— Доктор, айтыңызшы, операция аяғыма жасала ма? — деп сұрадым мен.
— Жоқ.
— Енді қалай? Менің аяғым ғой ауыратын, доктор.'
— Жоқ. Гəп аяғыңызда емес, жігітім.
— Енді неде?
— Омыртқада. Дəлірек айтсақ жұлында жатыр.
Сосын мені белуарыма дейін шешіндіріп, етпетімнентөсекке
жатқызды. Сөйтті де қасыма келіп, отырып, арқама қолын салды.
Сосын көк желкеден бастап, құйымшақтың тұсына дейін созылып
жатқан омыртқа сүйектің үстінен алақанымен бір сипап өтті де:
— Міне, осы ұп-ұзын қаңқа сүйек омыртқа деп аталады, — деді. —
Мұның өзін бүкіл организмді тіреп тұрған ұстын деуге де болады. Сол
омыртқа-ұстынның іші қуыс, кеуек. Бірақ əлгі қуыстың іші бос емес.
Омыртқаның ішінде ұзыннан-үзақ түсіп жұлын жатыр. Жұлын да ми.
Ол бас сүйектің ішіне орналасқан орталық мидың жалғасы. Ұқтың ба?
Сол жұлын сан миллиардтаған жіп-жіңішке талшықтардан құралған.
Əрбір осындай талшық- нервтің жіңішкелігі адам шашынан он мың есе
жіңішке. Бірақ осы қылдай талшықтың əрқайсысы адам емірінде
орасан зор қызмет атқарады. Солардың бірі сəл науқаска шалдықса
адамның көзі жұмылмай қалады, екіншісі нашарласа мына сіз тəрізді
аяқтан қала бастайды, тағысын тағылар. Сіздің омыртқаңыздың ішіне
кішкене ісік-ет өсіп шыкқан. Сол ісік əлгі талшық-нервтің бірін басып,
оның өз қызметін атқаруына бөгет боп тұр. Сондықтан қатерлі ісікті
алып тастау керек.
— Қалай аласыз? — деппін мен сасқалақтап.
— Қалай дейтіні бар ма?! Омыртқаны кесіп ашамыз да, алып тастаймыз...
Профессор одан əрі не айтып, не қойғанын естігем де, тыңдағам да
жоқ. «Омыртқаны кесіп, ашамыз» дегенде-ақ аза бойым қаза боп кетті.
Құлагер, қолда өсірген
қүлыным-ай! Ішінде
омыртқаның жүлыным-ай!...
Осылай деп зарлаған кім еді? Қапелімде есіме түспей, дел-сал болдым.
Ақыры таптым- ау. Атақты Ақан сері ғой. Жан серігі — тұлпары
қайғылы казаға ұшырағанда ақын осылайша күңіренген.
Жұлын... Осы бір сөзге бұрын мəн бермей, ой тоқтатпай келгем.
Қасқалдақтың қанындай етіп қадірлейтін, барынша қастерлі, жанындай
жақсы көретін, ең аяулы нəрсесін қазақта «жүлыным» дейді екен ғой.
Бəсе, адамның жан-жүрегіне мейлінше қатты тиетін, кісіні діңкелетіп
кететін, шектен тыс ауыр қайғы-қасіретке тап болған сəтте көне көз
қариялар: «Жұлынға тиді», — деп жататынды. Күллі қарғыс атаулының
ең ащы, запырандай улысы да «Жұлының үзілгір!» дегені шығар. Өйткені
халықта «жүлыны үзілді» деген сөздің мəн-мағынасы: тірегі құлады,
таянышы жоқ болды, тұғырдан тайды, дүниеден өтті деген ұғымды
білдіреді ғой.
Демек, ертең менің ең жанды, ең қиын жеріме, омыртқа сүйектің ішіне
операция жасалмақ. Мүмкін, бұрын омыртқасын кестіріп көрген
адамдармен кеңесіп алу керек шығар. Сен қалай ойлайсың, Гауһар?
Операция жасатамыз ба? Жоқ па? Тіпті өлмегеннің өзінде, мүгедек боп
қалсақ қайтеміз? Ондайлар да бар екен
Бұл не өзі! Күдік пе, əлде үрей ме? Мүмкін, бұлардың бір-бірінен
айырмасы да жоқ шығар. Адам бір нəрсеге күдіктенсе-ақ корқа
бастайды ғой. Ал, егер қорықса, онда əлденеге күдіктенгені емес пе?
Жоқ. Секем алу, иланбау шындап келгенде үрейден де қауіпті. Үрей
өткінші сезім. Кейде қас қағымда ұмытылып кетеді. Ал, күдік ұзаққа
созылатын, кейде ғұмыр бойы ем қонбай коятын ауыр дерт.
Күн көрмеген ағашқа құрт түскіш келеді. Бойында от- жалыны аз,
қамкөңіл жандарға да күдік құрты үйір болады. Бұл өзі адамды іштен
жеп тауысатын аса қатерлі науқас.
Қазір менің тағатымды тауысып бара жатқан сезім азап отына салатын
күдік емес, қас қағымда зырқырап өте шығатын жай үрей ғой.
Бүгін менің үрейленуімнің тағы бір сыры бар. Өзің білесің, маған
операцияны тағы бір айдан кейін жасауы керек еді. Ал, профессор бүгін
келіп- «Ертең жасаймыз», — деп үзілді-кесілді айтып кетті. Неге өйтті
дейсің ғой? Сен білмейсің бе? Ал, мен бүгін
профессордың көмекейіндегі көмескіні бірден-ақ болжадым. Қалай
дейсің ғой? Логикалық əдіспен ойлап, кісінің көкейдегісін көре білу
пəлендей қиын да емес сияқты. Өзің-ақ
ақылға салшы кеше марқүм болған жігіт те нақ осындай, мендегідей
дертке шалдыққан еді. Кеше соған операция жасап, омыртқаның өзін
ашып көрген бойда-ақ профессор мені есіне алды. Қатерлі ісік ұлғайып,
тамыр жайып кетсе, істің насырға шабарына дəрігердің тағы да бір рет іс
жүзінде көзі жетті. Сол минутта-ақ ол маған неғұрлым тезірек операция
жасау жөнінде шітей үзілді-кесілді шешім қабылдады. Міне, көрдің бе,
көп нəрсені айтқызбай-ақ түсіне беруге болады екен.
Сол жігіт жатқан операция столына ертең мені салатынын
ойлағанымда жүрегім асаудай тулап, тынысым тарылып сала берді.
Шынында да, ой дегенің қаза берсең түбі жоқ, қазбағанға нəрі жоқ,
түпсіз бір шыңырау ғой.
Ауыр ойлардан бір сəтке болса да арылармын деген мақсатпен мен
тысқа шықтым.
2
Аурухананың айналасында ат шаптырым кең баушар- бағы бар. Мен
сол алма бақты аралап келем.
Жылдың осы б і р мезгілін жақсы көрем. Қаһарлы қыс өтсе де,
көгілдір көктем əлі өз күшіне міне қойған жоқ. Алма ағаштары бүртік
шығарып қалса да, əлі жаппай гүлдеп, шешек атқан жоқ.
Өз аяқтарымен жер басып тұруға жарайтын науқас адамдардың бəрі
бақ ішінде серуендеп жүр. Көктем иісі аңқыған таза ауаны бір-екі мəрте
құшырлана сіміргенімде-ақ жаным жадырап, көңілім сергіп, арқамнан
ауыр жүк түскендей, еңсем көтеріліп қалды.
Ауада əлі шымырлаған ызғар бар екен. Көктемді күннің көзі
жарқырап-ақ тұр. Бірақ титтей де жылуы жоқ. Отырсам денем мұздап
қалар деген оймен мен де бақты кезіп, серуендеп, əрі-бері жүре бердім.
Алма ағаштары бүгін-ертең бүр жарайын деп булығып тұр. Мұны
көргенде əкемнің бір қызық мінезі есіме түсті. Өзіңе талай-талай
хикаялап беріп едім ғой, Гауһар. Ол кісі қолы киелі бағбан болатын.
Ғұмыр бойы колхозда бағбан боп, түрлі бау-бақша өсіріп өтті. Өле-
өлгенше қолынан — кетпені, белінен — бұта кесетін үлкен қайшысы
түскен емес. Ертелі- кеш бақ ішнде шұқыланып, тыным таппай жүретін
де қоятын. Өзінің ең жек көретін адамын əкем: «Ғүмырында бір түп
көшет көгертпеген неме!» — деп кейіп тастаушы еді.
Əлі есімде, нақ осы бүгінгідей ерте көктемнің шуақты күндерінің бірі
болса керек.
Əкем екеуіміз өзіміздің алма бакты аралап жүр едік. Кенет ол есіне
бірдеме түскендей кілт тоқтады да, маған қарап: «Көрдің бе, балам? —
деді алма ағаштарының бүртік-бүртік бұтақтарын нұсқап. — Мына байғұс
(əкем өсіп түрған ағашты қүдды бір адамдай көретін) бүр жарып кете
алмай, əбден булығып, захмет шегіп тұр. Құдайдың күні күркіреп,
найзағайы бір ойнап берсе ғой, жарықтық алманың да жаны жай тауып,
бүртіктері шешек атып, жадырап қалар еді. .»
Ертеңіне бақ жаққа таңертең терезеден қарап, өз көзіме өзім сенбедім.
Алма ағаштары бейне бір ақша қарға көміліп қалғандай аппақ боп
гүлдеп кетіпті. Түнімен алай-түлей күн күркіреп, артынан жаңбыр
жауған еді.
Гауһар! Мына алма ағаштарыныд да адам сияқты кейде жаны
қиналады дегенге сенесіңбе? Олар да құдды қалың ұйқыдағы адам
тəрізді қыс бойы маужырап, бусанып, талықсып жатады дегенге ше?
Көктемгі найзағайдың құдіретті гүрілі бір түнде-ақ сол үйқыдағы күллі
тіршілік атаулының апай-топайын шығарып, бəрін ұйқысынан оятып
жіберетіні рас па деп қалдым.
Қашан да күн күркірер қарсаңында адамдар да, түрлі жан-жануарлар
да, тігіті гүлдер де өзінен-өзі булығып, қиналып тұрғандай боп көрінеді
маған. Найзағай ойнар алдында ауа аяқ астынан тымырсық тартып,
тарылып, жайсызданып кетеді гой. Ал, жай оғы көкті аямай бір-екі рет
шықпырта, жарқ-жұрқ еткізіп қамшылап жіберген соң- ақ адамның
тынысы кеңіп, жаны жадырап сала беретіні бар емес пе? Əдетте
найзағайды іле-шала жанға жайлы, қоңыр салқын самал есіп, кейде
артынан нөсерлете жаңбыр төпеп береді.
Мүмкін, мен де бүгін нақ осы алма ағаштары сияқты күш ертең
төбемде ойнайын деп тұрган найзагай алдында булыгып, көкірегім
шерге толып, талагым тарс айрылажаздап қиналып тұрған шығармын.
Мына ағаштар қашан гүлдейді? Ертең бе? Бүгін түнде ме? Ертең
гүлдесе мен оны көре алам ба?
Тепнде, төбеден төнген үрей мен көңілге кірген күдіктен қашып
құтылу мүмкін емес шыгар. Кеше марқүм болған жігіт тағы да ойыма
оралды. Дəрігерлер оған науқасының тым асқынып кеткенін, операция
жасау өміріне едəуір қатер туғызарын жұқалап айтып жеткізген екен.
Егер жа- сатпаса, онда тагы да бес-алты айлық өмірі бар екенін де ол
өзі айқын сезіпті. Əйтсе де, ол өзше тезірек операция жасауды
профессордан талап етіп жатып алыпты. Не деген жүрек жұтқан,
қандай қайсар адам десеңші!
Рас, операция оның өміріндегі ең соңғы, жалғыз ғана мүмкіндігі еді.
Бірақ соны іштей мойындап, ажалға тəуекел жасаудың өзі қандай қиын
ерлік екенін, меніңше, тек өліммен бетпе-бет ұшырасып көрген жандар
ғана толық түсінсе керек. Өзі үшін ғана емес, елі үшін де басын ажалға
тоса алатын қаһармандар нақ осындай ер жүрек жігіттерден шығатын
шығар деген ой келді маған.
Əйтсе де ол: «Тағдырдың басқа салғаны осы» деп əрекетсіз, қол
қусырып жатып өлген жоқ. Өмір үшін күресіп, арпалысып, ажалмен
алысып, көз жүмғанша үрей атаулыны мойындамаи, менсінбей кетті.
Тірі қалу үшін қолынан келгеннің бəрін істеді ол. Егер операцияга
түспегендеше? Онда өмірінің ең соңғы минутында неге «жасатпадым»
деп өзін-өзі іштей жеп, жан азабына түсіп, дүниеден арманда кетер еді
ғой.
Ал, мен ше? Өлмей, тірі қалу үшін қолымнан келгеннің бəрін істедім
бе? Өзімді-өзім алдап, үрейге құл боп кеткем жоқ па? Ертеңгі операция
да менің өмірдегі ең соңғы мүмкіндігім емес пе? Ауыр науқасқа душар
болғанымды сезгелі бері күндіз — күлкі, түнде — үйқы бермей, тіс
құртындай жанымды қоярға жер таптырмай, өзімді əлекке салып қойған
ауыр ойлардың ақтық шешімі күш ертең айқындалары хақ. Ол үшін
тəуекелге бел буып шығу керек боп тұр. Соны істеуге менің жүрегім
дауалай ма?
Тəжірибелі спортшылар өзінің қарсыласынан ойсырап ұтылып бара
жатса да, соңғы секундына дейін жеңістен үмітін үзбей, қармана береді
ғой. Кейде осындай қайсар, қарыспа мінездің жеңіске жеткізіп
жіберетін сəттері де болады емес пе? Бірақ əлгі спортшы бұл жолы
жеңіліп қалса, келесі жолы күреске қайта түсіп, қарымтасын қайтара
алады. Ол солай боларын жақсы біледі. Айқас үстінде ол соны көңіліне
демеу етеді.
Сондықтан ол жеңілістен жасқанбай, қарсыласынан тайсалмай ақтық
секундына дейін беті қайтпаи күресе береді.
Ал, күрделі, өмірге қатерлі операцияға түсетін адамның көңшіне демеу,
ойына медеу қылатын осындай мүмкіндігі, яғни қарымта қайтаратын
«келесі жолы» жоқ. Сондықтан ақтық секундқа дейін тайсалмай күресе
беруге кейде оның рухани күші жетпей қалуы да ықтимал. Ең соңғы
минутта, операция столына жатқызған жерде айнып қалып, жасатпай
қоятындар да болады екен. Ондайлардың талайын осы ауруханаға түскелі
бері оз көзіммен көрдім.
Ал, өзім ше? Алған бетімнен қайтпай, тас-түйін боп, ақырына дейін
айнымай тұруға қайсарлығым жете ме? Əлде жан алқымға келіп, қыл
мойынға тақағанда тайсақтап шыға келем бе? Кім білсін оны қазір.
Ертең мəлім болады бəрі.
Міне, Гауһар, мен осындай зіл батпан ойлардың жетегіне еріп,
аурухана ауласындағы алма бақты біраз аралап жүрдім. Сəл шаршасам
керек. Есіме екеуіміздің «дербес» орындығымыз сап ете түсті. Ол өзі
бақтың бір бұрышында, жұрттың көзі түсе бермейтін жерде оңаша тұр
ғой. Оның үстіне, бір аяғы сынып, шоңқайып тұр емес пе? Сондықтан
оған ешкім бара қоймайды. Ылғи бос тұрады. Мен енді соған барып
отырдым.
Бір сəт мен айнала төңіректегі мəңгі сұлулықты — көгілдір аспанды да,
қүдіретті күнді де, көктемгі алма бақты да, туған жердің ыстық лебін де
соңғы рет сезініп тұрғандай бір түрлі елгезек күйге түстім. Мына жан
тебірентерлік сұлулық менен кейін де, тағы мың жылдан соң да дəл
осылайша көз тартып, жайнап, жасарып тұра береді-ау деген жымысқы
ой келді.
Жоқ, Гауһар! Мені тағы да ажал үрейі билеп барады екен деп
ойлама. Қашанғы қорқасың. Шөлмек мың күн сынбас, бір күн сынар.
Гəп басқада. Сен соны түсінші. Біз əдетте жүмыс басты боп, титықтап
жүргенде көп нəрсеге онша мəн бермейміз ғой.
Мүмкін, алып-ұшып ала өкпе боп жүргенде оған мұршамыз да келмей
қалатын шығар. Əлде бас қатырып жатқымыз келмей ме? Кім білсін?
Гауһар! Асықпай, басқа еш нəрсені ойламай, айнала төңірегіңе қарашы.
Аспанға, Алатауға, мына алма бақтарына біраз көз тоқтатып көрші.
Тұнып тұрған сұлулық қой. Тіпті анау серуендеп жүрген бейтаныс кісілер
де жақын туысымдай көзге жылы көрінеді. Барлық адам мейірімді боп
кеткен сияқты ма, қалай өзі? Соншама ғажап сұлулықты, адамға ғана тəн
жылылықты көрмей, білмей, сезбей қалай ғана өмір сүруге болады
десеңші! Мұның бəрін осы минутқа дейін қалай ғана байқамадым, екен,
ə? Өмір мұншалықты əдемі емес сияқты еді ғой. Көркіне көз сүрінетін
мына табиғат бейнесін, жан сұлулығын күні бүгінге дейін қалайша
байқамай келгем? Себебі мен тап осы минутқа дейін ешқашанда мына
жарық дүниеге, айналамдағы адамдарға өмірімде соңғы рет көріп тұрмын
деп қарап көрмесем керек. Ең соңғы көруім деп қарасаң бар ғой, күллі
əлем көзіңе кереметтей көркем, бұрынғыдан мүлдем басқаша боп көрініп
кетеді екен.
Гауһар! Кеше екеуіміз дəл осы жерде, нақ осы орындықта отырдық
қой. Бірақ кеше бұл арадан адам қызығатындай еш нəрсе байқамаған
едім.
Міне, бүгін мен осы аядай ауланың өзінен қаншама сұлулық көріп
отырмын.
Жаңа ғана тап беріп келе жатқан көк шөп қазір түнгі шыққа малынып,
көктемгі күннің алтын нұрына шағылысып, бейне бір теңіз түбінен
алынған асыл маржандай жалт-жұлт етеді. Құдіретті күннің көзі алма
ағашының бұтақтарына қонақтап алған бүртік-бүртік шық тамшыларын
да күмістей жылтыратып, əрлендіріп жіберіпті. Алма агаштары жапырақ
жая алмай қиналып, терлеп тұрган сияқты. Жапырақсыз, жалаңаш
бұтақтардың ара-арасынан жерге көлбей шаншылған күн сəулесі қүдды
жоғарыдан төмен қарай тартылған өрмектің кенере жіптері сияқты боп
көрінді бүгін маған.
Бүгін бəрі де басқаша. Көздің жауын алатын мына бүртік-бүртік таңғы
шық секілді бүгінгі өмірдің əрбір тамшысы қазір маған шексіз қымбат
көрініп кетті. Əне, қос балдаққа асылып, жалғыз аяғымен жер тіреп,
кібіртіктей басып бір бейтаныс кісі келе жатыр. Оған бір қарағанда- ақ
ішім жылып сала берді. Неге? Мүгедекке жаным ашып кеткені ме? Жоқ.
Ол менен бақытты. Таяққа сүйеніп болса да ол еш нəрседен қаймықпай,
үрейленбей, айналасына өктемси қарайды.
Бұрын мен мұндай мүгедек жандарды көшеде кездестіре қалсам іші-
бауырым елжіреп, мүсіркеп, аяп кетуші едім.
Ал, казір мына балдақты адам қайта маған жаны ашып, мені аяп бара
жатқан секілді. Шынында да, қазір ол менен мың есе бақытты шығар
деп ойладым. Əр минуты алтыннан
қымбат мына өмірдің нағыз қожасы екенін өзі де сезгендей, жан-жағына
тəкаппарлана көз тастайды.
Ол дəл қасымнан өтіп бара жатып маған мойын бұрып бір қарады.
Сəлем бермек боп оқтала түскенімде, ол ойлы көздерін менен тез
тайдырып əкетті. Бірақ сол бір секундтық көзқарасымен-ақ маған көп
нəрсені аңғартып кеткендей еді. Ол маған менсінбей, төбемнен
қарағандай боп көрінді. Қалайша жан сауғалап қалам деп, операциядан
қорқып отырған бейшараны мүсіркеп қарағаны шығар. Əйтеуір ол өзін
ешкімнен кем санамайтыны айдан анық. Ешкімнің мүсіркеп, аяныш
білдіруін де қажет етпейді. Егер байқамай қалып көшеде оны иықпен
кағып өтсеңіз бар ғой, ол сізге онша ренжи қоймайды. Ал, егер көшеде
оған елжірей қарап, жол беріп қипақтап қалсаңыз, онда ол сізді иттің
етінен бетер жек көріп кетері даусыз. Өйткені ол жұрттан бөлінгісі
келмейді. Көптің бірі болғысы келеді. Тірі пенденің мүсіркей қарауын
қажет етпейді ол.
Мұндай өжет жандардың ішкі жан дүниесіне мен бала кезімнен
қанықпын. Біздің бір жамағайынымыз кешегі соғыстан екі аяғынан
бірдей айрылып, мүгедек боп қайтты. Жас баланың ойыншығындай
тақтай арбаға отырып алып, екі қолымен жер тіреп орнынан əрең
қозғалатын. Сол Қаратай дейтін ағамыз өз үйінің биіктігі үш елі
келмейтін табалдырығынан өте алмай, мықшындап, күйіп- пісіп жататын.
Сондайда оны қолтығынан сəл демеп жібермек боп қасына бара қалсақ,
ол ашуға мініп, бұлқан- талқаны шығатынды.
Əйелі таң қылаң бере колхоз жұмысына кетіп, кешкісін көз байлана ғана
үйіне келеді.
Үй шаруасының бəрін тап- тұйнақтай етіп, əйелі келгенше тындырып
қоятын да сол мүгедек ағамыз еді. Өзі томардан жонып жасап алған бір
аласа орындық тəрізді бірдемесі болатынды. Қайда барса да сонысын
сүйрейтін де жүретін. Соның үстіне жайғаса отырып алып келі де түйеді,
тандырға от жағып, нан да жабады, сиыр да сауады.
Қаратай ағама ең ауыр соғатын, жан төзгісіз азап іс — сиыр сауу еді.
Алдымен ол сүт сауатын шелегін жуып- шайып дайындап алады. Сосын
əлгі отырғышын сиырдың қасына апарып қояды. Мықшыңдап үстіне
шыға алмай, абыржып жүргенде əлгі антұрған қызыл сиыр тыпыршып
жүріп, қазықты айналшықтап кетеді. Тауаны тарылып, бұлқан-талқаны
шыққан ағамыз отырған аласа «отырғышынан» əрең түсіп, əлгі
жұмыстың бəрін басынан қайта бастауға мəжбүр болады.
Сол кісінің осылайша өзінен-өзі əбігерленіп, апы кіріп, күпі шығып
жатқанын көрген сайын менің шешем сол ағайға тарпа бас салып ұрса
жөнелетін.
— Əй, қайным-ау, біз тірі тұрғанда не көрінді саған, сиыр сауып?! Ойбай-
ау, қу шелекке сонша жабысып қалғаны несі?! Əкел бері шелекті, мен-
ақ сауып берейін, бүгінше.
Қайнысы да шелекті оңайлықпен бере қоймай қарысып,
шешемнің бұл сөзіне бұрынғысынан бес бетер долданып, өзінен-
өзі аруақтанып кетеді:
— Əй, жеңеше! Сөзді қой. Айналдырғаның мен. Немене басқа іс таппадың
ба? Мына мені сендер түгілі, құдайдың өзі де аяған жоқ. Мақұл, бұгін
сауып берерсің. Ал, ертең к і м сауып береді? Арғы күні к і м сауып
береді?! Ғұмыр бойы кім сауып береді?! Айтшы, өзің, жеңеше! Одан да
өзім-ақ істеп үйрене берейін де.
Мына балдақты адам қазір сол қарыспа мінезді ағайымды есіме салып
өтті. Ол өзі бетің бар, жүзің бар демей, əділін айтып, ақ сөйлеп отыра
беретін бірбеткей адам еді. Сонысына қарамаи жұрттың бəрі өзін
кереметтей құрмет тұтатынды. Кез келген кісімен ол ақтарыла
сөйлесетінді. Оған, əсіресе, біздер, балалар үйір едік. Қолы қалт етсе-ақ
бізге жұқа тақтайдан, солқылдақ тал шыбықтан, тіпті кəдімгі қара
балшықтың өзінен ғажайып ойыншықтар жасап беретін. Біздер де оның
өтінішін екі еткен емеспіз, сірə.
Бірақ алқымына ашу тығылғанда ол екілене сөйлеп, тірі жанды бет
бақтырмай, өзіне қарсы шыққан кісіні аймандай қылатын. Сондықтан
ешкім бетіне келмейтін. Ауылда оның айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрды.
Күллі ауыл бойынша сол ағайдан қаймықпайтын жалғыз ғана адам бар
еді. Ол — өзінің келіншегі болатын. Қанша бұлқан-талқаны шығып, ақ
сайтаны ұстап жатса да, əйелін көргенде ашуы су сепкендей басыла
қалатынды. Тіпті мүгедек ағамызды кешегі өткен соғыстан ауылға
арқалап əкелген де осы жас жауқазын сарымсақтай келіншегі екен.
Екі аяғынан да айрылған ағамыз майдан госпиталінде жатып əйеліне
мынадай хат жазыпты «Мені күтпей-ақ қой. Саған жол байлау болғым
келмейді. Өз əрекетіңді өзін жасай бер. Басқан із, көрген қызық артта
қалды. Қазір екі аяғым да жоқ, бірінші топтағы мүгедекпін. Сенің
басқан ізіңе де тұрмаймын. Сонша жыл күткенще өле-өлгенше
ризамын. Мені масыл қып қайтесің?! Саган рұқсат Бақытты бол».
Осы хатты алған күні жеңгеміз жолға шығыпты. Бүкіл ауыл боп оған
азды-көпті қаражат жинап береді. Арада он шақты күн өтпей-ақ жеңгеміз
сонау Волга бойындағы əскери госпитальдардың бірінде жатқан күйеуін
іздеп табады да, қүндақтаулы баладай ғып көтеріп алып ауылға əкеледі.
Осы хикаяны біздің жақтың көне көз қариялары əлі күнге дейін аңыз
қып айтады.
Ал, сен ше, Гауһар' Сен қайтер екенсің? Ертең менің де мүгедек боп
қалуым ықтимал ғой. Мұнда ондай-ондай боп тұрады екен. Бір жолы
профессорға көңілімдегікүдігімнің шет жағасын шығарып едім, ол мені
кесіп тастады. Тіпті айтпақ ойын білтелеген де жоқ
«Мұндай күрделі операциядан тірі қалудың өзі-ақ зор бақыт, — деді ол
маған тесіле қарап
— Аяқсыз-ақ жұртпен бірдей еңбек етіп, тіршілік бесігін тербетшп
жатқандар аз емес»
Мұның өзі тамыры терең сөз екенін кеше жиырма бес жасар жігіт
операция столында дүниеден өткенін естіген сəтте түсінгендей болдым.
Оның науқасы да ауыр еді. Демек, ертеңгі операция қанша
батырсынсам да бəрібір кауіпті. Солай екенін профессордың өзі де
маған жұкалап қана жеткізді.
Бірақ бұл зілдей ауыр ойларымның бірде-бірін əлі күнге дейін саған
білдіргем жоқ, Гауһар «Жеп-жеңіл операция екен», — деп сені алдап
жүрмін. Соным дұрыс па өзі? Əлде нар тəуекел жасап, өзіңе ащы
шындықты бірден-ақ айтып салу керек пе еді? Профессор шындықты
менен жасырған жоқ қой. Ал, мен неге сенен жасырам? Рас, күні бұрын
үрейіңді ұшырып, тағатыңды тауысқым келмейді. Ойымдағының бəрін
бүкпесіз жайып салсам, онда көңілің күпті боп, күні-түні козіңнен жас
кетпей қояды ғой.
Шынында да, ертең мен мүгедек боп қалсам қайтер екенсің, Гауһар?
Сүйген жарын жер түбінен алып қайткан жеңгеміздей болу қиын шығар.
Сау-саламат кездегі күйдім-сүйдім дегеннің бəрі жастық-мастықтың
желігі боп шықпаса игі еді. Ертең мен үнпн мына кең дүние тар боп қалса
не істейсің? «Бағымды байлама, кешіре гөр» деп басынды алып
қашпайсың ба? Ондайлар да болады екен. Өз көзіммен көрдім, Гауһар
Гауһар! Мұның бəрін айтсам сен қайдан туған күдік деп шамданарың
хақ. Сондықтан да жанға батар мұндай сөздерді өзіңе сездіргем де жоқ.
Өлсем — ішімде кетсін деп түйдім.
Саған мен қашанда қалтқысыз сенем ғой. Бүгін де коңіліңді аққа
ұйытып отырғаныңа иненің жасуындай шүбəм жоқ. Маған деген ниетің
сүттен ақ, судан таза екенін де сезем. Бірақ мен жақында жан
шошырлық бір оқиғаға еріксіз куəгер болдым. Көзбен көрген анық,
құлақпен естіген танық емес пе? Осы оқиғаны бөтен кісіден естісем
илана қоймас едім. Өз көзіммен көрдім. Жеме-жемге, жан алқымға
келгенде күрт өзгеріп кетегіндер де
болады екен.
Біздің палатада бір кексе кісі бар. Айтып едім ғой, «Қасымда бір үлкен
ғалым жатыр»,
— деп Сол. Аты — Акылбек. Ауыр дертке ұшырап, екі аяғы бірдей сал
боп қалыпты. Соның жиырма жылдай отасқан əйелі бар екен. Сол əйел
əлгі тайқы маңдай күйеуінен қалай құтыларын білмей жан ұшырып жүр.
Біресе ауруханаға жатқызып, біресе мүгедектер үйіне қуады екен.
Əйтеуір өз үйіне жолатқысы келмейді. Күйеуінің сорлап қалғанына
айызы қанып тұрғанын əлгінің жүзінен-ақ аңғару қиын емес. Өзі күнде
келеді
«Шыкпа жаным, шықпа» деп өлім аузында жатқан бейбаққа əлгі əйел
үйлеріндегі дүние- жиһазды қалай бөлісу керектігін мыжыңдап,
сорлының əбден діңкесін құртып кетеді.
Соларды көріп өзіме-өзім іштен тəуба қылам. Сол жеңгеміздің аты Раушан
екен.
Қашан көрсең де күлім қаққан көздері ойнақшып, ал- қызыл еріндері
уылжып тұратын, бейне бір ақ сазандай бұлықсыған осы жеңгеміз
алғашында маған, шынында да, раушан гүліндей əдемі көрініп еді. Үріп
ауызға салғандай сүп-сүйкімді келіншектің долданып, көкбеттеніп кеткен
сəтін көріп пе едің? Əлгі көрік-сымбаттан жұрнақ та қалмайды екен.
Бір жолы Раушан жеңгей ауруханаға келіп, біздің палатада азуын айға
білеп, күйеуіне зіркілдеп айбар шеккендегі түрін көргенімде өз кезіме
өзім сенбедім. Жаяу жатып, атты түсіп қарайтындай келіншек аяқ
астынан бет əлпетінен жан шошитып нағыз жалмауыз кемпірдің өзі боп
шыға келді.
Бар қанын ішне тартып алған. Айналасына зəр шашып тұрғандай түсі
суық. Бетінің əжімдері де көбейіп кеткен сияқты. Тұла бойы қалшылдап,
екілене сөйлегенде тұра қашқың келеді.
Бұл оқиға жақында болды. Кешкі тамақты жаңа ғана ішіп алып, кітап
оқып отырғам.
Ал, Ақылбек аға мен Қайсар өзара əңгімелесіп, əлденеге күліп жатқан
еді. Сол кезде дəліз жақтан шаң-шұң дауыс шықты. Артынша палатаның
есігі айқара ашылып кетті де, қүдды тазы қуған қояндай ентігіп Раушан
жеңгей кіріп келді. Делек танауы делдиігі кеткен. Екі көзі құтырған
сиырдың көзіндей шатынап тұр. Кіжіне тістеніп, қолына іліккен кісіні
тура жүндеп тастауға оңтайланған адамға ұқсайды. Ə дегенде, ол
күйеуіне қарай тап беріп еді, артынша-ақ кезекші дəрігердің кіріп келе
жатқанын көріп қалып, енді соған тарпа бас салды:
— Əй, докторсымақ! Бері қара! Сен мені ақымақ санайсың ба? Əлде түк
көрмейтін, су қараңғы соқыр деп ойлайсың ба? Айтшы өзің! Мына
жарымжан мешелді сен үйіңе қайтарам депсің, ə?! Үйінде оған кім
қарамақ?! Сенің қатының келіп, басында отыра ма?! Əлде өзің барып,
күніне екі-үш реттен дəретін төгіп тұрасың ба?! Кереп жоқ дедім ғой,
маған мұндай мешелдің! Ажырасам! Жазылып кетер деп шайтан
үмітпен үш жыл сарғайып күттім. Сол да жетер — Мен əлі жаспын, —
деді Раушан ентігін баса алмай алқына сөйлеп. — Адамға ұқсап өмір
сүргім келеді. Ұқтың ба, өмір сүргім... Мына тірі өлікті қайта-қайта
əкелем. Сен оны қайта-қайта маған тықпыштай бересің. Неге өздерің
қарамайсындар? Неге өздерің күте бермейсіңдер?! Пəледен тезірек
құтылғыларын келеді, ə' Мен жас басыммен омалып, ғұмыр бойы
осының қасыңда отыра берем бе? Жоқ! Керегі жоқ, мұндай мешелдің'
Жатсын осында. Жатыр ғой мыналар, жұрттан жаны артық емес шығар.
Ал, ауруханадан зорлап шығаруға правоң жоқ сенің. Бəрібір өлексені
үйіме кіргізбеймін! Маңайыма жолатпаймын!
Дəрігер жігіт қапелімде сасқалақтап, не дерін білмей қалды. Көпке
дейін аузына сөз түспей көзін жыпылықтата берді. Бір рауаятта барып
есін жиғандай болды. Жүзінде ызғар ойнап, түтігіп кетті:
— Адамга ұқсап өмір сүргім келеді дейсің, ə!? Мына сиқыңмен сен
ешқашанда адамға ұқсай алмайсың! Адамнан садаға кет’ Мені түк
білмейді деп ойлайтын шығарсың? Бəрін
білем! Мына білдей азаматты мүгедек етіп тастаған да сен! Сенің удай
ащы осы тілің! Сен сияқты жылан тілді зымияндарды соттау керек!
Кезекші дəрігер бойын кернеген ашу-ызаға тұншығып одан əрі сөйлей
алмай булығып қалды. Аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығып жатқан
бетпақ əйелді біреулер дəлізге қарай итермелеп əкетті.
Дəрігер лəм-мим демей, Ақылбектің төсегінің шетіне отырды да,
науқастың аяқ-қолын сипалай бастады. Мен сонда ғана аңғардым.
Бағанадан бері тіс жармай оқты көзімен əйелін атып жатқан ағайдың
бүкіл денесі қалшылдап үстіне жапқан жұқа көрпеше тынымсыз дірілдеп
тұр екен.
Раушан жеңгейдің шынайы бейнесін мен сонда ғана көргендей
болдым. Сырттай қарағанда жұрттың бəрі бірдей, бəрі жақсы сияқты
емес пе? «Малдың аласы сыртында, ал адамның аласы ішінде» деген рас
сөз ғой.
Сонымен саған өз ауруым жөніндегі бар шындықты бүгін келгеніңде
айтайын ба?, ертең операциядан соң өзің-ақ естіп білесің бе?
Шындық. Соны саған айтудың керегі бар ма, Гауһар? Профессор маган
өз сырқатым жөніндегі шындықты бүкпесіз айтып дұрыс істеді ме? Егер
ол сəл жұмсартып, жеңілдетіп, яғни сəл-пəл өтірік қосып жібергенде, мен
мұнша жан далбасаға түсіп, əңкі-тəңкім шықпас еді ғой. Өзім жөніндегі
ащы шындықты дəрігерлерден қазмырлап сұрап жүріп біліп алғаныма
мен бір сəт іштей қатты кынжылдым да. Зілі жоқ жалған сөздің де кейде
жанға шипа, дертке дару болатынын дəрігерлер мен əйелдер ғана жақсы
білсе керек.
Əйтсе де, балдан тəтті жалған сөзден жанға батар ақиқаттың өзі артық
емес пе? Қашан да адамдардың ағынан жарылып, бүкпесіз
əңгімелескеніне не жетсін. Ақты ақ, қараны қара деп кесіп айтудың несі
ерсі?
Шындық — құрамында ешқандай бөтен қоспасы жоқ тап-таза, саф
алтын сияқты шығар деп ойлаймын. Бірақ таза алтынды адамдар сол
күйінде ешқашанда қолданбайды ғой. Адамның əйтеуір бір кəдесіне
асыру үшін саф алтынға басқа металдардан там-тұмдап болса да міндетті
түрде қосады. Сонда ғана алтын құрыштай шынығып, сапасы жақсарып,
беріктігі бұрынғыдан арта түседі. Бірақ бұл енді қанша берік деп
мақтасақ та таза алтынның өзі емес қой.
Дəл осы сияқты шын сөзге де кей-кейде бірер шым-шым жалған дерек
қосып жіберсе, онда шындықтың адамға беретін эмоциялық лəззаты,
рахаты, күш-қуаты бұрынғысынан еселеп арта түседі емес пе? Мұндай
сөздің құрамында қоспасы, яғни өтірігі бар екенін анық-қанық біле
тұрып-ақ оған рахаттанасың. Одан лəззат аласың. Мəселен, саған біреу:
«Ай қабақ, алтын кірпік қыз көрдім», — десе сенесің бе? Бұл өтірік қой.
Кіршгі алтын адам бола ма, сірə? Бірақ дарынды ақын сұлу қыздың
бейнесін аспандағы айға, күнге, жұлдыздарға қиыстыра теңеп, жүрек
тебірентерлік жыр жолдарын оқып жатқан сəтте ешкім оған: «Мынауың
өтірік», — деп ұрыспайды ғой. Қайта мұндай жырлар қиялымызды
қытықтап, өзімізді тəтті сезімдерге мас қып тастайды емес пе? Неге?
Өйткені мұндай жырларда құрғақ шындықтың өзі ғана емес, жанымызға
майдай жағып, судай сіңетін ұнамды алданыш та бар. Ешкімге зияны
жоқ, қайта лəззаты мол мұндай алдамшы сезімдерге өзіміздің де іштей
сенгіміз келіп тұрады. Көне заманның бір данышпаны поэзияны
«шайтанның шарабы» деген екен. Бұл тегін айтылмаған сөз болса керек.
Ал, егер, шынында да, адамдардың сана-сезімінен шындыққа
жанаспайтын, бірақ балдай тəтті қиял-ойларын, фантастикалық сағым-
елестерін, кейде бір-бірінің көңілін көтеру үшін айта салатын мадақтау
сөздерін түк қоймай, жұлып алып тастаса не болар еді.
Менің бір досым бар. Сол өзіне жақпайтын шындықты ертерек айтып
қойғаны үшін туған əкесін өлердей жек көріп кеткенін білем. Абайсызда
шындықтың бетін ашып қойғанына əкесі де ғұмыр бойы күйініп өтіпті.
Əлгі досымның анасы өгей екен. Бірақ досым солай екенін он бір
жасқа келгенше білмей, ешбір қайғы-уайымсыз, алаңсыз, балалық
базарын қыздырып, ойнап-күліп жүре береді. Өгей анасы да бала
дегенде ішкен асын жерге қоятын, ете мейірбан, елгезек адам болады.
Ол өзінің өгейлігін балаға ешқашан да сездірмей, қыста ызғар, жазда
шаң тигізбей, оны мəпелеп өсіреді.
Бір күні ашу үстінде əкесі əйеліне: «Қанша айтқанмен, өгейдің аты
өгей екен ғой», — деп қалады. Бұл сөзді құлағы шалып қалған бала
көршілерінен қоймай сұрап жүріп бар шындықты біліп алады. Сөйтсе,
оның туған анасы жеңіл мінезді əйел болған екен.
Күйеуінің көзіне шөп салып, ақыры үш айлық нəрестесін де, күйеуін де
тастап, кездейсоқ біреумен қол ұстасып, бір түнде қашып кетіпті.
Жасы он бірге жеткенше кайғы-уайымның не екенін де сезбей келген
жас жауқазындай ойын баласы туған анасы хақындағы ащы шындықты
естігенде төбесінен жай түскендей есеңгіреп, тауы шағылып қалады.
Содан бастап ол ішқұса боп, аш күзендей бүгіліп, бұрынғы ақ жарқын
мінезінен де айрылып, үнемі тұнжырап, тымырайып, өзіндей балаларға
да қосылмай, оңаша жүретін əдет шығарады.
Содан əлгі досым отбасын құрып, өзі əке боп, бала- шаға қызығын
көргенше бір жадырай алмай, өзінен-өзі сары уайымға салынып, көкіреп
шерге толады да жүреді.
«Менің балалық шағымды əкем ұрлап алып қойған», — деп күрсінетін
ол кейде. «Егер əкем балалық жүрегімді жаралап, əлі қата қоймаған
кабырғамды қаусатып кетпегенде бар ғой, менен бақытты адамды іздеп
табу қиын болар еді. Ал, шындықты — жақсы мен жаманды, ақ пен
қараны өскен соң өзім-ақ ажыратып алар едін ғой. Əкем байғұс
шындықтың бетінсəл ертерек ашып тастағанына өкінем», — дейді ол
кейде.
Жазғы жауын жолдың шаңын басып, ауаны тазалап, себелеп қана өте
шығады ғой.
Мұндай жаңбырдан кейін шілденің шыжып тұрған ауасы біразға дейін
қоңыр салқын боп, адамдар рақаттанып калады. Зияны жоқ жалған сөз де
осы сияқты болуы тиіс. Дүниеде тамып кеткен жеріне дереу тамыр
жаятын, артынша тікенекті шеңгел боп өсіп шығатын өтірік жаман ғой.
Сондай өтіріктен сақтанайық, Гауһар Ал, менің өз бойымдағы ауыр
дертті жеңіл дегенім, ертеңгі операцияны бүгіп қалғаным зілді өтірікке
жата қоймас. Бүгін жасырсам да, бəрібір өтірігім күні ертең-ақ мəлім
болады. Бірақ сені бір күн де болса қиналмасын, торықпасын, күйінбесін
дедім. Саған бір минуттық артық қайғыны арқалатқым келмейді. Сенің
көңіліңе ешқашан көлеңке түспесе екен деймін.
Мына өмірдің қызығына тойған ба адам, сірə?' Жаман айтпай, жақсы
жоқ. Күні ертең қан жылап, қара жамылып қалсаң, онда бəрін өзің-ақ
түсінерсің. Мені кешірерсің онда, Гауһар.
3
Гауһар! Бағана сен маған келіп, екеуіміз аурухана ауласында əрі-бері
қыңырып жүрген соң-ақ аласұрған асау жүрек сəл саябырлап, көңілім
орнығып, жаным жайланғандай боп еді Ал, өзіңмен аурухана қақпасы
алдында қоштасып, палатаға қайтып кірген бойда-ақ дегбірім қайта
қашып, тағы да тықыршып кеттім. Қайдағы бір берекесіз ойлар маза
бермей, төзімімді тоздырды.
Бүгін кешегіңен де көңілің көтеріңкі, сергек екенсің. Егер адамның
ішкі жан дүниесіне сəуле құйылып, көңілі шат-шадыман болса, оның
жүзі де өзінен-өзі нұрланып,
əдеттегісінен көрікті боп көрініп кетеді ғой. Бүгін сен де солай,
əдемі екенсің. Сол сұлулығынды бұзғым келмеді. Ондай қиянатқа
қолым бармады: ертең операцияға түсетінімді сол себепті де
айтпадым саған.
Менің тағы бір кінəм бар, Гауһар Профессор маған: «Жұбайыңыз
бүгін міндетті түрде маған жолықсын», — деп тапсырған еді. Оны да
саған айтпай жасырып қалдым. Неге дейсің ғой? Айтайын. Егер
операция өмірге аса қатерлі болса, яғни науқастың операция столынан
тірі оралатынына сəл күдік туса-ақ нейрохирург ауру кісінің ең жанашыр
адамынан қолхат сияқты қағаз жаздырып алып қалады. Сол бір сұсты
қағазда «Осындай операцияға өзіміз келісім бердік», деген жолдар бар.
Демек, бұл олай- бұлай боп кетуі де ықтимал деген сөз ғой.
Егер сен бүгін мұндай қағазға қол қойсаң, ертең қандай күйге
түсетініңді болжап білу қиын емес. «Неге ғана қол қойдым», — деп
өзіңді-өзің іштен жеп тауысасың ғой. Ол қағазды көрсең сен бүгін-ақ
жылап-сықтап есің кетер еді.
Жаңа ғана мен профессордың кабинетіне кіріп, сол документке өзім
қол қойып шықтым. Иə, өзіме-өзім кепілдік бердім. «Əйелім бүгін келген
жоқ», — деп аузы- мұрным қисаймай өмірімде тұңғыш рет дəрігерге
жалған сөйледім. Басқа лажым болмады. Сені түнде тыныш ұйықтасын
дедім. Өзіннің бүгін ұзақ түнге кірпік қақпай қиналарымды сездім. Тым
құрыса біреуіміз адамға ұқсап, рахаттанып ұйықтап шығайық деп түйдім.
Мен осынша жасқа келіп, мұңдай ұзақ та, азапты түнді көрген емеспін.
Ащы ішектей шұбатылған не деген таусылмайтын, ұзақ-сүре түн
десеңші! Күні бойы еңбек етіп, əбден діңкелеп, ал түнде түк сезбей дереу
ұйықтап қалудың өзі де зор бақыт екен ғой.
Түні бойы ой-қиял əлеміне саяхат жасап, көз шырымын алмай,
дөңбекшіп шықтым.
Гауһар! Осы біз таң атып, күн шыққан сайын қуанамыз ба, жоқ па?
Егер қуанбай жүрген болсақ, онда көп нəрседен құр қалып жүргенімізге
кəміл сене бер. Алтын таңның арайлап атуын күн сайын көруден артық
лəззат бола ма, сірə! Бүгін түнде тұңғыш рет соны сездім. Бірақ
күнделікті күйбеңмен жүргенде көптеген ұлы құбылыстарды мулдем
ұмытып кетеді екенбіз ғой.
Егер осыдан тірі қалсам, күн сайын ұйқыдан ертерек оянып, күллі
əлемге жарык əкелетін құдіретті Күннің көкжиектен қалай көтеріліп
шығарын күн сайын тамашалар едім. Мұны бүкіл ғұмыр бойы істер
едім. Одан, сірə, жалықпас едім
Неге дейсің ғой? Бұл сауалға бір-екі сөзбен жауап бере салу қиын
шығар. Таң құдіретін, Күн шапағатын толық түсіну, түгел сезіну меніңше
кез келген адамның қолынан келе беретін оп-оңай іс емес. Мұны тек
түнере түскен бейуақ қараңғылыкта ажал дейтін үрейлі сезіммен жекпе-
жек қалып, ұзақ түнге таңның атуын əрі асығып, əрі қорқып тықырши
күткен жандар ғана жақсы ұғынса керек.
Қара көрпе жамылған осы тылсым түн мен өлім қатері арасында
əншейінде көзге шалына бермейтін құпия бір байланыс бар ма деп
қалдым. Əйтеуір қара бояу мен ажалдың арасы онша алыс емес
тəрізді.
Ал, таң шапағы адамдарға əр жолы шексіз қуаныш əкеледі. Сол
қуаныш қазанынан осы таңда сыбаға ала алмай, құр қол қалған жандар
ертеңгі күнге үміт артады. Өйткені олар ертең де міндетті түрде дəл
осындай таң атып,күн шығатынына кəміл сенімді болады.
Өмір атты керуен осылайша күн сайын игі үмітке иек артып, тоқтаусыз,
алға қарай жылжи береді.
Ал, мен ше? Мүмкін, енді сан миллиондаған жылдардан кейін де,
мəңгі-баки мен үшін ешқашанда таң да атпай, күн де шықпай, осы қара
түнек басып тұра беретін шығар. Аспан шырағының басқалар үшін
жарқырап жанғанынан маған не пайда?
Рас, басқалар таң шапағын мен сияқты асыға, аптыға, құты қашып
күтпейді Тіпті күткеннің өзінде де маған ұқсап қылаң бере бастаған
таңғы сəуле бүгін маған өмір сыйлай ма, өлім сыйлай ма деп
қорықпайды. Өйткені олардың бойында өздерін қыл мойынға тақап,
төзімін тауысып бара жатқан мендегідей үрей сезімі жоқ. Мына тылсым
түннің қара түнегін ысырып тастап, арайлы таңның атарына да, күн
шұғыласына өздерінің шомылып аларына да олар шүбə келтірмейді.
Ертең ұйқыдан ояна салып, өзінін бауыр еті баласын да, мейірім
шашқан анасын да, адал жанды жарын да құшақтап сүйе алатынына
титтей де күдіктенбейді.
Күншығысымен-ақ қызметтес жолдастарын көретініне де, сүйікті
жұмысын əрі қарай жалғастыра түсетініне де сенеді олар. Сау-саламат
адамды күдік құрты неғылсын!
Гауһар! Қазір түн ортасы, мен терезе жаққа қарап жатырмын. Дала
бүгін тас қараңғы сияқты. Қасымдағы жолдастарым тұяқ серіппей
үйықтап жатыр. Палата іші ала көлеңке. Өйткені дəліздегі электр
шамының жарығы бөлменің сəл ғана ашық қалған есігінен ішке қарай
сығырайып түсіп тұр.
Бір кезде далада күн күркіреп, жай оты жарқ-жүрқ ете түсті. Нақ сол
сəтте керуендей шұбатылған ой дүрмегін кенет үзіп алдым. Найзағай
ойнағаңда бөлме іші қас қағымдай бір сəтке күндізгідей жап-жарық боп
кетті. Іле-шала жаңбыр себелеп, терезе шыныларын тарсылдатып
соққылай бастады. «Ертең алма ағаштары гүлдейтін шығар» деп
ойладым. Бірақ сол бадырақтай-бадырақтай ғажайып ақ гүлдерді мен
көре алам ба?
Кешкі апақ-сапақта мамық түсті қаз бауыр бұлттар кокжиектен көтеріле
бастаған еді.
Оны өзіңді күтіп, бақ ішінде жүргенімде көргем. Енді қазір, түн
ортасында сол бөлек- салақ ұлпа бұлттар өзара тұтасып, аспан əлемінен
тоқымдай ашық жер қалдырмай, теп- тегіс торлап алған шығар. Бағана
күн ұясына батарда шарбы бқлттардың бетіне қан жүгіргендей сəл ғана
қызғылт түс пайда болған. Мұндайда қариялар: «Ертең ауа шайдай ашық
болады», — деп жорамал айтатынды. Мүмкін, солай да шығар. Бірақ сол
ертеңгі шайдай ашық аспанды мен көрем бе?
Бəрін ұмытайын деп қанша жан салсам да осы бір күдік атты
қызыл көз пəле қыр соңымнан қалмай-ақ қойды.
Бір сəт өзімнің науқасымды да, ертеңгі операцияны да мүлдем естен
шығарып, бұлдыр үміт пен тəтті қиялға елтігі жата берсем қандай рақат
болар еді.
Бұрын, денсаулықтың бар кезінде, уақытымның көп кезінде осындай
ұзақ түндерде ұйықтамай жатып, неге армандамадым екен, э? Тіпті мен
қазір арман-қиял дариясында қалай жүзу керектігін де ұмытып кеткен
жоқпын ба? Адам қайта балалық шағында ақылдырақ бола ма деп
қалдым. Ол кезде ойынға да, мектепке де, үй шаруасына да, тіпті
армандауға да уақытымыз молынан жетіп жататынды. Ал, есейіп, ер
жеткен соң «уақыт жоқ» деген сылтауды қалай қолдану керектігін
мықтап меңгеріп алдық.
Біз өз жалқаулығымызды осы арзан сылтаумен бүркемелеп, өзімізді-
өзіміз алдап жүрген жоқпыз ба? Кейде маған солай боп көрінеді.
Балауса шағымда маған түннің тамашасы күндізгідегіден де көп боп
көрінетінді. Төбесі жайпақтау келген, аласа ғана шағын үйде тұрдық.
Жазда мен сол үйдің төбесінен түспеуші едім. Кешкі асты апыл-ғұпыл
іше сап, корпешемді алам да, сатымен үйдің төбесіне өрмелеп шығам.
Сонда түнеймін.
Үй төбесінде шалқамнан жатып алып, ашық аспанда жымылдасқан
жұлдыздарды қызықтаймын. Алдымен өзім білетін жұлдыздарды
түгендеп шығам. Бəрі орны-орнында тұрғанына əбден көзім жеткен соң
ғана басқаларына көз салам.
Аспан əлемі маған бас көтермей оқи беруге болатын ғажайып қызық
кітаптай боп көрінуші еді. Сол кітапты оқып жатып, Арман аулына саяхат
жасап кетем. Сонау қиял жетпес жұлдыздарға да талай мəрте барып
қайтқам. Айға ұшып жететін космос кемесінің капитаны да болғам.
Өзімше бұрын ешкім байқамаған жаңа жұлдыздар да ашқам. Тіпті оларға
өзімше əдемі ат қойып та үлгергенекен ғой.
Ертегілерде ғана кездесетін. Арман ауылын емін-еркін аралаудың өзі
де бір ғанибет емес пе? Балауса шақта қиял қуып, армандап көрмеген
жандар өмірде көп нəрседен құр алақан қалғанын сезе ме екен? Егер
адамдар тек нақты есептерге ғана арқа сүйеп, арман атаулыны ұмытып
кетсе не болар еді? Армандауды ұмыту жөнінде ойланудың өзі үрейлі
емес пе?
Біреудің қандай адам екенін білу үшін оның ақыл-парасатынан гөрі,
арман-мақсатына көбірек назар аударамыз ғой. Адамды өмірге
ынталандырып, күллі тіршілікке мəн-мағына беретін де сол арман емес
пе? Бізді ғұмыр бойы алға жетелеп, биік шыңдарға шығаратын, шабытты
еңбекке жігерлендіретін осы арман ғой.
Адамдар сонау көне заманнан бастап, ай мен жұлдыздарға баруды
армандап, өзінің осы қиял-мақсаты жөнінде ғажайып ертегілер
айтпағанда, бүгін космостық кемелер шексіз əлем кеңістігінде зырқырап
ұшар ма еді? Мұның бəрі бір кездегі арманнан, қиялдан, аңыздан
басталған жоқ па? Демек, армаңдау — еріккеннің ермегі емес.
Арман — адамның канаты емес пе? Олай болса, неге біз ер жеткен
соң тəтті қиялға берілуге, ізгі мақсатты армандауға уақыт таппай
қаламыз? Тіпті бос арман, құрғақ қиял деп əлі де жас балаша армандай
алатын жандарды мазақ ететін кездеріміз де болады ғой. Бір кезде
адамға қанат жасап, аспанға ұшыруды армандаған жандарды: «Есі
ауысқан екен», — деп тірідей отқа тастап, өртегені көне көз тарихқа
жақсы мəлім. Бірақ табиғаттың бүкіл əлемдік ұлы заңдарын ашқандар,
сол «қияли жандар, есі ауысқандар» ғой. Онда біз неге бүгінгі
арманшылдарға миығымыздан күліп қараймыз? Қазіргі қолда бар
нəрсенің бəрі бір кезде тек адамдардың қиялында ғана болды емес пе?
«Қиялдың күш-қуаты білімнің өзінен де маңыздырақ». Мұны
айтқан ұлы ғалым Альберт Эйнштейн. Демек, арман-қиялдың
қуатты қанатына арқа сүйегендер ғана басқалар шыға алмаған биік
шындарды игеріп алады.
Мен сан қилы ойға шомып, қиялға беріліп жатырмын. Қазір жұрттың
бəрі қалың ұйқыда. Адамның күні ертең істейтін жұмысы да, алдағы
мақсаты да, көңіліне ұялаған арманы да сұмдық көп қой. Əйтсе де
адамдар соның бəрін бір сəтке мүлдем ұмытып, тəтті ұйқыға беріледі.
Күні бойғы күйбеңнен тынығып, рақатқа бөленеді. Сөйтіп адамдар қап-
қараңғы, тылсым түннің өзін де кəдеге жаратып, оны лəззат мекеніне
айналдырып жібереді. Басқаларын есепке алмағанның өзінде, осы бір
əрекетінің өзі-ақ адам табиғатының ұлылығын дəлелдеп көрсетуге толық
жетіп жатыр емес пе?
Таң қылаң бере бастады ма, аспандағы бұлт ыдыраңқырады ма, əйтеуір
түні бойы қап- қара боп тұрған терезе жақ бозамықтануға айналды. Иə,
əлемге тағы бір жаңа. Күн шығып келе жатса керек. Өмірде күн сайын
соны көруден артық қуаныш жоқ. Бірақ жайшылықта оған мəн
бермейміз. Тіпті оны ескермейміз де. Рас, əрбір таң арай шашып атқан
сəтте біреулерге қуаныш сыйласа, енді біреулерге реніш ала келуі де
ықтимал. Бірақ жұрттың бəрі одан тек шапағат қана күтеді. Өйткені адам
табиғаты жамандыққа емес, жақсылыққа құштар. Ес біліп, етек
жапқаннан бастап іздейтініміз де тек қана ізгілік. Өзімізге де, өзгелерге
де соны қалаймыз.
Əрине, мен қазір бүкіл жан-дүниесі, ой-сезімі, ақыл- парасаты о
бастан-ақ күн шұғыласынан жаралған, өздері де жан-жағына мейірім-
шарапатын шашып жүретін, жаны нұрлы адамдар хақында айтып
отырмын.
Ал, мына жарық дүниеге жатырқап қарайтын, қашан да меңіреу
қараңғылыққа үйір, көңілдері көн боп кеткен қорқаулар құдіретті.
Күннің отты көзінен зəре-қүты қалмай қорқады ғой. Хикая бұлар
жайында емес. Өйткені мұндай жүрегі қара, түбі арамдарды адамзат
ешқашанда өз санатына қосып санамаған.
Тура біздің терезе түбінен зеңбірек атылғандай əлдене гүрс ете түсті.
Оқыстан шыққан дыбыстан шошып кеттім. Далада күн күркіреп жатыр
екен. Ұшқыр қиял тым алыстап кетсе керек. Қазір ауруханада жатқаным,
ертең, жоқ енді бүгін өзіме операция жасалатыны қайта есіме түсті. Ауыр
ойдан аз уақытқа болса да құтылып, сəл-пəл тынығып қалғаныма
қуандым. Енді бойымдағы үрейді жеңіп, өзіме-өзім келген соң қасымда
жатқан жолдастарымды ойлай бастадым.
Бір палатада үшеуміз. Апау екеуі тарсыл-гүрсілге былқ етер емес.
Қыбыр етпей ұйықтап жатыр. Өйткені екеуіне де əр үш-төрт сағат
сайын ұйықтататын укол жасап кетеді. Екеуі де жер басып жүре
алмайтын, аяқтан қалған науқастар
Адамдар ауруханада жайшыдық кездегіден гөрі тезірек
шүйіркелесіп, оп-оңай-ақ танысып, əп-сəтте кəдімгідей сырлас, мұңдас,
кейде тіпті пікірлес боп кетеді екен. Басқаларды қайдам, əйтеуір біздер
сөйттік. Күш ұзаққа тырп ете алмай көк жамбас боп, туралап
жатқандықтан ба, əлде науқасымыз ұқсас болғаны үшін бе, кім білсін,
əйтеуір айтқан сайын əңгімеміз қоюлана түседі. Небəрі үш-төрт күннің
ішінде-ақ біздер бір- бірімізді баяғыдан бері білетін адамдарша əкей-
үкей боп қалдық.
Ішіміздегі ақсақалымыз — Ақылбек ағай. Ол өзі елуді енді ғана еңсере
бастаса да төбе шашы сиреп, əжептəуір қасқаланып қалған, самайына
қырау іліккен, атжақты, тік қабақ, қара торы кісі. Бір қарағанда жүзі
сүсты, өңі ызғарлы көрінгенмен, ол мінезі жібектей есілген биязы, жаны
жайдары, əзілқой жан екен. Бойы онша ұзын емес, қайта таиалдау болса
керек. Зембілге салып, шалқасынан жаткан күйінде палатаға əкелгелі
бері төсектен бір тұрған емес.
Ақылбек аға ғылым хақында, ғалымдар жөнінде қаншама көсіле
хикаяласа да, өзі туралы айтқанда шамдан- шақ аттай кібіртіктеп,
сауалға сараң жауап береді екен:
— Тəйірі, бізді қойшы Тындырғанымыз шамалы. Басымыз онша мықты
емес қой. Əйтпесе адамның басына операция жасайтын жерде өстіп
жатар ма едік, — деп өзі жайындағы сөзді қашанда қалжыңға
айналдырып жібереді. Бұл кісінің ғылымда көп жаңалықтар ашқан
белгілі ғалым екенін, əрі белді ғылыми мекемелердің бірін көп жылдар
бойы басқарып келгенін біздер сырттан көңіл сұрай келіп жүрген жора-
жолдастарының өзара əңгімесінен аңғарып қалған едік.
Ал ең кенжеміз — Қайсар. Жасы жиырмаға енді ғана жеткен осы бір
бүлдіршіндей, сүйкімді жігітке дəрігерлердің өздері де айрықша жан
ашырлық сезіммен елжіреп, мейірлене қарайтын сияқты. Осында
əкелгенде кірпік қақпай ес-түссіз еді. Арада бір тəулік өткен соң ғана
көзін ашып, өзіне келді.
Қайсар иба сақтап, үлкендердің сөзіне онша араласа бермейді. Кобінесе
сөзімізге құлақ түріп, сəл күлімсірей қараған күйінде үн-түнсіз жата
береді.
Гауһар! Кейде біз адамның кескін-келбетіне, түр- əлпетіне, сыртқы
болмысына қарап- ақ «Мынау кісі жүрек жұтқан батыр шығар, ал мынау
біреу жаны жоқ қорқақ болар», — дей саламыз. Сонымыз дұрыс емес
екен. Оған əбден көзім жетті. Көзімді жеткізген осы Қайсар.
Бұл жігіт əлі бет пердесі жыртылмаған баладай ұяң. Сырт көзге ол
жасқаншақ та боп көрінеді. Егер оны біреу маған көшеде сыртынан
көрсетіп «Мына бала жігіт нағыз батырдың өзі», — десе, мың жылда да
сене қоймас едім. Өйткені оның өн бойында жаужүрек жандардың
бейнесіне тəн бірде-бір белгі — айбатты кескін-келбет те, сом дене де,
найзадай өткір көзқарас та жоқ. Қойдан жуас, қозыдан момақан, кəдімгі
өзіміз күнде көріп жүрген мыңдаған бозбалалардың бірі.
Бірақ Қайсар мыңдардың бірі емес. Ерекше жаратылған жан ол.
«Жиырма бес баланы ажалдан алып қалған жігіт» жөніндегі очеркті
газеттен оқығаныда, осы шына- шақтай жігіттің қолынан соншама
ерлік, ізгілік, адамгершілік қалай келді екен деп жағамды ұстадым.
Меніңше, жайшылықта, қауіп-қатер жоқ кезде шешіле қоймайтын
жалғыз ғана өмір жұмбағы бар. Кімнің ер жүрек, ал кімнің қорқақ
екенін күні бұрын болжап шеше аласың ба? Жоқ, əрине Өмірдін бұл
жұмбағы тек ажал иісі аңқыған қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, онымен
жекпе-жекке түскен сын-секундтарда ғана шешілсе керек.
Əрбір адамның бойында батылдық та, қорқақтық та, сараңдық та
қасиеттер там-тұмдап болса да бар ғой деймін. Бірақ сын сағатта
солардың қайсысы жеңіп шығады? Қайсысы басым түседі? Міне, гəп
осында.
Жайшылықта ғұмыр бойы сыр бермей жүре беруіміз ықтимал. Бірақ
қауіп-қатер төнгенде оның кім екені бір секундта-ақ мəлім боп қалады.
Иə, біреулерді мəңгілік өшпес даңққа бөлеп, ал басқа біреулерді ғұмыр
бойы арыла алмайтындай етіп масқаралап, қас қағымда өте шығатын
осындай секундттарда адам бойындағы əлгі жақсылық пен жамандық,
батылдық пен қорқақтық. Ар сотының таразысына барып түссе керек.
Қай қасиеттің басым түсерін қашанда жүрек əміріне бағынатын Ақыл-
парасат шешпей ме?
Жайшылықта бетегеден биік. жусаннан аласа боп, жұрт көзіне
жарқырап түсе бермейтін кейбір кішіпейіл жандар осындай сын-
секундтарда қараңғы түндегі найзағайдай жарқ ете түседі ғой.
Кеше бүкіл ел басына күн туып, жау жағадан алғанда бір секунд та
ойланбай. Отаны үшін жанын пида етіп, өз кеудесімен жау дзотының
амбразурасын жапқандар аз болған жоқ. Бұл тек батырлық қана емес,
биік адамгершілік, зор парасаттылық. Патриоттық. Осы бір секунд
ішінде атқарылған ерлік іске ол бүкіл ғұмыр бойы өзін əзірлеп келгеніне
мен кəміл сенем.Ал, Қайсар ше? Ол да дəл солай ойлайтын шығар.
Əйтпесе мұндай ерлікке бара алмас еді ғой.
Қайсар жүк таситын машинасын құйындатып күндегі əдетімен бейғам
келе жатты.
Төбеден төмен қарай құлдилай құлап жатқан жолға түсе бере-ақ ол
машинаның тормозы істен шыққанын сезді. Бірақ абыржыған жоқ.
Көпірден өтіп, ойпатқа жеткенде екпіні басылып, машинаның өзі-ақ
тоқтар деп ойлады. Бірақ көпірдің үстінде бір топ жас бала ойнап
жүргенін кенеттен көзі шалып қалғанда арқасы мүздап қоя берді. Не
істеу керек?! Көпірге дейін таяқ тастамдай ғана жер қалды. Қас қағамдай
ғана уақыты бар. Көзді ашып- жұмғанша ағып өте шығатын қып-қысқа
уақыт ішінде ол бəрін ойланып та, толғанып та, бір шешімге бел буып та
үлгіруі керек еді.
Қазір ол екінің бірін үстеуге мəжбүр. Не машинаны оңға қарай, яғни
түпсіз терең шыңырауға қарай кілт бұрып жіберіп, өзі өлуі керек. Немесе
көпірдің үстінде ойнап жүрген бір топ балдырғанды қызыл жоса қан ғып
жаншып өтуі тиіс. Басқа лажы жоқ.
Бір-ақ секунд! Əйтсе де мұның өзі онша аз уақыт емес екен. Қас пен
көздің арасында өзінің бүкіл өмірін, əке- шешесін, сүйген қызын
қалайша көз алдынан бір-бір өткізіп үлгіргеніне бүгін Қайсардың өзі де
онша сене қоймайтын сияқты. Солай. Талай-талай
жылдарға татитын секундтар болады. Сондай секундттарда сасып
қалып, ғұмыр бойы өкініп өтетіндер де кездеседі екен.
Қайсардың бар есінде қалғаны — машинаны терең сайға қарай кілт
бұрып жібергені.
Тірі қалам деп ойлаған жоқ екен. Кездейсоқ өлмей қапты. Машина
күлпарша бопты. Мұның бəрін ол кейін естіп білген.
Ауруханаға шала-жансар күйінде əкелген екен. Əйтеуір ол осы
палатада есін жиып, көзін ашты. Бел омыртқасы сынып кетіпті. Демек,
ол енді ешқашан өз аяғымен жер басып жүре алмайды. Мəңгілік
мүгедек...
Ауызға үріп салғандай əп-əдемі қалыңдығы да бар екен. Көрдік.
Артынан іздеп келіп кетті. Қайғылы оқиға екеуінің қосылу тойына үш
күн қалғанда бопты. Тағдыр кейде тым қатыгез ғой. Бұлардың өмірі енді
не болар екен? Кешегі қыз қайтып келе ме, жоқ па?
Профессор оған бəрін бүкпесіз айтып жеткізген шығар. Демек, қыз
тағы келсе, онда Қайсардың ауыр тағдырын бөлісуге бел буғаны.
Ал, келмесе ше?
Шіркін-ай, адам баласы туылып, мына жарық дүниеге келген соң
қайғы-қасірет көрмей-ақ өтіп кетсе ғой. Адам ауырмаса, қартаймаса,
өлмесе не болар еді? Онда, мүмкін, мына өмірдің шексіз рақатын, бар
қызығын жан-тəнімізбен толық сезе алмас па едік?
Ащының дəмін татпай, тəттінің қадіріне жету қиын ғой. Сол үшін
тағдыр бізді кейде қинап-қинап ала ма екен?
Бір күні зерігіп отырып осы пікірімді Ақылбек ағаға айттым. Ə
дегенде ол бұған күлді де қойды. Ертеңіне ғана ол менің əлгі сөзіме
қайта оралып, өзі бұл женінде бір хикая шертіп берді:
— Адам, сірə, қайғы-қасірет көрмесе, ауырмаса, қартаймаса, өлмесе
дейсің, ə? Баяғыда бір патша бопты. Оның жалғыз бір ұлы бар екен.
Патша «Жалғыз балам өмірдің бірде-бір тауқыметін көрмесе», — деп
армандайды екен. «Балам ауырган адамды, қартайған кісіні, марқұм
болған пендені көрсе қайғымен қан жұтып, мына қызықты өмірден
меселі қайтып қалар» деп ойлайды ол Сөйтеді де, патша жалғыз
баласын ел-жұрттан аулақ жерге, алыс бір таудың үңгіріне қамап, жат
көзге көрсетпей тəрбиелей береді.
Ақыры патшаның баласы — шаһзада ер жетіп, жігіт болады.
Өмірді көргісі келеді. Өзінше серуен құрып, табиғатты тамашаламақ
болады. Қасына б і р қызметшісін ертіп алып, үңгірден далаға
шығады.
Екеуі кең даланы қызыктап, мəз-мейрам боп күліп келе жатса, қарсы
алдарынан бір өлмеші шал шығады. Оның кəрілігі сондай, белі бүгіліп,
жауырыны күдістеніп, басы жерге тие жаздағандай, аузында бірде-бір тісі
жоқ, шашы аппақ, беті əжімнен көрінбейтін, көздері ірің-ірің, буын-
буындары дірілдеп, өзі таяққа сүйеніп əрең тұр екен. Өмірінде кəрі кісіні
көрмеген шаһзада шалға таңырқай қарап, жанындағы қызметшісінен.
Достарыңызбен бөлісу: |