Модерация – бағалаудың анықтығы мен дәлдігін қамтамасыз ету
үшін қойылған балдарды стандарттау мақсатында тоқсандық жиынтық
бағалау бойынша білім алушылардың жұмыстарын талқылап
қарастыратын үдеріс.
Кері байланыс – белгілі бір оқиға немесе әрекетке жауап беру, үн
қату, пікір білдіру.
Оқытудың күтілетін нәтижелері – білім алушының оқу үдерісі
аяқталған кезде нені біліп, түсініп, нені көрсете алатынын айқындайтын
құзыреттіліктер жиынтығы.
Түрлі деңгейдегі тапсырмалар – білім алушының қабілетін есепке
ала отырып, дифференциациялық оқытуды ұйымдастыру үшін
қолданылатын күрделілігі түрлі деңгейдегі тапсырмалар.
Рефлексия – қайта ойлауға және өз әрекетінің нәтижелеріне
талдау жасауға, өзін-өзі тануға бағытталған ойлау үдерісі.
Рубрика – бағалау критерийлеріне сәйкес білім алушылардың оқу
жетістіктері деңгейлерін сипаттау тәсілі.
Оқу бағдарламасы –әр оқу пәнінің мазмұнын және меңгеруге
тиісті білім, білік, дағды, құзыреттілік көлемін анықтайтын бағдарлама.
Ортақ тақырып – нақты пән бойынша оқу мақсаттарына жету үшін
түрлі пәндер аясында білімі мен білігін біріктіретін құрал ретінде
пайдаланылатын мазмұны бірыңғай ортақ компонент.
Тоқсандық жиынтық бағалау спецификациясы –тоқсандық
жиынтық бағалаудың мазмұны мен құрылымын құрастыруға және оны
өткізуге қойылатын талаптар.
Жиынтық бағалау – оқу бағдарламасындағы бөлімдер/ортақ
тақырыптар бойынша белгілі бір оқу кезеңі (тоқсан/триместр, оқу жылы)
аяқталғанда өткізілетін бағалаудың түрі.