Несіпбаев Т., Исхан Қ. Ж., Несіпбаева А.Қ. ҚҰс физиологиясы



бет26/103
Дата25.11.2023
өлшемі0,92 Mb.
#126940
түріОқулық
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   103
Байланысты:
Ќан жїйесі физиологиясы-emirsaba.org

Ішектегі ас қорыту. Құстардың ащы ішегінде ферменттердің әсерімен қоректік заттардың сатылы ыдырау процесі жүреді. Азық қорыту ферменттерінің негізгі көзі өтпен бірге жіңішке ішекке құйылатын ұйқы безінің сөлі саналады. Ішек бездерінің секреті бұл тұрғыдан онша маңызды рөл атқармайды.
Тауықтарда ішек сөлі сілтілік реакциясы бар (рН 7,42), тығыздығы 1,0076 деңгейінде лайлы сұйық. Оның құрамында протеолидтік, аминолидтік, липолидтік ферменттер мен энтеркиназа ферменті болады.
Ұйқы безінің секреті түссіз, кермек дәмді, әлсіз қышқылдық немесе әлсіз сілтілік реакциялы (рН 7,2-7,5) сұйық. Тауықтарда ұйқы безі сөлінің рН-ы 6,0 деңгейінде сақталады. Сөлдің құрғақ затында ферменттен басқа амин қышқылдары, липидтер, минералды заттар (хлорлы натрий, хлорлы кальций, натрий бикарбонаты т.б.) болады.
Ересек құстың ұйқы безі сөлінің құрамында трипсин, карбоксипептидаза, амилаза, мальтаза, инвертаза, липаза ферменттері болады.
Трипсин бұйығы трипсиноген түрінде бөлінеді. Ол ішек сөлі ферменті - энтерокиназаның әсерінен азық құрамындағы күрделі белоктарды амин қышқылдарына дейін ыдырататын белсенді трипсинге айналады. Карбоксипептидаза ферменті де күрделі белоктарды амин қышқылдарына дейін ыдыратады. Амилаза полисахаридтерді мальтозаға дейін, ал мальтаза мальтозаны моносахарид - глюкозаға дейін ыдыратады. Липаза эмульсияланған майды глицерин мен май қышқылдарына ыдыратады.
Ұйқы безі секрециясының механизмі құстар мен сүт қоректілерде ұқсас келеді. 10-12 айлық мекиендерде азықтандырғанға дейін ұйқы безінен аз ғана сөл бөледі (сағатына 0,4-0,8 мл). Азық қабылдағаннан 5-10 мин өткен соң секреция деңгейі 3-4 есе көбейеді және осындай қарқын 3 сағатқа дейін сақталады. Осыдан соң сөлдің бөлінуі біртіндеп төмендейді де, азықтандырғаннан 9-10 сағат өткен соң бастапқы деңгейге оралады.
Ұйқы безінен бөлінген сөлдің мөлшері мен оның ферменттік белсенділігі құс қабылдаған азықтың көлемі мен құрамына байланысты өзгереді. Азық қабылдағаннан соң алғашқы сағаттарда сөлдің бөлінуі күшейіп, ферменттік белсенділік артады да, бастапқы деңгеймен салыстырғанда протеолидтік белсенділік 92%, амилолидтік белсенділік - 50% және липолидтік белсенділік 30% артады. Сөлдің ферменттік белсенділігі азық құрамына бейімделе өзгереді. Белокқа бай азық сөлдің протеолидтік белсенділігін (60%-ға дейін), майға бай азық - липолидтік белсенділігін көтереді. Ұйқы безінің секрециясы қабылданған азық мөлшеріне байланысты да өзгереді. Азық көп мөлшерде берілсе, сөл аз бөлінеді, ал сол көлемдегі азықты бөлшектеп берсе, сөл көбірек бөлінеді. Бір күн бойы секрецияның деңгейінің ауытқуы байқалады. Түнде күндізгі уақытпен салыстырғанда сөл 25% аз бөлінеді.
Ұйқы безінің қызметі нейрогуморальдық жолмен реттеледі. Құстарда да ұйқы безі қызметін реттеудің рефлекстік механизмі сүт қоректілерде И.П.Павлов ашқан заңдылыққа ұқсас. Ұйқы безіне гипофиз, қалқанша, қалқанша серік, бүйрек үсті бездерінің гормондары әсер етеді. Секретин гормоны ұйқы безі сөлінің бөлінуін күшейтеді. Ұйқы безінің секрециясын кезеген жүйке жандандырады, ал симпатикалық жүйке талшықтары - әлсіретеді.
Өт бауырдан толассыз бөлінеді. Оның бір бөлігі өт қапшығына (тауық, үйрек, қаздарда) түседі, одан соң жіңішке ішекке бөлінеді. Кептер, мысыр тауығы, түйе құстарда өт қапшығы болмайды, сондықтан өт бірден жіңішке ішекке құйылады.
Өт бөлу деңгейі құс организмінің ерекшелігі мен бауырдың функционалдық күйіне байланысты болады. Тауықтарда аш қарын жағдайында ұйқы безі орта есеппен тірі массаның әр келісіне сағатына 1,48 мл сөл бөледі, бұл сүт қоректілермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Құс өті ашық немесе күңгірт-жасыл түсті, сілтілік реакциялы (рН 7,3-8,5) сұйық. Қапшық өті балауса өтпен (бауыр өті) салыстырғанда қоюлау және қанық реңді келеді. Түрлі құстарда өт құрамы жағынан ерекшеленеді. Тауықтарда бауыр өтінде 3-4%, ал қапшық өтінде – 7-9% құрғақ зат болады. Оның тығыздығы 1,01-1,04 шамасында. Өт құрамында өт қышқылдары (600-2000 мг%), өт пигменттері (70 мг%), холестерин (115 мг%) болады. Олармен қатар құс өтінің құрамына көмірсулар, май қышқылдары, бейтарап майлар, муцин, минералды заттар және азот құрамды алмасу өнімдері енеді. Құс өтінде амилаза ферменті де табылған.
Қапшықтық және балауса бауыр өті бір-бірінен физикалық-химиялық қасиеттерімен ерекшеленеді. Өт қапшығында судың сіңірілуіне байланысты өт біршама қоюланады. Оның құрамында бауыр өтімен салыстырғанда өт қышқылы мен қант 3,5 есе, жалпы азот 3,6 есе, белокқа жатпайтын заттар 4,6 есе, белок 2,6 есе артады. Бауыр өтінің рН-ы жоғарырақ болады.
Құстарда бауырдың өт түзу қызметі рацион құрамына байланысты. Құрама азық, арпа, тары, бидай және көк шөп өттің бөлінуін күшейтеді. Құс рационында май мен протеин мөлшері өссе, өттің бөлінуі күшейіп, оның құрамндағы өт қышқылдарының деңгейі жоғарылайды.
Өттің ас қорытудағы маңызы өте зор. Ол майларды эмульсиялайды да, оның липазамен жанасу мүмкіндігін арттырады, ұйқы безі сөліндегі ферменттердің белсенділігін жоғарылатады, ішектің қимылын (перистальтикасын) күшейтеді, қоректік заттардың ыдырау өнімдерін, май қышқылдарының сіңірілуін оңайлатады. Сонымен қатар, өт етті қарында ойық жаралардың пайда болуына, кутикуланың зақымдануы мен эрозиясына жол бермейді.
Ішектегі ас қорыту процесіне қатысумен қатар бауыр белок, көмірсу, май, минералды заттар алмасуында маңызды рөл атқарады. Бауырда зат алмасудың уытты өнімдері бейтараптанады, мочевина, зәр қышқылы және басқа қосылыстар синтезделеді. Бауырда ескірген эритроциттер жойылады. Бауыр торшаларында көмірсу (гликоген), маңызды дәрмендәрілер (А, Д, К т.б.) қорға жинақталады. Өттің құрамында белгілі мөлшерде өт қышқылдары, холестерин, пигменттер, фосфолипидтер, белоктар, көмірсулар болуына қарағанда құс бауыры қан мен асқорыту жүйесінің арасында заттардың алмасуында белсенді рөл атқарады.
Өттің түзілуі де жүйкемен және гуморальды заттар әсерімен реттеледі. Бауырдың секрециялау қызметін кезеген жүйке жандандырады, ал симпатикалық жүйке - тежейді. Өт бөлу процесі азық қабылдағанда рефлекстік жолмен күшейеді. Азық қабылдау актісімен байланысты туындаған тітіркеністер әсерінен ас қорыту орталығы қозып, өттің бөлінуін жандандыратын эфференттік импульстер бауырға кезеген жүйке мен көкеттік жүйке арқылы бағытталады. Осы процесті тежейтін импульстер бауырға симпатикалық жүйкелер арқылы бағытталады. Бауырдың секрециялау қызметіне ОЖЖ-ң жоғарғы бөлімдері әсер етеді. Оны шартты рефлекстер қалыптастыру арқылы дәлелдеуге болады. Аш тауықтарға азық көрсетсе, өттің бөлінуі күшейеді.
Бауырдың өт бөлу қызметіне түрлі гуморальды факторлар - тұз қышқылы, өттің өзі, белок пен майдың ыдырау өнімдері, сығынды (экстрактивті) заттар әсер етеді. Вазопрессин, адренокортикотропты гормон, инсулин және тироксин гормондары өттің түзілуін күшейтеді, ал адреналин оны тежейді.
Өттің ішек қуысына бөлінуі (өт бөлу) вегетативтік жүйке арқылы және гуморальды факторлармен реттеледі. Қарын мен ішекке азық түскенде өт қапшығы жиырылып, өт өзекшелерінің сфинктерлері босаңсиды. Бұл өттің бауырдан шығып, ішекке құйылуына мүмкіндік береді. Өт бөлу процесін ас қорыту жолының гормондары – холецистокинин, гастрин, секретин, жандандырады.
Құс ішегінде қоректік заттардың ыдырау процесі әлсіз қышқылдық ортада да, әлсіз сілтілік ортада да жүреді. Ішектің ұзына бойында рН деңгейі айтарлықтай ауытқып отырады. Мысалы, тауықтарда жіңішке ішек химусының рН-ы 5,8-6,0, аш ішекте ол – 5,8-5,9, мықын ішекте – 6,3-6,4, тұйық өсінділерде – 5,7. Үйрек пен түйе тауықтарда да рН ауытқулары шамамен осы деңгейде.
Жіңішке ішекте тұз қышқылы мен қарын сөлі ферменттерінің (пепсин, химозин) әсерінен белоктар пептондар мен полипептидтерге дейін ыдырайды. Олардың әрі қарай аминқышқылдарына дейін ыдырауы аш және мықын ішекте ұйқы безі сөлінің протеолидтік ферменттерінің әсерімен жүреді.
Ішекте көмірсулар моносахаридтерге дейін ыдырайды. Бұл процесс негізінен ұйқы безі амилазасының, ішінара өт пен ішек сөлі амилазасының әсерімен жүреді.
Майлардың ыдырауы өт пен ұйқы безі сөлінің әсерінен жіңішке ішекте басталады да, аш ішекте моноглицеридтер, глицерин және май қышқылдарының түзілуімен аяқталады.
Құстардың ащы ішегінде ас қорыту және қоректік заттардың ыдырау өнімдерін сіңіру процестері қарқынды жүреді. Қоректік заттардың ыдырауы ішек қуысында ғана емес (қуыстық ас қорыту), кілегей қабықтың эпителийлік торшаларының микробүрлерінің беткейінде (мембраналық ас қорыту) де жүреді. Қуыстық ас қорыту нәтижесінде қоректік заттар ас қорыту сөлдері құрамындағы ферменттер әсерімен бастапқы өңдеуге ұшырап, пайда болған аралық өнімдер гликокаликс арқылы микробүрлер (түкті көмкерме) аймағына өтеді. Олар одан әрі мембраналық ас қорыту кезеңінде микробүрлер ферменттері әсерімен ақырғы ыдырау өнімдері пайда болады да, осы беткейде сіңіру процесі басталады.
Тауық пен үйректерде мембраналық ас қорыту процесінің ерекшеліктерін алғаш рет Е.Б.Бегаилов зерттеген (1974). Оның зерттеулерінің нәтижелері мембраналық ас қорыту процесі бүкіл ас қорыту жүйесіне тән құбылыс екенін көрсеткен. Сонымен қатар, оның қарқынына құстың түрі әсер еткен. Үйректерде мамбраналық ас қорыту тауықтармен салыстырғанда қарқындырақ жүрген, ал тауықтарда оның қарқыны қуыстық ас қорытудан күштірек болған.
Құстардың тұйық өсінділерінде ас қорыту процесі ащы ішектен өткен ферменттер мен микрофлоралар бөлген ферменттердің көмегімен жүреді. Балапандар тұйық өсінділерінде микроорганизмдер алғашқы азық қабылдағаннан кейін пайда болады. Ішектің бұл бөлімінде стрептококтар, ішек таяқшалары, лактобациллалар мекендейді де, олардың әрекетімен белоктар, көмірсулар, майлар қорытылады, В тобындағы дәрмендәрілер синтезделеді.
Сүт қоректілер сияқты құстардың ас қорыту бездері целлюлозаға әсер ететін фермент бөлмейді. Клетчатка негізінен бактериялар бөлген ферменттер әсерімен тұйық өсіндіде ыдырайды. Құстарда клетчатканың қорытылу көрсеткіші 10-30% деңгейінде болады. Тұйық өсіндіні алып тастаса, клетчатка қорытылмайды.
Тұйық өсіндіге химустың тек майда бөлшектері ғана түседі, ал ірі түйіршікті химус мұнда өтпейді, ол бірден тік ішекке бағытталынып, нәжіспен бірге шығарылады. Тұйық өсіндіде көп мөлшерде су және азот құрамды заттар сіңіріледі, осыдан химус қоюланады, нығыздалады. Тұйық өсііндідегі қоймалжың, қошқыл-сары немесе қоңыр түсті химус ащы ішектің әрбір 9-10 жиырылуынан кейін шығарылып отырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет