— Жігіт адам да жылай ма екен?' — дедім мен Қайратқа жекіп.
— Жоқ, — деді ол жылап тұрып. — Мен оның ұрғанына
жылағам жоқ
— Əйтпесе неге сонша ебш-дебш боп түрсың?
— Саған тіл тигізді ол.
— Қалайша маған тіл тигізеді? Мен төбелескем жоқ қой.
— Сені папама айтам деп едім...
— Иə?
— Сенің папаңнан қазір ит те қорықпайды. Ол төсегінен де
тұра алмайтын мешел деді. Ал, сен мешел емессің ғой, ə?
Ертең жүресің ғой?
— Жүрем, балам, жүрем .. Тек сен жыламашы. Əйтпесе сені
жылауық деп күледі ол.
— Оның көзінше жылағам жоқ. Былай шығып, жыладым.
Енді Қайрат емес, іштей егіліп мен жыладым. Көзден жас
шығармай, кайғы запыранын жұтып, алпыс екі тамырым түгел
егіліп, жан-жүйем езіліп, бар қайғы-
қасіретімді толық сезініп жыладым. Көз жасымды тірі пендеге
көрсетпей ұзақ түнге жылай-жылай əбден дəрменім құрып,
ақырында талықсып кетсем керек
Адамның кейде өзін-өзі көз жасына суарып, қатаятын сəттері де
болады екен.
Түнімен жылап, ертеңіне кəдімгідей ширатылып, қатайып қалғанымды
сездім. Əлдекімге іштей ерегісіп, егесіп, өршеленіп бара жатқандай
сезімде едім.
Таңертең, шынында да, талабым тай тегендей боп, қайсарланып
ояндым. Кеше ғана аударып біткен жүмысты қайта қолға алдық қой,
Гауһар. Өйткені сол аударманың сапасына көңілім толмай тұрғандай
болды. Қолжазбаның алғашқы бес-алты парағын саған оқытып едім,
көңілім табанда əлем-жəлем болды. Бес-алты бетте сəтті шыққан бес-
алты ғана сөз бар екен.
«Бастан-аяқ қайта аударып шығу керек» деген ой табанда сап ете
түсті.
Сол күні қайта кірістік қой, Гауһар. Сен титтей де қиналған жоқсың.
Қынжылған жоқсың. Соныңа мың да бір рахмет. Өйткені сенің ауырлап
тұрғаныңды сезіп қалсам-ақ жаным жабығып, іске зауқым соқпай қалар
еді. Сенің жадыраған жүзіңді көріп, мен де іске құлшына кірістім
Аяғыма салынған шідерді біреу шешіп жібергендей-ақ енді еркін
көсілдім. Жазғанда тіл жетпей қадатындай қиын көрінетін бейнелердің
өзі де енді бұрынғыдай ойқастамай, сəл-пəл жуасып, айтқаныма көніп,
айдауыма жүретіндей бола бастады.
Енді байқап қарасам, алғашқы аударғанымда түп нұсқаның
эмоциялық бояуларын ашық шығара алмаған екем. Астары бар айшықты
сөздердің баламасын жөндеп іздемеппін де ғой Асықсам керек.
Кітаптағы сөзді емес, ойды, образды аудару керек екен- ау. Мен
түпнұсқаны дəлме-дəл көшіруге, əріпшілдікке салынып кетіппін. Соның
бəрін енді ғана, кітапты екінші мəрте тəржіма жасай бастағанымда барып
сездім.
Зейнетінен гөрі бейнеті көбірек осы бір аударма ісі мені сөз
өнеріне ғана емес, темірдей төзімді болу өнеріне де баули түскендей
еді. Ертелі-кеш көзімнін майын тауысып, сан алуан ойларды тілмен
шалуға дəрменім келмей, діңкелеп жатсам да қолға алған істі
тоқтатқам жоқ. Біздер дамыл таппай жаза бердік қой, Гауһар
Қимылдаған қыр асады екен. Екі жарым ай дегенде білдей
кітапты екінші рет тəржіма жасап шықтық. Сонда бас-аяғы жеті
айдың ішінде көлемі он жеті баспатабақ хикаятты екі мəрте аударып
қойыппыз
Алғашқысындай емес, мына екіншісі өзіме ұнайтын сияқты. Əрбір
сөзі көңіліме қонып, жүрегіме ұялап қалған тəрізді. Құдды өлеңге ұқсап
өзара ұйқасып, үйлесіп, қабысып жатқан бейне бір сиқырлы əндей
сыңғырлап, əуезді естілетін сөз тіркестерін жалықпай қайта-қайта саған
оқытып, тыңдай бергім кеп тұрады, Гауһар.
Бұл — мен үшін үлкен жеңіс еді. Бойымды мақтаныш сезімі кернеді.
Аяқ-қолдан бірдей айрылып, жан шыдатпас аурудан аза бойы қаза боп,
қысқа күнде қырық өлген жан ғана түсінетін шығар мені. Ұзақ түнге
кірпік қақпай, аузына сыймай ісіп кеткен əлсіз тілімен кітап беттерін
жалап ашпай тұрып, мені түсіну қиын болар, сірə
Мен бұдан кейінде талай-талай əңгімелер, хикаяттар, романдар
аудардым. Бірақ солардың бірде-бірі осы алғашқысындай есімде
қалған жоқ. Екі қолым бірдей істемей қалғандықтан ғана емес. Күні-
түні сай-сүйегім сырқырап, жанымды қоярға жер таппай
жатқандықтан да емес.
Ең қиыны — менің өмір шамым біртіндеп өшіп бара жатыр еді.
Мен үшін енді тірі жата берудің ешқандай қажеті қалмағандай бола
бастағанды. Алдымда ешбір мақсат қалмай бара жатқанды
Осындай үміт шамы сығырайып, сөне бастаған сəтте əлгі кітапты
маған аударуға берген еді. Сен мені өлмей, тірі қалуға мəжбүр еттің,
Гауһар. Мен үшін кең дүние тар боп кеткен сəттерде жанымнан қарыс
аттап шықпадың. Жылау күндерді, бұлау күндерді бірге өткіздік.
Əйтпегенде соншама азапқа жалғыз жатып төзер ме едім? Бір аяғым
көрде, бір аяғым жерде жатып соншама жұмыс істер ме едім? Тіл өнерін,
сөз зергерлігін өз əлімше игере алар ма едім? Кім білсін?
Бірінші кітапты шындап келгенде мен емес, сен тəржіма қылдың ғой.
Мен тек ауызбен ғана айттым. Ал мен қайта-қайта өзгерткен сайын сен
əрбір парақты сан мəрте қайталап көшірумен болдың. Сенің сол жолғы
сарғайып отырып жеті ай жазған қағаздарыңды есептесе, көлемі кемінде
жиырма-отыз томдық кітаптай болар еді-ау деймін
Ең бастысы — сен менің қолымнан іс келетініне иманыңдай
иландың. Сенің бойыңдағы сол сенім маған таусылмас күш-жігер берді.
Сендегі сол пəк сенімді ақтау үшін мен бəріне де əзір едім. Небір ауыр
ойлардан іш құса боп, аш күзендей бүгіліп жатсам да, тірі жанға сыр
бергем жоқ. Біз екеуіміздің қандай дозақ отын кешіп өткенімізді өзгелер
түгілі, ең жақын адамдарымыз да білмейді ғой, Гауһар
Əрине, қуанышты сəттеріміз де аз болған жоқ. Есіңде ме, алғашқы
аударма кітабымыздың жарық көрген күш? Ащы менен тəттіні татқан
біледі ғой. Мен өзім сау- саламат жүргенде де, сірə, бүйтіп қуанып
көрген емеспін. Мүмкін, əбден өмірдің зəрін татып барып, қол жеткен
қуаныш жайшылық кездегіден гөрі артықтау боп көрінетін шығар. Оған
дауым жоқ. Бірақ шығармашылық жеңістің иісін сезіп, дəмін татқан соң
ғана мен бақыттың не екенін аңғара бастағандай болдым
Бейне бір күн тəрізді көзі түскен жеріне шапақ шашып, қасындағы
кісілерді нұрға бөлеп жүретін жандар болады. Күн күллі əлемге сəуле
шашудан жалықпайды
Жер-жиһанға тіршілік тынысын үздіксіз құйып тұрады. Сан ғасырлар
бойы айналасына шұғылалы шашу шашып жатса да, Күннің бойындағы
от-жалынның қызуы мəңгі- бақи басылмайды, сəулесі қазан болмайды.
Күн өзінің киелі міндетін ешқашан да ауырсынбаса керек. Өйткені əлемге
сəуле шашу, дүниені жарық қылу оның табиғи міндеті ғой.
О баста жаны нұрдан жаралған адамдар да солай. Қолынан келген
жақсылығын міндет қылмай-ақ істей береді. Қайта біреуге қол ұшын
бергенінен өздері лəззат ала ма деп қалдым. Əйтеуір мұндай кісілер
өздері үшін емес, өзгелер үшін өмір сүретін сияқты.
Біздің тəржіма жасаған кітабымыз басылып шыққанда алғашқы
данасын əкеп көрсеткен де Дастан еді. Мен кітапты көргенде өз көзіме
өзім сенбедім. Аяқ астынан əбігерленіп, көңілім қалбалақтап қалды.
Естен танып қуанған да, қорыққан да адамға бірдей əсер етеді екен-ау.
Апым кіріп, күпім шығып жатқанда Дастанға бір ауыз рахмет демеппін
де ғой. Оның қашан шығып қоштасып кеткенін де білмеймін.
Мүмкін, лəм-мим демегенім дұрыс та болған шығар. Өйткені бұл
ұсақ-түйек нəрсе емес қой. Дастанға «рахметтен» гөрі салмақтылау,
қомақтылау, күштілеу сөз тауып айтсам деймін. Егер қолымнан келсе,
əлемдегі бар жақсылықты соның басына үйіп-төгер едім. Бірақ осындай
жақсылық жасадым, сені аудармашы еттім деп жүрген ол жоқ. Қайта:
«Өстіп жатып еңбек еткен саған рахмет», — деп талай айтты өзіме.
Шіркін-ай, барлық адамдар осындай болса ғой. Өмір сүру қандай
жеңіл болар еді.
Дастан əкеп, жастығымның жанына қойып кеткен кітаптың
кереметтей əдемі мұқабасынан көз алмай, қанша уақыт телміріп қарап
жатқанымды білмеймін. Əйтеуір өзім бастап оқып көруге жүрегім
дауаламайтын сияқты. Белгісіз бір үрей сезімі пайда болды.
Əйтсе де, бекер жасқанған екем, Гауһар. Сен алғашқы бір бетін
оқып шыққаныңда- ақ жүрегім орнына түсті. Бірде-бір сөзін
өзгертпепті. Бəрі сол өз қалпында, өзіміз жазған күйінде самсап тұр.
Сен тек бірінші бетін ғана оқып шықтың, Гауһар. Одан кейінгі
беттерін саған оқытқам жоқ. Сен келген тұстан бастап, арғы жағын
мен өзім мүдірмей жатқа айта жөнелдім.
Сен таңырқаған күйіңде кітаптан көз алмай, дұрыс, дұрыс дегендей
басыңды изедің де отырдың. Мен үш күн бойы ертелі-кеш ауыз жаппай
он жеті баспа табақ хикаятты бастан-аяқ жатқа айтып шықтым. Өйткені
жан төзгісіз азапта он ойланып, жүз толғанып жатып жазған əрбір сөз
бейне бір тасқа қашап түсірілген əріптердей мəңгілікке өшпес боп,
ойымда өзінен-өзі жатталып қалған еді.
Əрбір минуты қаз-қалпында жадымда сақталып қалған өмір
көріністері де аз емес Əсіресе, Нұрлыбек пен Алманың туған күніме
əкелген сыйлығын өле-өлгенше ұмыта алмаспын. Осы екеуі келсе-ақ
біздің үйге жан кіргендей құлпырып, тіпті балаларға дейін мəре-сəре
боп қалады
Нұрлыбек ақ матаға оралған ауыр бір нəрсені əрең көтеріп, есіктен
кіріп келе жатты Бұл не? Қас қағымдай сəтте ойымды онға, санамды
санға жүгірттім. Бірақ еш нəрсеге ұқсата алмадым. Нұрлыбек əкелген
затын құндақ- таулы баладай мəпелей құшақтаған күйінде мен жатқан
бөлмеге кірді де, мұны қайда қоям дегендей бір сəтке аңырайып тұрып
қалды. Сосын қолындағы ұйықтап қалған бөбегін оятып алам ба деп
жасқанған анадай əкелген бұйымын абайлап қана столдың үстіне апарып
қоя салды.
Менің сабырсызданып жатқанымды сезген Алма əлгі бұйымды орап
қойған шүберекті сыпырып алды. Мəссаған! Мынау жазатын машинка
ғой! Бұл менің өңім түгілі, түсіме де кірген емес. Тап қазір бізге ең зəрлі
нəрсе. Егер Нұрлыбек қазір маған өзім мініп жүретін жеңіл машина
сыйласа да бүйтіп қуанбас едім. Өйткені бізге ең керегі де осындай
машинка еді.
Гауһар! Бəрінен де саған жақсы болды ғой. Күні-түні тынымсыз
жаза беріп, көшіре беріп саусақтарың ойылып, қолдарың икемге келмей
қалғанын білем. Сен де бір азаптан құтылдың. Əрі енді жұмысымыз да
өнімдірек болар деп ойлаймын.
Рас, сен əзірше машинка басуды білмейсің. Бірақ тез үйреніп кетесің.
Қандай кəсіпті болса да тез игеріп алатыныңа көзім жеткелі қашан. Бұл
сенің қолыңнан келетін іс. Оған шүбəм жоқ. Егер қолдарыма жан бітіп,
сəл-пəл қимылдай бастаса-ақ машинка басуды мен де үйреніп алар едім.
Бірақ қалшиып қатып қалған қолдарым былқ етер емес.
Профессордың айтқан алты айы да өтті. Əйтсе де, екі қолым баз-баяғы
қалпында жатыр. Əлде дəрігер қателесті ме екен? Мүмкін менің
жүрегімді тым жентектеп жібермеу үшін көңілімді аулай салған шығар.
Əйтпесе неге қозғалмайды қолдарым?
Жоқ! Ондай еңсені езіп, көңілді торықтыратын ойлардан аулақ
болуым керек. Қазір менің бойымдағы ең жанды сезім біреу-ақ. Ол —
еңбекке деген құштарлық. Мен тек жан салып жазу арқылы ғана сенің де,
Гауһар, Дастанның да, Нұрлыбек пен Алманың да маған деген шексіз
сенімін, адамгершілігін, қамқорлығын ақтай алам. Отан алдындағы
борышымды азды-көпті өтеп шығам. Оқырман қауымның кəдесіне
асатындай дүние жасай алсам, ел қатарлы азаматтық борышымды
өтегенім емес пе?!
Сенің қолың — менің қолым емес пе, Гауһар? Көз алдымда гүлдей
жайнап сен жүргенде, қос қанатым — екі балам аман тұрғанда менің
құтым шайқалмайды. Əлі де бойымда құмды судай сапыратын күшім
бар екеніне көзім жетті ғой. «Құдай салды, мен
көндім» деп тағдырға мойынсұнып, босқа жатқан мен жоқ. Өмірдің
жалғаны мен қасіретіне қарсы қажымай арпалысып, соңғы демім
біткенше күресе берем. Ал, күрес қашанда жан аямай, тынымсыз
əрекет жасауды талап етеді.
Демек, мен сары уайымды иықтатып алмай, тайсақтамай, білек
сыбанып дереу күрес алаңына шығуым қажет. Ер жігіттің бойындағы бес
қарудан менде қалғаны біреу- ақ. Ол
— қалам. Менің ендігі күшім осы қаруды дұрыс ұстап, батыл сермей
білуде.
Гауһар! Мен өзіме сенем. Өз қабілетіме шəк келтірмеймін. Жоқ!
Қабілетіме дегенім артықтау шығар. Менің қолымнан не келіп, не
қоятыны əлі беймəлім. Оны алдағы өмір көрсетер. Қабілетіме емес,
бойымдағы ерік-жігерге, жақсылар үшін қасық қаным қалғанша күресе
беретініме иланам.
Аяқ-қолым байланып, тірлік-тынысым əлі де ұстараның жүзінде
тұрса да бар ғой, қолымнан азды-көпті іс келетінін ойланған сəттерде
көңілім желдей есіп, оттай маздап сала береді. Мұндайда көңіл көгіне
үйіріліп келген күдіктің бұлты да сейіліп кетеді.
Ұшқыр қиял қүйқылжып, мені əлдеқайда биікке көтеріп əкетіп бара
жатады.
Мен енді өзім сияқты ауыр дертке шалдығып, кемтар боп қалған
жандар өмірінен жаза бастаған шығармамды қайта қолға алдым.
Аударма жұмысы, шынында да, маған сабақ болса керек. Өз кітабымды
жазуға кіріскен бойда- ақ тұсауымның кеңіп қалғанын сездім.
Бұрынғыдан гөрі еркінірек қимылдай бастадым. Өзіме жақсы таныс
өмірді бейнелеп көрсетуге құлшына кірістім.
Кейде жазып жатып бұлдыр үміт, тəтті қиялға елтіп кетем. Мен де
көптің бірі боп, енді еңбекке араласа бастағанымды ойыма алсам-ақ
көңілім жібіп, жаным бусанып кеңіп сала береді.
Қарға адым жер мұң боп, жастайынан төрт тағандап қалған, бірақ
сонда да болса, сірə, тауы шағылмай, тауаны қайтпай жатқан табанды
жандар қаншама десеңізші!
Олардың əрқайсысы хақында бір-бір дастан жазуға болар еді. Мен
солардың өзім білетін бір-екеуін ғана əңгіме етпекпін.
Жоқ! Менің хикаям кемтар жандар хақында емес, қайта аяқ-қолдан
қалса да өмірден кемтарлық көрмеген адамдар жөнінде болмақ. Өйткені
мен өзім тағдырдың ащы қамшысы тұщы етке тиген сайын өршелене
түсетін өршіл, асқақ жандарға ғана бас ием. Бұларды өмірдің өзі шыңдап,
сомдай соғып өсіргенін жақсы білем. Мүгедек боп жатса да нарға жүгін
салғысыз, нар атандай жандардың талайымен сырлас, мұңдас болдым
ғой.
Рас, ауыр дерт оларды алқымнан алып минут сайын мың түрлі күйге
салады. Бірақ көңілден базары кетпей, өмірден назары қайтпай жатқан
қайсар кісілер қайғы- қасірет атаулыға аяқ шалдырмайды, ноқта
салдырмайды екен.
Шынында да, шипасы жоқ саңырау қайғыдан не пайда?
Айлар, жылдар, ғасырлар өтер. Бірақ о баста анадан өжет боп
туылған жандардың өздері түгілі, рухы да мыстан-тағдырға жалбарынып,
аяғына бас ұрмайды. Ауру- сырқаты түгілі, қажет болса ажалдың өзінен
де тайсалмайды олар.
Мен сондай жандар хақында жазбақпын.
Қайғы-қасіретті менсінбей, қандай қиындық көрсе де мойымай,
налымай, жанарының нұры таймай өмірге мəңгі- бақи ғашық боп, айлар,
жылдар бойы сарғайып, көздері жəудіреп, төсекке байланып жатқан
жандар қазір көз алдымда тұр. Олар жазғы жаңбырдан кейін
бұрынғысынан да ширатылып, масатыдай құлпырып, тазара түсетін кең
жазира дала іспеттес. Тағдыр қамшысы неғұрлым қатты тисе, олар
солғұрлым ширап, ерік-жігерін қайрай түседі. Соның бəрін өз көзіммен
көрдім ғой. Өзім бастан кешірдім емес пе?!
Қазір де аяқ-қолдан бірдей қалып, қыбыр етпей жатырмын. Əлі
қанша уақыт көген көзденіп жатарым да беймəлім.
Ендігі бар арманым: бойымды кернеп, жүректі тербеп, көңілімде
сайрап тұрған ой- сезімдерді ақ қағазға түсіруге қатыгез тағдыр аз ғана
мəулет берсе екен... Өмірден басқа нəрсе тілемес едім. Маған уақыт
қажет, Гауһар. Ал уақыт — өмір ғой.
14
Тамылжыған тамыздың сол бір күнгі арайлап атқан алтын таңын,
алаулаған аптапты.
Күнін қалай ұмытам мен?! Бұл күні, шынында да, аспан əлемінің көк
күмбезінен күлімсірей қараған Күн де, құмырсқаның илеуіндей
құжынаған қала халқы да, көше бойлап қаз-қатар сап түзеп, жасыл желек
жамылып тұрған əсем ағаштар да маған қошемет жасап жатқандай тым
жайнап, құлпырып кеткен еді.
Бұл менің төрт жылдан кейін жарық дүниені тұңғыш рет көруім ғой.
Бүгін мені көтеріп, балконға шығарып, биік креслоға отырғыздың
ғой, Гауһар. Үйдің үшінші қабатында отырып-ақ соншама көп нəрсе
көруге болады деп кім ойлаған.
Осыншама мол сұлулық бірден жанарыма сыймай, миыма қонбай, көз
алдым бұлдырап, басым шыр көбелек айналып бара жатты.
Күннің дертке шипа шұғыласына, жазғы даланың жұпар иісіне
елтіп, мас боп қалғандай едім. Адам қараңғы қапастан шыққанда бірден
соншама көп жақсылық көрсе, есінен танып қалуы да ғажап емес екен-
ау. Мен не сау емес, не мас емес күйімде дел-сал боп, есеңгіреп өзіме-
өзім келе алмай біраз ошарылып қалсам керек.
Мына нұрлы дүниені бұдан төрт жыл бұрын көргенімде далада
көктем еді. Ен дала жаңа ғана тап беріп келе жатқан жасыл мəуітіден
шапан жамылып, күллі əлем түлеп, түрленіп келе жатқан болатын. Алма
ағаштары ақша қардай аппақ боп гүлдеп, бұтақтарына қонақтаған
бүртік- бүртік таңғы шык тамшыларын ерте көктемнің шуақты күні
маржан секілді жылтыратып, терлетіп жатқан-ды.
Қысқы ұйқыдан жаңа ғана оянып, бой түзеп келе жатқан сол бір
көктемнің ғажаптарын өз аяғыммен жер басып, дала кезіп жүріп
тамашалаған едім-ау, шіркін.
Бір кезде өз аяғыммен жұрт сияқты жер басып жүргеніме қазір
өзгелер түгілі, өзім де сенбейтін сияқтымын. Əрине, ол кезде менің
көңілімнің көк жайлауында да қыр қызғалдақтары жайқалып, сиқырлы
көктем салтанат құрып тұрған болатын-ды. Көңіл құсы құйқылжып
кеткен сəттерде жер-жиһандағы барлық адам көзіме бақытты жандардай
боп көрінетін. Қолымды сəл созсам күнге де жететіндей-ақ өзімді
соншалықты құдіретті сезінуші едім. Егер жан салып жүгірсем, сонау көз
ұшындағы жер мен көктің түйіскен жеріне да қас қағымда жетіп
баратындай боп тұрушы едім.
Бірақ соншама бақытты екенімді ол кезде сезбеппін де ғой.
Міне, содан бері мына əлемге төрт рет көктем келіп кетіпті. Бірақ
мен бір-біріне ұқсамайтын, ешқашанда қайталанбас сол көктемдердің
бірде-бірін көргем жоқ. Көктем күнінің шуағын армандап, аңсағалы
қашан.
Əйтсе де, мен көктемнен біржола қол үзіп, оны ұмытып кеткем жоқ.
Жыл сайын қыс қаһарынан қайтысымен-ақ терезеден көктемнің иісі
аңқып, маған да даланың жұпар ауасы кеп жататын-ды. Бүкіл табиғаттың
түлеп, жайқалып, құлпырып жатқанын маған осы бір өмір иісі толық
сездіргендей болатын. Сол сəтте көкорай шалғында жалаң аяқ
шапқылаған балалық шағым да, қыздарға қызғалдақ терген бозбалалық
дəуірім де, өзім асыр салып ойнаған қырларға енді баламды апарып, əке
боп барған заманым да көзіме елестеп кетеді.
Көктем көріністерін көксеген сайын осылайша ой-елес дүниесіне
еніп, тəтті қиялдың айдын шалқар көлінде жалғыз жүзе беруден
жалықпаушы едім, сірə.
Міне, енді əлемге жадырап жаз келіпті. Биылғы жылдың көктемін
көрмесем де, жазының шуағына шомылып отырмын. Бұған əлі онша
көңілім сене қоймайтын сияқты. Жақсылыққа көңілді иландыру үшін
азды-көпті уақыт керек секілді.
Алғашында мынау у-шуға құлағым тұнып, біразға дейін түк те
естімей, тас керең боп қалдым. Сəлден кейін ғана саңлауым ашылып,
сан қилы дыбыстарды бір-бірінен ажырата бастадым. Қаланың өзіме
үйреншікті, адеттегі у-шуын жатырқап қалсам керек.
Жаздың күні дала соншалықты жарық болады екен-ау деп ойладым.
Əлемнің жарықтығы сондай, тіпті ұзақ уақыт көзді ашып отыру мүмкін
емес тəрізді. Ішкі жан- дүниеме де нұр құйылып кеткендей-ақ əп-сəтте
көңілімде титтей де көлеңке қалмады. Тұла бойымды əлдеқандай бір
жайдары, жарқын, шаттық сезімі билеп бара жатқандай еді.
Күннің мейірім, жылылық шашқан көзінен қашқақтап, көлеңке іздеп
жүргендерді көргенде ызам келді. «Адамдар, бір минут ғұмырларың
болса да көлеңкеде емес, жарықта жүріп қалыңдар» деп айғалап жібере
жаздадым. Бірақ менің ойымды күн ұзаққа қараңғы қапасқа қамалмай,
далада емін-еркін шапқылап жүрген, сау-саламат адамдар қайдан
түсінсін! Кейде олар өмірдің қандай қымбат лəззатынан өз еріктерімен
бас тартып жүргендерін аңғармайтын да шығар.
Жер қайыстырып жүйткіген жұртқа көзім түскен кезде ғана мен
өзімнің төрт жылдан бері іштей нені аңсап, кімді іздеп жатқанымды
бірден түсіндім. Кемерінен шыға лықсып, асып-тасып тынымсыз ағып
жатқан адамдар-дариясына қойып кетіп сүңгімегелі қашан!?
Мен лек-легімен ағылған жұрттың ішіне кіріп, көптің бірі боп кетуді
сағынып қаппын ғой. Менің бұл сезімімді аласапыран адамдар теңізінен
толқынмен жағаға шығып қалған, көп жылдар бойы өз отбасының шағын
аралынан ұзап кете алмай, жұрттан оқшауланып қалған жандар ғана
жақсы ұғынса керек. Əйтеуір адамдарды сағынғаным анық еді.
Сол сəтте көшеден лек-легімен ағылып өтіп жатқан адамдардың
бəрі шетінен маған бірге туғаң, ет жақын бауырымдай боп, көзіме жылы
көрініп кетті. Олар да мені іш тартып, қуанышыма ортақтасқысы кеп
бара жатқан сияқты. Кез келген біреуін тоқтатып сөйлескім келеді.
Маған тіпті олардың өздері-ақ бірер минутқа бөгеліп, хал- жайымды
сұрайтындай боп тұрады.
Бірақ мойын бұрып қараған тірі пенде болған жоқ. Жасы да, кəрісі
де, əйелі де, еркегі де əлдеқайда асығып-үсігіп барады. Менімен
ешкімнің ісі жоқ екен ғой деп түйдім.
Бүгін мен төрт жыл бойы үздіксіз еңсемді езген бейуақ тылсымнан
құтылып, жарық дүниеге шықтым ғой. Мына жұрт неге қуанбайды оған?
Балконда отырған адамға күлімсірей қарап, қуаныштарын сездіріп өту
қиын ба сонша?
Əлде олар кеше кешкісін маған доктор келіп, төрт жылдан кейін
тұңғыш рет жатқан жерімнен тұрғызып, орындыққа отырғызып кеткенін
білмей ме? Төрт жыл бойы менің көк жамбас боп, жастықтан бас
көтермей сарғайып жатқанымды білмесе керек, мыналар.
Əйтпесе дəл біздің үйдің түбінен осынша адамның еш нəрсені елемей
өте шығуы мүмкін емес сияқты боп көрінді
Бірақ алтын Күннің астында, мамық Жердңғ үстінде жүрудің өзі
адам үшін шексіз бақыт екенін солар түсіне ме екен? Мұндайды
ақылмен аңғару мүмкін емес қой. Оны тек жүрекпен ғана сезіну керек
шығар.
Балконнан төмен қарап, жұртқа- «Ей, азаматтар! Сендер бəрің де
бақыттысыңдар!
Соған
қуаныңдар!
Бір-бірінді
құттықтаңдар!
Адамдарға шұғадай шуақ шашуды Күннен үйреніңдер!» дегім келді.
Бірақ олардың мені ұқпасын жүрегім сезді. Əйтсе де, менің тап
қазіргі алып ұшқан жан-күйімді түсінетіндері де болуы ғажап емес қой.
Əбден аурудың тауқыметін тартып,
денсаулықтың құнын алпыс екі тамырымен толық сезгендер аз ба?
Кешегі соғыста болып, ажал аузынан тірі қайтқандар менің көңіл-күйімді
айтқызбай-ақ түсінбей ме?
Дегенмен, мұндай жандар онша көп емес шығар деп ойладым
Міне, сондықтан да мен əлгі ойымды адамдарға қалайда айтуым
керек. Ол үшін ойымдағының бəрін шашпай- төкпей, қаз-қалпында
қағазға түсіруге міндеттімін. Сонда ғана көңілім жай табарын сезем,
Гауһар
Енді мен көшедегі бейтаныс жандар туралы емес, өзіме жақын
таныс адамдар жөнінде ойлай бастадым. Олар да қазір мына сеңдей
соғысқан жұрттың арасында жүрген шығар. Бірақ бес саусақ бірдей емес
қой.
Өзгелердің қуанышына сүйініп, қайғысына күйініп жүретіндері де
бар. Қырық кессе қылаудай қан шықпайтын қатыгездері де кездеседі.
Аузын ашса, көмекейі көрінетін аңқаулары да, жұмыртқадан жүн
қырыққан сұмдары да бар
Демек, мына лек-легімен ағылып жатқан халықтың да бəрі бірдей
емес деген ой келді. Сонда да олардың ішінде ақ ниеттілері де, менің
бүгінгі қуанышыма ортақ болуға əзір тұрғандары да аз емес екенін
сезем.
Рас, ауыр дертке шалдығып, аяғыма шідер түскелі кейбір достарым
сыртын беріп кетті. Олар мені əлдеқашан естерінен шығарып та
жіберген шығар. Бір қызығы — олар мені ұмытса да, мен оларды
жамандыққа қия алмайтын сияқтымын. Күндердің күнінде бəрі де
баяғыдай жайраң қағып, қайтып келетіндей болады да тұрады. Бəрін де
сағынып жүргенімді сезем. Егер олар тап қазір келсе, төрт жыл бойы
хабарсыз қалғандарын да біржола ұмытып, шетінен бауырыма басып,
беттерінен сүйер едім.
Тіпті ғұмыр бойы көзіме бір көрінбей кетсе де ренжімеймін оларға.
Олардан айрылып қалғаныма өкінбеймін де. Мен жаңа достар, жақсы
таныстар таптым ғой. Əйтсе де, балалық шақты бірге өткізген
достарымды да аңсап, кей-кейде көңілім жасып қалады.
Мен де өзімше өмір кешіп жатырмын ғой. Төрт жыл бойы тырп ете
алмай қалсам да еш нəрседен кемтарлық көрген жоқпын. Бəрі де жетіп
жатыр. Жеке адамдар ғана емес, бүкіл мемлекет маған қамқорлық жасап
келеді. Өмір заңының құдіретіне ауырып жатып, талай мəрте іштей
табындым. Мүгедек жаңдарға деген мұндай шексіз қамкорлық тек қазақ
елінің тұрмыс-салтына ғана тəн екенін ауруханаға түскен алғашқы
күндерден бастап-ақ сезе бастадым «Соншама жүрт бəйек боп, осынша
қамқорлық жасайтындай-ақ мен кім едім?» деп кейде өзімнен-өзім
қысылам
Дегенмен, соңғы кезде болмашыға қамыға беретін боп барам ба деп
те сезіктенем. Рас, сыртқа сыр бергем жоқ əлі. Əйтсе де, бəрін өзің сезіп
жүрсің ғой, Гауһар Менің ерік- жігерімді де қайрап, ұштай түсетін де
өзіңсің.
Адам бəріне көндіксе де, ауруға үйренбейді екен. Жан төзгісіз
ауыр дерт əлі күнге дейін сай-сүйегімді сырқыратып, қысқа түнде
қырық аунатып, азапқа салады да қояды. Күндіз-түні бір сəтке де
саябыр таппайды.
Бірақ əзірше мен қайғы-уайымға ірге алдырғам жоқ. Жалым
жатып, қоңым түскен жоқ. Бұл да сенің арқаң, Гауһар.
Отбасымыз айрандай ұйып отыр. Төрт жылдан бері арамызға
кикілжің кірген жоқ. Сені азғырушылар да болды емес пе? Теңіңді тап,
мешелді таста, бойыңда күш, бетіңде қызыл барда ойнап-күліп қал деп
«ақыл» айтушылар да шықты. Мені өлілер қатарына қосып, саған лебіз
білдіріп, лепес қылуға əрекет жасағандар да болды
Бірақ сен өзіңе берік, маған адал бола білдің ғой, Гауһар!
Міне, сенің сол адалдығыңа, адамдығыңа, азаматтығыңа бас ием,
Гауһар
Біздер көктемнің шуакты күндерінің рахатын ғана емес, қаңтардың
азынаған аязының азабын да қақ бөлістік қой. Адам түгілі, атаң түйеге
ауырлық қылатын менің басыма түскен қасірет жүгін екеулеп жүріп,
аулаққа лақтырып тастаппыз ғой.
Мені аман алып қалу үшін сен жастық шақтың қым- қиғаш
қызығыңан, балдай тəтті лəззатынан бездің. Өзіңе жетпей тұрған
бақытты маған сыйладың
Сол үшін саған мəңгі-бақи қарыздармын, Гауһар. Бүлдіршіндей
балаларымыз аялы ана мейірімінен, əке ықыласынан бір күнге де
айрылып, көген көз боп көрген жоқ. Олар ер жеткенде сенің бұл ерлігіңді
де жан- жүректерімен ұғынып, өз алғыстарын айтарына шүбəм жоқ. Күні
ертең-ақ өз немерелерің сенің есіміңді ауыздарынан тастамай, екеуіміздің
қуанышы мен қайғысы аралас өмірімізді айта-айта аңызға айналдырып
жіберері хақ. Ал, бүгін менің арқа тірер асқар тауым сен күрсінбесең екен
деп тілеймін ішімнен.
Сенің жүзіңңен қасірет көлеңкесі көрінбесе, онда мен де өзіме
қылқаңдай қадалған кеселімді біржола ұмытып, төбем көкке тигендей
қуанам.
Екі бірдей баланың анасы болған шағыңда сен мұңаймасаң екен,
Гауһар. Онда менің де бақытты əке болғаным. Бір үйдің бар
ауыртпалығын жалғыз өзің ауырсынбай арқалап жүрсің ғой. Егер сен
шаршамасаң, онда мені де бəйге атындай ойқастап, тың тұр деп біле бер.
Гауһар! Сенің саулығың — менің амандығым ғой. Сондықтан мен
өзіме емес, саған күш-қуат, қайрат-жігер тілеймін. Тек осы бетіңнен
таймай, бəсеңдемей, төмендемей, арман көгінде самғап, шарықтай бер
Қашан да көзімнің — нұры, көңілімнің — суаты, парасатымның —
қайнар бұлағы бола бер, Гауһар
Ал, мен аяқ-қолсыз төсек тартып жатсам да, босқа қарап жатпауға
бекем будым.
Төрт жылдан бері өзімді алақанына салып, сəбидей етіп əлпештеп келе
жатқан ел- жұртымның ақ нанын адал еңбегіммен ақтап шықсам, онда
менде иненің жасуындай арман болмас еді. Сол үшін осы кітапты жазуға
барымды салдым. Мінсіз дүние жасадым деп айту қиын. Бірақ аянып
қалғам жок. Оқырман қауым іштегі шерімді емес, маңдайдағы терімді
көрер деп үміттенем. Өйткені мен көңілдегі мұңымды емес, жүректегі
сырымды, қайғыны жеңген қуанышты жырымды айтуға тырыстым ғой
Отанымның алдындағы азаматтық парызымды ойлансам-ақ күні-
түні жанымды жегідей жеген ауру-сырқатымды да ұмытып, өзімнен-
өзім қайсарланып, жігерленіп, аруақтанып кетем. Бойыма
сарқылмастай күш-жігер пайда болады. Жанымды жалынды шабыт
сезімі кернейді
Науқасым меңдеп, кең дүние мен үшін тар боп кеткен сəттерде
қынжылған да шығармын. Қиналған да болармын. Бірақ мен
ешқашан да түңілгем жоқ
Гауһар! Күндей күлімдеп, аспанымда жарқырап сен тұрғанда, қос
қанатымдай самғап, екі жағымда екі ұлым жүргенде, білектегі күшімдей
жаныма қайнап біткен достарым барда мен неден қамығам? Қас
қағымдай сəтке де жабырқауға хақым жоқ. Басыма тағдыр салған таудай
тауқыметті көтере алмай, белім бүгіліп, қабырғам сөгіліп кетсе де бар
ғой, мен өмір үшін күреси бір минутқа да тоқтатпаймын. Соңғы демім
біткенше күресе берем. Бұл саған берген соңғы сертім, Гауһар. Өмірден,
сірə, үміт үзгім келмейді.
15
— Ержан! Өмір-өзеннің ағысына көз ілескен бе, сірə, — деп бастады
сөзін Гауһар — Қас қағымда желдей зулап жеті жыл да өте шығыпты-ау,
Ержан. Маған бəрі де құдды күні кешегідей болады да тұрады. Əйтсе де,
саған операция жасағалы бері жеті жыл бопты ғой.
Аяқ астынан жармасқан дертпен жеті жыл бойы арпалысып
келеміз. Онымен əлі қанша уақыт алысарымыз беймəлім. Бірақ қара
жүрек кеселдің жауырынын жерге бір тигіздік-ау деймін. Тас кенедей
жабысқан ауыр кеселді сен жеңіп шықтың. Жеті жыл бойы қиындық
атаулыға тізе бүгіп, қол қусырған жоқсың
Шар болат шоқта жатып шыңдалғанын мен өз көзіммен көрдім ғой
Ең бастысы — қиын-қыстау сəтте арқа сүйеп, қара тұтар
достарымыз қасымызда болды. Жақсылардың ақылы азық, сөзі сусын
ғой. Солар бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, панасына
алып жүрді емес пе? Сол жайсаң жандардың шапағатын ешқашанда
ұмытпауымыз керек. Сондай дос-жарандары бар біздер бақытты
шығармыз, Ержан.
Солардың арқасында біздер еш нəрседен кемтарлық көрмедік.
Өзіміз тату-тəтті бірліктен айрылмадық. Балаларымыз өсіп келеді.
Екеуінің де əзірге іші жарау, жоны қырау. Балалық базарын бейғам
тамашалап, шапқылап жүр.
Əйтсе де, тас түскен жеріне ауыр ғой. Аурудың азабы операциядан
кейін де азая қойған жоқ. Аз күнде-ақ əбден жүдеп, ыңыршағың
айналып кетті емес пе? Өйткені шілдеде мұз қатырған ызғарлы кесел
сені сағат санап қыл мойынға тақап бара жатты ғой.
Бірақ сен қайғы-уайымды жел жағыңнан жүргізбедің. Жан төзгісіз
бейнет шегіп, жаурыныңнан жел өтіп жатса да, сірə, тегеуірінің қайтқан
жоқ. Мойымадың. Сенің темірдей төзіміңе тəнті болдым, Ержан.
Өзіңді өлердей діңкелеткен дерттің ыстығына күйіп, суығына тоңып
жатсаң да жеті жыл бойы бізге күрең қабақ көрсеткен жоқсың. Өз басың
шырғаланға түсіп жатсаң да біздің қас-қабамызға қараумен болдың. Егер
сен төзім таяғына сүйенбей, шыдамсыздық жасап аһлеп-уһлей бергеніңде
бар ғой, онда баяғыда-ақ үйдің шырқы бұзылып, бəріміз де бытырып, тоз-
тоз боп кетер едік қой. Əйтеуір қанша бейнет шексек те əлі күнге іргеміз
сөгілмей, бірлігіміз бұзылмай келеді. Айрандай ұйып отырғанымыз да
сенің арқаң ғой, Ержан.
Өзің инеліктей қатып, тері тарамысыңа ілініп жатсаң да менің
көңілімді аулап, ойымды демеуге тырыстың. Өзің мұз боп тоңып жатып,
менің жүрегіме жылу бердің. Сүйегің сал, көңілің дал болса да,
қабағыңнан қайғының ізі көрінбеді.
Адамға осындай жылы жүрек, сергек көңілден артық не керек!
Бүгін ойлап қарасам, менің жүрегіме жара салмау үшін өз басыңдағы
азаптың бірде- бірін білдірмеуге тырысқан екенсің ғой. Мені күні бұрын
қинамау үшін тіпті операция болатын күнді де жасырдың емес пе? Бірақ
мен білген едім. Сол күні өзіңмен қоштасарда көңілім əлденеден секем
алып қалғандай болды. Менің көзіме сен бордай үгіліп, іштей жылап
тұрғандай боп көріндің. Үйге жеткенше жүректі күшті қылған осы
сезімнің анық- қанығына көз жеткізе алмай, қайдағы бір жымысқы ойлар
ішімді иттей кеміріп келді.
Сол жолы ұшы-қиыры жоқ, ішектей шұбатылып ұзақ түнде кірпік
ілгем жоқ. Таңды əрең атқызғандай болдым. Балаларды тамақтандыра
сап, дереу саған, ауруханаға бет алдым.
Күндегідей трамвайға отырып баруға шыдамым жетпеді. Бір
сұмдықты сезгендей жүрегім лүпілдеп, асау аттай əлденеден тулап,
дүрсілдеп, өзінен-өзі тағатым таусылып бара жатты. Одан əрі
аялдамада тұра беруге шыдамым жетпей, саған таксиге отырып
бардым.
Палатаңа ала өкпе боп, ентігіп кіріп бардым. Жүрек құрғыр бір
пəлені сезген екен ғой. Мен бір-екі минутқа кешігіп қалыппын. Сені
жаңа ғана операция бөлмесіне əкеткен екен. Көңілім алау-жалау болды.
Неге жасырдың деп өзіңе өлердей ренжідім. Неге ертерек келмедім деп
өзімді-өзім іштей жедім. Ішім түтін, сыртым бүтін боп палатада сенің
төсегіңнің жанында біраз отырдым. Ə дегенде зілдей ауыр ойлар жүйкені
кесіп, əлденеден көңілім құлазып, егіл-тегіл жылағым келді. Егер
қасыңда жатқан Ақылбек аға мен Қайсар маған көз ашып, жүрек жуатын
жылы сөздер айтпағанда бар ғой, аурухананы басыма көтеріп айғай сап
жыларым да хақ еді. Өйткені бұл операцияның өмірге тым қатерлі екенін
профессордың тəуекел жасап отырғанын сен жасырсаң да, мен білуші
едім. Сені аман алып қалудың операциядан басқа амалы жоқ екенін
Елена Андреевна маған да айтқан болатын.
Сені операция жасаған күні балаларды үйге қамап кетіп, өзім
үйірсек аттай аурухананы айналшықтай бердім. Операция бес жарым
сағатқа созылды. Мен де сонша уақыт тізе бүккем жоқ. Бұл менің
өмірімдегі ең ұзақ күн болды. Сол бір күн мені қан жылатып, қара
жамылтып кетердей боп тұрды.
Бақытым бар екен. Тірі шықтың ғой, əйтеуір. Иманым ұшып,
жаным жарға таянған сəттегі арманымның өзі де осы еді. «Мүгедек
болса да мейлі, тірі қалса екен», — деп тіледім ғой тағдырдан. Сенің
аяқ-қолдан кемтар боп қалуың ықтимал екенін профессор маған
операцияға дейін-ақ ескерткен
Достарыңызбен бөлісу: |