Дәріс
Етістіктің таза грамматикалық категориялары
Типтік оқу бағдарламасынан көшірме:
Рай категориясы, мағынасы, түрлері: ашық рай(индикатив), неғайбыл рай (ирреальды), бұйрық рай(императив), қалау рай, шартты рай, олардың мағыналық және формалық ерекшеліктері. Шақ категориясы, белгілері. Шақ түрлері: өткен шақ, осы шақ, келер шақ.
Есімше, оның есімдер мен етістікке тән сипаттары, жұрнақтары, шаққа қатысы, мағыналық және қолданыс ерекшеліктері, синтаксистік қызметі. Есімшенің зерттелу тарихы. Көсемше, оның жұрнақтары, шаққа қатысы, мағыналық және қолданыс ерекшеліктері, синтаксистік қызметі. Көсемшенің зерттелу тарихы.
Дәріс жоспары:
1. Етістіктің таза грамматикалық категориялары.
А) Рай категориясы.
Ә) Шақ категориясы.
Б) Жақ категориясы.
2. Функциялық етістіктер.
А) Есімше.
Ә) Көсемше.
Б) Тұйық етістік.
Дәріс мақсаты: Студенттерге етісіктің таза грамматикалық категориясын меңгерту, лексика-грамматикалық қатегориядан айырмашылығын таныту.
Рай категориясы: а) ашық рай; ә) шартты рай; б) бұйрық рай; в) қалау рай;
Сөйлеушінің қимыл, іс – әрекетке көзқарасын, қимылдың, іс – әрекеттің шындыққа, болмысқа қатысын модальдық мәнін білдіріп, белгілі парадигмалық тұлғалар жүйесінен тұратын етістіктің грамматикалық категориясы рай категориясы деп аталады. Белгілі қимыл, іс – әрекеттің белгілі субъекті тарапынан іске асуы – аспауы, қимылдың, іс-әрекеттің болу-болмауына сөйлеушінің көзқарасы, пікірі, бағасы, анықтығы, ақиқаттығы, күдіктілігі, күмәнділігі, болжалдылығы, жорамалдығы, орындалу ниеттілігі, шарттылығы, тілек, қалау, бұйрық мәндері қатар көрініп отырады. Рай категориясы етістіктің модальдылық мәнінің бірден-бір грамматикалық категориялық көрсеткіші бола тұрса да, етістіктің барша модальдылық мәнін толық қамти алмайды. Сондықтан кейде модальдылықты екі түрге бөліп, рай арқылы модальдылықтың берілуі обьективтік модальдылық, арнаулы жеке сөздер арқылы берілуі субьективтік модальдылық деп көрсетіліп жүр. Негізінен алғанда рай категориясының ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай сияқты төрт түрі көрсетіледі.
Ашық рай – қимыл іс-әрекет үш жақтың (осы шақ, өткен шақ, келер шақ) бірін білдіретін рай түрі. Демек, ашық райдың басты семантикалық ерекшелігі – қимыл іс-әрекеттің объективті шындыққа қатысты болу-болмауының сөйлеп тұрған сәтпен (шақпен) байланысты өтіп кеткенін, өтіп жатқанын, әлі өтпегенін, бірақ өтетін сипатын білдіру, сөйтіп, ашық рай, бір жағынан, бір өзі етістіктің шақ категориясын құрайды. Осыған байланысты райдың басқа түрлерінен айырмашылығы тікелей ашық рай жасайтын арнайы қосымшалары жоқ болып келеді. Мысалы: Күндер осылай жылжып өтіп бара жатқанда кенет заман өзгерді. Жаз шыға егін, шөпке қатысады. Бозарып таң атып келеді. Ұлпан тым құрыса шай құйып беретін болар.
Бұйрық рай – сөйлеушінің тыңдаушыға немесе тыңдаушы арқылы
бөгде біреуге (3 жаққа) қаратылып, бұйрық, сұрай айтылатын өзіне (1 жаққа) байланысты қимылға, іс – әрекетке қозғау салу, ниет мәнін білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы берілетін рай түрі болып табылады. Бұйрық райдың басты мәні – бұйрықтық мағына. Бұйрықтық мағына негізінен алғанда 2-ші жаққа байланысты болып отырады. Мысалы: Тыңда дала Жамбылды (Жамбыл). Ғылым таппай мақтанба (Абай).
Бұйрық райдың құрамында бұйрықтық мағынадан гөрі ниет, тілек мәнді білдіретін бірінші және үшінші жақ пен олардың көрсеткіштері болуы бұйрық райдың түрлену парадигмасына, тұлғалық жүйесіне байланысты. Мағыналарында бұйрықты білдіруде өзгешелік болса да, бұйрық райдың жіктелу жүйесі, яғни 1-2-3 жақта және жекеше – көпше түрлену бір парадигмалық жүйенің көрсеткіші болып табылады.
Жіктеме үлгісі:
І.Мен барайын Біз барайық ІІ.Сен бар Сендер барыңдар Сіз барыңыз Сіздер барыңыздар ІІІ. Ол барсын Олар барсын Шартты рай – қимыл, іс – әрекеттің болу, болмау, орындалу мүмкіндігін, шартын білдіріп, етістік түбіріне, лексика – грамматикалық категориялар тұлғасына –са,-се қосымшасы жалғану арқылы жасалады. Шартты райлы етістік ықшамдалған тұлғада жедел өткен шақ тұлғасы сияқты жіктеледі, сөйлемде негізінен алғанда тиянақсыз тұлға болып қолданылады, сондықтан көбіне – көп шартты бағыныңқылы сөйлемнің баяндауышы қызметінде жұмсалады. Мен айтсам Біз айтсақ Сен айтсаң Сендер айтсаңдар Сіз айтсаңыз Сіздер айтсаңыздар Ол айтса Олар айтса Қазақ тілінде шартты рай тұлғасындағы етістік әр уақытта шарттылық мәнде қолданыла бермейді. Кейде шартты рай тұлғалы етістік мезгіл бағыныңқы сөйлемнің немесе -да-де шылауымен тіркесіп, қарсылықты бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы қызметінде жұмсалады. Көзімді ашып, алдыңғы жаққа қарасам, екі адам қарауытып тұр екен (Мұстафин).
Қалау рай - сөйлеушінің қимыл, іс-әрекетті орындауға я орындамауға қалау, тілек, ниет, ынтасын білдіріп, белгілі жолдармен жасалатын рай категориясының бір түрі. Қалау рай бірнеше жолмен жасалады. Негізгі етістіктерге -ғы;-гі;-қы-кі; қосымшалары жалғанып, тәуелденіп барып, тәуелдік жалғау арқылы жіктеліп, яғни жақтық, жекешелік – көптік мән үстеп, оған кел, келді, келеді көмекші етістігімен тіркесу арқылы.
(Ерікті қалау рай).
Менің оқығым келеді Біздің оқығымыз келеді
Сенің оқығың келеді Сендердің оқығыларың келеді
Сіздің оқығыңыз келеді Сіздердің оқығыларыңыз келеді
Оның оқығысы келеді Олардың оқығылары келеді . Сөйтіп, бұл тұлғалы қалау рай етістік синтаксистік сипаты жағынан жақсыз сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады. Етістік түбіріне –ғай-гей; қай-кей қосымшасының үстелуі арқылы және осы тұлғаға еді көмекші етістігі тіркесуі арқылы немесе шартты рай тұлғалы етістікке игі, екен, сөздерінің тіркесуі арқылы да тілек мәнді қалау рай жасалады. (тілекті қалау рай).
Мен барғаймын, барғай едім, барсам игі еді, көрсем екен.
Сен барғайсың, барғай едің, барсаң игі еді, көрсең екен.
Сіз барғайсыз, барғай едіңіз, барсаңыз игі еді, көрсеңіз екен.
Ол барғай, барғай еді, барса игі еді, көрсе екен.
Достарыңызбен бөлісу: |