БАТЫРЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕР - ауыз әдебиетінің негізгі жанрларының бірі, көбінесе, өлеңмен,
кейде қара сөзбен де айтылатын көркем шығарма. Қиял ғажайып ертегілерде, көбіне мифтік,
таңғажайып оқиғалар баяндалатын болса, Б. е-де кейіпкер дара мадақталып, батырлардың ерлік
істері барынша әсірелеу түрінде көрсетіледі. Б. е-дің негізгі тақырыптары - сүйген адамына
қосылу жолында шексіз ерлік көрсету, түрлі құбыжықтармен, жалмауыздармен соғысу, елі
үшін жаудан кек алу. Б. е-дің өзіне тән стильдік ерекшеліктері бар. Біріншіден, мұнда
қиял-ғажайып ертегілерге қарағанда, суреттеу элементтері басым. Екіншіден, кеңінен
баяндалатын нәрсе - кейіпкердің жаумен жекпе-жек соғысы. Үшіншіден, қара сөзден гөрі
өлеңмен баяндау жиі кездеседі, демек, ырғақ пайда бола бастайды. Сонымен бірге, көп
жағдайда Б. е. батырлық жырларга да жақын. "Ер Төстік", "Керқұла атты Кендебай", т.б. Б. е.
кейіпкерлерінің қасиеттері батырлық жырлар кейіпкерлері характерінде жиі ұшырасады. Бұл
Б. е. мен батырлық жырлардың тарихи сабақтастығын көрсетеді.