15– тарау. Талдағыштар (анализаторлар) физиологиясы 15.1 Талдағыштардың құрылым принцип, жіктелуі, жалпы қасиеттері. …………………………………………
15.2. Көру талдағышы ……………………………………..
15.3. Есту талдағышы ……………………………………..
15.4. Вестибулалық аппарат ………………………………
15.5. Дәм талдағышы ………………………………………
15.6. Иіс талдағышы ………………………………………
15.7. Тері талдағышы...........................................................
15.8. Висцорецепциялық талдағыш........................................
15.9. Проприорецепциялы талдағыш........................................
Алғы сөз
Құс шаруашылығы мал шаруашылығының маңызды салаларының бірі. Сондықтан нарықты экономика жағдайында оның тиімділігін арттыра түсуге баса көңіл бөлінуі керек. Ол үшін құстың физиологиялық ерекшеліктерін, оның энергия мен құрылымдық материалдарға мұқтаждығын жан-жақты зерттеп білген жөн. Бұл проблеманы шешу үшін құс организміне тән морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктерді білу керек. Осы мақсатта Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқу жоспарына таңдалымдағы пәндер ретінде қазақстан құстары, құс морфологиясы және құс физиологиясы пәндері ұсынылған.
Құстарға бірнеше биологиялық ерекшеліктер тән. Олар тез өсіп-жетіледі, өте өсімтал әрі өнімтал келеді, физиологиялық тұрғыдан ерте толысады, дене температурасы көтеріңкі (40-42°), эмбрион ана организмінен тыс дамып, жетіледі, тері жабыны мен оның туындыларына өзіндік ерекше сипат тән.
Құс физиологиясы – биологияның, оның ішінде физиологияның маңызды салаларының бірі. Физиология деген сөз грек тілінде тірі организмнің функциялары туралы ғылым немесе тіршілік тану деген мағына береді. Физиология организмнің тіршілік әрекетін, жеке мүшелер мен жүйелердің қызметін зерттеп, олардың ерекшеліктерін, биологиялық маңызын анықтайды, организмнің сыртқы ортамен қарым-қатынастарындағы заңдылықтарды ашады.
Құс физиологиясының негізгі мақсаты - үй құстарының тіршілік әрекеттерін зерттеп, олардың өнімділігін, өнімінің сапасын адамның мұқтажына, талабына сәйкес арттыру. Демек, физиология құс шаруашылығының биологиялық негізі.
Физиология ғылымының жетістіктері мал дәрігерлік және құс өсіру жұмыстарында кеңінен пайдаланылады. Әр түрлі аурулар салдарынан организм функцияларындағы ауытқуларды тек қана физиологиялық процестердің қалыпты параметрлерін жете білгенде ғана байқауға болады. Демек, физиология патологиялық ауытқуларды, дертті күйді анықтауға мүмкіндік береді.
Физиологиялық мағлұматтар негізінде құстың қоректік заттар мен энергияға деген мұқтаждығы анықталып, нормативтер белгіленеді; құс өсіру мен құсты күтіп-бағудың ғылыми негіздері ұсынылады; құс өсірудің тиімді жолдары анықталып, практикада әр түрлі техниканы қолдануға жол ашылады (мысалы, түрлі технологиялық қондырғылар); құсты үйрету, баптау, машықтандыру негіздері анықталады; құстың өсуін жеделдететін, өнімділігін арттыратын түрлі биологиялық белсенді заттар – дәрмендәрілер (витаминдер), гормондар, ұлпалық қуаттандырғыш заттар қолданылады.
Құс физиологиясы да тәжірибелік (эксперименттік) ғылым. Ол мал физиологиясы қолданатын әдістер мен тәсілдерді пайдаланады да, өзге пәндермен: морфология, биохимия, биофизика, мамандыққа баулитын басқа ветеринариялық-зоотехниялық пәндермен тығыз байланыста дамиды.
Құстың жұмыртқалағыштығын арттыруда оларды дұрыс және тиімді азықтандырудың да маңызы зор. Жұмыртқалау кезеңінде құстарда зат алмасу процесінің қарқыны жоғарылайды, организм шығыны артады. Химиялық талдауларға қарағанда жұмыртқаның құрамы өте күрделі. Онда 65,5% су, 11,9% белок, 9,3% липидтер, 0,9% көмірсулар, 0,9% минеральды заттар (қауызда - 11,5) болады. Егер салмағы 1,8 кг тауық жылына орташа массасы 56 г. 240 жұмыртқа жұмыртқаласа, онда ол жалпы алғанда 13,4 кг жұмыртқа массасын, оның ішінде 1600 г құнарлы белок, 1250 г май, 125 г көмірсу өндіреді. Бір жылда қауыз құрамымен тауық 600 г, немесе өз салмағының 1/3 шамасында кальций жоғалтады. Жалпы алғанда тауық жыл бойына жұмыртқамен өз салмағынан 8 есе артық әр түрлі құнарлы заттар бөледі және өз массасымен шамалас жұмыртқа белогын өндіреді. Массасының әр өлшеміне шаққанда тауық жыл бойына 0,9 бөлік жұмыртқа белогын өндірсе, сиыр - 0,23 бөлік сүт белогын өндіреді. Жұмыртқа құрамында барлық алмастырылмайтын амин қышқылдары, әр түрлі макро- және микроэлементтер болады. Жоғарыда баяндалған жайлар құстарды дұрыс азықтандыру мәселелеріне баса көңіл бөлуді қажет етеді. Құстар азық құрамында қажетті мөлшерде қоректік заттар қабылдау керек. Сонымен қатар олар қабылдаған қоректік заттар жеңіл қорытылып, оңай сіңетін күйде болғаны жөн.
Физиологиялық тәжірибелерде құстардың энергияға, дәрмендәрілерге, амин қышқылдарына, микроэлементтерге мұқтаждығы анықталады, физиологиялық нормалар айқындалады. Физиология түрлі заманауи тәсілдерді (электрофизиологиялық, гистохимиялық, радиоактивті изотоптар, спектрофотометриялық, электронды микроскопиялық т.б.) қолдана отырып, өндірістік құс шаруашылығына қажет көптеген күрделі мәселелерді: зат алмасу, ас қорыту, қоректену т.б. проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Ол жинақтаған мағлұматтар құстың түріне, жасына, өнімділігіне байланысты ғылыми негізді азықтандыру нормасын ұсыну үшін қажет.
Құс физиологиясын зерттеп дамытуда ТМД мен егемен еліміздің ғалымдары айтарлықтай үлес қосқан. Бұл тұрғыда А.В.Леонтович, К.Р.Викторов, В.В.Ли, В.И.Георгиевский, Е.Б.Бегайылов, А.Б.Танатаров, Ш.Әлпейісов, Н.Егоров т,б, атап кеткен жөн.