Национальный конгресс историков казахстана исторический факультет


АБУ-Л-ҒАЗИДІҢ «ШЕЖІРЕ-И-ТАРАКИМЕ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ОҒЫЗХАН



Pdf көрінісі
бет102/157
Дата02.11.2022
өлшемі3,3 Mb.
#47031
1   ...   98   99   100   101   102   103   104   105   ...   157
АБУ-Л-ҒАЗИДІҢ «ШЕЖІРЕ-И-ТАРАКИМЕ» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ОҒЫЗХАН: 
САЛЫСТЫРМАЛЫ ЗЕРТТЕУ 
 
Ташқараева Ә., 3 курс докторанты 
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 
 
Ұлы дала кеңістігінде маңызды орынға ие Түрік тектес халықтардың атасы – Оғыз 
қаған мен оның ұрпақтарының таралуы ерте заманның өзінде-ақ зерттеушілердің 
қызығушылығын тудырған. Соның бірі Хиуа ханы әрі тарихшы Абу-л-ғази «Шежіре-и-
таракиме» шығармасында [1] Оғыз хан және оның ерлік істері, ел билеуі, айтқан өсиеттері, 
жасаған жорықтары, ұрпақтарының таралуы туралы кеңінен баяндайды. Оның екінші еңбегі 
«Шежіре-и-түрікте» [2] оғыздар туралы мәліметтер мен олардың берілуі «Түрікмендер 
шежіресімен» бір. Тек, Оғыз ханның үлкен ұлы Күн ханның билік етуінен бастап шежірелер 
тармақталады. Түріктер шежіресінде: «Күн хан жетпіс жыл патшалық құрған соң, өз орнына 
інісі Ай ханды отырғызып, хақ рахметіне кетті»,- дейді де, Ай ханнан Шыңғыс ханға қарай 
билік құрған хандар реті бойынша деректер береді [2. 21 б.]. Ал, «Шежіре-и-таракимеде» Күн 


212 
хан қайтыс болған соң оның үлкен ұлы Қайы ханның билікке келуінен бастап, түрікмендердің 
тарихына бағытталады.
Абу-л-ғази шежіреде өзіне дейінгі жазылған ауыздан ауызға аңыз-әңгіме күйінде 
жеткен «Оғыз-наме» дастанын [3], Махмут Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрігін» [4], Рашид-
ад-диннің «Жамиғат ат-тауарихын» [5] дереккөз дереккөз ретінде пайдаланған болуы мүмкін, 
себебі, еңбектегі Оғыз қаған туралы мәліметтердің берілуінің әсіресе, Рашид-ад-Диннің 
жазбасымен сәйкес жерлері көп.
Абу-л-ғазидің Оғыз ханның туылуы мен ер жетуі туралы елден ерек сиқырлы, артық 
қасиеттерге бөлейтін жазбасы Рашид-ад-Диннің мәліметі секілді шынайы негізі бар аңыз 
түрінде беріледі. Екі шығармада да Оғыз дүниеге келген соң үш күн бойы анасының омырауын 
ембей, түсіне еніп, «мұсылман болсаң ғана сүтіңді емемін» деген шарт қояды. Анасы жасырын 
түрде мұсылмандықты қабылдайды. Қара ханның сол кездегі монғолдардың дәстүрі бойынша, 
бала жасқа келгенде ат қою үшін бүкіл елді жинап, үлкен той жасағанда, оған тіл бітіп, менің 
атым – «Оғыз» деп жария етеді [1. 40 б.], [6. 81 б.]. Ал, Оғыз туралы деректердің ең ескісі 
саналалтын «Оғыз-наме» дастанының ұйғырлық нұсқасында Оғыз ханның тұлғасы қиял-
ғажайып оқиғалармен суреттеліп, аңыз адам кейіпінде берілген: «Тағы күндерде бір күн Ай 
қағанның көзі жарқ етіп ашылып, ер бала туды. Осы ұлдың өңі – шырайы көк еді, ауызы оттай 
қызыл еді, көздері қызғылт, шаштары, қастары қара еді. Нұрлы періштелерден көріктірек еді. 
Осы ұл анасының көкірегінен уызын татып көріп, одан кейін ембеді; шикі ет, ас, шарап 
сұрады. Тілге келе бастады. Қырық күннен соң өсті, жүрді, ойнады. Аяғы өгіздің аяғындай, 
белі бөрінің беліндей, жауырыны бұлғынның жауырындай, кеудесі аюдың кеудесіндей еді. 
Тұла бойын түгел қалың түк басқан еді» [3, 36 б.]. Дастанда Оғыздың әкесі туралы 
айтылмайды, ерекше қасиетті нұрдан жаратылған кейіпте келтіріледі [7, 7 б.]. Оғыз-намеде де, 
Рашид-ад-дин мен Абу-л-ғази да «Оғыз» атауының мағынасына тоқталмайды, кейбір 
зерттеушілер «оғыз» атауын «оқ» сөзінен шыққан дейді. Профессор Ж.Артықбаев Қазақ 
шежіресінде Оғыздың аты «Уыз» ретінде аталауын анасынын сүтінен бас тартуымен 
байланыстырады [8].
«Шежіре-и-таракимеге» сәйкес, Оғыз тілі шыққанда үнемі «Алла, Алла!» деп, Алланы 
аузынан тастамай жүреді. Мұны естіген жұрт: «Ол бала, не айтып жүргенін түсінбейді»,-деп 
мән бермейді. Абу-л-ғази «Алла» арабтың сөзі, ол заманда моғол елінің бір де бір атасы араб 
сөзін естімеген деп түсіндіреді [1, 41 б.]. Оғыздың бала күнінде Алланың есмімін аузынан 
тастамауы, анасына және әкесінің құда түсіп, алып берген қыздарға «мұсылмандықты 
қабылда» деп шарт қоюы секілді жазбалардан [1, 42 б.] Оғызды мұсылман дінінің 
жаңғыртушысы ретінде көреміз. Себебі, Абу-л-ғази Нұх пайғамбардың ұлы Яфестен бастап 
Алынджа ханға дейін мұсылман дінінде болған, Алынджа хан таққа отырғанда байлыққа мас 
болып, жаратушысын ұмытты дейді. Сәйкесінше, халық та дінін ұмытқан. Ал, Қара ханның 
кезінде әкесі баласының мұсылман болғанын білсе, оны өлтіретін болған, немесе баласы 
әкесінің мұсылмандықты қабылдағанын білсе көзін жоятын болған. Абу-л-ғази Оғыздың 
анасының мұсылмандықты қабылдап, ешкімге тіс жармағанын да осы себеппен түсіндіреді [1, 
41 б.]. 
Оғыз хан тағына отырғаннан кейін жан-жақты шапқыншылық жорықтарын жүргізеді. 
Абу-л-ғази Оғыздың жаулаушылық жорықтарын рет-ретімен, жүйелі түрде және нақты 
деректермен жеткізген. Ол Оғыз ханның алғашқы жеңіспен аяқталған жорығы татарларға 
бағытталғанын, осы кезден бастап 72 жыл бойы шыққан тегінің бір екеніне қарамастан монғол 
және татарлармен соғыс жүргізіп, 73-жылы өзіне түбегейлі бағындырып, ислам дінін 
орнатқанын жазады [1, 43 б.]. Рашид-ад-диннің жазбасында да Оғыздың өзіне қарсы шыққан 
басқа тайпалармен 75 жыл соғыс жүргізіп, ақырында жеңгендігін жазады [6, 16 б.]. Абу-л-ғази 
жазған шежіредегі деректерге сәйкес, Оғыз хан Жүржіт, Хатай және Таңғұт, Қарақытайларды 
өзіне қаратты. Бұл кезде Хатайдың арғы бетінде, теңіздің жағалауындағы кішігірім тауларда 
бірнеше тайпалар өмір сүрген еді. Бұл тайпалардың басшысы Ит-Барақ хан еді. Оғыз хан Ит-
Барақ ханмен соғысып, жеңіліске ұшырайды. Тек он жеті жылдан кейін жаңа күшпен келіп, 


213 
Ит-Барақты өлтіріп, әскерін талқандайды, өз еркімен мұсылман болғандарға тиіспей, 
қалғанын тұтқынға алады [1, 43-45 б.].
Енді Оғыз хан өзіне қараған татарлар мен монғолдардан әскерінің қатарын көбейтіп, 
Хатай, Жүржіт, Таңғұт, Қара-Хатай жерлерін алып, Ит-Барақпен күресте жеңіске жетті. Одан 
әрі балаларымен бірге Сайрам, Ташкентті, Түркістан, Әндіжан, Самарқандты, одан әрі Бұқар, 
Балх және Гор уәләйятын, Кабул және Ғазнинді, Кашмирді жаулап, даруғалар тағайындады. 
Бұдан кейін еліне оралып, келесі жылы Иранға аттанды. Хорасанды алған соң, Әзербайжан, 
Әрмения, Шам, Мысырды алды. Алған жерлерінің барлығына даруғалар тағайындап, еліне 
оралды [1. 45-48 бб.]. Абу-л-ғазидің қысқаша келтірген бұл мәліметтері Рашид ад-Диннің 
«Оғыз-намедегі» мәліметтеріне ұқсас, алайда Рашид ад-Дин Оғыз ханның әлемді жаулауға 
арнаған жорықтарына он төрт бөлімін арнап, толығырақ мәлімет береді. Ол Оғыздың 
Мысырды жаулаған сон одан әрі бірнеше қалалар мен елдерді, оның ішінде франк, рум елдерін 
де жаулап, өздеріне алым-салық төлеткенін жазып қалдырған [6. 11-31 бб.]. Ал, «Оғыз-
намеде» Оғыздың жорығы қиял-ғажайып пен шынайы оқиғасы аралас түрде берілген. Ол ең 
алғашқы ерлігіжігіт болған шағында елдің тыныштығын бұзған алып мүйізтұмсықты 
өлтіргенде көрінеді [9, 306 б.]. Одан әрі өзіне бағынбаған елдерге жорыққа шыққанда арлан 
бөрі жол көрсетеді [9, 310 б.]. 
Оғыз қаған туралы жазбаларда оның жорық кезінде өзінің қарамағындағы бектер мен 
сарбаздарына олардың қызметтері мен ерекшеліктеріне қарай ат қоюы баяндалған, бірақ әр 
еңбекте мәліметтердің берілуі бір-біріне ұқсай бермейді. Оғыз хан өзін өлтірмек болған 
әкесіне қарсыласу үшін қол жинағанда Қара ханның інілерінің балалары келіп қосылады. Оғыз 
оларға «ұйғыр» деген ат берді. Абу-л-ғази «Ұйғыр» – түркі сөзі, мағынасы «қосылу», 
«жабысу» дегенді білдіреді дейді [1, 42 б.]. Автор Ұйғыр этнонимінің шығу тарихы туралы 
«Шежіре-и-түрікте» толығырақ жазған, [10, 25-26 бб.]. Ал, Рашид-ад-диннің жазбасында Оғыз 
әкесі мен ағаларымен болған күрестен кейін алтын шатыр тігіп, той жасауды бұйырғанда, оған 
көмектескен тайпаға ұйғыр атауын беріп, мағынасын «соңынан еру», «қосылу» деп 
түсіндіріледі [6, 16 б.]. Кейіннен, Оғыз әскерімен Еділ бойына жеткенде артта қалған еліне 
бас-көз болулары үшін ұйғырларды Талас және Алмалыққа жіберді [6, 18 б.]. Рашид-ад-дин 
Оғыздың Дербендке жорыққа шыққанда қолындағы қазынасын еліне жеткізуді қаңлы 
тайпасына тапсырғанын жазады. Ал, Абу-л-ғази Оғыз ханның татарларға бағытталған 
жорықта үлкен олжаға кенелгенде, еліне жеткізу үшін арба жасалғанын және арбаның 
шығарған үніне қарай арбаны «қаңқ» деп, ал оны жасаған адамды және оның ұрпағын 
«қаңқлы» деп атаған дейді [1, 43 б.]. «Оғыз-наме» дастанында да Жүржіт елімен соғыстан 
түскен есепсіз көп олжа, жиһаз-мүліктерді артатын арба ойлап тапқан шеберді «Қаңғалық» 
деп атаған [9, 314 б.]. 
Ертеден бергі тайпалардың бірі қыпшақтарды Абу-л-ғази соғыстардың бірінде қаза 
тапқан Оғыздың бектерінің бірінің баласынан тараған тайпа дейді: «Түркі тілінде іші қуыс 
ағашты қыпшақ деген, бұл бала ағаш ішінде туғандықтан, атын Қыпшақ қоюы содан еді, Бұл 
баланы хан өз тәрбиесінде ұстады, жігіт болғаннан соң көп ел және нөкер беріп, Оғыз ханға 
жау болған орыс, олақ, мажар, башқұр елдеріне жіберді. 300 жыл Дон мен Еділ атты екі үлкен 
өзеннің жағасында патшалық етті. Барша қыпшақ елі соның нәсілінен шықты. Оғыз ханның 
заманынан Шыңғыс ханның заманына дейін Дон, Еділ, Жайық аталатын бұл үш судың 
жағасында қыпшақтан өзге ел жоқ еді. Ол жерде қыпшақтар төрт мың жылдай отырды, 
сондықтан ол жер Дешті қыпшақ (қыпшақ даласы) деп аталды» [1, 43-44 бб.]. Абу-л-ғази бұл 
деректі Рашид-ад-диннің жазбаларынан алған болуы керек, алайда Рашид-ад-диннің 
жазбасында қыпшақтың ағаштың қуысында туылғаны мен Оғыздың ат қоюы ғана берілген 
[6,18-19 бб.], ал Абу-л-ғази қыпшақтардың тек шығу тарихымен шектелмей, одан кейінгі 
тарихына қысқаша тоқталып өткен. Ауыздан ауызға жеткен «Оғыз-наме» дастанында да Еділ 
өзенінен әскерін ағаштан сал жасап, аман-есен өткізіп бергені үшін Ұлық Орда бекке Қыпшақ 
деген ат қойылғандығы жазылған [9, 312 б.]. Бір қызығы, бұл жерде де Қыпшақ есімі ағашқа 
қатысты оқиғамен байланысты болып отыр.


214 
«Шежіре-и-таракимеде» қарлұқтар мен қалаштардың да шығуына қатысты жазбалар 
бар. Автордың жазуынша, Оғыздың таулы жерлердегі жорықтарының бірінде қалың қар 
жауғанда қалып қойған адамдарға Оғыз «қарлық» деп ат қойған, барлық қарлұқ тайпасы 
осылардан тараған дейді [1, 45 б.]. «Оғыз-наме» дастанында Мұзтауға қашып кеткен сүйікті 
шұбар атты ерлік көрсетіп алып келген бір бекке үсті-басын ақ қырау сүңгі басқан сұсты түріне 
қарап, «Қаһарлық» деп ат берілгені жазылған [9, 313 б.]. Абу-л-ғазидің жазбасы мен 
дастандағы жазба қармен байланысты шығып тұр, аңыздардың берілуі әр түрлі. Ал, қалаш 
тайпасының атауының шығуын Абу-л-ғази «қал аш», яғни «ашығып қал» сөзімен 
байланыстырса [1, 47 б.], дастанда Темірду Қағул деген кісіні есігі темірден жасалған үйді 
«қалып аш», «қал аш» деген сөзбен байланысты ат берілген дейді [9, 313 б.].Абу-л-ғази 
«Халаж» аталып кеткен тайпа өкілдерінің көбі Мәуреннахрда, Хорасан мен Иракта екенін 
жазып қалдырған [1.47 б.].
Рашид-ад-Дин де, Абу-л-ғази да ұзақ жылдар бойы жорықта жүріп, әлемнің жартысын 
жаулаған Оғыз хан еліне оралып, ұлан-асыр той жасағаны және алты ұлына жаулап алған 
жерлері мен есепсіз байлығы, дүние-мүлкін үлестіріп, алтын жақ тауып алып келген үлкен үш 
ұлына «бұзық», үш оқ тауып алып келген үш кіші баласына «үш оқ» деген ат беріп, өзінен 
кейін таққа Күн хан отыруын және одан соң бұзық нәсілінен кімді қабыл қылса соны патша 
етуін кеңес қылғанын жазады [6, 31-32 бб.], [1. 49 б.]. 
Оғыз хан турасындағы Абу-л-ғазидің жазбасы осындай болды. Оның еңбегіндегі 
сенімді мәліметтердің арқасында Еуразияның ауқымды территориясындағы кең таралған 
тайпалардың атасы – Оғыз ханның мифтік емес, шынайы тарихи тұлға ретінде қарастыруға 
толық негіз болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   98   99   100   101   102   103   104   105   ...   157




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет