1
Sauap.org
НӘСІРЕДДИН СЕРАЛИЕВ
АҢСАУ
2
Sauap.org
Күн кешкіріп, зәңкиген бес қабат үйлердің көлеңкесі қалбиып-қалбиып
шыға келген уақ еді. Шілде кезі, күн ұзағына ашық, бұлтсыз аспан төрінен
шақырайып асфальт түгіл темірдің өзін ерітіп жібере жаздаған от күн қала
үйлерінің қалқасына еңкейіп батуға таянған. Тымырсық ауаға ептеп қоңыр
леп қосылғандай қапырық сейіліп, тыныс кеңи бастаған-ды.
Азаннан бері тыңқиған қызыл ала алаша қоржынының бір басы
құйымшағын, бір басы кіндік тұсын ұрғылап әбден қалжыраған қырбық
мұрт, дөңгелек сақалды қара қожыр шал биік үйлер арасындағы қысырақ
жалындай күзелген балапан талды саяжолға бұрылды. Жол шетіндегі арқа
тіреуіші бар жалпақ жайдақ орындыққа кеп, қасына қоржынын құлата салып,
жалп отыра кетті. Уф!— деп демін бір-ақ алды. Жадағайының сыртқы
қалтасынан жаялықтай ақ сұр орамалын алып, жиегі алакүлік шаққандай
күлбіреп қызарғанмен әлі нұры таймаған қоңыр көзіне құйылған ащы терді
сүртті, басындағы қара барқыт шошақ тақиясын қолына ап тізесіне сарт-сұрт
ұрып қаққыштап, шып-шып тершіген тақыр көкшіл құйқаны бастыра қайта
киді. Көлеңкесі зорайып жан-жағынан анталай төнген сұрғылт үйлерге
шалқайып иегін көтере қарады. Жыпырлаған терезелер шалға кірпік қақпай
аңтарыла сүзілетіндей көрінді. «Құдекеңнің шебері-ай, бірінің төбесіне бірін
шығарып... Бірінің үстіне бірі құлап кетпей ме екен?.. Ең төбесіндегінің басы
айналатын шығар...» — деп жымиып қойды. Балапан талдың сыртындағы
жолмен бір топ бала жарыса шауып өтті.
Шал аяғын созып, қоржынына жантайды.
Қария Сырдың арғы бетіндегі «Мақпалкөл» деген совхоздан қалаға
базаршылап азанда келген-ді. Базарға құмары шамалы, «бензеннің исінен
құсам» деп машина атаулыға мінуден қашып жүретін, «шіркін, даланың жілік
майындай таза ауасына не жетсін!» деп ауылдан қарыс ұзап шықпайтын
біртоға адам еді. Бүгін базарға амалының жоғынан келген. Жуырда ғана
әскерден оралған кенжесін үйлендірген-ді. Енді сол баласына есік аштырмақ.
Бәрі барлықтың, тоқтықтың бәлесі, бұ күнде есік ашу да, қыздың дүниесін
беру де бәсеке, ешкім қатарынан қалғысы келмейді. Ол да тышқанша
тыққыштап жиған-тергені бар, ағайын-жекжатқа салық салып қосқаны бар,
барын жұмсап дайындық қамына шыққан. Құда-құдағиға апаратын китке
қажетті мата кілең асылдан сайланбаса, ел күлетін болған. Ауылдың
дүкендерінен қария іздегенін таппай осында келген. Жібек пен шәйі, мақпал
мен торқа жетпегендей адам атынан шатасатын кіремпілен деген бәлесі тағы
шығыпты.
Қала дүкендерінен жартымды ештеңе таба алмаған қария базардан
қымбатына болса да қажетін зыр қағып жүріп тауып, еш жерге аялдамай
аэропортқа тартқан. Қалада қонаға қалғысы келмеген, түстен кейінгі
самолетке үлгірем ғой деп ойлаған. Екі өкпесін қолына алып, мықшыңдап
жеткенінде совхозға ұшатын самолет ұшу алаңында дуадақша дедектеп
барады екен. Көліктің басқадай реті жоқ. Автобус ертеңгілік жүреді, поезбен
3
Sauap.org
жүру бір қиямет, әуелі аудан орталығына бару керек, содан соң ауылға ала
кететін машина іздеп тағы сандалу...
Енді қалаға қонудан басқа не амал бар? Қалада танысы жоқ қария қайда
барарын білмей дағдарып ошарылып қала берген. Кенет ойына қонақ үйі
түсіп, қала орталығындағы «Сырдария» деген үлкен мейманханаға соғып еді,
ондағы бір әйелдер «документ керек, паспортсыз адамды қондырмаймыз»
деп маңайларына жолатпады.
«Осы жерге түнеп шықсам, біреу қумайтын шығар,— деп ойлады шал,—
қалалы жерде ұры-қары болады деуші еді, мынауымнан айрылып қалар ма
екенмін?» Қоржынына сүйеніп еңсесін көтерді. «Мына үйлердің біреуі
қондырмас па екен, түге? Құдайы қонақпын деп барсам, олар да пашпырт
сұрар ма екен?»— деп күңгірттене бастаған терезелерге үмітпен жағалай
қарап шықты.
«Фух-пах!»—деп тарсылдатып мылтық атқан боп бұтаны баспалап
ойнаған кішкентайлар шалға таяу жүрген-ді. Бір кезде бір трусишең,
мәйкішең, көзі мойылдай жылтыраған төрт-бестер шамасындағы қара
домалақ бала шалдың қалқасына кеп тығылды. Шал мойнын бұрып, балаға:
— Мында кел, мында тығыл,— деді жадағайының етегін көтеріп.
Баланың мойылдай көзі күлімдей ұшқын атты. Екі қолын соза ұмтылып:
— Ата! – деп құшақтай алды.
Шал әуелі сасыпқалған. «Айналайын, айналайын, балам.»,— деп оның
шашынан сипалады... Шамасы өз атасына ұқсатты-ау... Бала басын шалдың
бурыл сақалына үйкелеп, қойнына кіріп барады. Сәби мейірінен қарт көңілі
босап, тұла бойы шымырлады.
— Ата, сен қашан келді?— деді бала шал мойнынан қолын босатып.
— Бүгін келдім.
— Сен маған бауырсақ әкелді?— Бала бір тіл жеткісіз қуаныш
құшағында еді.
Шал не дерін білмеді.
— Бауырсағы несі?
— Бауырсақ әкелді сен... Дома?.. Үйде?.. Ата, жүр үйге,— деп бала оның
қолынан тартқылады.
Шал қоржынын иығына салып, балаға ерді.
— Ермек, ты куда?— деп айқайлаған құрбыларына бала қайрылмады.
Шалды қолынан жетектеген бойымен саяжолға төніп тұрған үлкен үйдің
ортаңғы есігіне келіп кірді. Екінші қабатқа көтерілді. Бала сол қол жақтағы
көк есікті тарсылдата ұрды.
— Мама, открой, я с дедушкой!— деп шаттана айқайлады.
Есік ашқан жылы жүзді, қара торы келіншек қарияға қалың қасын көтере
таңырқады. «Ата»,— дей жаздап ернін жымқырды.
— Есенсің бе, шырағым?— деді шал балаға еріп келгеніне қипақтап.
— Сәлем бердік, ата! Келіңіз,— деді келіншек иіліп.
4
Sauap.org
— Жүр, ата, жүр,— деп шалды қолынан тартып ішке кіргізген Ермек
мамасына еркелей асылды.
— А где бауырсақ?
— Қайдағы бауырсақ?
— Ата әкелді бауырсақ,— деді ұртын бұртитып Ермек.
Мамасы енді ұқты. Мына қария өзінің марқұм қайын атасына сойып
қаптағандай ұқсайды. Иә, Ермек өз атасына ұқсатқан екен ғой. Ауылдан
келген сайын немереме деп бауырсақ ала келетін еді-ау, иманды болғыр...
— Бауырсақ...— деп, одан әрі айтар сөз таппағандай мүдіріп қалды
мамасы.
Ермек жүгіріп асханаға барып, мұздатқышты салдырлатып ашып жатты.
Шал баланың қайта-қайта бауырсақ сұрағанының себебін білмей дал боп
басын шайқады да иығындағы қоржынын дұрс еткізіп босағаға тастай салды.
— Ата, төрлетіңіз,— деді келіншек,— Атамыз бар еді сізге ұқсаған.
Дүние салғанына жылға таяп қалды. Сізді со кісіге ұқсатып жүр-ау деймін.
Атаң емеспін демей-ақ қойыңыз... Байғұс келген сайын немереме деп
бауырсақ әкелуші еді.
— Қап, мен бауырсақ әкелмеп ем, енді қайттім?— Шал қоржынына
еңкейіп, бір басын ағытып, шағын түйіншекті суырып алды.
— Кемпірім шөлдесең талмарсың деп бес-алты құрт түйіп салып еді,
осыдан басқа ештеңе...
— Құртты да жақсы көреді... Әй, Ермек, бері кел,— деп дауыстады
келіншек.
— Бауырсақты самолетте ұмытып кетіппін дейік,— деді шал табан
астынан айла тауып.
— Сөй деңіз?
— Куда спрятала?— деп ашуланып оралған Ермектің қолына мамасы
шалдан алған түйіншекті ұстата салды.
— Атаң құрт әкепті.
— Бауырсақты самолетте ұмытып кетіппін құдай алжастырып...
Ермекжан,— деп шал оның басынан сипады.
Түйіншекті мамасы шешті. Екі уысына екі-екі құрттан қысқан Ермек
қайтадан көңілденіп:
— Ата, ауыл кетпе. Мен сен жатам,— деді де ойынға барғалы тысқа
жөнелді.
— Төрлетіңіз, ата.
Шал кебісін шешіп, келіншекке еріп, қоналқы бөлмеге өтті. Кең
жиһазды бөлме еді. Келіншек босаға тұстағы түймені басып шам жақты.
Қауашағы ашылмаған бір буат райхан гүлі секілденген люстра ақшыл нұр
шашты. Қызыл ағаштан шабылған жылтыр сервант, оның ішіндегі хрусталь
рюмкалар жалтылдап сәуле ойнатты. Еденде, табан астында тықыр қызыл
кілем. Шал үйдің сәулеті мен тазалығынан қаймыққандай кібіртіктей басып,
босаға жақтағы шеткі орындыққа отырғалы жатыр еді, келіншек:
5
Sauap.org
— Ата, анда жұмсақ диванға отырыңыз,— деді төр жақ қабырғаға таяу
үстіне сарғыш масаты жабулаған диванды нұсқап.
— Ойда жоқта... түс секілді бір іс болды-ау,— деді диванға жайғасқан
шал.
— Қалайда, ата, бүгін біздікіне қонатын болдыңыз,— деді келіншек
күлімсіреп.— Шай қояйын, өз үйіңіздей көріп жайласып отыра беріңіз.
«Отырайын... отырайын». Көшеге түнеймін-ау деп отырғанда мынадай
жайлы құттыханадан бір-ақ шыққанына өз-өзінен айранасыр шал: «Шіркін,
немере де тәтті-ау... Ана Алматыдағы біздің шіркіндер, баламызды ауылға
жіберсек жылан шағып алады деп, елге жолатпайды. Екі-үш жылда бір
көруге зармыз»,— деп жоғары оқу орнын бітірген соң астанада қызметте
қалған үлкен баласын ойлады. «Мыңқатта шүкір, қолымдағы жаманым аман
болсын. Бір жыл шыдасам, немере де болар...»
Бір-екі кесе шай ішіп шөлі басылған кез шал келіншекке шынын айтты.
...Қалада танысым болмағансын қонақ үйіне барсам, бір маржа:
«пашпырт давай, пашпырт давай!» — дейді. Мен айтам: «Пашпырт біткен,
менен не сұрайсың, ауылда қалған?» Ол айтады: «Дабай, онда пошол» дейт...
Содан қайда түнерімді білмей дал боп есік алдындағы көлеңкеде, отыр едім
ғой... Енді, міне, бәрі себеп... осы үйдің мына шайы бұйырып тұр. Дәм-тұз
қойсын ба?!
— Ата, бұл жақсы, естен кетпейтін оқиға болды. Балаңыз үйде болғанда
ой бір өз әкесін көргендей керемет қуанатын еді. Ермекжан мауқын басатын
болды бәрінен бұрын. Атам қайтқанда Ермекжан науқастанып қап
ауруханада жатыр еді. Атам байғұсқа немересінен топырақ бұйырмады.
Жерленгенде алып бара алмадық. Енді Ермекжанға: «Атаң қайтыс болған
десек, ол сенбейді, өлген жоқ, ата келеді, бауырсақ әкеледі»,— дейді. Көзімен
көрмегесін қайдан сенсін. Сосын сәби неме өлім дегенді де шындап ұқпайды
ғой... Енді біз де оның көңілін мұқалтпаймыз... «Атаң келеді, бауырсақ
әкеледі дейміз»... Сіз біздің атайдан еш аумайды екенсіз.
— Адам адамға ұқсай береді, шырағым.
— Сонда да сіз... егер атамның қазасын көзіммен көрмесем, мен де сізді
айыра алмас едім.
Бір уақта Ермек келді. Мойнына асынған автоматын қарияға оқтап
тырылдатып: «Ата, тығыл, тығыл, оқ тиеді!»— деп ыржия күледі. Шал
кәдімгідей қорыққан түр танытып столдың шетіне бұқпайлап ойынға
қосылғансы-ды.
— Ата, сен кетпе ауыл. Мамам, папам сен өлді, говорят.
— Мазалама атаны,— деді мамасы оған кейіп. — Шай ішсін. Қарашы,
естігенін ұмытпауын.
Бала шал жанынан кетпеді. Сақалын ұстап, жапсырма емес пе өзі
дегендей тартқылап көрді.
— Атаның мазасын алма дедім ғой саған.
6
Sauap.org
— Оқасы жоқ, отыра бер, айналайын,— деп шал баланы тізесіне
шығарып маңдайынан иіскеді.
— Ата, сенде ат бар?
— Бар, айналайын.
— Қандай? Үлкен?
— Үлкені де бар, тайы да бар.
— Маған мінгізесің?
— Мінгізем, айналайын, мінгізем.
— Мен алып кет, ата.
— Ауылға ма? Алып кетем, айналайын, алып кетем.
Бала шаттанып шалдың алдынан секіріп түсті де төрдегі телевизор
тетігін қосты. Күнде мамасынан: «Телевизор қоюға бола ма?»— деп
сұрайтын еді. Атасын арқа тұтып онысын ұмытқан сыңай танытты.
— Аташке мультфильм покажу.
— О не дегені?— деп шал түсінбеді.
— Сізге кино көрсетем дейді,— деді келіншек.
— Ә... көсегең көгерсің, балам!
Мамасы тамақ қамымен асханаға кеткен кезде Ермек орындық
арқалығына шығып, шалдың мойнына ат қып мініп алды.
— Шу-шу, коняшка!— деп сықылықтай күледі. Шал да мәз, шайға
қанып, шаршағаны басылған.Орнынан тұрып ат құсап оқыранып, столды
айналып, қорбалаңдай шапқылады.
Шал мен баласының мына қылығының үстінен түскен келіншек есік
қалқасында
тұрып
аузын басып,
көзінен жас
аққанша күлді.
Қонақ кәдесін жасаған соң келіншек диванды жазып шалға төсек салып
берді.
— Мен аташка жатам,— деді Ермек.
—Жоқ, өз орныңа жатасың, атаң екеуің сыймайсың,— деді мамасы
бөтен
кісінің
қойнына
баласының
жатқанын
қолайламай.
Ермек көзінде жас дөңгелеп, шалға қарап қипақтады... Айтсай дейтіндей.
Бөтен келінге сөзім өте ме, өтпей ме деп шал қиналды.
— Орныңа жата ғой, айналайын.
Қара көзінен ыршып шыққан мөлдір тамшы кірпігінен үзіліп түсті.
«Атасын сағынған екен». Мамасы баласын аяп кетті де:
—
Жата
ғой,—
деп
рұқсат
берді.
Шамды
сөндірді.
Ермек жүрегі жарылардай қуанып диван үстіне ырғып шықты. Шал қасына
жатқан соң бір қолымен құшақтап, бір қолымен сақалын ширатып ойнап:
— Ата, мен сақал жоқ?— деп сұрады.
— Мендей шал болғанда сенде сақал болады.
— Үлкен сақал... да?
— Иә... Үлкен сақал.
— Ата,ауыл бауырсақ бар?
— Көп, балам.
7
Sauap.org
— Ата, ат мінем?
— Мінгізем, айналайын, сәйгүлікке мінгізем.
— Сәйгүлек, что ол?
— Жүйрік ат.
— Машина оза ма?
— Озады.
— Самолет оза ма?
— Одан да озады,— деді баланың сұраққа жалғау қоспай сөйлегеніне
үйреніп алған шал.
Бала үндемей қалды. Самолеттен де жүйрік ат бар екен-ау?! Көз алдына
қос қанатты ат елестеді. Шауып барады... Шауып бара жатқан жоқ, аспанда
ұшып барады. Үстінде Ермек. Бұлттың үстінде... Шетсіз-шетсіз дала
үстінде... Көк мұхит үстінде... Кірпігі ілінісіп, шалды белінен тас қып
құшақтаған күйі ұйықтап кетті.
Шал баланың басынан сипап жатып өзінің Алматыдағы немерелерін
ойлады. «Ол күшіктер де мені сағынып жүр ме екен? Олар да мына сәби
құсап іздейтін шығар...»
Шал алакөбеде оянып, бала ұйықтап жатқанда кетіп қалмақ болып
аяғының ұшымен жүріп киінді.
Келіншек те ерте тұрып, шай қойып жүрген. Киініп дәлізге шыққан
қарияға сәлем беріп:
— Ата, асханаға кіріп шай ішіп кетіңіз,— деді.
— Ермек оянып кетіп шатақ шығармас па екен?
— Ояна қоймас.
Қария бір-екі кесе шай ішті.
— Ермекжан мені іздесе,— деді кетерінде шал,— Сырдың арғы
бетіндегі «Мақпалкөл» совхозынан Қалымбет деген шалды тауып
аларсыңдар, қарағым. Ауыл шетіне кіріп сұрасаңдар, итіне дейін біледі.
Ермекжанға ата болуға жарар десеңдер, келіңдер, шырақтарым. Күйеуіңе
сәлем
айт.
Ермектің
атасына
деген
ықыласын
сөндірмесін.
Келіншек қоржын арқалаған Қалымбет қарияны өз атасындай көшеге
дейін ұзатып салды.
Бұл кезде Ермек ұйқы құшағында қызық түс көріп жатқан... Қожыр шал
құс қанатты тұлпармен бұлт үстінде қалықтап барады... Аспандағы
жұлдыздарды уыстап жердегі Ермекке қарай шашады. Шашылған жұлдыз
емес, сап-сары бауырсақтар.
8
Sauap.org
Кітаппен танысқаннан кейін, оның қағаз нұсқасын сатып
алуды ұмытпаңыз!
Сайттағы барлық кітаптар тек танысу мақсатында ұсынылған.
Кітапті жүктеп, мазмұнымен танысқан соң, Сіз оны қалдырмай,
жоюға тиіссіз.
Кітаптың мәтінін көшіре және сақтай отырып, Сіз авторлық және
аралас құқықтар туралы заңға сәйкес, барлық жауапкершілікті өз
мойныңызға аласыз.
Сайт әкімшілігі пайдаланушыларды кітаптарға заңды жолмен қол
жеткізуге шақырады.
Достарыңызбен бөлісу: |