Үшінші – демографиялық мәселелер, яғни жер бетіндегі халықтың тым тез қарқынмен өсуі. Егер соңғы мыңжылдықта жер бетіндегі халықтың саны 15 есе өссе, оның бірінші рет екі есеге өсуі – 700 жылда, соңғысы 40 жылда (егер 1956 ж. жер бетінде 2,8 млрд халық өмір сүрсе, 2004 ж. – 6,3 млрд.) болған. Әрине, бұл деректер үлкен ойға қалдырады. Бұл өсімнің 9/10-ы дамушы елдерге жатады. Сонымен қатар дамыған елдердегі халықтың құрылымын алар болсақ, онда кәрілердің саны өсіп (жақсы жағдайдағы өмір ұзақтығына байланысты), сонымен қатар туу деңгейі тым төмендеп кеткен. Сондықтан ол елдерде 578 халықтың өсуі түгіл, оны ескі деңгейде сақтау үлкен мәселеге айналуда. Демографтардың болжауынша, алдағы уақытта Үндістан халқының саны қытайлықтардан да гөрі артып, ал Африкада халықтың саны 1,5 млрд-қа дейін жетуі мүмкін. Халқы тез өсіп жатқан даму үстіндегі елдердегі өндіргіш күштердің төмендігі, ауыл шаруашылығы өнімділігі, тұрғындардың жалпы мәдени деңгейі, білім беру саласы – бәрі де сын көтермейтін жағдайда. Мұндай ахуал бұрыннан келе жатқан өмір салтын ұстау, бала тууға шек қоймау әдетімен байланысты екені айдан анық. Сондықтан бұл үдеріс таяу арада бәсеңдейді деу артығырақ болар. Дегенмен де Қытай еліндегі соңғы 15 жыл шамасында жүргізілген демография-лық саясат өз күшін көрсетті. Ертелікеш басқа елдер де сондай саясатқа көшуі мүмкін. Жаһандану үдерісі «Солтүстік пен Оңтүстік» мәселесін тудырды. Бұл – төртінші мәселе. Жалпылай келе, экватордан жоғары орналасқан елдердің даму қарқыны мен өмір сүру деңгейі төмен жатқан елдерден гөрі анағұрлым жоғары. Егерде дамыған елдерде тойымсыздық жолына түскен «алтын млрд» тұрып жатса, жер бетінде осы күнге дейін тағы 1 млрд-қа жуық адам, басқа қажеттіліктерді өтеуді айтпағанның өзінде, күнбе-күн азық-түлікке жарымай отыр, ал 75 млн. адам аштықтың зардабынан жыл сайын дүниеден кетеді. Бұл дамыған елдер мен дамып келе жатқан елдердің арасындағы қайшылықтың өсуіне тығыз байланысты. Бүгінгі таңда дамып келе жатқан елдердің дамыған елдерге 1 трлн. доллардан артық берешегі бар!!! Олар оны өтеу түгіл, оның өсімінің өзін төлеуге қиналады. Сондықтан да Кубаның көсемі Ф.Кастро БҰҰ-ның мінбесінен осы борышты сызып тастауға шақырды. Алайда дамыған елдер ондай шараға барар емес. Ал мұндай жағдайдың өршуі кедей елдердің наразылығын тудырып, неше түрлі экстремистік қозғалыстарға дем береді. Әрине, дамыған елдер оларға көмек жасағандай болады. Жылына шамамен 50 млрд. долларға жуық қаржы бөлінеді (салыстырыңыз: 2003- 2004 жж. АҚШ Ирактағы соғысқа ғана 200 млрд-тан артық қаражат жұмсады). Өткен ғасырдың екінші жартысында дамыған елдер «көмек» ретінде ауыр да лас өндіріс салаларының бірқатарын дамып келе жатқан мемлекеттерге аударды. Нәтижесінде, олар үш ұтысқа ие болды: өз елдерінің экологиясын дұрыстады, екіншіден, арзан жұмыс күшін пайдаланып, табыстарын өсірді, үшіншіден, ол елдердің шикізаттарын пайдаланды. Дегенмен де ол кезде дамыған елдер мен дамып келе жатқандардың арасындағы айырмашылық бірте-бірте қысқарады деген үміт болған-ды. ХХ ғ. 70-80 жж. бұл айырмашылық, керісінше, күрт өсе бастады. Себебі, біршама дамып келе жатқан елдер жаңа компьютерлік бағдарламаға негізделген технологияларды игеруге халықтың жалпы 579 білімінің төмендігінен қол жеткізе алмады. Ғалымдардың есебі бойынша, кейбір елдер дамыған мемлекеттерден 150 есеге дейін қалып қойыпты!!! Егерде шикізатқа бай елдер табиғи байлықтарын сатып күн көрсе, жоқ елдер дүниежүзілік сауда-саттықтың шетіне ысырылып, қайыршылықтың ауыр зардабын көруде. Сонымен, құрметті оқырман, халықаралық терроризм мен экстремизмнің негізгі қайнар көзі ислам дінінде емес, дамып келе жатқан елдердің аянышты әлеуметтікэкономикалық жағдайында екенін түсінген боларсыздар. Енді бесінші мәселеге келер болсақ, жоғарыда көрсетілгендей, халықтың білім деңгейін көтермей, бүгінгі технологияларды игеру мүмкін емес. Адам тіпті әріптерді танып, оқи алғанның өзінде де «функционалдық надандықта» болуы мүмкін. Яғни ол компьютерлік технологияларды меңгеріп, жұмыс істей алмайды. Олай болса, білім беру мәселесі де жаһандану үдерісінің негізгі қиындықтарының біріне айналып отыр. Екінші жағынан, надандықтың демографиялық мәселені шешуге де кедергі тудыратыны белгілі. Дүниежүзілік тәжірибе «отбасын жоспарлау» тек сауатты, салауатты да білімі жоғары елдерде ғана іске асатынын көрсетеді. Алтыншыдан, соңғы кезде ғалымдар жаһандану үдерісінің негізгі мәселелері ретінде денсаулықты сақтау мәселесін атауда. Өйткені бүгінгі таңда адамзаттың қоршаған ортаны түбегейлі өзгертуі және адамдардың денсаулығы төмендеуінің арасындағы байланысты анықтап отыр. Оның куәсі ретінде жүрек, бүйрек, бауыр, мұрыннан қан кету, ЖИТС, қатерлі ісік т.с.с. «цивилизация ауруларын» келтіруге болады. Егерде дамыған елдердегі аурулардың көбі тамақты көп ішу, жүріп-тұрудың (қозғалыстың) аздығы, шылым шегу, тәндік-сезімдік өмір бағытын ұстаудағы жолда байлықты өсіремін деп жүйкені тоздыру смяқты себептерден болса, дамып келе жатқан елдерде қоршаған ортаның ластануы, баспана қиындығы, ішетін ауызсу сапасының төмендігі, туберкулез, трахома, малярия т.с.с. «әлеуметтік ауруларды» тудырады. Жаһандану үдерісі миллиондаған адамдардың бір елден екіншіге, бір континенттен келесіге көшіп-қонуына әкеліп жатыр. Сондықтан жұқпалы аурулар бүкіл әлемге кеңінен тарап, адамзаттың үрейін туғызуда… Жаһандану мәселелерін шешу жолдарын зерттеуде, негізінен, екі бағыт қалыптасты. Олар: технооптимизм (болашақ жарқын) және технопессимизм (болашақ қасіретті). Технооптимистік көзқарастар өз мәресіне ХХ ғ. 60 жж. жетті. Ол кезде ғылыми-техникалық революция (ҒТР) жетістіктерін кеңінен өндірісте пайдалану қарқын алған болатын. Дж.Гелбрайт, Р.Арон т.б. ғалымдар ғылым мен техниканың дамуы «бұқаралық нарықты» 580 тудырып, болашақта Жер бетіндегі барлық халықтарға тамаша өмір әкеледі деген ой тастады. 80 жж. Д.Бэлл, Ж.Фурастье, А.Тофлер сияқты ғалымдар «ғылымның негізгі өндіргіш күшке» айналуына байланысты, барлық жер бетінде қорланған мәселелерді компьютерлік технологияларды өмірге енгізу арқылы шешуге болатынын айтты. Алайда жақын арада-ақ ҒТР-дың теріс салдарлары да айқындала бастады. Көп елдер экологиялық дағдарысқа ұшырады. Шикізат қорларының шексіз еместігі анықтала бастады. Дамыған елдер мен артта қалған елдердің арасында қайшылық өсе бастады т.с.с. Әрине, бұл теріс өзгерістер технопессимистік көзқарастарды тудырды. Технопессимизм (Г.Маркузе, К.Лоренц, Д.Гудмен т.б.) қазіргі қоғам адамдарды ғылым мен техниканың құлына айналдырады деген пікір айтты. К.Лоренц ҒТР адамдарды мыңдаған жылдар бойы бейімделген табиғи қоршаған ортадан жұлып алып, «тастан жасалған джунглиге» қамады. Кейбір адамдар жылдар бойы табиғатқа шыға алмайды. Автоматтар адамдарды ауыр қара жұмыстан босатқанмен, оның жүйкесін анағұрлым тез тоздырады. Қиындығы жоқ жеңіл өмір адамның күшті сезімдерін, өмірге деген жігерін әлсіретіп, зерігуге әкеледі. Іші пысқан адам не істерін білмей, өз өміріне қанағаттанбай, есірткімен әуестене бастайды… Технопессимистер тәндік-сезімдік өмір бағдарламасынан бас тарту, тойымсыздық пиғылды жою, қанағатқа келу мәселелерін көтерді. Батыста, Рим қаласында, 1968 ж. көрнекті ғалымдар «Рим клубын» құрып, адамзат алдында тұрған орасан зор қиын мәселелерді зерттеуге кірісті. Нәтижесінде «жарылған бомбадай» дүниежүзілік қауымға әсерін тигізген «Өсудің шегі» (The Lіmіt of Growth) деген баяндама 1972 ж. дүниеге келді. Бұл баяндамада табиғат байлықтарының шектелгені, ары қарай жаңа өндіріс кешендерін салудың экологиялық теңдікті жойып, адамзатты апатқа әкелуі мүмкіндігі баса айтылды. Осы клубтың бірінші президенті А.Печчеи адамзатқа ең керекті нәрсе руханияттылық, әсіресе адамгершілік деп, тек сонда ғана қорланған мәселелерді шешуге болатыны туралы пікір айтты. Орыстың ұлы ғалымы Н.Моисеев: «ХХ ғ. адамзатқа ескерту жасады. Егер ХХI ғ. ол оған мойын бұрмаса, құрып кетуі мүмкін», – деген ой тастайды. Әрине, бүгінгі таңдағы ұлы ғалымдар алаңдаушылығының терең себептері бар. Уақытында ағылшын ойшылы лорд Честертон айтқандай, байлық адамды аздырады. Өкінішке қарай, материалдық байлықтың өсуі көп жағдайда соншалықты рухани өрлеуге әкелмейді. Керісінше, рухани құлдырау байқалады. Оны бүгінгі таңдағы өз өмірімізден-ақ көріп жатырмыз. Бұл қайшылықты жою адамзаттың қолынан келер ме екен? Болашақ өмір оны көрсетер деген ойдамыз.