— Кел онда, отырайық столға, — деппін.
— Екеуіміз ғана ма?
— Əйтпегенде ше?
— Қой. Ұят болар. Шақыр, көрші жігіттерді.
Өзіммен студент кезден-ақ жақын боп жүретін бес-алты аспирант
келді. Бірде-бірі Раушанды көрмеген екен. Бірақ маған бір қыздың
келгіштеп жүргенін, менің одан азар да безер екенімді құлақтары шалып
қалған болуы керек. Оны сөздерінен байқадым. Раушан шай дайыңдамақ
боп, ас үйге шығып кеткен сəтте олар ала қалжың, ақтай күлкіге көшті.
Сосын бəрі жабылып, маған дүрсе қоя берді:
— Бұдан артық періштені қайдан таппақсың?!
— Пай-пай, басқа қонған бақытты маңдайға теуіпті деген осы
да.
— Бақыттың да көзі соқыр! Не тазға жолығады, не ақылы азға
жолығады екен
ғой.
— Қолыңа өзі кеп қонған құстан былбырап жүріп айрылып
қалсаң бар ғой,
өмірің өкінішпен өтпей ме?
— Сен енді мұндай қызды төбеңмен жер қазсаң да таба
алмайсың.
— «Өзің сүйгенді емес, өзіңді сүйгенді ал» дегенді есітіп пе
едің?
— Пісірген тағамдарын айтсайшы, шіркін! Таңдайды жұлып
барады ғой.
Бəрі де Раушанға тамсанып, таңдайларының суын жұтып кетті.
Бөлмеде екеуміз ғана қалдық. Қонақтар есіктен шығысымен-ақ Раушан
қасыма кеп отырды. Біздер тағы да бір- екі рюмкадан ішіп салдық. Ішкен
сайын ерікті билеп, бойды алып барады.
Ішкілік пе, Раушанның ықыласы ма, достардың жылы лебізі ме,
мүмкін бəрі де шығар, əйтеуір байқаймын топсам босап қапты.
Дастархан жинап, томпаң қағып жүрген осы бір қызға енді елжірей
қарап, іштей егіліп отырмын «Өзі, шынында да, ауызға үріп салғандай-
ақ сүйкімді екен ғой. Осы күнге дейін қалай байқамағанмын, ə?» —
деген ой сап ете түсті.
Алдына кіп-кшікентай алжапқыш байлап алып, столдың үстін тез-тез
сүртіп жатқан Раушанды үн-түнсіз білегінен ұстап, өзіме қарай ақырын
ғана тарттым. Ол да қарсыласа қойған жоқ. Қайта нақ осы сəтті көптен
бері- ақ зарыға күткен жандай қасыма сылқ етіп отыра кетті. Басқаларды
маңайына жолатпай қойған асау елік менің құрығыма өзі кеп мойнын
ұсынып тұрғандай көрінді. Найзағайдай жарқ етіп бір секундта-ақ өте
шығатын жалған сезім бе, жалынғандай жəутеңдеп тұрған қызға деген
аяныш сезімі ме, əлде мастық кезде бас көтеретін сиқырлы соқыр сезім
бе, əйтеуір оны түңғыш рет жан-тəніммен қапсыра құшақтап, бауырыма
бастым. Сол-ақ екен, ол əлдекімнен көптен бері жапа шегіп, жəбір көріп,
енді ғана жанашыр адамына жолығып, соған мұңын шағып жатқан
жандай өзінен-өзі өксіп-өксіп жылап жіберді. Ол егіліп жылаған сайын
кішірейіп, құшағыма оттай басылып, бойыма судай сіңіп жатты
Біз екеуіміз сол күнгі таңды ерлі-зайыпты адамдар боп бірге қарсы
алдық.
Бірте-бірте алғашқы күндердің ішігдедегі аптаптай ыстығы да
басылайын деді. Енді мен бейне бір ес-түссіз мас күйінде ауыр қылмыс
жасап қойып, ертеңіне есін жинағанда
кешегі қылығынан бүгін өзі қысылған кісідей жанымды қоярға жер
таппай қипақтай бердім.
Беттің арын белге түйіп, өзіңе барып, ағымнан жарылмақ та болдым,
Мейіркүл.
Бірақ не бетіммен барам? Не айтам? «Ару жанның арын аттағаным рас
еді, бірақ енді өз басымды арашалай алмай жүрмін, мені құтқара гөр,
Мейіркүл», — демекпін бе?! Əлде
«Бəрі жалған, мына қыз маған жала жауып жүр, оған сенбе», — деп саған
өтірік айтам ба? Жоқ! Бұл қақпанға өзім түстім, демек, одан енді қалай да
өзім құтылып шығуым керек деп түйдім.
Бірақ мен қанша жан ұшыра тырбаңдасам да абайсызда түскен
тордан құтылып кете алмадым. Қайта құтылмақ боп ұмсынған сайын
қоймалжың лайға бұрынғыдан бетер бата түстім.
Сөйтіп жүргенде, Арман дүниеге келді. Тұңғышымыздың қуанышы
бізге көп нəрсені ұмыттырып жібергендей болды. Раушанға бірте-бірте
көңілім жібіп, ықыласым артып бара жатқанын сездім. Бір қолыммен
тұңғышымды көтеріп, екіншісімен əйелімді қолтықтап, нəрестехана
есігінен əке боп шығып бара жатқанымда дүниеде менен бақытты жан
жоқ сияқты еді.
Бірақ бұдан үш жыл бұрын менің айықпас, ауыр дертке
шалдыққанымды білгенде Раушан сағымдай құбылып, сабындай
бұзылып шыға келді. Енді ол баяғы, бұдан он тоғыз жыл бұрынғы
айлалы, аяр Раушанға көбірек ұқсайтын еді.
Бір-бірімізді ешқашан да сүймегенімізді мүгедек боп қалған соң
ғана білдік. Біздер сырт көзге сыр бермеу үшін ғана ғұмыр бойы өмір
сахнасында «ғашықтар» рөлін ойнап келіппіз. Соны е сіме алғанда
қағанағым қарс айрылып кете жаздайды.
Ақылбек бір сəтке осындай ойларға шомып, қасында отырған
Мейіркүлге мұңын шағып жатқандай еді.
Өмірде адам айтса нанғысыз оқиғалар бола береді екен ғой. Ақылбек
жұртпен онша араласпай, оқшауланып қалған екен. Ол енді өзгелер
түгілі, пəлен жыл бір шаңырақтың астында отандасып келген өз əйелін
де жөнді білмейтін боп шықты. Ондаған жылдар бойы ол көзі бола
тұрып, айналасындағы өмірді көрмей, құлағы болса да ешкімді естімей,
тілі тұрса да сөйлемей келген екен. Раушан не айтса, не естісе, не көрсе
тек сонымен ғана қанағаттанып келіпті.
Соның бəрін Ақылбек енді ғана, аяғына шырмау түскен соң
барып түсініп отыр.
18
Ақылбек бүгін аурухана төсегінде жатыр. Басына түскен тауқыметке
біртіндеп көндігіп келе жатқан сияқты. Əйтсе де, Раушанның аярлығын
есіне алса-ақ ашу-ызадан аза бойы қаза боп кетеді
Бір сəт Ақылбектің көз алдына аммофиль-ара елестеп кетті. Бұл өзі
арамдығына найза бойламайтын, нағыз аяр- ара. «Бұдан жəдігөй, бұдан
тасбауыр жəндік жер бетінде жоқ шығар» деп ойлайтын ол.
Ақылбек энтимолог-ғалым. Демек, жəндіктердің, шыбын-
шіркейлердің тіршілігін зерттейді. Өзі кейде əзіл- шынын араластырып:
«Біз көктем келсе-ақ тентек балалар сияқты көбелек қуып кетеміз», —
дейтін. Ол жыл сайын арнайы экспедицияны басқарып, жəндіктері мол
тау мен тасты кезіп жүретін. Сондай сапарға шыққанда əлгі аяр-араның
«шектен шыққан» зұлымдығын, жəдігөйлігіп, мейірімсіздігін талай
тамашалап, жағасын ұстаған.
Əлгі аммофиль-ара жұмыртқадан жүн қырыққан қу. Сол қулық-
сұмдығымен өзінен он есе күшті дұшпанын қас қағымда алдап соғады.
Мұның күні-түні соңына түсіп
іздейтіні — күміс қоңыз. Иə, айлы түнде жалт-жұлт етіп көрінетін кəдімгі
əсем қоңызға
«ғашық» ол.
Жайшылықта күміс қоңыз жаңағы аяр-арадан қорықпайды. Одан
айылын да жимайды. Өйткені қоңыздың тоғыз қабат торқадай қалың
сауытына əккі араның қылдырықтай нəзік инесі батпайды да. Ара жүз рет
шақса да қоңыз былқ етпейді. Жəдігөй ара өзінің əлсіздігің,
дəрменсіздігін, дұшпанын қара күшпен жыға алмасын іштей сезеді.
Сондықтан ол көбіне айлаға көшеді. Айлакер ара өз жемтігін шыр
көбелек айнала ұшып, ызыңдап, құйқылжытып, бір ырғақтағы əнге
басады. «Өнерпаз» араның əніне құмар бейшара қоңыз дереу музыкаға
елтіп, мас боп қалады. Нақ сол кезде күміс қоңыздың омыртқа тұсындағы
иненің жасуындай жіп-жіңішке сызат бір секундқа өзінен-өзі ашылып
кетеді екен. Анадан зұлым туылған əккі араға керегі де сол. Сол бір
секундтың ішінде ол өзінің найзадай өткір піскек мұртын аңқау
қоңыздың арқа жұлынына кіріп еткізіп шаншып үлгереді. Құралайды
көзге атқан мергендей-ақ иненің жасуындай тесікке найзасын мүлт
жібермей, дəл шаншиды.
Рас, бұған күміс қоңыз өле қоймайды. Бірақ төрт аяғынан да бірдей
айрылып, өмір бойы орнынан тырп етіп қозғала алмайтын боп қалады.
«Қаныпезер» араға керегі де сол. Іздейтіні — кеудесінде жаны бар, бірақ
өздігінен қашып кете алмайтын «мүгедек-қоңыз». Егер мұндайда əлгі
қоңыз өліп қалса, «мерген» ара оған қарамайды да. Өйткені араға керегі
өздігінен жүре алмайтын, бірақ кеудесінде жаны бар тірі қоңыз. Неге
дейсіз ғой?
Мұның да өзіндік сыры бар.
Əккі ара өзінің «тірі тұтқынын» сүйрелеп, жер астындағы тас
қараңғы ініне апарады. Бірақ оны өзі жемейді. Бұл оның əлі дүниеге
келмеген, болашақ ұрпағына əзірлеп жатқан азығы. Енді жаңағы аналық
ара қараңғы інде, əлгі «тұтқын» қоңыздың жанында жатып өзі ұрық
тастайды. Ара ұрығын төгеді де, өз ұрпағының өсіп- жетілуін күтіп
жатпай-ақ сол минутта іннен шығып қашып кетеді. Ол өз балаларын
өмірінде бір рет те көрмейді. Тіпті өзі ұрық төккен маңайға жоламай алыс
өлкелерге ұшып кетеді.
Ал, араның жаңа тастаған ұрығы үш-төрт айдан кейін ғана тіріліп,
көзін ашады. Əлгі
«мүгедек қоңыз» соған дейін, яғни үш-төрт ай бойы тырп ете алмай,
жəутең көз боп жата береді. Ара ұрығы өсіп, жетілген соң азық іздеп əуре
болмайды. Олар қара құрымдай құжынап, тап қастарында дайын жатқан
асқа — əлі жан бере қоймаған тірі қоңызды тарпа бас салып, əш-пүшке
келтірмей түгін қоймай жеп қояды.
«Бейшараны тірідей тұтқындап, үш-төрт ай азаптаудың өзі қандай
қатыгездік!» деп ойлайтын сол кезде Ақылбек.
Қазір Ақылбек бағанадан бері біресе о жағына, біресе бұл жағына
шығып, өзін айналшықтап, аузы тыным таппай, əлденелерді айтып,
көлгірси күліп жүрген əйелін əлгі аяр-араға ұқсатты.
Раушан бүгін науқас күйеуіне жаны ашығансып, қанша аһ-уһ десе де
даусынан титтей де қайғының нышаны сезілмейтін сияқты. Мұндайға сау
кезінде Ақылбек мəн бере қоймайтын. Раушанның аярлығын жаңа ғана
аңғарғандай болды. Табанда іші мұздап, өзінен-өзі тітіркеніп кетті.
Ақылбек аяқтан қалып, мешел болғалы өзін осындай тірі
«тұтқын» санайтын. Жақында ғана үйінде болған бір оқиға
есіне түсті.
Бір күні таңертең Раушан еш нəрсе болмағандай-ақ Ақылбек жатқан
бөлмеге жайраң қағып кіріп келді. Ақылбек ə дегенде өз көзіне өзі
сенбей, қас қағымдай бір сəтке ошарылып қалды. Күні кеше ғана азуы
алты қарыс боп, ашуға булығып, оқты көзімен атып жүр еді. Бүгін өзінен-
өзі мүлəйімсіп, жуас бола қапты. Тіпті өзі шыбын жаным
сеніңжолыңда құрбан деп, шліп төсек, жайылып жастық болып, өліп-
өшіп бара жатқан сияқты көрінді
Сол сəтте Раушан күйеуінің ішіне кіріп, сыртына шықты. Байыз
таппай мəймөңкелей сөйлеп отыр. Əңгімесі қоюлап барады.
Бірақ Ақылбек бұл кезде əйелінің шын сөзіне де оңайлықпен илана
қоймайтын боп қалған еді. Сондықтан ол Раушанның не айтып, не
қойғанын құлағына ілген де жоқ.
Құдды дыбыссыз кино көріп отырғандай-ақ Раушанның бет-
əлпетіндегі сан қилы өзгерістерді ғана қызықтап, соны тамашалап
жатыр.
Бұрын сау-саламат шағында Ақылбек, сірə, əйелінің жүріс-
тұрысына, қас-қабағына, сөйлеу мəнеріне дауыс ырғағына көз тоқтатып
қарамаған екен. Соның бəрін бүгін ғана көргендей-ақ аузын ашқан
күйінде аңқиып қапты
Бағаналы бері əйелінің жүзінен көз алмай жатқан Ақылбек бір сəт
Раушанның негізгі əңгімеге көшкенін көзінен жазбай таныды. Ол өз
ойымен əуре боп, əйелінің сөзін тыңдай алған жоқ еді. Енді ғана құлақ
түрді
— Сен жатқалы абыржып, есіміз шығып кетті ғой, — деді Раушан —
Мына үйдің де берекесі қашты. Тозып барады. Жөндеу керек. Бұл үйдің
еденіне бояу тимегелі қашан. Қабырғалары да қара күйе боп кетті.
Жақсылап ақтап тастасам деп едім.
«Айтар ойың бұл емес» деп ойлады Ақылбек. Өйткені Раушан
өмірінде үйдің қабырғасына да, еденіне де қол тигізген жан емес.
Ешқашан маңдайы терлеп, шаруа істеген жоқ.
— Балалардан да хабарсыз қалдық, — деп əңгімесін Раушан ұштай түсті
— Бес-алты күнге сұранып ауылға барып келсем деген ойым бар. Бұған
қалай қарайсың?
Ақылбек əйелінің бұл сөзіне де иланған жоқ «Бауырыма кіріп, іштен
жайламақ қой» деп ойлады ол. Əйтсе де, енді көкейіндегісін қашан
шығарар екен деп шыдамы таусылып, тағатсыздана бастады.
Тап қазір Раушанға күйеуінің иі жұмсарғандай боп көрінді. Енді
ол Ақылбекті майлы шіектей айналдыра бастады
— Ақылбек! Сен біраз күн, мен үйді жөндеп, ауылға барып қайтқанша
əлгі... Əлгі не еді өзі... Мүгедектер үйінде жата түрсаң қайтеді, ə? Кейін
өзім барып əкелем. Онда күтімің де жақсы болады. Жалгыз жатып,
зерікпейсің. Менің де көңілім алаң болмайды саған...
Раушан тағы да малтасын езіп, əлденелерді түсіндіріп жатты.
Бірақ Ақылбек одан арғысын естіген жоқ. «Мүгедектер үйі» деген
жалғыз ауыз сөзді ғана біреу құлағына қайта-қайта сыбырлап, үздіксіз
кайталап жатқандай болды.
Өз əйелін өзі қапелімде танымай қалған адамдай-ақ ол Раушаннан
көз алмай, таңырқай қарады. Əйтсе де, Ақылбек əйелінің көкейіндегісін
бірден ұқты. «Қанша жаман болса да мұндайға бармайтын шығар» деп
ойлаушы еді. «Иə, бұл ештеңеден тайынбайтын, қаныпезер екен ғой»
деп түйді Ақылбек. Раушан қазір оған: «Енді керегің жоқ, кет.
Мүгедектер үйіне бар. Мен емін-еркін өз бетіммен өмір сүргім келеді»,
— деп отыр.
Бір сəт Ақылбек ашуға мініп əйеліне: «Сенің қай шырағыңа
көлеңке болдым!» деп айғайлап жібере жаздады. Бірақ үндемеді. Өзін-
өзі тежеп қалды.
Өтірік жыламсырап отырған əйеліне қабағының астымен қарап
жатып, терең ойға шомды. Қанша жыл бірге өмір сүрсек, сонша жыл бір-
бірімізді алдап келген екенбіз ғой деп ойлады Ақылбек. Сырт көзге сыр
бермеуге тырысып, бір-бірімізге жалған сыйластық жасап келіппіз-ау.
Бір-біріміздің ішімізді ашатын кілтті он тоғыз жыл іздеп таба алмадық
па? Мүмкін, ол кілтті мүлдем іздеген де жоқ шығармыз, ə? Неге сонша
сабырлы болдым
екен? Неге сонша көңіл жықпас ынжық болдым екен? Егер кезінде бір-
бірімізді кінəлап, керісіп алып тұрғанда ішімізге мұнша запыран
жиналмас еді ғой. Қазір сен жүрегіңе он тоғыз жыл жиналған кекті
менен бір-ақ қайтарып алғың кеп тұр ғой. Сол үшін мені мүгедектер
үйіне қуып жатқан жоқсың ба?!
Кезінде мен сенің жан шошырлық қатыгез мінездеріңді көрсем де
кермеген, білсем де білмеген боп жүре бердім. Мүмкін, соным қате
болған шығар. Сен де мен жөніндегі өз ойыңды, сірə, ағыңнан жарылып
айтқан емессің. Біз əйтеуір көңіл жықпау, бетке келмеу жағын қарастыра
беріппіз ғой.
Рас, біздер он тоғыз жыл бойы бір үйде тұрып келдік. Бір қазаннан ас
іштік. Бір жастыққа бас қойдық. Бірақ біздер бір-бірімізге мүлдем жат
едік. Сонша жыл бірге тұрып, бір мəрте де ағымыздан жарылып
сырласпаған екенбіз ғой. Көңілден көңіл су ішпеген соң оны отбасы
деудің кереп не?!
Бірте-бірте сырттай сыйластыққа əбден етіміз көндігіп кетті. Бір-
бірімізді жақтырмай, іш мылтықпен атысып жатсақ та амандасуды,
денсаулық сұрасуды, қолтықтасып көшеде қыдыруды, кейде тіпті
құшақтасып, сүйісіп көрісуді ұмытпадық. Əрине, мұның бəрін екеуіміз де
өз еркімізден тыс, əлдекімнің қатал бұйрығын орындап жатқандай
өзімізді-өзіміз зорлап істедік. Соншама азапқа түсіп, өмір сахнасында
өтірік көлгірсіп ойнай бергенше неге дереу ажырасып кетпедік екен?
Суға батып, ажал қатерін сезген сəтте адамдар бірін-бірі жібермей, бір-
біріне тас боп жабысып қалады да, екеуі тұңғиыққа батып кетеді екен деп
естуші едім. Бізге ондай өлім қатері төнген жоқ. Онда неге бір-бірімізден
қатып ұстасып қалдық? Неге бір- бірімізді аямай тұңғиыққа қарай сүйрей
бердік? Неге өмір бойы бір-бірімізді алдап келдік? Мүмкін, бір-бірімізге
жақсы өмірді қимаған шығармыз. Менің бақытты болып кетуімнен сен
қорықтың ба? Əлде сенің өз бақытыңды тауып алуыңнан мен жасқандым
ба?
Ғұмыр бойы менімен бақталас боп өттің ғой, сен Раушан.
Ұзақ жылдар бойы іштей аңдыса бергенше неге ашықтан-ашық
айтысып, тартысып алмадық екен? Мынауың дұрыс емес деп неге ашып
айтпадың маған?! Онда зілдей ауыр ойлардан екеуіміз де бірдей құтылар
едік қой.
Сен өзіңде жоқ қасиеттерді өзгелердің бойынан көргеніңде оған
қызығып емес, қызғанып қарайсың. Адамның жүрегінен гөрі оның
қабілетін, талантын жоғары бағалайсың. Жүрек-сезімді есепке алмайсың
Ал, шындығында, ақыл-ойға қозғау салып, оны ізгілік, адамгершілік
арнасына бағыттап отыратын нəрсе — жүрек қой. Парасат пен сезім бір
арнаға құйылып жататын, анадан егіз туылған құбылыстар ғой. Мөлдір
сезімнен айрылып, жалғыз өзі қалып қойған сыңар талант қашанда
адамға қатер туғызады емес пе? Ақыл-ойы жеткілікті, бірақ тасбауыр,
мейірімсіз жандар əлемде аз ба? Адамды мыңдап қырып жоятын небір
сұмдық қару-жарақтардың авторларын ақымақ деп кім айта алады?
Меніңше, ақыл-ой қашанда қаңтардағы мұздай салқын нəрсе. Оны
өзінің сол таза күйінде жұмсауға болмайды. Тек ізгі ниетті жандарға
тəн нəрсе — оттай ыстық адамгершілік сезімімен суарылғанда ғана
ақыл-ой киелі күшке айналады
Сен менің біліміме қызығып, өмір бойы соны күндеп келдің. Ал,
шындығында, сен күндейтін нəрсе ол емес еді. Менен мың есе білгіш,
миллион есе қабілетті жандар толып жатыр ғой. Көбірек еңбек етсең —
мен білгенді сен өзіңде игеріп алар едің.
Бірақ сен басқа бірде-бір адамда жоқ, тек менде, менін бойымда ғана
бар ең асыл нəрсені байқамадың. Мүмкін. байқағың келмеген шығар.
Соған қызықсаң да, қызғансаң да арзыр еді. Ол — менің жүрегім
болатын-ды. Мұндай жүрек тек менде ғана бар. Жоқ Ол басқалардың
жүрегінен артық деп тұрғам жоқ. Мүмкін, бəрінен де нашар шығар. Гəп
онда
емес. Сан мыңдаған мейірімді ыстык жүректердің бірі ғана болар
менікі. Бірақ ол басқаларға ұқсамай, өзінше соғады ғой. Сен оның
лүпіліне, ырғағына, əуеніне он тоғыз жыл ішінде тым құрыса бір мəрте
де құлақ түрмедің-ау, сабаз Назарға ілмедің. Көңіл қоймадың.
Сондықтан біз екеуіміз ғұмыр бойы бір- бірімізді түсінісе алмай өттік.
Іштей алысып, арпалысып кеттік
Мүмкін, оған өзім де кінəлі шығармын Сенің ішкі жандүниеңе
тереңірек бойлауға шамам жетпеген болар. Қашанда сен сыртқа сыр
бермеуге тырысып келдің ғой. Бұл сенің өмірдегі басты ұраның еді. Сен
адамдарға (тіпт маған да) тек жақсы мінезіңді, жағымды қылығыңды,
ұтымды ойларыңды, əдемі киімдеріңді ғана көрсетіп калуды тырыстың
Ащы мен тұщы, күн мен түн, ыстық пен суық қашанда бір-бірімен
алмасып, араласып, кезектесіп, сапырылысып жататынын адамдар жақсы
біледі. Сондықтан олар үнемі күлімсіреп, көлгірсіп, қашан көрсең де бас
шұлғып үн-түнсіз, ұрыс-керіссіз ылғи жақсы боп жүретін жандарға онша
сене бермейді «Үндемегеннен үйдей бəле шығады» деп ондай кісілерден
қауіптеніп, сақтанып жүреді. Ондай жандарға сыр шашпауға тырысады
ғой. Сен қашан да ішкі сырыңды бүгін қалу үшін, ішкі жандүниенді тірі
пендеге көрсетпеу үшін жылайтын жерде — күлдің, ал қарқылдап күлетін
жерде — қабақ шыттың. Демек, сен өзіңнен басқа, айнала төңірегіңдегі
жұрттың бəрін дұшпан санадың. Оларға титтей де сенбедің. Сөйлесең де,
күлсең де, тіпті жыласаң да шын жүректен емес, жұртқа дұшпан көзі
қылып істедің. Сондықтан сенің шын сөзіңе ешкім сенбеді. Өзгелер
түилі, тіпті қасыңда жүрген мен де иланбайтын боп қалдым.
Раушан! Шындап келгенде, менің сенен бір ғана артықшылығым бар-
ау деймін. Мен адамдарға сенем. Күлгенімді де, жылағанымды да
жасырғым келмейді олардан. Аузынан сөзі түскен, қолынан бөзі түскен
аңғырт дейтін шығар біреулер мені. Мейлі дей берсін.
Тек қана «зымиян», «аяр», «екі жүзді» демесе екен.
Неге екенін қайдам, əйтеуір өзім бала мінезді аңқау, сенгіш
адамдарды ұнатам. Аяқ астынан бұлқан-талқан боп ашуланып, қас-
қағымда райынан қайтатын зілсіз жандарға құштармын. Анасының
арын аяққа басып жатқанын көрсе де көрмеген боп, ашуға тізгін бермей,
«ауыр» мінезді, «əдепті» жігіт боп көрінуге тырысатын, сосын он
жылдан кейін астыртын кек алудың жолын іздейтін зымияндардан
жиіркенем. Жоқ. Маған деген ренішін айтып отыр екен деп ойлап қалма.
Қазір саған да, Арманға да өкпем жоқ. Қайта ұлымның алдында мен
өзімді күнəхəр санаймын. Соның балалық шағына көбірек қиянат жасап
жібердік пе деп қорқам. Кейде өзімді қылмыскердей сезінем. Кісі
қолында тірі жетім боп өсті ғой ол. Арман қазір бізге:
«Өз үйімде ешкімнен қаймықпай асыр салып ойнайтын балалық
шағымды тауып беріңдер» деп талап қойса қайтер едім? Өз баласының
ең қымбат шағын — балалығын көрмеген жандар бақытсыз ғой деп
ойлаймын. Біз тірі тұрып, өзінің жетім боп өскенін Арман ұмыта ма?
Əрине, ұмытпайды. Өйткені ол бəрін ақылға салып түсінсе де, бəрібір
асау жүрек мұндайда парасатқа бой бермей, ойқастап кетеді емес пе?
Ғұмырымда саған титтей де жамандық ойлаған емеспін, Раушан.
Сен хақында үнемі жақсы ойлап, көңілімді аққа ұйытып жатам. Ал, егер
ашу үстінде артық сөз айтып қойған болсам кешірерсің. Төсекте
жатқалы бері жүйкем жұқарып, тауаным тарылып кетті ғой.
Саған неге ренжиін? Уыздай жастық шағыңды, өз өміріңнің
жайнаған ең əдемі, көктем кезін басқаға емес, маған сыйладың ғой.
Демек, мені азды-көпті ұнаттың. Рас, менің жүрегіммен санаспадың сен.
Иə, сен аса сұлу едің Мейіркүлден де əдемі едің. Сен соны білдің. Сен
соған сендің. Бірақ «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» дегенді ескермедің.
Əлде мұның бəрін ақ көңіл, аңғырт Мейіркүлге ерегісіп істедің бе?
О баста сен мені ұялшақ, момын шығар деп қателестің. Көш
жүре түзелер деп үміттендің. Бірақ мен тек жуас қана емес, сонымен
бірге сүйегі жасық, шала піскен өкпедей болбыраған ынжық та боп
шықтым ғой. Əйтеуір сен солай дейтінсің. Мені өз жұмысынан
басқаны білмейтін де, көрмейтін де, естімейтін де тар табан деп
ойлайтыныңды баяғыды-ақ сезгем
Мейлі Солай-ақ болсын. Əйтсе де, мен түндей түнерген күдіктің құлы
емеспін.
Көңілім таза. Ал, сен жұрттың бəріне күдікпен қарап келдің. Тіпті өзіңнің
ең жақын, бірге оқыған құрбы-құрдастарыңа да сенбедің. Маған да
иланбадың. Мен кетіп қалатындай-ақ ізімді аңдумен болдың. Мені басқа
адамдарға қоспауға тырыстың. Солармен сөйлессем табанда менен айнып
қалады деп қорықтың. Мен кеңсе мен үйдің арасындағы жолды ғана
білдім. Қалған уақытта мені əлі есі кіре қоймаған жас балаға ұқсатып,
өзің жетектеп жүрдің. Турасын айтсақ, сен өзің қазық қағып, көлеңкесіне
бұзау байлайтын қулардан едің ғой. Əйтеуір күніне бір рет көшеге
шығарып, серуендетіп қайтуды ұмытқан емессің.
Оныңа да рахмет. Бірақ сен үйге тірі пендені жолатпай қойдың емес пе?
Тіпті менің əке- шешем келсе де күрең қабақтанып шыға келетінсің.
Əйтеуір үйге қонақ келсе сен кірпідей жиырыла қалатынсың
Ата сақалым аузыма шыққанша екі адам есігіме, төрт адам төріме
отырмапты.
Адамы жоқ, елсіз аралда тұратын жандардай-ақ жөндеп ешкіммен
барыс-келіс жасамаппыз ғой. Сонша жыл екеуіміз ғана оңаша жүре
беріппіз-ау.
Тегінде, шыдамның да белгілі бір шегі болса керек. Бір адам қанша
қайғы, қанша азап, қанша бейнет көтере алады? Кім өлшеп, кім есептепті
дейсіз соны. Бірак əр адамның ондай мүмкіндігі əр түрлі екеніне дау жоқ.
Мəселен, менің төзімім табаны күректей он алты жылға жетті. Он алты
жылдан кейін инсульт боп құладым. Содан бері төсекте жатып үш жыл
өмір өткіздім.
Мен сонша уақыт сенің қолында тірідей тұтқын боп келдім ғой.
Əйтпегенде ше! Аспирант кезімде де, кандидат болғанымда да, тіпті
білдей доктор атанғанымда да мені қия бастырмай, ізімді андумен
болдың. Сен менің аяқ- қолымды ғана емес, ой-өрісімді де, қиял-
арманымды да өрмекшінің торындай көзге шалынбас қыл арқанмен сан
жылдар бойы мықтап матай беріпсің-ау
Сен тіпті ең жақын достарыма да мені жолатпай қойдың ғой.
Айналдырған бес-алты адамнан басқа ешкіммен қатыспай, томаға-тұйық
боп қалдық емес пе? Неге?
Кезінде бұл сауалға жауап таппай, əр ойдың түбіне бір түсіп,
ақылым алпыс жаққа жүгіріп дел-сал болған едім. Соның бəрін енді
түсіндім. Өйткені сен өзіңнен басқа тірі пендені ұнатпайсың. Ешкімді
жақтырмайсың. Жұрттың бəрін өзіңе дос емес, дұшпан санайсың.
Ешкімге сенбейсің. Жұрттың бəрі өзің тəрізді өмір сахнасындағы
«артист» деп білесің. Томаға-тұйық өмірге құштарсың.
Жұртқа қанша көлгірсіп көршінің келсе де сен іштей тым тұйықсың.
Ал, тұйық адам тоғаннан сəл болмаса асып- тасып кетейін деп тұрған су
тəрізді қашанда қатерлі. Кез келген минутта бөгеннің быт-шытын
шығарып, айналасын аймандай етіп жіберуі ғажап емес. Демек, тоған
суындағы тыныштық — алдамшы тыныштық. Өйткені онда сумен
сарқырап аққан өзеннің қаншама арынды ашу-ызасы тұншығып, булығып
жатыр десеңізші.
Тау суындай арынды да, айбарлы ашуыңды сен сонша жыл қалай ғана
бөгеп келдің?
Əйтсе де, сол күні қалайша аяқ астынан мөрт кеттің? Сен менің төсектен
қайтып тұрмасымды, енді ғұмыр бойы төрт тағандап қалатынымды
білген минутта-ақ жын буған
бақсыдай бүліндің. Сол сəтте сен пəлен жыл бойы жүзіңе жамылып
келген бет пердеңді сілкіп ашып тастап, маған өзіңнің табиғи бейнеңді
көрсеттің.
Ал, шынайы бейнең адам шошырлықтай еді. Ызалы көздерің суық
ызғар шашып, мені жүндей түткің кеп тұр екен. Жүзіңнен тек ашу-ыза
ғана емес, қанды кегін қайырып, əбден айызы қанып тұрған адамның
сиқын көргендей болдым. «Өзіңе де сол керек», — деп мені іштей
табалап, зілді кекесінмен күлдің. Ұзындағы өшіңді, қысқадағы кегіңді
менен алып, арқа-басың кеңіп қалғандай көріндің.
Саған жасаған қылшықтай қиянатым жоқ еді ғой, Раушан. Неге
сонша өшіктің маған? Бұл сауалдың да жауабын кейінірек таптым.
Өйткені сен ешқашан да мені сүйген жоқсың. О баста сүйем деп
мені ғана емес, өзіңді де қоса алдадың. Мені алдау саған онша қиын емес
еді. Кейде сенің ықыласыңа құлап та жүрдім ғой. Бірақ сен өзіңді-өзің
алдай алмадың. Ол қолыңнан келмеді. Өйткені адамның табиғаты
сондай. Ең қиыны — өзгелерді емес, өзіңді-өзің иландыру болса керек.
Əйтсе де, біз неге басқалар сияқты өзіміз бала өсіріп, өз
ұрпағымыздың қызығын өзіміз көрмедік? Неге сен ана, мен əке
болмадым? Мүмкін, сен кезінде үш балаға бірдей ана боп бауырыңа
басқаныңда, бүгін маған да мұнша қатыгездік жасамас па едің? Əдетте
аналар мейірімді болады ғой. Əйел атаулыға тəн таусылмас бұлақтай
көл- көсір, сүттей таза мейірім сезімін мүмкін сол аналарға бесікте
іңгəлəп жатқан нəзік сəбилер сыйлайтын шығар. Сен сол сыйдан маһрұм
болдың ғой, Раушан
Мүмкін, мұның бəріне кезінде өз ойымды ашып айтпай, ішіме
бүгіп қалған мен кінəлі шығармын, Раушан? Мені тап қазір дұрыс
түсін. Мен мүгедектер үйінен қашып отырғаным жоқ. Оған жан-жан
деп-ақ барар едім. Кемтар боп қалған жандар үшін онда барлық жағдай
жасалғанын жақсы білем. Əр адамды алақандарына салып, жас
баладай мəпелеп отыр
Ондағылар мен сияқты ертелі-кеш санамен сарғайып, шаңыраққа
қарап, зерігіп жатпайды. Бір минут зерігуге де, торығуға да мұршасы
келмейді. Əркім өзіне ұнайтын іспен əуре. Жұмыссыз, қарап жатқан жан
жоқ. Жұмыстан бос кезінде оларды бесік-арбаға отырғызып алып,
қалаған жағына қыдыртады да жүреді. Өзін кішігірім қалашық деуге
болады. Ғажайып саябақ та, сəулетті клуб та, қазынасы мол кітапхана да
бар
Бірақ мүгедектер үйіне мен не деп барам? Өз үйім жоқ деп пе? Əлде
отбасым жоқ деп пе? Мүмкін мен аяқтан айрылған соң əйеліме ұнамай
қалдым дегенім жөн шығар? Бұл шындық қой. Бірақ мұндай шындыққа
кім сенеді?! Демек, сау кезінде өзің де əйеліңе өлердей қиянат жасап
келгенсің демей ме? Əйтпесе əйелің неге безеді дейді ғой.
Баламыздың алды ер жетіп, ақыл тоқтатып қалды емес пе? Солар
неге сені күтпейді десе не бетімді айтам!? Ішімізді жарып шыққан шұбар
жылан емес пе еді? Тасбауыр деуге қалай ғана аузым бармақ? Əлде өз
кінəмді өзім мойындап, кезінде бала тəрбиелеудің азабынан
қашқанымызды, көкек сияқты өз жұмыртқамызды басқа құстың ұясына
тастай сала алды-артымызға қарамай безгенімізді айтайын ба?
Мүмкін, олар маған бұл сауалдардың бірде-бірін қоймас. Бірақ өз
үйім, өз отбасым тұрған кезде беттің арын белге түйіп, дайын ас, даяр
төсекке қалай ғана барам? Мүмкін, ол орынға үйі де, күйі де жоқ, менен
де мұқтаж кəріп жандар баруы керек шығар.
Тіпті оның бəрін есепке алмағанның өзінде менің сол жақта
жатқанымды білсе, мына Арман не ойлайды. Ол бəрін түсінеді ғой. Неге
кеттің десе оған не айтам? Мамаң қуып шықты деймін бе? Ертең
қартайып, басың ауырып, балтырың сыздаған сəтте сені де үйден сүйреп
шығарып тастамасына кім кепіл? Сені қойшы. Əбден боларың болып,
бояуың сіңді
ғой. Ертең Арман отбасын құрмай ма? Сонда олар да бастарына іс
түскенде біз тəрізді бірін-бірі тастап қашатын болсын деп отырсың
ба?
Бүгін ойлап қарасам, мен ғұмыр бойы сенің айтқаныңнан бір
шықпай келген екем. Біз отбасын құрғалы бері сенің айтқаның өтіп,
атқаның жетіп тұрды. Ал, мен өз пікірімді ауызға алудан да маһрұм боп
қалған едім. Ойланып, толғанып жатпай-ақ сен не десең де бас изей
беретінмін. Өйткені саған сол ұнайтын. Солай істесем ғана құлағым
тыныш болатын. Ал, маған керегі сол тыныштық еді. Өйткені мен
жұмыстан басқа, сенен өзге еш нəрсені көрмей, естімей, су соқыр, тас
керең боп қалғаң едім.
Санамның саңылауы енді ғана ашылып, көкірек көзім көре бастаған
секілді. Əлемге сенің ғана көзіңмен қарап, əбден жаман үйреніп қалған
екем. Əйтсе де, жарық дүниені өз жанарыммен қызықтай бастадым.
Талай-талай жылдар бойы бұйығып қалған, ұйлығып қалған ойларым
кеш те болса оянып келе жатқан сияқты. Мен бүгін соған қуанам.
Көңіліме соны медеу тұтам.
Мен ғұмыр бойы сенің айтқаныңды істеп келдім ғой. Сенің ең соңғы
тілегіңді де орындайын. Мүгедектер үйіне баруға тас-түйін боп іштей
бекіндім Менің ендігі орным сонда. Өмір оты онда да жалындап тұр. Ой-
сезімім сөнбей, тіршіліктен, еңбектен қол үзіп қалмай, мына жарық
дүниенің ғажайып көріністерін тамашалап жатсам болды емес пе?!
Бірақ аздап өкінем...
Он тоғыз жыл бойы ақ пен қараны ажырата алмай, саған алданып,
тоқылдақтың тəубесінде жүргеніме өкінем. Балапандарымды сары
ауыз кезінен бауырыма баспай, жігерін жасытып алғаныма қынжылам.
Қатты мертігіп, төсек тартып жатып қалғаныма қиналам.
Əйтсе де, басыма қиын-қыстау күн туғанда сенің теріс қарап, шыр
айналып кеткеніңе несіне қиналам?! Тек сені сонша уақыт білмей,
алданып келгеніме ғана өкінем. Əйтпесе баласынан безген анадан не
үміт, не қайыр! Мен бөрікті тастап, бөріден құтылғаныма қуанам. Бірақ
осының бəрін ертерек аңғармағаныма бармағымды тістеймін.
Орны толмас өкіншітен не пайда! Қайғыдан қан жұтып, текке қарап
жатар кісің мен емес. Бір күндік, бір сағаттық ғүмырым қалса да өмірге
өз үлесімді қосып қалам. Ғылыми еңбектерімді жазам. Өзім істеген
институттың қолымнан келетін кез келген жұмысынан бас тартпаймын.
Өз аспиранттарыма жетекшілік етуді де тастамаймын. Мейлі. Мені
зейнеткерлікке шығара берсін. Мен мұның бəрін ешбір ақысыз, айлық
сұрамай-ақ осылайша, төсекте жатып тегін істеп берем. Бұл менің ғылым
үшін, жастар үшін, болашақ үшін қосқан үлесім болсын.
Мен қайғы-қасіретке емес, еңбек қуанышына үйренген адаммын.
Уақыт атты құдіретті күштің əрбір минутын есепке алып, əр минут үшін
ар сотының алдында жауап беріп үйренген жанмын. Енді маған өмірдің
əрбір секунды бұрынғыдан жүз есе, мың есе қымбат.
Тағы қанша минут, қанша күн, қанша жыл өмірім бар?
Білмеймін. Білгім де келмейді Əйтеуір асыл қазынадай қымбат
уақытымның бəрін, бір минутын да өзіме алып қалмай, түп-түгел
адамдарға арнарым хақ. Қазір жүректегі үміт отын сөндірмей, жағып
тұрған да, белімді бүгіп, қабырғамды сөгіп жіберердей ауыр науқасымды
азды-кепті жеңілдеткен де, бойымдағы күш-қуатты сарқытпай, жаныма
нəр тамызып, жігер құйып жатқан да еңбекке деген құштарлық қой.
Мен əлі де еңбек ету қабілетіме сенем. Ел-жұртыма қажеттігіме
иланам.
Адамдардың адамдығына шүбəм жоқ. Демек, мүгедек боп қалдым
деп сары уайымга салынуға, еңбектен қол үзіп қалуға менің
ешқандай хақым жоқ.
Басқа түскен қиындықпен бел шешіп, білек түріп айқаспай,
атыспай, қоян жүрек қорқақтарша қан майданда қаруын тастап, екі
қолын жоғары көтеріп, жауға беріле салатын опасыз жан мен емес.
Мен жараланып, мертігіп жатсам да Адам деген киелі есімге кір
жұқтырмау үшін соңғы демім біткенше күресе берем. Бұл меңің
тіршіліктегі соңғы сертім болсын!
Əрі менің ортан қолдай үш балам бар ғой. Соларға үміт артам.
Түбінде олар менің халімді жан жүректерімен түсінер. Қасыма отырып,
басымнан сипар. Əке деп бетімнен сүйер. Қолтығымнан демер. Маған
қанат болар. Сол сəтте мен өзімнің мүгедек екенімді де ұмытармын. Мен
енді сол шұғылалы сəтті күтем. Төсекте жатып, өмірге, еңбекке, мені
қамқорлыққа алған жандарға араласып жүріп күтем. Өмір шамы
сөнгенше күте берем.
Үмітімді үзбеймін мен, өмірден!
Күрес əлі біткен жоқ. Мен енді өмір үшін күресем. Бұрынғыдан он
есе, жүз есе еңбек етем. Қолымнан келгеннің бəрін өзіме өмір сыйлаған
адамдардан аямаймын. Қолымнан əлі де көп нəрсе келеріме шүбəм жоқ.
Менің өмірге, өзіме деген сенімім бұрынғы сау- саламат көздегіден жүз
есе көп сияқты.
Тағдырыма тағзым қылмай өтем. Тағдыр екі аяғыма бірдей мықтап
шырмау салса да, жан дүниемді қараңғы қапасқа қамай алмайды. Қазір-ақ
жодігəй-тағдыр жəмпеңдеп аяғыма бас ұрып жүр. Мен өз тағдырымның
қожасымын!
Аяқсыз қалсам да сен тəрізді аяр жайдардан артық екенімді, халқыма
керек екенімді дəлелдеп өтем. Жақсылық үшін жамандықпен күресем.
Менің көрер күнім, атар таңым əлі алда.
Ақылбек бұл сөздердің бірде-бірін əйеліне айтқан жоқ. Сонша
жылдар ұқпаған нəрсесін қазір де бəрібір Раушанның түсіне
қоймасын сезді. Мұның бəрі аурухана төсегінде сал боп жатқан
Ақылбектің ой-толғаныстары ғана еді.
19
Арман бас дəрігерге кіруге кезек күтіп отыр. Кеше əкесі өзіне көңіл
сұрай келген бір танысынан «Арман бас дəрігерге барып жолықсын», —
деп сəлем айтып жіберіпті. Қанша ойланса да неге бүйтіп шақыртқанына
ақылы жетпей əбден дел-сал болды. Бас дəрігерде менің нем бар? Одан
гөрі өзіне, палатасына кіріп барсам ба екен деп те ойлады. Бірақ
аурухананың жүйке ауруларын емдейтін — неврология бөлімшесіне кіру
үшін дəрігердің арнайы рұқсат қағазы қажет екендігі есіне түсіп, бұл
ойынан тез қайтты.
Ол бұрын-соңды Арманды мұнда шақыртқан емес. Соңғы үш
жылдың ішінде əкесі осы ауруханаға бірнеше рет түсіп шықты. Арман
мұнда үш рет қана келді. Ол кезде əлі əкесі мен шешесінің арасы жақсы
сияқты еді.
Əйтеуір Арманға солай көрінетін. Мамасына еріп екі рет келген.
Тек бір мəрте ғана өз бетімен келгені бар. Онда əкесі ес-түссіз,
бірдемелерді сандырақтап жатыр еді.
Арманды танымады. Содан кейін ауруханаға бас сұғып отырғаны осы.
Кең де, жарық қабылдау бөлмесі. Бас дəрігердің кабинетіне кіре
беріске койылған креслоларда бес-алты адам үйме-жүйме боп, өзара
шүйіркелесіп қапты. Бəрі кезек күтіп отырса керек.
Бірін-бірі бұрыннан жақсы білетін адамдар сияқты. Өздері бірін-бірі
қағытып, қалжың, күлкіге қарық боп отыр. Олар өздерінен кейін келіп,
бөлменің бір шетінде оңаша тұрған орындыққа барып отыра кеткен бала
жігітке назар да аударған жоқ. Бейтаныс кісілермен Арманның да ісі
болмай, өз ойымен əуре еді.
Айнадай жалтыраған паркет-еденді өкшесі биік туфлиімен тақ-тұқ
еткізіп, бір жас қыз кіріп келді. Үстінде ақша қардай аппақ халат. Мөп-
мөлдір қарақат көздерімен лезде- ақ отырғандарынды бір сүзіп шықты
да:
— Кешірерсіздер, жолдастар. Бас дəрігерді аяқ астынан консилиумға
шақыртып əкетті. Ол кісі бір сағаттан кейін ғана босайтынын ескертіп,
сіздерден кешірім сұранады,
— деді. Əлгі қыз соны айтты да, жалт бұрылып қайта шығып кетті.
Бірақ қабылдау бөлмесіндегі əлгі кісілердің бірде-бірі тырп еткен
жоқ. Еш нəрсе естімегендей-ақ орны орнында жайбарақат отыра
берді. Əңгімелері де бірте-бірте қоюланып бара жатса керек. Бір-
біріне кезек берісер емес.
Арман бір сағат бойы мына бөлмеде сарылып отыра бергенше, таза
ауаға шығып, сейіліп қайтпақ болды. Орнынан тұрмақ боп сəл ыңғайлана
берді де, креслоға сылқ етіп қайта отыра кетті. Мына кісілер сол сəтте
Арманның əкесінің атын атағандай боп естілді. Мүмкін, əкеммен аттас
басқа біреуді айтып отырған шығар деп те ойлады ол. Əйтсе де, ол еңді
еріксіз əңгімеге құлақ түрді. Жоқ. Басқа емес, əңгіме өз əкесі туралы екен.
Өйткені əкесін айтқан сайын əлгілер шешесінің есімін қоса-қабат айтады.
Бұлардың бағаналы бергі əңгімелері өз əкесі хақында екендігіне енді
Арманның инедей де күдігі қалмады.
Мына əңгімені тыңдаған сайын Арман өзінің əкесі мең анасы
хақындағы бұрын өзіне жұмбақ боп жүрген көп сырларға қаныға
түскендей еді. Бұлар əкесінің достары екені бесенеден белгілі боп тұр.
Əйтпесе оның өмірін егжей-тегжейлі қайдан біледі? Əкесінің кезінде
қалай оқығанын, қалай еңбек еткенін, қалай үйленгенін, қанша баласы
барын, тіпті мына айықпас дертке қалай шалдыққанын бүге-шігесіне дейін
тəптіштеп айтып отыр.
Арман мыналардың əңгімесін тыңдай отырып, бір нəрсеге қайран
қалды. Бұл оның өмірінде ойына кіріп- шықпаған сөздер еді. Ə дегенде ол
есеңгіреп, не боп жатқанын онша түсіне алмай, апалақтап қалды. Өйткені
мыналардың бəрі күні бұрын келісіп алғандай-ақ Арманның əкесін жер-
көкке сыйғызбай мақтап, ал шешесін өлердей даттап сөйлейді.
Бірде-бірі шешесі хақында нобайы түзу сөз айтар емес.
Арман текке қарап отырып-ақ өз бойын ашу-ыза кернеп бара
жатқанын сезді. Қарғып тұрып: «Өтірікті соқпаңдар, менің анам ондай
адам емес!» — деп айғайлап жібергісі келді. Əйтсе де, өзін-өзі ұстады.
Əліптің артын бақты. Бірақ əкесіндей мына егде кісілердің ақ сөйлеп,
əділін айтып отырғаңдарына Арманның бірте-бірте көзі жете бастады.
Бұлар бет алды емес, əрбір сөзін салмақтап, елеп, екшеп, дəлелдеп
сөйлеп отыр еді. Демек, біздің отбасын жақсы білетін адамдар деп түйді
іштей Арман. Жаңағы жақсы- жаман сөздің бəрін дұшпандықпен емес,
қайта сол отбасына жан ашырлықпен тілге тиек еткендерін аңғару қиын
емес еді.
Əсіресе, əкесі ауруға шалдыққаннан кейінгі көп нəрселер Арманға
түсініксіз болатын-ды. Мына бейтаныс жандар сол құпиялардың
астарын ашып көрсеткендей болды. Арман ғұмыр бойы түсінбей, өзін
сан мəрте дел-сал қылған қиын жұмбақтардың шешімін ойда жоқта
егжей- тегжейлі түсініп алды.
Арман қазір қарын шашы алынбағаң, сары ауыз бала емес. Бəрін
түсінеді. Биыл медицина институтының бірінші курсын бітіреді.
Бір сəт ол бағанадан бері өзін елең қылмай, əңгімелерін көсілтіп
отырған кісілерге көз тоқтатып қарай бастады. Есік жақтағы шоқша
сақалды, тарамыстау келген, шаштары қудай аппақ кісі көзіне жылы
ұшырады. Бір жерде көрген сияқты. Соның қасындағы дөңгеленіп
қалған, тапалтақ бойлы, жалтыр бас адам да таныс тəрізді. Бірақ қайдан
көргенін есіне түсіре алмай-ақ қойды. Не өзі оқитын институттан, яки
əкесінің альбомындағы суреттерден көргені анық. Əйтеуір бұл екеуінің
де үлкен ғалым екені, əкесінің достары екені шүбəсіз еді. Басқаларын
бұрын-соңды көрген емес.
Есікке таяу отырған жаңағы ақ шашты, арық кісінің үнінде
өкініш барын аңғару қиын емес еді.
Ақылбек бауырын жарып шыққан балаларын бір көруге зар болып
жатыр Өзі о баста-ақ балажанды еді. Бірақ əйелі балаларын жолатпай,
мысын құртып келді ғой. Үлкен ұлы осы қалада дейді, — деп ол сөз
жалғай түсті. — Біздің институтта екен. Өткен жолы келгенімде Ақылбек
көз қырыңды сала жүр деп тапсырып еді. Əлі оны көргем жоқ. Бүгін-
ертең кафедраға шақыртып алып сөйлеспекпін өзімен.
Арман əңгіме өзі туралы боп жатқанына қысылғандай еді. Бірақ мені
танымайды ғой деп өзін-өзі жұбатты. — Ал, қалған екі баласы ауылда
екен, — деді əлгі адам, Ақылбектің інілерінің қолында. Солардың бəрін
жинап əкеп, Ақылбектің көзіне бір көрсету керек еді. Жалтаң көз боп
жатқанда демеу ғой.
— Қазір Раушан қайда? — деді қасындағы семіз кісі деміге сөйлеп.
Шашы түгілі, қастары да аппақ қудай боп кеткен жаңағы шал
көріпкелі бар адамдай бəрін біліп отыр:
Достарыңызбен бөлісу: |