Су мен минералды заттар алмасуының реттелуі. Су мен минералды заттардың алмасуын нерв жүйесі және гормондар реттейді. Макро- және микроэлементтер деңгейін реттейтін орталық гипталамуста орналасақан. Бұл жерде денедегі электролиттер концентрациясының өзгерістерін сезінетін ерекше осморецепциялық торшалар болады. Осы торшалар қозуының салдарынан бөлу органдарының қызметі жүйкелі-рефлексті немесе гуморальдық жолмен өзгеріп, ауытқыған осмостық қысым қалпына келтіріледі.
Аталған орталыққа денедегі су мөлшерінің ауытқуларын төрт түрлі рецепторлар хабарлап отырады. Олар ауыз қуысының кілегейлі қабығындағы рецепторлар (кебірсінуден қозып, сусау түйсігін тудырады), қарынның кілегей қабығындағы барорецепторлар (қарын қабырғасының семуін сезініп, шөлдеу түйсігін тудырады); ұлпалардағы осмостық қысымының өзгерістерін хабарлайтын осморецепторлар; тамырлар арнасындағы қан мөлшерінің өзгерістерін сезінетін волюм- рецепторлар.
Денедегі су мен минералды тұздардың алмасуын реттеуде вазопрессин құрамына енетін антидиурездік гормон (АДГ) маңызды рөл атқарады. Қазіргі деректерге сәйкес бұл гормон гипоталамустың паравентрикулярлық және супраоптикалық ядроларында синтезделеді де, одан әрі гипофиздің артқы бөлігіне келіп жиналады. АДГ бүйрек түтікшелерінің қабырғаларындағы гиалуронидазаны белсендіреді. Осының салдарынан бүйрек түтікшелерінің эпителий торшаларын бекітуші гиалурон қышқылы үйексізденеді де, бүйрек түтікшелерінің суды өткізгіштік қабілеті жоғарылап, реабсорбция (кері сору) процесі күшейеді, организмнен су бөлу азаяды.
Су мен минералды заттардың алмасуын реттеуде бүйрек үсті безінің қыртысты қабатында түзілетін альдосторон гормонының да маңызы зор. Ол бүйрек түтікшелерінің эпителийіндегі янтарь қышқылының дегидрогеназасын белсендіріп, натрийдің кері сорылуын күшейтеді. Ұлпаларда натрий концентрациясының жоғарылауынан ондағы осморецепторлар тітіркенеді де, вазопрессиннің синтезделуін күшейтіп, судың денеде сақталуын жақсартады. Ал альдостеронның бөлінуін реттейтін бірнеше механизм бар. Оның бөлінуін гипофиздің адренокортикотропты гормоны (АКТГ), гипоталамуста түзілетін адреногломерулотропин, бүйректе синтезделетін ренин күшейтеді. Вазопрессиннің әсерінен несеп түзілу баяуласа, минералды кортикоидтар организмдегі ұлпалық сұйықтықты көбейтіп, сыртқа натрийдің бөлінуін азайтады, калийдің бөлінуін арттырады.