Су пайдалану кезінде су, суаттар мен ағыстарында қалып, қалық шаруашылығы жұмыстарын жүргізетін орта және энергияның механикалық көзі болып саналады. Негізгі су пайдаланушылар: су транспорты, орманнан кесілген ағаштарды сумен ағызу арқылы тасымалдау, балық шаруашылығы және гидроэнергетика болып табылады.
Су тұтыну кезінде суды суаттардан және ағыстарынан алады. Су тұтынушылар өте көп, олар – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, коммуналдық – тұрмыстық ұйымдар, қоғамдық өндіріс кәсіп орындары, темір жол транспорты, т.б. Су тұтынудың су пайдаланудан айырмашылығы, су тұтынушылардың біраз суды қайтарымсыз алуында ғана емес, сондай-ақ, олардан шыққан қайтарылатын ағынды суларымен табиғи суларды ластандыруында да.
Бұнымен бірге, айта кету керек, «су тұтыну» және «су пайдалану» түсініктерімен бірге, қазіргі кәсіптік терминологияда соңғы жылдары суға, су көздеріне, су қоймаларына қатысты барлық жағдайларда жалпылама «су пайдалану» түсінігі жиі қолданылады.
Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес су нысандарын пайдалану әдісіне қарай су пайдалану төмендегіше бөлінеді:
1. суды, су нысандарына қайтару шартымен, су нысандарынан су ресурстарын алу арқылы су пайдалану;
2. суды, су нысандарына қайтармай, су нысандарынан су ресурстарын алу арқылы су пайдалану
3. су нысандарынан су ресурстарын алмай су пайдалану.
Су нысандары келесі мақсатта қолданылады:
халықтың шаруашылық- ауыз су қажеттілігі үшін;
коммуналдық-тұрмыстық шаруашылықта;
емдеу, курортта емдеу және сауықтыру макқсатында;
ауыл-шаруашылығы өндірісінде( жер суаруға емес);
суару үшін;
өнеркәсіптің түрлі салаларында;
гидроэнергетикада;
су транспорты мен ормандарда кесілген ағаштарды тасымалдау үшін;
балық шаруашылығында;
ағынды суларды ағызу үшін;
табиғат қорғау қажеттіліктеріне;
санитарлық мақсаттарға;
басқа да қажеттіліктер үшін;
Сонымен, су тұрмыста, өнеркәсіпте, энергетика мен ауыл шаруашылығында, т.б. кеңінен қолданылады. Егер, бір қала күніне 600 мың м3 су тұтынғанда, олардан шығатын ағынды судың мөлшері 500 мың м3 болады.
Ағынды сулар дегеніміз, суды, адам тұрмыста және шаруашылықта пайдаланғаннан кейін шыққан, ағызып жіберілетін лас сулар. Су ағызу – ағынды суларды қабылдауды қамтамасыз ететін, одан кейін кәріздердің тазарту құрылыстарына жіберетін, технологиялық процесс.
Түзілу жағдайларына байланысты ағынды суларды келесі түрлерге бөлінеді:
- тұрмыстық;
- атмосфералық;
- өндірістік;
- ауыл шаруашылық ағынды суларға;
Ағынды сулардың ашық су көздеріне әсер ету дәрежесі суға түсетін ластаушы заттардың сипатына, мөлшерлік қатынастарына байланысты. Таза су қосылмаған ағынды су барлық уақытта да айқын уытты әсер етеді, ол адамның денсаулығына теріс әсерін тигізеді және әр түрлі жұқпалы да, жұқпалы емес те аурулар пайда болуының себебі болуы мүмкін. Өндіріс орындарынан шыққан ағынды сулардың құрамында болатын көптеген улы металдар мен олардың қосылыстары, мысалы, қорғасын, мышьяк, кадмий, сынап адам ағзасына ауыз сумен бірге түсіп, адамның улануына әкеледі және бұл, көбінесе созылмалы түрде болуы мүмкін.
Сонымен, ластанулардың қандай түрі болса да, олардың барлығы да адамның денсаулығында, жануарлар ағзасында, ағзалардың даму үрдістерінде белгілі бір зиянды із қалдырып, ластанудың қауіптілігіне ерекше көңіл аудартады.