр, Қуаныш, Балабек сияқты
балалар әр аулада, әр мектепте кездесері сөзсіз. Мұндай
шығармалардың өміршеңдігі де осында.
Бала тәрбиесі баршаға ортақ деген қағиданы басшылыққа ала
отырып жазылған ұстаз-жазушы Ә.Табылдиевтың туындыларында
жас ұрпақ тәрбиесі мәселесі сөз болады. Оларды ізгілік, жақсылық
сияқты адамзат баласының биік мақсаттарына жетелейді.
Балалар драматургиясына қойылатын бір талап кейіпкерлердің
сөйлеу тілін бере білу десек, оған да назар аударған жөн. Мәселен,
Е.Елубаевтың бүлдіршіндерге арналған “Асар” атты пьесасында әтеш
пен тауықтың сөздерінде оларға тән интонация, дауыс мәнері жақсы
берілген. Автор пьеса басында әтештің “р” дыбысына акцент түсіре
сөйлетеді. Немесе, “Саған күшік керек пе?” пьесасындағы күшіктерге
жаны ашыған баланың сөзін алайық:
“Қуаныш: Бір күн срок беріңізші. Ертең бірде-бір күшік
қалмайды, честно пионерский. Таң атсын, осыдан бүкіл балаларға
айтамын ... Сабағымды оқып жүрмін ғой. Әкел қолыңызды, ертең
бірде-бір күшік қалмайды”.
Автор “срок”, “честно пионерский” деген сөздерді әдейілеп
кіргізіп кейіпкер тілін шындық өмірдегі балалардың сөйлеуіне
жақындатқан. Сол сияқты, осы автордың “Өжет” пьесасындағы үлкен
адамдар тілі мен тентек бала тіліндегі өзіндік сөз қолданыстары мінез
қырын ашуға қызмет еткенін көреміз.
Ал ересек балаларға ұсынылатын Ш.Мұртазаның “Сталинге хат”
пьесасындағы И.В.Сталин мен Т.Рысқұловтардың да сөз саптаулары
өз заманына, кейіпкер әрекетіне сай беріліп көркемдік шындықты
нақтылай түсуге ықпал еткен. Айта берсек, мысал көп.
Шерхан Мұртазаұлы кезінде үлкен қызығушылық тудырған бұл
драмалық шығармасының басты ерекшеліктерінің бірі-шығарманың
драмалық әрекет қимылдан гөрі драмалық қаһармандардың
диалогтары мен монологтарына құрылуы. Драматургтің шеберлігі
сонда, ол оқиғаны кең түрде көрсетпей-ақ, кейіпкерлердің ішкі
мінезін, дәуірдің шындығын аша білуі дер едік.
Балалар драматургиясындағы шарттылық та арнайы сөз болуға
лайық. Шарттылық көбіне шағын драмалық туындылар интермедия
мен скетч, ертегілік қойылымдарға тән.
Достарыңызбен бөлісу: |