ХХ ғ. ғылым мен техниканың керемет жетiстiктерi – адамзаттың ғарышты игерiп, өз пайдасына жаратуы, атомның iшкi орасан зор күш-қуатын адамзат игiлiгiне пайдалануы, осы екi мега-әлем мен микро-әлем арасындағы ашылған миллиондаған табиғат сырлары, бiр қарағанда, дiни философияны қоғамдық сананың шеңберiнен алысқа ығыстырып тастаған болар деген ой келедi. Алайда мұндай пiкiр шындыққа сай келмейдi, өйткенi бiздiң жоғарыдағы ой-өрiсiмiз тек қана дiннiң гносеологиялық (танымдық) түп-тамырын ғана қамтыды. Ал оның өзiн тереңiрек қарар болсақ, «ұлы мәртебелi Табиғат» қаншама iшкi сырларын әлi де болса құпия сақтап, адамдарды адастыруда... Ал ендi дiннiң әлеуметтiк түп-тамырына келер болсақ, дүниедегi зұлымдықтың салмағы ең болмаса бiр граммға кемiдi ме екен?!! Хиро- 352 сима мен Нагасаки, Бухенвальд трагедиясынан өткен адамзатқа мұндай сұрақты қоюдың өзi артығырақ болар. Ендi дiннiң психологиялық түп-тамырын сараптасақ, бiз жағдайдың бұрынғы дәуiрлермен салыстырғанда өрши түскенiн байқаймыз. Егер бұрын өлiм мәселесi жеке адам толғанысының шеңберiнен шықпаса, – қандай қантөгiстi соғыс, я болмаса, эпидемия, жер сiлкiну, топан су болса да, бiрде-бiр адам бүкiл адамзат тарихының ары қарай жалғаса берерiне ешқандай күмән келтiрмеген болса, – ХХ ғ. екiншi жартысында ондай күдiк пайда болып, өрши түстi (ядролық соғыстың салдарынан бүкiл жер бетiндегi тiршiлiктiң құрып кету мүмкiндiгi, сездiрмей жақындап келе жатқан экологиялық апаттың үрейi т.с.с.). Мiне, жоғарыдағы көрсетiлген және басқа да жүздеген себептер ХХ ғасырдағы дiннiң ары қарай етек жайып өсуiне, олай болса, дiни философияның да қоғамдық санадағы алатын үлесiнiң молаюына әкелiп жеткізгені – дәлелдеудi талап етпейтiн қағидалар. Олай болса, қазiргi дүниежүзiлiк дiндердегi қалыптасқан ахуал, дiни философиядағы жаңа ойлар мен тебiренiстер зерттелiп, оқылуы керек.