Кiлт сөздер: аспаздық, тағам, жоба, сүбе, уыз.
Қашанда қазақ халқы асты өте жоғары бағалаған əрі қастерлей білген. Қандай тағам жасалса да, оған
аса ұқыптылықпен, талғампаздықпен, жауапкершілікпен қараған. Халықтың айтқан: «Ас – адамның
арқауы»; «Ас иесімен тəтті»; «Асың дəмді болса, көңілің сəнді болар»; «Астың дəмін кіргізген тұздан
айналайын, алыс-жақынды білгізген қыздан айналайын»; «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды»; «Ас
үстінен аттама, астан үлкен емессің» деген даналы сөздерінің астарында сөз мағынасына зер салған
адамға айтар үлкен философиялық ойдың орын алғанын байқауға болады. Қазақ халқы тамақты
өмірдегі бар байлықтан жоғары қоя білген. Астың қадірін ұғынған адамға «бір үзім нан», «қатқан нан»,
«қара су», «сылдыр көже», «ақты аяғыңмен баспа!», «нанның қоқымын жерге түсірме!» деген
қолданыстар көп жағдайдан ақпарат беретін тілдік бірліктер болып танылады. Қазақ ұлты өзінің
қонақжайлығымен ел мен елді бірлікте ұстау, үлкендерді құрметтеу, өзіндік кең пейімділігін,
дархандылығын, талғампаздығын, ұлылығын, мəрттігін, мырзалығын, байлығын, салт-дəстүрін əрқашан
осы дастарқан арқылы таныта білген. Сондықтан сырттан келген қонақтар дастарқанға қарап сынаған,
бағалаған. Қай шаңырақ болмасын қонақ күткенде аяғынан тік тұрып қызмет етеді, ыдыс-аяғынан
бастап, дастарқан жаю мəзірі, дастарқанға əкелінген тамақ, тағамды орналастыру дəстүрі, қолға су
құюдан басталып, төселінген төсенішке дейін назардан тыс қалдырмай жатады. Дастарқан басындағы
сөз саптау шеберлігі де алдағы астың тұздығы, дəмдеуіші тəрізді болады.
Ұлт мəдениетінде тамақ, дəм татыру – экономикалық, дипломатиялық жəне тəлім-тəрбиелік қызмет
атқарған. Қазақ қонақасы беруде қонақ таңдауды, басқа ұлт, дін өкілдері деп бөлуді де білмеген, төрге
шығарып ашық қабақ танытқан, достық көңілін көрсеткен. Шаршағандарына, мұқтаждарына ат, ас,
көлік сыйлай да білген [1,110б].
Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында (15желтоқсан, 2012 жыл): «Жаһандану
дəуірі – көпұлтты мемлекеттер дəуірі. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тəтті, бейбітшілік пен
келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-
Известия Национальной Академии наук Республики Казахстан
86
қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын əрдайым есте сақтаған жөн. Мемлекеттік тілмен қатар
Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мəдениетін жəне салт-дəстүрін дамытуға
барынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз» - деп айтқан пікірі əрбір
азаматтың жүрегінен орын алуы тиіс [2,7б]. Елбасымыздың осындай көрегендігі, халыққа жасаған
насихаты бүгінде лингвистика əлемінде өз шешімін табуда. Осы күні ҚР Білім жəне ғылым
министрлігі, Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруының негізінде Ш.Ш.Уəлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік университетінде «Тіларалық жəне мəдениаралық қарым-қатынас аспектісіндегі
қазақ этносының ұлттық-мəдени басымдықтары» атты ғылыми жоба филол.ғ.д.,профессор
А.Д.Жакупованың жетекшілігімен Қазақстан-Ресей ғалымдарының арасында іске асырылып
жатыр(2012-2014жж., келісімшарт №1662 25.09.2012 жыл).
Тіл мен дискурста ұлттың этномəдени басымдықтарын көрсету қазіргі ғылымның басты назарына
ілігіп, əлеуметтік үдеріс пен рухани мəдениеттің тілдегі көрінісі, тілдегі адами факторға
лингвистиканың назарын аударуы, пəнаралық зерттеулердің мəдениеттану, əлеуметтану, психология
жəне басқа да гуманитарлық пəндердің жетістіктерін пайдалана отырып, лингвистикамен бірлікте
зерделеу қазіргі таңдағы өзекті мəселелердің бірі болып саналады. Бұл бағыттағы зерттеу жұмысының
мақсаты – қазақ жəне орыс тілдеріндегі ұлттық тағам дəстүрінің бейнелі көрінісін лингвомəдени жəне
салғастырмалы түрде зерттеп-зерделеу. Осы мақсатта В.В. Воробьев, Д.Б.Гудков, В.А.Маслова,
М.Л.Ковшово, В.Н.Телия, С.М.Толстой, Э.Д.Сулейменова, Ж.А.Манкеева, Н.Ж.Шаймерденова,
С.Г.Ахметова, А.М.Алдашева, Ислам Айбарша, А.Д.Жакупова сынды ғалымдардың еңбектерінде
көрсетілген
семасиологиялық,
когнитивтік,
этнолингвистикалық,
лингвомəдениеттанулық
талдаулардың теориясы мен əдіснамасы басшылыққа алынбақ. Ұлттық мəдениеттің типтік бейнесінің
методологиялық негізінде тілдік жəне когнитивті метафораның, бейнелікті тілдік жəне менталды
категория деп қарастыратын теориялар негіз болмақ (Н.Д. Арутюнова, О.И. Блинова, А.Н. Баранов,
Дж.Лакофф и М.Джонсон, Н.А.Илюхина, Г.Н.Скляревская, В.Н. Телия, А.П. Чудинов, Е.А. Юрина).
Зерттеудің қолданбалы аспектісінің негізі – қазақ-орыс тілдеріндегі «Ұлттық тағам дəстүрінің
тілдік бейнесі» атты лингвомəдени сөздіктің жарыққа шығуы. Шығармашылық топты Ресей ғалымы
филол.ғ.д.,проф. Е.А.Юрина басшылығымен халықаралық жоба ретінде Томск мемлекеттік ұлттық
зерттеу университетінің ғалымдары: Е.В.Капелюшник, Е.А.Шериналармен бірлестікте
Ш.Ш.Уəлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылары Ө.А.Жұмағұлова,
Г.Т.Тілеубердина, Ж.О.Сағындықова, Б.А.Газдиева, А.Ө.Мұқашевалар белсенді жұмыс атқаруда.
Сөздіктің мақсаты – ұлттық тағам дəстүрінің тілдік ерекшелігі мен халықтық мəдениеттің үйлесімді
бейнесінің тағамға қатысты негізделуі жəне адамның табиғат, қоғамдық қарым-қатынасты көрсететін
түрлі саладағы танымын қазақ жəне орыс тілдеріндегі аспаздық метафораны танытатын лексикалық
жəне фразеологиялық қорды жүйелеу; салғастыру жолымен бейнелі тілдік бірліктердің жəне олардың
негізінде екі халықтың тілі мен мəдениетіндегі ментальдық көріністеріндегі əлемді қабылдау жəне
əлемді тану барысындағы ұлттық ерекшелікті лексикографиялық түрде жүйелеп беру.
Ұлт көшбасшысы: «Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек. Орыс тілін білу біздің
ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Дəл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар
бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен
араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз. Біз ағылшын тілін игеруде
серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі əлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің əрбір
азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады», - деп айтқан тұшымды ойы [2,8б] осы
ғылыми жобадан өз шешімін табады деген ойдамыз. Оның себебі, қазақтың ұлттық тағамдарын,
олардың əр түрлілігін, шипалы қасиетін, дəмділігін, құнарлылығын жəне тағам атауларының ауыспалы
мағынада да жұмсалу əлеуетін тек қазақ халқы ғана танып қоймай, басқа да ұлт өкілдерінің танысуына
мүмкіндік беруіміз керек. Сонда ғана, қазақ халқының ұлттық дəстүрі, мəдениеті, аспаздық шеберлігі,
шұрайлы да нақышты сөзқолданыстары өзге халықтың назарына ілігеді, басқа ұлт өкілдері бұл еңбекті
оқиды, көреді, салыстырады, қазақ халқы, оның дəстүрі, аспаздық əлемі жайлы олардың өзіндік
танымын қалыптастырып, жаңа ой тудыруына негіз болады.
Сөздікте қазақ-орыс тілдеріндегі аспаздық лексикасының метафора арқылы жасалған бейнелі
сөздері қамтылады да бейнелі сөздер (метафора, метафоралық дериваттар) мен қазақ-орыс тілдеріндегі
нақышты сөздер (идиомалар, бейнелі салыстырулар, мақал-мəтелдер), гастрономия саласындаға түрлі
құбылыстар мен тіл қолданушының сөз саптауындағы метафоралану үдерісі лексикографиялық
тұрғыда сипатталады.
Тіл білімінде белгілерінің ұқсастығына қарай бір заттың не құбылыстың екінші бір зат не құбылыс
атауымен аталуының негізінде сөз мағынасының ауысуы метафора деп аталады. Метафора тəсілі
№4. 2013
87
арқылы сөз мағынасының ауысуы белгіленентін заттардың тұлға (форма), түс (түр), қимыл
ұқсастығының негізінде болады [3,161б]. Сөздің метафора екенін немесе метафора бола алмайтынын
анықтау үшін, бірдей аталған екі құбылыстың мəніне қарау керек: өмірде, тəжірибеде, ақиқат құбылыс
атауы болса, ол – сөздің тура мағынада қолданылғандығы; өмірде, тəжірибеде кездеспейтін, тек ұқсату
арқылы қолданылған бейнелі сөз болса, онда метафора болғаны. Мысалы: надандық теңізі, шындықтың
ауылы, тіршілік базары [4,21-23бб; 5,137б; 6,25б].
Сөздікті құрастырушылардың көздеген мақсаты – аспаздық бейнелердің қазақ жəне орыс тіліндегі
əлемнің метафоралық бейнесінің бір көрсеткіші ретінде таныту. Осы тұрғыдан келгенде, жиналған
тілдік деректерді түрлі сипатына қарай тақырыптық топтарға бөлуге болады. Мəселен, тағам атауы
беріледі де оның түрі, тағамды əзірлеу үдерісі, оған қажетті ыдыс-аяқ түрі, тағамды жасайтын адам,
əзірленген тағамды салып беретін ыдыс, даяр тағамның сапалық қасиеті, тамақтану процесінің іске
асырылу сипаты, тамақтанған адамның қанағаттану дəрежесі, тамақтану орны қандай тілдік бірліктер
арқылы берілетіні анықталады. Атап айтсақ, Тағам атаулары: 1.Азық өнімдері жəне аспаздық тағамдар:
А. Дəнді-дақыл тағамдары; Ə.Ұннан жасалатын тағамдар; Б.Еттен жасалатын тағамдар; В.Сүттен
жасалатын тағамдар; Г. Тағамның қасиеті мен сапасы; 2.Тағамды дайындау: А. Тамақ əзірлеу, пісіру,
жасау; Ə. Пісіру; Б. Қуыру; В. Булау; Г. Əзірлеу субъектісі; Д.Субъектінің сипаты; 3. Тамақты қабылдау
(ішу): А.Жеу; Ə.Ішу; Б.Жалау; В.Тамақтандыру; Г.Жұту субъектісі; Ғ.Субъектінің сипаты; 4. Асхана (ас
үй): А. Локус (тағамдану орны: үй, дəмхана, мейрамхана, табиғат аясында), Б. Ыдыстар мен құралдар.
Лексикалық бірліктерді сипаттау əдісіне қарай сөздік идеографиялық (тақырыптық), əліпбилік жəне
ұялық (сөзжасамдық) ұстанымдарға негізделеді. Тақырыптық топтардағы лексика-фразеологиялық
деректер өз ішінде уəжділі-бейнелі парадигмаға əліпбилік тəртіпте бір ұяға топтастырылады[7;8].
Сөздікте сипатталатын лексика-фразеологиялық бейнелік өрістің құрамында төмендегідей тілдік
сипаттама беріледі:
Заттық парадигма: тары зат. 1. Дəнді дақылдардың бір түрі. – Тары – адамзат өте ерте заманнан
бері тағамға пайдаланып келе жатқан аса бағалы дақыл («Қаз. əдеб.»). Астық деп арпа, бидай,
жүгері, тарының бəрін жалпы атайды (Б. Соқпақбаев, Аяжан). 2. Осы дақылдың дəні. – Тарыны
көбінесе қошқарларға шағылыстыру кезеңінің алдында жəне шағылыстыру қарсаңында береді (А.
Елеманов, Қой шаруаш.). Тары көже. Тарыдан жасалған көже, сусын. – Қою сүтке бөктірілген тары
көже болсайшы(Т.Бердияров, Солдат.).
Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінен алынған бұл тілдік деректердің негізінде анықталған тары
сөзінің заттық парадигмасы: тары «дəнді дақыл»
→ тары «дақылдың дəні», тары көже «тағам атауы».
Сапалық парадигмасы: тəтті сын. 1. Дəмі бал, қант, кəмпит сияқты: тіл үйіретін. – Бұл қауындар
басқа қауындарға қарағанда əлде қайда тəтті (А. Алманиязов, Қазақст. қауын.). 2. Дəмді, нəрлі,
жұғымды, сіңімді. – Айтып бар əлгіңе. Бұл дүниеде жылқының етінен тəтті ет жоқ (Ж.Тəшенов,
Қаратас). 3. Зат. м. Кəмпит, қант, шекер, науат. – Аузы босай берсе бітті, тоқым арасына төгіп
тастаған əлгіде Сатыбалды əкелген тəттіге қол салады (М. Қуанышбаев, Кек қылышы). 4. Ауыс.
Артық, қымбат. – Олардың бұдан не өзгешілігі бар? Əлде мұның олардан жаны тəтті ме? (Ə.Жəмішев,
Дала.). 5. Ауыс. Жанға жайлы, жағымды, сүйкімді. – Біз ол тізімі папкасында болуы керек деген тəтті
үмітпен келе жатырмыз (Ғ.Қайырбеков, Ақ желкен). 6. Ауыс. Ынтымақты, тату, сыйлас. – Боп жүрді
екі жағы тəтті құда, Бой жетті екі қыз да болып бұла. Отаулап қырғыз қызын ұзақ алды, Балта бай
беріп болды бəрін бұ да (І. Жансүгіров, Шығ. Жин).7. Ауыс. Өмірдің қызығы, рақаты, жақсы жақтары. –
Тəттісін де, ащысын да көрдік қой бұл дүниенің (К.Сақабаев, Өткел.). Балдай тəтті. Дəмі бал сияқты, тіл
үйіретін. – Қалың ел: санасы өсіп сене берген, Бұлақты балдай тəтті еме берген. Бүгінгі көрген өмір
ертең жаңа, Бұл қай күн өзгешелік өре берген (Б. Майлин, Шығ.). Балдан тəтті. а) Тым тəтті, өте дəмді.
– Көзің сатып жеген нан Кептеледі өңешке. Терің сатып жеген нан Балдан тəтті емес пе?
(М.Əлімбаев, Балдəурен.). ə) Ауыс. Сүйкімді, жағымды. – Күлімдеп сонда досым: - Өзі қандай! Қадала
қарап тұрған көзі қандай! Бұл қазір екі жастан жаңа асты Баланың балдан тəтті сөзі қандай!
(А.Лейкеров, Өмір.). б) Ауыс. Өте тату, ынтымақты. –Баласы Балта байдың Шабданбекті, Оны да
Асанға əкеп беріп кетті. Бірге оқып, Мақпал оны «нағашым» деп, Бірге өсті, бірге жүрді балдан
тəтті (І. Жансүгіров, Шығ. жин.). Тəтті аузының дəмін кетірді. Өз сыйын өзі кетірді, жек көрінішті
болды. – Ойбай, Омардың соры қайнады,Тəтті аузының дəмін кетірді ғой!- десті (С. Торайғыров,
Мағынасыз.). Тəтті ұйқы. Тырп етпей, қатты ұйықтаған ұйқы. – Бөбек мұрны пыс-пыс етіп, тəтті
ұйқыда жатыр (И.Салахов, Көкшетау.).
Сапалық парадигмасы: тəтті «дəмі бал, қант, кəмпит сияқты: тіл үйіретін»
→ дəмді «нəрлі,
жұғымды, сіңімді»
→ тəтті «артық, қымбат» → тəтті «жанға жайлы, жағымды, сүйкімді» → тəтті
«ынтымақты, тату, сыйлас»
→ тəтті «өмірдің қызығы, рақаты, жақсы жақтары» → тəтті →тəтті ұйқы
Известия Национальной Академии наук Республики Казахстан
88
«тырп етпей, қатты ұйықтаған ұйқы», тəтті
→балдай тəтті «дəмі бал сияқты, тіл үйіретін» → тəтті
→балдан тəтті «тым тəтті, өте дəмді», «сүйкімді, жағымды», «өте тату, ынтымақты», тəтті.
Процессуалдық парадигмасы: же ет. 1. Тамақтану, қоректену, ауқаттану. – Ашыққан балалар нан
жеген əкелеріне қарайды (С. Ерубаев, Менің құрдаст.). Бүркіт еттен бірер рет аузына апарды да,
əрмен қарай жемей қойды (І. Есенберлин, Қатерлі.). 2. Ауыс. Алдау, арбау; пайда түсіру. –
Алдабергеннің кешегі жылға дейін ел арасының жүн-жұрқасы мен тері-терсегін жиып, осы жұртты
безбеннен жеп келгені аян (Ə. Нұрпейісов, Қан мен тер). 3. Ауыс. Іштей күйзелу, өзін-өзі қажау. – Міне
солай, не істесем де, мен өзімді жеп қоям. Жазғаннан соң Абай құсап жазу керек деп қоям (Қ.
Мырзалиев, Ақ отау).
♦ Екі иығын жұлып жеді. Аласұрды, жанын жеді. – Шыж-быж кеңсеге екі иығын
жұлып жеп келеді (М.Рашев, Бетің қисық). Жанын жегідей жеді. Күйзелтті, іштен тындырды. –
Шəкеннің жанын өкінішке ұқсас бір нəрсе жанын жегідей жеп, жүрегі қатты ауыра сыздайды («Қаз.
əдеб.»). Жанды жеді. Қажытты, титығына жетті. – Еламан қандайда болса жас келіншектің жанын
жеген қасірет барын сезді (Ə. Нұрпейісов, Қан мен тер). Жеп жібере жаздады. Тесіле қарады, ала
көзбен атты. – Кенет, ақ кірпігі серпіліп, қызыл жиек, ашулы көзі шатынай ұясынан шыға қарап,
кемпіріне үнсіз тесіліп, жеп жібере жаздады (Ə. Нұрпейісов, Қан мен тер). Жеп жіберердей. Алая
қарады, тесіле қарады. – Құнанбай... алаңдағы домбырашыларды жеп жіберердей тесірейе қалған
(А.Сатаев, Дала.). Жүйкені жеді. Қажытты, тоздырды, шаршатты. – Ауыр шаң да, желсіз тымық ауа да
еңсені езіп, жүйкені жейді (Д.Досжанов,Зауал.). Көзін жеді. Көзін шаршатты, көз майын тауысты.
Күндіз-түні қағазға қадалады. – Көзін жейді-ау (Ғ.Мұстафин, Жиырма бес). Көзімен жеді. Қадала
қарады, тесіле қарады. – Сəулет маған көзін салды да, сол сəтте төмен қарады. Ал мен оны көзіммен
жеп барамын (Қ. Исабаев, Жұмбақ үй). Қайғы жеді. Уайымдады, қайғырды. –Тарғын көп уақыт
бейнет шегіп, қайғы жеп, зарығып жатады. (С.Сейфуллин, шығ.). Қамын жеді. Бір нəрсенің жайын
ойлады, қамқор болды. – Ана жүрегі алыста жатып-ақ баласының қамын жейді (Ə. Қалмырзаев, Ар.).
Келер оқу жылына шейін кемшілікті толықтырудың қамын жей беру керек қой (Б. Майлин, шығ.).
Қамшы жеді. Жəбір көрді, көңілі қалды. – Сен шошыдың ғашығыңнан, Өзге жұрттан қамшы жеп
(Абай,тол.жин.). Іздедім жылы тамшы леп, Жалындым, жандым – таппадым, Ауырды жаным –
қамшы жеп (Жас қанат). Құлақ етін жеді. Бірдемені (бір сөзді) қайта-қайта айта берді, мазалады. Опық
жеді. Өкінді, санын соқты. – Құнанбайдың Қарашолақтан алғаш опық жегені осы еді (М. Əуезов,
Абай). Сөзінің соңын жеп қойды. Аяқтамады, соңына жетпеді. – «Баяғыда Семейде, жас кезімде...» деп
қойды. Со бір жерге келгенде, сөздің соңын жеп қойды (Е.Əукебаев, Таңд.шығ.). Уайым жеді.
Уайымдады, қайғырды. – Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, Түбін ойлай уайым жеп айтқанмын
(Абай, тол. жин.).
Процессуалдық парадигмасы: же «тамақтану, қоректену, ауқаттану»
→же «алдау, арбау; пайда
түсіру»
→ же «іштей күйзелу, өзін-өзі қажау» → екі иығын жұлып жеді «аласұрды, жанын жеді» →
жанын жегідей жеді «күйзелді, іштен тынды»
→ жанды жеді «қажытты, титығына жетті → жеп жібере
жаздады «тесіле қарады, ала көзбен атты»
→ жеп жіберердей «алая қарады, тесіле қарады» → жүйкені
жеді «қажытты, тоздырды, шаршатты»
→ көзін жеді «көзін шаршатты, көз майын тауысты» → көзімен
жеді «қадала қарады, тесіле қарады»
→ қайғы жеді «уайымдады, қайғырды» → қамын жеді «бір
нəрсенің жайын ойлады, қамқор болды»
→ қамшы жеді «жəбір көрді, көңілі қалды»→құлақ етін жеді
«бірдемені (бір сөзді) қайта-қайта айта берді, мазалады»
→ опық жеді «өкінді, санын соқты» → сөзінің
соңын жеп қойды «аяқтамады, соңына жетпеді»
→ уайым жеді «уайымдады, қайғырды».
Осы орайда, лексикографиялық таныстырылымды төмендегі тілдік талдаулардан көруге болады:
CҮБЕ, зат есім.
I. Негізгі мағынасы:
қабырға етегіне біткен, майлы қалың ет. – Қыс бойы бордаққа байланып жаңадан сойылған семіз
қойдың жас сүбелері де бар екен (М. Əуезов); Жайлаудан жақсы ет алған саулықтар аңызда қалған
дəнді жеп, сүбе майы қалыңдай түседі (М.Жанəділов).
II. Бейнелі мағынасы.
ТМ. 1. Маңдай алды, таңдаулы. – Бізде бір елдің сүбесіміз , баққа қарсы мансап , ашықтарға əзəзіл
ара тұрады , Аламанов қарсы тұрмақ екен (Ш.Хұсайынов , Үкілі Ыбырай ). Түбінде Ербол осы елдің
сүбе адамының бірі болады-ау , бара-бара ! - деп білді (М. Əуезов, Абай ).
2. Білгір, мықты. Қыпшақтың сүбе биінің бірі - топ жарған шешен Құба би (І. Есенберлин , Алмас
қылыш).
БС. СҮБЕЛІ, сын есім. 1 Семіз, қонды, майлы. – Біздің малшыларды ұмытпаңыздар, сүбелісін
соларға қойыңыздар, – деп, ол ескерті ("Қазақ əдебиеті").
№4. 2013
89
2. Ауыспалы мағынасы . Ең жақсы, таңдаулы. – М. Қаратаевтың "Абай" эпопеясы турасыңдағы
жазған ғылыми зерттеулері – көпшілікке мəлім, танымал сүбелі еңбек ("Социалисті Қазақстан");
Трестегі құрылысшылардың дені жастар екенін ескерсек, бұл табыстардың сүбелісі де сол жастарға
еншілес ( "Лениншіл жас ").
ФБ. СҮБЕ БИ
ІІІ. Лингвомəдениеттанымдық түсініктеме:
Қой төрт түліктің басқа түрлеріне қарағанда көп өсірілетіндіктен оның еті тағам ретінде басқа мал
етіне қарағанда күнделікті тұрмыста жиі пайдаланылады. Қой етінің əрбір мүшесі белгілі бір əдіспен
əзірленіп, оның əрқайсының қонаққа тартуда өзіндік мəні болады. Ол сол мүшенің символдық мəнін
тудырады. Сүбенің символы – байлық, халық санасындағы дəстүрлік мəні – құрметті, сыйлы
қонақтарға (отбасының үлкені, алыстан келген қонақтар, қоғамдағы əлеуметтік жағдайы жоғары тұрған
адамдарға) тартылуы. Сүбе – қойдың қабырғасы, ет пен майдан тұратын бөлігі. Қойды бұзу барысында
оның омыртқа тұсынан қабырғасы екіге бөлінеді. Ол сүбе деп аталады. Бесбармақ дайындауда сүбе
басқа мүшелермен бірге тұтастай, ақырындатылған, əлсіз отта пісіріледі. Табақ тарту кезінде басқа
мүшелерді жабатындай орналастырылып, оның үстіне қойдың басы салынады.
IV. Типтік бейнелі танымдар.
1. Майлы ет – адамның қоғамдағы жоғары əлеуметтік орнын, оның байлығы мен жетістігінің
нышаны.
2. Қойды мүшелеу барысында пышақпен əрбір мүшелері бөлінеді де ол соғыс əрекетімен, жауды
талқандау, жою үдерісімен ассоциацияланады.
3. Сүбе – қой етінің негізгі үлкен бөлігі. Ол бір нəрсенің негізін, сипатын көрсетеді (қабырғаны
тарамдап турау əскердің негізін талқандау үдерісімен ұштасады).
УЫЗ, зат есім.
I. Негізгі мағынасы:
1. Жас төлдеген малдың алғашқы 2 – 3 күнгі қою сүті. – Ол қозыны емізікпен ауыздандырып, сары
уызды тойғыза ішкізді (С.Əсіпов, Ауыл.). Бес рет бұзаулап, уызын ішіп тана болғанша асыраған
бұзауларын иесіне аман-есен беріп отырдық (С.Жүнісов, Ақан сері).
2. Уыз сүттен пісірілген дəмді тағам . – Уыз қазақ халқының мал төлдейтін айлардағы ең бір
сүйсініп жейтін тамағы (С. Қасиманов, Қаз. тағам.).
3. Жұмыртқаның ағы мен сарысы . – Жұмыртқаның уызы араласқан сүт сəуле жансыз затқа жан
бітірген сықылды (Р.Тоқтаров, Ертіс.). В витамині жұмыртқаның ақ уызында, сүттен жасалған
тағамдарда, жемістерде болады (К.Шалекенов, Жеміс).
II. Бейнелі мағынасы.
ТМ. 1.Беті ашылмаған жас, балғын, ұяң . – Ғазиза көрген көзге алғашқы жерден-ақ сүйкімділігін
сездіретін уыз жас(М.Əуезов,Қараш).
Беті ашылмаған уыз, ұяң қыз мінез ибалығын танытып, жүзін төмен салып тұрады (С.
Шаймерденов, Жыл құсы). Шіркін сəби, уыз сəби, бал сəби, Тартылыпты адам үшін қанша күй. Əрбір
ана сəбилердің əндетіп, ұйықтатудың өзі бізге қанша сый (К. Шілдебаева, Қыз көңіл).
БС. УЫЗДАЙ, сын есім. Уылжыған, балғын, жас. – Осы он алты-он жеті жасар уыздай екі жас
қыздың суық жүрісті бейтаныс топ жігіттің қастарына қорықпай келгендеріне ол таң қалған
(І.Есенберлин,Қаһар). Осы бір уыздай жас келіншек көз алдынан кетпей қойды (Ə. Қалмырзаев, Ар).
Өмір бақи қыз білегінен ұстамаған уыздай бозбалалар ұйқыда (Т. Бердияров, Солдат.).
Достарыңызбен бөлісу: |