Байланысты: Тәрбие әдісі педагогикалық проблемалар
Мектептегі тәрбие беру жолдары Білім берудің негізгі бағыттарының бірі тәрбие жұмысы болып табылады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек», − деп көрсеткен болатын.
Қазақстандықтардың алдында тұрған аса маңызды міндет − «Mәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясын жүзеге асыру. Оның іргетасы мектепте қалануы тиіс. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін мектептерде мақсатты түрде тәрбие жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар оқыту процесінің тәрбиелік мәнін күшейту қажет.
Тәрбие жұмысы – ол арнайы ұйымдастырылған қалыптастырушы үрдіс және ізгіліктілікті қабылдайтын, әлеуметтік құндылықтар мен азаматтық мінез-құлық үлгілері бола отырып, тек ғылыми негізделген тәрбие жүйесінің аясында ғана өзін іс жүзінде көрсетіп, өзін-өзі қалыптастырған тұлға үлгісіне жағдай жасайды.
Қазіргі уақыт талабы жаңаша дүниелік көзқарас тұрғысынан жаңаша ойлап, шешім қабылдай алатын, креативті ойлау қабілеті дамыған тұлғаны, өз елі мен жерінің, туған тілінің жанашырын дайындауды міндеттеп отыр. Бұл міндет жаңа уақыт талаптарына төтеп бере алатын, кәсіби білікті, бәсекеге барынша қабілетті, ұлтжанды азамат тәрбиелеу ісінің өзектілігін алға тартады.
«Тәрбиесіз берген білім қауіпті», – деген екен әл-Фараби. Технологияның дамып, әлемдік жаһандану үдерісі кезінде білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізу керектігін көпшілік мойындап отыр. Қоғамға қызмет ететін болашақ жеткіншектерге сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру – ұстаздар қауымының басты парызы.
Мектептің тәрбиелік жұмыстары оқушылардың жан-жақты дамуына қарай жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде баланың рухани дүниесі мен өзін қоршаған ортаның өзара үйлесімді байланысын қамтамасыз етуге бағытталып, балалардың өмірлік өз жолдарын тануға, олардың азаматтық көзқарастары қалыптасуына, гуманитарлық
құндылықтардың негізінде жетілуіне; әрбір жасөспірімнің тұлғалық өсуін психологиялық-педагогикалық қамтамасыз етуге; өзіндік жолын табу еркіндігі болуына, табысқа жету жағдаяттарын тани алуына, өзіндік тәрбиеге ықпал етуге; жеке басының дамуына құрметпен қарауға бағытталады.
Мектептің тәрбие жұмысын жоспарлауда келесі құжаттар басшылыққа алынып отыр. Қазақстан Республикасының Конституциясы, Үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие беру концепциясы, Ақтөбе облысында тәрбие жұмыстарының 2013-2020 жылдарға арналған бағыт-бағдарламасы; Заңдар «Қазақстан Республикасындағы бала құқығын қорғау», «Балалар құқығы туралы» БҰҰ Конвенциясы, «Діни ұйымдар мен наным-сенімдердің бостандығы туралы», «Неке және отбасы туралы», «Кәмелетке толмаған жастар арасында құқықбұзушылықтың және балалардың қараусыз, бақылаусыздығын алдын-алу туралы», «Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын қорғау туралы», «СПИД ауруының алдын-алу туралы», «Шылым шегуге шек қою туралы», Қазақстан Республикасы Президентінің нұсқауындағы «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылдың «22» сәуірдегі № 227 бұйрығымен бекітілген «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері», Ақтөбе облысы білім басқармасының 01.09.2015 жылғы «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін бекіту туралы» №733 бұйрығы.
Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар тұтас педагогикалық процестің өзегі бола отыра, тәрбие жұмысының барлық бағыттары арқылы өтеді.
1. Қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие, құқықтық тәрбие
2. Ұлттық тәрбие
3. Отбасы тәрбиесі
4. Рухани-адамгершілік тәрбие (Діни тәрбие, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет)
5. Көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие
6. Қоршаған ортаны, өзін – өзі оңтайлы қабылдауы, көшбасшылық қасиеттерін тәрбиелеу
7. Еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие
8.Зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениет тәрбиесі
9. Дене тәрбиесі, салауатты өмір салты
Мектептің тәрбие беру жұмысының өзекті мәселесі:
Шығармашыл, бәсекеге қабілетті, патриот тұлғаны қалыптастыру мен дамытуға жағдай жасау;
Алынған уақыты:
2014-2015 оқу жылы- 2013-2020 жылдарға арналған бағыт- бағдарламасы негізінде әдістемелік кеңестер өткізу, тәрбие бағыттарына сәйкес әдістемелік құралдар жинақтау, семинарларға қатысу;
2015-2016 оқу жылы- тәрбие бағыттары бойынша ашық тәрбие сағаттарын өткізу, әдістемелік құралдар дайындау, өзара іс-тәжірибе алмасу;
Қорыту уақыты:
2016-2017 оқу жылы- тәрбие жұмысының тақырыбына байланысты үздік сынып жетекшілердің іс-тәжірибесін тарату, әдістемелік құралдар әзірлеу.
Тәрбие жұмысы — педагогтардың нақты міндеті, яғни шәкірт тұлғасын сомдау мәселесін саналы түрде шешуге бағытталған үйлесімді іс-әрекеті. Тәрбие және тәрбие жұмыстары әр баланы қайталанбас тұлға ретінде қарап, оның өзгеше қасиеттерін дамытуы қажет. Әрбір бала — тұлға, өзінше бір әлем, ал әр педагогтың міндеті әр тұлғаны көре білу, жүректеріне жол табу. В.А.Сухомлинский: «Әлемде адам тұлғасынан күрделі, одан бай ешнәрсе жоқ», — деп жазған. Бүгінгі күнде барлық ұстаздардың алдындағы мақсат — өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу болып табылады.