Н. Ж. Жақашов, Ж. Ж. Бекмағамбетова, М. Е. Жоламанов, Қ.Қ. Тоғызбаева



бет102/296
Дата02.10.2023
өлшемі9,48 Mb.
#112645
түріОқулық
1   ...   98   99   100   101   102   103   104   105   ...   296
3.2. Ауа ортасының сапасы. Қазіргі кезде таза ауаны тек елді мекендерден және түрлі ластаушы заттардың көздерінен қашық жерлерде ғана кездестіруге болады. Бұндай аумақтардағы ашық кеңістіктердің ауасы оттегімен қаныққан, құрамында жеңіл иондары бар, экзогенді химиялық заттармен, шаңмен ластанбаған, соның нәтижесінде өкпенің жақсы желдетілуі қамтамасыз етіледі, зат алмасу үрдістері қарқынды жүреді, адамның тонусы жоғарылайды. Табиғи көздерден түскен ластаушы заттарды ауа ағындары сейілтеді.
Алайда, қазіргі кездегі адам тәуліктің көп бөлігін (20-22 сағатқа дейін) таза ауада емес, ауаны ластайтын химиялық, физикалық және биологиялық заттардың талай көздері бар, қолданылуы әр түрлі, жабық бөлмелерде өткізеді. Химиялық ластаушы заттардың көздері сыртта да, бөлме ішінде де болуы мүмкін. Сыртқы елеулі көздерінің бірі - атмосфералық ауа болып табылады, бөлме ауасының тазалығы, оның ластану деңгейіне тікелей байланысты. Ластаушы заттардың ішкі көздеріне өмір сүру үрдістерінің нәтижесінде уытты заттар бөліп шығаратын адамның өзі; құрылыста, бөлмелердің ішін өңдеу, едендерді жабу, жиһаз жасау, киім тігу үшін қолданылатын материалдар; газ плиталары, үйді жылытатын құралдар, темекі түтіні т.б. жатады (7.4.-кесте ).


7.4. - кесте
Жабық бөлмелердегі ауаны ластаушы көздері және негізгі ластайтын заттар



Ластаушылардың көздері

Ластаушы заттар

Адам

Өмір сүру үрдісінде бөлінетін антропотоксиндер

Атмосфералық ауа

Азот, күкірт, көміртек тотықтары, күйе, шаң, қорғасын, автокөліктен бөлінетін газдар және басқа химиялық қосылыстар

Құрылыста және бөлмелерді өңдеуде, жиһаздар жасауда, кілем тоқуда, киім тігуде, т.б. қолданылатын материалдар

Полимерлік материалдардың құрылымының бұзылу өнімдері - бензол, стирол, формальдегид, винилхлорид, циклогексан, аммиак және т.б.

Газ плиталары, үйді жылытатын құралдар

Тұрмыста қолданылатын газдың толық жанбаған өнімдері, ароматты көмірсутектер, радон

Тұрмыстық химия заттарын қолдану

Кір жуатын ұнтақтар, косметикалық заттар, дезодоранттар, зарарсыздандыратын препараттар, пестицидтер, т.б.

Ғимараттардың құрылыс конструкциялары және олар орналасқан жердің топырағы

Олардан бөлінетін зиянды заттар

Темекі түтіні

Стирол, бензол, ксилол, акролеин, гидразин, фенол, никотин, нитрозоаминдер, полоний-210, көміртек, азот, күкірт тотықтары, т.б.

Қазіргі кезде бөлме ішінде күннен-күнге химиялық және биологиялық ластаушы заттардың жаңа көздері пайда болуда, онымен бір уақытта шудан қорғану, жылу жоғалтуын азайту мақсатында бөлмелердің герметикалылығын арттыру беталысы өсуде. Бұлар бөлмеде ауа алмасуының күрт төмендеуіне және аудағы ластаушы заттардың концентрациясының жоғарылауына әкеп соғады. Осыған байланысты, шешуді қажет ететін, бөлмедегі ауа сапасының нашарлау мәселесі барған сайын маңызды болып отыр .


Тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттардың бөлмелеріндегі ауа ортасын ластайтын маңызды көздерінің бірі адамдардың тыныс алуынан шыққан ауа болып табылады. Оның құрамында, атмосфералық ауамен салыстырғанда, оттегінің мөлшері аз, көмірқышқыл газы 100 есе көп, ол су буымен қаныққан, дене температурасына дейін қызған және ионсызданған. Бұдан басқа, оның құрамында адам ағзасының зат алмасу үрдісінде пайда болатын ұшқыш өнімдері - антропотоксиндер болады. Олардың құрамына 30-дан аса газ түріндегі өмір сүру үрдісінің өнімдері (иіс газы, аммиак, ацетон, көмірсутектер, күкірсутек, альдегидтер, органикалық қышқылдар, диэтиламин, метиацетат, крезол, фенол. т.б.) кіреді. Бұлардан басқа, бөлмелердің ауасына тағы терінің бетіндегі, киімдегі, бөлме шаңындағы органикалық заттардың ыдырауы кезінде пайда болатын 400-ге жуық ұшқыш заттар түседі.
Адамның өзіне қарағанда, бөлме ауасын ластаушы заттардың маңыздырақ көзі, гидро- және жылуоқшаулау, еденді жабу, қабырғаларды өңдеу, есіктер мен терезелерді пластиктен жасау үшін құрылыста қолданылатын полимерлік материалдар болып табылады. Олардан жиһаздар, синтетикалық кілем заттары, линолеум, синтетикалық желім, заттың жиектерін сылайтын заттар, сырлар және т.б. жасалады. Олардың ескіруінің немесе дұрыс пайдаланылмауының нәтижесінде құрылымының бұзылуы үрдісінде ауаға әр түрлі қосылыстар (бензол, стирол, формальдегид, винилхлорид, циклогексан, аммиак, ацетон, бутилакрилат, циклогексан, т.б.) бөлініп шығады. Бұл заттардың ішіндегі көпшілігінің уытты, сенсибилизациялаушы, тітіркендіргіш, ал кейбіреулерінің, канцерогенді де әсері бар. Олардың ауадағы концентрациялары өте жоғары мөлшерге жетуі мүмкін. Мысалы, формальдегидтің тұрғын үй бөлмелеріндегі концентрациясын жеке жағдайларда оның өнеркәсіп жағдайындағы бөлініп шығатын мөлшерімен салыстыруға болады.
Пәтердегі барлық бөлмелердің ауасын газ плиталар едәуір ластайды, олар 1 сағат бойына жұмыс істегенде, атмосфералық ауадағы, ШРЕК-нен бірнеше рет асатын, СО2, формальдегид, азот тотықтары, бензол, бенз(а)пирен концентрацияларының едәуір жоғарлауына әкеп соғады. Табиғи газ жанғанда, сондай-ақ бөлмеге, мәні бойынша өкпе обыры пайда болуының екінші себебі болатын, радон бөлінеді. Пәтерлердегі радон көздеріне, сонымен қатар ғимарат астындағы грунт және құрылыс материалдары, сыртқы ауа, су құбырларындағы су, әсіресе, артезиан суы жатады. Радонның біраз мөлшерін алюминий өндірісінің қалдықтарынан, домна пешінің шлактарынан, тас көмірдің күлінен, фосфор кендерін өңдеу өнімдерінен жасалған құрылыс материалдары бөледі (XII - тарау).
Жабық бөлмелердің ауа ортасын ластайтын ең таралған көздерінің бірі темекі шегу болып табылады. Темекі түтінінің құрамында 4 мыңға жақын химиялық қосылыстар болады, олардың ішінде бөлмелердің ауасында уытты (стирол, бензол, ксилол, акролеин, гидразин, фенол, никотин) және канцерогенді заттар (нитрозоаминдер, полоний-210) және т.б. жоғары концентрациясында кездеседі. Темекі шегу өкпе обыры себептірінің ішінде бірінші орынды алады, және де пассивті темекі шегетіндер де ауырады.
Құрылыста кеңінен қолданылатын басқа канцерогенді зат та – асбест бөлмелер ішінде қауіпті болып табылады. Егер, асбоцементті плиталарының бүтіндігі бұзылса, мысалы, жөндеу жұмыстары кезінде, асбест талшықтары ауаға түсіп, тіпті қысқа уақыт әсер етуінің өзінде, ұзақ жасырын кезеңінен (10 және одан да көп жылдардан) кейін өкпе рагі, өкпеқабының және ішастарының мезотелиомасы дамуына әкеледі. Тұрмыстық химия заттарының да аллергиялық және жиі, уытты әсері болады.
Үй ауасы ортасының едәуір ластануының көріністерінің бірі, «ауру ғимараттар синдромы» болып табылады. Ауру ғимараттар санатының біріне - «уақытша ауру» - жақында салынған немесе қайта құрылған ғимараттар жатады. Оларда болған кезде, адамдарда әлсіздік, қажғыштық, бас ауыруы, көз коньюктивасының, мұрын, тамақтың шырышты қабыгының тітіркенуі пайда болады. Біраз уақыт өткеннен соң, құрылыс материалдарының және беттерді қаптайтын материалдардың құрамындағы ұшқыш заттардың бөлініп шығуы азаюына, линолеумді ауыстыруға, желдетілуге, т.б. байланысты, бұл құбылыстар кетеді. Ғимараттардың басқа санаты - «үнемі ауру» ғимараттар. Бұлардың ауасындағы ластаушы заттардың мөлшері ШРЕК-тен аспайды, бірақ мұндай ғимараттардың ішінде болу кезінде, адамдарда ауруның барлық белгілері байқалады, ал ғимараттардан шыққан кезде, бұл белгілер азайып немесе жойылып кетеді. «Ауру ғимараттар» синдромының пайда болу себебі, ластаушы заттардың уландыратын әсерлерінің синергизм эффектісі болып табылады деп болжайды.
Нашар желдетілетін жабық бөлмелердің ауасы адамдарға қолайсыз әсер етеді. Бұл кезде адамның көңіл-күйі нашарлайды, қапырыққа, тыныс алуының қиындауына, басында ауырлық сезімі болуына, бас ауыруына, тершеңдікке, ұйқышылдыққа, ой еңбегіне, одан кейін дене еңбегіне де қабілетілігінің төмендеуіне шағымдары пайда болады. Бұрынғы кездерде, бөлме ауасын ластаушы көздері негізінен адамдар болғанда, нашар желдетілетін бөлмелердегі адамның өзін жайсыз сезінуін және хал жағдайының нашарлауын, оның өмір сүруімен байланысты өттегі концентрациясының азаюы, көмірқышқыл газы мен антропотоксиндер мөлшерінің артық болуы, ауаның температурасы мен ылғалдылығының жоғарылауы, ионсыздануы, т.б. сияқты факторлар кешенінің әсеріне жатқызған. Іс жүзінде бұл факторлардың бәрін анықтау қиын болғандықтан, ауа ортасының сапасын гигиеналық бағалауды осы аталған көрсеткіштердің біреуі – СО2 мөлшері бойынша жүргізген, себебі, ауаның басқа ингредиенттермен ластануы жогарлаған сайын, оның концентрациясы да өсе береді (ΙΙΙ-тарау. 5 бөлім). Алайда, бұл көрсеткіш қазіргі кезде тұрғын және қоғамдық үйлердің ауа ортасының сапасын бағалайтын абсолюттік критерий ретінде санауға болмайды, себебі, ауаға тек антропогендік (адамның өмір сүруімен байланысты) заттар ғана емес, сонымен қатар, басқа да көздерден ластаушы заттар түседі. Бұл көздерден түсетін ластаушы заттардың концентрациялары антропогендік СО2 концентрациясымен ешқандай байланысты емес және, СО2 қалыпты деңгейде болған кездін өзінде де, олар ШРЕК-тен өте көп артық болуы мүмкін. Сондықтан, тұрғын үй бөлмелері мен қоғамдық ғимараттардағы ауаның сапасын бағалау үшін тек СО2 ғана емес, гигиеналық жағынан аса маңызды болып саналатын ондағы басқа да химиялық заттардың мөлшерін анықтайды. Олардың мөлшері атмосфералық ауаға арналған о.т. ШРЕК–тен аспауы керек. Ауаның жалпы органикалық ластануы жөнінде оның тотыққыштығы бойынша пікірге келуге болады. Ауаның тотыққыштығы бұл 1 м3 ауадағы органикалық заттардың тотығуына жұмсалған оттегінің мөлшері (мг). Таза ауаның тотыққыштығы 6-8 мг О2/ м3 аспайды.
Жабық бөлмелердің ауасы үнемі биологиялық ластануға ұшырайды. Ластаушы көзі негізінен, науқас адамдардың, бациллотасымалдаушылардың тыныс жолдарының кілегейлі қабықтары, үй жануарлары, құстар (көгершіндер, тотықұстар) болып табылады. Олар түшкіргенде, жөтелгенде, сөйлескенде ауаға құрамында микроорганизмдер бар сұйықтықтың өте майда тамшылары бөлінеді. Олардың ауа құрамында сақталу мерзімі тамшылардың өлшеміне байланысты. Ірі тамшылы аэрозольдер (100 мкм ден артық) салмағының ауырлығына қарай еден мен заттарға тез қонады. Құрамында өлшемі орташа (20-100 мкм) және майда (1-2 мкм) тамшылары бар аэрозольдер ауада ұзақ уақыт болып, заттарға едәуір баяу қонады. Олардың қонуы, тамшылардың кебуі мен олардың өлшемдірінің кішірейуі нәтижесінде баяулайды. Тамшылар кепкен жағдайда ұзақ уақыт ауада сақталып, ауа ағынымен бірге басқа бөлмелерге де таралатын бактериялық шаң түзеді. Еденге, төсек орынға, киімдер мен басқа да үй заттарына қонып, адамдар қозғалғанда, жүргенде, төсек салғанда, үй тазалағанда өздерінің қауіптілігін сақтай отырып, қайтадан ауаға көтеріледі. Айта кету керек, шаңда оның өзінің тіршілігін барлық микробтар емес, тек айырықша, тұрақтылығымен ерекшеленетін жеке қоздырғыштар: туберкулез микобактериялары, спора түзуші бактериялар, микроскопиялық саңырауқұлақтар және басқалар сақтап қалады.
Үйдің ауасында, әр түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарынан басқа, әр түрлі микроскопиялық саңырауқұлақтар мен мүктердің споралары, қарапайымдылардың цисталары және матрацтарда, кілемдерде, жұмсақ жиһаздарда, төсек жабдығында тіршілік ететін үй кенелері болады. 1 г шаңда 500 дейін кенелер болуы мүмкін. Кенелердің айқын сенсибилизациялаушы әсері бар. Бронх демікпесімен ауыратын науқастардың көпшілігінде кенелермен ластанған ауамен тыныс алғанда аллергиялық реакциялар байқалады. Азық-түлік өнімдерімен қоректенетін үй кенелері (ұн, ірімшік) адамның тыныс жолына шаңмен бірге түскенде, тыныс мүшелерінде акаридоз туғызуы мүмкін. Зең және басқа да саңырауқұлақтардың спораларымен ластанған ауамен тыныс алу да қауіпті болып табылады. Қоршаған ортада кеңінен таралған зең саңырауқұлақтары негізінен өкпенің зақымдануымен; кейде гематогенді жолмен де таралуымен сипатталатын аспергилезді тудырады. Тотықұстар және басқа сәндік құстар ауыр зоонозды инфекцияның – орнитоздың көзі болып табылады. Тотықұс иелерінде, кейін пневмосклероз дамуына әкеп соғатын, аллергиялық альвеолит пайда болуы мүмкін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   98   99   100   101   102   103   104   105   ...   296




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет