Морфология – грамматикалық категориялар мен грамматикалық тұлғаларды зерттейтін тіл білімінің саласы. «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы»



бет47/61
Дата29.10.2023
өлшемі290,73 Kb.
#121004
түріБағдарламасы
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   61
Байланысты:
kazirgi kazak tilinin morfologiyas nan daris tezisteri (1)

Көлемдік септік жалғаулар арқылы жасалған туынды үстеулер
Тілімізде көлемдік септік, яғни барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің жалғаулары арқылы жасалған, адвербиалданып үстеуге көшкен сөздер бар. Олар:
1. Барыс септігінің көнеленуі негізінде жасалған үстеулер: босқа, жатқа, артқа, текке, бекерге, кешке, әзірге. Мезгілдік мәндегі бұндай үстеулер кейде дейін, шейін, жақын тәрізді септеулік шылаулармен де тіркесіп жұмсалады: кешке жақын, түнге дейін т.б.
2. Жатыс септігінің көнеленуі арқылы жасалған үстеулер: түнде, мұнда, күнде, баяғыда, қапыда, лезде т.б
3. Шығыс септігінің көнеленуі арқылы жасалған үстеулер: шетінен, төтеден, шалқасынан, етпетінен, қырынан, кенеттен, өз-өзінен т.б. Мезгілдік мәндегі бұндай үстеулер кейде бері, кейін сияқты септеулік шылаулармен де тіркесіп жұмсалады: түннен бері, таңнан кейін т.б.
Күрделі түбір үстеулер. Бірнеше түбірдің кірігуі, бірігуі, қосарлануы, тіркесуі, тұрақтануы арқылы жасалған сөздер күрделі түбір үстеулер деп аталады. Мысалы, екіталай (біріккен), ертеңді-кеш, жан-жағы (қосарланған), күні бойы (тіркесіп тұрақтанған) – күрделі түбір үстеулер.
Күрделі түбір үстеулер мына жолдар арқылы жасалады:
1. Басқа сөз таптарының бірігуі, кірігуі нәтижесінде пайда болған үстеулер: бүгін (бұл күн), биыл (бұл жыл), жаздыгүні (жаздың күні), қыстыгүні (қыстың күні), ендігәрі (ендігіден әрі) т.б.
2. Сөздердің қосарлануы арқылы жасалған үстеулер: бірте-бірте, бет-бетімен, бостан-босқа, қолма-қол, оқта-текте, анда-санда, жата-жастана, жапа-тармағай, аз-аздап, күні-түні.
3. Сөздердің тіркесуі мен идиомаланған тіркестер: алдын ала, ала жаздай, күні кеше, күні бүгін, ертеден қара кешке, томаға тұйық, күн ұзаққа, әлі күнге, күн ілгері.
Үстеудің семантикалық топтары
Үстеудің сөз табы ретінде басты белгісі – оның семантикалық сипаты болып табылады. Соған сәйкес сөйлемде белгілі қызмет атқарады, ол – пысықтауыш және етістікпен тіркесіп жұмсалады, ал морфологиялық жағынан түрленбейді. Ол қимыл, іс-әрекетті әр түрлі мекендік, мөлшерлік, сындық сипаттары мен мақсат, себептерін білдіреді. Осындай мағыналық ерекшеліктерімен байланысты, олар мына семантикалық топтарға бөлінеді: мезгіл үстеулері, мөлшер үстеулері, мекен үстеулері, сын-қимыл (бейне) үстеулері, күшейтпелі үстеулер, мақсат үстеулері, себеп-салдар және топтау үстеулері.
Мезгіл үстеулері
Қазіргі қазақ тіліндегі мезгіл үстеулері қимыл, іс-әрекеттің жүзеге асу уақытын, мезгіл, мерзімін білдіріп, қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап береді. Мезгіл үстеулері мыналар: бүгін, биыл, қазір, ала жаздай, енді, ертең, таңертең, кешке, күндіз, қыстыгүні, әуел-баста, қыстай, жаздай, кеш, әлі т.б. Енді бұлардың бар күшін салып жатқаны (Ғ.Мүсірепов). Әлі де желісі үзілмей, ой соңында келе жатқан (М.Әуезов) тәрізді сөйлемдердегі енді, әлі қимылдың мезгілін білдіріп тұрған үстеулер. Мезгіл үстеулері құрамына қарай негізгі, туынды және күрделі түбір болып бөлінеді.
Негізгі түбір үстеулер морфемаларға бөлшектеуге келмейтін сөздерден тұрады. Олар: қазір, бұрын, ертең, жаңа, кеш, енді, кеше т.б.
Туынды түбір үстеулер басқа сөз таптарынан сөз тудыратын жұрнақтар жалғану арқылы жасалады. Мезгіл үстеулердің жасалу жолдары:
1. -ша/ше: бүгінше, биылша, әзірше. Мысалы: Биылша біз бұл құрылысты тоқтата тұруды жөн көрдік («Ана тілі» газ.). Уақыт қана емдейтін, ұзап барып айығатын әзірше үзілмес шер (М.Әуезов).
2. Көлемдік (барыс, жатыс, шығыс, көмектес) септіктердің көнеленуі арқылы жасалған мезгіл үстеулері: әуел баста, жазда, қыста, баяғыда, күнде, түнде, басында, лезде, ілуде, бағанадан, бүгіннен, түннен, бұрыннан, баяғыдан, әуелден, ертемен, таңертеңмен.
3.Күрделі түбір мезгіл үстеулері бірнеше сөздердің бірігіп, қосарланып, тіркесіп тұрақтануы арқылы жасалады. Олар: бүгін, биыл, таңертең, жаздыгүні, қыстыгүні, жазғытұрым, кешқұрым, әуел баста, апақ-сапақта, бүгін-ертең, енді-енді, бұрын-соңды, ала жаздай, күні-бүгін, таң сәріде, жаз бойы. Мезгіл үстеулері қимылдың мезгілін білдіріп, естістікпен тіркесіп, қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап беріп, сөйлемнің мезгіл пысықтауышы қызметін атқарады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   61




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет