Ортаңғы мидың құрылысы мен қызметі. Құстарда ортаңғы ми өте жақсы дамыған. Ол қос төмпектен және сабақтан тұрады. Қос төмпек сезімтал нейрондар ядросынан құралады да, алдыңғы және артқы бөлімдерге бөлінеді. Сабақ болса бүркемеден, қара төсеміктен және табан негізден тұрады. Бүркеме көпірдің жалғасы болып табылады. Онда қызыл ядро және көз қозғағыш нерв пен үштармақ нервтің ядросы орналасады.
Қос төмпектің алдыңғы екі жұп төмпешіктерде көрудің бағдарлау рефлекстерінің, ал артқы жұп төмпешіктерде естудің бағдарлау рефлекстерінің орталықтары орналасады. Осы орталықтардың қатысуымен көз, құлақ және бас бейнелер көрінген, немесе дыбыс шыққан жаққа бұрылады.
Қара төсемік жолақ денемен тығыз байланыста болады да, қаңқа еттерінің жиырылуын, жұту және тыныс қимылдарын реттеуге қатысады.
Қызыл ядро дене қимылын реттейтін маңызды құрылым. Рубро-жұлындық жол арқылы ол жұлынның мотонейрондарымен байланысады. Қызыл ядро сопақша ми орталықтарының (Дейтерс ядроларының) қызметін тежей реттеп отырады. Оның қатысуымен дененің кеңістіктегі қалпына қарай бұлшық ет тонусы өзгеріп отырады. Қызыл ядроны сопақша мидан бөліп тастаса, децеребрациялық сіреспе (ригидность) байқалады. Қызыл ядро дененің қалыпты кейпі мен тепе-теңдігін қамтамасыз ететін тонустық рефлекстердің атқарылуын реттейді.
Аралық ми және оның қызметі. Аралық ми құрамына көру төмемпегі - таламус, төмпек асты аймақ - гипоталамус және төмпек қосалқысы - эпиталамус енеді.
Көру төмпегі мидың ең көне бөлігі. Оны мидың негізгі ақпараттық орталығы деп есептейді. Көру төмпегінде сұр заттан түзілген көптеген ядролар шоғырланады. Таламус құрамына енетін имек денеге көру және есту анализаторларынан бағытталған импульстер келеді. Үлкен ми жарты шарларына бағытталған барлық афференттік импульстер (иістік импульстерден басқа) көру төмпегі арқылы өтеді, осыдан ол афференттік импульстер қақпасы болып есептеледі. Таламус ядроларында жанасу, пропиро-, термо-, ауырсынту, дәм сезу рецепторларынан бағытталған импульстер тоғысады, сондықтан көру төмпегі зақымданса рецепция (рецепторлардың тітіркенуін қабылдау) бұзылады, қатты ауырсыну түйсігі пайда болып, кейде сезімталдық тіпті жойылып кетеді.
Таламус тек афферентік импульстерді мидың жоғарғы бөлімдеріне бағыттайтын құрым ғана емес, сонымен қатар онда белгілі дәрежеде әртүрлі тітіркеністерді талдау, жинақтау процестері де жүреді. Дегенмен, таламус деңгейіндегі жіктеу қарапайым және үстіртін келеді.
Таламус бұлшық еттің икемділік тонусын реттеуге де қатысады. Миды таламустың алдынан тіліп тастаса, бұлшық ет тонусы күшейіп, еттің икемділігі тым жоғарылап кетеді де, құс еріксіз берілген кейіптен шыға алмай қалады.
Эпиталамуста иіс сезу орталығы мен ішкі секрециялық без - эпифиз орналасады.
Гипоталамус - көлемі жағынан гипоталамус кішкентай ғана құрылым болғанымен, көптеген ядролардан тұрады.
Гипоталамус ОЖЖ-ің барлық бөлімдерімен тығыз байланысқан. Оның эфференттік жолдары көру төмпегімен, гипофизбен, ортаңғы және сопақша мимен және аксондары вегетативтік жүйкелердің түйін алды талшықтарын түзетін торшалармен жалғасады. Гипоталамус вегетативтік функцияларды реттеуде, симпатикалық және парасимпатикалық реакциялардың атқарылуында маңызды орын алады. Гипоталамус дене температурасын реттеуге қатысады. Гипоталамусте белоктың, майдың, көмірсулардың, су мен минералды заттардың алмасуын реттейтін орталықтар орналасады. Мидың бұл құрылымы вегетативтік жүйке жүйесінің, ішкі секреция бездерінің және нейрогуморальдық механизмдердің жоғары деңгейлі үйлесімін қалыптастырады.
Гипоталамус түрлі эмоцияларды, организм мен сыртқы орта арасындағы байланысты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қазіргі кезде оның жыныстық және агрессивті қорғаныс рефлекстеріне қатысы анық дәлелденген. Гипоталамус аймағында тояттау, ашығу орталықтары орын тебеді.
Гипоталамус гипофизбен өте тығыз морфологиялық және функциялық байланыста болады, сондықтан оларды гипоталамус-гипофиздік жүйеге біріктіреді (ішкі секреция бездеріне арналған тарауды қараңыз).