1-тарау. Қан жүйесінің физиологиясы Қан, лимфа және ұлпааралық сұйықтық организмнің ішкі сұйық ортасын түзеді. Оның тіршіліктік маңызы үлкен.
Қанның маңызы. Қан ұлпаларға О2мен қоректік заттарды жеткізіп, олардан зат алмасудың соңғы өнімдерін шығара отырып, тасымалдаушы қызмет атқарады. Ол жеке мүшелер мен ұлпалардан өзгелеріне тіршіліктік маңызы бар өнімдерді, гормондар мен басқа да физиологиялық белсенді заттарды жеткізіп, организм функцияларын гуморальдық жолмен реттеуге қатысады, байланыстырушы қызмет атқарады.
Қан құрамында лейкоциттердің және әр түрлі қорғағыш денелердің болуына байланысты микробтар мен олардан бөлінетін уытты заттарды залалсыздандырып және бөгде белоктарды ыдыратып, қорғаныстық қызмет атқарады.
Организмде толассыз айналымда болуының нәтижесінде қанның жылу реттеуге маңызы бар.
Қан торшалар мен ұлпалардың қалыпты тіршілігіне қажетті осмостық қысым мен әрекетшіл реакция деңгейін (рН) тұрақтандыруға қатысады.
Қанның мөлшері, құрамы және физикалық қасиеттері. Жас құстарда қан дене массасының 10-13 %, ересек құстарда – 8,5-9 %, тауықтарда – орта есеппен 8,7 %, үйректе – 8,6% құрайды. Қанның абсолюттік мөлшері тауықтарда –180-315 мл, үйректе –130, қазда – 595, күркетауықте – 688 мл. Қанның осы мөлшерінің 65-70 %-ы құс организмінде айналымда, ал 30-35 %-ы қорда (депода) жинақталады.
Қан сұйық бөліктен – плазмадан және торшалық элементтерден: эритроциттерден, лейкоциттерден және тромбоциттерден тұрады. Қанның 60%-ын плазма, 40%-ын қан торшалары құрайды.
Қанның құрамы организмнің физиологиялық күйіне, жасына, жынысына және басқа да факторларға байланысты.
Құс қанының құрамындағы құрғақ зат мөлшері сүтқоректілерден өзгешелеу, ол балапандарда – 14,4 %, тауықтарда 15,6-19,75 % құрайды.
Артерия қанның түсі – ашық-қызыл, ал вена қанының түсі – қызыл-қоңыр, шие түстес.
Тауықтар мен қаздарда қанның тығыздығы –1,050, үйректе – 1,056. Қанның тығыздығы оның құрамындағы эритроциттер саны мен белоктың деңгейіне тәуелді.
Қанның беткейлік керіліс күші тауықтарда – орта есеппен 5 (4,7-5,5).
Сүтқоректілермен салыстырғанда құстар қанының осмостық қысымы жоғары. Құс қанының қату нүктесі – 0,60-0,62, сүтқоректілерде ол 0,55-0,62. Сүтқоректілерде физиологиялық ерітінді – 0,9 % NaCl болса, құстарда ол – 0,93 %.