Н. Ж. Жақашов, Ж. Ж. Бекмағамбетова, М. Е. Жоламанов, Қ.Қ. Тоғызбаева



бет106/296
Дата02.10.2023
өлшемі9,48 Mb.
#112645
түріОқулық
1   ...   102   103   104   105   106   107   108   109   ...   296
Байланысты:
Учебник Гигиена-каз

Табиғи жарық. Күн ғимараттардың сыртында әдетте ондаған мың люкс жарық деңгейін береді. Бөлмелердің табиғи жарығы жергілікті жердің жарық климатына, ғимараттардың терезелерінің бағытталуына, көлеңке түсіретін нысандардың (ғимараттар, ағаштар) болуына, терезелердің құрылысына және өлшеміне, терезелер арасындағы қабырғалардың еніне, қабырғаларының, едендері мен төбесінің жарықты шағылыстыру қабілетіне, терезе әйнектерінің тазалығына, т.б. байланысты.
Күндізгі жарықтың бөлмеге түсуі жақсы болуы үшін терезелердің ауданы бөлмелердің ауданына сәйкес болуы керек. Сондықтан, бөлмелердің табиғи жарығын бағалаудың кең таралған әдісі - геометриялық әдіс болып табылады. Бұл әдіс бойынша, жарық коэффициенті деп аталатын шаманы, яғни, терезелердің әйнектелген ауданының еден ауданына қатынасын есептеп табады. Жарық коэффициентінің шамасы неғұрлым үлкен болса, соғұрлым бөлмеге жарық түсуі жақсы болады. Тұрғын үй бөлмелері үшін жарық коэффициенті 1:8-1:10, сыныптар мен аурухана палаталары үшін 1:5-1:6, операциялық бөлмелер үшін 1:4-1:5, ал қосымша бөлмелер үшін 1:10-1:12 кем болмауы керек.
Табиғи жарықты тек жарық коэффициенті бойынша бағалау дәл болмауы мүмкін, себебі жарық деңгеіне жарықтандырылатын бетке жарық сәулесінің түсу бұрышы әсер етеді. Егер қарсы тұрған ғимараттан немесе ағаштардан бөлмеге күн сәулесі тікелей түспей, тек шағылысқан сәулелер түссе, онда олардың спектрінде, биологиялық жағынан ең тиімді - ультракүлгін сәулелерінің қысқа толқынды бөлігі болмайды. Бөлменің белгілі бір нүктесіне аспан әлемінен тікелей сәулелер түсетін бұрыш саңылау бұрышы деп аталады.
Түсу бұрышы екі сызықтан түзіледі, олардың бірі терезенің жоғарғы қырынан жарық түсу жағдайы анықталатын нүктеге дейін келетін, ал екіншісі – өлшеу нүктесі мен терезе орналасқан қабырғаның арасын қосатын көлденең жазықтықтағы сызық.
Саңылау бұрышы жұмыс орнынан басталатын екі сызықтан түзіледі: олардың бірі - терезенің жоғарғы қырына барады, ал екіншісі- қарама қарсы тұрған ғимараттың немесе басқа дуал, ағаштар, т.б. сияқты нысандардың ең жоғарғы нүктесіне дейін созылады. Түсу бұрышы - 27º кем болмауы, ал саңылау бұрышы - 5º кем болмауы керек. Бөлменің ішкі қабырғасының жанындағы жарық деңгейі бөлменің тереңдігіне де байланысты, сондықтан, күндізгі жарықтың түсу жағдайларын бағалау үшін, сондай-ақ тереңдік коэффициентін - терезенің жоғарғы қырынан еденге дейінгі ара қашықтықтың бөлменің тереңдігіне қатынасын анықтайды. Тереңдік коэффициенті- 1:2 кем болмауы керек.
Геометриялық көрсеткіштердің ешқайсысы да барлық факторлардың табиғи жарыққа толығымен тигізетін әсерін көрсетпейді. Барлық факторлардың әсері табиғи(жарықтан) жарықтанғандық коэффициенті (ТЖК) арқылы есептеледі. ТЖК=Еn : Е0·100%, мұндағы, Еn - бөлменің ішіндегі терезеге қарсы тұрған қабырғадан 1 м қашықтықтағы нүктенің жарықталғандығы, (лк); Е0- бүкіл көк аспаннан шашырап түскен жарықпен жарықтанған (аспан тұтас бұлтты) жағдайдағы бөлмеден тыс орналасқан нүктедегі жарық деңгейі, (лк). Сонымен, ТЖК бөлме ішіндегі жарық деңгейінің бір уақыттағы бөлме сыртындағы жарық деңгейіне пайыздық қатынасы ретінде анықталады.
Тұрғын үй бөлмелер үшін ТЖК 0,5% , ауруханалық палата үшін 1% , мектеп сыныптарында 1,5 % , ал операциялық бөлмелер үшін 2,5 % кем болмауы керек.
Жасанды жарық келесі талаптарға сәйкес болуы керек: жеткілікті дәрежеде қарқынды, біркелкі; дұрыс көлеңке түзілуін қамтамасыз етуі, көзді шағылыстырмауы және заттың түсін өзгертпеуі; қыздырмауы; спектрлік құрамы бойынша күндізгі жарыққа жақын болуы керек.
Жасанды жарықтандырудың екі жүйесі бар: жалпы және аралас. Аралас жүйесінде жалпы жарықты, тікелей жұмыс орындарында жарықты шоғырандылыратын, жергілікті жарықпен толықтырады .
Жасанды жарықтанудың негізгі көздері - қызу шамдары мен люминесцентті шамдар болып табылады. Қызу шамдары – жарықтың ыңғайлы, тоқтаусыз жұмыс істейтін түрі. Олардың кемшіліктерінің бірі, жарықты аз береді, спектрінде сары және қызыл сәулелер басым, ал көк және күлгін түстері аз болады. Бірақ психофизиологиялық жағынан алып қарағанда, жарықтың бұндай спектрлік құрамы сәулені жағымды және жылы етеді. Көру жұмыстары тұрғысынан алғанда, қызу шамдарының жарығы тек өте майда бөлшектерді анықтап қарау қажет болғанда ғана күндізгі жарықтан кем түседі. Ол түрлі түстерді жақсы ажырату қажет болған жағдайларда жарамсыз. Қызу шамының қызатын жібінің беті өте аз болғандықтан, қызу шамдарының жарықтық дәрежесі көз шағылысып, көрмей қалатын жарықтан едәуір артық болады. Артық жарықтық дәрежесімен күресу үшін, тікелей түскен жарықтың көзді шағылыстыратын әсерінен қорғайтын жарықтандыратын арматуралар қолданылады және шырақтарды адамның көру аланынан тыс жерге іледі.
Арматураларды тікелей, шағылысқан, жартылай шағылысқан және шашыраған жарық түсіретін арматуралар деп бөледі. Тікелей жарық түсіретін арматура шам жарығының 90% артығын жарық түсірілетін жерге бағыттайды, ол жерде жоғары жарық деңгейін қамтамасыз етеді. Бұнымен бір мезгілде, бөлменің жарық түсірілген және түсірілмеген бөліктерінің арасында едәуір жарық айырмашылығы пайда болады. Айқын көлеңкелер пайда болады, көзді шағылыстыратын әсері де болуы мүмкін. Бұл арматура қосалқы бөлмелер мен санитарлық жүйелерге жарық түсіру үшін қолданылады.
Шағылысқан жарық түсіретін арматура шамнан шыққан сәулелердің төбеге және қабырғаның жоғарғы бөлігіне бағытталатындығымен сипатталады. Осы жерден олар шағылысады, көлеңкелер түсірмей, бөлмеге жұмсақ шашыраған жарық түсіріп, оның барлық бөлігіне біркелкі таралады. Арматураның бұл түрі гигиеналық жағынан өте қолайлы жарық береді, бірақ жарықтандырудың бұл түрі үнемді емес, себебі жарықтың 50% жоғалады. Сондықтан, тұрғын үй бөлмелерін, сыныптарды, аурухана палаталарын жарықтандыруда жиі, үнемді болып саналатын, жартылай шағылысқан және шашыраған жарық түсіретін арматураларды қолданады. Бұл кезде жарықтың бір бөлігі сүт түсті немесе күңгірт әйнек арқылы өтіп, бөлмені жарықтандырса, ал екінші бөлігі, төбе мен қабырғалардан шағылысып барып, жарық береді. Бұндай арматура қанағаттанарлық жарық жағдайларын туғызады, ол көзді қарықтырмайды және онда айқын көлеңкелер пайда болмайды.
Люминесценттік шамдар жоғарыда келтірілген талаптардың көпшілігіне сай келеді. Люминесценттік шам - жәй шыныдан жасалған, ішкі беті люминоформен қапталған түтік. Түтік сынап буымен толтырылған, екі жақ шетіне электродтар дәнекерлеп бекітілген. Шамды электр жүйесіне қосқан кезде электродтар арасында ультракүлгін сәулесін шығаратын электр тогы пайда болады («газ разряды»). Ультракүлгін сәулелерінің әсерінен люминофор жарық шығара бастайды. Люминофорлардың түрлерін таңдап алу арқылы көрінетін сәулелердің әр түрлі спектрі бар люминесцентті шамдар дайындайды.. Ең жиі күндізгі жарық беретін шамдарды (КШ), ақ жарық беретін шамдарды (АШ) және жылы-ақ жарық беретін шамдарды (ЖАШ) қолданады. КШ шамдардың сәулелену спектрі терезесі солтүстікте бағытталған бөлменің табиғи жарығының спектріне жақын болады. Бұл жарық көзінде, тіпті кішігірім бөлшектерді анықтап қарау кезінде де, көз тез қажымайды. КШ шамын түстерді дәл ажыратуды қажет ететін бөлмелерде қолдану өте тиімді. Шамның кемшілігі, мұндай жарықтың көгілдір сәулелері көп болғандықтан, адамдардың бет терісі көкшіл тартып тұрады, сондықтан жарық беретін шамдардың бұндай түрлерін ауруханаларда, мектеп сыныптарында, т.б осы сияқты бөлмелерде қолданбайды. КШ шамдармен салыстырғанда, АШ шамының спектрі сары сәулелерге бай. Мұндай жарық беретін шамдарымен жарықтандыру кезінде көздің жұмысқа жоғары қабілеттілігі сақталады және бет терісінің түсі көп өзгермей, жақсы көрінеді. Сондықтан, АШ шамдарын мектептерде, аудиторияларда, тұрғын үй бөлмелерінде, ауруханалардың палаталарында және т.б. қолданады. ЖАШ шамдарының спектрі сары және қызғылт түстерге бай, олар көздің жұмысқа қабілеттілігін біраз төмендеткенімен де, бет терісінің түсін жандандырып көрсетеді. Бұл шамдар вокзалдарды, кинотеатрлардың вестибюльдерін, метроларды, т.б. жарықтандыру үшін қолданылады.
Спектрінің әр түрлілігі бұл шамдардың гигигиеналық жағынан артықшылықтарының бірі болып табылады. Люминесценттік шамдардың жарық беруі қызу шамдарына қарағанда 3-4 есе жоғары болады (1 Вт 30-80 лм береді), сондықтан олар үнемділеу болып саналады. Люминесценттік шамдардың жарықтық дәрежесі 4000-8000 кд/ м2, яғни, рұқсат етілгенінен жоғары болғандықтан, оларды қорғайтын арматураларымен бірге қолданады. Өндірісте, мектептерде; аудиторияларда қызу шамдарымен салыстырып жүргізілген көптеген сынаулар кезіндегі жүйке жүйесінің жағдайын, көздің қажуын, жұмысқа қабілеттілігін сипаттайтын объективті көрсеткіштер барлық үақытта дерлік люминесценттік шамдардың гигиеналық жағынан артықшылығын дәлелдеді. Бірақ, бұл үшін оларды орнымен қолдану қажет. Бөлменің пайдалану мақсатына қарай шамдарды спектрі бойынша дұрыс таңдау қажет. Көру сезімталдығы, қызу шамдарының жарығына қарағанда, күндізгі жарыққа сияқты, люминесценттік шамдардың жарығына да төмен болуы себебінен, люминесценттік шамдар үшін жарық деңгейлерінің нормалары қызу шамдарынан 2-3 есе жоғары бекітіледі (7.7 - кесте).
Егер, люминесценттік шамдармен жарықтандыру кезінде жарық деңгейі 75-150 лк төмен болса, онда «ақшамдық эффект» байқалады, яғни ірі бөлшектерді қараудын өзінде де, жарық деңгейі жеткіліксіз сияқты сезіледі. Сондықтан, люминесценттік шамдардың жарығы 75-150 лк төмен болмау керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   102   103   104   105   106   107   108   109   ...   296




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет