АДАПТАЦИЯ(лат. аdapto - бейімдеймін) - әдеби шығарманың белгілі бір ортаға, әдетте,
дайындығы төмен оқырманға лайықталып, солардың қабылдауына бейімделіп қайта жазылуы.
Бұл тәсіл балаларға күрделі шығармаларды ұғымды түрде таныстыру үшін қолданылады. Мыс.
Гомердің "Одиссея" мен "Илиадасының" осылай жасалған нұсқалары бар. Әдеби мәтінді
бейімдеу шығарма мазмұнына терең бойлауды, автордың стилін сақтауды талап етеді. А. қазақ
әдебиетінде де кездеседі. Мыс. "Қамбар батыр", "Алпамыс", "Қобыланды батыр" эпосы қазақ,
орыс тілдерінде қарасөзбен қысқаша қайта баяндалып, жеке басылым болып шықты.
АЖАР Жұртыбайқызы, С о қ ы р А ж а р (1865. қазіргі Қарағанды обл. Қарқаралы ауд. -
ө.ж.б., сонда) - әнші, ақын. Жеті жасында қорасан ауруынан екі көзі бірдей соқыр болып
қалады. Ел арасында Соқыр А. деген атпен белгілі болған ақын жиын-тойға жиі қатысып,
Жапар, Уақит деген ақындармен айтысқа түседі. 1884 ж. Қоянды жәрмеңкесінде ақын Шашубай Қошқарбайұлымен айтысып, жеңеді. А. Абаймен кездесіп, оны өзіне ұстаз тұтқан, өлеңдерін
жатқа айтып, халық арасына таратқан. А. мен Уақит айтысы "Айтыс" жинағына (1965. 1-т)
енген. "Жұртыбайдың қызы едім, атым Ажар" деген өлеңі "XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы"
жинағында (1985), Шашубаймен айтысы "Қазақ халық әдебиеті" жинағының 9-шы томында
жарияланды. Ақын Орт. ғыл. кітапхананың Қолжазбалар қорында сақтаулы.