Морфология – грамматикалық категориялар мен грамматикалық тұлғаларды зерттейтін тіл білімінің саласы. «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы»



бет51/61
Дата29.10.2023
өлшемі290,73 Kb.
#121004
түріБағдарламасы
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   61
Байланысты:
kazirgi kazak tilinin morfologiyas nan daris tezisteri (1)

Бейнелеуіш сөздер
Еліктеуіш сөздер есіту қабілеті арқылы пайда болатын түсініктердің аттарын білдірсе, бейнелеуіш сөздер табиғатта кездесетін белгілі-белгілі елес, құбылыстарды көзбен көру қабілеті арқылы туатын түсініктердің аттарын білдіреді.
Мысалы: Ырғалып қарға қарқ етті; ірімшік аузынан салп етті деген сөйлемдерді алайық. Мұндағы қарқ деген сөз – қарғаның дауыстауынан естілген дыбыстың атын аңғартатыны, соған сәйкес, еліктеуіш сөз сол түсініктің атауы болатыны жоғарыда айтылды. Ал осы салалас сөйлемнің екінші жартысындағы салп деген сөз дыбысты емес, қарғаның аузынан ірімшіктің жерге қарай түсіп бара жатқан я түскен кезіндегі көрініс елесін, сол көріністің бейнесін білдіреді. Екінші сөзбен айтқанда, салп деген сөз ірімшіктің жерге тез түсіп бара жатқан кезінде көзбен көру қабілеті арқылы қабылданған көріністің, оның бейнесінің атауы есебінде қызмет етеді.
Екінші бір мысал алайық: Кенеттен шыққан дауысқа Ботагөз «ә» деуге үлгермей, жүрісін кілт тоқтатып, жалт қарады (С.Мұқанов) дегендегі кілт және жалт деген сөздер де қалай тоқтағандықтың және қалай қарағандықтың бейнесін көрсетеді.
Бейнелеуіш сөздер іс-әрекеттің тек сыртқы бейне-көрінісін ғана емес, әрі шапшаң (аса тез) болатынын да білдіреді. Бұл сөздерге де белгілі-белгілі көріністің, қимылдың бейнесі негіз болады. Мысалы: бірдеме елең етті; ол жалт етті; жапалақ жалп етті дегендердегі елең, жалт, жалп деген сөздер белгілі көріністің бейнесін де, олардың тез болу ерекшелігін де білдіреді.Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздер де қосарланып қолданылады да, солар арқылы бейнеленетін құбылыстардың бірнеше рет қайталанатынын білдіреді. Мысалы: елең-елең, жалп-жалп, жалт-жалт, жылт-жылт, қылт-қылт, лап-лап т.б.
Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де қайталанған екінші сыңарының ашық дауысты дыбысы қысаң дауысты еріндікке айналып, іс-қимылдың бейнесінің бірде олай, бірде бұлай болып алмасып отыратынын білдіреді, мысалы: жалт-жұлт, жалп-жұлп, қалт-құлт т.б.
Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстардың ашық болуы қозғалыс пен әрекеттердің еребейсіздігін, дөкірлігін, оңтайсыздығын, епсіздігін білдірсе, дауысты дыбыстардың қысаң болуы әрекет-қозғалыстың мардымсыздығын, өнімсіздігін білдіреді. Мысалы: арбаң-арбаң, талтаң-талтаң, тарбаң-тарбаң, одыраң-одыраң деген сөздердің мағыналарын сол реті бойынша ербең-ербең, тылтың-тылтың, тырбың-тырбың, едірең-едірең деген сөздердің мағыналарымен салыстырып байқауға болады. Алдыңғы топ пен соңғы топтың мағыналарында, әрине, айырмашылық бар. Өйткені Нұрқожа талтаң-талтаң басып келеді екен (С.Мұқанов) деген мен Нұрқожа тылтың-тылтың басып келеді екен дегендердегі талтаң-талтаң мен тылтың-тылтың дегендердің мағыналары тең емес.
Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстардың жуан я жіңішке болуы олардың мағынасында айырмашылық болатынын аңдатады, мысалы: жалп-жалп етеді деген мен желп-желп етеді дегеннің, осыдан туған жалпылдайды және желпілдейді деген сөздердің мағыналары тең емес. Алғашқы көріністен күшті, дөрекі, епсіз бейне байқалса, соңғыда әрі нәзік әрі майда бейне елестейді.
Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де бастапқы дара түбіріне де, қосарланған түрлеріне де сөз байланыстыратын (көптік, септік, тәуелдік, жіктік) жалғаулар тікелей қосылмайды. Демек, еліктеуіш сөздер тәрізді, бұлар да – түрленбейтін сөздер. Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздер де ешбір өзгеріссіз тікелей етістіктермен тіркесіп, я дара мүше (жалт қарады, жалт-жалт қарады) болады, я күрделі мүшенің құрамына енеді (жалт етті, жалт-жалт етті). Бұлар да, еліктеуіш сөздер сияқты, дербес мүше болса, әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болып қызмет атқарады. Мысалы, төмендегі сөйлемдердегі бейнелеуіш сөздер кілең пысықтауыш болып тұр: Ыңырсып колхозының төрт түлігі Ауылдан маң-маң басып өріске өрді (Жамбыл); Аттылар бұрылып келіп, дөңгелене отырған жиынға жапыр-жұпыр сәлем берісіп амандасып қалды (М.Әуезов).
Сөйтіп, бейнелеуіш сөздер деп табиғаттағы құбылыстар мен заттардың және неше алуан жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаттары мен әрекет-қимылдарын көру қабілеті арқылы қабылданған бейне-көріністердің атауларын, яғни атаулары ретінде қызмет ететін сөздерді айтамыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   61




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет