Тақырып: Мектеп математика курсында мәтіндік есептерді әртүрлі тәсілдермен шешу
Эссе “Неліктен мен бұл тақырыпты зерттеу жұмысым үшін таңдадым?”
Математика курсындағы мәтіндік есептер көбінесе математиканы енді игере бастаған бастауыш сынып оқушыларының дамып келе жатқан ақыл-ойына ғана емес, сонымен бірге орта және жоғары мектеп оқушыларына да қиын соғып жатады. Мәтіндік есептерді меңгеру мен шешудегі қиындық біріншіден мәтіндерді дұрыс оқу және берілген есепті түсіну дағдыларының болмауында жатыр.
«Осы уақытқа дейін оқылған әртүрлі кітаптарсыз - ақ оқушыларға мәтіндік есептерді шешуді үйренудің қандай да бір оңай жолы бар ма, болса бір қарағанда қиын тапсырмаларды шешу жолдарын игеруге көмектеседі ме? Оқушыларға мәтіндік мәселені шешудің жолын табуға қалай үйрету керек?» -деген секілді сұрақтардың жауабын білу мақсатында, осындай зерттеу тақырыбын алдым.
Негізінде мектеп оқулықтарында мәтін есептерді шығаруға қосымша нұсқаулықтар жоқ және де көбінесе оқулықта бір немесе екі ғана шартпен берілетін қарапайым мәтін есептер үнемі қайталанып отырады. Осының әсерінен оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, сонымен қатар математика пәнінде күнделікті өмірде кездесетін есептерді шығаруға үйрету, математикалық модель құра білу мәселелері назардан тыс қалатын секілді. Мәтін есептерді тура талқылауды керек ететін арифметикалық тәсілдерді қолдана отырып шығарудың оқушылардың логикасын дамытуда берері зор және арифметикалық тәсілді жақсы меңгерген оқушы мәтін есептерге жылдам, әрі дұрыс теңдеу құра алады деп ойлаймын. Мектеп оқулықтарында бастауыш сыныптардан кейін, арифметикалық тәсілге онша көп көңіл бөлінбейді, көбінесе алгебралық тәсілдермен, яғни теңдеулер немесе теңдеулер жүйесін құру арқылы мәтін есептер шығарылады.
Мәтін есептерді шығартып үйрету барысында оқушылардың деңгейлері анықталуы тиіс және соның нәтижесін ескере отырып, мәтін есептерді шығаруда қиыншылыққа кездесетін оқушыларға қарапайым жеңіл есептерді шығартудан бастаған дұрыс деп ойлаймын. Есептің мағынасын, есепте берілген іс- әрекеттерді толығымен түсінуге, есептің шартын жазуға оқушыларды қалыптастыру керек. Меніңше, содан кейін шығару тәсілдерін көрсеткен дұрыс болады. Математика пәнінен алынған білімді өмірде жиі қолдануға тура келетіндіктен, оқушыларға өмірмен байланысты есептерді шығарту жөндеп санаймын, бұл оқушылардың танымдылығы мен қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Қорындылай келе, "Оқушы белгілі бір қажетті біліктер мен дағдылардың иесі, оқу әрекетінің субъектісі, әр түрлі мәдениеттермен өз көзқарасы тұрғысынан диалогқа түсетін автор және жас ерекшелігіне сәйкес өз жолын қалыптастыруға күш жұмсап еңбектенетін бала" -деп, Қазақстан Республикасы жалпыға білім беру мемлекеттік стандартында атап көрсеткен. Бұл міндеттің негізгі мақсаты - балаларға білім беру екендігі қазіргі кезде бір жақты, жеткіліксіз деп есептеледі. Себебі, мектеп білім берумен қанағаттанып, сол білімді нақты тәжірибеде қолдануға үйретпесе, онда бұл жеткіліксіз болар еді. Демек кез- келген есептерді шығарудың әр алуан әдістерін үйрету маңызды да жауапты міндеттердің бірі деп санаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |