«Өлiм және өлместiк жөнiндегi ойлар» деген еңбегiн жарыққа шығарып, онда жанның өлместiгi жөнiндегi дiни қағидаға қарсы шығады. Ол кiтап дереу тәркiленiп, Фейербах жұмыстан қуылады. Жұмыссыз қалған ойшыл 1836 ж. кедейленген дворян отбасынан шыққан қызға үйленiп, онымен бiрге Брукберг деген ауылдық жерге қоныс аударып, сол жерде 25 жыл бойы ешқайда шықпай өмiр сүредi. Түске дейiн ағаш жарып, я болмаса шөп шауып, түс ауа ғылыми жұмыстарымен айналысады. «Христиандықтың мәнi» атты негiзгi еңбегi осы жерде жазылып бiтедi. Осы кезден бастап ол үзiлдi-кесiлдi материалистiк-атеистiк бағытқа көшедi. Өмiрiнiң соңында өте үлкен мұқтаждық көрiп, 1872 ж. дүниеден өтедi. Нюрнберг қаласында жерленген. 60 ж. кейiн iзбасарлары оның қабіріне құлпытас орнатып, оған Фейербахтың өзi жазған «Адам Құдайды өз бейнесiне ұқсастырып жасады», «Адамды сүйiп, оған жақсылық жаса» деген сөздерiн эпитафия ретiнде жаздыГегельдiң философиясының алғашқы негiздерiн зерттей келе, Фейербах оның түп-тамырының теологияға кететiнiн айқын көрсетедi. Фейербахтың ойынша, қайсыбiр идеализм, оның iшiнде Гегельдiң философиялық жүйесi де – дүниеге деген нәзiктелген дiни көзқарас. Табиғаттың алдында өмiр сүрiп жатқан логикалық категориялар жөнiндегi Гегельдiң iлiмi – дүниенi Жаратушының басқаша сөздермен айтылған идеясы. Ойлауға қабiлетi бар пенделерден басқа материядан тыс өмiр сүрiп жатқан таза ойлау еш жерде жоқ. Материя рухтан шықпайды, керiсiнше, материя рухты тудырады. Адамның ойлау қабiлетi – ол қандай ғажап болса да – мидың қызметiнен туады. «Табиғат тек қана асқазан шеберханасын жасап қана қоймай, сонымен қатар мидың әсем сарайын орнатты. Табиғат рухтың, бейсаналық саналықтың, беймақсаттық мақсаттылықтың алдында өмiр сүредi». Фейербахтың ойынша, рух дегенiмiз – ол iс-әрекеттегi адамның қабiлетi, қасиетi. Денеден бөлiп алып, адамның шектелген және соңы бар өмiрiнен босатып қаралған рух Құдайға айналады. Мән – ол ұғым ғана, оны адамның денесiн құрастыратын сүйектерiмен салыстыруға болады. Бiрақ тiрi адамның денесi, етi мен қаны да бар. Бiрақ Гегельдiң философиясы, тек өлiмтiктi жеп қоректенетiн қорқау сияқты, дүниенiң қаңқасымен ғана қанағаттанады. 227 Олай болса, философия өзiнiң қайнар көзiн болмыс ұғымынан емес, болмыстың нақ өзiнен бастауы қажет. Онда бiз заңды түрде бүкiл философиялық ұғымдарды жалпылықтан емес, жалқылықтан шығаруымыз керек. Өйткенi қайсыбiр болмыс – ол нақтылы болмыс – дүниеде болып жатқан «бiрдеңе», «мынау», «анау». Болмыс жалқылық пен жекелiктен тұрса, ойлау – жалпылықты тудырады. Таным мәселесiн қарай келе, Фейербах агностицизмдi қатты сынға алады. Оның ойынша, түйсiктер бiздi дүниеден алшақтатпайды, керiсiнше, бiздi онымен байланыстырады. Ол – сыртқы дүниенiң бейнесi. Бұл жерде ол дiни терминдi қолданып, оны «Iзгi хабар» ретiнде түсiнедi. Түйсiктер арқылы бiз дүние жөнiнде хабардар боламыз. Фейербах дүниенiң көптүрлiлiгiн мойындайды. Материяның өмiр сүру формасы – ол қозғалыс, ал ол қажеттi түрде кеңiстiк пен уақытты талап етедi. Олай болса, олар болмыстың өмiр сүруiнiң негiзгi жағдайлары. Табиғаттың өзiнiң себебi өзiнде, оны ешкiм тудырған жоқ, ол мәңгiлiк өмiр сүредi. Табиғат пен қоғамнан тыс ешкiм және еш нәрсе жоқ. Табиғатта ақыл-ой жоқ, ол адам арқылы ғана ақыл-ойға ие болады. Адам арқылы ғана ол өзiн-өзi түсiну дәрежесiне көтерiледi. Тек адам ғана өзiнiң iс-әрекет жасау негiзiнде табиғатты қайта өзгертiп, өзiнiң санасын табиғатқа таңады. Олай болса, рух дегенiмiз – ол тiрi пенде, адамның қасиетi, ойлау мүшесi – ми адамның денесiне жатады. Сондықтан адамды Құдай жаратты деген жалған аңыз Құдайдың Өзiн адам тудырды деген шынайы бiлiмге негiзделген қағидаға ауыстырылуы керек. Осы мақсатты өз алдына қойып, оны өмiрге енгiзу жолында Фейербах қажымай-талмай, батыл жұмыс жасады. Оның ойынша, қалың бұқараның Құдайға сенуiнiң қайнар көзi адамның жан дүниесiнiң құпияларында жатыр. Солардың iшiндегi ең негiзгiлерiнiң бiреуi – адамның табиғаттың орасан зор күштерiнен қорқып, соларға тәуелдi болуы. «Үрей құдайларды тудырды. Барлығын билеп-төстейтiн бұл үрейдiң өзiн кiм тудырды? Оны тудырған – тiрi пенденiң бақытқа деген ұмтылысы», – деп қорытады ол. Қаһарлы я болмаса мейiрбанды құдайлар адамдардың құмартуының тұңғиығы мен шытырман қажеттiктерiнен шығады. Демек, адамдардың сан алуан мұқтаждықтары мен содан шығатын тiлектерi – дiннiң дүниеге келуiнiң әкесi. Ал сонда оның шешесi кiм? Фейербахтың ойынша, ол адамның бақытқа деген iңкәрiнен шығатын қиялдары, яғни таным үдерісiндегi қиындықтарда жатыр. «Адамның надандығының түбi және қиялының шегi жоқ. Надандықтың арқасында өзiнiң негiзiнен айырылған табиғат күштерi шексiз қиялдауға қосылып, Құдiреттi Құдайды тудырады». Сонымен қатар Фейербах дiннiң психологиялық түп-тамырына да терең сипаттама бередi. Ол – адамның өлместiкке деген тілегі, соның 228 себебiнде қайсыбiр дiннiң «о дүние» жөнiндегi ғажап қағидасына сенуi. «Адам өзiнiң өмiрiнiң соңдығын, әлсiздiгiн, шектелгенiн, басқа еш нәрсеге қарағанда, өлiмнен қашып құтыла алмайтындығынан терең сезiнiп тебiренедi», – деп қорытады ұлы ойшыл. Сонымен, дiн дегенiмiз – құпияландырылған қиялдың жемiсi болып шықты. Фейербах дiннiң ғасырлар бойы қалыптасқан екi формасын көрсетедi. Бiрiншiсi – ол мистификацияланған (құпияланған, құдiреттелген) табиғат күштерi. Екiншiсi – ол адамның өзiне ұқсайтын Құдай идеясы. Ол жөнiнде Фейербах былай дейдi: «Шексiз де құдiреттi Құдайдың мәнi дегенiмiз – ол адамның өзiнен бөлiп алынып, ерекше өмiр сүрiп жатқан сияқты адамның рухани мәнiнiң өзi». Сонымен қатар Фейербах христиан дiнiнің езiлген адамның рухани жұбатушысы ретiндегi қызметiн көрсетiп, оны әшкерелейдi. Оның ойынша, Құдайға сену – дүниедегi зұлымдықты құртуға бағытталған құралдар жөнiндегi ойларды шетке шығарып тастайды. Адам бұл дүниеде iске аспайтын ынталарына бола, iске асыра алатын тiлектерiн аяққа басады. Олай болса, Фейербах: «Мен құдайды терiстеймiн, олай дегенiм – мен адамды терiстеудi терiстеймiн», – деп, Гегельдiң тiлiмен оның iлiмiне қарсы шығады. Өйткенi о дүниенi терiстеу дегенiмiз – бұл дүниенi орнықтыру деген сөз. Жарқын болашақ – ол сенiмге емес, адамның өзiнiң борышына жатады. Мiне, ендi бiз Фейербахтың философиясының негiзгi мәселесiне келiп тiрелдiк, ол – адам мәселесi. «Жаңа философия адамды және соның негiзi ретiндегi табиғатты философияның ең негiзгi универсалды пәнiне айналдырады». Сондықтан бiз Фейербахтың iлiмiн антропологиялық философия деймiз. Ол адамды, негiзiнен, психо-физиологиялық пенде ретiнде қарайды. Фейербахты немiс философтарының адамды тек қана рух ретiнде түсiнуi қанағаттандырмайды. Оның ойынша, адам, бiр жағынан, материалдық дене, екiншi жағынан, – ойлайтын рух. Фейербах көбiне адамның табиғи-биологиялық жақтарын қайта орнына келтiруге тырысады. «Мен» дегенiмiз – ол ойлайтын рух қана емес, ол денесi мен ойлай алатын басы бар, нақтылы кеңiстiк пен уақыттың шеңберiнде өмiр сүрiп жатқан тiрi адамның өзi. Фейербах адамның негiзгi мiнездемесi ретiнде оның сезiмдiгiн келтiредi. Гегельдiң ойлау мен болмыстың теңдiгiне Фейербах болмыс пен сезiмдiктiң теңдiгiн қарсы қояды. Оның ойынша, тек қана «сезiнетiн пенде ғана – шынайы ақиқатты пенде». Сезiмдiк болмыс деп Фейербах бiздiң санамызға тәуелсiз өмiр сүрiп жатқан материалдық дүниенi айтады. Олай айтқан себебi, дүниедегi материалдық заттар мен құбылыстардың өзiндiк өмiрiне Фейербах онша көп мән берген жоқ, ол олардың бәрiн тек қана адамға деген байланысы арқылы қарады, соңғының өзi сезiмдiк деректер арқылы адамға берiлетiнi 229 сөзсiз. Екiншiден, адамның өзiнiң материалдығын, денелiгiн ойшыл сезiмдiк арқылы түсiнедi. Адам түйсiктерi мен сезiмдерiнiң өзi – оның материалдық дене екендiгiн көрсететiн бiрден-бiр дәлелдеме. Демек, «мен» – сезiмтал пенде, олай болса, дене адамның мәнiне толық түрде кiредi. Егер табиғатты Фейербах өз болмысынан өзiн айыра алмайды деп түсiнсе, адам – өзiнiң мәнiн болмыстан айыра алатын пенде. Фейербахтың сезiмдiк қағидасының гносеологиялық (танымдық) жағы да бар. Айнала қоршаған ортаны танып-бiлу сезiмдiк қабылдау, түйсiктер, аңдау арқылы жүредi. Оның айтуынша, тек сезiмдiк аңдаумен анықталған, бағытталған ойлау ғана шынайы. Егер ойлау сезiмдiктен алыстаса, онда ол шындықтан да қол үзiп, өзiнiң шеңберiнен шыға алмай адасады. Сезiмдiктiң тағы да бiр аса мәндi жағы – оның iшiне қажеттi түрде сүюдiң енуi. Фейербахтың ойынша, «бiздiң сүймейтiн, сүюге болмайтын нәрсемiз – ол жоқ», «сүю жоқ жерде – ақиқат та жоқ», «сүю – заттардың бiзден тыс өмiр сүруiнiң шынайы онтологиялық дәлелдемесi». Ары қарай өз ойын жалғастырып, Фейербах сүюдi iңкәрмен теңейдi. Олай болса, тек iңкәр ғана – заттың өмiр сүруiнiң анықтамасы. Тек iңкәрдiң ұмтылған заты ғана ақиқатты. Фейербахтың бұл сөздерiн субъективтi-идеалистiк бағытта қарауға болмайды. Оның айтқысы келгенi – адам өзiнiң керек қылатын заттарына, өмiрлiк құндылығы бар құбылыстарға немқұрайды қарамайды, ол оларды сүйедi, оларды игеруге, иеленуге тырысады, тек осы сәтте ғана олардың адамнан тыс өмiр сүрiп жатқаны оған айқын көрiнедi. Егер ол өзi сүйетiн, керек қылатын заттарға жете алмаса, ол онда қайғырып-қамығады, зардап шегедi. Оның өзi шынайы өмiрде керек нәрсенiң жоқтығын, оның бiздiң жандүниемiзден тыс өмiр сүретiнiн көрсетедi. Фейербахтың философиясында әлеуметтiк, моральдық мәселелерге көп көңiл бөлiнген. Ол өз заманындағы қоғамдық қатынастарға қанағаттанбайды, әсiресе христиан дiнiнiң осы дүниенiң құдiреттi Жаратушысы Құдайдың Өзiне сенiп, адал болған адамдарға мәңгi рақатқа бөленген о дүниедегi өмiр берiледi деген негiзгi қағидасына терiс баға берiп, ол қарапайым адамдардың осы өмiрдегi жағдайларын жақсартуға бағытталған ұмтылысына кедергi келтiредi деген пiкiр айтады. Фейербахтың ойынша, аспандағы мәңгiлiк өмiрге сену – жердегi өмiрдiң құндылығын жояды. Бiрақ Фейербах христиандықты қатты сынға алғанмен, қоғам өмiрiне бәрiбiр дiннiң керектiгiн мойындайды. Оның ойынша, тарихтағы бiрiнбiрi ауыстыратын үлкен дәуiрлер дiндердiң ауысуымен тығыз байланысты. Олай болса, өзiнiң мүмкiндiктерiн сарқыған христиан дiнiнiң орнына жаңа дiн керек. Ол дiн Құдайға деген сүйiспеншiлiктiң орнына адамды сүюдi қоюы керек. «Христиандықтың мәнi» деген негiзгi 230 еңбегiнің соңғы тарауында Фейербах «Адам адамға – Құдай» деген пiкiр айтады. Сонымен бүкiл философиясы материалистiк бағытта болған философ мұндай көзқарасқа неге келедi деген сұрақ бiздiң ойымызға ерiксiз келедi. Оның ойынша, адамдардың бiр-бiрiне деген қатынастарына дiни бiтiм берiлмесе, олар өзiнiң адамгершiлiк қасиеттерiнен жұрдай болады, өйткенi ондай жағдайда адамдар өздерiнiң табиғи өзiмшiлдiгiнен арыла алмай қалады. «Дiнсiз болу – тек адамның өзiн ғана ойлауымен тең, дiнге сену – басқаларды да ойлаумен бiрдей», – дейдi Фейербах. Ендi, мiне, Жаңа замандағы материалист-ойшыл Фейербах бұл мәселеге қандай жаңалық әкелдi екен? Оның ойынша, еркек пен әйел арасындағы жыныстық сезiмге негiзделген сүйiспеншiлiк осы жаңа дiннiң арқауы болуы керек. Өйткенi адам табиғи-биологиялық пенде болғаннан кейiн, оның түйсiктерi мен сезiмдерi оны алдамайды, тек қана сүйiспеншiлiктен басқа шынайы практикалық және органикалық нәрсе адамдар арасында жоқ деген өз пiкiрiн айтады. Олай болса, «аспандағы ләззаттан» гөрi, адам жердегi «сезiмдiк бақытқа» ұмтылуы қажет. Ол, әрине, бiр-бiрiн сүйетiн «сен» мен «меннiң» қарым-қатынасы. Адамдардың бiр-бiрiне деген қажеттiктерi оларды бiр-бiрiмен теңеп, топтастырады. Егер адамдар Құдайға сенуден гөрi, өздерiне сенiп, адамның өзiн Құдай ретiнде қараса, онда барлық адамдардың арасында, олардың жынысына қарамай, достық қарым-қатынастар қалыптасып, коммунизмге жол ашылатынын айтады ұлы ойшыл. Осындай руханиадамгершiлiк ойларымен Фейербахтың есiмi бiздiң санамызда сақталып қалады. Мiне, осымен немiс классикалық философиясына арналған соңғы беттi аударамыз. Келесi сарапталатын ағым – тек қана философияда ғана емес, бiздiң өткен тарихымызға тiкелей өзiнiң зор әсерiн тигiзген iлiм – ол маркстiк философия..