Саңғырық бөлу (дефекация). Химустың қорытылмаған қалдықтары тік ішектің соңғы бөліміне жылжиды да, кілегей қабықтың рецепторларын тітіркенеді. Осының нәтижесінде туындаған тітіркеніс орталыққа тепкіш жүйке арқылы жұлынның бел-құйымшақтық бөлімінде орналасқан дефекация орталығына бағытталады. Орталықтан тітіркеніс орталықтан тепкіш жүйкелермен тік ішек пен саңғуырдың (клоака) қысқыштарына (сфинктеріне) бағытталады да, олар босаңсытады. Одан саңғуыр еттері мен құрсақ еттерінің жиырылуы нәтижесінде саңғырық массасы сыртқа шығарылады. Саңғырық массасының шығарылуына құрсақтық ауа қапшығы да көмектеседі. Олар тыныс алынған кезде ауаға толады да, ішекті қысып, дефекация процесін жеңілдетеді.
Дефекация кезінде құс саңғырықпен бірге зәр де бөледі. Саңғырықтағы ақ түсті қабыршықтар зәр қышқылдарының кристалдарынан құралады. Құс саңғырығында 74% су, ал оның құрғақ затында - 4-9% азот болады.
Бақылау сұрақтары. 1. Құстың ауыз қуысындағы ас қорытуына қандай ерекшеліктер тән? 2. Бөтегенің ас қорытудағы рөлі қандай? 3. Ас қорытуда құстың безді және етті қарындары қандай рөл атқарады? 4. Құстарда ішектегі ас қорытуға қандай ерекшеліктер тән? 5. Функционалдық құрғыдан құстың бауыры мен ұйқы безі немен ерекшеленеді? 6. Құстарда қарсы толқынды қимылдардың маңызы неде? 7. Қоректік заттардың ыдырау өнімдері қалай сіңіріледі? 8. Саңғырық бөлу процесі қалай атқарылады?
5-т а р а у. Зат пен энергияның алмасу Организм сыртқы ортадан ас қорыту жолы арқылы қоректік заттар құрамында белок, көмірсу, май, минералды заттар, су, ал тыныс алу мүшелері арқылы оттегін қабылдайды. Бұл заттар организмде түрленіп, оның сұранысына сай әртекті қосылыстар түзіледі де, түрлену барысында пайда болған қажетсіз өнімдер зәр шығару, ас қорыту, тыныс алу мүшелері мен тері арқылы бөлініп шығарылады. Организмнің барлық жүйелерінің (ас қорыту, тыныс алу, қан айналым, зәр шығару, жүйке-гуморальды реттеу) қызметі зат алмасу процестерін қамтамасыз етуге бағытталған. Зат алмасудың нәтижесінде организм құрылымдық (пластикалық) және энергетикалық заттармен қамтамасыз етіліп, залалды алмасу өнімдерінен арылады.
Сыртқы ортадан организм қабылдаған заттардың түрленуі ассимиляция және диссимиляция процестерінің нәтижесінде атқарылады. Ассимиляция – қарапайым заттардан күрделі қосылыстардың түзілуі. Диссимиляция - күрделі қосылыстардың қарапайым заттарға ыдырауы. Ассимиляция барысында энергия шығындалады, ал диссмиляция барысында энергия босанады. Бұл екі процесс бір-бірімен тығыз байланыста болады. Тірі организмде органикалық заттардың бұзылу және синтезделу процестері қатар жүріп отырады. Ассимиляциясыз диссимиляция, диссимиляциясыз ассимиляция жоқ. Толысқан организмде ассимиляция мен диссмиляция бірдей деңгейде қалыптасады да, жас организмде ассимиляция, кәрі организмде – диссимиляция басымдық алады. Ескерте кететін жайт, зат пен энергия алмасу біртұтас, бір-бірімен тығыз байланысты, бір-бірінен ажырамайтын процестер, оларды тек зерттеуге ыңғайлы болу үшін ғана шартты түрде бөліп қарастырады.