Байланысты: Н.Гәнжауи дастандары,тақырып пен көркемдік ерекшеліктері.
Н.Гәнжауи дастандары,тақырып пен көркемдік ерекшеліктері.
Ілияс Жүсіпұлы Низами Гәнжауи – әзірбайжан халқының ұлы ойшылы, теңдесі жоқ ақыны. Ол Гәнжа қаласында тұратын қолөнершінің отбасында өмірге келді. 1173 жылы соғыс кезінде тұтқынға түскен Аппақ атты қыпшақ қызына үйленген. Ақынның көптеген лирикалық өлеңдері қыпшақ қызының сұлулығына, ақыл-парасатына, құралайды көзге атқан мергендігіне арналған.
Низами жастық шағында көп оқып, өзінің аса зор зеректігінің арқасында көптеген елдердің тарихын, тілін, әдебиетін терең меңгереді.
Әзірбайжаннан алыста жатқан Дешті-Қыпшақ елінің әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін, аңыз-ертегілерін Низами өзінің сүйген жары Аппақтан есітіп, білген екен.
Низами есімін күллі әлемге мәшһур етіп, адамзат тарихына мәңгілік өшпестей етіп жазып қалдырған шығармасы – «Хамса» («Бес кітап») еді. Ақынның «Хамса» тобына: «Сырлар қазынасы» (1173-1180) «Хұсрау мен Шырын» (1181), «Ләйлі мен Мәжнүн» (1188), «Жеті ару» (1197) және «Ескендір-наме» дастандары енеді.
Дидактикалық-философиялық ой-пікірлерге толы «Сырлар қазынасы» дастанында ақын адам баласының өткінші өмірге келуі, ержетіп, ғұмыр кешуі, ақыры сол өмірмен біржола қоштасуы жайында ой толғайды. Бұл дастан жиырма тараудан тұрады. Ақын әрбір тарауында ел билеушілерді әділдікке, ізгілікке, адамгершілікке үндеп отырады.
Низами өзінің «Хұсрау мен Шырын» дастанында адам бойындағы ең асыл қасиет - махабатты жырлай отырып, сол арқылы ол мемлекетті басқаратын адам қашанда қара қылды қақ жаратындай әділ, ниеті дұрыс мейірімді жан болуы керек деген пікір айтады.
Ғұмыр бойы адал махаббатынан айнымаған Шырын сұлуды Низами көкке көтере мадақтайды.
Ләйлі мен Мәжнүн арасындағы махаббат туралы хикаялар ерте кезден-ақ Орта Азия мен Иран елін мекен еткен халықтар арасында кеңінен тараған. Низами осы тартымды сюжетті бетке ұстай отырып,
Шығыстың классикалық поэзиясындағы Нәзира дәстүрі бойынша «Ләйлі мен Мәжнүн» деп аталатын жаңа дастан жазды.
Әлемдік әдебиет тарихында Ләйлі мен Мәжнүн арасындағы махаббатты жыр еткен дастандар аз емес. Алайда олардың ішінде Низамидің «Ләйлі мен Мәжнүн» дастаны дәрежесінде жазылғаны бірен- саран ғана деуге болады. Низамидің жырлауы бойынша, махаббаттың құдірет-күшіне бүкіл әлем, жер мен аспан, барша табиғат бас июі тиіс.
Низамидің бұдан кейін жазылған дастаны «Жеті ару» деп аталады. Әйтсе де біз алдымен ақынның «Хамса» тобындағы ең соңғы дастаны «Ескендір-наме» туралы қысқаша айта кетейік.
Демек, Низамидің бесінші дастаны «Ескендір-наме» деп аталады. Бұл дастанның өзі екі кітаптан тұрады. Біріншісі – «Шараф-наме», («Даңқ кітабы»), екіншісі – «Ықпал-наме» («Бақыт кітабы»).
«Даңқ кітабында» ертедегі грек елінің патшасы Александр Македонский (Ескендір Зұлқарнайын) туралы тарихи деректер мен аңыз- әңгімелер айтылады.
Низамидің айтуынша, Батыс пен Шығыс елдеріне жорыққа аттанғандағы Ескендірдің мақсаты – ол елдерді жаулап алу емес, қайта қорлық көрген халықтарға азаттық әперу, әділетсіз патшаны құлатып, сол елде әділдік орнату болып табылады.
Ал, енді «Бақыт кітабында» Ескендір патша өнерді, білімді, ғылымды дамытуға белсене кіріскен қайраткер ретінде көрінеді.
Сондай-ақ «Бақыт кітабында» грек, түрік, қытай, үнді елдерінің философиялық ой-түйіндері пайдалы екені әңгімеленіп, аспан мен жердің таралуы, адамзат тағдыры туралы ақын сыр шертеді.
Қорыта айтқанда, Низами «Ескендір-наме» дастанында заман туралы, тарихтың даму барысы жайында, жеке адам өмірі мен бүкіл халықтың болашақ бақыты хақында өзінің философиялық ойларын түйіндейді.
Низами «Хамсасының» тобында «Жеті ару» дастаны ерекше орын алады. Поэманың басты қаһарманы – Баһрам. Ол Иран елінің патшасы. Баһрам жастық шағын сауық-сайранмен өткізеді де, жасы ұлғайған шағында патша болып ел басқарады.
Міне, сол Баһрам жеті түрлі сарай салдырып, жетеуін жеті елдің аруы мекен еткен. Патша салдырған сарайлардың түсі де жеті түрлі, оларда тұратын арулардың түр-түстері де жеті түрлі болып келеді. Дастанда қоңыр түсті сарайда – үнді сұлуы, сары сарайда – Бағдат сұлуы, жасыл сарайда – Рум сұлуы, қызыл сарайда – славян сұлуы, көк сарайда – Мысыр
сұлуы, сандал түсті сарайда – көшпелі дала сұлуы тұрады.
Низами бұл дастанында адам бойындағы ең ізгі қасиеттерді: мейірімділікті, әділдікті, жомарттықты, кішіпейілділікті, ақыл-парасатты, білімдікті, қанағат сезімін, т.б. көкке көтере мадақтайды. Жас ұрпақты Адам деген киелі атқа лайықты болып өсуге үндейді.
Міне, осының бәрі дастанда жеті арудың хикаялары арқылы баяндалады. Бұл арулар Баһрамға бірінен соң бірі қызықты әңгімелер айтып, сол арқылы ел ішіндегі сан қилы жауыздық істерді әшкерелеп отырады, ел билеушілерді әділдікке шақырады.
«Жеті ару» дастанында ақын мемлекетті қашанда әділ, парасатты, білімді, мейірімді, қарапайым халыққа жаны ашитын адам басқаруы керек деген идея ұсынады.
Негізгі шығармалары парсы тілінде жазылған. “Гәнжауи” – оның лақап аты. Әкесі Иранда, кейін Гәнжа шаһарында тұрған, ұлын түркі халқының дәстүрінде тәрбиелеген. Низами 11 – 12 ғасырлардағы Тұран, Иран, Кавказ билеушілерінің тақ таласын батыл сынап, ел тұрмысын жырлады. Оның басты шығармасы – “Хамса” (“Бес кітап”), оған “Құпиялар қазынасы” (1173 – 80), “Хұсрау – Шырын” (1181), “Ләйлі – Мәжнүн” (1188), “Жеті сұлу” (1197) және “Ескендірнама” (1203) атты бес дастаны кірген. Лирик. өлеңдер жинағының жеке бөлімдері, 6 қасида, 116 ғазел, 2 қыта, 30 рубаи, тағы басқа туындылары сақталған. Низами дастандары композициялық құрылымы, сюжет тартымдылығы, тіл көркемдігі және биік адамгершілік идеясымен ерекшеленді. “Құпиялар қазынасы” – 20 тараудан тұратын діни философиялық поэма, ақын мұнда ел билеушілерін әділдікке, халқына қамқор болуға шақырады. “Ләйлі–Мәжнүн” көне араб аңызының сюжеті негізінде жазылса, “Жеті сұлу” Баһрам Гур шаһ жөніндегі аңызға негізделген. Поэма Баһрам Гурдің жеті әйелінің әңгімесі арқылы мазмұндалып, патшаның әділдік жағында болуы мен зұлымдыққа қарсы күресі суреттелген. Ақын “Ескендірнама” немесе “Даңқ” кітабында Ескендірді данышпан, әділетті патша ретінде бейнелеген. Низами шығармалары көптеген шығыс ақындарына әсер етті, 13 ғасырдан оның поэмаларына еліктеп жазылған туындылар пайда болды. Мысалы, Әмір Хұсрау Дехлеуи, Ә.Науаи, Ә.Жәми, тағы басқа ақындардың дастандары. “Хұсрау – Шырынды” 1383 ж. Сарай Беркедегі қыпшақ Құтып жырға қосса, “Жеті сұлу” дастанының “Турандот ханшасы” атты бөлімін неміс ақыны Гете жырлаған. Низами дастандары ерте кезден-ақ қазақ арасына тараған. Низами дастаны негізінде Абай “Ескендір” поэмасын жазса, Шәкерім де шығармасында Низами сюжеттерін пайдаланған.