ӘБДІКОВ Төлен (4.9.1942 ж.т., Қостанай обл. Жангелдин ауд. Еңбек а.) -жазушы. Қазақстанның
еңб. сің. қайраткері (2002). ҚазҰУ-ды бітірген (1965). 1965 - 70 ж. "Қазақстан пионері" (қазіргі
"Ұлан") газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі. 1970 - 77 ж. "Жалын" альманағында
бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1977 -79 ж. "Қазақфильм" киностудиясында
бас редактор, 1979 - 90 ж. Қазақстан КП ОК-нде жауапты қызметте болды. 1990 - 92 ж. "Қазақ
әдебиеті" газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болды.
1993 жылдан ҚР Президенті әкімшілігінде сектор меңгерушісі. Шығармалары 1964 жылдан
жариялана бастады. Ә. - "Көкжиек" (1969). "Күзгі жапырақ" (1971), "Ақиқат" (1974),
"Айтылмаған ақиқат" (1979) әңгіме-повестер жинақтарының, "Өліара" (1985), "Ақшоқыда қыс
қатты" (1987), "Парасат майданы" (2002) романдарының авторы. Әңгімелері мен повестері орыс
тілінде "Истина" (1980. 1981) деген атпен жарық көрген. "Біз үшеу едік" (1985) пьесасы респ.
театр сахналарында қойылды. Ә. грек аңыздары "Эллада ерлерін" (1977) қазақ тіліне аударған.
Бірнеше шығармалары шет ел тілдеріне аударылған. Халықар. Ф.Кафка атынд. Қазақстандағы
П ЕН клуб сыйл. лауреаты (2003). Еуропалық алтын медальдың (2003), Қазақстан мемл. сыйл.
(2004) иегері. ӘБДІҚАДЫРОВ Қалмақан (14.4. 1903. Қызылорда обл. Шиелі ауд. Сырдария а.
- 30.4.1964. Қызылорда обл. Шиелі ауд.) - ақын, жазушы. "Еңбекші қазақ" газетінде, Қазақстан
Жазушылар одағында, Жамбыл мұражайында қызмет атқарған. Тұңғыш өлеңі "Сырдария"
1925 ж, "Еңбекші қазақ" газетінде жарияланған. Алғашқы өлеңдер жинағы "Жалшы" 1928 ж.
жарық көрген. "Екпін" (1932), "Шахтер" (1934), "Өлеңдер жинағы" (1935), "Май" (1935)
жинақтарының, "Сәтбаев" (1936), "Келес қызы", "Әңгімелер" (1952), "Мақташы қыз" (1953),
"Қажымұқан" (1959), "Өміртайдың ауылы" (1935), "Амантай" (1936), "Тәтті қауын" (1936),
т.б. прозалық кітаптардың авторы. Кейін қаламгердің "Ертегілер" (1953), "Тапқыш" (1983),
"Палуан" (1985), т.б. кітаптары қайта басылып шықты. Шығыс шайырлары Әлішер Науаидың,
Фирдоусидің, қырғыз ақыны А.Тоқамбаевтың, т.б. шығармаларын, шығыс классикасы "Мың
бір түнді" (1944, 1955. 1962) қазақ тіліне аударған. "Қызыл жұлдыз" орденімен, т.б.
медальдармен марапатталған.