Несіпбаев Т., Исхан Қ. Ж., Несіпбаева А.Қ. ҚҰс физиологиясы


Торлы құрылым және оның маңызы



бет87/103
Дата25.11.2023
өлшемі0,92 Mb.
#126940
түріОқулық
1   ...   83   84   85   86   87   88   89   90   ...   103
Байланысты:
Ќан жїйесі физиологиясы-emirsaba.org

Торлы құрылым және оның маңызы. Орталық жүйке жүйесінде сұр және ақ заттармен қатар торлы құрылым (ретикулярлы формация) деген атпен белгілі болған түзіліс кездеседі. Ол пішіні мен мөлшері әртүрлі торшалардың шоғырлануы нәтижесінде пайда болады. Осы торшалардың шашыраңқы орналасқан өсінділері бір-бірімен айқасып, қиылысып, тор тәрізді зат құрайды. Торлы зат орталық жүйке жүйесінің көптеген бөлімдерінде орын тебеді. Жұлында ол астыңғы және үстіңгі мүйіздер аралығында - бүйір бағанда орналасады. Торлы құрылым жұлынның мойын бөлігінде анық байқалады, дегенмен ол ми сабағында жақсы шоғырланған. Торлы құрылым ми сабағының медиальдық бөлігі мен өзегін ала жатады да, көру төмпектеріне дейін созылады. Тіпті көру төмпешіктері мен гипоталамусте де бұл құрылымның элементтерін кездестіруге болады.
Торлы құрылымды құрайтын нейрондар топтасып, көптеген ядролар құрайды. Оның нейрондары дененің белгілі бір бөліктерімен нақпалы байланыс түзбейді. Олар әр түрлі рецепторлардың - көру, есту, жанасу, дәм сезу, терморецепторлар т.б. тітіркенуі нәтижесінде қозады. Кез келген рецептор тітіркенгенде тітіркеніс орталыққа тепкіш арнаулы жол арқылы ми қыртысына бағытталады да, тітіркенген рецептордың табиғатына байланысты оның белгілі бір бөлігінде қозу пайда болады. Сондықтан бұл жолды арнаулы немесе классикалық өткізу жолы деп атайды. Бұл жол үшін көру төмпегі (таламус) өткел болып табылады. Арнаулы өткізгіш жол арқылы импульс өте шапшаң таралады және ми қыртысының нақтылы бөлігіне бағытталады да, шоғырланған қозу процесін тудырады. Ол өзіндік қасиетін сақтап, әсер еткен тітіркендіргіштің сипатын бейнелейді, тітіркендіргіш жайлы анық мәлімет жеткізеді, нақтылы түйсік туғызады. Демек, бұл импульстер белгілі бір хабар (сигнал) ретінде қабылданады.
Ми сабағы деңгейінде әрбір арнаулы өткізгіш жолдан торлы құрылым торшаларына бүйір тармақ бағытталады. Осының нәтижесінде арнаулы өткізгіш жолмен тараған импульстің әсерімен торлы құрылым торшалары қоса қозады. Бірақ торлы құрылымда импульстер өзіндік сипаттарын жоғалтады. Қозған торлы құрылым торшаларынан да импульстер ми қыртысына бағытталады, бірақ олар шашырай, жайыла таралады да, барлық қыртыс торшаларының жалпы белсенділігін арттырады. Осымен байланысты торлы құрылымның өрлеу жолын жалпылама, белсендіруші афференттік жол деп атайды. Бұл жолмен импульстер баяу тарайды және өзіндік сипатын жоғалтып, сигналдық маңызынан айрылады.
Сонымен, арнаулы жүйе арқылы келген импульстер белгілі түйсік тудырса, жалпылама жүйе ми қыртысы нейрондарының белсенділігін арттырып, олардың қызметінің атқарылуына жағдай туғызады. Торлы құрылымның афференттік жолын толығымен қиып тастаса организм ессіз күйге (кома) көшіп, соңынан өліп қалады. Ал, осы жол жарым-жартылай қиылса, ұйқышылдық, селқостық байқалады.
Торлы құрылым ми қыртысымен қос бағытты байланыста болады. Торлы құрылымның төмендеу жүйесі арқылы ортаңғы ми мен сопақша мидан жұлынның мотонейрондарына бұлшық ет қызметін күшейтетін немесе тежейтін импульстер жіберіледі. Сондықтан торлы құрылымның төмендеу жолдары белсендіруші және тежеуші болып екіге бөлінеді.
Торлы құрылым әртүрлі гуморальдық әсерлерге өте сезімтал. Оның алдыңғы бөліктерінде катехоламиндер (адреналин мен норадреналин) бөлетін нейросекрециялық торшалар табылған. Торлы құрылым нейрондары әр түрлі химиялық заттарға да сезімтал. Аминазин, резерпин, түрлі есірткілер (наркоздық заттар), ұйықтататын заттар олардың қызметін тоқтатып, ми қыртысына бағытталатын импульстерді бөгеп тастайды.
Торлы құрылыммен түрлі эмоциялар - үрей, рахаттану, ызалану т.с.с. байланысты. Гипоталамус аймағындағы торлы құрылым ядроларын дәлдеп тітіркендіру арқылы үрей, ыза, рахаттану эмоцияларын тудыруға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   83   84   85   86   87   88   89   90   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет